2. Қазақстан Республикасының ресми құжаттары және мемлекеттік қызмет. Дамудың осы кезеңінде стратегиялық міндетті табысты іске асыру негізі жоғары тиімді мемлекеттік басқару жүйесі болды. Бұл кезеңде мемлекеттік басқару жүйесінде бірқатар күрделі қайта құрулар жүргізілді. Осыған байланысты, Қазақстан Республикасының Президенті 1999 жылғы 22 қаңтардағы «Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымы туралы», 1999 жылғы 13 қазандағы «Мемлекеттік органдарының құрылымын жетілдіру және олардың құзыреттерін нақтылау жөніндегі іс-шаралар туралы», 2000 жылғы 13 желтоқсандағы «Жекелеген мемлекеттік органдарды қайта ұйымдастыру, тарату және құру туралы» Жарлықтарға қол қойды. Қайта құру жұмыстарының жүргізілгеніне қарамастан, мемлекеттік органдардың қызметінде шешімін таппаған мынадай мәселелер болды: – мемлекеттік аппарат үлкен күйінде қалды; – мемлекеттік басқарудың горизонтальдық және вертикальдық деңгейлерінде функциялардың қайталануы сақталды; – бюджетаралық қатынастар саласында өзгеріс енгізу талап етілді; – жекелеген мемлекеттік органдардың жұмысы ашық болмай қалды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша осы мәселелерді шешу үшін басқару және бюджетаралық қарым-қатынастарды жетілдіру деңгейлері арасындағы өкілеттіктерді ажырату бағдарламасы дайындалды.
Бағдарламада Қазақстан Республикасында мемлекеттік басқару жүйесін реформалауды жүргізу барысында негізге алынатын қағидаттар бекітілді. Оның ішінде ең негізгілері: мемлекеттік басқарудағы тікелей және жанама басқарудың ара жігін нақты ажырату; құрылымдардың қайталануын болдырмау; мемлекеттік басқару функцияларын тиімді жүзеге асыруды қамтамасыз ету; мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру; бюджеттік мәселелермен бірге өкілеттіктерді бөлу мәселелерін шешу; мемлекеттік органдардың бақылау функцияларын қысқарту және және т.б. болды. 2004 жылдың 17 қыркүйегінде әкімшілік реформаны өткізу бойынша өткен кеңесте Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев елімізде кең ауқымды әкімшілік реформаның басталғаны туралы жариялады. Ол мемлекеттің дамуының жаңа кезеңінде мемлекеттік басқару жүйесін реформалаудың негізгі бағыттарын айқындап берді, атап айтқанда: - орталық деңгейдегі мемлекеттік басқару құрылымын жетілдіру; - мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату және жергілікті мемлекеттік басқару құрылымын реформалау. Бұл мемлекеттік басқаруды орталықтандыруды, жергілікті билік органдарына жалпы мемлекеттік саясат шеңберінде жергілікті даму мәселелерін дербес шешуді ұсынуды, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін қалыптастыруды көздейді; – мемлекеттік басқаруды қағазбастылықтан арылту.
Шаруашылық субьектілерін тіркеу рәсімін жеңілдету, «бір терезе» тиімді қағидатын енгізу, электрондық үкіметті қалыптастыру бойынша іс-шаралар кешені ұсынылды; – мемлекеттік қызметті жетілдіру, ұлттық және шетелдік оқу орындары негізінде мемлекеттік қызметшілерді даярлау, қайта даярлау, біліктілігін арттыру. Мемлекеттік қызметті жетілдіру және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу. 2006 жылы 1 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының бірлескен отырысында әкімшілік реформа жүргізуді одан әрі дамыту идеясы Қазақстан Республикасы Президентінің «Мемлекеттік басқаруды корпоративтік басқару, транспаренттік және қоғам алдында есептілік қағидаттары негізінде жаңғырту» туралы баяндамасында жалғасын тапты. Мемлекет басшысы мемлекеттік қызметті жетілдіруге, мемлекеттік аппарат жұмысына ерекше назар аударды. Қазақстан Республикасының Президенті әкімшілік реформаның басым бағыттарын анықтады және Үкіметке мынадай шараларды жүзеге асыруды тапсырды: – мемлекеттік органдардың құрылымы, басқару шешімдерін қабылдау кезінде мемлекеттік органдардың жұмысын жетілдіру; – мемлекеттік қызметшілердің еңбегінің нақты нәтижесі негізінде олардың жалақыларын арттыру; – мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің жоғары сапасына қол жеткізу; – мемлекеттік органдар қызметінің рейтингін және бюджеттік процеске жаңа тәсілдерді енгізу; – мемлекеттік аппараттың басқарушылығын, тұрақтылығы мен орнықтылығын арттыру; – сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету; – мемлекеттік қызметтің оң имиджін қалыптастыру және нығайту.