Сұлтан үпі құдірет күшке ие болған ба?
Қазақ жерінің батыс аймағындағы Маңғыстау өңірінде көрген көзді рухтандыратын, құпиялылығымен таңқалдыратын ХІІ-ХІІІ ғасырлардың ескерткіші саналатын Сұлтан үпі жер төлесі орналасқан. Сұлтан үпі жер асты мешіті Форт-Шевченко қаласының солтүстік –шығысынан 57 км жерде, Сарытас шығанағына таяу, Сұлтан үпі сайының жоғарғы жағында орналасқан. Алғашқы рет мешітті тазалау жұмыстары 1980 жылы жүргізілді. Ал 1993 жылдан мемлекеттік қорғауға алынды.
Сұлтан үпі жер асты мешіті
Жартасты ойып жасалған мешіт бір-біріне жалғасқан 11 бөлмеден тұрады. Мешіттің ішіндегі сырық ағаштары шаншылған екі дөңгелек тас қоршаудың ортасында Сұлтан үпінің зираты орналасқан. Мешіттен 6 метр қашықтықта орналасқан Сұлтан үпі құдығы назар аударарлықтай. 1870 жылы Ломакин жазбаларында ғана айтылған құдық ХІХ ғасырда салынған. Құдықтың архитектуралық стилі – маңғыстаулық ХІХ ғасырлық стильге өте ұқсас. Құдықтың ішіндегі әрбір тас бір формада қашалып, дұрыс қисық бойымен орналасып, аузына қарай тарыла бастайды. Тастардың тегістелуінде мін жоқ.
Сұлтан үпі жер асты мешіті
Ертеден айтылып келе жатқан аңыз-әңгімелерге сүйенетін болсақ, Сұлтан үпі Хакім Сүлеймен Бақырғанидың кенже ұлы. Сұлтан үпінің азан шақырып қойған есімі Құбби қожа екен. Алғашқы екі ұлы Бақырған қаласынан 15 шақырым жердегі мектепке хат тануға кеткен. Ал кіші перзенті Құбби қожа үй шаруашылығында әке-шешесінің көмекшісі болып қалған деседі. Құбби қожаның күштілігін суреттеген халық оның әкесіне Қағбаны әкеліп бергенін айтады. Сондай-ақ, ол керемет аңшы, саятшы болғаны ұмыт қалмаған. Сұлтан үпінің кереметтілігінің ішінде, оның өлгенді тірілтетін қасиеті жайлы да айтылады.
Сұлтан үпі жер асты мешіті
Әфсана бойынша, әкесін аса құрметтеген және өз күшінен артық күшке ие болған ұлы Құбби қожаны Хакім ата алыс ұстап, жиі сынға ұшыратқан. Бір уақытта Хакім атаның муридтері жиналып он өгіз сойып, Құбби қожаға қалдырмастан өзара бөлісіп жеп қояды. Әкесінің алдыңғы қылықтарына және ағаларына ренжіп Құбби қожа қоштаспастан елінен кетіп қалады. Алайда, ұлын іздеген әкесі ашуланып, молаңның үстінен 40 жыл су ақсын деп қарғаған екен. Хакім ата өмірден озған соң, оны Бақырған қаласының маңына жерлейді. Алайда, Әмудария өзені бағытын өзгертіп, Хакім ата жерленген мекенді 40 жыл бойы су жуады. Сөйтіп әкесінің өз қарғысы, өзіне кері тиген. Бұл кенже ұлы жайлы айтылғанда, оны ешқандай қарғыс алмайтын кереметтілігі туралы да айтылады. Кіші інілерін ұзақ іздеген Құбби қожаның екі ағасы оның Маңғыстаудағы зиратын табады.
Құбби қожаның Сұлтан үпі аталуын халық көптеген аңыздарға негіздейді. Бірі, үпі сөзі – сопы сөзінен шыққандығын алға тартады. Ал оның жертөледе өмір сүруі соған дәлел деп қоя береді. Этнограф Г.П. Снесарев Султан-Хубби есімінің негізінде иранның «об» — «су» сөзі жатыр деп жазады. Оңтүстік Қазақстанның тұрғындары оны Убю рухы деп есептейді екен. Ал Ташауыз түрікмендерінің айтуынша бұл табылмай кеткен Хакім-атаның Сұлтан Уппи ұлы деседі. Бірақ одан көмек сұраған кезде ол судан шығып, қол ұшын береді деп сенеді. Қатты найзағай ойнап, толастамай жаңбыр құйғанда «Сұлтан үпі, сақтай гөр пендеңді су апатынан» деп жалбарынатын сөз қалған.
«Маңғыстаудың жеті кереметі»
1.Тамшалы
2.Сұлтан-үпі
3.Бекет ата жер асты мешіті.
4.Бекет ата ескерткіші
5.Шерқала
6.Жығылған
7. Қарақия ойпаты
Достарыңызбен бөлісу: |