Ә. Бөкейхановтың саяси мұрасының негізі — ұлттық және мемлекеттік өзін-өзі билеу идеясы, бұл идеяны Бөкейхановтың өзі мен оның жақтастары құрап, оны жүзеге асыруға аямай күш салып, 1917 жылдың желтоқсанында «Алаш Орда» мемлекетін жариялады. Ақыры соңында осы үшін өздерінің өмірлерінен айырылды.
Қазақ зиялылары қазақ халқының империя құрамында өзгелермен тең құқықты болуына қол жеткізу жолында күресті. Олар қазақ мемлекеттілігін қалпына келтірудің әдіс-амалдарын қарастырды, өз халқының отаршылдық езгіден азаттық алу жолындағы күресіне көмектесуге ұмтылды. XX ғасырдың басындағы қазақ зиялылары Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов, М. Тынышбаев, М. Шоқай, X. Досмұхамедов, Ж. Досмұхамедов, Ә. Ермеков, Ж. Ақбаев, О. Әлжанов, т.б. танымал тұлғалар ұлтты басқа халықтармен терезесі тең даму жолына бастай білді. Ұлт зиялылары қазақ қоғамының оянуына жәрдемдесіп, халықтың құкықтық, эстетикалық санасы мен өнегелі ой-өрісіне зор ықпал етті. Олар өз үлгі өнегесімен қазақтың болашақ қоғам қайраткерлері М. Жұмабаев, С. Сәдуақасов, Қ. Кемеңгеров, Ж. Аймауытов, М. Әуезов, А. Сейітов, X. Болғанбаев сияқты көптеген жас ұрпақты тәрбиелеп өсірді.
Қазақ зиялылары өздерінің мақалалары мен шығармаларын Қырым татарларының «Тәржіман», Еділ бойы татарларының «Ихтисад», «Шора», «Уақыт» және «Жұлдыз» сияқты басылымдарында жариялады. Онда патша үкіметі әкімшілігінің қазақтардың ежелгі заманнан бергі ата қонысын тартып алып, оларды жаппай қуып шығу саясатын сынады. Мақала авторлары сонымен қатар қазақ халқына христиан дінін күштеп таңып, оларды шоқындыруға, қазақтардың ана тілін қолданыстан ығыстырып шығаруға тырысқан келеңсіз әрекеттерге қарсы күресті.
Әлихан Бөкейханов 1917 жылдың 21—26 маусымында Орынборда I Бүкілқазақ съезін өткізіп, «Алаш» партиясы атқару комитетінің төрағалығына сайланады. Сол жылы Орынборда өткен «Алаш» партиясының II Бүкілқазақ съезінде «Алашорда» үкіметі құрылып, Ә. Бөкейханов оның төрағасы болып сайланды. Кеңес өкіметі кезінде ол бірыңғай ғылыми, әдеби, аудармашылық қызметпен айналысады. Жазықсыз қуғынға ұшырап, 1937 жылы ату жазасына кесіледі. 1989 жылы ақталды.
Аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым, публицист Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханов бүкіл саналы ғұмырын өз халқын отаршылдық езгіден азат етуге, тәуелсіз мемлекет құруға, ел-жұртына білім беріп, оны гүлдендіруге арнады.
Ә. Бөкейхановтың сенімді серіктерінің және ұлт-азаттық қозғалысына белсенді қатысушылардың бірі Міржақып Дулатов (1885— 1935) болды. Ол Торғай облысы Торғай уезінің Қызылбел атырабында дүниеге келген. Алғашқы білімді ауыл мектебінен алған. Торғайдағы екі сыныптық мектепте оқыған. 1904 жылы Омбыға барып, онда Ә. Бөкейханов және А. Байтұрсыновпен кездеседі, саяси қызметке белсене араласа бастайды. Патша отаршылдығына ашық қарсы шығып, жер мәселесін көтереді. Қазақтардан жерді тартып алуға, мұсылмандықты қудалауға тыйым салуды талап етеді.
1909 жылы «Оян, қазақ!» атты жыр жинағы жарық көреді. М. Дулатовтың бұл кітабын замандастары «Ұлттық манифест» деп атады. Автор қазақ халқының ауыр жағдайын поэтикалық түрде суреттей келіп, одан қалай шығудың жолын ұсынады. Ол қазақ даласында жаппай мешіттер мен медреселер ашуды, жастарға ислам рухында тәрбие беруді жақтады. Семей округтық сотының прокуроры былай деп жазды: «Оян, қазақ!» кітапшасы өзінің мазмұны жағынан қырғыз (қазақ. — авт.) жастарына арналған үндеумен тең, ол мемлекеттің қазіргі қоғамдық құрылысын құлатуға шақырады».
Халықтың саяси және әлеуметтік еркіндікке жетуі үшін отаршылдыққа қарсы аянбай күресу керектігін айтып, оның қуатты құралын оқу-білімнен көрді. Халықтың мүддесін қорғайтын саяси партия құру қажеттігін түсінді. Сипаты жағынан ұлттық-демократиялық бағыттағы «Алаш» партиясының құрылуына, оның күресінің түпкі мақсаттар мен күрес жолдарын анықтаған бағдарламасын дайындап қабылдануына белсене араласты. Құрылтай съезін (1917ж. 21-26 шілде) ұйымдастыруға қатысты. Ұлт мәселесін жер проблемасымен ұштастырып, қазақтарға тартып алынған құнарлы жерлер қайтарылуы тиістігін дәлелдеді.
Съезде талқыланған мәселелер бойынша А.Байтұрсыновтың ұстанымдары қазақ қоғамы үшін саяси маңызы зор, әлеуметтік мәні үлкен шешімдер қабылдауға ықпал етті. Съезде ол ұлттық-демократиялық сипаттағы қазақтың тәуелсіз мемлекетін орнату идеясын ұсынды. Бұл қазақ қоғамын дамытуда өркениетті елдердің даму тәжірибесіне негізделіп, эволюциялық өркендеуді басшылыққа алған балама жол болатын. Оның мақсаты казақ халқының өзін-өзі билеуге, әлеуметтік-экономикалық, саяси және мәдени проблемаларды, тағы басқа мәселелерді өзінің шешуіне қол жеткізу еді. Алайда, Ә. Бөкейхановтың Ресей құрамында автономиялық мемлекет құру жөніндегі пікірі съезд шешіміне негіз болды. Бұл шешім «Алаш» партиясының бағдарламасының бірінші тарауында былайша тұжырымдалды: "Россия демократиялық республика болады. Демократия мағынасы - халықтық өкімет билігі; федерация мағынасы - тең мемлекеттер одағы. Федеративтік республикада әр мемлекет автономды, бірдей құқық пен мүддеде басқарылады»1. «Алаш» партиясының бағдарламасында Ахмет Байтұрсыновтың да әлеуметтанымдық көзқарасын айқындайтынтұжырымдамалар жарияланды. Онда: «Земство басқармалары мен милицияда қызмет істейтіндер туралы мәселелерді халық шешеді. Партия халық үшін игілік пен мәдениет орнатуға тырысады... Партия кедейлерге - жолдас, қанаушыларға - жау деп қарайды... Дін мемлекеттенбөлінуі қажет. Салық байлықтың дәрежесімен жалпы мүліктік жағдайғасәйкес алынуы тиіс: бай көп мөлшерде, кедей аз мөлшерде төлейді. Халыққа білім беру - баршаның игілігі болуы керек. Барлық оқу орындарында оқыту тегін жүргізіледі»2, — деген биік мақсаттар белгіленіп қойылды.
1896-1901 жылдары қазақ сахарасының Семей, Ақмола облыстары 12 уезінің жерді пайдалану тәсілдерін зерделеп, қазақ даласына орыс шаруаларының пәрменді түрде қоныс аударуына қажет ғылыми негіз жасап беруге тиіс болған Ф. А. Щербина бастаған экспедиция ұйымдастырылып, Ә. Бөкейханов бастапқыда статист қызметін атқарады, оның зерттеу тобына кейін жетекшілік жасайды.
Экспедиция барысында алуан түрлі деректі материалдар жинады. Үй санын, қора, мал санын есепке алды. Экспедиция өзіне жүктелген міндеттерді біршама орындап шыққаннан соң сонда жиналған құнды материалдарды Ә. Бөкейханов топтастыруға, өңдеуге, оның ғылыми нәтижесін жазуға атсалысады. Есеп беру құжатын дайындауға қатысады. Жер мен өзен-көлдерді қартаға түсіреді. Қазақтардың тіршілік-тынысының негізгі тәсілі болған шаруашылық формаларына жан-жақты сипаттама береді. Бай мәліметтерге жүгіне отырып, ол Омбы, Қарқаралы, Семей, Павлодар өңірлеріндегі тарихи жерлерді картаға белгілейді. Шаруашылық түріне орай қалыптасқан қазақ қауымдастығын зерделей келіп, этностық қалыптасу процесін, тарихи шежіресін, ата қонысын анықтап жазады.
Экспедициядағы жұмыс Ә. Бөкейхановтың географиялық жағдайы әр түрлі аймақта тұратын қазақтардың әлеуметтік жағдайын жан-жақты, жете білуіне мүмкіндік жасап, патша үкіметінің бұл өлкеде жүргізіп отырған саясатының қазақ халқының мүддесіне сай еместігін әшкерелетеді, сөйтіп ол орыстың қоныстандыру саясатына табанды түрде қарсы тұрады.
1910 жылы Санкт-Петербордан шыққан "Қазіргі мемлекеттердегі ұлттық қозғалыстардың түрлері" деген жинақта "Қазақтар" деп аталатынкөлемді еңбегі жарияланды. Бұл еңбегінде казақ қоғамында қалыптасқансаяси-әлеуметтік жағдайдын себептері мен салдарларын, патша өкіметінің ұстаған отаршылдық, қоныс аудару саясатына қазақ халқыныңкөзқарасын, олардың қоныс аударутпы қара шекпенділермен арақатынасын, Алаш қозғалысының алға қойған мұрат-міндеттерін, т.б. маңызды мәселелерді талдап, сипатын, мазмұнын ашады.
Ә. Бөкейханов өзінің шығармаларында қазақ мемлекетінің қалыптасуы мен дамуының заңдылықтары мен тарихи кезеңдерін маңызды әлеуметтік-саяси процесс ретінде қарастырып, қазақтың үш жүзінің патшалық Ресейдің құрамына енуінің мотивтеріне назар аударады. Хан Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалысының түпкі мақсатын, оның әлеуметтік-саяси маңызын, жеңілу себептерін қарастырып, одан тағылым алады. Кенесары хан көтерілісінің сәтсіздігі Әлиханды өз халқын еркіндік пен тендікке жеткізетін күрестің жаңа жолдарын, әдіс-тәсілдерін іздестіруге септігін тигізді. Нәтижесінде ол күрестің екі жолын анықтайды: оның біріншісі - саяси күрестің бейбіт жолы саналатын парламенттік күрес әдісі еді. Екіншісі- дамыған халықтардың мәдениетін қабылдау жолы. Соның негізінде қазақ халқының өнері мен білімін дамыту, ұлттық жоне саяси санасын қалыптастыру еді. "Қазақтың ұлт болып еркениетті ел қатарлы өмір сүруі үшін, - дейді ол, - ең алдымен, халықтың сана-сезімін оятатын жағдай тудыру керек, қазақтың ұлттық тілін, әдебиетін өрістету керек. Өз әдебиетін қалыптастыруда табысқа жеткен халық қана азат өмір сүре алады2.
Осы жаңа стратегиялық бағыт Алаш қозғалысының лидері Ә.Бөкейхановтың және де басқа да қазақ зиялыларының саяси тәуелсіздікке буржуазиялық-демократиялық деңгейде қол жеткізуге болады деген түсінігін қалыптастырды. Кейін бұл көзқарасты тереңдете келіп, ұлт-азаттық қозғалыс жеңіске жетер болса, онда қазақ қоғамының мемлекеттік-саяси құрылысы батыс елдеріндегідей буржуазиялық-демократиялық құрылыс болады деген қорытынды жасайды.
