Негізгі ұғымдар
Типология – тілдік құбылыстардың әр деңгейдегі жүйелер (фонология, лексика, грамматика) жиынтығы туралы немесе жалпы әлем тілдері жиынтығы туралы ғылым.
Тип – ортақ, бірқатар біріктіретін белгілері бар тілдік құбылыстардың жиынтығы.
Тілдік құбылыстардың ұқсастығы – ұқсас, біртекті заттарды бір типке, класқа біріктіретін белгілер саны.
Айырмашылық – бір тілдегі құбылыстың салыстырып отырған екінші бір тілден ерекшелендіретін өзгешелік.
Ұқсастық/айырмашылық деңгейі – салғастырылып отырған құбылыстардың ұқсас және ерекше белгілерінің сандақ арақатынасымен анықталады. Ұқсастық белгілері көп болса, ұқсастық деңгейі жоғары болады және керісінше.
Типологиялық зерттеулердің әдістері. Типологиялық индекстер әдісі немесе квантитативтік әдіс
Типологиялық зерттеу практикасында Дж. Гринберг енгізген индексация әдісі (типологиялық индекстер әдісі) немесе квантитативтік әдіс ерекше орын алады.
Сандық көрсеткіштерді қолдану әдісіне қарай квантитативтік деп аталатын өз әдісінің негізіне Дж. Гринберг сандық индекстер алатын кейбір қасиеттер мен нышандарды алды. Өз есептеу нәтижесін Дж. Гринберг 100 сөзден тұратын мәтін негізінде төмендегі параметрлер бойынша алды:
Бірінші параметр – синтез деңгейі немесе сөздің жалпы күрделілігі. Егер де зерттелген мәтіндегі морфемалар санын М әріпімен белгілесе, ал сөздер санын – W әріпімен белгілесе, онда M/W қатысы синтездің көрсеткіші болып табылады және синтетикалық индексі деп аталады.
Екінші параметр – бұл байланыс әдістері. Егер А әріпімен агглютинативті конструкцилар санын белгілесе, aл J әріпімен морфемалар арасындағы тігісті белгілесе, A/J қатысы сөздің дәнекерлену деңгейінің көрсеткіші болып табылады және агглютинация индексі деген ұғымға ие. Дж. Гринбергтің ойынша агглютинациясы жоғары индексті тіл агглютинативті тіл, ал агглютинациясы төмен индексті тіл фузионды тіл, яғни флективті тіл.
Үшінші параметр – сөз жасаушы және сөз өзгертуші морфемалардың көп таралғандығы. Егер R зерттеліп отырған мәтіндегі түбір морфема санына тең болса, ал W – сол мәтіндегі сөз санына сәйкес болса, біз R/W қатысын аламыз, яғни сөз түзу (күрделі сөз түзу) индексі болады. Егер аталмыш мәтінде барлық деривациялы морфемаларды белгілесе, D/W қатынасы тілдің сөз жасау мүмкіндігінің көрсеткіші болып табылады.
Төртінші параметр аффикстердің түбірге қатысын сипаттау үшін қолданылады. Егер де префикстерді Р символымен белгілесе, онда P/W қатынасы, яғни префиксалдық индексі префикс санының сөз санына қатынасын көрсетеді. S/W қатынасы, яғни суффиксалдық индексі суффикс санының сөз санына қатынасын көрсетеді.
Достарыңызбен бөлісу: |