Байланысты: 1 lektsia sayasattanu Microsoft Word 5
Саясаттанудың қызметтері. Саясаттану пәні адам мен қоғамға пайдалы қызмет атқарады. Бізді қоршаған ортаны танып-білуге үйретеді. Адамды саяси өмірге тартқанда саясаттанудың рөлі арта түседі. Әртүрлі қоғамдық ұйымдардың қызметі өзгерген сайын саясаттануды игерудің қажеттігі айқындала түседі. Мысалы, парламент депутаттарының қызметінің өзгеруі қазіргі уақытта көп мәселелерге өзгеше қарауды қажет етуде. Жариялылыққа, демократияға деген көзқараста да сондай өзгерістер қажет. Қоғамдағы соңғы жаңалықтарды білмеу көптеген адамдарға дұрыс саяси бағдар ұстауға кедергі жасайтыны да содан. Мұны кейбір саяси топтар пайдаланып кетуі мүмкін. Депутаттардың өздерінің ішінде саясаттанымдық білімдерінің жетіспей жататындары да бар. Сондықтан олардың саяси белсенділіктерінің кеміс түсетін сәттері жиі кездеседі. Саясаттану осы кемшіліктерді жоюға жәрдемдеседі. Саясаттану теориялық - әдістемелік функция атқарады. Белгілі бір қоғамдық – экономикалық формацияның саяси режимін талдауды, баға беруді осы ілім арқылы жүзеге асыруға болады. Саясаттану саяси шындықты көрсететін пән болғандықтан ол саясатқа әсер ете алады. Қоғамда қолданбалы, практикалық-саяси функция атқарады. Мемлекеттің заң актілерінің дұрыстығына саясаттанудың негізінде көз жеткізуге болады. Саясаттануды саяси болжамдар жасауға да қолданады. Күні кешегі қайта құру процесінің кемшілігі де дәл осы саяси болжамның дер кезінде толық болмауының кесірінен еді. Экономикада, әлеуметтік салада, ұлтаралық қатынастарда, мемлекеттік құрылыста, рухани өмірде орын алған кемшіліктерге алдын-ала жасалған саяси болжам болғанда жол бермеуге болар еді. Басқа қоғамдық ғылымдардың ішінде саясаттанудың орны ерекше. Себебі, адамзат тарихында саясат негізгі рөл аткарды. Оның дұрыс-бұрыстығы, сайып келгенде, адамдардын, алықтардың тағдырымен тығыз байланысты. Мысалы, мемлекет агрессиялық, яғни басқыншылық соғыс саясатын жүргізсе, оның салдары бірнеше жылдарға созылатын қайғы-қасіретке соқтыратыны даусыз. Керісінше, мемлекет ғылыми дәлелденген тиімді бейбіт саясат жүргізсе, еліне қолайлы, халқына жайлы болары да белгілі.
Саяси билік пен қоғамның саяси жүйесі – саясаттанудың негізгі зерттеу объектісі мен пәніне жатады. Осылар арқылы қоғамның саяси өмірін анықтауға болады. Сондықтан саясаттану қоғам өмірінің өте қажетті қызмет саласы туралы білімді, түсінікті қалыптастырады. Оған жүктелген міндет әрі күрделі, әрі маңызды.
Дегенмен, ғылыми әдебиеттерде ортақ қорытындыға келіп, оны пән ретінде мойындаған пікір әлі толық тиянақталған жоқ. Сондықтан бұл пән туралы түсініктер алуан түрлі бір біріне сай келмейтін зерттеулер, бағыттар, саяси мектептер баршылық.
1. Саясаттануды пән ретінде анықтағанда оның тікелей мемлекетпен немесе саяси билікпен, қоғамдық немесе саяси партиялар мен ұйымдар проблемаларымен байланыстыра қарайтын шектеулі шеңбердегі көзқарастарды атау қажет.
2. Бұл пәнге саяси мәселелер мен саясат туралы білімді ғана жатқызып қоймай, онымен мәндес келетін табиғаты жақын кейбір қоғамдық ғылымдардың мәселелерін де жатқызуға болады. Осыдан «саясаттану пәні» нені зерттейді деген заңды сұрақ өзінен-өзі туындайды. Оған жауап қайтару ұшін ең алдымен «саясаттану» деген сөздің түпкі мағынасын ашу қажет. «Саясат» яғни «Политика» деген сөз – ғылым, ілім деген мағынада қолданылады. Сондықтан саясаттану - саяси ғылым, немесе саясат туралы ілім деген түсінік дейміз.
Саясаттану өз ерекшеліктерімен сипатталатын дербес бір пән. Оны басқалармен араластырмай-ақ жеке дара оқып үйренуге болады. Мысалы, бұл ғылымда саяси билік пен оның мәні, саяси жүйе, жекелей және топтық түрде билік жүргізу, көсемдік пен демократия, биліктің шексіз феномені сияқты, күштеу мен зорлық, авторитарлық модель түріндегі билік пен құқықтық құндылықтар және т.б. осындай мәселелер қарастырылады.
Саясаттануда түрлі сипаттағы елдердің қоғамдық-саяси жүйесін даму ерекшеліктерін, олардың бір-біріне қабысып икемделуін, қоғамдардағы дау-жаңжалдар мен дағдарыстарды реттеу жолдарын зерттейтін ғылым деп та атауға болады. Саяси оқиғаларды талдап таразылап, шындықты объективті тұрғыда ұғындырып, осы арқылы дағдарыстарды қалыпқа келтіру бұл ғылымның басты мақсаты деп санауға болады. Сонымен саясаттану пәні қоғамның саяси саласын, оның даму заңдылықтарын қазіргі саяси өмірді ұйымдастыруды, басқаруды, оның құрылысы мен жұмыс істеуін зерттейді.
Ол адамзаттың демократиялық қоғамдағы құқығы, еркіндігі мен міндеттер, жеке адамның саяси – құқықтық жағдайы, оның саяси өмірге қатынасу тәселдері, саяси өзгерістердің тұрлері, саяси мәдениетті қалыптастырудың мазмұны мен жолдары, қазіргі замандағы сан түрлі саяси идеялық көзқарастар, жаңаша саяси ойлаудың мәні. Қазіргі дүниежүзілік дамудың қозғаушы күштері туралы түсінік береді. Ол бұрынғы және қазіргі жүйелерді, адамның санасындағы, көзқарасындағы, мақсат-мүддесіндегі және мінез-құлық, іс-әрекеттіндегі саяси өзгерістерді қарастырады. Ол бір жағынан жиналған, деректерді қорытады, екінші жағынан, құбылыстардан өзара ұқсастығы бойынша болжам жасайды. Сайып келгенде, саясаттану дегеніміз саясат туралы, саясаттың адам және қоғам арасындағы қарым-қатынастары туралы жинақталған ғылым. Ол саяси биліктің қалыптасуы мен даму заңдылықтарын, оның жұмыс істеуінің түрлері мен әдіс-тәсілдерін зерттейді. Саясаттағы рационалдық және иррационалдық секілді факторларды да сараптайтын саясаттану. Ол, сондай-ақ, қазіргі таңда жетістіктерге жету үшін қандай мақсаттарға сүйену қажет, іс қимыл сәйкестігі қалай орындалады, «мүмкін еместіктің» себеп салдары неде, басқа қандай саяси ойда-амалдар керек және қоғамның басты саяси құндылықтары неде деген сұрақтарға да жауап қайтарады.
Саясаттану құбылыстарға баға бергенде, ұйғарым жасағанда идеологиядан, идеялардан тыс тұрады және асыра сілтеуден алуақ болады. Қайта мұндай нәрселердің саяси процестерге, саяси институттарға тигізетін кері ықпалдарын зертейді. Мемлекеттердің бәрінде өзге ғылымдарға қарағанда саясаттанудың ұлттық ерекшеліктерге бір табан жақындығы бар. Себебі оның бақылау байламдары, жасаған қортындылары, алға тартатын ұсыныстары сол мемлекеттің өзіне ғана тән болып келеді. Ал оның басқа мемлекеттерде қолданылуы логикалық сараптау, әлеуметтік эксперименттер, интуиция арқылы тексеріледі. Сондықтан әрбір елде плюралистік түрдегі өзінің саясаттану мектебі болуы мүмкін. Жеке ғылым ретінде саясаттанудың өзіне тән белгілері болады. Ол - пәндік кескін мен зерттеу объектісі ғана емес, сондай-ақ пәннің өзіндік, сипатын бейнелейтін және оның зерттелуіне айқындай алатын ұғымдары, категориялары мен танымдық заңдары, әдістері, құрылымы.
Саясаттанудың пәні жөнінде алыс, жақын шетелдік болсын, біздің елдін ғалымдарының арасында болсын бірыңғай, жалпы жұрт танып, мойындаған анықтама, тоқтам жоқ. Оның ауқымы мен мазмұны, қарастыратын мәселелер шеңбері, жеке ғылыми пән ретінде ерекшелендіретін белгісі, өлшемі не болуы керее деген сауалдар төңірегінде бірталай көзқарастар бар.
Кейбір ғалымдар оған қоғамда билікті жүргізетін немесе оған әсер ететін мемлекет, партиялар және басқа саяси институттар туралы ғылым ретінде қарайды. Әлбетте, саясаттанудың бұл мәселелер мен айналысатынында дау жоқ. Дегенмен, оның өрісін тек солармен шектеуге әсте болмайды, Себебі, ол солармен қатар жалпы, саяси теориялар мен нақтылы саяси іс-әрекеттерді, саяси процестер мен жүйелерді, халықаралық қатынастарды да зерттейді, еларалық салыстырмалар да жүргізеді. Сондықтан мұнда көзқарас саясаттануға тар мағынасында қараған болып шығады.
Ғалымдардың екінші тобы саясаттануды ғылымға қатаң негізделген, әсіресе тәжірибелік (эмпирикалық) әдіс-тәсілге сүйенеген, нәтижесін тексеріп білуге болатын ілім ретінде түсінеді. Оны жақтаушыларды. бихевиористер дейді (олар туралы кейінірек сөз балады). Олар бұл ғылымды математика, кибернетика және т.с.с нақтылы ғылымдарға теңейді. Бұл бағытты жақтаушылар, түптеп келгенде, саясаттануды теориялық және практикалық жаққа бөліп, екіншісін басшылықка алып отыр. Бұлай білімнің екі түрін бір-біріне қарсы қоюшылықпен келісуге болмайды. Себебі, теория мен практиканы бөліп, қарау адамзат тарихында талай рет тығырыққа тірелткен. Әрине, аталған тәсіл сайлаудын дауыс беру нәтижесін, оған жұмсалған қаражатты, қай партияның жақтаушылары көп не аз болғанын және т.с.с. сан жағынан нақтылы есептеп шығуға мүмкіндік береді. Бірақ, «еркіндік», «теңдік», «әділеттік», «егемендік», «демократия» және т. б. сияқты маңызды категорияларды сандық мөлшерде есептеп шығаруға келмейді.
Саясаттануды зерттейтін ғалымдардың көпшілігі (үшінші топ) бұл ғылымды саясат туралы жалпы, оның барлық көріністерін қамтып, тәртіпке келтіретін, жинақтап біріктіретін ғылым деп санайды. Бұл пікірді Біріккен Ұлттар Ұйымының Білім беру, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі ұйымы (ЮНЕСКО) басшылығымен 1948 жылы Парижде өткен саясаттанушылардың Халықаралық коллоквиумы да мақұлдады. Оған қатынасқан дүние жүзінің белгілі ғалымдары саясаттану пәні мына бөлімдерден тұрғанын жөн деп тапты:
1) саяси теориялар (олардың пайда болуы, дамуы және қазіргі кездегі қызметі);
2) саяси институттар (конституциялар, аймақтық және жергілікті басқару; көпшілік әкімшілігі, саяси институттарды салыстырып зерттеу);
3) партиялар мен қоғамдық ұйымдар;
4) қоғамдық пікір;
5) халықаралық саясат (халықаралық ұйымдар мен халықаралық құқық) Саясаттану пәні қоғамның саяси саласын, оның даму заңдылықтарын, қазіргі саяси өмірді ұйымдастыруды, басқаруды, оның құрылысы мен жұмыс істеуін зерттейді. Ол адамзаттың демократиялық, қоғамдағы құқығы, еркіндігі мен міндеттері, жеке адамның саяси-құқықтық жағдайы, оның саяси өмірге қатынасу тәсілдері, саяси өзгерістердің түрлері, саяси мәдениетті қалыптастырудың мазмұны мен жолдары, қазіргі замандағы сан түрлі саяси идеялық көзқарастар, жаңаша саяси ойлаудын мәні, казіргі дүниежүзілік дамудың козғаушы күштері туралы түсінік береді. Ол бұрынғы және қазіргі саяси жүйелерді, адамның санасындағы, көзқарасындағы, мақсат-мүддесіндегі және мінез-құлық, іс-әрекетіндегі саяси өзгерістерді қарастырады. Ол, бір жағынан, жиналған деректерді қорытады, екінші жағынан, құбылыстардың өзара ұқсастығы бойынша болашаққа болжам жасайды.
Сайып келгенде, саясаттану дегеніміз саясат туралы, саясаттың адам және қоғам арасындағы қарым-қатынастары туралы жинақталған ғылым. Ол саяси биліктің қалыптасуымен даму заңдылықтарын, оның жұмыс істеуі мен пайдалануын, түрлері мен әдіс-тәсілдерін зерттейді. Саясаттану саяси құбылыстар мен өзгерістердің мән-мағынасын түсініп-білу үшін бірталай әдістерді пайдаланады. Әдіс деп зерттеу жүргізуді ұйымдастыру тәсілін айтады. Оларға салыстырмалы, жүйелеу, социологаялық, тарихи, бихевиористік, нормативтік және т. б. әдістер жатады. Оларды оны оқып-білудің маңызы зор.
Саясаттану басқа қоғамдық ғылымдармен тығыз байланыста дамиды. Себебі олардың бәрінің зерттеу объектісі ортақ—қоғамдық өмір. Олар бірталай ортақ ұғымдарды да пайдаланаді. Бірақ та әрбір қоғамтану ғылымының өзіндік пәні бар. Сондықтан саясаттанудың басқа гуманитарлық ғылымдар арасындағы ерекшелігін, алатын орнын анықтап алған ләзім. Саясаттану ең алдымен фәлсафамен (философиямен)тығыз байланысты. Фәлсафа — табиғат, қоғам және таным дамуының неғұрлым ортақ зандылықтары туралы ғылым. Ол тіршіліктің түпкілікті себептерін, рухани-байлықтардың негізінде не жатқанын және т.с.с ашып, дүниеге тұтас көзқарас туғызады. Сондықтан ол басқа пәндер сияқты саясаттануға жалпы әдістемелік ғылым болып келеді. Ол саясатты фәлсафалық тұрғыдан дәлелдейді, саяси кұбылыстар мен процестерді талдауға дүниетанымдық бағдар береді. Бірақ ол мәселелерді, құбылыстарды, өмірдің жекелеген жақтарын қарастырғанда өзінің өресі тарлығын бай-қатады. Саясаттану қоғам өмірінің саяси саласындағы жалпы заңдылықтарды нақгылайды, айқындайды, саяси танымды терңдетеді, саяси көзқарасты қалыптастырады.
Саясаттану экономикалықикалық теориямен өзара байланысты. Саяси экономия саяси процестерді экономикалық тұрғыдан дәлелдей отырып, ол процестердің негізінде әр түрлі әлеуметтік топтардың өз мүдделерін жүзеге асыру үшін күресіп жатқанына көз жеткізеді. Саясаттану экономикалық саясатты дайындау және іске асыру, ол процестерді мемлекеттік реттеу принцип-терін ғылыми түрде негіздейді. Саясаттану құқықтық ғылыммен тығыз байланысты. Құқық адамдардың қоғамдағы қатынастары мен тәртібін, жүріс-тұрысын реттейді. Ол саяси шешімдерді дайындап, іске асырудың құқықтық тетіктерін көрсетеді, құкықтық және мемлекеттік нормалар мен институттардың қиысқан, түйіскен жерлерін карастырады. Құқықты К.Маркс заңға айналдырылған экономикалық үстем таптың еркі деп атаған. Саясаттану құқықтануға жалпы теория, оның теориялық-әдістемелік негізі іспеттес. Саяси өкімет жүйесінсіз әлеуметтік, оның ішінде құқықтық ережелер мен қатынастар жалпыға міндетті сипат алып орындалмайды. Сонымен қатар құқықтық тұрғыда қалыптаспай саяси өкімет те әдеттегі қызметін атқара алмайды.
Саясаттануға жақын ғылымдардың бірі — әлеуметтану (социология). Саясаттану саясатты белгілі бір заңдылықтарға бағынып, іс жүзінде белгілі бір принциптерді жүзеге асыратын, дамып, өзгеріп отыратын процесс ретінде қарайды әлеуметтану оған процесс ретінде емес, адамдық өлшем ретінде қарап, леуметтік ортаның саяси салаға етер әсерін зерттейді. Оның айналысатын мәселелері адамды және қауымдастықты дамытуға саясат не бере алады және саясатты жетілдіру үшін адамдар не істей алады. Сайып келгенде, саясаттанудың негізгі назары саясатта болса, әлеуметтанудың назары саясатты жасаушы адамда болады. Олардың арасындағы байланыс әсіресе саясаттануды сандық әдіс-тәсілдерді пайдалануға байланысты күшейе түседі. Тарих болса жүйелі, дәйекті түрде оқиғаның болған уақытына байланысты саяси институттар мен идеялардың дамуы туралы деректерді жинап, суреттейді. Аты аталған ғылымдармен қатар саясаттану басқа да адамгершілік ғылымдарымен байланысты. Солай бола тұра саясаттанудың өзіне тән зерттеу объектісі бар. Оған қоғамның саяси саласы, ондағы болып жатқан барлық саяси құбылыстар мен процестер жатады.
Әдебиеттер 1.Жамбылов Д.Ә. Саясаттану. Алматы. 2003.
2.Қапесов Н. Саясаттану. Алматы. 2003.
3.Хан И.Г.Саясаттану. Алматы.2003.