Пунктуациянымеңгерту әдістемесі Пунктуация жазуда қолданылатын тыныс белгілерінің құрамын атқаратын қызметтері мен білдіретін мағыналарын және оларды қолдану ережелерін зерттейді. Пунктуация – латынның «пунктум» деген сөзінен алынған. Пунктумның мағынасы – нүкте. Қазіргі уақытта пунктуация тіл білімінің тыныс белгілері туралы, оларды қолдану ережелері ілім деген мағынаны білдіреді. Тіл дыбыстарының таңбалары сияқты, тыныс белгілері де графикалық шартты белгі болып табылады. Бірақ шартты белгі болғандарымен, атқаратын қызметтері жағынан да, қолданылатын орындары жағынан да бұл – екі бөлек категория.
Әріп сөздің және оның формасының жеке дыбыстарын таңбалайды. Сондықтан ол - сөздің бір бөлшегі, жеке бір элементі болып есептеледі, де лексика мен морфологияға байланысты болады, яғни әрбір жеке сөзде қолданылады. Ал тыныс белгісі олай емес. Ол жеке дыбыс түгіл, тұтас сөзбен де беруге болмайтын күрделі ұғымды білдіреді. Мағыналарының күрделілігі жағынан алғанда, тыныс белгілері жазу тілінің көнерек заманында қолданылған пиктографиялық немесе идеографиялық белгілер тәріздес. Қолдану орны жағынан алғанда, тыныс белгілері, әріп сияқты, сөзде емес, сөйлеуде, сөйлемде қолданылады. Сөйлеудің, сөйлемнің қандай бөлшектерден құралғандығын, оларды қандай ырғақпен, қандай мәнермен, қандай сазбен оқу керектігін, қай жерде үзіліс, қай жерде кідіріс барлығын байқату қызметін атқарады. Сондықтан пунктуация сөйлеуге, сөйлемге, яғни синтаксиске, байланысты қолданылатын категория болып табылады.
Пунктуация, емле сияқты, дұрыс жазудың, жазылғанды дұрыс оқып, дұрыс түсінудің құралы.
Пунктуация жазылған мәтіннің мазмұнын, негізгі ойды дұрыс түсінуге, оны мәнерлеп оқуға мүмкіндік жасайды. Пунктуацияның негізгі қызметі – сөйлемді жазуда ойды беруге қатысты бөліктерге бөлуді нұсқау. Яғни, пунктуация тілдің басқа элементтері сияқты жазуда ойды дұрыс беруге қызмет етеді. Пунктуацияны игеру – адамның сауаттылық мәдениетін арттырады. Мектеп оқушыларының тыныс белгісін еркін қоюын қамтамасыз ету үшін мұғалімнің пунктуациялық іскерлігі болуы тиіс. Ондай іскерлікті пунктуацияны оқыту әдістемесі қарастырады.
Пунктуация – адамдар арасында қатынас құралы қызметін атқаратын жазу тілінің маңызды бір саласы. Сондықтан жалпы тіл, қала берді жазу тілі сияқты, пунктуация да жалпы халықтық болып табылады. Оны қолдануда болсын, оқып тануда болсын жалпы халық таныған заң, ережелер басшылыққа алынуға тиіс. Олай болмаған жағдайда, пунктуацияның әрбір белгісінің мәнін, атқаратын қызметтері мен қолданылатын орындарын тануда, білуде жазушылар мен оқушылар арасында бірлік болмаған жағдайда, тыныс белгілері өзінің қатынас құралылық қызметін атқара алмайды. Егер ол жазу практикасында орныққан, көпшілікке танылған заң, ережелерге сай болмай, теріс қолданылса, оқуды, түсінуді жеңілдету былай тұрсын, қайта оны қиындатады, теріс ұғымның, теріс түсініктің тууына себепші болады.
Жазғанды, айтқан ойды басқалар қалай қабылдайды дегенді әр уақытта естен шығармаған жөн.
Сөздерді дұрыс орналастырып айтпасақ, тыныс белгілерімен дұрыс бөліп жазбасақ, айтайын деген ойың теріс беріледі.
Қазіргі заманда тілдерде кездесетін тыныс белгілеріне тән тағы бір қасиет – олардың интернационалдығы.
Тыныс белгілері түр-тұрпаты жағынан да, мағыналары мен функциялары жағынан да тілдердің басым көпшілігінде біркелкі болып келеді. Тыныс белгілеріне тән интернационалдық қасиет қазақ тілі графикасында да берік сақталған. Біздіңше, тыныс белгілерінің қалыптасқан мынадай терминдерін қолданған жөн: нүкте, көп нүкте, қос нүкте, үтір, нүктелі үтір, сызықша, тырнақша, сұрау белгісі, леп белгісі және жаңа жол (немесе абзац).
Тыныс белгілерінің дұрыс қойылмауы да кездеседі. Мысалы, кейде дефис пен сызықша бір көлемде қойылады. Бұдан мағынаға онша нұқсан келмейді. Бірақ дефистің морфологиялық белгі екендігін айыру керек. Тыныс белгісіне кірмейтін морфологиялық дефис сызықшаның жарты сызығындай ғана көлемде қойылуға тиіс. Осы тәрізді, тырнақшаның алғашқы сыңарын тырнақшаға алынатын сөздің я сөйлемнің бірінші сөзінің төменгі жағынан ашудың орнына, оны сөздің жоғырғы жағынан ашып, екінші сыңарын тырнақшаға алынған сөздің я сөйлемнің соңғы сөзінің нүкте қойылатын жерінен төменірек қоюшылық бар. Мысалы: «Мүмкіндік», «реальность» дегенді мен де білемін дегенде тырнақшаның бірінші сыңары жоғары қойылмай, «мүмкіндік» сөзінің төменгі жағынан, ал екінші сыңары сөздің жоғарғы жағынан қойылады.
Жазба түрде берілген ойды қағазға айқын түсіру үшін, ойымызды екінші біреуге жазба түрде дұрыс айтып беру үшін, әрбір дыбыстарды, әрбір тыныс белгілерін орын-орнына қоя білуіміз керек. Орфография мен пунктуацияны білмейінше, сауатты жазу мүмкін емес.
Бұл туралы К.Белинкский мен М.Уваров: «...только наличие единой орфографии и пунктуации в языке дает возможность читателю понимать пишущего» – деп, өте дұрыс айтқан.
Тыныс белгілері дұрыс қойылған сөйлемді оқу да, ұғыну да жеңіл. Тыныс белгісін дұрыс қою арқылы жазушы өз ойын, сезімін жазба түрде дәл жеткізеді және айтпақ ойын екінші адамдардың сондай дәрежеде дұрыс түсінуіне жәрдемші болады.
Пунктуацияны дұрыс қоя білудің бір критерийі – интонация болып табылады. Мұнсыз ешбір мағына айқындығы болмайды. Пунктуация жазу тіліміздің құралы болса, интонация – ауызекі тіліміздің құралы. Бұл екеуі бір-бірімен байланысты. Сөйлеген сөзіміз екінші біреулерге түсінікті, құлаққа жағымды болу үшін, сөздерді мәнеріне келтіріп айта біліп, тыныс белгісі дұрыс қойылған мәтіндерді айқын етіп оқи алатындай болуымыз керек, өйткені бір сөйлемді әр түрлі интонациямен оқу салдарынан сол сөйлемнен әр түрлі мағына туады, яғни адамның шындыққа, әр түрлі оқиғалар мен құбылыстарға қалай қарайтындығы сөйлеу интонациясынан аңғарылады. Қысқасы, сөйлеу интонациясы жазуда пунктуация арқылы беріледі.
