Адамның басында болатын күйiнiш- сүйiнiштi суреттеу. Адам баласы өмiрде әр алуан жағдайға кездеседi. Оның қуанып, шаттанатын да, ренжитiн, қайғыратын да кездерi болады. Бұлардың бәрi де адамның iшкi сезiм дүниесiнде, рухани жан жүйесiнде болатын құбылыстар.
Адамның сезiм дүниесiнде болатын құбылыстарды суреттеуде ауыз әдебиетiндегi ең үлгiлi саналатын психологиялық параллелизмге мысал үшiн «Ер Тарғын» жырынан мына үзiндiнi келтiрелiк:
Асыл туған Ақжүнiс!
Көктi бұлт қоршайды.
Күндi байқай қарасам,
Күн жауарға ұқсайды.
Айды бұлт қоршайды.
Айды байқай қарасам,
Түн жауарға ұқсайды.
Көгiлдiрiн ерiткен
Көлдегi қулар шулайды.
Шулағанға қарасам,
Қол-аяғым көсiлiп,
Аузы- мұрным iсiнiп,
Алланың хақ бұйрығы
Таянғанға ұқсайды.
Бұл – Тарғынның ауру азабынан, аштықтан әбден тарылып, өлуге таянған кездегi жан күйзелiсiн, iшкi сезiм дүниесiндегi күйiнiштiк халiн суреттеу.
Адамның психологиясындағы өзгерiс, құбылыстарды суреттеуде қазақ әдебиетiнiң классигi Абайдың да сүйiп қолданғаны -осы тiкелей суреттеу әдiсi болды.
Қызарып, сұрланып,
Лүпiлдеп жүрегi,
Өзгеден ұрланып,
Өздi-өзi – керегi.
Абайдың бұл өлеңiнде аңсап қосылған шын ғашық екi жастың жан құмарлықтарын, жан рахат тәттi сүйiстерiн, бiр қызарып, бiр бозарған бет, лүпiлдеп соққан жүрек, ысынған дем, суынған саусақ, қысылған пiшiн, тұманданған көз, елжiреген жүрек, босаған буын, әлсiреген бой, көзге iрiккен жас, қысқасы адамның сыртқы құбылыстарын суреттеу арқылы iштегi әр түрлi сезiну түйсiктерiн дәл бередi. Мiне, осыны күйiнiш-сүйiнiштi тiкелей суреттеу дейдi.
Кейiпкердiң тiлi. Образ жасауда кейiпкердiң тiлi шешушi орын алады. Кейiпкерлердiң сөздерi монолог және диалог түрiнде кездеседi. Монолог (грек сөзi monos – бiр, logos – сөз) – бiр адамның сөзi.
Шығармаларда қатысушы бiреуге не көпшiлiкке қайырыла сөйлесе, басқалар оның сөзiн бөлмей, тек тыңдаушы есебiнде болса, ондай сөздердi монолог деймiз.
Диалог (di – екi, logos – сөз) – екi не бiр неше адамдардың кезектесiп сөйлесулерi.
Диалог – драмалық шығармалардың негiзгi құралы. Драмалық шығармалар монолог пен диалогтан құрылады. Бұл жанрда адам образы – типi – шебер құрылған диалог, монологтар, соңғы кездерде негiзiнде диалогтар арқылы жасалады.
Диалог түрiнде өлеңдер де жазылуы мүмкiн (мысалы, А.С.Пушкиннiң «Кiтап сатушының ақынмен әңгiмесi», Б.Майлиннiң «Ыбыраймыз, Ыбыраймын» өлеңi).
Бiз жоғарыда мiнездеу және оның жасалу жолдарына тоқталып, бiрнеше мысалдар келтiрдiк. Әйтсе де қатысушылардың мiнезiн суреттеудiң әдебиетте басқа да жолдары бар. Оның негiзгiсi – жанама мiнездеу.
Достарыңызбен бөлісу: |