Лекциялар курсы Редакциясын басқарған тарих ғылымдарының докторы, профессор Қ. С. Қаражан Алматы 2009


 Қазақ хандығын нығайту жолындағы



Pdf көрінісі
бет35/76
Дата04.10.2022
өлшемі1,99 Mb.
#151718
түріЛекция
1   ...   31   32   33   34   35   36   37   38   ...   76
Байланысты:
Қазақстан тарихы. Қаражан Қ.С.

2. Қазақ хандығын нығайту жолындағы 
Тəуке ханның қызметі
Жəңгірдің баласы Тəуке хан (1680—1718) тұсында Қазақ ханды-
ғының күш-қуаты өсіп, бірлігі артты. Тəукенің туған жылы белгісіз, 
ал қайтыс болған жылына байланысты ғылыми зерттеулердегі 
пікірлер де əртүрлі. Жəңгір ханның ұлы жəне мұрагері Тəуке 
1680 жылы Қазақ хандығының тағына отырды. Ол асқынған ішкі 
феодалдық алауыздық пен бытыраңқылықты жойып, бір орталыққа 
бағынған Қазақ хандығын құруға қажырлы қайрат жұмсады. 
Хандық билікті күшейтуге бағытталған реформалар жүргізді.
Тəуке хан өзінің даналығы арқасында ел арасында «əз-Тəуке» 
деген атқа ие болған. Қазақ жеріне орыс елшілігін бастап келген 
М.Тевкелев 1748 жылы жазған құжатта: «Тəуке хан өте ақылгөй кісі 
болған, оны қырғыздар (қазақтар) үлкен құрметпен еске алады»,— 
деп көрсетеді. Халық зердесінде Тəуке заманы Қазақ хандығының 
ең бір өркендеген, «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман», 
«алтын ғасыр» деп еске алынады. Орыстың белгілі тарихшысы 
А.И.Левшин Тəукені көне Спартаның ақылгөй заңгері Ликургпен 
теңеген. 
Тəуке ханның билік құрған алғашқы жылдарында оның билігін 
қазақтың барлық рулары мойындамаған. Сондықтан Тəуке хан 
бытыраңқы қазақ қоғамының басын біріктіріп, бір орталыққа 
бағынған мемлекет құруды басты міндеті деп санады. Осы мақсатта 
əртүрлі əлеуметтік топтан шыққан дарынды, ақылды адамдарды 
мемлекетті басқару ісіне тартты. Бұған дейін мемлекетті басқару 
ісіне тек Шыңғыс ханның ұрпақтары мұрагерлік жолмен тартыла-
тын еді.
Тəуке хан мемлекетті басқару ісіне туа біткен данышпан, ел ара-
сында асқан ерлігімен, батырлығымен дараланған тұлғаларды, 
яғни билер мен батырларды тартты. Бұл шаралар нəтижелі болды. 
Мемлекетті басқару ісіне де үлкен өзгерістер енгізді. Билер кеңесін 
құрып, оның билік ауқымын кеңейтті. Билердің əлеуметтік тегі 
тек ақсүйек табынан болмағанын ескерсек, қарапайым халықты 
мемлекетті басқару жүйесіне тарту Тəуке хан енгізген үлкен өзгеріс 
болды. 
Билер кеңесі мемлекеттің ішкі жəне сыртқы саясатына қатысты 
мəселелерді шешуде үлкен қызмет атқарды. Билер шешіміне хан 
қарсылық көрсетпеді, яғни мемлекеттік биліктің басым бөлігі 
халықтың қолында болды. Тəуке ханның тұсында «Билер кеңесінің» 
құрамына атақты Төле би, Қаз дауысты Қазыбек, Əйтеке, Досай, 
Едіге, Сырымбет, Қабек, Даба, Есейхан, Жалған, Ескелді, Сасық 
би, Байдалы, Тайкелтір, Қоқым сияқты дарынды қайраткерлер енді. 
Билер кеңесінің билік ауқымы зор болған. Бұл кеңестің шешімі 
негізінде ғана Тəуке хан мемлекеттік мəселелерді шешуге құқықты 
болған жəне билер кеңесі қабылдаған заңдар мен шешімдерді жүзеге 
асырып отырған. Сонымен қатар «Билер кеңесі» хандық билікті шек-
теу құқығына ие болған. Билер кеңесі соттық билікті де атқарған. 
Халықтың дəстүрлі менталитетінде билердің қоғамдағы мəртебесін 
анықтайтын қағидалар көп сақталған. Мысалға, «Атаның баласы 
болма, адамның баласы бол», «Туғанына бұрғаны — биді құдай 
ұрғаны», «Таста тамыр жоқ, биде бауыр жоқ», «Тіл жүйрік емес, 
шын жүйрік» т.б. Бидің үкімі ру, аймақ атынан емес, тəуелсіз би 
атынан шығарылды. Атақты Əйтеке би ұрпақтарына мынадай өсиет 
қалдырды: «Менің өмірім өзгенікі, өлімім өзімдікі». Туа біткен 


98
99
даналық пен шешендікті иеленген билердің өмірлік тəжірибесі де 
мол болды. 1820 жылы орыс жəне еуропалық құқық нормалары-
мен жетік таныс Д. Самоквасов қазақтардың құқық жүйесін зерт-
тей келе, қазақ билері халқының салт-дəстүрі мен өткен тарихын 
да жақсы білетіндігі туралы жазған. «Биі жақсының елі жақсы», 
«Батыр елін жауға бермейді, би елін дауға бермейді» деген нақыл 
сөздер қазақ билерінің дипломат қызметін атқарғанын да көрсетеді. 
Билер шешен болған. Атап айтсақ, халық Қазыбек биді «ағын судай 
əйгілі шешен» деп мақтан тұтқан. Сөйтіп, Тəуке хан ел билеуде 
атақты қазақ билеріне арқа сүйеп, олардың қазақ қоғамындағы орны 
мен рөлін көтерді. 
Билер кеңесі мерзімді түрде Сырдарияның бойында орналасқан 
Əңгірен, Түркістан мен Сайрам жеріне орналасқан Битөбе, Мəртөбеде 
шақырылған. Жыл сайын Ташкент қаласының маңындағы Күлтөбеде 
үш жүз өкілдерінің басын қосқан жиналысын өткізіп тұрған. Бұл 
халық арасында «Күлтөбенің басында күнде кеңес» деп аталды. 
Тəуке хан қазақтың жыраулары мен шешендерінің жəне шежіре-
шілерінің басын қосып, қазақтың мақал-мəтел, шежіре, аңыз-
жырларын жинаған. Сонымен қатар, қазақ халқы арасында бұрыннан 
қолданылып келген ру-тайпалардың ұрандары мен таңбаларын 
қайта анықтап белгілеген. Бұл тарихта Орта Азияда өмір сүрген 
көшпелі хандықтарда болып келген салт еді. Жаңадан таққа отырған 
хан өзіне қарасты тайпалардың таңбасын белгілеп беріп отырған. 
Бұл көшпелі тайпалар арасында хандық өкімет билігін күшейтудің 
дəстүрлі шараларының бірі еді.
Тəуке хан өзінен бұрынғы хандар тұсында ішкі тартыс салдарынан 
ыдырай бастаған үш жүздің басын қосты, жеке-жеке ұлыстарды би-
леген сұлтандардың бөлектенуіне тежеу салып, Қазақ хандығының 
ішкі бірлігін бекемдеуге барлық шараларды қолданып, оны едəуір 
күшейтті. Бұл тұста едəуір қырғыз тайпалары мен қарақалпақ 
тайпалары Тəуке ханның қарауында болды. Тəуке қырғыздарды 
олардың өз биі Қоқым Қарашор арқылы, қарақалпақтарды олардың 
Сасық биі арқылы басқарып отырған. Бұл іс жүзінде жоңғарлардың 
шабуылынан қорғануды негіз еткен қазақ, қырғыз жəне қарақалпақ 
халықтарының əскери-саяси одағы еді.
Тəуке ханның аты тарихта «Жеті жарғы» заңдарымен де тығыз 
байланысты. Ол қазақтың атақты билерімен ақылдаса отырып, 
қазақтың əдет-ғұрып заңдарын, билер сотының тəжірибелерін, аса 
дарындылықпен айтылған түйінді биліктерді жинақтап, өзінен 
бұрынғы «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» 
сияқты қазақ заңдарын жаңа жағдайға сай өзгертіп, толықтырып, 
дамыту негізінде «Жеті жарғы» атты заңдар жинағын құрастырды. 
«Жеті жарғы» орыс деректерінде «Тəуке хан заңдары» деген атпен 
белгілі. «Жеті жарғыға» əкімшілік, қылмысты істер, азаматтық 
құқық нормалары, сондай-ақ салықтар, діни көзқарастар тура-
лы ережелер енгізілген, яғни онда қазақ қоғамы өмірінің барлық 
жағы түгел қамтылған. Оларда орта ғасырдағы қазақ қоғамының 
патриархаттық-феодалдық құқығының негізгі принциптері мен 
нормалары баянды етілген. Қазақша «жарғы» əділдік деген ұғымды 
білдіреді. «Жеті жарғы» — жеті əдеттік құқықтық жүйеден тұратын 
қоғамдық қатынастарды реттейтін салалардың жиынтығы. Олар: 
жер дауы, жесір дауы, құн дауы, бала тəрбиесі жəне неке, қылмыстық 
жауапкершілік, рулар арасындағы дау, ұлт қауіпсіздігін қамтамасыз 
ету.
«Жеті жарғыны» қазақ халқы ХІХ ғасырдың ортасына дейін 
қолданып келді. Ал кейбір заңдар Қазан төңкерісіне дейін
қолданылды. Сонымен бірге «Жеті жарғының» өз кезінде қағазға 
түсірілмегені де белгілі. Кеңестер дəуірінде «Жеті жарғыға» 
«феодалдық қатынастардың сарқыншағы» деген сипат тағылып, 
мүлдем зерттелінбеді. Бізге «Жеті жарғы» орыс ғалымдарының жаз-
балары негізінде белгілі. Алғаш рет орыс ғалымы Г.Спасский жап-
пас руының старшыны Күбек Шүкіралиевтің мəліметтері негізінде 
«Жеті жарғының» 11 үзіндісін 1820- жылы «Сибирский вестник» 
баспасөзінің бетінде жариялады. «Жеті жарғының» екінші нұсқасы 
(34 үзінді) А.Левшиннің зерттеулерінде беріледі. Бұл нұсқалар 
«Жеті жарғы» дүниеге келгеннен кейін 100 жылдан соң халық ауыз 
əдебиеті негізінде жариялады. Сондықтан, бұл заңдар жинағының 
толық нұсқасының бізге жетпегені белгілі. 
«Жеті жарғы» заңдар жинағы мемлекеттің ішкі жағдайын 
күшейтуге бағытталды. Осы заң негізінде қазақтың тайпа, ру ба-
сыларын жылына бір рет жиналуға міндеттеді. Бұл жиындарда 
мемлекеттің сыртқы жəне ішкі жағдайына байланысты мəселелер 
дауыс беру негізінде шешілді. Жиынға қару асынып келген 
азаматтардың ғана дауыс беру құқықтары болды. Сонымен бірге 
қару ұстап келген азамат жылына өз байлығының жиырмадан бір 
бөлігін салық ретінде мемлекетке беруге міндеттелді. Жиынға 
қатысушы əр рудың өз таңбасы болды. Бұл таңбалар құрылтайда 
мемлекеттік рəміз дəрежесінде бекітілді.
Қазақтың негізгі байлығы мал болғаны белгілі. Сондықтан 
«Жеті жарғы» заңдарына сай əр меншік иесі өз малдарына ен салуға 


100
101
міндеттелді. Сонымен қатар, əр рудың жайылым жер меншігі қатаң 
белгіленді.
«Жеті жарғыда» қылмысты іс-құқық нормаларына үлкен орын 
бөлінген. Қылмыс ретіне: кісі өлтіру, мертіктіру, əйелді зорлау, 
соққыға жығу, қорлау, ұрлық істеу жəне тағы басқалары жатқан. 
Кінəлілер жасаған қылмыс деңгейіне сай əртүрлі жазаға кесілген. Бұл
жинақта «қанға қан» заңы сақталды. Бірақ билер сотының екі жақ 
келісуі бойынша жазаны құн төлеумен алмастыруға мүмкіншілігі 
болған. Құн төлеу төрт жағдайда рəсімденген. Олар: егер əйелі 
күйеуін өлтірсе жəне күйеуінің туыстары оны кешірмеген жағдайда, 
егер əйел некесіз туған баласын өлтірген жағдайда, жұбайлар 
арасындағы «көзге шөп салушылық» дəлелденген жағдайда жəне
«құдайға тіл тигізгені анықталған жағдайда». Өлім жазасының екі 
түрі болған: дарға асу жəне тас лақтыру əрекеттерін қолдану.
Жазалаудың ең көп таралған түрі — құн төлеу болған. 
Қылмыскердің жəне өлген адамның əлеуметтік жағдайына байла-
нысты құн мөлшері өзгеріп отырған. Мысалы, өлген ер адамның 
құны 1000 қой болса, əйел адамның құны 500 қой болған. Ал өлген 
адамның əлеуметтік жағдайы ақсүйек болса құн мөлшері жеті 
есе өскен, яғни сұлтан немесе қожа тұқымынан өлтірілгендерге 
жеті адамның құнын төлеген. «Сұлтан» немесе «қожаға» тіл 
тигізгені үшін 9 мал, қол жұмсағаны үшін 27 мал төленетін бол-
ды. Құлдың құны бүркіттің немесе тазы иттің құнымен теңескен. 
Дене мүшелеріне зақым келтірген қылмыскер де белгілі мөлшерде 
құн төлеген. Атап айтқанда, бас бармақ — 100 қой, шынашақ 20 қой 
болған. Ұрлық жасалған кезде ұрланған заттың құны иесіне «үш 
тоғыз» етіп қайтарылған. Мысалы, ұрланған 100 түйе 300 жылқыға 
немесе 1000 қойға теңелген. Бұл баптардан біз «Жеті жарғыға» сай 
қылмыс істеген əр əлеуметтік таптың құқықтары заңдастырылғанын 
көреміз. 
«Жеті жарғы» бойынша өлім жазасы мен құн төлеуден басқа жа-
залар да қолданылған. Мысалы, əкесіне қол жұмсаған ұл баланы 
қара сиырға теріс отырғызып масқаралаған. Ата-анасына дауысын 
көтерген қыз баланың жазасын шешесі шешкен. Күйеуін өлтірген 
екіқабат əйел елден қуылса, христиан дінін қабылдаған адамның 
мал-мүлкі тəркіленген. Құдайға тіл тигізгендігі жеті адамның 
куəлігі арқылы анықталған адам таспен атып өлтірілген. 
Мал мен мүлікті ұрлау да ауыр қылмыс болып табылды. Егер 
ұрыны ұрлық үстінде өлтірсе, онда құн төленбейтін болған. Ұстап 
алған ұрыны дүре соғып жазалауға, сотсыз-ақ рұқсат етілген. Сөйтіп, 
ұры қатаң қылмыс жазасына тартылды, ұрлап алғанын қайтаруға 
жəне «тоғыз» айыбын тартуға міндетті болды, яғни ұрланған бір 
мал үшін тоғыз мал беруге тиіс еді.
Соттау құқығы тек ханның, билер мен рубасыларының қолында 
болған. Қылмысты істі шешкені үшін билерге ақы төленген. Атап 
айтқанда, өтелетін есенің оннан бір бөлігі тиесілі болған. Сұлтандар 
қылмысты болған жағдайда, олардың істерін тек хан қарап, 
жазалаған. Қылмыстық іске 13 жастан бастап тартылған. Есі дұрыс 
емес адамдар жауапқа тартылмаған. 
«Жеті жарғы» қабылданғаннан кейін ішкі қырқыстар азайып, 
қоғамда біршама тыныштық орнады. Тəуке хан мемлекеттің ішкі 
жағдайын нығайту барысында басқа да шараларды жүзеге асыр-
ды. Атап айтқанда, кіші жүздің аз жеті руын бір тайпаға, орта 
жүздің уақтары мен керейлерін бір уақ-керей бірлестігіне біріктірді. 
Сөйтсе де, көшпелі қоғам салты мен оның геосаяси жағдайы мем-
лекет бірлігіне қайшы келді. Тəуке ханның билік құрған соңғы 
жылдарының өзінде басқа хандар мен сұлтандардың оқшаулануға 
ұмтылысы байқалды. 
Тəуке ханның сыртқы саясаты көрші елдермен тату көршілік 
байланыс орнатуға, олармен экономикалық, сауда-саттық қарым-
қатынас жасауға тырысқан бейбіт дипломатиялық саясат бол-
ды. Тəуке хан 1687 жылы Бұхар ханы Субханқұлымен Ташкент 
жөнінде келіссөз жүргізіп, оны қазақтар иелігінде қалдырды. Бұхар 
хандығымен сауданы дамытуға күш салды. Нəтижесінде Қазақ 
мемлекеті мен Бұхар хандығы арасында бейбіт қарым-қатынас орнап, 
Бұхар саудагерлері қазақ жеріне кіріп сауда жасауға мүмкіншілік 
алған. Қазақ жерінде Бұхар көпестерін тонауға қарсы Тəуке хан ар-
найы жарлық шығарып, ендігі жерде тонаушылар қатаң жазаланып 
отыратын болған. Бұхар басшыларының тарапынан жоңғарларға 
қарсы соғыста қазақтарға көмек көрсетілмеді. Бұл мемлекетпен бай-
ланыс тек сауда қатынастарының жандануымен шектелді.
Орыс деректерінде Тəукені тек қазақтардың ғана емес, қарақалпақ-
тардың да ханы деп жазады. Олар жыл сайын қазақтарға салық төлеп, 
өз одақтастарымен бірігіп соғыс қимылдарына қатысып отырған. 
Бұл туралы орыс деректерінде былай делінген: «Арыстың оң 
жағасындағы құмды жол арқылы Ақсу тастарына дейін жарты күн, 
осы тастар арқылы қарақалпақтарға жол түседі… Түркістаннан Сыр 
өзенінің төменгі ағысы арқылы үш күндік жолда Үзкент қаласы, сол 
қалаға 1683 жылы Тəуке хан қарақалпақтардан салық жинауға түсті. 
Олар егін егіп, қазақтармен қатынаста өмір сүреді. Үзкенттен төмен 


102
103
Сырдың екі жағалауында да қарақалпақтар көшіп жүреді. Қалалары 
көп емес. Əскери істері қазақтармен ортақ. Олардың билеушілері 
Табұршық сұлтан». Қарақалпақтар Тəуке ханға бағынышты болған, 
оларды ол Сасық би арқылы басқарған.
Тəуке ханға қырғыздардың басым бөлігі де бағынышты болды. 
Қырғыздар да қазақтардың жоңғарларға қарсы əскери қимылдарына 
белсене қатысып отырған. Ш.Уəлиханов өзінің «Қырғыздар туралы 
жазбалар» деген еңбегінде: «Ал енді Есімнің немересі, Жəңгірдің 
баласы Тəуке қырғыздардың биі ретінде басқарып отырған 
(қырғыздардың Тиес деген биі соған бағынған). Бүкіл рудың 
билеушілері есебінде Тəуке мен Тиестің аты Тəуке-Тиес деп бірге 
аталыпты». Шоқанның бұл еңбегінде қырғыз елінің Тəуке ханға 
бағынышты болғаны сипатталады. 
Тəуке хан билік құрған жылдары Ресеймен қарым-қатынас жан-
данды. Осы жылдары шекара аудандарындағы орыс бекіністері 
мен қазақ ауылдары арасындағы қақтығыс шиеленіседі. Осындай 
келеңсіз əрекеттерді бейбіт жолмен шешу үшін Тəуке хан 1687 
жылы Тобыл қаласына Тəшім батыр бастаған елшілік жібереді. Бұл 
елшілік сауда қатынастарын жандандыруды да мақсат етеді. Сөйтіп, 
Тəуке хан Ресеймен дипломатиялық жəне сауда байланыстарын ор-
натты. 1686—1693 жж. аралығында Тəуке хан Ресейге бес елшілік 
жібереді. 1694 жылы хан ордасында орыс елшілері Скибин мен 
Трощинді қабылдаған. Сөйтсе де, орыс-қазақ қарым-қатынастары 
17- ғасырдың соңы мен 18- ғасырдың басында барынша шиеленіседі. 
Өйткені осы жылдары Ресей мен Жоңғар мемлекеттері жақындасады. 
Қазақ мемлекетінің күшейгенін байқаған орыстар жоңғарлармен 
жақындасып, оларды қазақтарға қарсы қою саясатын жүргізеді.
Тəуке хан билік құрған жылдары қазақ мемлекеті мен жоңғарлар 
арасындағы қарым-қатынас тұрақсыз болды. Тек 1653—1670 жыл-
дар аралығында жоңғарлардың қазақ жеріне шапқыншылығы 
біршама тыйылды. Өйткені 1653 жылы Жонғар хандығының негізін 
салған Батыр қонтайшы қайтыс болғаннан кейін, оның мұрагерлері 
таққа таласумен болды. 1670 жылы билікке келген Ғалдан-Бошок-
ту қонтайшының тұсында оңтүстік Қазақстанға шапқыншылықтар 
жиіледі. Ол 1681 жылы Шудан өтіп, Сайрам қаласын басып алуға 
əрекет жасады. 1684 жылғы жоңғарлардың Сайрамға шабуылы 
нəтижелі болды. Жоңғар хандығының аумағына қытайлар тарапы-
нан шапқыншылық басталғандықтан олар Сайрамнан бас тартты. 
Қайтарында жоңғарлар қаланы тонап, қала халқының басым бөлігін 
тұтқынға айдап əкетті. 
1697—1727 жылдар аралығында жонғарлар мемлекетін басқар-
ған Цеван-Рабтан тұсында қазақ-жоңғар қарым-қатынастары барын-
ша шиеленісті. Осыған байланысты 1710 жылы Қарақұмда Тəуке 
ханның бастамасымен қазақ жүздерінің біріккен жиналысы болды. 
Жиналыс нəтижесінде қазақтар жоңғарларға қарсылық көрсетуге 
шешім қабылданды. 1713—1714, 1717 жылдардағы жоңғарлардың 
шапқыншылықтары қазақтар үшін ауыр болды. Осы қиын жыл-
дары Тəуке ханның қолбасшылық, реформаторлық, батырлық 
қасиеттері айқын көрінді. Тəуке хан Шыңғыс хан құрған əскери 
басқару жүйесін қайта жаңғыртты. Əскерді қатаң басқаруға үлкен 
мəн берілді. Əскерде басшылық ету онбасы, жүзбасы, мыңбасы бо-
лып тағайындалды. Мыңбасыны Тəуке ханның ұсынысымен Билер 
кеңесі аса ерлік көрсеткен батырлардан тағайындады. Бас қолбасшы 
Тəуке ханның өзі болды. Əскер саны соғыс жылдарында 80 мыңға 
жеткенімен, бейбіт кезеңде хан ордасында тұрақты сарбаздардың 
саны 1000-нан аспады. Бұл сарбаздар ханның қауіпсіздігін қор-
ғады.
Соғыс жылдары əскерді қару-жарақпен, көлікпен əр ру басылары 
қамтамасыз етіп отырған. Бұл мəселе де Тəуке қабылдаған тəртіп 
негізінде жүзеге асырылған. Жауынгерлердің алдын ала соғыс 
өнерінің түр-түрінен дайындықтан өтуі хан жарлығы негізінде 
міндетті болған. Бұл əскерлердің соғысу қабілетін күшейткен. Со-
нымен бірге хан жарлығымен шекара аудандарында əр 5—7 шақы-
рым аралықта əскери мұнаралар тұрғызылды. Жоңғарлар шабуылы 
басталған сəтте мұнаралардағы тұрақты жауынгерлер от жағып, 
келесі мұнараға жау шабуылы басталғаны туралы хабар беріп отыр-
ды. Бұл стратегиялық тактика негізінде жау шабуылын 100 шақырым 
жерден көріп, ұтымды қарсылық алдын ала ұйымдастырылды.
Қорыта келгенде, Тəуке хан өзі билік еткен жылдары ішкі жəне 
сыртқы саясатты сəтті жүргізді. Ол ХVІІ ғ. аяғы мен ХVІІІ ғ. ба-
сында Қазақ хандығындағы саяси жағдайды реттей алды. Бұл кез-
де Қазақ хандығы біртұтас мемлекет болды. Қазақ хандығында 
тəртіп сақтау жəне мемлекеттік құрылыстың негізгі принциптерін 
анықтаған «Жеті жарғы» заңдар жинағы Тəуке тұсында жасалды. 
Тəуке хан дипломат-мəмілегер, айлакер қолбасшы, əдеттік құқық 
жүйесінің реформаторы жəне қазақ ұлтының бірлігі мен жерінің 
тұтастығын сақтауға жан аямай күш салған ірі мемлекеттік тұлға 
ретінде танылды. Тəуке ханның күшті мемлекет құрғаны туралы 
А.Левшин, Е.Бекмаханов т.б. көрнекті тарихшылар жазды. XVII 
ғасырдың соңы мен XVIII ғасырдың басында қазақ қоғамында 


104
105
интеграциялық сана күшейіп, хан билігі нығайды. Үш жүздің 
құрамына 112 ру кіріп, қазақ халқының саны 2—3 миллион адамға 
жетті. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   31   32   33   34   35   36   37   38   ...   76




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет