1917 жылы А. Байтұрсынұлы газеттен кетіп, 1919 жылдың наурыз айына дейін “Алаш” партиясының жұмысына араласады, біршама адасушылық күй кешеді. Бірақ сол замандағы қым- қуат саяси күрестің арасынан нақ жолын тапқан ол кейіннен Совет қызметіне белсене араласты. Мемлекеттік қызметкер ретінде үлкен қызметтер атқарып, жас қазақ совет үкіметінің басшыларының бірі болған А. Байтұрсынұлының басына бұлт үйіріліп, бағы таюы да өз халқының басына түскен ауыр күн, зұлматтармен астас болып келеді. Қазақстандағы бар билікті қолына алып, “Кіші октябрь” саясатын жүргізе бастаған Ф. И. Голощекиннің білек сыбана бір көрінген тұсы- ұйып келе жатқан қазақ интеллигенциясын сүтше іріту еді. 1929 жылдың 2 маусымында алғаш қамауға алынған 30- ға тарта оқығандардың алды болып нысанаға, әлбетте, “рухани көсем” – Ахмет Байтұрсынұлы ілінді.