Мөлдір ОРАЗАЛИЕВА, Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогикалық университеті Өнер және мәдениет факультеті музыкалық аспаптар кафедрасының доценті, педагогика ғылымдарының кандидаты. Республикадағы барша білім беру ұйымдары дәрісті тыңдап, бүгінгі күнге қойылатын заманауи талаптарды тұжырымдады. Дәрістің басталуы тағы бір жағымды жаңалықпен жалғасты.
Елбасы жаңа «Білім» атты телеарнаның тұсауын кесті. Телеарна өз жұмысын дәрісті тікелей шартарапқа хабар таратудан бастады. Бұл теледидар арнасы атынан байқалып тұрғандай оқу-ағарту саласындағы қордаланып қалған өзекті мәселелерге бет бұрып, еліміздің білімін насихаттау мақсатын орындауға бағытталып отыр. Мемлекет тарапынан бөлініп отырған қомақты қаржының арқасында (бүгінгі таңда білім саласын қаржыландыру ішкі жалпы өнімнің 5 пайызын құрап отыр. Бұл көрсеткіш бойынша біздің еліміз дамыған елдердің деңгейіне жақындап келеді, бұл ІЖӨ-нің 6-8 пайызы) өскелең ұрпаққа қазіргі заманғы соңғы ғылым жаңалықтарымен, терең біліммен қаруландыру мақсатын орындауға зор мүмкіншілік туып отыр.
Дүниежүзінде жүріп жатқан ғаламдану саясаты, еліміздің тәуелсіздік алғаннан бергі жылдар ішіндегі саяси, әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны мемлекеттің маңызды бағыттарының бірі – білім беру саласын жетілдіруге бағыттау болып отыр. Тарихи тәжірибелерге сүйене отырып, өзінің қалыптасқан мәдени-білімдік дәстүрлері мен ұстанымдары бар елдің даму қадамы жоғарғы оқу орнынан басталуы керектігін заманымыз зерделеп берді. Осы тұжырымдама негіздемесі ендігі күні келешек өскелең ұрпақтың ұлы мұратына айналады деген сенім мол.
ҚР Білім жүйесіндегі жаңа бетбұрыстар белесі білім беру реформасындағы жаңа көзқарастар болып табылады. Бүгінгі студент – ертеңгі мемлекет тұтқасын ұстаушы білікті маман, ел тағдырын шешуші азамат. Республикамыздың алға қойған басты бағыт-бағдарының ірі саласы ретінде білім беру жүйесінің орындайтын мақсат-міндеттері уақыт талабынан туындауда. Олай дейтініміз, білім алушы жас өрен болашақта алатын білімі мен тәрбиесінің жоғары дәрежеде болуы, яғни басқа мемлекеттермен терезесі тең болып қоймай, сонымен қатар экономикасының дамуы жоғары мемлекеттер қатарындағы маман болуға ұмтылыс жасалуы керек. Дүниежүзілік білім жүйесі сапасына жақындау, сондай-ақ жаһандану заманында қазақстандық жастардың әлем мемлекеттері арасында білімі мен тәрбиесі жағынан артта қалмау жоспарына жылжу міндетінің маңыздылығы кімді де болса толғандырмай қоймайды.
Қазақтың ұлттық білімінің теориялық-әдіснамалық негізін, ғылыми-тұжырымдамалық ұстанымдары мен модельдік үлгілерін, даму үрдісін анықтап, қоғамымыздың басты бағытына қарай бұру – бүгінгі білім жүйесінің осы күндік және болашақтағы ісі. Тарих талқысынан шыққан, теңдік алған елдің жаңа бағытына жол салу ең алдымен мектептен басталары белгілі.
Қазіргі қазақ мектебі болашақтағы «қазақтың ұлттық мектебіне» ұласуы үшін оның қызметіне теориялық-әдіснамалық тұрғыдан белгілі шарттар қойылады. Қазақ ұлтттық мектебі тәуелсіз Қазақстанда ғана өз атына лайық мәртебе ала алады, өйткені ол Қазақстанның ұлттық білім саясатын жүзеге асыратын еліміздегі ең негізгі тірек-тұғырлық оқу мен тәрбие мекемесі болуға тиіс. Бұл шарт – қазақ ұлттық мектебі қызметіне қойылатын ең негізгі шарттардың бірі.
Ұлттық мектептер қызметінің әлемдік тәжірибесіне сүйенсек, қазақ ұлт мектебі балабақшадан бастап, университетке дейінгі аралықта үздіксіз білім берудің барлық басқыш-сатыларын қамтитын әрі қазақ ұлтының тілін, ділін, мәдениетін, рухани болмыс-бітімін, өнерін осы басқыштардың әрқайсысында да әлемдік өркениеттің жетістіктерімен шебер ұштастыра білетін біртұтас үзіліссіз жүйе болып қалыптасуы тиіс.
Біздің мектебіміз тәуелсіз еліміз бен әлемде жүріп жатқан өзгерістерге, даму болашақтарына сай жаңару үдерісі /прогресс/ мен үрдісіне /процесс/ мейлінше бейімделген мектеп болуға ұмтылады. Қазіргі Қазақстан мектебі өзінің мемлекеттік әлеуетін сақтай отырып, болашақта ұлттық қауіпсіздігіміз бен экономикалық-әлеуметтік стратегиямызды қамтамасыз ететін ұрпақ дайындайтын даму бағыттарын таңдау табалдырығында тұр. Ал мұның өзі қазақстандық білімнің әлемдік білім кеңістігімен үйлестікке бағыт алуына негіз боларлық тенденция. Осы тұрғыдан алғанда жоғарыда айтылған өзекті мәселелер төңірегінде ұлттық өнердің ұлы мұраты да осыған итермелейді. Оқыту мен тәрбиелік ұстанымдарын былай қойғанда, ұлттық сана-сезімді қалыптастыру мақсатын атамай кете алмаймыз.
Қазақстан мектептерінің даму моделінде қазақстандық патриотизм идеялары қамтылу керектігі даусыз іс. Ол – білім берудегі мемлекеттік принцип. Көпұлтты мемлекетімізде халықтар арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастықты нығайтуда мектептегі елжандылық тәрбиесінің қызметі де аса маңызды. Оның өзі ұлт мектебінің басты белгісі де. Елбасымыздың көтеріп отырған аса маңызды мәселесі – жастарға, келер ұрпаққа ғаламдық білімге апаратын жол ретінде үш тілдікке бағыттану ісі баса айтылды. Ұлттық тілімізді, дінімізді мәдениетіміз бен өнерімізді сақтап, дамыта отырып, әлемдік білімнен сусындау үшін бірнеше тілді меңгеру ісінің өзектілігі айқын. Мектептегі білім беру ұлт пен ұлыс өкілдерінің этностық мәдениетін қамтып, олардың ортақ Отанының болашақ дамуына үлес қосатын азамат етіп тәрбиелеу қазақстандық патриотизмнің құрамдас бөліктерін анықтап, олардың жүзеге асырылу жолдарын зерттеу, сөйтіп, онымен ұлттық мектепті ғылыми-әдістемелік жағынан қаруландыру – ең таяудағы кезек күттірмейтін іс.
Қазақстан Республикасы Халыққа білім беру министрлігінің 1989 жылғы 28 тамыздағы №617 бұйрығына сәйкес құрылған Уақытша ғылыми-зерттеу ұжымы жалпы білім беретін қазақ орта мектебінің тұжырымдамасын жасаған болатын. Ол тұжырымдама мектепті жаңартудың көкейтесті бағдарламаларын (оны ұлттық және дүниежүзілік өркениеттің диалектикалық бірлігін сақтай отырып дамытуға, ізгілендіруге), сондай-ақ мектептің ұлттық мәдени жасампаздық қызметін қалпына келтіруге негізделген. Бұл құжат министрліктің 1991 жылдың 14 қарашасында өткен алқасында қаралып бекітілді. Алайда, Қазақстан Республикасының дербес мемлекет мәртебесіне ие болуы, Тілдер туралы, Білім беру туралы Заңдардың қабылдануы тұжырымдаманы бүгінгі күн талабына сай қайта қарауды қажет етті. (ҚР жалпы білім беретін мектептері тұжырымдамасы. (Қазақстан мұғалімі. 1992, 4 желтоқсан, №22)
Сондықтан алғашқы дайындалған қазақ мектебінің тұжырымдамасы негізінде Қазақстан Республикасындағы барлық білім беретін ұлттық мектептерге арналған ортақ тұжырымдама Уақытша ғылыми-зерттеу ұжымы өкілдері, педа-гог-ғалымдар, тәжірибелі ұстаздар қауымы қатысқан министрлік мәжілісінде талқыланып, мақұлданды.
Уақыт озған сайын тәрбие, білім беру реформалары қоғамның дамуына қарай үнемі жаңғырып отырады. 1995 жылдың 1 қыркүйек айында талқыланған «Мемлекеттік білім беру саласындағы саясатының тұжырымдамасында» басты мақсат ретінде білім беру саласында қордаланып қалған проблемаларды талдап саралау, ықтимал жолдарын қарастыру, болашақтағы даму бағыттарын айқындау мәселелері алға қойылды. Білім беру саласындағы әлеуметтік-экономикалық өзгерістер адам санасындағы күрделі жаңғырумен астаса жүріп жатыр.
ҚР ұлттық мектебінің қалыптасу кезеңінде бүгінгі бала білімі мен тәрбиесіне жіті қараушылық орын алып отырғаны белгілі. Тәуелсіздік алғалы жыл сайын жүргізіліп отырған білім реформалары біздің болашағымызға салынып жатқан даңғыл жол деп қарағанымыз жөн болар. Себебі, қай елдің болсын даму жолы, яғни экономикалық-әлеуметтік жағдайына тікелей апарар жол – сол елдің білімінің дамуы болып табылады. Яғни, болашақта бәсекеге қабілетті ел қатарына ену міндеті бәсекеге қабілетті маман мойнына жүктелетін абыройлы да, жауапты міндет болып отыр.
ҚР Білім жүйесіндегі жаңа бетбұрыстар белесі ретінде білім беру реформасындағы жаңа көзқарастар болып табылады. Бүгінгі бала – ертеңгі мемлекет тұтқасын ұстаушы білікті маман, ел тағдырын шешуші азамат. Республикамыздың алға қойған басты бағыт-бағдарының ірі саласы ретінде білім беру жүйесінің орындайтын мақсат-міндеттері уақыт талабынан туындауда.
Соңғы әлемдік педагогикалық зерттеулерді саралау, оларды қазақ мектебінің үрдісіне ұтымды қолдану, ұлттық жүйенің ерекшелігін ескере отыра жаңа педагогикалық технологиялар мен инновациялық бағыттарды жұмыс формаларында орынды пайдалану тәрізді мазмұнды жұмыстар түзілуде. Дүниежүзінде жүріп жатқан ғаламдану саясаты, еліміздің тәуелсіздік алғаннан бергі бірнеше жылдар ішіндегі саяси, әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны мемлекеттің маңызды бағыттарының бірі – білім беру саласын жетілдіруге бағытталып отыр. Осы жолда іргелі зерттеулер, ізденістер жүргізілуде. Тарихи тәжірибелерге сүйене отырып, өзінің қалыптасқан мәдени-білімдік дәстүрлері мен ұстанымдары бар елдің даму қадамы балабақшадан бастап жоғары оқу орындарына дейін жүйелі түрде жүргізілу керектігін заманымыз зерделеп берді. Елбасымыздың «Қазақстан білім қоғамы жолында» дәрісінде бағытталып отырған айқын мақсат-міндеттер ендігі күні келешек өскелең ұрпақтың ұлы мұратына айналады деген сенім мол.
Бөлімі: ҚОҒАМ