Орта ғасыр мұсылман философиясы Орта ғасырда пайда болып, жаңа заманға дейін философия тарихында көрнекті орын алған, еңбектерін араб тілінде жазған, негізінен мұсылман елдерінен шыққан ойшылдар тобының ілімін ғылымда фәлсафа деп атау дәстүрі бар. Анығында бұлар ерекше ойлау менталитетіне ие болған фәлсафа өкілдері. Философия мұсылман мәдениетінің туындысы. Бұл негізінен, мұсылман елдерінің ойшылдарына тән дүниетаным.
Фәлсафаның мазмұны Платон, Аристотель еңбектерін қайта жаңғырту болса, бұл мақсат мұсылман негізінде орындалып, араб тілі арқылы жүзеге асты. Нақ осы кезеңде философ-ойшылдар рухани мәдениет пен мұраның бай даму тәжірбиесін байыптай бастады, философиялық ілімнің алғашқы тұжырымдамалары мен жүйелері, танымның қағидалары мен әдістері пайда болды.
ХІ-ХІІ ғасырлар Арабияда пайда болған жаңа дін исламның Орта Азияға толықтай тарап, дінге енген кезеңі болатын. Осы аталған ғасырларда өндіргіш күштердің дамуы, қолөнердің өсуі, қалалардың бой көтеріп, олардың қоғам өмірдегі рөлінің артуы байқалады.
Ал, рухани салада ортодокстық мұсылмандық идеология мен прогресшіл қоғамдық-философиялық ойды дамытушылар арасында күрес жүріп жатты. VІІІ-ХІ ғасырларда мутакаллимдер (ислам философиясы каламды жақтаушылар) мен мутазилиттер (ғылымның әр түрлі саласын жөне ежелгі грек даналығын жақтаушылар) арасында идеялық тартыс басталған еді.
Осы кезеңде математика, астрономия, медицина, химия, география, механика, музыка өнері, логика және т.б. ғылым салалары жедел дами бастады. Орта ғасырлардағы ғылым мен мәдениет антика заманының жетістіктерін пайдалана отырып байи түскені мәлім. Шын мәнінде Шығыс және Грецияның мәдени құндылықтарының қайтадан жаңғыруы осы аталған кезеңге тән құбылыс. Грек, ежелгі Үнді, Сирия және дари-парсы тілдерінде жазылған шығармаларды аудару, өткен дәуір ойшылардың еңбектеріне комментарийлер жазу әдеттегі жәйтке айналған болатын.
Осы кезеңде Шығыс халықтары, оның ішінде Орта Азия халықтары тарихи аренаға ғылымның әр саласына айтарлықтай қомақты үлес қосқан аса көрнекті ойшылдарды шығарды. Олардың әрқайсысы әлем халықтары мәдениетінің тарихына өшпес із қалдырды. Аталған тарихи кезеңде көптеген әлем халықтары мәдениетінің байланысы мен бірігуінің нәтижесінде аса бай тілді мәдениет және қоғамдық-философиялық ой қалыптасты. Осы процеске әр түрлі халықтардан шыққан ғалымдар белсене араласады. Мәселен, Орта Азия Әл-Хорезми, Фергани, Әл-Фараби, Түрки, Марвази т.б.; Ираннан - Мукаффа, Наззам, Раванди, Закария, Рази; арабтардан Әл-Кинди, Джахиз, Мутанабби; Солтүстік Африка халық-тарынан - Ибн Рушд, Ибн Туфейль т.б.; Араб халифатының ыдырауы және оның территориясында жеке феодалдық мемлекеттердің пайда болуымен Орта ғасырлық мәдениет пен ғылым өз алдына дербес дами бастайды. Орта Азияда - Фирдауси, Ибн Сина, Бируни, Ж.Баласағұн, Махмуд Қашғари; Иран халықтарынан-Фахриддин Рази, Омар Хайям, Хафиз, Саади сияқты ұлы ойшылдар шықты. Бірақ бұл процесті монғол шапқыншылығы тоқтатады. ХV гасырда Орта Азияда мәдениет пен өнердің қайтадан жедел дами бастауы байқалады. Орталық Азия әлемге танымал болған тұлғалар, ойшыл-ғылымдар Ұлықбек, Коши, Бекзаттарды дүниеге әкелді. Сондай-ақ, осы уақытты ислам идеологиясьшың ірі теоретиктері Ибн Араби, Ғазали, Яссауи аса құнды еңбектерімен танымал болды.
ІХ-ХІІ ғасырлардағы ғұлама ойшылдардың терең философиялық және қоғамдық ойлары тұңғыш рет жалпы адамзаттық құндылықтар тұрғысынан зерттелген. Осы тарихи ғұламаларды бір-бірімен бірлікте алып, оларды өзара салыстыра зертеп отырмыз. Оларға адамның болмысы мен санасын, ішкі рухани дүниесі мен руханилығын, өмір мен өлімін, этикалық-философиялық идеялары мен принциптерін жан-жақты зерттеу тән. Әлеуметтік-мәдени негізде зерттелген жоғарыдағы ғұламалар, Орталық Азия халықтары бүкіл адамзат қазынасына ғылымды, философияны және мәдениетті одан әрі дамыта отырып, теңдесі жоқ үлес қосты. Қазіргі өтпелі кезеңде егемендік пен тәуелсіздікке, демократия мен бостандыққа қолы жеткен қазақ ұлтының өзіндік санасын дамытуда ежелгі бай рухани және мәдени мұраның алатын орны өте зор болып табылады.