Лингвистикалық ілім тарихы



бет4/5
Дата28.01.2018
өлшемі1,59 Mb.
#34352
1   2   3   4   5

5 Кеңестік тіл білімі
Кеңес өкіметі орнауының алғашқы жылдарында тіл білімі алдына қойған ең басты міндеттердің бірі - бүкіл халықпен бірлесе отырып елдегі сауатсыздықты жою, жер-жерде ашылып жатқан оқу орындарына қажетті оқулықтар жазу, өзіндік жазуы жоқ ұсақ халықтардың өз тілдерінің дыбыстық жүйелеріне лайықты жазулары болуына, емлесінің, жазу тілінің қалыптасуына жәрдемдесу болатын. Тіл ғалымдары бұл міндеттерді абыроймен іске асырды.

Жер-жерлерде әр түрлі дәрежедегі оқу орындарының көптеп ашылуы, олардағы оқыту істерінің алғашқыда әр халықтың өз тілінде жүргізілуі, ана тілінің оқу пәндерінің бірі ретінде оқытылуы - одақ көлеміндегі тілдердің грамматикалық құрылыстарын зерттеуді, олардың практикалық және ғылыми грамматикаларын жазуды күн тәртібіне қойды. Күрделі де қиын бұл міндетті де тіл ғалымдары абыроймен орындады. Соның нәтижесінде одақ көлеміндегі жалпы білім беретін оқу орындарының барлығы да ана тілінде жазылған грамматикалық оқулықтарға ие болды, қырық-елуден астам тілдердің академиялық грамматикалары жарық көрді.

Тілдің грамматикасын жазу үшін әр тілдің өзіне тән нормасын айқындау қажет болады. Ол үшін тілдің диалектілік ерекшеліктерін, грамматикалық, тілдік норма етіп, ол ерекшеліктердің қайсысын қолданудың жөн болатындығын айқындау қажет. Осыған байланысты кеңес тіл ғылымында диалектологиялық зерттеу де кең көлемде етек алды. Одақтағы көптеген тілдердің диалектілік сөздіктері, диалектологиялық карталары жасалды.

Бұл жұмыс тек норманы, тілдегі диалектілерді айқындаумен ғана шектелген жоқ, соларға қоса жер-жерде әр халықтың ұлттық әдеби тілін қалыптастыру, оның өткені мен қазіргі күйін, болашақ бағыт-бағдарын зерттеу жұмыстары да қарқынды жүргізілді. Жер-жерде әдеби тілдің теориялық және практикалық жақтарын жан-жақты қамтыған көптеген зерттеулер дүниеге келді.

Айтылғандар жалаң болмау үшін қазақ тілі мысалдарымен толықтыра түсейік. Қазан төңкерісіне дейін түркі халықтарының біразы, солардың ішінде қазақтар да араб жазуын қолданды.

Ислам дінінің енуіне байланысты ІХ-Х ғасырлардан бастап түркі халықтары арасына тараған араб жазуы жергілікті халықтар тілдерінің дыбыстық ерекшеліктеріне сәйкестендірілмей, арабтар қалай қолданса, сол қалпында өзгеріссіз түркі тілдерінде де қолданылды. Өйткені өз заманында қалыптасқан ұғым бойынша араб тілі канондық тіл деп есептелді, сондықтан оны озгертуге арабтарға тәуелді болған халықтардың құқы болмады. Сол себептен консонанттық принципті араб жазуы түркі тілдерінің дыбыс жүйесіне сай келмеді. Бірақ соған қарамастан ол он шақты ғасыр бойы түркі халықтарының, солардың ішінде қазақ халқының да мәдени-рухани дамуына қызмет етіп келді.

XIX ғасырдың екінші жартысында қазақ даласының әр жерінен миссионерлік мақсатта болса да, орысша-қазақша мектептер ашыла бастағаны, бірді-екілі болса да мерзімді баспасөздің алғашқы қарлығаштарының көріне бастағаны белгілі. Қазақ тілі де араласатын дүниеге келген бұл жаңалықтар енді сол тілдің жазба тіліне икемделуін, өзіндік жазуы болуын қажет етті. Бұл қажеттілік аталған мәселелерді шешуді алғаш рет күн тәртібіне қойды, мерзімді баспасөз беттерінде пікір алысу орын алды. Қазақтың тұңғыш тіл ғалымы Ахмет Байтұрсынұлы араб жазуын өзгертіп, соның негізінде қазақ тілінің ұлттық жазуын қалыптастыруды Қазан төңкерісінен бұрын қолға алған болатын. А.Байтұрсынұлы қазақ әліппесі 1915-жылдың өзінде қазақ халқының ұлттық жазуы деген атқа ие болып, 1929-жылға дейін ел өмірінің барлық саласында да кең қолданылды. Қазақ тілінен мектептерге арналған тұңғыш оқулықтарды жазған да А. Байтұрсынұлы болды. Оның «Тіл құралы» деп аталған оқулықтары 1914-жылдан бастап 1928-жылға дейін бірнеше рет қайталанып басылды. Сондықтан А.Байтұрсынұлын ана тілімізде дамыған қазақ тілі білімінің атасы, бас ғалымы дейміз.

Ресейдің әлемдік тіл ғылымына теориялық мәнді ештеңе қоса алмағаны, Батыста қалыптасқан әр түрлі лингвистикалық мектеп пен әдіс-тәсілдерді қайталаудан аса алмағаны белгілі. Бірақ соған қарамастан Кеңестік дәуір дүниеге келген күннен бастап, "ескі дүниені талқандап, жаңа дүние жасаймыз" деген тәрізді өркөкіректікке, астамшылыққа салынып, Батыстағының бәрі жаман, бәрі зиянды деп лепірушілік етек алды. Бұл салада бірінші болып қолға алынған мәселе тіл білімінің философиялық негізі, тілдің әлеуметтік мәні жайындағы мәселе болатын. Бұл отан ғылымының, солардың ішінде тіл білімінің де негізі - марксистік диалектикалық материализм деп жарияланды. Сөйтіп, осы негізде Кеңестік жаңа тіл білімін қалыптастыру талабы қойылды, оны қалыптастырушылардың жолбасшысы, көсемі болып, Н.Я.Марр Кеңестік тіл білімі әлеміне көтерілді.

Н.Я.Марр - иберий-кавказ тілдерінің маманы. Ол алғашқыда бұл тілдердің туыстық төркін, олардың семит тілдерімен байланысын зерттеді де, келе-келе өз теориясын "яфет теориясы" деп атады. "Яфет" деген терминді басында Н.Я.Марр бүкіл Кавказия, Жерорта теңізі бассейндеріндегі толып жатқан тілдердің бәріне ортақ шартты атау ретінде қолданған да, артынан осы тілдерді зерттеуден туған өз тұжырымдарын "Яфет теориясы" деп атаған. Бұл атау бертінірек келе "Тіл туралы жаңа ілім" деген атаумен ауыстырылды. Бірақ әдебиеттерде бұл екі атау кейде бірінің орнына бірі қолданыла берді.

Н.Я.Марр бастаған "Тіл туралы жаңа ілім" өз қадамын революциядан бұрын үнді-еуропалық тіл білімі деп аталатын ғылымды кеңестік дәуір талабы тұрғысынан қайта қарап, үнді-еуропа тіл біліміндегі сол кездегі қайшылықтардың, тоқырашылықтардың біразын дұрыс көре білді. Бұл бағыттың буржуазиялық тілдерде бірсыпыра мәселеде реакциялық, нәсілдік бағытта болып, отар елдер мен аз ұлттарды, олардың тілдерін кемсітіп, қорлайтындықтарын ашық айтты. Шынында да, әсіресе XX ғасырдың бас кезінде үнді-еуропа семьясына жататын тілдерде сөйлеуші халықтарды жоғары бағалау, бүкіл мәдениетті, ғылымды жасаушы солар, прогресс соларға тән қасиет, басқа халықтар жараталысынан дамуға икемсіз, кері-тартпа дейтін шовинистік бағыт едәуір етек алды.

Халықтар достық, тең құқылыға туын көтере дүниеге келген кеңестік құрылыс мүддесіне, жаңа идеяға қызмет етуді мақсат еткен Н.Я.Маррдың ондай жат идеяға қарсы күресуі, әрине, табиғи нәрсе еді. Бірақ осы сын келе-келе салыстырмалы-тарихи тіл білімінің пайдалы жағынан да бас тартып, тіл біліміне марксизмге тән емес дөрекілік, асқақтаушылық, менмендік әсер тигізді

Н.Я.Марр тіл туралы жаңа ілімді яфет тілдерін жан-жақты зерттеу, оның басқа семьядаға тілдермен қатынасын айқындау негізінде ғана қалыптастыруға болады деп санады. Ол қалыптастырған "Жаңа ілімінің" өзіндік жүйесі, бағдарламалық бағыты, концепциялары болды. Бірақ олар Маркстің қоғам дамуына байланысты айтылған қағидаларын ешбір өзгеріссіз тілге де қолданғандықтан, бірсыпыра қате тұжырымдар жасалды:

1.) Марксизм - құлдық, феодалдық, капиталистік қоғамдар -


таптық қоғамдар. Бұларда адамдар қанаушы, қаналушы таптарға бөлінеді, таптан тыс адам болмайды десе, Н.Я.Марр осы
қағиданың көмегімен таптық қоғамдағы тіл де таптық болады, қанаушы таптың өз тілі, қаналушы таптың өз тілі болады, жалпыхалықтық тіл деген жалған сөз деді;

2) Марксизм - қоғамның саяси, құқықтық, діни, көркем


өнерлік, философиялық көзқарастары - қоғамдық базистің
қондырмалары, базис жойылумен бірге бұлар да жойылады, бұл
жаңа базистің өзіндік қондырмасы болады, ескі базис тұсындағы қондырма жаңа базис мүддесіне қызмет ете алмайды десе,
Н.Я.Марр тіл де қоғамдық қондырма, ол қоғамдық базиспен
бірге жойылып отырады, феодалдық базис тұсындағы тіл капиталистік базиске, капиталистік базис тұсындағы тіл социалистік базиске қызмет ете алмайды, қоғамдық формациялардың әрқайсысының өзіндік тілдері болады деді;

3) Н.Я.Марр - дыбыс тілі адам қоғамымен бірге туған құбылыс емес, дыбыс тілсіз де қоғам болған, дыбыс тілі қоғам мүшелері түрлі таптарға бөлінген кезеңде пайда болған және ол алғаш дүниеге келгенде адамдардың бір-бірімен қатынас жасау құралы ретінде емес, магиялық құрал ретінде, тайпа көсемімен қатынас жасау құралы ретінде шыққан, оны тек бақсы-балгерлер, тайпа көсемдері ғана қолданған, адамдардың бір-бірімен қатынас жасауының алғашқы құралы - қол тілі болған дейді. Ал марксизм дыбыс тілі адам қоғамымен бірге туып, қатар жасап келеді, қоғамсыз тіл болған емес. Дыбыс тілі тілсіз қоғам, адамдар қатынасының ең маңызды құралы дейді;

4) Н.Я.Марр тіл зерттеуде төрт түрлі элементке негізделген палеонтологиялық талдау әдісін қолдануды ұсынды. Бұл әдіс бойынша дүние жүзіндегі тілдердің барлығының шығу төркі, глоттогониялық үрдісі бір. Олардың барлығы да о бастағы сал, бер йон, рош деген төрт элементтен тарайды. Бұл элементтердің қалдығын қазіргі заман тілдерінің қай-қайсысынан болса да табуға болады деді. Бірақ бұл бос болжам еді.

5) Марксизм қоғам өзінің даму тарихында төрт түрлі қоғамдық; формациядан (алғашқы қауымдық, құлдық, феодалдық, капиталистік, соцалистік қоғамдар) өтеді. Дамудың бұл формациялары қоғамдық бірліктің барлығына да тең, барлығы
да осы сатылардан өтеді, бір ізді болады десе, Н.Я.Марр осы
қағиданы тілге қолданып, тілдің дамуында да әр түрлі формацияға лайық әр түрлі сатылар болады, тіл сатылық жолмен
дамиды, бірі өткен сатыдан тілдердің басқалары да өтуге
міндетті, тіл атаулының барлығы да дамудың бір ғана жолмен
жүреді деді;

6) Марксизм қоғам дамуы тек эволюциялық жолмен ғана
жүрмейді, алдыңғы қоғамдық формация кейінгі қоғамдық формацияға орнын өз еркімен, бейбіт жолмен бермейді, соңғысы
алдыңғыны күшпен, революциялық жолмен құлатуы, эволю
циялық дамудың революцияға айналуы сияқты секірмелі болады десе, Н.Я.Марр осы қағида ізімен тілде дамудың бір сатысынан екінші сатысына өткенде революциялық секіру жолымен, бұрынғы тіл кенет жойылып, оның орнына мейлінше жаңа тіл пайда болады, тілдердің сатылық өзгерістерінде, яғни жаңа тілдің пайда болуында тілдер тоғысуының шешуші мәні бар, тоғысқан екі тілдің екеуі де жойылып, оның орнына бастапқылардың ешқайсысына ұқсамайтын жаңа, үшінші тіл пайда болады деді;

7) тілдердің дамудың қай сатысында тұрғанын білдіретін
негізгі көрсеткіш - тілдік элементтердің семантикасы, сондықтан семантика тіл білімінің ең негізгі объектісі болады дегенді
айтты.

"Тіл туралы жаңа ілімнің" негізгі бағдарламалық концепция-лары болып есептелетін бұл тұжырымдардың қай-қайсысы да қоғам жөніндегі ілімнің мәніне жете түсінбей, оны тіл мәселелеріне теріс қолданудан туған жаңсақ қорытындылары еді. Бірақ осы қате тұжырымдар 1950 жылға дейін отан тіл білімінде үстем болып келді. Кеңес тіл ғалымдары өз зерттеулерінде оларды басшылыққа алуға міндетті саналды.

Лингвистикалық бұл мектепті қалыптастырушы, бұрыннан да ғылыми беделі, ұйымдастырушылық тәжрибесі бар Н.Я.Марр 20-жылдар ішінде-ақ көрнекті марксшіл тіл ғалымы ретінде танылды. 20-жылдардың аяқ кезінен бастап оның ілімін жақтаушы тіл ғалымдарының тобы құрыла бастады. Бұл топ өздерін Н.Я.Маррдың шәкіртіміз деп санады. Елдегі тіл білімін басқару органдары бірте-бірте "Тіл туралы жаңа ілімді" жақтаушылардың қолына көшті. Олар кеңестік тіл біліміндегі істің жайын аздап та болса сынауға, тіпті тіл біліміндегі "жаңа ілім" дегенді сынау жөніндегі болмашы әрекеттің өзіне тыйым салып, Н.Я.Маррдың мұрасына сын көзімен қараған, оның ілімін мақұлдамаған зерттеушілерді қуғындап отырды. Бұл кеңес тіл білімінің дамуын кенжелетіп, тұйыққа тірей бастады.

Партияның орталық органы "Правда" өзінің 1950 жылға 5- мамырдағы санында сын және өзара сын арқылы кеңес тіл біліміндегі тоқыраушылықты жойып, бұл саладағы ғылыми жұмысқа дұрыс бағыт сілтеу үшін еркін айтыс жариялайтынын хабарлады. Айтыс мақалалары "Правда"-ның 4-шілдеге дейінгі 9 санында жарияланды. Айтыс бүкіл кеңес интеллигенциясының, әсіресе барлық кеңес тіл ғалымдарының назарын аударды.

Айтысқа өздерін Н.Я.Маррдың шәкірттеріміз дейтіндер де, оларға қарсылар да бірдей дәрежеде қатысты. Пікірлер таласы тіл білімінің ең негізгі, өзекті мәселелерінің айналасында болды. Ол тіл білімінің ең маңызды мәселелері жөніндегі көзқарастардағы жөнсіздіктерді, оны әшкерлеуге талаптанушылардың "жаңа ілімді" жақтаушылар тарапынан қысым көргендігінің бетін ашты.

Тіл біліміндегі айтыстан кейін кеңес тіл білімі ұйымдық, басқарушылық жағынан қайта құрылды. Бұл кезде тіл зерттеуші ғалымдарымыздың ерекше назар аударған мәселесі. Тіл туралы жаңа ілімнің" қателіктерін, оның тигізген зиянды зардаптарын жан-жақты ашып көрсету болды. Бұл іс мақалалар жариялау арқылы да, орталықта болсын, одақтас республикаларда болсын тіл мәселелеріне арналған кеңестер өткізу арқылы да жүргізілді. Осы жұмыспен қатар қолға алынған тағы бір маңызды мәселе "Тіл туралы жаңа ілім" үстем болып тұрған кезде көпшілікке теріс түсіндірілген салыстырмалы-тарихи әдістің шын сипатын, тіл зерттеуде тигізетін пайдасын, оны қолданудың жолдарын саралап түсіндіру болды.

Айтылғандарға қоса ұлттар мен тілдері туралы мәселе де күн тәртібінен түспеді. Бұған Ресейдің көп ұлтты мемлекет болуы себепші болды. Мұндай атаққа Ресей өзінің шектен асқан отаршылдығы, айналасындағы көрші ірі-ұсақты ұлттарды аяусыз жаныштап, отарлану нәтижесінде ие болғаны белгілі. Мұндай озбырлық дәмін үш ғасырға жуық уақыт бойы қазақтар да тартты.


5.1 Түркі тілдері туралы ғылым

Түркі республикалары басқа да көптеген мәселеде Ресей ауқымында болғаны сияқты тілдері туралы ғылымда да оны жетекші, көшбасшымыз деп санады, соған жалтақтап келді. Одақтық ғылым академиясы жанындағы "Түркология" секторын өздерінің ғылыми бас штабымыз деп санады, соның айналасына топтасты.

Түркология - жалпы Шығыстану ғылымының бір саласы. Шығыстану ғылымына араб, иран, монғол, қытайтану ғылымдары енеді. Түркология-түркі халықтары туралы ілім. Ол түркі халықтарының тілін, әдебиетін, тарихын, этнографиясын зерттейтін ғылымдар қосындысы ретінде Ресейде XVIII ғасырдың екінші жартысынан бастап қалыптасқан. Түркология - өте күрделі ғылым. Онымен тарих, философия, этнография, археология, лингвистика, әдебиеттану сияқты көптеген ғылымдар айналысады. Аталған ғылымдар өкілдері жазған еңбектер де мол. Қазірде түркология бұрынғыдай өте кең мағынада емес, негізінде, түркі халықтарының тілдері мен әдебиетін, тарихы мен мәдениетін зерттейтін ғылым мәнінде қолданылады.

Түркология ғылым атауы ретінде "түрік", түркі деген сөздер негізінде пайда болған. "Түрік, түркі" атаулары түркі халықтарының көне жазбаларында өте ертеден бар, ал еуропалық жазбаларда біздің заманның X ғасырынан басталады.

"'Түрік " сөзінің этимологиясы белгісіз. Ғалымдардың айтуына қарағанда, ол батыр, күшті деген мағынаны білдірген.



"Түркі" ертеде этникалық атау ретінде қолданылмаған, әрқайсысының өздеріне тән этникалық атаулары бар тайпалардың саяси бірлестігінің аты болған. Ертедегі әскери шонжарлар "түркі" деп аталған. Келе-келе түріктер басшылығымен біріктірілген тайпалар түріктер деп аталған да, түрік этникалық атауға айналған.

"Түрік" сөзін өзінің этникалық, ұлттық атауы ретінде иемденген және күні бүгінге дейін сол мағынада қолданатын түрік республикасында тұратын, "Осман түріктері" деп аталатын бір ғана халық. Ал "түркі" деген сөз - "түрік" атауы сияқты бір ғана халыққа, ұлтқа тән атау емес, ол - әрқайсысының өздеріне меншікті ұлттық атаулары бар түркі халықтарының бәрін қамтитын атауы. "Түркі" - бір ғана халықтың атауы мәнінде қалыптасқан "түрік" атауымен шатастырмау, барлық түркі халқы Осман түрігінен тараған екен деген теріс ұғым тумау үшін, түркологияда үстіміздегі ғасырдан бастап қолданылып жүрген, әбден орныққан ғылыми термин.

Ертеректе түркі халқын гректер - скиф, қытайлар - гунн, ирандар - сақ деп атаған. Түркология дербес ғылым ретінде Ресейде қалыптасты. Олай болуының географиялық та, саяси да себептері бар. Географиялық жақтан алғанда түркі халықтары көне заманнан Ресеймен көрші ел, саяси жағынан соңғы уақытқа дейін Шығыс славяндармен бір мемлекет құрамында болып келді "'Түркі тілдері" деген жалпы атау, оның құрамына түркі тілдес 30-ға тарта ұлттар мен этникалық топтар енеді. Солардың бірі - қазақтар. Түркілер - дамудың талай қиян-кескі өткелдерінен өткен көне халық, қазақтар да солай. "Арғы атам ер түрік" деп М.Жұмабаев айтқандай, қазақ халқының арғы тегі, түпкі төркіні - түркілер. Түркілердің бір бөлігі, бір тармағы болғандықтан, олар өткен тарихтық өткендерден қазақтар да өтті. Осы себептен де қазақ халқының азаматтық, тілдік, рухани тарихы, белгілі шамада болса да, жалпытүркілік тарихпен сабақтасып жатады. Сондықтан түркілер тарихынан, түркология қағидаларынан хабардар болмайынша, туған халқымыздың, тіліміздің тарихын жете білу мүмкін емес.

Қазақ тілі туыстық белгілері жағынан да, типологиялық белгілері жағынан да түркі тілдерімен бірлікте. Оның қалыптасу, даму тарихы жалпы түркі тілдерінің тарихымен тығыз байланысты. Осы себептен де қазақ тілі білімі Отандық түркологияның бір саласы болып есептеледі. Отандық түркологияның табыстарына, жетістіктеріне қазақ тілі білімі де ортақ, ол сол табыстарға сүйенеді, соны басшылыққа алады. Сондықтан түркология тарихын білмейінше, қазақ тілі білімінің тарихын жете білу мүмкін емес. Осы себептен де түркі халықтарының ертедегі тарихын білу деген - өз туған халқымыздың тарихын білу деген сөз, сол сияқты, жалпы түркі халықтары тілдерінің, яғни түркі тілінің ертедегі тарихын білу деген сөз ана тіліміздің тарихын білу деген сөз. Түркологияны білудің қажеттігі міне осында.

Түркі тілдерінің бір негізден тараған өзара туыстас тілдер екендігі олардың морфологиялық формалары мен синтаксистік тәсілдеріндегі бірліктен, жақындықтан да, дыбыстық жүйелері мен негізгі сөздік қорындағы бірлік пен жақындықтан да байқалады.

Туыстық жақтан бір топқа жатқызылғанымен, түркі тілдерінің бір-бірімен жақындық дәрежелері бірдей емес: олардың ішінде бір-бірінен шамалы ғана өзгешелігі бар, сөйлеушілері бір-бірімен тілмашсыз-ақ түсінісе алатындары да, тілмашсыз сөйлессе, түсін.се алмайтын алыстары да бар.


6 Әлем тіл білімінің жаңа бағыттары
6.1 Тілдің коммуникативтік – іс-әрекеттік қызметі

Сөйлеу актілерінің теориясы (сөйлеу іс-әрекетінің теориясы) Джон Л. Остин (1962) мен Джон Р. Серлдің шығармасы болып танылатын күнделікті тіл философиясының қайнарында туған. Бұл теорияда не істейтініміз, сөйлейтініміз жайлы түсінік беріледі. Бұл теория бастапқыда тіл философиясы мен прагматикалық бағдардағы жалпы қызмет теориясында, кейін ғана лингвисканың бірқатар бағыттарында дамыған.

Сөйлеу актілерінің теориясында бүгін семантикалық бағдарланған және прагматикалық бағдарланған екі ағым байқалады. Сөйлеу актілерінің құрылымдары генеративтік семантика тұрғысынан да зерттелуде (Джерролд М. Сердюк).

Сөйлеу актісінің таксономиясы саласы мен оны түсіндіруде сандаған модификациялар пайда болды (Д. Вундерлих, Т. Баллмер В. Бреннен Штуль, Д. Вандервекен, Дж. Версурен, М. Бирвиш, Ж. Фоконье, Ф. Реканати, Ф. Капер және т.б.).

Сөйлеу актілерінің теориясы коммуникативтік грамматика, дискурс талдауы, консервациялық талдау (әсіресе оның неміс түрі сөйлеуді талдау) проблемаларының жасалуына ықпалын тигізді. Қазір сөйлеу актілерінің теориясы кеңінен түсінілетін лингвистикалық прагматикаға енеді. Идеяларының жасанды интеллект жөніндегі еңбектерге кіргені байқалады.

Прагмалингвистика (лингвистикалық прагматика) айтушы / жазушы мен тыңдаушы / оқушы өзара карым-қатынасқа түсетін белгілі бір коммуникативтік-прагматикалық кеңістікте қолданылатын тіл бірліктерінің арақатынасы мен шартын және сипаты үшін қатынас актісінің мақсаты мен күтіліміне байланысты сөйлесу орны мен уақытының нақты көрсетулуінің маңыздылығын нысан етіп алған лингвистикалық зерттеу саласы ретінде бөлінеді.

Прагмалингвистика тіл сипатына акциональдық (қызметтік) аспект енгізді. Қатысушыларды қоса отырып, динамикалық, процессуальдық аспектіде белгі жағдайы (семиозис) құрылымын зерделеуді мақсат тұтқан семиотика жөніндегі алғашқы еңбектерде прагматика ұғымы пайда болады (Ч. Дирс, Ч. Моррис).

Прагматикада екі ағым бар: а) тіл бірліктерін (мәтіндерді, сөйлемдерді, сөздерді; сол сияқты фонетикалық-фонологиялық сала құбылыстарын) прагматикалық әлеуетін жүйелі зерттеуге бағытталған және ә) коммуниканттардың тілдік қатынас үрдісіндегі бір-бірімен қатынас, көбіне коммуникатоцентристік (автоцентристік) коммуникативтік модельдер бойынша құрылған қатынастарды зерделеуге бағытталған.



6.2 Психолингвистика мен нейролингвистика

Психолингвистика жеке пән ретінде ХХ ғасырдың 50-жылдарында псигологиялы бағыт арнасында туып, сөйлеу қызметінің (сөйлемнің тууы, түсінілуі немесе қабылдануы) процестері мен механизмдерін тіл жүйесіиен байланыстыра зерттеуді мақсат етіп қояды.. Тілде адамның сөйлеу қызметін (сөйлеу әдебін) қамтамасыз ететін динамикалық, «жұмысшы» жүйе ретінде түсіндіру оған тән. Ол тіл бірліктерінің (дыбыстар, сөздер, сөйлемдер, мәтіндер) өзіне емес, сөйлеуші үшін психологиялық анықтама, сөйлемдерді туу мен түсінікті болу актілеріне, солсияқты тілді меңгеруге бағытталған. ОЛ индивидтің сөйлеу қызметінің модельдері мен психофизиялық сөйлем ұйымдастыруын жасап, оларға сынақтақ тексеруді жүргізеді.

«Таза» лингвистика әдістері жеткіліксіз болған жағдайда психолингвистика өзінің практикалық міндеттерін шешеді. Әлдебір бөгет жағдайларындағы, белгілі бір себептерімен, қалыптан тыс кезде қатынас қиындағанда, мысалы, сәбілердің сөзі, түрлі патологияда, шет тілін жете білмегенде, көңіл күй сезіміне берілгенде, байланыс арнасында немесе жасанда адам – компьютер жүйесіндекедергі пайда болғанда, тілдің «қалыптан тыс» формалары – қарапайым тіл, сленг, жаргон, жергілікті говор қолданылғанда сөзге ерекше назар аударады.

Психолингвистиканың туғаны туралы ресми түрде 1953-1954 жылдары. АҚШ-та психология, лингвистика ақпарат теорясы мамандарының (Ч. Осгуд пен Т. Себеок, 1954) бірлескен семинар жарияланды. Семинарға қатысқандар басында дескрептивтік лингвистикаға арқа сүйемек болған, бұдан кейін когнитивтік лингвистикаға ауысты. Тиісінше жекелеген сөздерді зерттеуден т рансформациялық аспекте сөйлемді зерделуге, ең сонында мәтінге (дискурске) кошті. Американдық психолингвистиканың бастапқы тірегі Ч. Остгуд, Д. Миллер, Д. Слобин және басқалардың необихевиористік тұжырымдасы, одан кейін когнитивтік психология мен білімнің құрылымдарын (когнитивтік құрылымдар) зерттейтін тұтастай когнитология болды

Германия, Франция, Польша, АҚШ және басқа көптеген психолингшвистикалық проблемалар белсенді зерттеуде.

Нейролингвистика натуралистік (биялогиялық) тіл білімнің арнасында нейрология (нейрофизиялогия бөлімінен), психология мен лингвисканың тоғысында туып, тіл жүйсін, тіл әдебінің ми субстратымен қатынаста зерделейді. Орта ғасыр дәуірінен бері миға зақым келгенде тіл әдебінің бұзылуы қадағалайды. Жүйелі зерттеу ХІХ ғасырдың екінші жартысынан баслған. А. Шлайгер, Г. Вернике, И. Бодуэн де Куртене, В.А. Богородицкий, Л.В. Щерба, Р.О. Якобсон, Л.Р. Зиндер және басқалары тіл патологиясы фактілеріне назар аударған. Замани ғылымда адамзат тілініңглоттогенезін, функциясы мен даму процестерін түсіну үшін биялогиялық факторларға жиі көңіл бөлуде. Мұндайда социология, антропология, этнология, психология, палеоневрология, тілдердің тарихи типологиясы, семиотика, куинематика мәліметтерді ескерді. Тілдің көй деңгейлі жүйесінің құрылысы мен генетикалық кодтың кей деңгейлі құрылымындағы ұқсастықты табуға көп талпыныс жасалуда (Р.С. Якобсон, Вяч. Вс. Иванов). Хайуандардың белгіні түсінуіне сандаған бақылау жасалынып,оларды адам тіліне үйрету тәжірибесі жүргізілді.

Когнитивтік лингвистиканың тууы АҚШ-та 50-шы жылдарының сонында ындыландыру мен реакция терминдерінде мінез-құлықты зерттеудің бихевиористік әдістемелігіне реакция болып табылады. Олар кейінірек Европада пәнаралық бағыт ретінде таралып, өкілдері тілді, білімді меңгеріп, пайдалану кезіндегі ментальды процестерді зерттеуді мақсат етіп қойған. Мінез-құлық ретінде ментальды процестерді зерттеудегі аралық буынның ролі. Когнитивтік (ментальдық құрылымдар ойлау, ақпаратты жинау, сөйлемді түсіну мен құрастырупроцестерінде адаидар қолданатын когнитивтік стратегияларды талдау жолымен зерттеледі. Зерттеулер 70-80 жылдары белсенді жалғасты (У.К.Эстес, П. фон Геерт, Д.У. Ховарт, Т. Бивер, Й. Байер, М. Бирвиш, Ф. Саша, С. Каннгиссер, Г. Рекхайт). «Language and cognition» журналы шығып тұрады.

Р.Лангакер негізіне когнитивтік өндеу үрдістері туралы түсінік қаланған лингвистикалық сипаттау тұжырымдамасы ретінде когнитивтік грамматиканы құрды (1986). Оның өкілдері грамматиканы автономды жүйе ретінде танудан бас тартып, оған ұғымдық мазмұнды құрастыру мен символизациялау үрдістерінде көмекші роль береді. Лексокологиялық, морфологиялық және синтаксистік бірлестіктер түрлі түзілімдерге еркін енетін бірліктер ретінде анықталады. Мән мен концептуализация ұқсастандырылады, қарапайым когнитивтік салаларға (уақыт пен кеңістікті эмпиристік білу, т.с.с.) қатысты ғана семантикалық құрылымдар сипаттамасының ықтималдылығын көрсетеді Белгілі бір перцептуалды немесе концептуалды берілген жағадайды түрлі (тілге қарай) категоризациялау мүмкіндігін анықтауды когнитивтік лингвистика өзіне міндет етіп қояды.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет