3. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сана және оның қазіргі жағдайлардағы ерекшеліктері. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңында «сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру» ұғымы «сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл субъектілерінің қоғамда сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті көрсететін құндылықтар жүйесін сақтау және нығайту бойынша өз құзыреті шегінде жүзеге асыратын қызметі» деп түсініледі. Сондай-ақ ол білім беру, ақпараттық және ұйымдастырушылық сипаттағы шаралар кешені арқылы жүзеге асырылады. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы білім – тұлғаның адамгершілік, зияткерлік, мәдени тұрғыдан дамуы және сыбайлас жемқорлықты қабылдамаудағы белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыру мақсатында жүзеге асырылатын, тәрбиелеу мен оқытудың үздіксіз процесі». «Ақпараттық және ұйымдастырушылық қызмет бұқаралық ақпарат құралдарында түсіндіру жұмыстарын жүргізу, әлеуметтік маңызды іс-шараларды, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де шараларды ұйымдастыру арқылы іске асырылады».
Тұлғаның сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетін қалыптастыру мынаны көздейді: – сыбайлас жемқорлықтың мәні, оның мазмұны, мақсаттары, субъектілері, нысандары мен түрлері, іске асыру салалары, қоғам өмірінің барлық саласында көріну ерекшеліктері туралы түсінік; – моральдық-адамгершілік, этикалық мәдениетті тәрбиелеу; – құқықтық сауаттылық негіздерін қалыптастыру; – қоғам мүшелерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлық уәжін ынталандыру; – мүдделер қақтығысының барлық көріністеріне төзбеушілікті қалыптастыру. Осыған байланысты мыналар қажет: – сыбайлас жемқорлыққа саналы қатынасты, сыбайлас жемқорлыққа қарсы құқық бұзушылықтарға моральдық «иммунитетті» қалыптастыру және осының негізінде сыбайлас жемқорлықты еңсеру бойынша құзыреттерді дамыту; – Қазақстан азаматтарының мінез-құлқы моделін қалыптастыру, бұл ретте «сыбайлас жемқорлық» сөзінің өзін қабылдамау, адамгершілік тойтарыс, төзбеушілікті туындатуы тиіс; – құқықтық құндылықтарды жоққа шығару, заң мен тәртіпті құрметтемеуді білдіретін құқықтық нигилизмді жою (латынша nihil – ештеңе); – құқықтық жаппай оқу арқылы құқықтық білім мен тәрбиені қамтамасыз ету. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңында «сыбайлас жемқорлыққа қарсы ісқимыл» ұғымының мазмұны «сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл субъектілерінің өз өкілеттіктері шегіндегі сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, оның ішінде қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтау және жою жөніндегі, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды анықтау, жолын кесу, ашу және тергеп-тексеру және олардың салдарларын жою жөніндегі қызметі» ретінде ашылады. Ал «сыбайлас жемқорлықтың алдын алу» – «сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл субъектілерінің алдын алу шаралары жүйесін әзірлеу және енгізу арқылы сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды зерделеу, анықтау, шектеу және жою жөніндегі қызметі».