Мағжан Жұмабаев (1893-1938)



Дата26.06.2018
өлшемі45,83 Kb.
#44388
Мағжан Жұмабаев (1893-1938)

Мағжан – қазақ поэзиясының шолпан жұлдыздарының бірі әрі бірегейі.Ол артына өшпес рухани мол мұра,өзіне өлмес мәңгілік ескерткіш қалдырып кеткен.

Жарты ғасырдан аса оның есімін де,шығармаларын да атай алмай келген халқы көп жылдардан кейін ғана ұлы ақынымен сағына қауышқан.

Мағжанның туып өскен жері – Солтүстік Қазақстан облысының қазіргі Булаев ауданы.Әкесі Бекен – көзі ашық, өжет,қайратты, парасатты адам. Көп жылдар болыс болған. Мектеп ашып, мұғалім ұстап,өз балаларының оқуына қамқорлық жасайды.Бұл мектепте патша әскерінен қашып жүрген Ажиетдин Ақанов деген оқыған, білімді башқұрт жігіті мұғалім боп істеген.Зерек Мағжан төрт жасында осы мектеп есігін ашады, хат таниды, Шығыс әдебиетімен алғаш осы мектепте танысады. Қолына түскен қисса-дастандарды оқи бастайды. Ақын Шығыс әдебиеті даналары Фирдоуси, Сағди, Ғафиз,Омар Хаям дастандарын түпнұсқадан оқып-үйренеді.

Оқуға зерек, білімге, білмекке ынталы Мағжанды әкесі Қызылжардағы медресеге оқуға түсіреді.Мұнда ол шығыс тілдерін үйренеді, сол тілдердегі әдебиеттерге ден қояды.Тап осы кездерде ақындық талантының бүрі де ашылады.

Мағжан сол кездерде Абайдың 1909 жылы Петербургте жарық көрген өлеңдерін оқып, сонан сусындайды.

Ақын мұнан әрі білімін Уфадағы «Ғалия» медресесінде жалғастырады. Медреседе дәріс оқушылар ішінде татардың классик жазушысы Ғалымжан Ибрагимов бар еді.Бұл медреседе сол жылдары бірталай қазақ жастары да оқыған, солардың арасында халқымыздың біртуар жазушысы Бейімбет Майлин де болған.

Мағжан өлеңдерінің тұңғыш рет Қазанда Кәрімовтар баспаханасынан басылып шығуына қол ұшын берген – ұстазы Ғалымжан Ибрагимов.

Шәкіртінің алғырлығын да, зеректігін де таныған ол Мағжанның білімін әрі қарай жалғастыруына да ақыл-кеңес береді.

Мағжан орыс һәм Еуропа мәдениетінен сусындамақ болып, Омбыдағы оқытушылар семинариясына оқуға түседі. Осы оқу орнында ол Сәкен Сейфуллинмен алғаш танысады.Мағжан семинарияны алтын медальмен бітіреді.

Мағжан ана тілінің мол байлығын бойына барынша сіңірген, орыс тілін де жетік білген.Соның арқасында ол Пушкин, Лермонтов, Горкий, Байрон, Гете тағы да басқа орыс, Батыс ақын-жазушыларының шығармаларымен танысып, олардың таңдаулы туындыларын ана тілімізге аударып, халқымыздың игілігіне айналдырған.

Мағжанның барлық өмірі – поэзиясында. Ақын ел ішіндегі әлеуметтік, қоғамдық өмірге белсене араласады. Соларға ақындық үн қосып отырады. Мағжан өлеңдері негізінен халқының, ел – жұртының тағдырына бағышталған.Мағжан – лирик ақын, сыршыл ақын. Ақын поэзиясының ең қомақты жағы осы лирикалары. Олары романтикалық асқақ сезіммен өрілген. Жан тербетеді, адамды нәзік сұлу сезімдерге бөлейді. Ақын лирикасының тақырыптары алуан: туған жер, ата мекен, халық тағдыры, ар – адамгершілік, шынайы махаббат, т.б.

