Ұлы отан соғысы және соғыстан кейінгі жылдардағы қазақ әдебиетінің тарихы (1941-1960)



бет11/14
Дата08.06.2018
өлшемі0,99 Mb.
#41305
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   14

Дәрісті бекіту сұрақтары: 1. Қасым Аманжоловтың соғыстан кейінгі жазған қандай өлеңдері бар?

2. Қасым Аманжоловтың қандай аудармалары бар?

3. Қасым Аманжоловтың қандай поэмалары бар?

Әдебиеттер: 1, 2, 3, 4, 5, 7, 9, 10, 17, 18, 19, 20, 21, 22, 27, 28, 30, 43, 45, 51,58,

64, 63.
29,30 ДӘРІС ҚАЛИЖАН БЕКХОЖИННЫҢ ӨМІРІ МЕН



ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ

Дәрістің мақсаты: Қалижан Бекхожиннің поэма жанрындағы шеберлігін таныту.

Тірек сөздер: Дастан, поэма, өлең, поэзия.

Дәрістің жоспары:1. Қалижан Бекхожиннің шығармашылық өмірбаяны.

2. Поэмалары.

Ақын Қалижан Бекхожин әдебиетке жиырмасыншы ғасырдың отызыншы жылдары келді. Барлық жанрлары дамуға бет бұрған қазақ әдебиетінің үлкен бір саласы - поэзиясы үшін XX ғасырдың отызыншы жылдары аса жемісті кезең болды.

Бұл жылдары қазақ поэзиясының керегесін кеңейтуші ақындардың қатары өсті. С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин, С.Мұқанов,

А.Тоқмағанбетов, Ә.Тәжібаев, Ғ.Орманов, Т.Жароков сияқты тәжірибелі ақындардың қатарына отызыншы жылдары бір топ дарынды жас ақындар легі келіп қосылды. Бұл жөнінде академик-жазушы С.Мұқанов былай дейді: «Қазақ совет жазушыларының 1934 жылдың көктемінде болып өткен бірінші съезінен кейін әдебиетімізге бір топ жас таланттар келді. Олар– Жұмағали Саин, Әбу Сәрсенбаев, Әлжаппар Әбішев, Қасым Аманжолов, Дихан Әбілев, Әли Есмамбетов, Қапан Сатыбалдин. Осы толқында келген дарынды жастың бірі – Қалижан Бекхожин еді».

Қалижан Бекхожин де әдебиетке өзімен қатарлас келген жоғарыда аталған өз тұрғыластарындай, поэзия әлемінде жастық шақтың жыршысы ретінде көрінді. Ақын «Жас алғысы» атты (1936) алғашқы өлеңдерінің бірінде:

Ерке өскен еркін елде мен бір жаспын,

Туғаннан тың ғасырмен мен сырласпын.

Ержеттім толқынды өмір арасында,

Сондықтан менің жырым өрен тасқын, –деп өз заманының өршіл жасы екенін тебірене толғады. Осы бір өлеңнің

өзінен тек ақынның ғана жан сыры емес, өзімен замандас сол тұстағы жастардың өр тұлғасының сыр-сипаттары аңғарылады. Әр ақын-өз дәуірінің жыршысы. Оның жүрегінен жарып шыққан жыр жолдарын өз уақытының үні, өз замандастарының арманы, көңіл күйі деуге болады. Қ.Бекхожиннің алғашқы жастық жырларының өзінен-ақ сол отызыншы жылдардағы өрішіл де жалынды жас азаматтың жарқын ойларын танимыз.



Еркінмін, бұлтты жарып, көкке ұшамын,

Бұзамын мұхиттың да мұз құрсауын

деген ақын тебіренісі өз замандасының романтикалық келбетінен

хабар беріп тұр.

Байқап отырсақ, Қалижан Бекхожинмен қатар әдебиетке келген өзге ақындар да алғашқы шығармаларына жастық шақтың қуанышты да албырт сырларын арқау еткен екен. Ә.Есмамбетовтің, А.Жұмағалиевтің,

Қ.Сатыбалдинның, Ж.Саинның, Қ.Аманжоловтың сол тұстағы өлең-жырлары өз замандастарының көңіл күйін білдіретін туындылар екенін байқатады.

Қалижаи Бекхожиннің алғашқы албырт сезімге, өр қиялға, үлкен мақсатқа, от мінезге толы жастық жырларының өзіндік түрлік өзгешелігі де бар. Олардың барлығы дерлік ақынның өз атынан айтылады. «Жас алғысы», «Қуаныштың құйыны», «Өзіңе сен, жас ойшыл», т.б. өлеңдері ақын жүрегінің толғанысы, тебіренісі іспетті.

Қ.Бекхожиннің және поэзияға онымен қатарлас келген өзге ақындардың жастық жырларынан байқалатын тағы бір жай – олардың қазақ поэзиясында ежелден келе жатқан дәстүрлі көркемдік салыстыру әдісін қолдануға жиі баруы. Қарама-қарсы екі түрлі жағдайды, өмір құбылысын, фактісін салыстыра суреттеу-сонау ауыз әдебиетінен бастап, күні бүгінгі поэзияға дейін үзілмей келе жатқан үрдіс. Бұл дағдыға, әсіресе, суырыпсалма ақындар көп барған (Жамбыл, Нұрпейіс, Кенен, т.б.).

Қ.Бекхожиннің алғашқы өлең-жырларынан-ақ байқалатын қадір-қасиеті, оның өз уақытымен, ел өмірімен етене тығыз байланысы. Ақын жырларының дені, көбінесе, өз уақытының лебін білдіретін дәуір шежіресі іспетті әсер қалдырады.

Қалижан Бекхожиннің лирикалық шығармаларынан дәстүрлі поэзияның лебімен қатар, көркемдік жаңашылдықтың сипаты да мол сезіледі. Өйткені, ақын әдебиет табалдырығынан аттасымен-ақ бірден өз заманының, уақыттың ырғағына үн қосып, жаңарған өмірдің тынысымен тыныстады. Өз замандасының сезім, көңіл-күйін, жарқын мақсатын, биік мұратын толғауға ұмтылды. Сонымен қатар, Қ. Бекхожин - әдебиет әлемінің мәңгілік тақырыптарын да (махаббат, табиғат, өнер-білім, т.б.) шабыттана жырлады.

Қ.Бекхожин шығармашылығының үлкен бір саласы- табиғат туралы өлеңдері. Ақын табиғатты жырлағанда ұлттық поэзияның қалыптасқан дәстүрінен қара үзіп, шет кетпейді, қайта сол дәстүрге берік арқа сүйейді.

Бірақ дәстүрді құр қайталаушы да емес. Сол көркемдік дәстүрге ол өз өрнегін,өз оюын қосуға ұмтылады. Ақын табиғатты өзіне шабыт беретін ерекше күш деп түсінеді.Сондықтан да ол табиғаттан өз поэзиясына қуат алады, одан терең сыр тартуға ұмтылады. Оның таңғажайып құбылысынан өзі де, өзгенің де эстетикалық ләззәт алуын қалайды,

Жылдың төрт мезгіліне арнап өлең жазу дәстүрін қазақ поэзиясына Абай Құнанбаев жасап берген болатын. Қалижан–сол дәстүрді жалғастырушы ақындардың бірі. Бұл құр қайталау емес, жаңара, құлпыра, байыта түсу бағытындағы ізденістер. Ақын «Көктем», «Көктем толғанысы» өлеңдерінде жыл мезгілінің ең көрікті кезеңі -көктемді суреттеуде ұлы ұстаздың үлгілі дәстүрін жаңғыртуға ұмтылады. Оның «Дала жазы», «Жаз әуені», т.б. сияқты өлеңдерінде де табиғаттың небір әдемі көріністері бар. Бұларда да табиғат адам өмірімен тығыз бірлікте жырланып отырады. Адам характерін шынайы беруде де жаңашылдық танылады. Жылдың өзге мезгілдері -күз, қыс туралы өлеңдерде де дәуір рухы, уақыт тынысы айқын сезіледі. Абайдың «Күз», «Қараша, желтоқсан мен сол бір екі ай», «Қыс» сияқты атақты өлеңдерін Қ.Бекхожиннің «Күз», «Жыл келді» сияқты өлеңдерімен салыстырып көрсек, сол жоғарыда айтып отырған тұжырым айғақтана түседі. Табиғат суретін беруде кейде алшақтап, кейде жақындап отырғанмен, обьект ортақ болғандықтан, бірін-бірі қайталау қайткенде де ұшырап қалуы таңданарлық жайт емес Ал сол объектіні жырлау үстінде, өз заманының тынысын сездірудегі ақынның даралығы ап-айқын көрінеді.

Қ.Бекхожиннің тау туралы («Келтемасат», «Шың түлегі», «Бүркітіндей шарықтат, Ерейменім», «Бұл тауда Тұлпарата жылқы баққан», «Алатау баурайында», «Тауды көрсек», «Адымдасам асқарға»), өзен туралы («Ертіске», «Қарап келсем Волгаға», «Ертіспен тілдесу», «Жайық үстінде», «Сол баяғы Ертісім», «Ертіс көктеміне»), теңіз туралы («Теңіз жыры», «Теңіз бен халық», «Түнгі теңізде»,«Теңізге қарап»,«Екі адам тұрды жағада», «Теңіз музыкасы», «Теңіздегі сыр», «Ұнатам толқындардың ұласуын»), көл туралы («Марқакөл жыры», «Көл қызықты») өлең-жырларының қазақтың табиғат лирикасынан елеулі орын алатыны сөзсіз.

Ақын табиғаттың әдемі суретін бере отырып, оған самарқау қарамайды, қайта сол туған өлкенің табиғатына деген өз қатынасын ашық білдіріп отырады. Табиғатты сұлулықтың ғажайып көрінісі, тіршіліктің сарқылмас қайнар бұлағы деп толғайды да, сол өмірдің ерен байлығын игеріп, меңгеріп жатқан адамның алып еңбегін, оның қайрат-күшін бейнелеуді нысана етіп ұстайды. Табиғат байлығын игерген адам еңбегін сүйсіне жыр етеді. Табиғаттың әр алуан суретін берсе де, оның мол байлығын игерген адам еңбегін жырласа да, ақын туындыларының түп қазығы- үлкен идеялық түйінді аңғартып отырады. Ол-өз замандастарының құдіреттілігін әлем алдында паш ету.

Қ.Бекхожин суреткер ақын. Ол көркемдік бояулармен табиғат әлемін өрнектеуде өзінің қалам шеберлігін танытып отырады. Жоғарыда аталған өлеңдерінде оның туған елінің табиғат әлемінің әсем суреттерін беруге едәуір еңбек сіңіргенін көру қиын емес.

Ертіс өзенінің құдыретті бейнесін жырлаған өлеңдерінде ақын табиғаттан өзі алған күш-қуатын, ақындық шабытын тебірене толғайды:

Перзентіңмін, ағысыңа бөлендім,

Көкірегіме сен серпінді күй бердің.

Ырғақтарын ыршымалы өлеңнің

Сенің өршіл толқыныңнан үйрендім,

деп,буырқанған ақындық шабытының түп-төркіні аяулы табиғат әлемінде екендігіне перзенттік махаббатпен бас иеді.

Ақынның жоғарыда аталған тау туралы жырларынан да еліміздегі асқаралы шыңдардың алуан түрлі көркемдік бояулармен берілген әсем суреттерін көреміз. Қазақ поэзиясында Алатауға арналған ақындардың көрікті жырлары көп. Өз замандастарымен қатарласа Қ.Бекхожин де:



Жалғанның жартасындай алып тұлғаң

Құз басың қарағанды қызықтырған.

Күн сүйген, күміс төбең ақ күмбездей,

Аспанды мұнарасы сүзіп тұрған.

Шығысқа шұбата сап зор жотаны,

Қамалдай қарлы кұзың өр жатады.

Құж-құж тас, құламалы шатқалдарың

Тасқындай күркіретіп су атады.

Бауырына бура түсті бұлттар шөгіп,

Кенет бір көбігін кетер төгіп.



Ақша гүл, алма ағашы -тау алқасын,

Қуанам жас баладай, тұрсам көріп.

деп, әйгілі Алатауды биік ақындық шабытпен суреттеген.

Табиғат дегенде, ай, күн, ең алдымен, ауызға түсетіні белгілі. Ал ай, күн, жұлдызды жырламаған ақын поэзия тарихында жоқ десе де болғандай. Қ.Бекхожиннің ай, жұлдыз, аспан, күн туралы өлеңдерінде де («Ай туралы толғау», «Шыққан күнге қуанам») сол ежелден келе жатқан көркемдік дәстүр жалғастығы бар. Мәселен, айды сұлулықтың символы ретінде бейнелеу Қ.Бекхожинде көп ұшырайды. «Ай туралы толғау» атты өлеңінде оны кейіптеу арқылы суреттейді, бірақ Абайды қайталамай, өзінше бейнелеуге ұмтылғанын байқаймыз. Абай жерді қалыңдық деп бейнелесе, Қ.Бекхожин жігіт ретінде кейіптеген. Айды сол жер-жігіт ғашық болған сұлу ретінде көрсетеді. Қ.Бекхожин ай, аспанды жырлағанда өз уақытының тынысын білдіріп отырады. Ақын жаңашылдығы осы тұста ерекше көзге түседі.

Қазақ поэзиясындағы табиғат жырын сөз еткенде, ақындардың туған дала туралы туындыларына назар аудармай болмайды. Өйткені өзінің туып-өскен кең жазира даласын жырламаған ақын кемде-кем. Кезінде С.Сейфуллин, I.Жансүгіров, С. Мұқанов даланы жырлаудың жаңа, идеялық биік өредегі дәстүріне кең жол ашты. Қалижан Бекхожин де алдыңғы буын ағаларының туған даланы жырлауда салып кеткен сара жолын жалғастырып, байыта түсуге едәуір еңбек сіңірді («Үкілі бастар қалғыған», «Мейлің, бөрі, ұли бер...», «Сағындым мен Тәттімбеттің жазығын», «Жасыл белде», «Несібелі байтағым», т.б.). Оның туындыларында бұрынғыны ширыламай, тың өрнек табуға, жырға соны леп беруге ұмтылыс бар.

Қазақ поэзиясының ірі өкілдерінің бірі Қ Бекхожиннің шығармашылық өмірбаяны үшін 1941-1945 жылдардағы екінші дүние жүзілік соғыс жаңа кезең болғаны сөзсіз. 30-жылдары поэзия табалдырығьн аттап үлгерген жас ақын қалың оқырман қауымға, негізінен, алғашқы жастық жырларымен танылған болса, екінші дүниежүзілік соғыс тұсында ақын поэзиясы тың идеялық-көркемдік сапаға көшті. Ақын өзінің азаматтық өмірін, шығармашылық қуатын өз отандастарымен бірге басқыншы жауды талқандау ісіне арнады. Ол Отанды, елді, жерді қарумен де, қаламмен де қорғаған жауынгер, ақындар тобының алдыңғы сапында жүрді.

Соғыс жылдары ақын поэзиясының қанаты қатая, беки түсті. Қазақтың ұлттық поэзиясына, соның өкілдерінің бірі Қалижан Бекхожиннің шығармашылығына бұл қаһарлы кезең тың леп, жаңа пафос берді. Ақын шығармашылығының жауынгерлік рухы күшейді, қаһармандық келбеті айқындалды, патриоттық күш-қуаты арта түсті.

Дауылды жылдарда өзімен қатарлас ақындардай Қ. Бекхожин де:

Кеудеміз де кек қайнаған,

Кекпен өзен отқа айналған,

Қаһарлы айқай салған шуды,



Дүниеде кім ашулы?

Біз жігіттер–



Біз ашулы!

Біз ашулы,

Намыс оты



Бойды өртеген, жалын қысқан.

Ашындырды, арға тиді,

Бүлік салып бізге дұшпан.

Бұлтын үйді үстімізге,

Соның зілі түсті бізге,

деп,бүкіл өз отандастарының бойындағы жауға деген өлшеусіз өшпенділікті, шексіз ашу-ызаны дәл суреттеді. Уақыт, заман, халықпен бір тыныстаған азамат ақынның қаһарлы тұстағы жүрек сыры осылайша қаһарға мінген өз халқының жүрек сырымен табиғи түрде қабыса түсті.

Қаһарлы жылдардағы Қ.Бекхожин өлеңдерінде ақындық әсерлеуге көп бармай, жауынгер кескінін өмір шындығының аясында көрсетуге ұмтылыс басым. Сондай өлеңдерге ортақ сипатты білдіретін туындылардың бірі - «Кәдімгі біздің Қошқарбай» өлеңі. Бұнда басқыншы жауды талқандауда өшпес ерлік көрсеткен мыңдаған замандастарымыздың нақты бейнесі берілген. Ол-соғысқа дейін бейбіт еңбекте қажырлылық көрсеткен қарапайым азамат Қошқарбай. Ал, соғыста ол-жауынгер. Ақын қаһарман жауынгердің өз отандастарымен бірге жауды талқандап, жеңіске жетуін түйіндеп көрсеткен. Қазақ ақындарының шағын өлеңдермен қатар, поэма, дастандарда да отты кезеңдегі жауынгер тұлғасы айқын бейнеленген. Бұл салада бірнеше татымды туындылардың сол қаһарлы жылдары дүниеге келгені баршаға мәлім.

Ұлы Отан соғысының халықтың тарихи жеңісімен сәтті аяқталуын ақын атаулының бәрі де зор қуанышпен төгілте жырлады. Бәрімізге белгілі, біздің әскер жауды өз жерінде қиратты. Біздің жеңімпаз армияның құрамында қызмет еткен қазақ ақындары сол шетелде туған жырларында да туған еліне, халқына деген қасиетті махаббатты, мөлдір сағынышты тың леппен, жаңа тыныс-өрнекпен толғады. Олар өз Отанын мақтан тұтты. Майдангер ақындар

Қ Бекхожиннің «Тым асығып келемін», Д.Әбілевтің «Ресейге қайтқанда», Ж.Молдағалиевтің «Шығыста туған елім бар», «Қайран менің өз елім» сияқты туындыларын сол тұстағы патриоттық жырдың жақсы үлгісі ретінде айтуға болады. Бұларда өз еліне, жеріне, туған Отанына деген сағыныш сезімі де, оған деген ерекше махаббаты да жүректі жарып шыққан шынайы сөзбен айтылған. Ол өлеңдерде әрі қарапайымдылық, әрі көркем шынайылық бар.

Қалижан Бекхожин да – Отанды жырлауға талай-талай шабытты шумақтарын арнады. Оның «Жер», «Гимн туралы жыр», т.б. туындылары өз Отанының құдіреттілігін толғаған ұлттық поэзиядағы патриоттық жырлардың тәуір үлгілерінің қатарынан орын алады. Өзінің идеялық ауқымы,сезім сырлары тұрғысынан алғанда,Қ.Бекхожиннің Отан туралы жырлары өзі тұрғылас қазақ ақындарының осы тақырыпты қозғайтын үлкенді-кішілі шығармаларымен үндес, сарындас екенін көру қиын емес.

Қазақ поэзиясының арғы-бергі тарихына ойлана көз жіберсек оның өзіндік бір ерекшелігін көру қиын емес. Дүниеге келген үлкенді-кішілі ақын біткеннің өз шама-шарқынша өсиет өлең жазуы-қазақ поэзиясының ерекшелігі. Өсиет өлең шығару-бүкіл шығыс поэзиясына тән құбылыс. Осындай өсиет өлең шығару дәстүрін жалғастыруда да Қалижан Бекхожиннің еңбегі мол. Оның «Әркімде бір қате бар», «Туысыма», «Ақын ініме», «Қайғың болса, жұрт көзінше күрсінбе», «Егер шықсаң асқарға», «Ұмыт бәрін», «Бес ешкіні қудым деп» сияқты туындылары қазақ поэзиясындағы өсиет өлеңдердің тәуір нұсқаларының қатарына қосылады. Ақын адамгершілік, моральдық сапалардың жақсара, жетіле, асылдана түсуін өз замандастарына, кейінгі ұрпаққа өсиет ретінде толғайды. Осындай сыпат оның нақыл шумақтарында да мол. Сырттай қарағанда, өсиет пен нақыл өлеңнің табиғатында ұқсастық та бары даусыз. Іштей үңіліп ажырата қарағанда, айырмасы да көзге түседі. Өсиет өлеңге қарағанда, нақыл өлеңнің көлемі шағын келеді. Өмір тәжірибесінің сығынды жиынтығындай философиялық, ғибраттылық ой-пікір нақыл шумақтың өзегі болып отырады. Қ.Бекхожиннің нақыл өлеңдері ой қозғап, ойлантарлық мағыналы болып келеді.

Қ.Бекхожин поэзиясының басты арнасы -оның эпикалық туындылары екені даусыз. Қазақтың эпикалық поэмаларының даму, өркендеу процесінде Қ.Бекхожин шығармашылығының алатын орны елеулі. Ұзақ мерзім бойы алуан тақырыпты қозғайтын бірнеше поэма жазған ол қазақ поэзиясындағы көрнекті эпиктердің қатарына қосылды.

Эпикалық поэзиядағы ақынның көп жылғы шығармашылығына тұтастай көз жіберсек, оның үнемі іздену, шеберлікті жетілдіру үшін талмай еңбектеніп, аянбай тер төккенін көру қиын емес. Іздену жолында ақынның тап болған сәтсіздіктері, өкінішті сәттері де бар. Сонымен қатар, көркемдік жетістіктері де көп. Сол ұзақ жылдар шарқ ұрып іздену сарыла еңбектену нәтижесінде ақын қаламынан идеялық көркемдік дәрежесі биік бірнеше поэма шықты. Олар тек қана оның шығармашылығының жетістігі болып қоймай,бүкіл қазақ поэзиясының абыройын асырған аса ірі жеңістердің қатарына кірді.

Дәрісті бекіту сұрақтары: 1. Қалижаи Бекхожиннің алғашқы албырт сезімге, өр қиялға, үлкен мақсатқа, от мінезге толы қандай жырлары бар екен?

2. Табиғат суретін беретін қандай өлеңдері бар?

3. Қандай поэмалары бар екен?

Әдебиеттер: 1, 2, 3, 4, 5, 7, 9, 10, 17, 18, 19, 20, 21, 22, 23, 38, 40, 41, 45, 51,58, 62, 63.

ТӘЖІРИБЕЛІК САБАҚТАРДЫҢ ҚЫСҚАША

СИПАТТАМАСЫ
1.Тәжірибелік сабақ: 1941-1956 жылдардадағы қазақ әдебиеті

Сабақтың мақсаты:Тақырыпты студенттер қандай дәрежеде меңгергеніне қарай бағалау.

Сабақ жоспары:1. Ұлы Отан Соғысының басталуы,осы жылдардағы қазақ

әдебиетінің дамуы.

2. XX ғасырдың 41-56 жылдары қазақ халқының қоғамдық

өмірінде өткен ең үлкен тарихи кезең.

3. Ұлы Отан Соғысы кезіндегі қазақ поэзиясының ролі.

4. Ұлы Отан Соғысы кезіндегі қазақ прозасының дамуы.



Әдістемелік нұсқау: Ұлы Отан Соғысы жылдары жарық көрген шығармалар.Қазақ әдебиетінің көп томдық шығармалар жинағының сегізінші томын қараңыз.Әдебиетіміздің жанр, мазмұн,түр жағынан қандай кемшіндер болды, соған назар аударыңыз.

Әдебиеттер: 1, 2, 3, 4, 5, 6,7, 9, 12, 15, 16, 19, 20, 21, 22, 24,25, 26,27, 28, 29.
2.Тәжірибелік сабақ: 1941-1960 жылдардадағы қазақ прозаның дамуы
Сабақтың мақсаты:Тақырыпты студенттер қандай дәрежеде меңгергеніне қарай бағалау.

Сабақ жоспары:1. Осы жылдардадағы жазылған қазақ прозаларының

тақырыбы мен идеясы,образдар жүйесі.

2. С.Мұқановтың «Сырдария» романының тақырыптық аясы.

3. Ғ.Мүсірепов «Оянған өлке» романы.

4. Ғ. Мұстафиннің«Миллионер» повесі,«Қарағанды»романы.

Әдістемелік нұсқау: Ұлы Отан Соғысы жылдарынан кейін жарық көрген

Ж.Тілеков, С.Шаймерденов, З.Қабдолов,Б.Соқпақбаев,

Ә.Нүрпейісов, т.б. жас қаламгерлердің әңгіме,очерк,

повесть, романдары. Шығармаларын қараңыз.

Қазақ әдебиетінің көп томдық шығармалар жинағының

сегізінші томын қараңыз.



Әдебиеттер: 1, 2, 3, 4, 5, 6,7, 9, 12, 15, 16, 19, 20, 21, 22, 24,25, 26,27, 28, 29.
3. Тәжірибелік сабақ:1941-1960 жылдардадағы қазақ поэзиясының дамуы
Сабақтың мақсаты:Тақырыпты студенттер қандай дәрежеде меңгергеніне қарай бағалау.

Сабақ жоспары:1. Соғыс жылдарындағы және соғыстан кейінгі

жылдардағы поэзияның дамуы .

2. Ұлы Отан соғысымен байланысты туған жырлар.

3. Ж.Жабаевтың соғыс жылдарында жарық көрген жырлары.

4. Қ.Аманжоловтың, Ж.Саинның,Т.Жароковтың т.б

ақындардың 1941-1960 жылдардадағы қазақ поэзиясының

дамуына қосқан үлестері.

Әдістемелік нұсқау: 1941-1960 жылдардадағы қазақ поэзиясының дамуына үлес қосқан ақындар шығармаларын қарап шығыңыз. Мысалы: Ж.Жабаев, Қ.Аманжоловтың, Ж.Саин,

Т.Жароковтың т.б.Қазақ әдебиетінің көп томдық шығармалар жинағының сегізінші томын қараңыз.



Әдебиеттер: 1, 2, 3, 4, 5, 7, 9, 12, 15, 16, 19, 20, 21, 22, 24,25, 26,27, 28, 29.
4. Тәжірибелік сабақ:1941-1960 жылдардадағы қазақ поэмалары

Сабақтың мақсаты:Тақырыпты студенттер қандай дәрежеде меңгергеніне қарай бағалау.

Сабақ жоспары:1. Осы жылдары жазылған поэмалардың тақырыбы, идеясы .

2. Ұлы Отан соғысымен байланысты туған поэмалар.

3. Ж.Жабаевтың «Өтеген батыр» поэмасының тақырыбы .

4. Соғыстан кейінгі жарық көрген поэмалар..



Әдістемелік нұсқау: 1941-1960 жылдардадағы қазақ поэмасының дамуына үлес қосқан ақындар шығармаларын қарап шығыңыз. Мысалы: Ж.Жабаев,Қ.Бекхожин, Қ.Аманжоловтың,Ж.Саин, Т.Жароковтың, Ж.Молдағалиев т.б. Қазақ әдебиетінің көп томдық шығармалар жинағының сегізінші томын қараңыз.

Әдебиеттер: 1, 2, 3, 4, 5, 7, 9, 12, 15, 16, 19, 20, 21, 22, 24,25, 26,27, 28, 29.
5. Тәжірибелік сабақ:1941-1960 жылдардадағы драматургия

Сабақтың мақсаты:Тақырыпты студенттер қандай дәрежеде меңгергеніне қарай бағалау. Сабақ жоспары: 1. Тарихи драма үлгілері.

2. М.Әуезов драматургия саласына қосқан үлесі.

3. Ғ.Мүсірепов «Аманкелді» драмасы.

4. «Сын сағатта», «Намыс гвардиясы», т.б. пьесаларына тоқталу.

5. М.Ақынжанов «Ыбырай Алтынсарин» пьесасы жайлы

Әдістемелік нұсқау: Осы жылдары жарық көрген драмалардың тақырыптық идеясына көңіл аударыңыз. Тарихи драма мен пьеса ара жігін саралаңыз. Қазақ әдебиетінің көп томдық шығармалар жинағының сегізінші томын қараңыз.

Әдебиеттер: 1, 2, 3, 4, 5, 7, 9, 10, 15, 18, 19, 20, 21, 22, 24,25, 26,27, 28, 29.
6. Тәжірибелік сабақ: 1941-1960 жылдардадағы сын мен әдеби зерттеулер

Сабақтың мақсаты:Тақырыпты студенттер қандай дәрежеде меңгергеніне қарай бағалау.

Сабақ жоспары: 1. Қазақ әдебиетінің сыны мен әдебиеттану

ғылымының өркендеуі.

2. Қазақ әдебиетінің сыны мен әдебиеттану

ғылымына еңбек сіңірген ғалымдар еңбектері.

3. Осы жылдары жарыққа шыққан зерттеу еңбектер.

Әдістемелік нұсқау: Осы жылдары жарық көрген ғылыми зерттеу еңбектерді қараңыз.Қазақ әдебиетінің сыны мен әдебиеттану ғылымының өркендеу жолдарына назар аударыңыз. Мысалы:М.Әуезов,С.Мұқанов,Ғ.Мүсірепов,Қ.Жұмалиев, Б.Кенжебаев,

З.Ахметовтардың еңбектері. «Қазақ әдебиетінің тарихының» Ітомы, «Қазақ әдебиетінің

тарихының очеркі», т.б. зерттеулердің жарық көруі.Олардың ғылыми практикалық маңызы.

Әдебиеттер: 1, 2, 3, 4, 5, 7, 9, 10, 15, 18, 19, 20, 21, 22, 27, 28, 34, 43, 49.
7. Тәжірибелік сабақ: Баубек Бұлқышев өмірі, шығармашылығы

Сабақтың мақсаты:Тақырыпты студенттер қандай дәрежеде меңгергеніне қарай бағалау. Сабақ жоспары: 1. Баубек Бұлқышевтың ұлттық әскери әдебиеттің дамуына

қосқан үлесі.

2. Баубек Бұлқышевтың шығармаларындағы ерлік пен

жауынгер арманын суреттейтін мақала-очерктері.

3. Баубек Бұлқышев публицистикалары .

Әдістемелік нұсқау: Баубек Бұлқышев туралы жазған ақын, жазушылардың естеліктерін қарап шығыңыз. Баубектің М.Иманжановқа, М.Әуезовке жазған хаттарын оқыңыз.Б.Бұлқышевтың Л.Рүстембекова құрастырған «Адамзатқа хат»

шығармасын оқыңыз



Әдебиеттер: 1, 2, 3, 4, 5, 7, 9, 10, 15, 18, 19, 20, 21, 22, 27, 28, 34, 43, 49, 77,78,104.
8. Тәжірибелік сабақ: Мәлік Ғабдуллиннің өмірі, шығармашылығы

Сабақтың мақсаты:Тақырыпты студенттер қандай дәрежеде меңгергеніне қарай бағалау.

Сабақ жоспары: 1.Мәлік Ғабдуллиннің өмірі, шығармашылығы,зертте еңбектері

2. Мәлік Ғабдуллиннің майдандық жазбалары

3. Мәлік Ғабдуллин туралы жазылған еңбектер.

Әдістемелік нұсқау: Мәлік Ғабдуллин туралы жазған ақын, жазушылардың естеліктерін қарап шығыңыз. Мәлік Ғабдуллиннің «Алтын жұлдыз» шығармасын оқыңыз. Мәлік Ғабдуллиннің 1947 жылы 18 қарашада «Социалистік Қазақстан» газетінде шыққан «Достық жыры» мақаласын қараңыз.

Әдебиеттер: 1, 2, 3, 4, 5, 7, 9, 10, 15, 18, 19, 20, 21, 22, 27, 28, 34, 43, 49, 77, 78.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   14




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет