Лекция №22 Мектеп пен сыныптың тәрбиелік жүйесі Лекция жоспары: 1.Мектептің тәрбиелік жүйесінің негізгі компоненттерінің мәні, құрылымы, сипаттамасы және олардың өзара әрекеттестігі.
2.Мектеп пен сыныптың тәрбиелік жүйелерінің өзара байланысы.
3.Қазақстан мектептеріндегі тәрбиелік жүйе. Отандық ғалымдардың тәрбиелік жүйені анықтауға арналған зерттеулері.
1.Мектептің тәрбиелік жүйесінің негізгі компоненттерінің мәні, құрылымы, сипаттамасы және олардың өзара әрекеттестігі. Тәрбие процесі (ТП) – бұл сыртқы мақсат бағдарлы ықпал мен тұлғаның өзін-өзі тәрбиелеуін кірістіре жүргізілетін тұлға қалыптастыру, дамыту процесі. Тәрбие процесі - бұл өзара байланыстағы ұдайы дамып отыратын тәрбиелеу жүйесінің тізбегі, мұндағы әрбір тізбек алдыңғы нәтижелер есебінен құралады. Бұл түсінік бойынша тәрбие процесі өзіндік даму жүйесі ретінде қарастырылады және оның бірлігі болып дамушы тәрбиелеу жағдайында есептеледі. Мұнда тәрбиелеушілер, тәрбие іс-әрекеті, тәрбиеші, оның тәрбиеленушілермен өзара әрекеті ғана дамып қоймай, келешек күрделі жүйе қалыптастыратан біртұтас объектіні дамытады.
Тәрбие процесі көпқырлылық, иерархиялық, статистикалық, өзін-өзі басқару сияқты қасиеттермен сипатталады. Тәрбие процесінде мазмұндық және процессуалдық жақтары анықталады. Олардың бірлігі тек тәрбие іске асатын нақты жағдайлар төңірегінен шығуға мүмкіндік беретін жоғары дәрежедегі абстракциялау арқылы жасалады. Оқу пәні мұғалімнің, сынып жетекшінің, ұжымның тәрбиелік іс-әрекеті - бәрі тәрбие процесі болып табылады.
Тәрбие процесі - бұл белгіленген мақсатқа жетуге бағытталған тәрбиеші мен тәрбиеленушілердің нақты пәрменді бірлескен әрекеті. Тәрбие процесі - күрделі динамикалық жүйе. Бұл жүйенің әр компоненті өз кезегінде өзіндік компоненттері бар жүйе ретінде қаралды. Қолайлы анықтау шектерін қолдану арқылы әрқилы жүйе мен құрылымдар түзуге болады.Тәрбиенің мақсаты мен жүйесі әрбір қоғамдағы мемлекеттің саясаты мен экономикасына тәуелді және сол арқылы анықталады. Алғашқы қауымдық қоғамдық құрылыста балаларды еңбекке дағдыландыру үшін қауымның әдет-ғұрпын, салтын үйретуге тырысты. Құл иеленуші қоғамдық құрылыста құлдар, өндіріс құралдары құл иеленушінің жеке меншігі болды. Тәрбие таптық сипатта болды. Тәрбиенің мақсаты құл иеленушінің мүддесіне бағындырылды, байлығын молайту, басқаны құл ету үшін, соғыс өнеріне тәрбиеледі.
Тәрбие қоғамның пайда болуымен бірге пайда болды. Таптық қоғамда тәрбие мақсатын анықтау қоғамның ең басты мақсатына айналды. Осыған орай, балаларға білім мен тәрбие берудің негізгі жолдары белгіленеді, тәрбиелік іс-әрекеттің мазмұны анықталады, білім беру мен тәрбиені ұйымдастырудың нақтылы мәселелері мен әдеттері қарастырылды. Тәрбие - қоғамдық құбылыс, онсыз қоғам өмірі ілгері дамуы мүмкін емес, онсыз ілгері дамымайды.
Тәрбие теориясы - тәрбиенің негізгі заңдылықтары, принциптері, ұғымдары туралы білімдердің жүйесін құрайды. Әдістеме соған негізделіп оқытылады.
«Әдістеме» - ол белгілі бір мақсатқа жетудің немесе жету үшін қолданылатын түрлі амал-тәсілдердің жиынтығы. Педагогика ғылымында әдістеменің екі түрі бар. Олар оқыту әдістемесі және тәрбие әдістемесі болып бөлінеді.
Тәрбие әдістемесі - тәрбие процесін оның мақсат-міндеттеріне сай ұйымдастырудың көптеген амал-тәсілдерінің жиынтығы болып есептелінеді. Ондағы мақсат тәрбие процесін ұйымдастырудың негізгі бағыттары мен тиімді амал-тәсілдері және формаларын анықтап, белгілеу.
Тәрбиенің принциптері. Принцип дегеніміз - адамның іс-әрекетінде басшылыққа алатын алғы шарты, негізгі ережесі.
Бүгінгі күннің талабына сай ұрпақ тәрбиесінің мазмұнын, әдіс тәсілдерін және ұйымдастыру жүйесінің іргетасын қалайтын негізгі қағидалар:
1. Тәрбиенің идеялылығы мен мақсаттылығы.
тәрбиенің негізгі мақсаты - дені сау, ұлттық сана-сезімі оянған, рухани ойлау дәрежесі биік, мәдениетті, парасатты, ар-ождан мол, еңбекқор, іскер, бойында басқа да игі қасиеттері қалыптасқан адамды тәрбиелеу.
Мектептің бүкіл іс-әрекеті, қоғамдық өмірі осыған қызмет етуі керек.
2. Жас ұрпақты іс-әрекет пен қарым-қатынас арқылы тәрбиелеу - балаларды ақыл-ой әрекетімен қатар іскерлік пен пысықтыққа машықтандыру, өнімді еңбек етуге бейімдеу, ата-ана мен бала, Тәрбиеші мен тәрбиеленуші, үлкен мен кіші арасынғы қарым-қатынасты өзара сенімге, қайырымдылыққа, имандылыкқа, бір-біріне сый-құрметпен қарауға негіздеу, тәрбие барысында психологиялық жайдарылық, үйлесімділік ахуал туғызу, жас азаматтың өзіне сенімін арттыру, қамқоршылық сезімін дамыту.
3. Тәрбие барысында жеке тұлғаға қойылатын талап пен көрсетілетін құрметтің бірлігі.
Тәрбиеленушіні құрметтеу және оған талаптар қою - баланың мықты және нашар жақтарын біліп, оның өсуіне қажетті жағдайлар жасау. Талап қоюдан оқушыға құрмет, күші мен қабілетіне сенім көрінеді. Мұғалім оқушы бойынан рухани қасиетті жобалап, оған сүйеніп, оқушының өз тәжірибесін дамытуына көмектесу керек.
4. Тәрбиелік ықпалдардың тізбектестігі, жүйелілігі, үздіксіздігі.
Тәрбие тәжірибесі балаларға қойылатын талап пен педагогикалық ықпал бірлігі қажет екенін дәлелдеді. Ұрпақ тәрбиесінің нәтижелілігі - тәрбие мекемелеріндегі талаптың бірлігі, іс-әрекеттің сабақтастығы.
5. Оқушылардың жас және жеке ерекшелігін есепке алу.
Оқушылардың жеке ерекшелігі - денсаулығы, ақыл-ойы, адамгершілік қалыптасуы, сыртқы әсерлерге жауабы, қабылдауы, т.б. Біреулері өзінің байсалдылығымен ескертулерді дұрыс қабылдаса, кейбіреулеріне керісінше әсер етуі мүмкін, сондықтан оқушылардың тәрбиелік дәрежесін дер кезінде анықтап отыру қажет. Тәрбие жұмысының барлығы білім мен сенімнің, сөз бен істің үздіксіздігі негізінде құрылады.
Бала - педагогикалық қамқорлықтың ең жоғары мақсаты. Баланың ішкі мүмкіндіктерінің ашылуы адамдардың сүйіспеншілік сезімі мен қарым-қатынасына байланысты. Баланы тең адам санап, оған еркіндік бергенде ғана ол өз пікірін ашық айта алады, үлкендердің балаға деген құрметі олардың сенімін арттырады.