Лекциялар курсы Редакциясын басқарған


Бірінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы Қазақстан



Pdf көрінісі
бет57/78
Дата04.01.2022
өлшемі1,82 Mb.
#109053
түріЛекция
1   ...   53   54   55   56   57   58   59   60   ...   78
Байланысты:
тарих тарих

 
2. Бірінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы Қазақстан. 
                                Қазақтардың 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі 
         
Бірінші  дүниежүзілік  соғыс  1914  жылғы  19  шілдеде  (1  тамызда)  басталды.  Соғысқа 
дейінгі  тұста  Ресейде  жаңа  өнеркәсіп  салалары  жедел  қарқынмен  дамыды.  Өнеркәсіп 
орындары  ел  экономикасының  дамуына  үлес  қосумен  қатар,  соғыс  қажеттілігіне  орай  ірі 
мемлекеттік  тапсырмаларды  да  атқарды.  Өнеркәсіп  өндірісінің ішінде  металлургия  өндірісі 
үлкен  жетістіктерге  жетті.  Әйткенмен,  Ресей  соғысқа  дайындықсыз,  әскери-өнеркәсіптік 
әлеуеті  төмен,  көлігі  нашар  дамыған  жағдайда  кірісті,  армия  әскери-техникалық  жағынан 
нашар қамтамасыз етілген еді. Соғыс басталған соң жалпы империяда, ішінара Қазақстанда 
өндіргіш күштердің даму деңгейі бірте-бірте кеми берді. 
Бірінші  дүниежүзілік  соғыс  Қазақстан  экономикасының  құлдырауына  әкеліп  соқты. 
Ауыл шаруашылығы өлкедегі егіншілік облыстар бойынша  біркелкі дамымады. Ол құнарлы, 
егіншілік  шаруашылығын  жетік  меңгерген  аудандарда  жақсы  дамыды.  Соғыс  егін 
шаруашылығына  да  елеулі  өзгерістер  енгізді.  Ең  алдымен,  ауыл  шаруашылық    бақша 


 
111 
дақылдарының егіс көлемі ұлғайды. Мәселен, Қазақстан бойынша күзгі бидайдың егіс көлемі 
1913 жылмен салыстырғанда 1917 жылы 63,5%-ға, жазғы бидай  - 8,4%-ға, тары  - 22,1%-ға, 
картоп  -  46,3%-ға  қысқарды.  Ал  бақша  дақылдарының  егіс  көлемі  433,8  мың  десятинадан 
1115,0 мың десятинаға дейін, яғни екі  еседен астам көбейді. Өлкенің солтүстік-батыс және 
батыс облыстары бойынша дәнді дақылдардың өнімділігі 1914 жылдан 1917 жылға дейін әр 
десятинадан  алынатын  38,7  пұттан  29,8  пұтқа  дейін  төмендеді.  Соғыс  жылдарындағы  өлке 
егіншілігі жағдайының сипатты ерекшелігі оның жүргізілуі деңгейінің төмендігі болды. Бұл 
енгізілген  ауыспалы  егіс  жүйесінің  болмауынан,  жердің  және  тұқымдық  материалдардың 
өңделу сапасының төмендігінен көрінді. Егіс көлемі мен өнім көлемінің қысқаруының негізгі 
себебі  жұмыс  күшінің  жетіспеуі  болатын.  Мәселен,  Ақмола  облысының  Көкшетау  уезінен 
ғана  1915  жылы  армияға  ауыл  шаруашылығымен  айналысып  келген  орыс  тілді  халықтың 
39%-ы  шақырылды.  Қазақстанның  басқа  да  аймақтарында  мұндай  көріністер  байқалып 
тұрды. 
Ер  азаматтарды  жаппай  майданға  алу  мал  шаруашылығының  да  құлдырауына  әкеліп 
соқты.  Оған  сан  және  сапа  жағынан  үлкен  зардап  келтірді.  Ұсақ  мал  көбірек,  ал  ірі  мал 
азырақ өсіріле бастады. Байырғы халықтың басым көпшілігі тұратын жерлерде жылқы, түйе, 
ірі қара мал саны кеміді. Мәселен, Ішкі Ордада 1915 жылы жылқы саны 310,3 мың болса, ал 
1916 жылы 160,2 мың болып, үлес салмағы жөнінен 48,5%-ға кеміп кетті. Маңғыстау уезінде, 
Сырдария  мен  Жетісу  облыстарында  да  осындай  көріністер  байқалды.  Соғыс  жылдарында 
қазақтың  мал  шаруашылығы,  бірінші  кезекте,  мал  жайылымдық  алаптарды  тартып  алу 
салдарынан  зардап  шекті.  1913-1917  жылға  дейін  қазақ  халқынан  жалпы  көлемі  764,4  мың 
десятина  жайылымдық  алқаптың  жылқы  -  ірі  қара  жайылатын  190  жайылымы  тартылып 
алынды және жалға алуға даярланды.  
Мал санының қысқаруы, ең алдымен, қазақ халқының армия қажеттері үшін мәжбүрлеу 
тәртібімен  ет  беруге  міндетті  болғандығынан  орын  алды.  Сан  миллиондық  армияның  өсе 
түскен  қажеттерін  қанағаттандыру  мүмкін  емес  еді.  Өйткені  қазақ  шаруашылығында  мал 
саны  жылдан-жылға  азая  берді.  Сондай-ақ  соғыс  жылдарындағы  мал  санының  қысқаруына 
ауық-ауық өткізіліп тұратын реквизиция да әсер етті. Осы жылдарда Түркістан өлкесінен 300 
мың пұт ет, 70 мың жылқы, 13 мың түйе әкетілді. 1914 жылдың ішінде  Жетісудан ғана 34 
миллион  сомның  малы  мен  мал  өнімдері  тасылып  әкетілді.  Қазақ  шаруашылықтарында 
малды  реквизициялау  және  жылқы  малын  есепсіз  пайдалануға  байланысты  мал  санының 
қысқаруы село мен ауылда шаруашылықты қалыпты жүргізуге кері әсер етті. Жылқы малы 
әсіресе  солтүстік  облыстарда  азайып  кетті.  Соғыс  жылдарында  армияны  жабдықтау  үшін 
мол  мөлшерде  азық-түлік  даярлау,  мал  және  ет  өнімдері  бағасының  өсуіне  әкеліп  соқты. 
Осыған  байланысты  бұл  кезеңде  өлкеде  анағұрлым  арзан  ет  беретін  сала  -    шошқа 
шаруашылығы жедел дами бастады. 
Бірінші  дүниежүзілік  соғыс  басталған  соң,  Қазақстан  өнеркәсібі  де  соғыс  қажеттері 
үшін  жұмыс  істеді.  Өлкедегі  кен  өнеркәсібінің  маңызды  салаларының  бірі  Успен  және 
Сасық-Қарасу кеніштерінен темір кенін өндіру арта түсті. Бұл кеніштерден 1914 жылы – 246 
пұт, ал 1916 жылы – 1551 пұт темір кені өндірілді. Соғыстың үш жылы ішінде темір кенін 
өндіру 6,3 есе ұлғайды. Салықтардың жоғарылығынан, қатынас жолдарының қашықтығынан, 
құрал-жабдықтардың жетіспеуі салдарынан және басқа себептерден алтын кеніштерінің саны 
қысқарды.  Түсті  металлдарға  деген  қажеттіліктердің  артуы  және  олардың  бағасының  күрт 
өсуі  соғыс  жылдарында  түсті  металлургияның,  әсіресе,  Риддер  және  Сокольский 
кеніштерінің дамуына түрткі болды. Түсті рудалар өндіру 1913 жылмен салыстырғанда 1917 
жылы  25,3  есе  өсе  түсті.  Бірінші  дүниежүзілік  соғыс  жылдарында  мыс  рудасын  негізінен 
“Спасск мыс рудалары” акционерлік қоғамы мен “Атбасар мыс кендері” акционерлік қоғамы 
өндірді.  Бірақта,  мыс  кенін  өндіру  жылдан-жылға  кеми  берді.  Жер  қойнауын  
жыртқыштықпен  пайдалану  “Спасск  мыс  кені”  акционерлік  қоғамының  Успен  кенішіндегі 
барлық  бай  кенді  (құрамындағы  мыс  25%)  алып  қоюына  әкеп  соқты.  Соғыс  жылдарында 
Сарысу байыту фабрикасы салынды. Ол революцияға дейін құрамында 25-30% мыс бар 128 
мың пұт шикізат өндірді. 


 
112 
Көмір  өндіру  Семей,  Торғай,  Ақмола  облыстарында  жүргізілді.  Соғыс  жылдарында 
Екібастұз  кен  орындары  елеулі  рөл  атқарды.  Ол  Екібастұз  қорғасын-мырыш  зауытын, 
Ертістегі жекеше кеме қатынасын, Оралдағы Боголовск және Қышым зауыттарын көмірмен 
жабдықтап отырды. 
Өңдеуші  өнеркәсіп  соғыс  мұқтаждығына  ет-сүт  өнімдерін,  былғары  тауарлар  және 
басқа  да  тұтыну  заттарын  беріп  отырды.  Әсіресе,  былғары  тауарларын  өндіру  өсті,  бұл 
кезеңде  өлкеде  139  былғары  кәсіпорны  жұмыс  істеді.  Олар  негізінен  Семей  және  Ақмола 
облыстарында орналасты және бүкіл ауыл шаруашылық өнімінің 64,3% -ын өңдеді. Шынына 
келгенде,  былғары,  тері  және  ішек-қарын  өндірісінің  майдагерлік  кәсіпорындары  одан  әрі 
ұқсату  үшін  Ресейдің  ірі  өнеркәсіп  орталықтары  -  Пермь,  Вятка,  Рига  қалаларына  өнім 
жеткізіп берді. Соғыс жылдарында интенданттық армия тарапынан былғары аяқ киімге және 
тері  тондарға  сұраным  ерекше  өсті.  Соғыс  жылдарында  жүн  өніміне  сұраным  ұлғайып, 
өлкеде  шұға  өндіретін  тұңғыш  Қарғалы  фабрикасы  әскери  тапсырыс  орындап,  шинельге 
арнап  шұға  дайындай  бастады,  сол  сияқты  соғыс  сұранымына  ет  өнімін  дайындауда 
Петропавлда  ет-консерві  комбинаты  ашылса,  Оралда  мал  соятын  арнайы  орын  ашылды. 
Өлкеге  дайын  өнім,  киім-кешек  пен  аяқ  киім  әкелудің  қысқаруына  байланысты  соғыс 
жылдарында  осы  қажетті  бұйымдарды  тігетін  шеберлердің  саны  көбейді.  Мәселен,  1916 
жылы Верный қаласында 140 адам жұмыс істеген ірі шеберхана болды.  
Өнеркәсіп орындарындағы жұмысшылардың, қалалардағы еңбекшілердің жағдайы күрт 
нашарлады.  Кәсіпорындарда  жас  балалардың,  жасөспірімдердің,  әйелдер  мен  соғыс 
тұтқындарының еңбегі кеңінен қолданылды. Жұмысшылар тәулігіне 10-12 сағат, ал кейде 16 
сағаттан  жұмыс  істеді.  Жұмысшылардың  нақты  жалақысы  үнемі  төмендей  берді.  Мәселен, 
Спасск  зауытында  1914  жылы  күндік  жұмыс  үшін  –  1  сом  04  тиын,  1915  жылы  –  94  тиын 
төленді. Мұндай жағдай өнеркәсіп орындарында барлығында дерлік болып жатты. 
Селолар,  қалалар  мен  ауылдар  еңбекшілері  жағдайының  нашарлауы  1914  жылдың 
өзінде-ақ  Қарағанды,  Екібастұз  шахталарында,  Орынбор,  Ташкент  және  Транссібір 
теміржолдары  жұмысшылары  арасында  бас  көтерулер  мен  ереуілдерге  алып  келді.  Тіпті, 
соғыс жылдарында Қазақстанда халық бой көтеруінің бірі “әйелдер бүлігі” дейтіндер болды, 
оларды өкімет орындары үкіметке қарсылық деп қарады.  
Шаруалар  көтерілістері  Қазақстанның  солтүстік  аудандарын  да  қамтыды.  Мәселен, 
1916 жылы 21 наурызда Торғай облысы Ақтөбе уезінің Ақбұлақ селосында 30 адам болатын 
солдат  әйелдерінің  тобыры  көпестер  -  Незвановтың,  Пряткиннің  дүкендерін  қиратады. 
Халық  бұқарасының  мұндай  бой  көрсетулерінің  толқыны  Қазақстанның  басқа  да 
аймақтарында  орын  алды.  1916  жылдың  орта  шеніне  қарай  жұмысшылардың  үкіметке 
ашынуы  үдей  түсті.  Нәтижесінде  бұл  жағдайлар  қазақтардың  ұлт-азаттық  қозғалысына  зор 
ықпал жасады.  
1916 жылы 25 маусымда патшаның Қазақстан, Орта Азия, Сібір тұрғындарынан 19 бен 
43  жас  аралығындағы  ер  азаматтарын  тыл  жұмысына  алу  туралы  жарлығы  шығады.  Бұл 
жарлық 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің басталуына себеп болды. Шілденің бас кезінде 
Қазақстанның  барлық  аймақтарында  дерлік  стихиялы  наразылықтар  басталып,  көп  ұзамай 
қарулы  көтеріліске  ұласты.  Халық  ашу-ызасының  алғашқы  соққыларына  тылдағы 
жұмыстарға  алынатындардың  тізімін  тікелей  жасаған  болыс  басқарушылары,  ауыл 
старшындары және патша әкімшілігінің басқа да төменгі билік иелері ұшырады. Іс жүзінде 
тізімдер жасау жүйесі жаппай парақорлық пен бұрмалаушылыққа жол ашқан болатын. Оның 
үстіне  патшалық  өкімет  орындары  лауазымды  адамдарды,  болыстарды,  село  және  ауыл 
басқарушыларын, байырғы тұрғындардан шыққан төменгі шенді полицейлерді, имамдарды, 
молдалар  мен  мүдәристерді,  ұсақ  кредит  мекемелеріндегі  есепшілер  мен  бухгалтерлерді, 
жоғарғы және орта оқу орындарындағы оқушыларды, үкіметтік мекемелердің шенеуніктерін, 
дворян және құрметті  азамат құқықтарын пайдаланатын адамдарды әскерге алудан босатты. 
Стихиялы  қозғалыс  бірте-бірте  ұйымдасқан  сипат  алып,  қарулы  көтеріліске  ұласып, 
оның  ірі  ошақтары  (Жетісу  мен  Торғайда)  пайда  болды.  Көтеріліс  бүкіл  Қазақстанды 
қамтыды. Бұл көтерілістің басты мақсаты ұлттық және саяси азаттық болды. Сол арқылы ол 


 
113 
қазақ  халқының  бостандық  пен  тәуелсіздік  жолындағы  бұрынғы  бүкіл  күресінің 
қорытындысын  шығарды.  Көтерілістің  негізгі  күші  ұлттық  шаруалардың  қалың  тобы, 
сондай-ақ сол кезде туып келе жатқан жергілікті жұмысшы табының өкілдері, қолөнершілер 
болды. 
Сонымен бірге көтерілістің ұлт-азаттық сипатта болуы себепті қазақ халқының барлық 
топтарының  өкілдері  (екінің  бірінде  байлар,  болыс  басқарушылары,  билер),  сондай-ақ 
демократияшыл зиялылардың жекелеген өкілдері қатысты. 
Қазақстанның  әр  түрлі  аудандарында  пайда  болған  стихиялы  қозғалыс  бірте-бірте 
ұйымдасқан  сипат  ала  бастады:  Жетісуда  (басшылары:  Бекболат  Әшекеев,  Ұзақ  Саурықов, 
Жәмеңке  Мәмбетов,  Тоқаш  Бокин,  Әубәкір  Жүнісов,  Серікбай  Қанаев,  Монай  және  Мұқан 
Ұзақбаевтар  және  т.б.)  және  Торғайда  (басшылары  -  Әбдіғаппар  Жанбосынов,  Амангелді 
Иманов, Әліби Жангелдин және басқалар) оның ірі ошақтары пайда болды. 
Жетісудағы көтеріліс тарихын: 1) шілде - стихиялық наразылық көріністері, 2) тамыз - 
оның  қарулы  көтеріліске  ұласуы  және  3)  қыркүйек-қазан  -  көтерілістің  біртіндеп  бәсеңдеуі 
және жеңіліс табуы деген кезеңге бөлуге болады. 
М.Тынышбаевтың  мәліметі  бойынша,  25  маусымдағы  патша  жарлығы  Жетісу 
қалаларында  8  шілдеде  белгілі  болған.  Облыстың  жекеленген  уездерінде  жұмысшыларды 
шақыру  туралы  телеграммалар  одан  бұрын,  2  және  3  шілдеде  келіп түскен.  Шілде  айының 
бас  кезінде-ақ  толқулар  Верный  уезінің  батыс  және  оңтүстік  бөліктерін  қамтып,  оларда 
көтерілісшілерге  Бекболат  Әшекеев,  Тоқаш  Бокин,  Аққоз  Қосанұлы  және  басқалар 
басшылық етті. Соғыс ошағы ұлғайып, халық наразылығы үдеп кетуіне орай, патша үкіметі 
ендігі тұста көтеріліс қимылдарын басу үшін іс-шаралар қолдануды ұйғарды. Нәтижесінде 17 
шілдеде  Жетісуда  және  Түркістан  өлкесінде  соғыс  жағдайы  жарияланып,  патша  үкіметі 
мұнда  ірі  әскери  күштер  алып  келді.  Әскери  гарнизондарды  нығайтып,  Жетісудағы  қоныс 
аударушы халықтың ауқатты топтарынан қазақ және қырғыз көтерілісшілерін жазалау үшін 
қарулы  отрядтар  құрды.  Жетісу  облысы  Жаркент  уезі  көтерілісшілерінің  Асы  жайлауында, 
Қарқараның  таулы  алабында,  Самсы,  Кастек,  Нарынқол,  Шарын,  Жалаңаш,  Құрам  елді 
мекендері аудандарында, Лепсі уезінің Садыр-Матай болысында және басқа жерлерде патша 
жазалаушыларымен ірі қақтығыстар болады. 
Осындай  жағдайда  Верный  уезінде  Б.Әшекеев  Жетісудың  бытыраңқы  көтерілісшілер 
топтарын біріктіру үшін шаралар қолданып, 1916 жылғы 13 тамызда Ошақты деген жерде әр 
түрлі болыстар өкілдерінің съезін шақырады. Съезде тыл жұмыстарына адамдар алу туралы 
жарлық шығарған үкімет орындарына қарулы қарсылық көрсетуге дейін барып, бағынбауға 
шешім  шығарды.  Өз  жақтастарымен  Үшқоңыр  тауындағы  Ошақты  сайына  орнығып  алған 
Б.Әшекеев  қарулы  қарсылыққа  дайындала  бастады,  сонымен  бірге  көтерілісшілердің 
қатарын  жаңа  күштермен  толықтыру  жөнінде  шаралар  қолданды.  Алайда,  бұл  әрекеттер 
айтарлықтай  жетістіктер  бермей  Б.Әшекеев  басшылығымен  орын  алған  Жетісудағы  ұлт-
азаттық  көтеріліс  басылып-жаншылады.  7  қыркүйекте  Верный  қаласында  Верный  әскери 
гарнизонының соты болып, көтеріліс басшыларының бірі Б.Әшекеевті өлім жазасына кесіп, 
дарға асу туралы үкім шығарды. Соттың үкімін облыстың әскери губернаторы Фольбаум нақ 
сол күні бекітіп, үкім бір күннен соң, яғни 1916 жылғы 9 қыркүйекте Верныйдың жанындағы 
Боралдай деген жерде орындалады.  
Сотсыз және тергеусіз атылғандарды есептемегенде, сот үкімімен Түркістан өлкесінде 
1917  ж.  1  ақпанына  дейін  347  адам  өлім  жазасына,  168  адам  каторгалық  жұмыстарға,  129 
адам  түрмеге  жабылуға  кесілді.  Патша  өкімет  орындары  қудалаған  300  мың  қазақтар  мен 
қырғыздар немесе Жетісудың байырғы тұрғындарының төрттен бірі Қытайға қашуға мәжбүр 
болды.  
Дәл  осындай  көтерілістің  ірі  ошақтарының  бірі  -  Торғай  өңірі  болды.  Көтерілісшілер 
саны  50  мыңға  жетеді.  Бұл  кезде  Торғай  уезі  негізінен  қыпшақ  және  арғын  рулары 
шоғырланған  13  болыстан  тұратын.  Көтерілістің  бастапқы  кезеңінде  толқулар  қыпшақтар 
мекендеген  Қайдауыл,  Аққұм,  Қаратоғай,  Сарытоғай,  Қарақопа  болыстарын,  сондай-ақ 
негізінен  арғындар  мекендеген  Тосын,  Майқарау,  Сарықопа,  Наурызым,  екінші  Наурызым 


 
114 
болыстарын қамтыды. Көтерілістің етек жаюы барысында Әбдіғаппар Жанбосынов қыпшақ 
көтерілісшілерінің  ханы  етіп  жарияланса,  Шолақ  Оспанов  арғын  көтерілісшілерінің  ханы 
болып  сайланады.  Кейіннен  1916  жылы  21  қарашада  13  болыс  (6  болыс  арғын,  6  болыс 
қыпшақ,  1  болыс  найман)  өкілдерінің  құрылтайында  халық  арасындағы  атақты  Нияз  бидің 
ұрпағы Әбдіғаппар Жанбосынов көтеріліске шыққан Торғай уезінің ханы болып сайланады. 
Құрылтайға  қатысушылардың  келісімімен  Кенесары  Қасымовтың  серігі,  атақты  Иман 
батырдың  немересі  Амангелді  Иманов  көтерілісшілердің  сардарбегі  болып  тағайындалады. 
Орталық  Ресейден  келген  және  көп  кешікпей  көтерілісшілерге  қосылған,  осы  жерлерде 
туып-өскен  Әліби  Жангелдин  көтерілісшілердің  “рухани  көсемі”  болды.  Ондаған  мың 
ұйымдаспаған  көтерілісшілерден  Ә.Жанбосынов,  А.Иманов  және  олардың  ең  жақын 
серіктері ондықтарға, жүздіктерге және мыңдықтарға бөлінген тәртіпті жасақ құрды. Әрбір 
қолды  басқаруға  тиісінше  онбасы,  елубасы,  жүзбасы,  мыңбасы  тағайындалды.  Сардарбек 
жанында әскери кеңес жұмыс істеді. 
22  қазанда  А.Иманов  бастаған  15  мың  қол  Торғай  қаласын  қоршады.  Қаланы  қоршау 
бірнеше  күнге  созылып,  қоршау  кезінде  генерал-лейтенант  А.Лаврентьевтің  жазалаушы 
корпусы қалаға қарай үш бағытта бет алды. 16 қарашада А.Иманов бастаған 12 мың адамға 
жуық  сарбаздар  Түнқойма  пошта  станциясына  шабуыл  жасайды.  Көтерілістің  негізгі 
көпшілігі адам күшін сақтау үшін қарашаның екінші жартысында Торғайдан 150 шақырым 
жерге  жетіп,    Батпаққара  ауданына  шоғырланады.  Осы  жерден  1916  жылғы  қарашаның 
екінші  жартысынан  1917  жылғы  ақпанның  ортасына  дейін  жазалаушыларға  қарсы 
партизандық  жортуылдар  жасалады.  Көтерілісшілер  мен  жазалаушылар  арасында  Татырда, 
Ақшығанақта,  Доғал-Үрпекте,  Күйікте  шайқастар  болды.  Шайқас  1917  жылғы  ақпанның 
екінші жартысына, яғни ақпан революциясына дейін созылды.  
Қазақ халқының 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі Торғайдан өзге барлық аймақтарда 
қатаң басып-жаншылды. Семей және Ақмола облыстарында көтерілісшілерге қарсы 12 атты 
әскер жүздігі, 11 күшейтілген жаяу әскер ротасы қимыл жасады, ал Торғай көтерілісшілеріне 
қарсы  патшалық  өкімет  орындары  17  атқыштар  ротасын,  18  казак  жүздігін,  4  атты  әскер 
эскадронын, 18 зеңбірек, 10 пулемет және басқаларды әкеп төкті. Осыған қарамастан, Торғай 
облысында көтеріліс патша үкіметі құлатылғаннан кейін ғана тоқтады.  
Қазақ  қауымында  патшаның  1916  жылғы  маусым  жарлығы  мен  көтеріліске  көзқарас 
бірдей болған  жоқ:  ауылдың феодалдық-байшыл билеуші  тобы  мен жергілікті әкімшіліктің 
белгілі бөлегі патша жарлығын толығымен қолдап, оны белсенді түрде жүзеге асырушылар 
болды;  қазақ  интеллигенциясының  радикалды  батыл  іс-қимылға  бейім  өкілдері  (мысалы, 
Т.Бокин,  Ж.Ниязбеков,  Т.Рысқұлов,  Ә.Жангелин,  С.Меңдешев,  Б.Алманов,  Ә.Жүнісов  т.б.) 
халықты қарулы көтеріліске шақырып, оған өздері де қатысты.  
Ал  «Қазақ»  газетінің  төңірегіне  топтасқан  Ә.Бөкейханов,  А.Байтұрсынов,  М.Дулатов 
сияқты  либерал-демократиялық  зиялылар  өкілдерінің  жетекшілері  халықты  жарлықты 
орындауға  қарсы  шықпауға  үгіттеп,  оны  орындамаған  жағдайда  қазақтар  қантөгіске 
ұшырауы  мүмкін  деп  санады  және  осыған  байланысты  үлкен  алаңдаушылық  білдірді. 
Осынау алмағайып кезеңде «Алаш» қайраткерлері халықты жаңа аласапыраннан қорғаштап, 
қайткен  күнде  оны  аман  сақтауға  тырысты.  Сондықтан  да  олар  қарулы  көтеріліске  қарсы 
болып,  қазақтарды  патша  жарлығын  орындауға  шақырды.  Біріншіден,  олар  Ресейге  төнген 
сыртқы  қатердің  бодан  болып  отырған  қазақтарға  да  толық  қатысы  бар  деп  санады.  Бұдан 
сырт  қалуға  болмайды,  -  деп  есептеді.  Екіншіден,  іс  жүзінде  қарусыз  қазақтардың  тұрақты 
орыс  армиясына  қарсы  бас  көтеруін  болдырмауға  талпынды.  Қарусыз  халық  өкіметтің 
жазалау  шараларының  құрбаны  болады  деп  қауіптенді.  Үшіншіден,  соғыс  Ресей  үшін 
жеңіспен біткен жағдайда қазақтардың хал-күйі жеңілдеп, ұлттық автономия құрылатынына  
үміт  артты.  Империямен  ақылға  қонымды  келісім  тактикасын  ұстанып,  халқының  аман 
болуын  бірінші  кезекке  қойған  «Алаш»  көсемдері  тыл  жұмыстарына  шақыруды  кейінге 
қалдыра  тұрып,  тиісті  әзірлік  жұмыстарын  жүргізуді  ұсынды.  Көтеріліс  барысында  орын 
алған  қанды  қырғын,  жүздеген  мың  адамдардың  қаза  табуы  бұлардың  қауіптерінің  негізсіз 
еместігін дәлелдеді.  


 
115 
Жеке-жеке  бұрқ  еткен  толқулар  көп  ұзамай  қарудың  күшімен  жанышталып, 
жұмысшыларды реквизициялаумен майданға жөнелту басталды. Сол кезде “Қазақ” газетінің 
редакциясы тыл жұмыстарына жөнелтілген қазақтардың мұқтаждықтарына қызмет көрсетуді 
ұйғарды  және  осы  мақсатпен  барлық  қазақ  зиялыларына  реквизицияланғандар  жұмыс 
істейтін  майдандарға  өз  еркімен  барып,  оларда  бұратаналар  бөлімін  құруға  шақырды. 
Зиялылар (көпшілік бөлігі мұғалімдер) бұған үн қосты және көп кешікпей Минскіде земство 
одағының жанынан бұратаналар бөлімі құрылды.  
Қазақ зиялылары майдан тылында еңбек еткен қазақ жігіттерінің сөзін сөйлеп, мұңын 
жоқтады. Ә.Бөкейханов, М.Дулатов т.б. бастаған қазақ зиялылары Минскіде, тағы басқа тыл 
жұмысына шақырылғандар көптеп шоғырланған қалалар мен елді мекендерде болып, оларға 
қолдан  келген  көмектерінің  бәрін  көрсетті.  Олар  шақырылғандардың  құқықтарын  қорғау 
және олардың майдан өңірі аудандарындағы тұруы мен жұмыс істеуі үшін қажетті жағдайлар 
туғызу  жөнінде  нақты  қадамдар  жасады.  Ал  мұның  өзі  кеңес  заманында  көп  жылдар  бойы 
айтылып  та,  жазылып  та  келген  Алашорда  1916  жылғы  көтеріліс  кезінде  ұлттық  мүддеге 
сатқындық  жасады  деген  пікірдің  сыңаржақ  тұжырым  екендігін  көрсетеді.  Алаш  көсемдері 
көтерілісшілерге де, майданның қара жұмысына шақырылғандарға да  ешқандай  сатқындық 
жасаған жоқ.    
1916  жылғы  ұлт-азаттық  көтеріліс  қазақ  халқының  сан  ғасырлық  қозғалысының 
тарихында  ерекше  орын  алады.  Бірінші  дүниежүзілік  соғыс  жағдайларында  көтерілістің 
жалпы  жұрт  таныған  басшылары  Ә.Жанбосынов,  А.Иманов,  Ж.Мәмбетов,  Ұ.Саурықов, 
Б.Әшекеев,  О.Шолақов,  А.Жүнісов,  С.Қанаев    көтерілісшілердің  саяси  көсемдері  Т.Бокин, 
Т.Рысқұлов,  С.Меңдешев,  Ә.Жангелдин,  Б.Алманов  және  басқалар  кезінде  Сырым  Датов, 
Исатай  Тайманов,  Махамбет  Өтемісов,  Жанқожа  Нұрмұхамедов,  Кенесары  Қасымов  және 
басқалар  жүргізген  тәуелсіздік  жолындағы  күреске  халықты көтерді.  К.Қасымов  басшылық 
еткен  ұлт-азаттық  қозғалыстан  кейін  1916  жылғы  көтеріліс  бірінші  рет  кең-байтақ  өлкенің 
барлық  аймақтарын  әр  түрлі  дәрежеде  қамтып,  бүкілқазақтық  сипат  алған  көтеріліс  болды. 
1916  жылғы  көтерілістің  айрықша  ерекшелігі  өлкенің  бірқатар  аудандарында  (негізінен, 
Қазақстанның  оңтүстігінде  және  оңтүстік-шығысында)  оған  қазақтармен  қатар  қырғыз, 
ұйғыр, өзбек және басқа да халықтар өкілдерінің де қатысуы болды. 
Қазақстан  мен  Орталық  Азиядағы  1916  жылғы  ұлт-азаттық  көтеріліс  тұтас  алғанда 
Ресей  империясындағы  саяси  және  әлеуметтік-экономикалық  дағдарыстың  одан  әрі  асқына 
түсуіне  себепші  болды.  Ол  Ресейдегі  әскери-отаршылдық  басқару  жүйесінің  іргесін 
шайқалтып, шығыстың отар халықтарының импералистік езгіге қарсы XX ғасырдың басында 
өріс алған бүкіл ұлт-азаттық қозғалысының құрамдас бөлігі болды. 
 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   53   54   55   56   57   58   59   60   ...   78




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет