№9 Лекция М.Әуезов. Ғ.Мүсрепов.
1.М.Әуезовтің балалар әдебиетіне салған жаңа бағыты.
2.Балалар әдебиетіндегі Абай образы.
3.Ғ.Мүсрепов шығармаларындағы қазақ анасының ұлттық бейнесі.
Мұхтар Әуезовтің «Көксерегі» қазақ әдебиетіндегі кіші проза жанрында «сегіз қызым бір төбе, Кенжекейім бір төбе» дегенге саяды.
«Көксерек» – иісі ерен туынды. Астарлы түрде бұл цивилизацияның темір етігі таптамаған, жат пиғылдардың әрі салқыны тимеген, бірақ батуға таяу көшпенділр мәдениетінің ерен бұла сүт аңқыған уыз иісі болатын.
Бұл біздің күн түбіне жорытқан, қоғалы көлдер, қом сулар жайлаған, жарлысы мен байы тең кең байтақ өлкенің текті ұрпағы көшпелі бабаларымыздың жұртында қалған жұрнағы тәрізді…
«Көксерек» әңгімесінің көк тәңірісіне қарап ұлитын символикасы да, оның тілмен айтып жеткізгісіз трагедиясы да сонда еді.
Көксеректің аталы ана тілге, ата-баба поэзиясына төнген рухани апат болатын, атасы қазақша, баласы орысша, немересі ағылшынша сөйлеуге жазған құлдық психологияның зіл-батпан салмағын ауырсынудан туған зарға ұқсайтын.
Үмітсіз шайтан. Абайы, Мұхтары бар ұлт өз болмысын, рухани қазынасын сақтап қалмаққа ұлтымыздағы қазақ қанымызға үміт отын жандырарына шүбә жоқ.
«Көксеректегі» жазушының сүйіп жазған сөзі – көк. Көк күшіктер өмірдегі құштарлықтың тұспалына айналды. Көк сөзі қазақта тәңір, аспан, табиғат, шөп, от, кие, қасиет деген ұғымдардың да синонимі екені белгілі.
Өзі өсірген күшік болған соң өлімге қимақ түгілі, қасынан шығарғысы келмейді.
Әуезов «Көксерегі» – реалистік әдебиет дәстүрі тудырған мотивтерді шеберлік палитрасындағы сан алуан бояулар мүмкіндігін өз мұратына орай өнерпаздықпен шақырту арқылы жазылған жаңа тынысты шығарма. Автор шағын көлемге мол мағына сыйдырған.
«Көксерек» повесі шағын-шарпы сегіз тармаққа бөлінген. Бұлар дөңгеленіп, аяқталған сом сурет, өз алдына жеке картина іспетті, әрқайсысында әр түрлі баяндау, суреттеу тәсілдері қолданылған.
«Қара адырдың қарағанда сайы елсіз. Айналада қабат-қабат адырлар, жақын төбелердің барлығын аласа боз қараған, тобылғы басқан».
Қара қарындашпен қара ирек салғандай, суық ызғарлы суреттің контуры.
«Сай бойында май айының салқын лебі еседі. Бастары көгеріп, түрленіп қалған қалың қарағай жел лебінен сыбдыр-сыбдыр қағып, теңселіп, ырғалып қояды. Маңайдан жуалардың, жас шөптердің иісі келеді». Иен даланың тірлік белгісін аңғартатын бояулар.
Адам – бөлтірік – орта. Бұл үшеуін автор диалектикалық байланыста бейнелеу үшін, қажетіне қарай бейнелеу әдісін құбылтып, өзгертіп отырады. Кісі қасында өскен қасқыр күшігінің қалыптасуында қоршаған орта ықпалы бірінші қатарға шығарылады. Әжептеуір жинақталған мотивті Әуезов қазақ топырағына, көшпелі сахара шындығына сәйкес әуенде шертеді.
Бөлтіріктің өсуін бейнелегенде, автор натуралистік, зоологиялық өзгерістерді жіпке тізіп жатпай, мінез ерекшеліктеріне сыртқы ықпал әсерінен болған жәйттерге назар аударады. Көксеректің үлкен иттерден, қатын-қалаштан көрген жәбір жарасы ішіне шемен блдып қатып, жалғыз Құрмаш қамқорлығы жүректегі мұзды жібіте алмаған. Қайта шапқан қасқырлар артынан еріп Көксеректің дөң асуы оның табиғатына шәркез қылық еместі Адасып қалып, жырылып кетіп тепкіден бетер еріксіздік торына түскен қырдың дүлей перзентінің бостандыққа ұмтылуы, ата-бабалары жортқан иен далаға тартуы, ұяластарын іздеуі жаратылыс заңы еді. Бірақ кәсібі бір болғанмен өзге ортада өскен Көксеректі қасқырлар оп-оңай тобына қосып алмасы түсінікті.
Ауылға оралғандағы сұры: «Бұл келгенде Көксерек екі бүйірі суалып ашыққан, өзінің үсті-басы батпақ болып сыбағысқан, сабалақ жүдеу пішінімен келді». Үйіріне алғаш кездесу сәтіндегі құбылыстарды жазушы көрсетпей тастап кеткен қысқа штрих қана.
Төртінші тармақтың жартысы, бесінші, алтыншы тармақтар түгелдей Көксеректің кемеліне келген шағын, қанды жортуылдарын бейнелейді. Дауылды қара суықта ауылдан құйрық кесіп, мүлде кеткен Көксеректің түйсігін жазушы кішкентай деталдар – табаннан өткен аяз, езуді, тұмсық ұшын қарыған ызғар арқылы сездіреді. Көп сурет Көксеректің көзімен берілген.
М.Әуезов қаламынан туған 30-40 жылдардағы әңгіме, хикаяттардың қай-қайсысында болмасын кездесетін терең де нәзік психологизм, өзгеше үн мен тіл көркемдігі, жаңа сапа, ой-қиял жүйріктігі табиғи дарынымен тоғыса келіп, автордың суреткерлік талантын паш етеді. Бұл туындылар қазақ прозасындағы ерекше құбылыстың әсем үлгісі болумен бірге, ұлы эпопеяға бастар жолдың, шығар шыңның алғашқы дайындық баспалдақтары екеніне күмән келтірмейміз.
Әңгіме қазақ әдебиетінде нағыз көркем жанр ретінде М.Әуезов суреттеуінде жаңа тың, өзгеше сипатқа ие болды. Жазушының еуропалық прозаның деңгейіндегі алғашқы көркем шығармасы – 1921 жылы жазылған «Қорғансыздың күні» атты әңгімесі. Жазушы өмір шындығын, заман сипатын, адамның тіршілік-тынысымен байланыстыра, сабақтастыра шебер әңгімелеп жеткізеді. Оқиға басталғаннан-ақ оқушыны қорқынышты бір үрей сезімі билейді.
Тағдыр тауқыметін арқалаған жүдеу үйдегі соқыр әйел, кәрі әже, жас қыздың зарлап калуы кімді болса да тебірентпей қоймайды. Тек Ақан сияқты қатыгез, жауыз болыс қана міз бақпай, өзінің айуандық бет-пердесін біртіндеп ашады. Жас қызды зәбірлеп, зорлық көрсетуі Ақанның азғындығын, адамгершіліктен жұрдай екенін дәлелдейді. Сондай-ақ оқырман Ақан, Қалтай сияқтылардан ешқандай жақсылық күтуге болмайтынын түсініп, ұғынады. Қорлыққа жаны төзбеген, жауыздықтың құрбаны болған Ғазизаның әкесінің моласына барып, үсіп өлуі себебін жазушы өте анық та дәл шебер суреттейді: «Бұлардың басынан тағдырдың дауылы жаңадан ғана соғып өткен. Қораның алдындағы жас бейіт сол дауылдың салдарынан туған. Бұл әйелдердің қуаныш-қызығы да, үміт-қорғаны да сол суық қабірге өліктермен бірге көмілген. Ол қабірде жатқан – Ғазизаның әкесі – Жақып және жалғыз кішкене бауыры – Мұқаш».
2.XX ғасырдың бастапқы кезеңіндегі қазақ прозасында әйел теңсіздігі тақырыбы мүмкіндігінше кеңінен, терең қамтылғаны бәрімізге аян. Әр санаттағы эпикалық туындылардың бастапқыда «Бақытсыз Жамал», «Қалың мал», «Шұғаның белгісі» аталуының өзінен тақырыптық-идеялық сипаты аңғарыла түсетін. Әсіресе, Ғабит Мүсірепов ұлт әдебиетіндегі ана бейнесін ашуда өлшеусіз еңбек сіңірді. Отбасының ұйытқысы саналатын, жылы жүректі әйелдің, ананың болмысын боямасыз етіп жасауда өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Қаламгердің әдеби-шығармашылығының шыңдалуына Пушкин, Лермонтов, Гоголь, Крылов, Чехов, Толстой секілді орыс классиктері мен батыс классиктерінің әсері мол болғаны анық. Өз дәуірінде жазушыны М. Горькийдің ана тақырыбына жазған романтикалық шығармалары баурап алды. Гуманист жазушының аяулы тіршілік иесі аналардың қоғамдағы рөлі туралы жазған шығармалары Ғ. Мүсіреповтің жігерін жаныды. Ол М. Горькийдің «Адамның анасы» және «Өлімді жеңген ана» атты екі новелласын аударып, өзі де «Ақлима», «Ананың анасы», «Әмина», «Ананың арашасы», «Ашынған ана», «Ер ана», тақырыптарындағы әңгімелерін жазды.
Оның ана бейнесін сомдаудағы жиынтығы ретінде «Ұлпан» атты ірі эпикалық туындысы жарыққа шықты. Ақиқатында, Ұлпан – бүкіл аналардың жиынтық бейнесі, ана тақырыбында жазылған шығармалардың көлемдісі.
Романға қазақ ауылының ғасырлық бейнесі, әдет-ғұрпы, бай мен кедей арасындағы, ел арасындағы жер дауы, жесір дауы кең көлемде арқау болған. Елді ырқына көндіріп, парасатымен бір қауым жұртты баурау – Ұлпан сияқты ақылды, дана әйелдердің болмысына, табиғатына тән қасиет. Қаламгер қиялында жасалған Ұлпан – аналардың анасы.
Ғабиттен бөлек, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Спандияр Көбеев сынды ұлт әдебиетінің ұстындары қазақ қызының тағдыры, бүгіні деген мәселені көркем әдебиетке әкелуде орыс әдебиетіндегі Ф.Достоевский, Л.Толстой, И.Тургенов сияқты классиктердің қатыгез реалистік шығармаларына емес, сентименталды сезімге құрылған туындыларға кеңінен назар аудара отырып қаузаған сыңайлы. Содан да болар, Қамар сұлудың тағдыры оқырманды баурай түседі. Ақбілек, Шұға, Ғазиза, Күнікей, Шолпандар – реалистік прозаның жемісі. Оның әрқайсысы өткен ғасырдағы бейнелерді ашып берді.
Жалпы аналар, әйелдер бейнесін Ж.Аймауытовтың «Ақбілегінен», Б.Майлиннің «Раушан коммунисі» мен «Күлпашынан», М.Әуезовтің «Абай жолы», «Қорғансыздың күнінен», М.Мағауиннің «Аласапыранынан», Ш.Мұртазаның «Ай мен Айшасынан» да айқын байқай, аңғара түсесіз. Мұнда жастық, сұлулық, бекзаттық, адамгершілік, сезім атаулы ұғымдардың ортақ жиынтығы жасақталған. Аты аталған туындылар қазақ әдебиетіндегі аналар мен әйелдердің көлемді галереясын қалыптастырған көркем шығармаларға жатады.
Жалпы қазақ прозасындағы аналар бейнесі, тұтастай алғанда бір жиынтық, бір желі. Аталмыш шығармалардағы бейнелердің қозғалысы, шығарманың композициясы, қуаттылығы, сол кезеңдердегі тыныс-тіршіліктің жаршысы, куәгері.
Әсілінде біз кейде әлем әдебиетімен әуестеніп кететініміз бар. Танауымыз делдиіп, Флобердің Мадам Бовариін оқығанымызды сөз етеміз. Мақтаймыз, мадақтаймыз. Әлем әдебиетіндегі әйелдер бейнесінің фишкасына да балап қалатындарымыз баршылық. Некелі күйеуінің көзіне шөп салып, оны өмір бойы алдаған образ бізге өнеге ме? Өзін де, Шарль Бовариді де өлімге жеткізген бейнелер бізге қымбат па? Құнды ма? Әлде бізге Стендальдың Реналь ханымы үлгі ме? Рас, олар – әлем әдебиетіндегі үздік туындылар. Әйелдер бейнесінің үздіктері де болар… Бірақ, толыққанды ана бейнесін құрай алмайды.Бір айтпағымыз, әлем әдебиетімен бір қатарда қазақ әдебиетінде де аналар бейнесі толыққанды жасалды. Көз алдымызға мейірім, еңбекқорлық, моральдық тұрғыдан ішкі әлемі бай нәзік жандыларды елестеткіміз келсе, жоғарыда өзіміз аттарын атаған қазақ қаламгерлерінің туындыларына жүгінеміз. Аттарын атап, шығармаларын тілге тиек еткенімізден бөлек қаншама типтік образдар бар біздің әдебиетте? Жеткілікті ме, жеткілікті.
Уақыт көші, өркениет өрісі ешқашан бір орнында тұрмақ емес. Қазіргі қалам ұстаған жас жазушылар әзірге аналар, әйелдер бейнесінің бүгінгі келбетін қалыптастыруда елеулі еңбек ете қоймағанымен, алдағы уақытта әдебиетқұмар аудиторияға бүгінгі аналардың образын жасап береді деген сенім бар. Әдебиетті оқығанда алдымен ұлт әдебиетіне зейін қойған ләзім. Өйткені, тамырымыз қазақ әдебиетінде, қазақылықта жатыр. Ендеше, ұлт әдебиетінің уызына жарығаннан асқан бақыт жоқ та шығар
Достарыңызбен бөлісу: |