Қазақ халқының ұлттық және саяси санасын көтерудегі және қоғамдық пікірді қалыптастырудағы баспасөздің рөлін жоғары бағалаған Ә. Бөкейханов ана тілінде газет басып шығару жұмысын ұйымдастырып, соның негізінде «Қазақ» газеті (1913) шықты. Газет өзінің төңірегіне қазақтың зиялыларын біріктіріп, олардың саясат, экономика, әлеуметтік және мәдениет туралы мақалаларын басып отырды. Ә. Бөкейхановтың 250 аса мақалалары, ғылыми зерттеулері осы басылымда жарық көрді1. Еңбектерінде қазақ халқының әлеуметтік жағдайын қарастырумен қатар, патшалық отарлауға қарсы жаңа өрлеу ала бастаған ұлттық қозғалысқа саналылық, ұйымдасқан сипат беру жолдарын қарастырды.
Ә. Бөкейханов Ресейдің заң шығарушы органы I Мемлекеттік Думаға депутат болып сайланған санаулы ұлт өкілдерінің бірі еді. Ол Дума мінбесін өз халқының түбегейлі мүдделерін қорғайтын орынға айналдыруды мақсат етті. Өйткені Дума қазақтардын маңызды проблемаларын шеше ме деген үмітте болды. Сондықтан Дума сайлануына үлкен мән берді, халыққа арнап оның мазмұнын ашатын еңбектер жазып, ақпарат құралдарында жариялап отырды. Мүның өзі халықтың саяси санасын көтеруде зор рөл атқарды.
Ә. Бөкейханов жер мәселесі төңірегінде жүргізіліп жатқан саясаттың әлеуметтік-экономикалық сырын ашып, қазақ халқына тигізетін оның ауыр салдарларын әшкерелеп отырды. Егіншілікке көшудің қазақтар үшін жағымды жақтарын жоққа шығармады. Бұл процестің эволюциялық жолмен жүруін қолдады. Ол өзінің осы көзқарасын былайша түсіндірді: «біздің ақылымызша, адам баласының шаруасы бірте-бірте қиыншылықпен, көп жылдарға созылады. Мал бағып, шаруа қылып келе жатқан жұрт, патша 15-тен жер берді деп, егінші бола қоймады. Мал шаруасы тымақ емес, төре келе жатыр деп қолға жұлып ашатын. Мал шаруасын тіршілік үшін ұстап жүрген жұрт 15-тен жер алса, үлкен аяққа тар етік киген болады. Біз қазақ-ау, 15-тен жер алмай тұрып жан-жағына қара дейтініміз содан, қазақ 15-ті алып, осы алақандай жерге мал бақпақ, бұған мал бағылмайды»1. Осы ой-пікірі арқылы Ә. Бөкейханов қазақтарға отырықшы норманың өздері үшін тиімсіз екенін ескертеді.
Ә. Бөкейханов К. Маркстің бірнеше еңбектерін оқып, қазақ тіліне аударған еді. Алайда, оның таптар күресі қоғамдық дамудың бірден-бір көзі деген ілімін, ондағы төңкерістің рөлі туралы қағидасын мойындамады. Демократиялық жағы басым болғандықтан Ақпан төңкерісі халқына теңдік әпере ме деген үмітпен уақытша үкіметтін қызметіне зор қызығушылық танытты. Сондықтан ол жаңа биліктің Торғай облысы бойынша комиссары болуға келісімін берді.
Алайда, Ә. Бөкейхановтың Ақпан төңкерісінен күткен үміті ақталмады. Кадет партиясының лидері бұратана халықтарға, соның ішінде қазақтарға автономия бермейтінін, Ресей империясының тұтастығын сақтайтындытын ашық айтты. Осы себептен Ә. Бөкейханов аталмыш партияның қатарынан шығып, қазақтың мүддесін көздейтін өз алдына жеке саяси партия құру қажеттігін түсінді және бұл идеясын жүзеге асыру үшін жер-жерде съездер өткізуді қолға алды. Жалпы қазақ съезі шақырылып, ол "Қазақ саяси партиясын" құру туралы шешім қабылдады. Сол шешімнің негізінде Алаш партиясының жергілікті комитеттерін құру процесі жүрді. Торғай, Ақмола, Семей, Орал және Жетісу облыстық партия комитеттері құрылып, халық арасында саяси жұмыстар жүргізді. Қоғамда қалыптасып отырған объективті жағдайларды ескере келе, Ә. Бөкейханов бастаған қазақ саяси қайраткерлері Орынбор қаласында жалпы қазақ съезін шақырып, онда қазақ мемлекеттігі туралы мәселені қарады. Съездің шешімі бойынша Алашорда деп аталатын «Ұлт кеңесі» құрылып, оның құрамына 15 адам сайланды. Ә. Бөкейханов көпшілік дауыспен осы өкіметтің төрағасы болып сайланды. Съезд қазақтардьщ шығу бір тектілігін және орналасу жағдайын есепке алып, Алаш автономиясының құрамына Бөкей ордасының Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Жетісу, Сырдария облысының Ферғана, Самарқан облысының Әмудария аймағының, Закаспий облысының қазақтар мекендеген уездерінің, Алтай губерниясының кейбір облыстарының енгенін мәлімдеді2. Съезд мемлекеттік жүйені құруға, оның институттарының атқаратын функцияларына да тоқталды. Өйткені бұл мәселелерді анық шешпейінше өкімет билігін жүзеге асыру мүмкін емес еді. Сондықтан съезд аталмыш мәселеге зор маңыз берді. Мемлекеттік жүйені құруда алдыңғы қатарлы елдерде қалыптасқан мемлекеттік жүйенің озық тәжірибесін ескере отырып, кейбір мәселе бойынша жаңа озық шешім қабылдады. Съезде тек жер мәселесі қаралмады. Бірақ съезд делегаттарына бұл мәселе бойынша Алашорда өкіметінің ұстаған саясаты партия бағдарламасының жобасынан, оның лидерлерінің "Қазақ" газеті бетінде жариялаған мақалаларынан белгілі болатын. Аталмыш құжат пен туындыларда Алашорда өкіметінің жер саясатының мән-мазмұны, оның негізгі бағыттары тұжырымдалған еді:
- қазақ автономиясында жерсіз қазақ бұқарасы жер еншісін алып болғанша қоныс аударушылар тоқтатылуы тиіс. Жер үлесін алдымен патша заманында ата қонысынан ығыстырылған жергілікті халық алуы керек;
- қазаққа жер кесілгенде ауылға, ұлысқа, руға, өздерінің тілегіне қарай бөлінсін. Жерді бірге алған ру, ауыл, болыс өз ішінде тәртіп орнатып, әділеттілікпен пайдалансын;
- жерді сатуға тыйым салынады. Үлестен артылған жер мемлекет қазынасы аталып, оның билігі жұрт мекемесі қолына өтеді;
- Алаш автономиясының жер үстіндегі түгі, суы, астындағы кені Алаш мүлкі болып табылады1.
Алайда, Акдан төңкерісінен кейін ел ішіңде қалыптасқан әлеуметтік-саяси жағдайлар Алаш өкіметінің алға қойған міндерін жүзеге асыруға кедергі болды. Тіптен Алашорда өкіметінің өмір сүруін тоқтатуға ықпал етті.
Сайып келгенде, Ә. Бөкейхановтың саяси-әлеуметтік көзқарастары Қазақстанда әлеуметтану ғылымның іргетасын қалауда үлкен рөл атқарды.
Алаштықтардың ұлттық сипатта жүзеге асырмақ болған бағдарламаларын кеңестік дәуірде іске асырмақшы болған көрнекті қоғам және мемлекет қайраткерлері: Т. Рысқұлов, С.Қожанов, С. Садуақасов, Ж. Мыңбаев, Ы. Мұстамбаев, Н. Нұрмақов, М. Әуезов, т.б. шықты. Бұлардың әлеуметтанулық көзқарастары арнайы қарастыруды қажет етеді.
XIX ғасырда әлеуметтану ғылымын қалыптастырған ойшылдардың тұжырымдамаларын, ой-пікірлерін XX ғасыр әлеуметтанушылары одан әрі дамытып, жаңа теориялар мен ағымдар пайда болды.
Достарыңызбен бөлісу: |