[1] Мұртаза БҰЛҰТАЙ, Ұлтымыздың болашағы діни бірлігімізде. «Жас Алаш» газеті, №58-59, 19.05.2005 ж., 9-бет және «Дала мен Қала» газеті, №20(97), 20.06.2005 ж., 11-бет.
ҰЛТ ТАМЫРЫНА БАЛТА ШАПҚАН МИССИОНЕРЛЕР
Ең алдымен басқа дінге тарту жайлы әңгіме болғанда миссионерлік жөнінде айту керек. Бүгінде Қазақстан діни экcперимент алаңына айналып отыр. Басқаша айтқанда Қазақстан діни экспанcия алаңына айналған. Сол экспериментті қарқынды, жүйелі және ұйымдасқан түрде жүргізіп отырған — христиан миссионерлері. Олардың басым көпшілігі АҚШ-тан арнайы жолдамамен жіберілген — шоқындырушы-үгітшілер армиясы.
Христиан діні дүние жүзінде ең көп тармаққа бөлінген дін десек қателеспейміз. Онда католик, протестант, православие атты үш негізгі бағыт бар. Бұлардың ішінде, әсіресе протестанттар көптеген тариқаттар мен секталарға бөлінген. Осындай шіркеулердің 20-дан астамы Қазақстанда миссионерлік әрекет жасауда. АҚШ-тағы миссионер ұйымдары Қазақстанға арнайы дайындықтан өткен, әбден ақпараттандырылған, мәліметтендірілген миссионерлерді ғана жібереді. Олар бір жарым, екі жыл қазақтың тарихын, мәдениетін сенімін зерттеп, кейбірі қазақ тілімен қоса, орыс тілін де меңгеріп келеді. Әбден дайындалып, үгіт-насихат әдістемесі, тілі шыққан осындай дінтаратушылардың алдына қазақтарды христиандыққа кіргізу деген үлкен мақсат қойылған. Олар психологиялық дайындықтан өтіп, мейлінше қоюына келтірілген адамдар. Іждиhаттылықпен барлық мақсаты, ойы қазақ халқын христиандыққа кіргізу. Қатардағы шіркеу қызметкері, қатардағы миссионер ұйымының мүшелері бұл жаққа жіберілмейді. Сондықтан, оларға өз саласының маманы және үгіт-насихат жасау ісінің шебері ретінде қарауымыз керек. Кейбірі адам психологиясын тыңшыларға, барлаушыларға тән дәрежеде зерттеген және экономикадан, саясаттан, құқықтан хабары бар адамдар. Сондықтан, бұларды кездейсоқ келген диуана, дәруіш сияқты көру — қателік. Миссионерлік христиандықтың ежелгі дәуірлерінен бастау алады. Бүгінгі Інжілдерде басқа адамдарды христиандыққа шақыруды бұйыратын үндеулер бар. Христиандықта «Иса Мәсіх жер бетіне қайтып келіп, Әке Құдайдың патшалығын орнатады» деген сенім бар. Миссионерлерлердің міндеті сол патшалықтың алғышарттарын іске асыру. Олар әлем халқын Иса Мәсіхтің билігіне дайындаушылар ретінде қызмет жасайды. Матфей жазған Інжілдің соңғы тарауында «Барлық ұлттарға бар және шәкірттер тап. Оларды шоқындыр және бұйрықтарымды үйрет!» деген жолдар бар. Миссонерлікте Тарсұстық Павелдің өсиеттерінің маңызы зор. Ол өзінің коринфтықтарға жазған бірінші хатында (Библия, 9/19, 22): «Мен азат едім. Көбірек табыс табайын деп өзімді баршаға құл еттім. Йаһұдилерді (еврейлерді) өзіме баулыйын деп, йаһұди сияқты әрекет жасадым. Өзім шариғатты (Тәуратты айтқаны) тұтпасам да, шариғат заңындағыларды өзіме қарату үшін оларға шариғатқа бағыныштымын деп әрекет жасадым. Не істеп, не жасасам да, адамдарды өзіме қарату үшін әркімге жағымды халде болдым» дейді. Миссионерлікте «адамдарды христиандыққа тарту үшін керек болған жағдайда тақиййа жасауға болады» деген қағида бар. «Тақиййа» —басқаша болып көріну деген ұғымға саяды. Яғни, жалпақ тілмен айтқанда екіжүзділік деп түсіндірсе болады. Демек, миссионерлердің ең негізгі ережесі ешқашан да өзінің шын жүзін әшкерелемеу, керек болса ортаға сәйкестендіріп бет-бейнесін ауыстырып тұру болып табылады. Түпкі мақсат нысанадағы адамды инандырып христиандыққа кіргізу.
Христиандықты тарататын шіркеулер АҚШ-тағы өте бай ұйымдардың қатарына жатады. Олардың меншігінде үлкен территориялар, өндіріс орындары, бақылауында бизнес салалары, оқу орындары, кітапханалар, жатақханалар, кәсіпорындар, бұқаралық ақпарат құралдары, баспаханалар бар. Америкалық миссионерлерді Конгрес пен Сенат мүшелері, мемлекет құрылымдарында қызметте отырған зиялылар, арнайы барлау ұйымдарының қызметкерлері, стратегиялық жоспар жасайтын мекемелерге қатысы бар адамдар, әскерилер, дипломаттар қолдайды. Жиhандастырудың жылы лебін артқа алып, әртүрлі сипатта келіп жатқан дінтаратушылар халықтың осал тұсын аңдиды. Христиан миссионерлігі 1000 жылдан астам уақыт тәжірибе жинақтағандықтан дін тарату тәсілдері де қатты дамыған. Әсіресе, заманауи технологиялық жабдықтарды өте тиімді пайдаланады. Олар христиандық таратылатын елдегі ішкі, сыртқы саяси, экономикалық, демографиялық, мәдени және экономикалық ахуалды өз мүдделері үшін өте тиімді пайдалана біледі. Мысалы, ол елде жұмыссыздық көп пе, осы мәселеге үгіт-насихаттың бір саласына арнайды. Студенттер көп пе? Студенттер проблемасын шешу үшін қызмет етеді. Олар нені қажет етеді. Студентке материалдық көмек қажет пе, сырлас достар керек пе, оқу құралы жетпей ме, интернет қажет пе, осы секілді барлық проблемаларын шешіп береді. Шәкіртақы тағайындап, онымен қоса, жұмыспен қамтамасыз етеді. Шәкіртақыны шәкіртақы деп емес, ағылшын тілі мен компьютер үйретеміз деп, грант ұтып алдың деп, алдап беретін кездері де болады. Оны студент байқамайды. Бұл батпан құйрықтың соңы сенбі-жексенбі күндері өтетін «құдайы дастархандарға», семинарларға, отырыстарға, кеңес сұхбаттарға, қыдыруларға ұласады. Біздің адамдар оған қалай барғанын байқамай қалатын жағдайлар да аз емес. Осындай іс-әрекеттер арқылы олар үлкен ортаға ие болады.
Шоқынған қазақтардың ішінде білімді, сауатты адамдар да бар. Оларды әртүрлі категорияларға бөлуге болады. Жастар, оқып жатқандар, бітіргендер, халықаралық фирмаларда істейтіндер, зиялылар, мемлекет қызметкерлері мен шенеуніктер. Олардың көпшілігі шоқынғанын әзірше жасырады. Олар рухани ашырқап жүргендер. Кереметтей білім алған, жұмыс істейді, табысы өзіне жетіп, экономикалық проблемаларын шешіп, енді рухани ізденіске түсе бастағандар десе де болғандай. «Мен қандай дінді ұстануым керек, қай жол мені бақытты етеді?» деген сауалды саналы түрде өздеріне сұрайтын осындай жандармен де шұғылданатын миссионерлер бар. Олар дәл сондай адамдарды іздеп тауып, дәл сол адамдарға лайықтандырып әзірленген методикамен үгіт-насихат жасайды. Ал, осындай азаматтарымыздың басым көпшілігі исламның не екенін тереңдеп білмейді, қазақша сөйлей алмайтындар да аз емес. Сондықтан, рухани иммунитеті әлсіз азаматтарымызды өз қатарына тартып, олардың мыйларын әбден жуып, өзге діннің сана-сезімін құяды. Осындай азаматтарымыз басқа дінге енген соң мүлде өзгеріп, мүлде басқаша менталитеттегі адамдарға айналады.
Бұдан басқа олардың толық мағлұмат беретін интернет сайттары бар. Онда Қазақстан жайлы жазылған мыңдаған беттерге көз жүгіртуіңізге болады. Оларды елімізде он жылдан аса тұрып келе жатқан миссионерлер дайындайды. Әрбір дін таратушының жеке-жеке интернет парақшалары бар. Олар Америкадағы дін қарындастарына, қожайын ұйымдарына есеп беріп отырады. Онда суреттер, видеороликтер, миссионерлік әрекеттер туралы, қазақтарды қалай шоқындырғаны жөнінде әңгімелейді. Шоқынған қазақ жөнінде арнайы есептер жазылған. Онымен қалай танысқаны, қалай шоқынғаны, дінге тарту жолы қалай қыйынға соққандығы хабарланады. Көп сайттардан «пәленбай деген қазақтың Иса Мәсіхтің жолына түсуі үшін дұға жасаңыздар» — деген сынды өтініштерін де көруге болады. Кейбір сайттарға шоқынған қазақтардың мойындаулары жазылған. Демалыс кезіндегі, қаланың ішінде, қаланың сыртындағы, діни ритуал кезіндегі, шығармашылық кештердегі суреттерімен қоса берілген. Бұдан тыс кейбір жобаларға көмек сұралады. Шіркеу салуға, христиан кітаптарын қазақ тіліне аударуға, компакт диск немесе үн таспа шығаруға, офис ашуға, т.б қаржылай көмек сұрап жазған жазбаларды да оқуға болады.
Бұл сайттардың тағы бір ерекшелігі, кейбір миссионер сайттарында Қазақстанды қаралау науқаны да жүргізілуде. «Қазақстанда миссионерлерді қудалайды. Діни сенім еркіндігі жоқ, ұлттық қауіпсіздік комитеті діндесімізді тергеген, миссионерімізді іске тартып жергілікті сот айыппұл салған, халық айғайлап діндарларды қуған, ол аз болғандай сақшы қызметкерлері әлімжеттік көрсеткен» — деген сияқты көптеген ақпараттар тарату арқылы елімізді қаралауға, диктаторлы мемлекет ретінде көрсетуге тырысады. Мақсаты, біріншіден Батыстағы христиан ұйымдарының наразылығын туғызу. Екіншіден солар арқылы саясаткерлерге, бизнес саласына, халықаралық ұйымдарға ықпал жасау. Үшіншіден, осындай ақпарат тарату арқылы мемлекетіміздің билігіне ықпал жасауды көздейді. Халықаралық ұйымнан еліміз дереу сескенеді. Біздегі кейбір шенеуніктер Батыста осындай ақпараттар тараса, қорқып, айқара ашылған есікті былай қойып, терезелер мен басқа да саңылауларды миссионерлерге ашуға дайын тұрады. Осыны көздеген миссионерлер психологиялық ықпал жасау арқылы өздерінің бұл науқанын қауырт жүргізіп жатыр.
Интернеттен тағы бір байқағаным қазір олар ауылды жерлегі тұрғылықты халықты шоқындыру үшін арнайы миссионерлер қосынын құрып жатқанға ұқсайды. Олардың мынандай да тактикасы бар. Миссионер әйел болса, жергілікті жігіттерге тұрмысқа шығады, ал еркектері қазақ қыздарын алады. Бұл да сенімді таратудың ең маңызды жолы. Шетелге сатылған жетімектердің көпшілігін асырап алғандар да христиан миссионерлер. Бүгінге дейін Қазақстаннан шетелдерге 5,000 бала «экспортталған» екен. Олар сол балалардлы болашақта Қазақстанды шоқындыруда қолданбақ. Қорыта айтқанда, Қазақстанда дендеген миссионерлер мәселесі бар. Бұл исламға қарсы жасалып жатқан әрекет. Ислам дінінің өз отанында қарқынды дамуының алдын алу үшін. Тарихта қазақ дінге бөлінбеген және басқа дінге кірмеген сенімі таза ұлт болатын. Сол ел қазір 40 шақты конфессияға бөлінді. Бұл жерде тек христиандарды ғана айтып отырмын. Ал, басқа діндердің ағымы қаншама. Олар сайнтология, хара кришна, будда ағымы, Батыстан келіп жатқан бахаизм сенімі, сатанизм шіркеуі т.т.. Бұлардың барлығын қосқанда қазақтың діни бірлігі жайлы сөз қозғау қыйындау секілді. Қайта діни бөліну жайлы әңгіме қозғау оңайырақ секілді және оған мәжбүрміз. Шіркеулер ұйымдасқан түрде үгіт жүргізіп жатыр. Нәтижесінде бір деректерде 50 мың қазақ, ал кейбірінде 500 мың қазақ басқа дінге кірген делінген. Оның нақты санын дөп басып ешкім айтып бере алмайды. Барлығы да мемлекетіміздің тұтастығы, халқымыздың береке-бірлігі тұрғысынан алғанда өте қауіпті. Он бес жыл бойы миссионерлер елімізде қарқынды жұмыс істеді. Он мыңдаған қандасымызды өзінің дініне тартты. Бұған қандай көзқарастағы адам да болса қарсы тұру керек. Себебі, халықтың дінге бөлінуі асқандықтың, тасығандықтың, еркіндіктің, демократияның, адам құқықтарының, дамығандықтың көрінісі емес. Бұл ыдырау мен әлсіреудің айғағы. Бұл бақытты өз дінінен емес, басқа діннен іздеушіліктің көрінісі. Ғылыми теориялар басқа дінге кеткен азаматтар басқа этносқа айналатындығын дәлелдеген. Ұлттардың қалыптасу теориялары бар. Осы теория бойынша пенделер ортақ дін айналасында бас қосады. Секталарда бүгін мың адам болса, ертең 10 мың, 100 мың, тіпті миллион адамға дейін өсе береді. Басқа діннің жетегінде кеткен азаматтарымыздың өмір сүру салты, киген киімі, ішкен асы, той-томалағы, өлім-жітімі, өмірге деген көзқарасы, менталитеті өзгереді. Кейбірі өздеріне басқа ат қояды да, басқа ұлтқа айналады. Оған тарих дәлел. Мысалы: Югославиядағы хорват, серб, босния халықтарын алайық. Бұлар негізінен бір ұлт. Тілдері бірдей, бет-әлпеттері бірдей. Бөлінген себебі сербтер — православие, хорваттар — католик, босниялықтар болса — ислам дінін қабылдаған. Бұл тәжірбиенің тірі куәсімін. Қазақ халқы оны қайталамауға тиіс. Ата-бабамыз қабылдаған ислам діні 1250 жыл бойына қазақтармен бірге жайылып келеді. Қазақ халқы моңғол шапқыншылығы кезінде де моңғолдардың дінін қабылдаған жоқ. Қайта Шыңғыс хан бастаған моңғолдар біздің салт-санамызға сіңісіп түркіленді, біздің дінімізді қабылдады. Одан кейінгі жоңғарлармен болған ғасырлық соғыста қазақ жоңғардың дінін қабылдаған жоқ. Жоңғарлар жойылды, басқа ұлттарға сіңді. Ресей Патшалығының бодандығында екі ғасыр болған қазақ дінге бөлінген жоқ. Кеңес билігінде де дінге бөлінбедік. Бұл тарихи деректердің барлығы да қазақтың дінге бөлінбегендігін көрсетеді.
Ендігі мәселе басқа діннің жетегінде кеткен қандас бауырларымызды өз ата-бабасының жолына қайтару қалай болмақ дегенге келіп тіреледі. Осы уақытқа дейін оларды исламға қайтарумен шұғылданатын мекемелер мен ұйымдарды көргенім жоқ. Бірлі-жарым мұсылман қоғамдары жұмыс істеген болады. Бірақ олар халыққа исламды түсіндіруден арыға бара алмауда. Қазақстан заңдары шеңберінде, қоғамның ішкі тұрақтылығын ескере отырып, орта және ұзақ мерзімді жоспарлар жасап, басқа дінге кірген бауырларымызды өз ортамызға қайта тартуымыз шарт. Бұл үшін үлкен кешенді жұмыс атқарылуы керек. Біріншіден, бұл азаматтар неліктен басқа дінге өткендігін тексеруіміз керек. Оның ең басты екі себебі бар тәрізді. Оның біріншісі экономикалық, ал екіншісі әлеуметтік себептер. Экономикалық себептерді жою үшін не істеуге болады? Әлеуметтік мәселелердің біразын жоғарыда айттық. Бұл жерде өкініштісі азаматтарымыз өз дінін білмейтіндігі болып отыр. Еш діни білімі жоқ қазақ азаматтары жеткілікті. Осыған орайластырып, жоспар жасауымыз керек. Олар миссионерлерге қарсылықсыз бірден беріледі. Ал миссионер оның жүрегіне қалай жол табу керек екендігін жақсы біледі.
Қазірдің өзінде қаламызда ағылшын тілін үйретіп жатқан көп мекемелер бар. Әлемдік тәжірибеде, әсіресе Африка елдерінде, Таяу Шығыстағы мұсылман елдеріндегі халықтың наразылығынан қорыққан миссионерлер бастапқыда өздерін ағылшын тілінің мұғалімдері ретінде танытқан. Бұл мәселені де дұрыстап жолға қоюымыз керек. Мына қаптап кеткен үкіметтік емес ұйымдардың (ҮЕҰ) шын мәнінде қандай бағытта жұмыс істеп жатқанын бақылауымыз керек. Дүниежүзінде 20-дан астам бүкіл әлемге хабар тарататын миссионер телеарналары бар. Олар ағылшын тілінде, орыс тілінде және басқа тілдерде хабар таратады. Бір қазақ тілінде хабар тарататын 3 миссионер радиосы бар екенін ескерелік. Бір қорқынышты мәселе тағы бар. Бөтен дінге өткен азаматтарымыздың өздері де уақыт өте келе миссионерлерге айналады. Мұсылман кезінде дінімізге шорқақ болып жүргенімен, басқа дінге кіргенде олардың жан-тәнімен беріліп кететініне таң қаламын. Олардың ішінде, әсіресе, әйелдер көп. Әйелді кіргізу арқылы күйеуін, баласын, бауырларын, әке-шешесін оңай тартады. Қазақ халқы әйелге жауапсыз да бодаусыз еркіндік беріп қойған. Өзбек, тәжік, түрік секілді бауырларымыз қыз баланың тәрбиесіне ерекше көңіл бөледі, қызын аңдиды. Басқа дінге дендеп енуде мұның да өзіндік орны бар секілді. Протестанттыққа кірген кейбір қазақтардың туған дінін, елін, руханиятын ұмытып, Иса Мәсіхті мадақтаған қазақша әндерді көз жасын көл етіп айтқанын көргенім бар. Олар діни рәсім кезінде домбыра және гитарамен хор болып өлең айтады. Мұнда да бір сәйкессіздік бар сияқты. Осы жерден өз кемшілігімізді іздеуіміз керек. Олай болса, Қазақстан мұсылмандар басқармасына үлкен жауапкершілік артылып отыр деген сөз. Олар халыққа ағартушылық қызмет атқарып, діни сауат ашатын шараларды күшейту керек. Ол үшін діни басқарманың мәртебесін көтеріп, мүмкіндіктерін кеңейтуіміз керек.
Миссионерлер көбіне дініміздің кейбір қағидаларын бұрмалау арқылы дегендеріне жетеді. «Мұхаммед пайғамбар да Исаны мойындаған, келеді деп айтқан» деген сынды түсініктермен халықты өздеріне тартады. Осындай ұлт тамырына балта шабылып тұрғанда елі үшін шыбын жанын шүберекке түйетін зиялы қауым болушы еді. Бізде бірен-саран болмаса, олардың даусы естілмейді. Әр нәрсе заңмен шешіле бермейді. Үкімет саяси механизм болғандықтан халықаралық саясатпен санасуға мәжбүр. Ал, өзіміздің ішімізді жегі құрттай жегендерге жалпы халық, ал бірінші кезекте зиялы қауым наразылық танытуы керек. Ондай зиялылар жоқтың қасы. Қайта кейбірі «дініміз өзгерсе өзгерсін, бірақ мәдениетіміз өзгермесін» — дегенді айтып, миссионерсіз-ақ халықты шатастырайын деп жүр. Кейде миссионердің жасай алмағанын зиялыларымыз істеп беруде, оларға материал боларлықтай орынсыз мәселелерді көтеруде. Сонымен қоса, білім жүйесін жолға қоюымыз керек. 4-сыныптан бастап, дінтану сабағын орта және арнаулы мектептерге енгізетін кез келді. Жас өренге «сен мұсылмансыз, қазақсың, түркі халқысың» деп үйрету керек. Ал, басқа діндегілер де өз діндерін осылай үйренсін. Сонда еш діни қақтығыстар бола қоймайды. Университет студенттеріне де Қазақстан тарихы, философия сабақтары секілді дінтану дәрісін беру керек. Себебі қазақ халық дінге бөлінді. Қайтадан біріктіру өте қиын шаруа. Ол үшін шоқынған қазақтың жүрегіне, санасына, ойына жол табу керек.