№5 - сабақ тақырыбы: Таным және шығармашылық
Дәріс сабағының қысқаша мазмұны. Таным философиялық мәселе ретінде. Әртүрлі философиялық концепциялардағы білім мәнінің анықтамалары. Таным объектісі мен субъектісі. Таным мүмкіндіктері мен шекаралары. Дүниенің түбегейлі танылуы мәселесі: танымдық оптимизм, скептицизм және агностицизм. Милет ойшылдарының натурфилософиясы және Скифтік Анахарсистің скептицизмі. Д.Юмның скептицизмі.
И.Канттың классикалық агностицизмі. Г.Гегельдің диалектикалық методы және батыс еуропалық гносеологиясындағы оның маңызы. К.Ясперстің «Мен -адамилық деңгейлердің концепциясы», К.Поппердің «субъектсіз» эпистемологиясы.
Ақиқат пен адасу. Білім, ақиқаттылық және жалғандық. Қазіргі Қазақстан жаңғыруы аясындағы білім культі. Ақиқаттың әртүрлі тұжырымдамалары. Ақиқат және оның критерийлері. Сезімдік және рационалдық таным. Философиядағы рационалдық және эмпирикалық дәстүр. Таным құралы. Эмпирикалық және теориялық таным. Таным және шығармашылық. Шығармашылық және интуиция.
"Таным" деген не?", "Білімді қалай алуға болады?" деген мәселелер төңірегінде ойлана отырып, адам сонау ежелгі заманда-ақ өзін табиғаттың бір бөлшегі ретінде сезінген. Уақыт өте келе бұл мәселені саналы қойылуы және оны шешуге тырысуы салыстырмалы тәртіпті пішін алып, сол кезде білім туралы ілім қалыптасты. Философтар таным теориясының мәселелері төңірегінде ой қозғай бастады. Гносеология — айналадағы әлемді тану туралы философиялық ғылым. Таным теориясы немесе гносеология (грекше gnosis — білім, таным)
— философиямен бірге, оның іргелі бөлімдерінің бірі ретінде пайда болды және қалыптасты. Ол адам танымының сипатын, білімінің формаларын, оның жадағай түрінен тереңіне бойлау әдістерін зерттейді. Гносеологиядағы орталық ұғымдарға "таным субъектісі" мен "таным объектісі", "білім", "таным" жатады. Таным субъектісі деп белгілі бір мақсатқа бағытталған танымдық қызметті атқарушыны айтамыз. Ол — бірдеңені танып, білуге тырысушы. Ол адам немесе тұтастай қоғам болуы мүмкін. Таным объектісі деп танымдық қызмет бағытталған нәрсені айтамыз. Демек, ол танылушы, былайша айтқанда, кітап, молекула, атом, адам немесе тұтастай табиғат болуы мүмкін. Таным объектісі материялық, дүние немесе рухани құбылыс, сонымен катар субъектінің өзі де болуы мүмкін. Таным объектісі мен субъектісі бір-бірінің мәнділігін шарттастырады: субъектісіз объект болмайды, объектісіз субъект болмайды. Таным үдерісінде олар бір-біріне маңыз аларлық ықпал етеді. Сонда танымдық қызмет субъекті мен объект қатынасы және олардың өзара әрекеттесуі болып шығады.
Қазіргі уақытта танымдық іс-әрекет психологияда, жоғары нерв қызметінің физиологиясында, кибернетикада, формалді логикада, тіл туралы ілімде, семиотикада, структуралық лингвистикада, мәдениет тарихында, ғылым тарихында зерттеледі. Соңғы жылдары психологияда когнитивтік немесе танымдық психология деген бағыт пайда болды. Ол үшін ең бастысы компьютермен аналогия болып табылады. Негізгі мақсаты-белгілі бір жүйедегі информация ағының қозғалысын бақылау.
Жасанды интеллект деп адам бұрын шешіп қойған есептерді электрондық есептегіш машиналар арқылы қайталау үшін жасалынатын программаны дүниеге келтіруді айтады. Философия да осы аталған мәселелерді қарастырады, бірақ оны басқа ракурста, яғни таным процестерінің объективті болмысқа, ақиқатқа қарым-қатынасы тұрғысынан қарастырады.
Гносеологияның ең негізгі категориясы ақиқат болып табылады. Түйсік, ұғым, интуиция психология үшін индивидтің өмірлік іс-әрекетінің немесе онық тәртібінің психикалық формасы ретінде анықталады, ол философиялық таным теориясында олар ақиқатқа апаратын құрал ретінде зерттеледі. Ақиқат дегеніміз-қоғам‚ табиғат құбылыстарының адам санасында объективті көрініс табуы.
Таным процесінде объект затсызданады (распредмечивается) және өмір сүрудің басқа түріне өтеді, яғни идеалды-идея немесе образ түріне өтеді. Игерілген объективтік мәндер, күштер мен олардың заңдылықтары объективтік заттық формада, сол қалпында сақтау үшін ғана емес, адамдар қатынастарында атқаратын әртүрлі функциялары үшін, соның ішінде келесі практикалық процесте қолдану үшін қажет болады, яғни олар үнемі жаңа практикалық процеске тартылып, іс-қимыл, процесс формасына ауысады. Бұрынғы игерілген “адамдық” сипатқа ауысқан табиғат күштері енді жаңа істе адамдардың белгілі бір құралы, адамдық күш, мән, адамдық қабілет ретінде қатысады.
Философияда практика деп адамның өз қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында әлемді немесе оның жекелеген бөліктерін өзгертуге бағытталған іс-әрекетін айтады. Біріншіден, практика танымның қозғаушы күші, негізі мен бастауы болып табылады. Практиканың нақты сұраныстары танымдық қажеттіліктерді және адамзаттық міндеттерін, тіпті танымның өзін іс-әрекеттің түрі ретінде тудырды. Мысалы, Ежелгі Мысырда жер өңдеу геометрия мен математиканың қалыптасуын жеделдетті, ол кеме жөндеу мен сауда ісі астрономия мен басқа ғылымдардың дамуын ілгерілетті.
Екіншіден, практика өзінің сұраныстарымен танымның мақсаты болып табылады. Адамдар алатын білім оларға өмірде пайдалану үшін қажет. Олар заттар мен тауарлар, еңбек құралдарын өндіретін өндіріс үшін бірден-бір қажеттілік. Біздің өмірімізде аса маңызды қажеттілікке айналып отырған радио, теледидар, физика және басқа да ғылымдардың жетістіктері нәтижесінде пайда болған. Егер де білім практикада қажет болмаса, оның әлеуметтік құндылығы төмендей береді.
Үшіншіден, практика адам білімдері мен көзқарастарының ақиқаттығының өлшемі. Ғылыми болжамдар мен теориялардың нақтылығын практика дәлелдейді, немесе жоққа шығарады.
Бірақ, бұл өлшем өзінің жетілмегендігінен әмбебап емес, өйткені әлем туралы көптеген болжамдар мен идеаларды практика жүзінде тексеруге немесе бағалауға болмайды.
Сондықтан да ғылым білімнің ақиқаттығын негіздеу үшін басқа да тәсілді қолданады, мысалы, логикалық дәлелдеу.
Таным өте күрделі процесс, ол ұдайы даму үстінде болып отырады. Ол адамға зат пен құбылыстардың сыртқы, көзге түсер қасиеттері мен қатынастарынан бастап, оның тереңде жатқан ішкі салыстырмалы тұрақты байланыстарына дейін бойлауға мүмкіндік береді, яғни заттың мәнін, ішкі құпиясын меңгеруге жағдай жасайды. Таным процесі екі сатыдан тұрады: сезімдік таным және рационалдық таным. Бұл екі саты бірінен кейін бірі болатын жекелеген деңгейлер емес, олар біртұтас таным процесінің екі қарама-қарсы жағы‚ бір-бірімен өте тығыз байланысты, бірақ әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері бар. Оны көрнекті етіп көрсету үшін мынандай жіктелуді жасауға болады:
Сезімдік таным:
Тікелей бейнелеу; Сыртқыны бейнелеу; Жекеніі бейнелеу.
Рационалдық таным:
Жанама бейнелеу; Ішкіні бейнелеу; Жалпыны бейнелеу.
Бұл кестеде сезімдік танымды сипаттайтын әрбір ережеге қарама-қарсы рационалдық танымға тән ерекшелік көрсетілген. Мұның мәні танымда бір-біріне қарама-қарсы екі процесс өзара әрекеттеседі, оның біреуі шындықты тікелей қабылдаумен, сезімдік образды бейнелеумен, ал екіншісі абстракты ойлаумен тығыз байланысты.
Сезімдік таным-танымның төменгі деңгейі. Адамдар өзінің өмірлік іс-әрекетінде қоршаған ортамен тікелей қатынасқа түседі. Олар заттар мен заттық және адами қатынастар әлемінде өмір сүреді, өзін қоршаған ортада еркін сезіну үшін осы ортаның қисынын түсінуі қажет.
Практикалық іс-әрекет процесінде адамдарда түйсіктер, қабылдаулар, елестер қалыптасады. Бірақ сезімдік тәжірибенің аясы тар. Сезімдік таным мен абстрактілі ойлау бір-бірімен тарихи және логикалық байланысқан. Сезім мен ақылдық өзара байланысы тіпті терең.
Өйткені, адамның сезімдік образдары ойлы сипатта болады, олар тілмен тікелей байланысты, ал мұның өзі сезімдік образдарда әлеуметтік бағалаудың болуына меңзейді. Сонымен қатар, логикалық ұғымдар, абстракциялар танымда сезімдік тәжірибемен тығыз байланыста қолданылады.
Сезімдік таным түрлері:
Түйсік; Қабылдау; Елес.
Рационалдық танымның бейнелеу түрлері:
Ұғым; Пікір;
Ой-тұжырымы.
Субъектің заттармен, құбылыстармен тікелей өзара әрекеттесуі кезінде туындаған сезімдік әсерлері түйсік пен қабылдау деп аталады. Түйсіктер объектілердің жекелеген қасиеттерін бейнелейді-қызыл, қатты, тәтті т.б. Қабылдау-затты, құбылысты толық бейнелеу.
Сезімдік қабылдау тек нақты затты бейнелей алады, ал жалпы затты көрсете алмайды.
Ойлаудың қарапайым клеткасы ұғым - деп аталады. Ұғым дегеніміз - шындықтағы заттардың, құбылыстардың өзара байланыстарын жүйелеп жинақтайтын, қорытатын ой. Яғни, объективті шындықтың өзіндік табиғатын игеру, бейнелеу ұғымдар түрінде іске асады. “ұғым сезімнен толық арылған ой жүзінде танылған заттың дүниеде болу тәсілін ішкі қажеттілігінде және сондай құбылыстардың бәріне де міндетті түрде тән жалпылығында идеалдық түрде қайта жасайды”. Ұғымның бастапқы белгісі - танылатын саладағы барлық құбылыстарға тән болудың формасын анықтау. Ұғым-жай ғана жалпылау немесе жинақтау емес, ол заттың не құбылыстың дүниеде болу жолын, болу тәсілін анықтайтын іргелі жалпылау.
Ұғымдардың өзара байланысын пікір анықтайды. Пікір-заттар мен құбылыстар туралы айтылатын кез келген сауал, ол бір нәрсені растау не терістеу түрінде болады. Пікір құбылыстардың сан алуан байланыстарын көрсетеді.
Ой-тұжырымы деп бұрынғы қалыптасқан білімнен жаңа білімнің, бұрынғы белгілі ойдан жаңа ойдың шығуын іске асыратын ойлаудың маңызды формасын айтамыз. Адам ойларының жасампаздық сипаты осы феноменде айқын көрінеді. Ойдан ой туады - деген пікір бекер айтылмаса керек. Белгілі білімдерден белгісіз білімдер ой тұжырымы арқылы өрбіп отырған. Ой-тұжырымы “үш түрлі білімдерден немесе ойлардан құралады: бастама ой (посылка), яғни түйіннің (заключение) шығатын көзі, шығатын (туатын) ой (выводное знание), яғни бастама ойдан шығатын ойға өтудің мүмкіндігін көрсететін ой не білім”
Ой-тұжырымы екі немесе одан да көп бірнеше пікірлердің байланысын білдіреді. Қарапайым ой тұжырымының мысалы: “Адам ақылды жан. Сондықтан ол дүниені тани алады”. Таным және практика.
Сөйтіп, біз адам танымының ішкі жүйелік құрылымы туралы жалпы мағлұматтар алдық. Таным-адамның ажырамас, тылсым қасиеттерініқ бірі. Өйткені көрсем, білсем деген ниет оны өзі дамыған сайын мазалай береді. Осындай мазасыздық, тынымсыз іздену, ұдайы қарману адам баласын жетілдіре түседі, жетілген сайын ол таным көкжиегін кеңейте, ұлғайта береді.
Таным екі деңгейден тұрады:
үйреншікті, қарапайым таным ғылыми таным.
Дүниені танып, игеріп, оны білу үшін адамдардың қарапайым өзіндік тәжірибесі, сонымен қатар ол тәрбиеленген мәдени-әлеуметтік ортаның ерекшеліктері де маңызды роль атқарады. Дегенмен, дүниенің терең байланыстары мен тұрақты қасиеттерінің қыры мен сырын білу үшін адамның қарапайым танымының аясы тар, мүмкіндігі мардымсыз болады. Сондықтан, адам арнайы ғылыми, кәсіби білім алуға ұмтылады, яғни танымның ғылыми деңгейіне көтерілуге тырысады.
Ғылыми таным дүниенің, объективті шындықтың жалпы байланыстары мен қасиеттерін арнайы тәсіл арқылы зерттейді. Ғылыми таным-жүйелі таным. Ол адамнан арнайы дайындықты, іздестіруді, тынымсыз еңбекті қажет етеді.
Ғылыми таным өзіне тән ерекшеліктерімен сипатталады.
Ең алдымен, ғылыми таным өзі зерттейтін объект жөнінде жан-жақты дәлелді объективті білім жинақтауға тырысады. Ол абстрактілі-аналитикалық, сонымен қатар, конструктивті- синтетикалық білім болып табылады. Талдаудың көмегімен зат ойша бөлек-бөлек қасиеттерге, функцияларға, сапаларға жіктеледі. Біріктіру арқылы заттың жеке бөлшектері туралы білім оның біртұтас және көлемді бейнесінің қалыптасуына мүмкіндік туады.
Ғылыми танымның екі дегейін-эмпириялық таным мен теориялық танымды бөліп көрсетуге болады. Эмпириялық таным-бұл эксперимент, бақылау, баяндау, салыстыру, өлшеу. Бұл деңгейде объект алғашқы ізденістен өтеді, онық сыртқы ерекшеліктері мен кейбір заңдылықтары анықталады. Теориялық деңгейде объект түсіндіріледі, оның түпкі, негізгі, ұдайы қайталанып отыратын заңдылықтары ашылады. Бұл екі деңгей бір-бірімен тығыз байланысты. Эмпириялық таным ғылыми заңдардың қалыптасуының бастауы, негізі болып табылады, теория эмпириялық материалды түсіндіреді.
Эмпириялық білім-теориялық зерттеулер мен ғылыми мәселелерді қоюдың маңызды стимуляторы. Тәжірибенің мәліметтерінің негізінде диаграммалар, карталар, жобалар жасалады, алғашқы болжамдар мен қорытындылар тұжырымдалады, алынған мәліметтердің өзара байланыстары анықталады.
Зерттеудің теориялық деңгейі жоғары деңгейдегі жинақтаумен, идеализациялаумен, объектінің заңдылықтары мен ішкі байланыстарды бейнелеумен ерекшеленеді. Ғылыми танымда арнайы методтар қолданылады. Метод дегеніміз-зерттелетін нәрсені ойша қайта жаңғыртудың, қойылған ғылыми мақсатқа жетудің тәсілі. Эмпириялық деңгейде бақылау, өлшеу, эксперимент, баяндау, ал теориялық деңгейде тарихилық пен логикалық, аксиоматикалық метод, формальдау, абстрактіліктен нақтылыққа өрлеу сияқты тәсілдер қолданылады. Кейбір тәсілдер (жіктеу мен біріктіру, индукция мен дедукция, модельдеу) эмпириялық және теориялық деңгейде де кеңінен қолданылады. Бақылау-сыртқы дүниені мақсатты да жүйелі түрде қабылдау. Ол танымның алғашқы дерек беретін көзі болып табылады. Ғылыми зерттеуде бақылау үш міндетті орындауға тиіс:
Ол жаңа мәселені қоюға және болжамды дайындауға, оларды кейіннен тексеруге жеткілікті эмпириялық ақпаратты беруге тиіс.
Эксперимент қоюға болмайтын болжамдар мен теорияларды тексеруі қажет.
Ол өзі алған нәтижені теориялық зерттеуде қол жеткізген нәтижемен салыстыруға мүмкіндік береді.
Өлшеу зерттеліп жатқан объектің сандық сипатын анықтауға мүмкіндік береді. Эксперимент дегеніміз-белгілі бір құбылыстарды зерттеу мақсаттарына сәйкес келетін жаңа жағдайлар жасаумен оларға белсене ықпал ету арқылы немесе процестің барысын қажетті бағытына өзгерту арқылы зерттеу. Тарихи тәсіл заттың барлық тарихын жан-жақты, әртүрлі көріністерімен баяндап, жаңғыртады. Ал логикалық тәсіл заттың дамуының тек жалпы қисыны мен бағыттарын және қайшылықтарын ғана қарастырады. Моделдеу деп зерттеу мақсатында арнайы жасалған бір объектіде басқа бір объектінің сипаттамасын қайта жаңғыртуды айтамыз. Мысалы, қоғамның нарықтық қатынастарға өтуінің теориялық моделін жасап, оның барлық көріністерін бақылап отыруға болады.
Абай мурасында таным мен логика мәселелері ерекше орын алады. 19 ғ-дың 2-жартысында Қазақстанның қоғамдық дамуына байланысты туған талаптар ойшыл-ақынды заңды түрде таным мәселелеріне көңіл бөлуге мәжбүр етіп, оған өзіндік көзқарасын айқындап берді.
Қоғамдық өмірдегі ғылым мен білімнің маңызын жоғары бағалап, оларды әлеуметтік жаңалықтармен тығыз байланыстырған ақын таным қызметін қоғамның үздіксіз дамуындағы басты күш деп есептеді. Ол объективті әлемді тану мүмкіндігін және оның даму заңдылықтары мәселелерін дұрыс шешті. Оның ойынша қандай да болмасын білімнің, ақиқаттың қайнар көзі адам өзінің сезім мүшелері арқылы танитын объективті шындық.
Біздің біліміміздің салыстырмалы шама екенін айта келіп, Абай «... хабарлардың ұнамдысы ұнамды қалпыменен, ұнам сызы ұнамсыз қалпыменен, әрнешік өз суретімен кезге түседі. Ол көңілге түсіруші... бес нәрседен өткен соң, оларды жайғастырып көңілде суреттемекке», - деп атап көрсетті. Ол таным мәселесін шешкенде ерікті адамның жеке басы мен оның белсеңді күресіне деген сеніміне сүйенеді. Адамды дәрменсіз, әлсіз жан иесі деп қарайтын діни ілімдерге қарама-қарсы ойшыл-ақын адамды белсеңді, саналы, жасампаздық қызмет атқара алатын қуатты күш деп санайды. Абайдың танымның іс жүзіндегі маңызына баса көңіл бөлуі оның гносеол. тұжырымының өзіндік ерекшелігі болып табылады. Ол дерексіз шындық жоқ, өйткені, шындық қашанда нақты деген сенімде болды. іс жүзінде қолдану - практика мәселесін саналы түрде алға қойып, оны танымды жүзеге асырудың бірден-бір жолы деп есептеді. Танымның мақсаты - оның іс жүзіндегі пайдасында, өз талаптарын қанағаттандыратын адам қуатын арттыратындығында деп түсіндіреді ойшыл ақын. Адамның әлемді тану жолындағы тәжірибенің атқаратын қызметі, оның табиғатын, өзара қатынасы туралы талдау жасағаңда Абай тәжірибені шындық пен білімнің айқындаушы белгісі деп қарайтын гносеол. орыс философиясының қол жеткізген табыстарына сүйенеді.
Достарыңызбен бөлісу: |