М. Р. Балтымова ілияс есенберлиннің тарихи романдары: шеберлік пен көркемдік монография



Pdf көрінісі
бет13/18
Дата24.11.2023
өлшемі1,2 Mb.
#193335
түріМонография
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   18
Байланысты:
treatise214183

 
Қазақ халқының ертеден келе жатқан 
дәстүрлерінің бірі – бата берудің рухани, танымдық маңызы зор. Бата 
сөздерінің жас жеткіншектің дүниеге көзқарасының дамуына, адалдық, 
әділеттілік, танымдық нормаларының қалыптасуына әсері мол. Бата тілектер 
оқушылардың ата-аналарының ақ тілегі мен өнегелі сөздерін құрметтеп, 
отансүйгіштік ойының дұрыс дамуына септігін тигізеді. 
Халқымыздың ерекше қастерлейтін рухани мұраларының бірі 
– 
шежіре.
 
Қазақта ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан шежіре бар. Бұл 
шежірелердің жарыққа шығуы қазақ халқының қалыптасқан шежірелік 
дәстүрімен байланысты болды. Қазақтың байырғы салт-дәстүрі бойынша 
әрбір қазақ азаматы өзінен бастап жеті атасына дейін білуге тиісті еді. 
Шежіре негізінен атадан балаға ауызекі түрде таралады. Қазақ халқы 
әсіресе ер баланың өз руын, ата тегін білуін сахара халқының заңы ретінде
қараған. Қазақ ру-тайпаларының шежірелері ерте заманда ауыздан ауызға, 
ұрпақтан ұрпаққа жалғасып отырды. Қазақ халқы екі жүзден аса рудан 
құралса, әр рудың өз шежіресі болған. Сондықтан да халқымыз ата тегін 
білмеген адамды «Жеті атасын білмеген – жетесіз» деп кемсітетін болған.
Халық тарихының ажырамас бір бөлігі болып табылатын шежірелер туралы 
қазақтың ағартушы-демократы Ш.Уәлиханов: «Қазақ шежіресі бұрыннан 
келе жатқан дәстүрден ауытқымайды, олар шығу тегін таратқанда ортақ бір 
кіндіктен тарайтындығын қатты діттейді», – деп көрсетеді [170, 108-б.]. 
Мұның өзі ұрпақ тазалығын, елдің бір-бірін тануы мен бауырмалдығын 
нығайтуға септігін тигізеді. Шежіренің тәлім-тәрбиелік құндылығы жайлы 
деректемелерге сүйенсек: «Шежіре – құрғақ хронология немесе адам 
аттарының жалаң тізімі емес. Қазақ шежіресінің тарихи айқындамасы 
туыстық байланыстарды саралауға негізделген», – деп келтіреді [171, 56-б.]. 
Яғни ру ішінен жеті атаға дейін қыз алысуға қатаң тиым салынады. Ал 


139 
мұның өзі неке салдарынан болатын әртүрлі кеселдерден қорғануға 
мүмкіндік береді. Қазақ халқының шежіресі негізінен ауызекі түрде тарап 
отырған. Оны орақ ауыз шешендер, құйма құлақ шежірешілер немесе 
жыраулар жекелеген ру, тайпаның беделді батыр, билерінің ерлік 
дәстүрлерін өнеге ретінде өлеңмен де өрнектеген.
«Алмас қылыш» романында көптеген хикаят, шежірелер келтірілген. 
Жалпы трилогияда Қазақ тарихының белді-белді үш кезеңін, жеке хандық, 
яки тәуелсіз мемлекет дәрежесіне жетуі, Ақтабан шұбырынды, Алқакөл 
сұлама атты отан соғысы, Кенесары хан бастаған ұлт-азаттық көтерілісі 
оқиғаларын суреттегенде нақтылы күнтізбелік деректерге, шежірелерге 
сүйенеді. Бұдан басқа халық эпосының тарихи шындыққа жақын беттері, 
ақын-жыраулар өлеңдері, Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашиди» 
мен Рашид ад-Диннің, Джувейннің, т.б. еңбектері «Орыс шежірелерінің 
толық жинағы», екі жүзден аса дерек пайдаланылған. 
Енді «Алмас қылыш» романындағы шежірелерге тоқталсақ: «Қасым 
ханның да абыройы әбден көтеріліп болған. Оның Дешті Қыпшақтың елдік, 
жауынгерлік даңқын «Тарих-и Рашиди» айтқандай, Жошы ханнан кейін 
бүкіл Шығысқа жайған әулетті шағы» немесе «Бір мың екі жүз жиырма 
тоғызыншы 
жылғы 
Лаврентьев 
шежіресінен 
қыпшақ-қазақтардың 
монғолдардан ығып, өзі жау тепкісіне түскен Еділдегі бұлғарлар жеріне, 
Россияға, Польша, Литваға барғандарын көреміз» [103, 215-278 бб.]. 
Шежірелер легі Қазтуған мен Қотан айтысында молынан кездеседі. 
Қазтуған жырау: 
«Алаң да алаң, алаң бар,
Бата алмай жау алаңдар. 
Сақтан шыққан Кей сақ бар, 
Кейсақ-Қайсақ, Қыпсақ-Қыпшақ боп 
Он екі атаға таралар, – деп Мұхамет пайғамбар тумастан мың жыл 
бұрын, Ескендір Зұлқарнайынды Жиделібайсынның жеріне кіргізбей 
тоқтатқан Сақ елінің патшаларын фарсы жұрты кей деп атап, одан патшаның 
таңдаулы әскерін – кейсақ деп, одан Қыпсақ туып, Қыпсақтың Қыпшаққа 
айналғанын бір толғап өтті. 
Қотан жырау: 
Жусанды деме қараған, 
Жұлдызды жарық ай деме, 
Қытайдан шығып тараған, 
Хундуға қарсы қол шықса, 
Жорықта болған маймене, 
А-лунь – Арғын руы, 
Қыпшақпен қатар жаралған, – деп көне заманда Солтүстік Қытайдан 
батысқа қарай Хундулар аттанғанда Арғындар түркі тұқымдас елдермен 
бірігіп бас көтергенін, ақыры Этиль күшіне шыдай алмай, сонау Ертістен әрі 
Жоңғар тауына қарай көшіп, Хундулар өтіп кеткеннен кейін, Жетісуға 
келгенін асқақтата жыр етіп өтті. 


140 
Әрі қарай Қыпшақтың, Арғынның ерліктері мен жеңілістері 
жырланады.
«Қаһар» романында «Шыңғыс шежіресінен» алынған біраз қиссалар 
келтірілген. Мұнда Абылайдың немересі, Қасым төренің ортаншы ұлы 
Кенесары туралы, оның ата-бабасы, олардың ерліктері туралы жырланған. 
Нысанбай ақын, ақ киізге молдас құрып отырып алып, Қасым төренің 
алдында Шыңғыс шежіресінің біраз жерін қисса етіп айтып берген. 
Ол монғолдармен іргелес Керөлең, Онан өзендерінің бойында көшіп 
жүрген Керей руының қалайша Шыңғысханның алғашқы жемі болғанын 
күңірене жыр етті... 
Енді Нысанбай жырау қарағайлы кәрі домбырасын екіпендете ұрып, 
Шағатай мен Жошы ұрпақтары неше жүз жыл бойы осы ұшы-қиыры жоқ кең 
даланы билегенін мақтан етті. 
Осыдан соң Нысанбай жырау әр жүздің әйгілі хандары Әбілмәмбет, 
Барақ, Нұралыларға қысқа-қысқа сөз тастап, үш жүздің басын қосу жолында 
күрескен, кейін Абылай деген атпен хан болған Әбілмансұрға тоқталған. 
Дауысы қарлығып болдыруға айналған Нысанбай тек ел жатарда ғана 
Абылайдың қарақалпақ әйелінен туған Уәлидің Ресейге қолшоқпар болып 
кеткенін, қалмақ қатынынан туған Қасым төренің әке жолын қуып, қазақтың 
басын қосамын деп бәйек болып жүргенін мадақтай келіп, кенет оқшау 
отырған Кенесарыға қарай: 
Абылай жолы ауыр жол: 
Батыр Кене, біліп қой, 
Абылайдай берік бол, 
Алам десең абырой, – деп ұзақ жырын бітірген. 
Романның алғашқы бөлімі қазақ елінің есінде «Ақтабан
шұбырынды, Алқакөл сұлама» деген атаумен қалған ұлы қырғын жоңғар
шапқыншылығын сипаттаумен басталады. 
Автор сол кездегі соғыс зардаптарын тек қара сөзбен баяндап
қана қоймай, халық ауыз әдебиетінің озық үлгілерінің үзінділерін де
мысалға алады. Яғни сол кездегі халық басындағы хал-ахуалды 
«Қалқаман-Мамыр» жырындағы суреттелген бір ұрыспен теңестіріп
келеді де: 
«Мың жеті жүз жиырма үшінші жыл, 
Соғысқан қазақ, қалмақ-мұны да біл, 
Қалмақтың бастауымен Сыбан Раптан 
Өзі батыр, соғысқа тым айлашыл … 
…Қазақты бұл соғыста қалмақ алды, – деп «Қалқаман-Мамырда»
айтылғандай қазақ елінің бестен үш бөлігі қырылғанын көрсетеді. Бұл
жердегі ақын мақсаты сол сәттегі оқырман көңілін жалықтырмас үшін
тек тарихи деректерге сүйеніп қоймай, сонымен қатар ауыз әдебиеті
үлгілерін де шығарманың көркемдік құрылысын көркейте түсу үшін
қолданған.


141 
Тарихи деректердегі мәліметтер мен халық арқылы тараған
жырлардағы оқиғалар көбіне көп сәйкес келе бермейді. Себебі тарих
нақты деректерге сүйенсе, ауыз әдебиеті халықтың мақсат-мүддесінен
туған қиялға сүйенеді. Бірақ автор келтірген романдағы оқиға желісі
тарих деректерінен алшақтап кетпейді. 
Ойымызды дәлелдей түсу үшін тарих деректеріне жүгінер болсақ, 
шығармада «кейінгі қазақ тарихшысы, жазушы, әрі ойшыл Шәкәрім
қажының айтуынша, Ақтабан шұбырынды кезінде қазақ халқы, үш
есенің екеуінен» айырылды. Бүгінгі заман демографтары халықтың
үштен бірі қырғын тапты деп есептейді. Орталап айтсақ, жер басып
жүрген екі қазақтың біреуі өліп отырды. Қалай ықшамдасақ та екі
миллионнан еркін асқан ұлы халықтың тең жарымы қырылғаны» туралы 
айтылады [103, 97-б.]. 
Шежірелерде белгілі жүз, тайпа, бұдан тараған аталар таратылып 
айтылумен қабат, осы аталардың заманындағы халықтың тұрмыс-тіршілігі, 
ірі-ірі тарихи оқиғалар, елдің бір жерден екінші жерге қоныс аударуы, бір ел 
мен екінші елдің арасындағы қарым-қатынастар, сол заманғы тарихи 
адамдар, хандар, батырлар, билер, шешендер, ақын-жыраулар және олардың 
ел есінде қаларлық істері мен сөздері жайында құнды да құнарлы деректер 
сақталып отырды.
Трилогияда сол кездегі халық тіршілігі, тұрмыс қалпы, көшпенді
жұрттың этикасы мен эстетикасы, мінез-құлқы, өнері түгел қамтылған.
Ерлігімен, адал, момындығымен, даналығымен, жыраулығымен ел есінде
қалғандар 
да, 
зұлымдығымен, 
қорқау 
арамдығымен, 
опасыз
оңбағандығымен халық қарғысын арқалағандар да кездеседі. 
Бұл айтылғандардың бәрін де автор әрине фольклор мұралары
арқылы жеткізе білген. Мәселен, Ақтабан шұбырынды заманындағы 
халықтың шерлі жүректен шыққан мұң-наласын автор былайша
жеткізген:
«Сонымен Бөгенбай қолындағы аз әскермен, бір төбенің
бауырында, өзінен әлдеқайда көп жауының жолын тосып жатты. Көп
кешікпей-ақ алыстан талмаусырап бір қайғылы үн естілді. Жауынгерлер
тына қалды. Көп дауыс қосылып бір зарлы ән айтып келеді: 
Қаратаудың басынан көш келеді 
Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді. 
Ән жоқтау тәрізді. Шерлі жүректен шыққан ащы запырандай.
Бүкіл халықтың қайғысы осы бір өкси айтылатын өлеңге сыйып
кеткендей, адамның жүрегін тырнап әкетіп барады» [103, 236-б.].
Осы жерде тарихи романға тән тағы бір ерекшелік – мұндағы тарихи 
өлеңдер мен жырлардың қолданылуы болып табылады. Тарихи өлеңдер – 
белгілі оқиғалар негізіне құрылған көлемді жырлар. Бұл санатқа Қотан 
жыраудың баласы Ақжол би өлгенде айтқан жоқтауы, «Ақтабан 
шұбырынды, алқакөл сұламадан» кейінгі қаралы халық жағдайын 
бейнелейтін «Қаратаудың басынан көш келеді», «Елім-ай» өлеңдері жатады.


142 
Бұл ретте қазақ әдебиеті мен өнерінің көрнекті қайраткері 
А.Байтұрсынов өзінің «Әдебиет танытқышында»: «Тарихи жыр деп тарихта 
бар мағлұм оқиғалар турасында өлеңмен шығарылған сөздер айтылады. 
Қазақта өз тілінде жазылған тарих болмағанымен қазақта болған оқиғалар, 
қазақтан шыққан адамдар турасында басқа жұрттың тарихында жазылған 
мағлұматтар бар. халықтың өзінің есінен кетпеген, қазақ басынан кешірген 
оқиғалары толып жатыр. Солар туралы өлең етіп шығарылған сөздер болса, 
солар тарихи жыр болады», – деп сипаттама береді [172, 117-б.]. 
Бұл туралы ғалым М.Әуезов: «Тарих өлеңдері ең алдымен ел 
тіршілігінде анық болып өткен тарихи оқиғадан тұрады. Пәлен жыл мен 
пәлен жылдың арасында болған тарихи дәуірдің жыры. Сол дәуірде арнаулы 
оқиғаның қақ ортасында болған атақты адамдардың басынан кешкен өмір, 
қолымен істелген істің жыры болады. Тарихи өлеңдердің ішіндегі адамдар 
жалпақ елге аты белгілі, жалпақ елге қадірлі сүйікті адамдар» [146, 140-б.], – 
деп, тарихи жырлардың тарихилық белгілерін көрсетеді. Қазақ тарихи 
өлеңінің жинақтаушылық сипаты бар, оның бойында тарихилық 
белгілерімен қатар деректік, көркемдік сипаты бар, сондықтан мұндай 
шығармаларды жанрлық тұрғыдан ажырату қиынға соғады. 
Қазақ 
халқының 
тарихындағы 
қасіретті 
кезең 
«Ақтабан 
шұбырындының» куәсіндей осы «Қаратаудың басынан көш келеді» өлеңінде
халық мұңы, халық зары, халық басына айырылмастай болып жабысқан
ауыр халді бейнелесе, бір қырынан жоқтау үлгілерінің тамаша бір
түрі. Бұл жеке бір тұлғаның қадір-қасиетін дәріптеп, жамандығын
жасырып, жақсылығын асыра мадақтаған жоқтау емес, елінен, жерінен,
қарындас бауырынан айырылып қан жылаған халық жоқтауы. Автор бұл
арада тәуелсіздік таңын аңсаған бұқара халықтың арман тілегін жоқтау
арқылы аңғарта білген.
Бұл өлеңдер белгілі бір тарихи оқиғаға байланысты туғандықтан,
тарихи өлеңдерге жатады. Тарихи өлеңдер тарихи жырлардың 
қалыптасуына ықпал етеді, мұның дәлелі ретінде академик С.Қасқабасовтың 
пікірінше: «Тарихи өлеңдер қоғам дамуының әр кезеңінде туып отырады, 
яғни бұл – оперативті жанр. Сондықтан тарихи өле өте ескі жанрлардың 
бірі» [173, 28-б.]. Тарихи өлеңдердің тарихи шындықты бейнелеуде 
атқаратын қызметі зор. 
Романда жазушы батырлар мен билердің мінез-құлқын, ақыл-
парасатын, ой-өрісін бейнелеуді жиі қолданған ұсақ жанрлардың бірі –
мақал-мәтелдер болып табылады. Жазушының мақал-мәтелдерді көп 
қолдануы шығарманың көркемдігін, поэтикалық қуатын арттыра түседі. 
Мақал-мәтелдердің айтар ойыңа ой қосатын, тілге икемді сөздің мәйегі 
екенін де айта кету орынды. Мақал да, мәтел де образды халық сөзі болып 
табылады. Мақал – халық тәжірибесінің қысқартылған афоризмдік көрінісі, 
мәтел – қандай да бір өмір құбылысына баға беретін бейнелі сөз. Мәтелдерде 
метафора, салыстыру, гипербола, идиомалық бейнелеу көп қолданылады. 


143 
«Алмас қылыш» романында хан, хандық, билік туралы «Таста тамыр, 
ханда бауыр жоқ», «Хан сырын білгеннің қаны төгілсін», «Жауыз ханнан 
құтылғың келсе, оның жауыз баласына сені хан етем де», «Қара қазақ баласы 
– әкесінің баласы, хан тағының баласы – әкесінің ажалы», «Нар мойны 
кесілген, Бердібек хан өлген кез» деген мақал-мәтелдер кездеседі. Ал
мәмілегерлік, келісімге келу, халық тұрмысы туралы мақал-мәтелдер «Аталы 
сөзге арсыз тоқтамас», «Көктен сұрағаны жерден табылады», «Жылы-жылы 
сөйлесе, жылан іннен шығады», «Кигіз жамылған су болмас», «Күз келері 
көктемнен мәлім», «Мал ашуы – жан ашуы» түрінде кездеседі.
Мақал-мәтелдер арқылы автор Хақназардың егіз ұлынан бірдей 
айрылса да, егіліп ез болмай, қайтпас қайсарлы қатты мінезін «таста
тамыр жоқ, ханда бауыр жоқ» деп бейнелесе, Тәуекел ханның жау
оғына ұшып ауыр жараланған кезде жанына жақын адам таба алмай
жалғыз қалған халін күшті кезінде серік болған одақтастарының енді 
жалғыз тастап кеткенін «жалған дос көлеңке тәрізді, күн шықса
жаныңнан қалмайды, аспанда бұлт торласа қасыңда болмайды» деп
бейнелейді. 
Сол секілді «Құм жиылып тас болмас, құл жиылып бас болмас», 
«Біреуге ор қазғанша, өзіңе көр қаз» деген мақал-мәтелдерді де
кездестіреміз. Жазушы ол мақалдарды кейіпкер аузына салса, енді бірде
өз көзқарасын білдіру үшін қолданады.
«Қаһар» романында да Ілияс Есенберлин өзінің нағыз шеберлігін 
танытқан. Мақалдамай сөйлейтін қазақ жоқ. Кейіпкердің қай-қайсысы да бос 
сөзділікке салынбайды, өзінің ойын тиянақты, тұжырымды, қысқаша 
жеткізеді. Романда кездесетін мақалдардың дені ерлікке, ел басқару ісіне, 
адамгершілікке арналған. 
«Алмас қылыш» романында үлкенді сыйлауға, кішіге қамқор болуға, 
бірлікті сақтауға үйрететін «Асылдан асыл туады», «Әке – балаға сыншы», 
«Аға өлсе, ініге мұра», «Аға тұрғанда іні сөйлеу – сөкет», «Аға тұрғанда, іні 
алға шықпас», «Ағайын жоқ болсаң бере алмайды, бар болсаң, көре 
алмайды», «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді», «Тірінің тіршілігі бар», «Он 
бесте отау иесі», «Құм жиылып тас болар», «Құс ұша түзеледі», «Тісі 
шыққан балаға шайнап берген ас болмайды», «Қарға қарғаның көзін 
шұқымас» секілді мақал-мәтелдер кездеседі.
Тарихи шығарманың идеясы батырлық, қаһармандық, отансүйгіштік 
тәрбие беруге негізделетін болғандықтан, шығармада «Ет жарасы біткенмен, 
ер жарасы біте ме?», «Ер шекіспей бекіспейді», «Есің барда, елің тап», 
«Қоянды қамыс, ерді намыс өлтіреді», «Құрыш отта асылданады, халық 
күресте шынығады», «Ел өссе, ер өседі, ер өссе, шер өшеді», «Ажалың келсе, 
алтын сандық ішінде тығылып жатсаң да табады, ал ажалың жоқ болса, 
жаңбырдай жауған оқтан да адам тірі қалады», «Қашқан жауға қатын ер», 
«Қорқақ ит үреген келеді», «Сақтықта қорлық жоқ», «Берсе қолынан, 
бермесе жолынан» секілді нақыл сөздер жас ұланды Отанын қорғауға, елін-
жерін сақтауға тәрбиелейтіні хақ.


144 
Сонымен қатар шығармада қазақ халқының шешендігі, аталы сөзге 
тоқтаған тоқтамы бар екені, сөз қадірін түсінуге баулитындығы, адам 
мінезінің қыр-сырын түсінуге тәрбиелейтіндігі «Бас кеспек болса да, тіл 
кеспек жоқ», «Әліпті таяқ деп білмеу», «Ақ дегенім – алғыс, қара дегенім – 
қарғыс», «Аңдамай сөйлеген, ауырмай өледі», «Аталы сөзге арсыз 
тоқтамас», «Қырық бір жақ, қыңыр бір жақ», «Бүйректен сирақ шығару», 
«Топпен кеңесіп пішкен тон келте болмас», «Ел құлағы елу», «Қалауын 
тапса қар жанады» деген сөздерден көрінеді.
Ал жазушының оқиға орайына қарай қолданған әрқилы мағынадағы 
мақал-мәтелдері, нақыл сөздері, ғибратты тіркестері шығармаға ерекше өң 
беріп, жарасымды орын тапқан. Бұл сөз оралымдарында адам мінезінің 
күрделі иірімдеріне бойлау, адам санасының тереңіне сүңгу, адам қиялының 
қиянына самғау байқалады: «Өлер бала бейітке жүгіреді», «Суға кетер бала 
дариядан шегінбейді», «Сынықтан бөтеннің бәрі жұғады», «Тоқал ешкі мүйіз 
сұраймын деп құлағынан айрылыпты», «Диірменде туған тышқан дүрсілден 
қорықпас», «Түсіп қалған мұзалимнің (көне түркі тілі: қызмет дәрежесі деген 
мағынада) биігі жаман», «Ортақ өгізден оңаша бұзау артық», «Сүйреп қосқан 
тазы түлкі алмайды», «Сырты бүтін, іші түтін», «Алтын көрсе, періште 
жолдан таяды», «Әлін білмеген әлек», «Адамның дүниеге өзі тойғанмен, көзі 
тоймайды» («Алмас қылыш» романы), «Таста тамыр жоқ, ханда бауыр 
жоқ», «Жалған дос көлеңке тәрізді, күн ашықта жаныңнан қалмайды, 
аспанды бұл торласа, қасыңда болмайды», «Біреуге ор қазба, өзің түсерсің», 
«Құм жиылып тас болмас, құл жиылып бас болмас», «Ер азбай, ел азса – 
айдын көлдің суалғаны, ел азбай ер азса – зор бәйтеректің құлағаны» 
(«Жанталас» романы), «Бүлік басы бұзықта», «Жазығы қатын демесең, 
қыздан артық салдығы», «Бір биеден ала да туады, құла да туады», «Өзен 
қайда құйса, тамшы да сонда құяды», «Қыран жете алмас қия жоқ, жаужүрек 
өте алмас мия жоқ», «бас кеспек болғанмен, тіл кеспек жоқ», «Аталы сөзге 
арсыз тоқтамас», «Дастарқан басында отырып қонақ аяғын алшақ көсілмес 
болар», «Жемін сезсе жиырылған кірпі бауырын жазады», «Аяз, әліңді біл, 
құмырсқа жолыңды біл», «Ауруын жасырған адам өледі», «Ел мақтаған 
жігітті қыз жақтаған», «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі», 
«Шөлмек күнде сынбайды, бір-ақ сынады», «Қанына тартпағанның қары 
сынсын», «Барға мәзір, жоққа әзір», «Сабасына қарай піспегі, сақалына 
қарай іскегі», «Бөтен елде сұлтан болғаныңша, өз еліңде ұлтан бол», «Өзім 
асыраған күшігім өзімді қапты», «Көп қорқытады, терең батырады», 
«Қашқан жауға қатын да ер», «Қоянды қамыс, ерді намыс өлтіреді», «Ер 
шекіспей бекіспейді», «Аюға ақыл үйреткен таяқ», «Қазаны бөлектің – 
қайғысы бөлек», «Қатыныңның ақылымен қоңсы қонсаң, көршің жау 
шығады», «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің», «Адасқанның айыбы 
жоқ, қайтып үйірін тапқан соң», «Балта көтерілгенше ағаш жол табады», 
«Заманың түлкі болса, тазы боп шал», «Екі кеменің құйрығын ұстаған суға 
кетеді», «Есің бар еліңді тап», «Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу 
түгел болса төбедегі келеді», «Әңгіме бұзау емізер», «Ортақ өгізден – оңаша 


145 
бұзау», «Бөлтірікті қанша асырасаң да тоғайын аңсайды», «Қақпанды қоя 
білмеген қасасын алдырар», «Сынықтан бөтеннің бәрі жұғады», «Қыран 
қартайып өлмейді, қайғырып өледі», «Асыл тастан, ақыл жастан», «Көрмес 
түйені де көрмес», «Жылы-жылы сөйлесе жылан іннен шығады, қатты-қатты 
сөйлесе мұсылман діннен шығады», «Әлін білмеген әлек», «Қарға баласын 
аппағым деп сүйеді, кірпі баласын жұмсағым деп сүйеді», «Сақтықта қорлық 
жоқ» («Қаһар» романы).
Бұдан байқайтынымыз жазушы көп жағдайда өзінің тарихи 
тақырыбына орай билік, бірлік, ерлік, батырлық, сақтық, ержүректік туралы 
нақыл сөздерді қолданады. Ерлікке байланысты мақал-мәтелдер: «Қоянды 
қамыс, ерді намыс өлтіреді», «Ел мақтаған жігітті қыз жақтаған», «Ер 
шекіспей бекіспейді», «Сақтықта қорлық жоқ», «Қыран қартайып өлмейді, 
қайғырып өледі», т.б. 
Ел билеуге байланысты мақалдар: «Есің барда елің тап», «Топпен 
кеңесіп пішкен тон келте болмас», «Ел құлағы елу», «Құм жиылып тас 
болмас, құл жиылып бас болмас», «Бөтен елде сұлтан болғанша, өз еліңде 
ұлтан бол», т.б. 
Сондай-ақ «Әңгіме бұзау емізер», «Дастархан басында отырып қонақ 
аяғын алшақ көсілмес болар», «Қарға баласын аппағым деп сүйеді, кірпі 
баласын жұмсағым деп сүйеді», «Әлін білмеген – әлек», «Жылы-жылы 
сөйлсе, жылан інінен шығады, қатты-қатты сөйлесе мұсылман діннен 
шығады», «Көп қорқытады, терең батырдаы», «Ортақ өгізден оңаша бұзау»,
т.б. осы сияқты әр түрлі тақырыптағы мақал-мәтелдер де кездеседі. 
«Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні бар» демекші, ауыз әдебиетінің 
қазынасында мақал-мәтелдің алатын орны ерекше. Егер эпостан халықтың 
бастан кешкен қаһармандық оқиғаларының көркемделген ізін, сол істердің 
жинақталған 
ұғымын 
елестетсек, 
айтыста 
замананың 
көкейкесті 
мәселелеріне баға мен үкім берілсе, мақал-мәтел ел өмірінде орын тепкен 
барлық құбылыстарға тұжырымды, қысқаша қорытынды жасаған 
энциклопедия тәрізді. 
«Алмас 
қылыш» 
романында 
кездесетін 
мақалдардың 
дені 
адамгершілікке, ерлікке, өлімге байланысты қолданылған.
Ерлікке байланысты және хандыққа, мінез-құлыққа байланысты: «Ел 
өссе ер өседі, ер өссе шер өшеді», «Қоянды қамыс, ерді намыс өлтірер», «Ет 
жарасы біткенмен, ер жарасы бітер ме?», «Аға тұрғанда, іні сөйлеу сөкет», 
«Таста тамыр, ханда бауыр жоқ», «Қашқан жауға қатын ер», «Хан сырын 
білгеннің қаны төгілсін», «Жауыз ханнан құтылғың келсе, оның жауыз 
баласына сені хан етем де», «Асылдан асыл туады», «Ағайын жоқ болсаң 
бере алмайды, бас болсаң көре алмайды» мақал-мәтелдер кездеседі. 
Сонымен қатар өлімге қатысты: «Суға кетер бала дариядан шегінбейді», 
«Өлер бала бейітке жүгіреді», «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі», «Нар 
мойны кесілген, Бердібек хан өлген кез», «Ажалың келсе, алтын сандық 
ішінде тығылып жатсаң да табады. Ал ажалың жоқ бола, жаңбырдай жауған 


146 
оқтан да адам тірі қалады» секілді ғибрат сөздер романның тұла бойына өң 
беріп, ажар кіргізіп тұрады. 
Мақал-мәтелдер қай шығармада болмасын кеңінен қолданылатыны
сөзсіз. Бірақ, бұл шығармадағы қолданыста біздің байқағанымыз XV-
XVIII ғасырларда өмір сүрген ата-бабаларымыз сөйлеу барысында
ойының нақты, ұтымды дәлдігін жеткізу үшін сөз мәйегін орынды
қолданған, яғни тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін екі ауыз сөзбен
жеткізуге тырысқан. Мақал-мәтелдерді қай қырынан қолданса да автор
жетістігі кейіпкер бойындағы ақылдылық, әскери дарындылық,
табандылық, айлакерлік секілді қасиеттерді таныта алғандығы. Отан 
қорғау, батырлық, ерлік туралы туындаған халық мақал-мәтелдері негізінен 
халықтың ой-тілегі, арман-мүддесі, отансүйгіштік сезімі қандай екенін 
байқатып отырады. Мақал-мәтелдегі туған жердің қасиетін, оның байлығын 
жоғары бағалап, ардақтаған халық оларды қорғау әрбір азаматтың міндеті 
деп санаған. Егер туған жерге ойран салуды көздеген шапқыншы жау болса, 
оған қарсы аттану ер жігіттің азаматтық борышы деп бағалаған. Сонымен 
қатар мақал-мәтелдерде ел қорғап, жауды талқандап, ерлік жасаған немесе 
қара қылды қақ жарған, қиядан тартып жол салған ер, батыр бейнесінен 
мағлұмат беруге кең көңіл бөледі. Қаһармандық жасау тек Отанын, ел-
жұртын сүйген адамдардың ғана қолынан келеді. Олар қандай 
қиыншылықтар кездессе де үрейленбей, мұңаймай ажалға қарсы шабады деп 
сипаттайды. Батырдың күшін оның ақылы мен айласында деп сипаттайды. 
Мұнымен қатар халық ісі үшін қажымай күресіп ерлік жасаған, ел сүйіп 
батыр атанған адамдардың мінезіндегі жақсы қасиеттер де мақал-
мәтелдерден орын алған. Яғни турашылдық, әділдік, айтқан сөзден 
қайтпаушылық, достыққа адал болу, қарапайымдылық, т.б. қасиеттер 
екендігін аңғартады. 
Көркем шығармаға ауызша айтылып келген, тоқсан ауыз сөздің 
тобықтай түйінін табуға көмектесетін аңыз әңгімелерді кірістіріп, белгілі бір 
идеяларды ашуға жұмсауы да қазақ әдебиетінде Ілияс Есенберлин 
романдары арқылы келген елеулі жаңалықтардың бірі. Мәселен, «Қаһар» 
романында келтірілген «Абылайдың түсі» делінген аңыз шығарманың 
идеясын айқындай түсуге аса қажет қызмет атқарған. Осылайша ауыз 
әдебиетінде сақталған сарынды ұтымды пайдалану романға қосалқы 
көркемдік қосқан.
Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділері» өзінің құрылым, оқиғалық 
жүйесі, баяндау, суреттеу құралдарының сипаты жағынан тек қазақ 
әдебиетіне ғана тән аңыз-роман деп атауға болатын дәстүрді қалыптастырды. 
Тарихи аңыздар мен шежірелер көбінесе ауызша тараған қазақ елінің жазба 
әдебиетіне сол телегей теңіз көркемдік байлықтың ауысып отыруы 
кездейсоқтық емес, нағыз заңдылық екенін дәлелдегені Ілияс Есенберлиннің 
суреткерлік маңызды тағылымдарының бірі. 
Олай 
болса, қазіргі жазба әдебиетіміздің даму бағытындағы 
ерекшеліктің бірі – ауыз әдебиетінің оқиғалық, көркемдік қазынасын игеріп, 


147 
жаңа заман қажетіне жаратудан танылады. Қаншама аңыздың немесе тарихи 
сюжеттердің прозалық, поэзиялық шығармаларға ұласуы өте елеулі 
құбылыс. Әсіресе тарихи романдарда мұндай қозғалыс ерекше мол 
байқалады. 
Шешендік өнерде дүниеге көзқарас пен дүниетаным және ойлылық, 
тапқырлық, шапшаңдық, сөйлеу мәнері, дауыс ырғағы, күлкі реңктері рөл 
атқарады. Жыраулар, шешендер, қолбасылардың қаншама тартымды тұлғасы 
әдебиетімізге осы шығармалар арқылы келді. Шешендік сөздер ауыз 
әдебиетінің жауһар үлгілерінің бірі.
Трилогияда шешендік сөздердің толғай айтылған түрлері кездеседі. 
Соның бір жарқын үлгісі ұлы жырау Асан Қайғының Жәнібекке айтқан 
толғауынан көрінеді: 
«Қырында киік жайлаған, 
Суында балық ойнаған. 
Оймауыттай тоғай егіннің 
Ойына келген асын жейтұғын 
Жемде кеңес қылмадық. 
Жемнен де елді көшірдің 
Ойыл деген ойыңды 
Отын тапсаң тойынды 
Ойыл көздің жасы еді, 
Ойылда кеңес қылмадың, 
Ойылдан елді көшірдің» [33, 215-б.]. 
Қазақ «ат сүрінгенше» ақыл тапқан, ұшқыр ойды қастерлеген, 
ғасырлар бойы сөз мұрасын қорғаштап, сөз асылын жоғалтпай келген, 
ардақтысы да, аяулысы да сөз болған халық. 
«Алмас қылыш» романы шешендік сөзге, толғауға толы. Романдағы 
шешендік сөздерге келсек: «Ұлы хандық ат үстінен түспей жаулап алынды. 
Оны енді ат үстінде отырып басқаруға болмайды», «Досыңнан қасыңның еті 
тәтті. Ал қасыңнан өзіңмен алысқан жауыңның еті тәтті», «Қара қазақ 
баласы – әкесінің баласы. Хан тағының баласы – әкесінің ажалы. Өйткені тақ 
біреу, отырамын деушілер көп», «Ханға – әке де, шеше де, аға-іні де – тек 
алтын тақ», «Уәзіріне сырын білдіріп алған хан қақпанға түскен аңмен 
бірдей» [33]. 
«Қаһар» романында кездесетін әрбір образ жасаушы тұлға өзінше 
шешен. Солардың шешендік сөздеріне тоқталсақ: «Ұясынан ерте ұшқан 
қыран тез қартаяды», «Ел билеймін деген адамға кейде жазықсыз ажал 
жазықты ажалдан құнды. Адамды алу – әлсіздіктің белгісі», «Ел бастаған 
дана емеспін, қол бастаған батырмын. Демек, қыран жете алмас қия жоқ, 
жаужүрек өте алмас мия жоқ», «Алмас наркескенді қанша бөлшектесең де әр 
бөлшегі сол алмас қалпында қалады. Батыр елден батыр ер туады», «Кесіп 
алсаң қан шықпас, ел билейтін жан шықпас дейтін Қаракесек екенсіңдер 
ғой», «Күштінің арты диірмен тартады, тіл табу біздің жақтан болуы керек», 


148 
«Қазақ дене болса, сен – бассың. Бастан айрылып дене күн көре алмас. Мен 
тек қалауын тапса қар жанады, басқа жол іздеу керек деймін» [103]. 
Фольклор үлгілері тарихи шығарманың бірден-бір құрылыс 
материалы, себебі халық тарихы, біріншіден, оның рухани мұрасымен бірге 
бізге жетсе, екіншіден, тарихшылардың мәліметі арқылы жалаң фактілер 
түрінде жетеді. Халық өз өмірінің қиындығын да, қуанышын да өлең-
жырмен, шешендік сөздермен бейнелеп отырған, осы мұралары кейінгі 
ұрпақ санасында мәңгі жаңғырып тұрмақ оның бәрі де шынайы тарихи 
деректермен шендесіп жатқанының белгісі екеніне көзіміз жетеді. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   18




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет