болмыс – бар болып отырғанның (сущее). өмір сүріп
отырғанның барлығын қамтитын және олардың ең маңызды қасиетін – бар болу
нақты өмір сүруді білдіретін категория.
Оған мағынасы жағынан жақын ұғымдар ретінде
«космос», «дүние», «табиғат» ұғымдарын атауға болады, бірақ «болмыс» категориясы кең
және ауқымды, мазмұны жағынан терең. Болмысқа қарсы категория – «болмыс емес»
(небытие) немесе «болмау» (кейбір ғалымдар қазақ тіліндегі фило-софиялық әдебиетте
«биболмыс» ұғымын да қолданып жүр). Болмысты жалпы түрде реалды және идеалды деп
бөлуге болады. Реалды болмысты өмір сүру, бар болу деп, ал идеалды болмысты мән атайды.
Реалды болмыс кеңістіктік-уақыттық сипатқа ие, қайталанбайтын, индивидуалды заттардың,
процестердің, әрекеттердің, адамдардың нақты өмір сүруі. Идеалды болмыс мәңгі, уақытқа
тәуелсіз, өзгермейді. Құндылықтар, идеялар, ұғымдар осындай сипатқа ие. Кейбір
философтар идеалды болмысты ақиқат болмыс деп таниды. Болмыстың осылайша жалпы
бөлінуін одан әрі жіктесек, оның мынадай түрлерін атауға болады: тірі және өлі табиғаттың
заттары, қасиеттері және қатынастары болмысы; адам бол.мысы; әлеуметтік рухани болмыс;
материалдық заттар мен олардың түсінік, ұғым, теория түрінде бейнеленетін идеалдық
образдары болмысы. Тірі және өлі табиғаттың заттары, қасиеттері және қатынастары
болмысын қоршаған орта деген ұғым арқылы бейнелеуге болады, қоршаған орта бірінші
және екінші табиғат деп бөлінеді.
Бірінші табиғатты құрайтын адамнан бұрын пайда болған, оған дейін өмір сүрген. Оның
санасынан тәуелсіз табиғат заттары, процестері және күйлері. Табиғат кеңістік пен уақытта
шексіз, табиғат болмысы өзгермелі, объективті, реалды. Онсыз адам өмірі мүмкін емес, бірақ
табиғатқа белгілі бір дәрежеде мән беретін, оны қабылдайтын - адам.
Екінші табиғат – адам бірінші табиғат материалдарын өз еңбегі мен білімінің көмегімен
өңдеуінің нәтижесінде жасаған заттар дүниесі, ол табиғи материал мен нақты индивидтердің
рухани қызметінің және бұл заттардың әлеуметтік қызметтері мен міндеттерінің ажырамас
бірлігі. Бірінші табиғат пен екінші табиғат бір-бірімен тығыз байланысты, сонымен қатар,
өзіндік ерекшеліктерге ие. Екінші табиғат көптүрлі, ол әлеуметтік-тарихи болмыс, адам
болмысына жақындау, бірақ ол адамнан салыстырмалы түрде тәуелсіз. Адам табиғаттың
бөлшегі, сондықтан адам денесінің болмысына да болмау, пайда болу, қалыптасу, күйреу
және басқа күйге көшу тән. Бұл фактор адамды өз денесін күтуге мәжбүр етеді, онсыз адам
болмысы мүмкін емес. Жеке адамның болмысы тек физикалық денемен шектелмейді, ол
оның рухани болмысын, ішкі жан дүниесін де қамтиды. Тәнін ғана емес, көне гректер адам
болмысының басты көрсеткіші ретінде қарастырған жанын күту, оны жетілдіру де адам үшін
басты міндеттердің бірі. Адам болмысы әлеуметтік болмыс арқылы мәнді. Болмыстың
түрлері сан алуан болғанымен, олар бір-бірімен тығыз байланысты және бірлікте. Бұл
тұжырымды соңғы кезде қарқынды дамып отырған синергетика (sупеrqеіа – ынтымақтастық,
бірлесе әрекет ету) ғылымы немесе ашық жүйелердің өзін-өзі ұйымдастыруы теориясы
жақсы дәлелдеп отыр. Болмысты жан-жақты түрде философияның саласы онтология
зерттейді. Болмыс, оны құрайтын заттар, құбылыстар, процестер сан түрлі болғанымен,
осының бәрін біріктіретін бір бастау болуы мүмкін деген мәселе философтарды ерте
заманнан-ақ ойландырды және бұл мәселе бойынша пайымдаушыларды плюрализм,
дуатлизм, монизм ілімдерінің өкілдері ретінде бөлуге болады. Дүниенің өзгермейтін,
жойылмайтын бір бастауын, негізін бейнелейтін философиялық категория субстанция деп
аталады. Плюрализм – дүниенің көптүрлілігін, бұл түрлердің бір-бірінен тәуелсіздігін
мойындайды. Дуализм – дүниенің екі, материалдық және идеалдық бастауы бар дейді, ал
монизм бір ғана бастау туралы тұжырымдайды. Монизм идеалистік және материалистік
монизм болып бөлінеді. Алғашқысы дүниенің негізі ретінде идеалдықты таниды. Мысалы,
Платон барлық нәрселердің негізі ретінде идеяны, ал Гегель абсолюттік идеяны жариялады.
Ортағасырлық христиан және мұсылман ойшылдарының да басым көпшілігі осы монистік
көзқарасты ұстанды, бірақ дүниенің негізі құдай деп пайымдады. Материалистік монизм
дүниенің бастауы материалдық дейді. Бұл көзқарастың өкілдеріне көне гректердің Милет
мектебінің ойшылдарын, Ренессанс ғалымдар Н.Кузанский ме Дж. Бруноны, марксизм
философиясын жатқызуға болады. Ғылымның дамуы дүниенің бір, материалдық негізі бар
екендігін дәлелдеді деуге болады. Антика философтары материя (лат. mаtегіа – зат,
материал) ретінде барлық нәрселер одан пайда болып, кейін оған айналатын затты түсінді.
Мысалы, мокрит материалдық және идеалдық дүниедегі өмір сүруші нәрселердің бәрі
бөлінбейтін, өте кішкентай бөлшектерден – атомдардан тұрады деп түсіндірді. Гераклит
барлық нәрселер оттан жаратылған деген пікірді ұстанды. Дүниенің атомистикалық бейнесі
материяны атомдардан тұратын, кеңістікте өмір сүретін, мызғымайтын, қозғалысқа ие және
тағы басқа қасиеттері бар зат деп қарастыратын түсінікті орнатты. Бірақ ХІХ-ғасырдың соңы
мен ХХ ғасырдың басындағы ғылыми жаңалықтар, атан айтқанда, электронның ашылуы,
оның материалдық бөлшек емес, энергия ретінде қарастырылуы, рентген сәулелерінің,
радиоактивтіліктің ашылуы материяны дүниенің негізі деп тануды жоққа шығарғандай
болды. Ғалымдар материя жоғалды, энергия ғана қалды, яғни субстанция деп энергияны тану
қажет деген пікір айта бастады. Бұл қателік материяны оның құрылымы мен қасиеттері
арқылы ғана, яғни, физикалық шеңберде ғана түсінуден туындаған еді. Шындығында
материяның философиялық ұғымы өзгерген жоқ. Осы мәселенің басын ашып айтқан
В.И.Ленин болды. Өзінің «Материализм және эмпириокритицизм» еңбегінде ол материяның
жан-жақты анықтамасын берді, және, біздің ойымызша, бұл анықтама (қазір біз
В.И.Лениннің көптеген идеяларынан бас тартып отырғанымызға қарамастан) өзінің маңызын
осы күнге дейін жойған жоқ. Материяның лениндік анықтамасы мынадай:
Достарыңызбен бөлісу: |