Әрбір тыныс белгісі – сөйлемнің мағынасын айқындаушы көрсеткіш. Сондықтан бір тыныс белгісінің орнына екінші тыныс белгісін қоя салсақ, бір сөйлемнен әлденеше мағына ұғынылатынын түсіну керек. Тіпті кейбір оңашаланған айқындауыш мүшесі бар сөйлемдегі сөйлемдегі айқындауышты үтірмен бөліп жазсақ, оны қарсылықты жалғаулықсыз салалас деп қалуға болады. Мысалы: Халықтың қалап ұсынған кандидаттары – әр түрлі мамандықтың адамдары – ірі ғалымдар мен өндіріс жаңашылдары, жазушылар мен жұмысшылар, тоқымашылар мен академиктер. Демек, әрбір тыныс белгісі – әр сөздің, әрбір сөйлемнің мағыналарын дәлелдеп дұрыс түсіндіруші шартты белгі, олай болса, аяқталған ойды білдіретін тілдің бір бүтін бөлшегі сөйлем болса, ол бір сөзден де, бірнеше сөзден де құралады. Сөйлем арқылы адам өзінің айтайын деген пікірін екінші біреуге ауызша не жазбаша түрде жеткізеді. Сөйлем сазына қарай қойылатын тыныс белгілері сөйлемдегі айтылатын оймен тығыз байланысты болады.
Тіліміздегі тыныс белгілері сан жағынан онша көп болмағандарымен, мағыналары, қолданылатын орындары жағынан алуан түрлі болып келеді.
Енді солардың әрқайсысының түрлері мен мағыналарына, атқаратын қызметтеріне тоқталайық.
Біршама аяқталған ойды білдіретін жай немесе құрмалас сөйлемдерден кейін олардың мағыналарына, айтылу саздарына қарай нүкте, сұрау, леп белгілерінің бірі қойылады. Сондықтан тыныс белгілерінің бұл үш түрі сөйлем соңында келетін белгілер деп аталады.
Сөйлем келетін белгілердің әрқайсысы, негізінен екі түрлі мағынада екі түрлі функцияда қолданылады: біріншісі – сөйлемнің аяқталғандығын білдіріп, оны басқа сөйлемдерден бөліп көрсету, екіншісі – сөйлемнің қандай мақсатта, қандай мағынада айтылатындығын байқату. Бұл екеуі – сөйлем соңында қолданылатын тыныс белгілерінің қай-қайсыларының да ең негізгі мағыналары мен функциялары. Сонымен бірге, олардың әрқайсысының кейде сөйлем ішінде тұрып та атқаратын қосымша функциялары мен қосымша мағыналары болады. Оларға өз орнында тоқталамыз:
1. Нүкте. Нүкте, біріншіден, сөйлемнің аяқталғандығын білдіріп, оны басқа сөйлемдерден бөліп тұрса, екіншіден, ол сөйлемнің хабарлы сөйлем екендігін байқатады.
2. Сұрау белгісі. Сұрау белгісі де негізгі екі түрлі мағынада, екі түрлі функцияда қолданылады: біріншіден, сөйлемнің аяқталғандығын білдіріп, оны басқа сөйлемдерден бөліп тұрады, екіншіден сөйлемнің мағыналық жағынан сұраулы екендігін аңғартады.
3. Леп белгісі. Леп белгісі лепті мағынада айтылған қуанышты, күйінішті, өкінішті, қорқынышты, өктем бұйрықты, тілекті, таңдануды, түңілуді, үндеуді, кекесінді, қарғысты сөйлемдерден кейін қойылады. Сөйлем соңында қойылатын басқа да тыныс белгілері сияқты, леп белгісі де негізгі екі түрлі мағынада, екі функцияда қолданылады. Оның бірінші мағынасы мен бірінші функциясы – сөйлемнің аяқталғандығын білдіріп, оны басқа сөйлемдерден бөліп тұрса, екінші мағынасы мен екінші функциясы – сөйлемнің лепті сөйлем екендігін білдіру.
Сөйлем ішінде қолданылатын тыныс тыныс белгілерінің атқаратын негізгі қызметі – оқушыларға сөйлемнің құрамын, оның қандай бөлшектерден құралатындығын, ол бөлшектердің бір-бірімен мағыналық және синтаксистік қатынастарын байқату. Солай болғанымен, сөйлем ішінде қолданылатын тыныс белгілері түр-тұрпаты жағынан да, мағыналары мен функциялары жағынан да алуан түрлі. Оқу бағдарламалары мен мектеп оқулықтарында меңгерілген тақырып бойынша арнайы тыныс белгілерін меңгертуге сағат бөлініп, тақырып бойынша жаттығу жұмыстары жүргізіледі.
Оқушыларының тыныс белгісін еркін қоюын қамтамасыз ету үшін мұғалімнің пунктуациялық іскерлігі болуы тиіс. Ондай іскерлікті пунктуацияны оқыту әдістемесі қарастырады.
Пунктуацияны оқытудың мақсаты – оқушылардың пунктуациялық саутаттылығын, жазуда, тыныс белгісін дұрыс қою іскерлігін қалыптастыру. Сауаттылық екі түрлі болады: толық және біршама сауаттылық. Толық сауаттылық – пунктуациялық норманы толық игеру, ал біршама сауаттылық – пунктуациялық ережелердің белгілі бір бөлігін игеру.
Тыныс белгілерді меңгерту бастауыш сыныптан басталады. Бастауыш сыныпта біршама сауаттылық қалыптасты. Біршама сауаттылық деңгейін оқылатын пунктуациялық ережелердің саны мен бағалау нормасының талабы айқындайды. Бастауыш сыныпта пунктуацияны оқытуда: танымдық және практикалық мақсат қойылады.
Танымдық мақсат. Пунктуациялық норманы меңгеру үшін пунктуациялық іскерлікті қалыптастыратын пунктуациялық білім қажет. Атап айтқанда:
- пунктуациялық, тыныс белгісінің қызметін ашу;
- пунктуацияның негізгі единицасымен таныстыру;
- тыныс белгілерінің қойылу себептерін білу;
- бағдарламадағы пунктуациялық ережелерді меңгеру.
Практикалық мақсат: - оқушылардың пунктуациялық қырағылығын дамыту;
- оқылған ережелерге сай белгілерін қоя білуге үйрету;
- тыныс белгісін қойып, оны дәлелдеу;
- тыныс белгісінен кеткен қатені тауып, оны түзетуге үйрету.
Пунктуация: логикалық, синтаксистік және интонациялық принциптерді басшылыққа алады. Қазіргі пунктуация негізінен семантика-грамматикалық принципке негізделеді. Бұның компоненттері – сөйлемнің мағынасы мен грамматикалық құрылысы (А.Әбілқаев).
Жеке әдістемелік принципке: пунктуацияны синтаксистік құрылымы болады. Құрылымына қарай бір сөзді (қаратпа, қыстырма сөздердің тыныс белгісі: Кел, балалар, оқылық), сөз тіркесі және сөйлем, текст ыңғайында келеді. Тыныс белгісін қоюда мағыналық бөлшектің морфологиялық (одағай, шылау) синтаксистік (үш құрамды, сөйлемдер, қаратпа, қыстырма, бірыңғай мүше т.б.) дыбыстың, интонациялық, мағыналық ерекшелігі (себеп, қарама-қарсылық) болады.
Тыныс белгісі бір ережеге сай қойылады. Әрбір пунктуациялық ережеге тыныс белгісімен бөлінетін мағыналы бөлшек сай келеді. Тыныс белгісін қоюда позитивті және негативті жағдайлар болады. Мысалы: бірыңғай мүшелердің арасына үтір қойылу керек (позитив) егер олар шылаулармен (және) байланысса, (негатив) қойылмайды. Пунктуациялық ұғымдарға: тыныс белгілері, тыныс белгілерінің қызметі, пунктуациялық-мағыналық бөлшек, тыныс белгісін қоюдағы белгілер, пунктуациялық норма, пунктуациялық қате жатады.
Пунктуациялық норма - ережеге байланысты тыныс белгісін қою және қажет болмаса қоймау. Асан оқушы. Сызықшаның қойылуы пунктуациялық норма, егер қойылмаса нормадан ауытқу.
Тыныс белгісі – жазуда қолданылатын графикалық тәсіл.
Пунктуациялық қырағылық – сөйлемнен тыныс белгіні қажет ететін мағыналық бөлшекті таба білу: Ол үшін жаттығу жұмыстары жүргізіледі.
Пунктуациялық қате тыныс белгісінің дұрыс қойылмауы.