Мағжан – эпик ақын. Оның қаламынан «Батыр Баян», «Қорқыт», «Жүсіпхан» сияқты поэмалар туған. «Батыр Баян» поэмасында өзінің халқына, Алашына деген суымас перзенттік жүрегінің ыстық сезімін өлең өрнегіне шынайылықпен түсірген. Халқымыздың сондай ер жүрек перзенттерінің бірі – батыр Баян. «Батыр Баян» поэмасы «алашым» деп еңіреп, «майданда жолбарыстай» ерлік көрсеткен осы аруақты көкжал батырға арналған.
Мағжан Жұмабаев

Мағжан Жұмабаев - көрнекті жазушы, ақын, публицист. Қазақ поэзиясының шолпан жұлдыздарының бірі әрі бірегейі атанған талантты ақынның есімі кеңес өкіметі тұсында қазақ әдебиеті тарихынан жазықсыз сызылып, оның маржан жырлары идеологиялық қудалауға ұшыраған болатын. Халқының тәуелсіз ел болғанын көруді аңсаған ол, өмірінің аса ауыр сәттерін бастан өткерді. Алайда, тағдыры қиын болғанымен, өміршең жырлары кейінгі ұрпаққа өлмес мұра болып қалған Мағжан Жұмабаев еңбектері туралы кемеңгер жазушымыз кезінде көрегенді ой айтқан еді.

ХХ ғасырдың басы еліміздің рухани-мәдени тарихындағы қиындығы мен қайшылығы мол күрделі кезең болды. Қазақ әдебиетіндегі аса ірі тұлға Мағжан Жұмабаевтың ақын болу, қалыптасу кезеңі - ұлттық көзқарастардың оянуы мен қоғамда жаңа жол іздеген дағдару дәуіріне тура келді. Дәл осы тұста Мағжан жалынды жырларымен ұлттың рухын көтерген алаш ұлдарының бірі болды.

Мағжан Жұмабаев 1893 жылы Солтүстік Қазақстан облысы, Булаев ауданы, Сасықкөл деген жерде туған. Бала кезінен өте зеректігімен көзге түскен ол төрт жасынан хат таниды. Ауыл мұғалімінен сауат ашқан Мағжан 1905 жылы Қызылжардағы медресеге оқуға түсіп, оны жақсы үлгеріммен аяқтайды. Бірақ, бұл білсем, көрсем деп ілгері ұмтылған жас талапты онша қанағаттандыра қоймайды. Сөйтіп, Мағжан білім жолында іздене түседі.

Жан - жақты білімін жетілдірген Мағжан Жұмабаев бірқатар шығыс тілдерінен дәріс алып, шығыс ақындарының жырларымен танысады. Сөйтіп өзі де әдебиетпен шұғылдана бастайды. 1912 жылы небәрі 19 жасында Мағжан ұстазы, татар жазушысы Ғалымжан Ибрагимовтың көмегімен "Шолпан" атты тұңғыш жинағын жарыққа шығарады. Осыдан тура бір ғасыр бұрын Қазан қаласында басылған өлеңдер жинағында Мағжан жалындаған жасқа тән махабатты емес, ел – жұртының тағдырына алаңдаған әлеуметтік, ауқымы кең мәселелерді көтереді.

Не көрсем де алаш үшін көргенім,

Маған атақ ұлтым үшін өлгенім! – деп халқына деген шексіз махаббатын жырлаған Мағжан алаш қайраткерлерімен байланыс орнатып, “Қазақ” газетіне өлеңдерін жариялап тұрған. Ол Міржақып Дулатұлының «Оян, қазақ» өлеңінің рухында «Жатыр» деп аталатын жырын жазады. Мағжан 1923-1927 жылдары Мәскеуде оқыған кезде батыс Еуропа әдебиетімен, орыстың жазушы-ақындарымен етене жақын таныс болған.

1924 жылы Мәскеуде Кеңес пролетариат жазушыларының қауымдастығы құрылады. Социалистік реализімді орнату мақсатындағы бұл ұйымның Қазақтанда жүзеге асуына әдебиетте жүрген зиялы қауым өкілдері қарсы болады. Шығармашылық адамының өз ой-пікірін айтуына тосқауыл жасайтын саясатқа келіспеген қайраткерлер қатарында болған Мағжан сол жылы Мәскеуде жүріп «Алқа» ұйымын құруға әрекет жасайды. Қазақ жазушыларының басын ұлтттық бағытқа біріктіріп, Семей, Ташкент, Петропавлда жүрген белсенді қайраткерлерге «Табалдырық» атты жаңа бағдарламаны қолжазба түрінде таратып, өзінің саяси ұстанымын білдірген.

Өкінішке орай, ұлттық мүддені көздейтін құжат жарыққа шықпайды. Бірақ, осы әрекеті үшін 1929 жылы Мағжан Жұмабаев жасырын ұлтшыл ұйым құрды деген жалған айыптаумен Мәскеудегі Бутырка түрмесіне қамалады. Сол кезеңде Мағжанның осы бастамасы қазақ зиялыларына терең ой тастап, қоғамның шынайы болмысын суреттеген туындылар жарық көре бастайды. Мысалы, Мұхтар Әуезов «Хан Кене» шығармасын жазса, Мағжанның «Жүсіпхан» деп аталатын көркем дүниесі соның айғағы.

Шығармашылықпен, айналысқан алғашқы он жылда Мағжан ұлт - азаттықты поэзияда ең терең қозғаған ақын болды. 1929 - 1938 жылдар аралығында көркем туындылары тоқырауға түскен қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі тек 1936 жылы ғана бостандыққа шығып, Қазақстанға қайтып оралады. Петропавл қаласында мұғалім болып жұмыс істейді. Алайда, оны қалалық оқу ісінің меңгерушісі саяси айыптап, қызметінен босатады. 1937 жылы Алматыға келіп аударма ісімен айналысқан Мағжан Жұмабаев 1938 жылы қайтадан қамауға алынып, ату жазасына кесілді.

Небәрі 44 жыл ғұмыр кешкен Мағжан Жұмабаев өзі өмірден өтсе де артына өлмес мұрасын қалдырды. Бүгінде Мағжантану ілімі ұлттың рухани-мәдени құндылықтар қатарында. Қазақ әдебиетінің сарқылмас қазынасына айналған ұлы суреткердің шығармашылығын көптеген ғалымдар зерттеп, ғылыми еңбектер, оқулықтар жазды. Филология ғылымдарының докторы, профессор Шериздан Елеукенов, Мағжантану жолында сүбелі еңбек етіп, осы саладағы ізденісі үшін мемлкеттік сыйлыққа ие болған қаламгер. Ол 1988 жылдары Алаш азаматтарын ақтау туралы құжатты әдебиет және өнер институты атынан дайындап, атпал азаматтың халқымен қауышуына мұрындық болған.

Арыстанмын, айбатыма кім шыдар?

Жолбарыспын, маған қарсы кім тұрар?

Көкте – бұлт, жерде желмін гулеген,

Жер еркесі – желдің жөнін кім сұрар? –

Мағжан ақындығының құпиясы оның өз тұсының шындығын дәл бейнелуінде ғана емес, өлеңінің сиқырлы күшінде. Ол бірде өмірдің күлкісіндей қуанышты бейнелесе, бірде жылаған, қайғы жұтқан қазақтың ішкі сезімін көрсетеді.

Мағжан ана тілінің мол байлығын бойына барынша сіңіріп, орыс тілін жетік білген. Соның арқасында ол Пушкин, Лермонтов, Горкий, Байрон, Гете секілді орыс, батыс ақын-жазушыларының шығармаларын ана тілімізге аударып, халқымыздың игілігіне айналдырды. Әдеби туындылармен бірге Мағжанның қаламынан туған оқу құралдары да көпшіліктің қызметіне жарап жатыр. Жастарды оқу, білімге шақырған қаламгер әлемдік педагогиканы қазақтың ұлттық ерекшеліктерге сай етіп, бірқатар еңбек жазды. 1923 жылы оның Ташкентте "Педагогика" атты кітабы және төменгі сыныпқа арналған "Сауатты бол" атты оқулығы жарық көреді.
Елінің тарихы мен мәдени мұраларын терең білген Мағжан қаламынан "Батыр Баян", "Қорқыт", "Оқжетпестің қиясында", "Қойлыбайдың қобызы", "Ертегі" сияқты бірнеше тамаша поэмалар тудырды.

...Түркістан – екі дүние есігі ғой,

Түркістан – ер түріктің бесігі ғой, – деп тебіренген ол "Тұран", "Түркістан" арқылы Шығыс әлемін, бүкіл түркі дүниесін мақтан ете жырлайды. Сондықтан, Мағжан Жұмабаевтың түркі жұртының алдында тұлғасы биік ақын. Оның шығармасына байланысты жиындар Түркия мемлекетінде жиі ұйымдастырылып, көптеген өлеңдері түрік тілінде жарық көрген.

Мағжан Жұмабаев ешқандай басшылық қызметтер атқармаған. Сырт бейнесі өте сұлу, келбетті адам болған екен. Сәбит Мұқанов ол туралы: «Мінезі баладай, тілі балдай еді. Адамға қайырымды, кешірімді, қалтқысыз жан еді… » деп жазады. Ақынның алғашқы жарынан Граждан атты баласы болып, кейін ол шетініп кеткен. Ал соңғы қосылған зайыбы Зылиха өмірінің соңына дейін Мағжанмен бірге болып, оның өлеңдерін бастырып, жинаған екен. Сондай-ақ аумалы-төкпелі заманда өзіне қара күйе жаққан жандарға ақынның жаман сөз айтпауы да оның бойында адамшлық қасиеттің биік болғандығын көрсетеді.

Көздерінде от ойнар,

Сөздерінде жалын бар,

Жаннан қымбат оларға ар,

Мен жастарға сенемін!



Мағжан Жұмабаевтың өлеңдері

БАЛАПАН ҚАНАТ ҚАҚТЫ

(“Балапан” журналына арналып қара сөзбен жазылған өлең)

Балапан қанат қақты...

Жас едi. Қанаты да қатып жеткен жоқ едi. Амалсыз қақты.

Солтүстiктiң суығына шыдай алмады. Суық жел сүйегiне жеттi. Ызғар өкпесiне өттi.

Ұшып орманға барып едi, күнi кеше күбiрлесiп, күлiмдесiп, жылы құшағын ашып тұрған ағаштар бұған мойнын бұрмады. Ұшып тоғайға барып едi, қанша шырылдап айналып жүрсе де, қалың ақ кебiнiн жамылып, тоғай тұрмады.

Балапан баспана таба алмады.

Балапан қанат қақты...

Аштан өлетiн болды. Ойды-қырды қар басқан. Бiр қылтанақ таба алмады. Тоңып, дiрiлдеп, аласұрып жүрген балапанды көрiп: “Қорама кiр, қолымда тұр, қалған-құтқанымды берермiн”, — деп күледi солтүстiктiң салқын жүрек, тас бауыр адамы!

Балапан қанат қақты...

Ойы — жандәрмен жылы жаққа жетпек, егiз Есiл — Нұраның тәттi суларынан iшiп, Аралдың ыстық құмын құшпақшы. Терең Балқаштың мөлдiрiне шомылмақшы. Алтайдың етегiнде “уһ” деп демiн алып, Марқакөлдiң қаймағында жүзбекшi.

Балапан қанат қақты...

ҚАЗАҚ ТIЛI

Күш кемiдi, айбынды ту құлады,

Кеше батыр – бүгiн қорқақ, бұғады.

Ерiкке ұмтылған ұшқыр жаны кiсенде

Қан суынған, жүрек солғын соғады.

Қыран құсты қос қанаты қырқылды,

Күндей күштi күркiреген ел тынды.

Асқар Алтай — алтын ана есте жоқ,

Батыр, хандар — асқан жандар ұмытылды!

Ерлiк, елдiк, бiрлiк, қайрат, бақ, ардың, —

Жауыз тағдыр жойды бәрiн не бардың...

Алтын Күннен бағасыз бiр белгi боп,

Нұрлы жұлдыз, бабам тiлi, сен қалдың!

Жарық көрмей жатсаң да ұзақ, кен-тiлiм,

Таза, терең, өткiр, күштi, кең тiлiм,

Тарап кеткен балаларыңды бауырыңа

Ақ қолыңмен тарта аларсың сен, тiлiм!

ЖЕР ЖҮЗIНЕ...

Жер жүзiне ер атағым жайылған,

Жан емеспiн оттан, судан тайынған.

Қайраты мол қандыбалақ қыранмын,

Күн болған жоқ жаудан жүрек шайылған.

Еркiн ырғып шыққам асқар Алтайға,

Қырда тұрып садақ тартқам Қытайға.

Талай тайғақ, тар кешуде таймаған

Батыр жүрек, қайрат ендi алдай ма?!

Талмай, қайтпай қамал бұзған кемеңгер,

Арыстанға қарсы ұмтылған мендей ер.

Бiр барқылдақ жалпылдаған төбеттен

Қорқар болсам, жұтсын менi қара жер!

МЕН ЖАСТАРҒА СЕНЕМIН

Арыстандай айбатты,

Жолбарыстай қайратты –

Қырандай күштi қанатты.

Мен жастарға сенемiн!

Көздерiнде от ойнар,

Сөздерiнде жалын бар,

Жаннан қымбат оларға ар,

Мен жастарға сенемiн!

Жас қырандар – балапан,

Жайып қанат ұмтылған.

Көздегенi көк аспан.

Мен жастарға сенемiн!

Жұмсақ мiнез жiбектер.

Сүттей таза жүректер.

Қасиеттi тiлектер –

Мен жастарға сенемiн!

Тау суындай гүрiлдер,

Айбынды алаш елiм дер,

Алтын Арқа жерiм дер,

Мен жастарға сенемiн!

Қажу бар ма тұлпарға,

Талу бар ма сұңқарға,

Иман күштi оларда,

Мен жастарға сенемiн!...

Алаш айбынды ұраны,

Қасиеттi құраны,

Алаштың олар құрбаны,

Мен жастарға сенемiн!

Мен сенемiн жастарға.

Алаш атын аспанға

Шығарар олар бiр таңда,

Мен жастарға сенемiн!

СЕН СҰЛУ

Бiлем анық: жанға жайлы Май сұлу,

Жарқ-жарқ еткен майда найзағай сұлу.

Қызықты орман, көңiлдi еркiн кең дала,

Күмiс табақ көкте жүзген Ай сұлу.

Кешкi ескен жiбек, жылы жел сұлу,

Хош иiстi түрлi-түстi гүл сұлу.

Әдемi аспан – төбедегi көк шатыр,

Асқар тауы, дариясымен жер сұлу.

Сылқ-сылқ күлiп сылдыр қаққан су сұлу,

Көлге қонып қаңқылдаған қу сұлу.

Бейне айнадай жарқыраған айдыннан

Күн шығарда көтерiлген бу сұлу.

Шаңқай түсте өткiр, алтын Күн сұлу,

Жымыңдаған жұлдыздармен түн сұлу.

Толып жатыр түрлi сұлу дүниеде,

Бәрiнен де маған, сәулем, сен сұлу!

ЖАУҒА ТҮСКЕН ЖАНҒА

(М.Д.-ға хат)

Дамыл көрмей ерте-кеш,

Жұрттың қамын көп жедiң.

Байладың белдi, салып күш,

Тыныштық жүзiн көрмедiң.

Жағаластың жауменен,

“Бермеймiн жұртым, жаным”, – деп.

Алыспақ болдың тауменен,

“Жұрт үшiн төгем қаным”, – деп.

“Оян! – дедiң жұртыңа, –

Бас көтерiп, тiрлiк қыл!”

Ақыл айттың ұлтыңа:

“Таста талас, бiрлiк қыл!”

Бiр шешпедiң белiңдi,

Жұрт үшiн уайым-қайғы жеп,

Сақтамақ болып елiңдi:

“Қара күн алда, бекiн”, – деп.

Менменсiген күштi жау

Көздеп тұрды iсiңдi.

Қоймады сенi есен-сау,

Алды қолдан күшiңдi.

Қараңғы үйге қамады,

Мейiрiмсiз өңшең тасбауыр.

Сорлыға Тәңiрi пана-ды,

Болса да бейнет қанша ауыр.

Қиялға ескi бата бер,

Қайра өзiңдi, дәрмен не?

Уайымсыз, ойсыз жата бер,

Жұрт үшiн түстiң, арман не?

Көзiн ашып, артыңда

Жұртың ойлар: “Бұл қалай?

Тайынба, қорықпа, тартынба!” –

Деушi болар бiрталай.

Ұмытпаған өз ұлтын

Қайратты жас жiгiттер

Жұрт үшiн салар мал-мүлкiн,

Бiрiн-бiрi үгiттер.

Ұстасын, жапсын, уайым жоқ:

“Қоймай қуса қорқақты –

Батыр болар” деген көп,

Батыр ғып, одан не тапты?

Өрнек болар мұндай iс

Кейiнгi жанған жастарға.

Қайраттанып, күйiп iш,

Азуын шайнар қастарға.

Қараңғы болса қанша түн,

Жұлдыз сонша жарқырар.

Бұлт басса да Алтын күн,

Бiр шығар, жердi жарық қылар.

Келешек күнде қағазға,

Алтынмен жазар атыңды.

Құшақтап сүйер, қағазда

Көрсе жазған хатыңды.

Уайым-қайғы жұтады,

Сенi ойлап, сорлы жұрт.

Аңдыған жау ұтады,

Тәңiрi, соның түбiн құрт.

Саған көк те тiлектес,

Бұралған өңшең нәзiк бел,

Перiштелер жаныңда!

Еш қайғырма, рақат – анық бiл...

Мейiрiмi кең күштi Ием,

Сорлы жұртты оң баста.

Дұшпан – құлаш, бiз – сүйем,

Рақмет ұшқынын таста!

Көбейсiн елде қайратты ер,

Жұрт үшiн болсын қара тер.

Сорлы жұртты бастасын,

Жасаған, соған көмек бер!

ТҰТҚЫН


(М.Д.-ға хат)

Кеудеде – от, iште – жалын, көзде – жас,

Күнi-түнi қайғы жұтқан сорлы бас.

Сабан төсек, дым, қараңғы жатағы,

Наны қара, шайы қара, қарны аш.

Күн түсiрмес мейiрiмi жоқ қара

Ағармай ма мұндай үйде қара шаш?

Жанында жоқ жаны ашитын жақын жүз,

Тасбауырлар ыңғайына қарамас.

Жарық сәуле – не Ай, не Күн көрсетпес,

Жақынының “Ой, бауырымын!” естiрмес.

Iс санаулы, сөз аңдулы, ерiк жоқ,

Өз қолымен ұнамды тон пiштiрмес.

Қайғыланба, сорлы тұтқын, еш нетпес,

Күн батқанмен, таң атпайтын түн жетпес.

Ер жүректi азаматтың басына

Бұл жалғанда нелер келiп, не кетпес?!

М.Д. АБАҚТЫДАН ШЫҚҚАНДА

Зор қуаныш — қара түн өткенiне,

Алтын таңды ашық күн жеткенiне,

Қан аралас төгiлген көп көз жасты

Тәңiрi қабыл, мейiрiм ғып, еткенiне.

Ерiк құсы қайта ұшып келгенiне,

Душар болмай дұшпанның мергенiне.

Қайта шықты батқан Күн,

нұр шашылды,

Мың шүкiрлiк Тәңiрiнiң бергенiне.

Күннiң бетiн ежелден бұлт жаппақ,

Жапса да, ұзақ тұрмай, жөнiн таппақ.

Қайғы көрсе, ер жiгiт қайраты аспақ,

Қамшы тисе, шын жүйрiк үдей шаппақ.

Оңнан естi жел бiраз қырын ескен,

Соң туса да, оң туса, қалмас көштен.

Өткен iске – салауат, күтiп қалдық



Өткiр қимыл, ескi үмiт, жаңа күшпен.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет