Құстардың жыныс жүйесі. Құстар дара жынысты, іштей ұрықтанады. Қораздарында жұп аталық без, жұп тұқымы жолы болады. Ал мекиендерінде тек сол жақ аналық безі мен сол жақ жұмыртқа жолы жақсы дамыған. Оң жақ аналық безі мен оң жақ жұмыртқа жолы жойылған. Құстар тек қана жұмыртқа салу арқылы көбейеді. Мекиендерінің жұмыртқа жолында түзілген зиготаның сыртын қалың нәруызды қабық (жұмыртқаның ақ заты) қаптайды. Оның сыртынан жұқа екі қабық түзіледі. Одан соң олардың сыртынан қатты ізбесті қабық түзіледі.
Құстардың ұрығының дамуы жұмыртқаның сарыуызында жинақталған қор заты арқылы жүзеге асады. Ал, жұмыртқаның ақуызы ұрықты сумен қамтамасыз етеді. Ұрықтың дамуы үшін құстардың көпшілігі жұмыртқаны дене температурасымен қыздырын басып шығарады (шайқайды).
Құстарды балапан шығару ерекшеліктеріне сәйкес ширақ және қызылшақа балапан шығаратын құстар деп 2 топқа бөледі. Тауықтар, қаздар, түйеқұстар, тырналар, балшықшылар т.б.
– ширақ балапан шығаратын құстарға жатады. Ал, торғайлар, кептерлер, тотықұстар, қарлығаштар, тоқылдақтар, бірқазандар т.б. − қызылшақа балапан шығаратын құстарға жатады.
Құстардың тіршілік әрекеттерінің жыл маусымдарының өзгеруіне сәйкес ерекшеліктеріне байланысты жыл құстары, қоныс аудармайтын құстар және шамалы қоныс аударатын құстар деп шартты түрде 3 топқа бөлінеді.
Достарыңызбен бөлісу: |