Төменгі сыныпта пунктуациялық іскерліктің мынадай түрлері қалыптасуы қажет:
- коммуникативтік единицаны, мағыналық бөлшекті, (тыныс белгісін керек ететін) таба білу;
- өтілген ережеге сай тыныс белгісін қоя білу;
- тыныс белгісінің қойылу себебін дәлелдей алу,
- лепті сөйлемді жай сөйлемнен бөле алу;
- интонацияның түрін ажытара білу;
- автор сөзін басқа біреудің сөзінен ажырата білу;
- пунктуациялық талдау жасай білу;
Пунктуацияны оқытуда негізінен мұғалімнің сөзі, әңгіме, бақылау, талдау, оқушылардың өз бетімен жұмысы, салыстыру, ауыстыру, пунктуациялық талдау, т.б. әдіс, тәсілдер қолданылады. Пунктуациялық талдау толық (сөйлемдегі барлық тыныс белгісіне тоқталу), не ішінара (бір ғана тыныс белгіге тоқталу) жүргізілуі мүмкін.
Пунктуациялық талдауда:
- тыныс белгісі аталады, қызметі айқындалады;
- мағыналық бөлшек оқылады, тыныс белгісі қойылады.
Пунктуациялық іскерлікті қалыптастыруда орындалатын жаттығудың маңызы зор. Жаттығуларға: көшіріп жазу (тыныс белгісін қойып), диктант (белгілі бір тыныс белгісіне қарай) схема арқылы сөйлем құрау, тыныс белгісін қою (құрмалас сөйлемдер құрау) творчестволық жұмыс (мазмұндама, шығарма жаздырту, тыныс белгісін қойдыру, себебін айтқызу, мәнерлеп оқыту, интонациясын дұрыс қойып оқу), техникалық құралдарды пайдалану (эпидиаскоп арқылы сөйлемді тақтаға түсіріп, оқушыларға тыныс белгісін қойдырту) т.б. жатады.
Пунктуациялық қатенің үш түрі кездеседі:
1) тыныс белгісін қоймай кету;
2) тыныс белгісін артық қою;
3) тыныс белгісінің қайсысын қоюды білмеу;
Оның себептері:
- пунктуациялық нормасын білмеу;
- мағыналық бөлшектің белгілерін білмеу;
- сөйлемге синтаксистік талдау жасай алмау;
- тыныс белгісінің қызметін білмеу; т.б.
Тыныс белгісінен кеткен қатені есепке алу. Оқушының дәптері тексеріліп, қате кеткен жердің асты сызылады, дәптердің шетіне белгісі қойылады. Оны не мұғалім түзетеді (егер өтілмеген ережеге байланысты болса) немесе, оқушы өзі ізденіп түзетеді. Тыныс белгісінен жіберілген қатені есепке алу мұғалімнің тиімді жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Мұғалім жалпы сыныпқа тән қателерді бір бөлек, жеке оқушының қатесін бір бөлек тізеді.
Пунктуациялық қатемен жұмысты мұғалім алдын-ала жоспарлайды. Ол мынандай элементтерде тұруы мүмкін: дәптерді тексеру, есепке алу қағазын толтыру сабақ жоспарын жасау.
Сабақтың мақсаты – тексерілген жұмыстың (бақылау диктанты, тіл дамыту жұмысы, т.б.) сипатына байланысты болады. Осыған орай пунктуациялық қатемен жұмысты жүргізу әдістемесінің 3 түрі болады:
1) жаттығу орындаудан кеткен қателермен жұмыс;
2) бақылау диктантынан кеткен қателермен жұмыс;
3) мазмұндама, шығарма жұмыстарынан кеткен қателермен жұмыс.
Сонымен, қорыта айтқанда, пунктуация – сөйлемді және мәтінді коммуникативтік единицаларды жазуда мағыналық бөліктерге бөлудің графикалық тәсілі. Осыған орай пунктуациялық норманы теориялық тұрғыдан меңгерудің маңызы зор.
Тыныс белгілерін дұрыс қоя білу – сауаттылықты арттырады, әрі синтаксисті жете меңгеруге көмектеседі. Тіліміздегі сөздер синтаксистік қызмет атқару үшін, сан алуан байланысқа түседі. Сол байланыстарды мағыналық жағынан дәл ажыратып тұратын – тыныс белгілері, тыныс белгілерін «оқудың нотасы» дейтін себебіміз де сондықтан. Олай болса, әрбір тыныс белгісі – сөйлемнің мағынасын айқындаушы көрсеткіш.