Дәрісті бекіту сұрақтары:1. Осы жылдардағы жазылған қазақ прозаларының
тақырыбы мен идеясы не?
2. С.Мұқановтың «Сырдария» романы не жайлы?
3. Ж Ғ.Мүсірепов «Оянған өлке» романы не
жайлы?
Әдебиеттер: 1, 2, 3, 4, 5, 6,7, 9, 12, 15, 16, 19, 20, 21, 22, 24,25, 26,27, 28, 29.
5,6 ДӘРІС 1941-1960 ЖЫЛДАРДАҒЫ ҚАЗАҚ ПОЭЗИЯСЫНЫҢ
ДАМУЫ
Дәрістің мақсаты:Соғыс жылдарындағы және соғыстан кейінгі жылдардағы
поэзияның дамуын түсіндіру.
Тірек сөздер: жыр, толғау, поэзия, поэма, өлең.
Дәрістің жоспары:1. Ұлы Отан соғысымен байланысты туған жырлар.
2. Ж.Жабаевтың соғыс жылдарындағы жырлары.
Қырқыншы-елуінші жылдардағы қазақ поэзиясы қайшылықты, алуан құбылыстарға толы. Тарихи-әлеуметтік тұрғыдан зер салғанда, өзінің идеялық тұрғысы мен бағытын, әлемдік аренадағы өз салмағын біршама айқындап үлгерген тосын сипатты, жаңа да жас мемлекеттің рухани және экономикалық өміріне оның күретамыры іспетті идеялық болмыс-бітімі ғана емес, Сталиннің де жеке тұлға ретінде айрықша ықпал жасағаны сөзсіз. Демек, осы екі фактор – бір объективті тарихи дамудың бұған дейін болып көрмеген өзгеше саласына түскен мемлекеттің саяси-экономикалық, тарихи-әлеуметтік бітімі болса, екіншісі – яғни субъективті ықпал – Сталиннің жеке басының пайымы мен пәрмені. Міне, осы екі фактордың жиырмасыншы жылдардың екінші жартысынан бастап, Сталин қайтыс болғанға дейін жалпы мемлекеттің бүкіл өмірінде айрықша маңызды рөл атқарғанын ескермейінше, бұл кезеңдегі рухани саланы әділ бағалауда, терең түсіну де мүмкін емес.
Әлеуметтік-тарихи өзгерістер мен құбылыстарға қашанда алдымен үн қатуға, өз үнін білдіруге әзір, елгезек халық ақындары соғыс жылдарында жиі көрінді. Дүниеге келу процесі жазба әдебиет шығармасына қарағанда әлдеқайда жедел, тыңдаушыға тікелей идеялық-эстетикалық әсер ете алатын ұшқыр, көркемдік нысанасы айқын ауыз әдебиеті туындылары – халық ақындарының өлең-жырлары алдымен ауызша айтылып, содан кейін мерзімді баспасөз беттерінде, одан кейін жинақтарда жарияланып жатты. Ақындар айтысында да соғыс жылдарының шындығы, мәселелері – жетістіктер мен кемшіліктер көрсетілді, әр өлкедегі сәулелі сәттер марапатталып, көлеңкелі тұстар нақты мысалдар арқылы сынға алынды, содан соң жеке кітап болып басылып шықты («Ақындар айтысы», 1944).Әсіресе, ұлы Жамбылдың даусы асқақ та айбынды естілді. Оның мерзімді басылымда күн құрғатпай жарық көрген, бүкіл еліміздің радиоларынан күн сайын дерлік саңқылдап, асқақ шабытпен оқылған, туған елге деген махаббатқа, құрметке толы жалынды жырлары жеке кітап болып шығып жатты. Жамбыл Жабаев «Шығармалары» (1940), «Болат тонды батырлар» (1941), «Майдан жыры» (1942), «Отан әмірі» (1941), «Майдан жыры» (1942), «Алынбас қамал» (1943), «Қамал бұзған қаһарман» (1945) жеке кітап болып ұсынылды. 95 жастағы қарт жыраудың тарихи-саяси жағдайды жете байыптауға мүмкіндігі болмағандықтан, республика үкіметі тарапынан, әр түрлі ресми және шығармашылық ұйымдар тарапынан оның әдеби хатшыларына (Ә.Тәжібаев, Ғ.Орманов, Т.Жароков, Қ.Әбдіқадыров) ықпал жасалып, қарт ақынның сол тұстағы кеңес мемлекеті басшыларын, Сталинді мадақтау да тапсырылғаны, олардың кеңес елін бақытты болашаққа бастайтын тұлғалар ретінде түсіндіруге айрықша күш салынды.
Бүгінде Жамбыл шығармаларын, оның идеялық нысанасына емес, көркемдік кестесіне байланысты бағалағанда ғана, ақынның, сол арқылы сол кезеңдегі жалпы халық поэзиясының, ауыз әдебиетінің көркемдік айырмашылықтарын тереңірек түсінуге болады. Бірінен бірі асып түсетін небір айшықты теңеулер, образдар, тұтқиылдан тап басатын эпитеттер, айтыс ақындарында жиі кездесетін тәсіл – градацияны шебер пайдалану сол қызумен, сол шеберлігімен жазба әдебиетке, оның ішінде поэзияға ықпал жасау заман, кезең шындығын образ-категориялар арқылы да айшықтау сол арқылы халқымыздың ұлттық рухының басылмай, заман ауыртпалығының астында тапталып жаншылмай, қайта іштей буырқанып, булыға қайраттанып, қор жинай беруіне, ұлттық көркемдік ойдың салалана, тармақтала беруіне, көркемдік танымның көкжиегі кеңи түсуіне, халықтың эстетикалық талғамын өз тұрғысынан кемелдендіруіне, рухани ширығып жігерленіп өсуіне зор ықпал жасағанының нақты мысалдары.
Бұл орайда бір-екі мысал келтірумен шектелейік. Ұлы жырау Жамбылдың ұлы Алғадай майданда мерт болғанда, көз жасын төгіп, жылап айтқан жыры бүкіл қазақ даласының, қазақ халқының көз жасы, ауыр қайғысы болып, байтақ сахараға кең тарады:
Алатауды айналсам,
Алғадайды табам ба?
Сарыарқаны сандалсам,
Саңлағымды табам ба?
Көкірегін кернеген зар, ауыр қайғы осылайша фольклордағы жоқтау сарынын еске салып, фольклордың ұлттық рухтың алтын қоры ретіндегі қызметін көрсете отырып, халықтың көкірегінде басқыншы жауға деген ыза-кегін оятты, ашу отын тұтандырды. Сол себепті Жамбылдың:
Асқар таудай еліме,
Байтақ жатқан жеріме,
Шапты фашист дегенде,
Ашуменен аралас
Жыр да келді көмейге,
Қаһар қаулап денемде, -деген тегеурінді толғанысы қиындықтан шираған, ашумен кектен шиыршық атқан жалпақ елдің жүрекжарды сөзі болатын. Бұл ретте, әрине, кеңес идеологиясының күллі мемлекеттік көлемде ғажап серпінмен үздіксіз, қисапсыз жұмыс істегенін, соның арқасында «Отаным – Совет Одағы» деген ұғымның қалыптаса бастауына, Ленин идеяларын кезең талабына үйлестіре пайдалануы да көп көмегін тигізгенін ескеру керек. Мерзімді баспасөз беттеріне, жинақтарға ақындардың осы рухта дабылдатып өрлейтін, майдангерлер ерлігін оятуға себі тиетін шығармалар бірінші кезекте іріктеліп алынды. Бұл кездегі поэзиядағы тақырыптық бірыңғайлықтың орын алуына осындай талап қоюшылықтың әсері тиді.
Мәселен, Жамбылдың «Майдан жыры» (1942) атты кітабына енген жырлар: «Ленин қаласындағы өрендерім» (кейін ақын қайта толғаған соң «Ленинградтық өрендерім» болып өзгерді), «Москваға», «Қаһарлы Москва қамалы», «Совет гвардецтеріне», т.б. болып келеді. Немесе Нұрпейіс Байғаниннің таңдамалы шығармаларында (1945) «Зор майданға шапшаң бар», «Сталиндік сұңқарлар», т.т. тәрізді туындылар бар. Бұл сипат сол кездегі халық ақындарына да, жазба поэзия өкілдеріне де тән.
Кеңес идеологиясы халық ақындарының шығармаларын жариялағанда, ең алдымен, бүкіл халықты жауға қарсы күреске жұмылдыруды мақсат еткені мәлім. О.Шипиннің «Аманкелді» (1943) қиссасына жазылған «Сөз соңында» «Жауынгерлер батыр атасының ерліктерімен таныссын, ол ерліктер неміс басқыншыларын талқандауда оларға рух берсін. Біздің тілегіміз де осы» деп ашық айтылады. Алайда халық ақындарының шығармаларында отарлаушыларға қарсылық айқын немесе жол-жөнекей көрсетілген жағдайда жариялана берген жоқ. Мәселен, Жамбыл арнайы барып емделетін, сол кездегі атақты тәуіп, әрі балуан, әрі ақын Тәжібай Байбағысұлының «Байсейіт батыр» атты дастанын Ә.Қоңыратбаев 1940 жылы жазып алса да, жарық көрмеген.
Аталғандардан басқа да халық ақындарының, мәселен, Д.Әлімбаевтың «Толғау» (1941), Н.Байғаниннің «Ақын шабыты» (1940), И.Байзақовтың «Ақбөпе» (1945), «Кавказ» (1941), Н.Баймұратовтың «Ер Төлеген» (1945), С.Керімбековтің «Бес мылтық» (1940), Ш.Қошқарбаевтың «Сөйле, Шашеке» (1942), М.Мөңкеұлының «Қарасай-Қази» (1943), О.Шипиннің «Аманкелді» (1942) сияқты кітаптары оқырмандарға жол тартты.
Міне, осындай жағдайда кең таралған, қалың елдің құрметіне ие болып, еңсесі түспей, ертеңгі күнге үміт артуына, ауыр қайғыдан аршылуына, батыр бабаларының ерлігін еске алып, аруағын шақыруына, торығу торынан құтылуына халық ақындарының сіңірген тарихи еңбегі баға жеткісіз. Сол кездегі кеңес елі құрамындағы алуан халықтардың қай-қайсысында да халық шығармашылығы өкілдері зор еңбек сіңірді десек те, қазақ, қырғыз, қарақалпақ секілді көшпелі өмір салтын ұстануға мәжбүр болған елдер үшін халық ақындарының шығармашылығы қайталанбас, тарихи мәні зор құбылыс болғанын айрықша ескергенде ғана, сол тұстағы халықтың рухани тіршілігін біршама нақтырақ, ауқымдырақ сезінуге болады.
Мәселен, бір ғана Жамбылдың өзі соғыстың алғашқы төрт жылында үш мың жолдай жыр төкті. «Ленинградтық өрендерім» атты өлеңі фашистер айнала қоршаған Ленинград қаласында ірі-ірі әріптермен плакат ретінде жазылды. Бұл сөздерді оқыған жауынгерлер керемет рухтанып, арыстандай арпалысты, тұтқын боламыз ба деп қобалжыған ленинградтықтар Жамбыл сөзінен Отан дауысын, ата сөзін естіп, мыңдаған адам көздеріне жас алып, тебірене оқып, жігерленді. Поэзияның мұндай ғажайып белсенді рөл атқаруы тарихта сирек.
Соғыс жылдарындағы поэзияда азаматтық әуен айқын естілді. Сонымен бірге саяси лирика, публицистикалық бояулар да молынан ұшырасты. Мерзімді басылымдарда жауынгерлердің ерлігін, отты жылдардың ерекшелігін, елдегі еңбеккерлердің үміт-арманын бейнелеген жырлар жиі-жиі жарияланды.
Алайда бұл тұстағы поэзияда тақырыптық біржақтылық орын алғанын айту керек. Көркем әдебиет пен өнер қайраткерлері коммунистік партияның идеологиясын бір жақты бағытқа айналдырып, «кезең шындығын, жалпы бүгінгі өмірді тек қана ұнамды қырынан көрсету керек» деген, сталиншілдер қойған талапқа қарай шарасыз икемделді. Әрине, бұл арада мыңдаған, миллиондаған адамдардың сол тұста Сталиннің абырой-беделіне кәміл сенгенін де ескеру керек. Дегенмен майдандағы, тылдағы барлық шындық түгелдей айтылмады, ашып айтуға мүмкіндік берілмеді. Соның салдарынан тақырыптық біржақтылық орын алды.
Әйтсе де кілең ерлік, отаншылдық сезімі мен сол сезімнен, сол сенімнен туған толғаныстар жалпы халықтық отаншылдықты, жалпы халықтық ерлікті туғызды. Поэзиямызда екі саладағы қалам қайраткерлері тізе қоса, жұмыла жыр төкті. Біріншісі – Жамбыл, Нұрпейіс бастаған халық ақындары. Бұл қатарда Иса Байзақов, Шашубай, Нұрхан Ахметбеков, Қуат Терібаев, Әбдіғали Сариев, Саяділ Керімбеков, Қалқа Жапсарбаев, Орынбай Тайманов, Қайып Айнабеков, Үмбетәлі Кәрібаев, Омар Шипин, Жақсыбай Жантөбетов, Доскей Әлімбаев, Төлеу Көбдіков, Нартай Бекежанов, Кенен Әзірбаев, т.б. бар. Бұлардың жыр-толғауларында фольклорлық дәстүр, эпостық бейнелеу мүмкіндіктері – образдар, толғану мен толғау мәнері, кейіпкер табиғатын ашу ажарлау тәсілдері кеңінен пайдаланылды. Жамбылдың аталған өлеңіне қоса, «Қамал бұзған қаһарман», «Аттан, батыр ұрпағым», т.б. қыруар жырларында ашынған елдің айбарлы ерлігі, қаһармандық қуаты жырланса, Нұрпейіс Байғанин «Жанышта, жауды жанышта», «Өренім, ұлым, құлақ сал», «Майданға, батыр ұлдарым» тәрізді өлеңдерінде ерлік рухын өршіте түсуге, жігерлене жауға қарсы айқасуға шақырды.
Екінші сала – жазба поэзия өкілдері. Атап айтқанда, Абай шығармалары (1943,1944,1945),Қ.Әбдіқадыровтың«Батыр» (1940),«Серт»1945), Д.Әбілевтің «Жүректен» (1945), «Майданбек» (1943), М.Бектембекованің өлеңдері (1940), Қ.Бекхожиннің «Шеру» (1944), Д.Еркімбековтің «Айдай» (1945), І.Есенберлиннің «Айша»(1945),«Сұлтан»(1945),
Т.Жароковтың «Зоя туралы жыр» (1944), «Нарын» (1940), «Сталин сұңқарлары», З.Қалауованың «Шолпан» (1941), А.Жұмағалиевтың «Таңдамалы өлеңдері» (1945),
С.Мұқановтың «Алыптар туралы аңыз» (1942), «Біз жеңеміз» (1942),
Т.Мұқановтың «Жауынгер жыры» (1943), Ғ.Ормановтың «Емен» (1945),
«Халық қаһарманы» (1941), ұжымдық «Өлеңдер жинағы» (1945), ұжымдық «Поэмалар»
(1940), Ж.Саинның «Жорық жырлары»(1944), «Күләнда»(1945), Қ.Сатыбалдиннің «Әлия»(1945),Ә.Сәрсенбаевтың «Ант» (1940), ұжымдық «Сталинградты жауға бермеңдер» және «Тарту» (1940), Ә.Тәжібаевтың «Перне» (1942), А.Тоқмағамбетовтің «Ажалды жеңген алыптар» (1944), «Маршалдар шықты майданға» (1941), «Мұнай бер» (1943), Қ.Шаңғытбаевтың «Ар» (1945), т.б. өлең, поэмалар жинағы кітап болып шықты. Бұларда қаһарлы жылдардың шындығы түрлі тұрғыдан кестеленді. Фашист басқыншыларын тас-талқан етіп күйретуге шақырған, қан майданда қаймықпай айқасуға үндеген, «қанға – қан, жанға – жан» деген ата-бабамыздан қалған ұранды ту етіп ұстап, зұлым жаудан кек алуға бастаған өлеңдермен қоса жаудың сиқын, зұлымдығы мен қанішерлігін ашына, ашумен әшкерлеген туындылар да молынан жарық көрді.
Ақындарымыздың идеялық-өмірлік нысанасы ортақтығы себепті тақырыптық ұқсастық басым болды. Мәселен, А.Тоқмағамбетовтің «Ажалды жеңген алыптар» (1943) атты жинағындағы өлең аттарына назар аударайық. «Жеңіс бұйрығы», «Күйреген план, қайырылған қанат», «Сермей, соқ», «Аға, іні, туысқан», «Халықтың сәлемі», «Шабуылға», «Кавказға», «Жауынгер қазақ жастарының маршы», «Достық», «Қуаныш», «Ата мен бала», «Қош, бауырым Панфилов», «Халық қаһарманы», «Мерген қыз» (атақты мерген, 309 немісті өлтірген Людмила Павличенкоға арналған), «Ажалды жеңген алыптар» (Кеңес Одағының Батыры Васильев пен Шемякин жолдастарға) секілді айдарынан-ақ кімге, неге арналғанын аңғару оңай.
Бұл кезеңдегі поэзияға тән тағы бір сипат – сол тұста кең таралған әңдердің ырғағына бейімделген өлеңдердің жаппай болмаса да, ара-тұра жарық көруі. Мәселен, Т.Жароковтың «Гәккугай» әніне ыңғайлап жазған «Жаңа жыр» атты өлеңі «Қиратамыз дұшпанды, Қақ майданның төрінде мен» тамамдалса, отызыншы жылдары жазылған «Миллион толқынның» ырғағына икемделген келесі «Миллион толқыны»:
Аттан, халық,
Талқандалық,
Фашизмнің ордасын, – болып, мазмұндық өзгерістер енгізілген.
Үгіт-насихаттық рухтағы жырларда фольклорымыз бен төл әдебиетіміздің дәстүрлі тәсілдері, бейнелеу құралдары молынан пайдаланылса, өткен ғасырдан бастап (Абай, Ыбырай) 20-жылдардан кейін тіпті күшейе түскен батыс әдебиетінің ықпалы айқын сезіледі. Бұған, әрине, мемлекеттік саясаттың барлық түрлерінің орыс тілінде жүргізілуі, сондықтан орыс әдебиетінің мемлекет ішіндегі өзге ұлт республикалары үшін басты ықпалдық қор қызметін атқаруы алабөтен әсер етті. Болмыс шындығын бейнелеудегі амал-тәсілдері, түрлі ізденістері, бейнелеу құралдары,
романтикалық рух, реалистік мазмұн жағынан айтарлықтай үлгі болғанын атап айту керек. Шет елдердің ақындарының шығармалары орыс тіліне аударылуы арқылы өзге ұлт республикалары ақындары үшін көркемдік тәжірибе, көркемдік нәр қызметін атқарды.
Ал Шығыс әдебиетінің барлық эстетикалық құбылыстары жете бермеді, тек кеңес өкіметінің мақсат-мүддесіне септігін тигізеді-ау деген туындылары іріктеліп аударылды. Оған қарағанда, Батыс ықпалы айқын да басым көрінді. Мәселен, Ә.Тәжібаевтың «Перне» (1942) атты жинағындағы «Ленинград» өлеңіндегі:
Дабылыңнан оянғанмын,
Жарығыңнан ой алғанмын.
Тамырыңнан таралғанмын,
Жалыныңнан жаралғанмын.
Жүрегімнен өшпейтін ат –
Ленинград, Ленинград! –секілді толғаныстары Гейне поэзиясын еске салады. Алайда жалаң еліктеу емес, қазақ ақынының ой мен қуатқа, тегеурінді тебіреніске толы өзіндік өршіл үні асқақ естіледі
Соғыс жылдарындағы өлеңдердің көпшілігі көркемдік жағынан ала-құла. Сол тұстағы кез-келген дарынды ақынның кітабында да шынайы көркем шумақтарға орта қол жол-тармақтар, шумақтар қосанжарласып жүреді. Мұны ақындарымыздың шеберлігі, таланты жетпеуінен емес, сол кездегі жалпы өлеңге қойылар эстетикалық талаптың айтарлықтай биік деңгейде болмауынан, мұның өзі, түптеп келгенде, көркемдік талғамның да көңілдегідей болмауына байланысты екенін ескеру керек. Сонда ғана толымсыз ұйқастардың жаппай ұшырасуын, ала-құла шумақтардың шұбырып жүру себебі мен сырын түсіне аламыз.
Мәселен, қысқа өлеңнің шебері, биязы лирик Ғ.Ормановтың «Жар сыры» деген өлеңінің мына шумақтарына зер салайық:
Хат алып қуандым,
Сағынған кезімде.
Жанымды суардым,
Жалынды сөзіңе.
Осы шумақтардан «Жанымды суардым, Жалынды сөзіңе» деген образды жолдар ғана бейнелік жаңалығымен, динамикасымен талғам көзіне жылы ұшырайды. Басқасы – қарапайым, ұйқастың уысындағы тіркестер. Кейде қарабайырлыққа ұласып кететін мұндай қарапайым, «кәдуілгі» жол, шумақтардың ұшырасып отыруының тағы бір себебі – әлбетте, соғыс жылдарындағы жанталаста, жан ышқынған шақта өлеңді өңдеп, үкілеп отыруға мүмкіндіктің, сірә, жете бермеуі. Қиян-кескі шайқастардан кейін таразы басы кеңес жауынгерлеріне қарай ауған шақтан бастап, көңіл күйі біртіндеп түзеліп, өлеңдердің көркемдік деңгейі де көтеріле бастағаны байқалады. Мәселен, Ғ.Ормановтың 1945 жылы шыққан «Емен» атты кітабындағы «Мәлік» атты өлеңі батырдың кішіпейілділігін жақсы білетін жұртттың көзіне бірден ыстық көрінеді...............
Достарыңызбен бөлісу: |