Мағжан Жұмабаев «Педагогика» еңбегі



Дата24.10.2023
өлшемі51,39 Kb.
#187882
Байланысты:
Ғылыми жұмыс Мағжан


«Қ. Сыпатаев атындағы жалпы орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі

Жұмыстың тақырыбы: Мағжан Жұмабаев


«Педагогика» еңбегі
Бағыты: Қазақ тілі мен әдебиеті

Орындаушы: Токтагулова Жанар Туймебайқызы


Кеңестөбе ауылы 2023 жыл
ЖОСПАР
Кіріспе
1.1 Білім мен тәрбие егіз ұғым
Негізгі бөлім
2.1 М. Жұмабаевтың қазақ педагогикасын дамытудағы үлесі
2.2 М. Жұмабаевтың бастауыш мектеп педагогикасын дамытуға әсері
2.3 «Педагогика» оқулығының қазақ педагогикасындағы орны
2.4 Мағжанның тәрбиелік идеялары – тәуелсіз ел мектебінің негізі

Қорытынды


3.1 Мағжан салған дара жол

1.1 Білім мен тәрбие егіз ұғым


Адам баласымен бірге жасасып, бірге өмір сүріп келе жатқан қоғамның қажетті және тұрақты функциясының бірі – тәрбие болып табылады. Әр түрлі тарихи-экономикалық формацияда, әр елде тәрбиенің мақсаты мен міндеттері сол елдің нақты талаптарына сай кейбір өзгеріске ұшырағанымен тәрбиенің негізгі мақсаты – жас ұрпақты өмірге дайындау, оған өз халқының ғасырлар бойы жасап, қалыптастырған әлеуметтік тәжірибелерін үйрету негізінен сақталып келеді.
Олай болса тәрбие – мәңгілік категория. Соған қарамастан тәрбие әрдайым толықтырып, жаңартып отыруды, тіпті басқа халықтардың тәрбиелік тәжірибелерін де үйренуді, меңгеруді талап етеді. Ал оны ұлттық шеңберде қалып қоймай озық тәжірибеге, ғылымға сүйеніп құру, жетілдіру – маңызды міндеттердің бірі. Міне, осы міндетті қазақ қоғамында алғашқылардың бірі болып түсінген, тек түсініп қана қоймай оны іске асыруға баға жетпес үлес қосқан Мағжан Жұмабаев болып табылады. Басқа тәрбие тақырыптарында арналған мақалаларын есетпемегенде оның 1922-1924 жылдары Орынбор мен Ташкентте қатарынан екі рет басылып шыққан, осы уақытқа дейін бірегей ғылыми оқулық болып табылатын «педагогикасы» айрықша орын алады. Бұл шын мәнінде ғылыми еңбек болғанда ұзаққа арналған, маңызы мен мәнін жоймайтын, өз халқына әрдайым нақты пайдасын тигізетін, қоғам мүшелеріне салиқалы ой салатын және олардың назарына үнемі ауадай қажет ұрпақ тәрбиесіне аударатын, ең маңыздысы нақ осы күні дүниеге келіп жатқан тәрбие туралы еңбектерден шоқтығы биік болмаса кем түспейтін қазына.
«Педагогикадағы» қиын, күрлелі мәселелердің бірі тәрбиенің мақсатын анықтау болып табылады. Әрине, ол өзінен-өзі пайда болмайды, ол қоғамдық өмірдің талабынан, объективті қажеттіліктен туады.
Мағжан тәрбиенің мақсатын өте терең тұжырымдайды, ол: «баланы тәрбие қылу тұрмыс майданында ақылмен, әдіспен күресе білетін, адам шығару деген сөз. Қалса, өзін, асса барлық адам баласын әділ жолмен өрге сүйрейтін ер шығару деген сөз» – дей келе, тағы да, «тәрбиедегі мақсат сол адамның, ұлттың, асса барлық адамзат дүниесін бақытты қылу» – деп жалғастырады.
Сөйтіп Мағжан осы ғасырдың басында-ақ тәрбиенің шеңберін, оның атқаратын қызметін анағұрлым кең көлемде түсінеді. Ол сол кездің өзінде тәрбие түбінде адамдар арасындағы ынтымастықты кеңейтуге, халықтар арасындағы бауырмалдықты нығайтуға қызмет етуге тиіс екендігін баса көрсетіп, өзін ғасырымыздың нағыз гуманистерінің қатарына қояды. Тәрбиенің мақсатын анықтағанда ол бір халықтың, ұлттың шеңберінен шығып, жалпы адамзаттық мұраттарды басшылыққа алып: «Адам өз халқының адамдарын сүюінің үстіне басқа халықтардың адамдарын сүюге де міндетті», - деп бүкіл адамзаттық деңгейден тіл қатады.
Мағжан - өз халқының патриоты. Сондықтан да оны өз халқының болашағы үнемі толғандырған. Ол осы тұрғыдан алғанда тәрбиенің басты міндеттерінің бірі бала бойындағы ұлттық сезімдерді ерте қалыптастыру, оларды халықтың рухани мәдениетімен, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрмен кеңінен қаруландыру қажет деп санайды. «Ұлт тәрбиесі баяғыдан бері саналып, бұрын қолданып келе жатқан тақтақ жол болғандықтан, әрбір тәрбиеші сөз жоқ ұлт тәрбиесімен таныс болуға тиісті. Және, әрбір ұлттың баласы өз ұлтының арасында, өз ұлты үшін қызмет қылатын болғандықтан, тәрбиеші баланы сол ұлт тәрбиесімен тәрбие қылуға міндетті» – деп жазады. Кешегі уақытта біз шын мәнінде тек бір халықты – кеңес халқын құрамыз деген уақытта орыстан басқа халықтардың тәрбие жүйесін тіпті есепке де алған жоқпыз, мектептерде қазақтың халықтың тәрбиесі деген атауды мүлде кездестірмедік. Мұның өзі біздің тәрбиедегі қолға ұстар негізгі қазығымыздан айрылуға әкеліп соқты, қазақ деген аты болмаса заты мүлдем бөлек, шұбарланған ұрпақ өсіп шықты, мазмұны социалистік болғанмен түрі ұлттық болған жоқ. Соның нәтижесінде көптеген халықтармен ұлттар жойылып, тарихи сахнадан шығып қалды, сөйтіп, адам баласының тарихы мен мәдениетіне өлшеусіз зиян келтірді, тәрбие тек империяның мүддесін көздейді, ұлы державалық шовинистік мүддені нығайту үшін қызмет істелді. Кеңес өкіметі жылдарында осындай жолмен 75 ұлыстар мен халықтар жоғалып кетті, 1934 жылы ел бойынша мектептердегі оқу 104 тілде жүргізілсе, 1988 жылы балалар КСРО-да не бәрі 39 тілде ғана білім алды. Мектеп іс жүзінде ұлтсыз мектеп болды.
Демек, тәрбиеде ұлттық ерекшеліктер мүлде сақталмады, ұлттық тәрбие деп айтуға батылымыз бармады.
Мағжанның данышпандығы сонда, ол осыны көріп – білгендей ғасырдың басында, қазақ мектебі құрылып жатқан кездің өзінде осыны көрегендікпен болжай білді. Сол кезде жазған бір мақаласында: «Қазақтың тағдыры, келешегі, ел болуы да – мектептің қандай негізде құрылуына барып тіреледі. Мектебімізді, берік һәм өз жанымызға қабысатын, үйлесетін негізде құра білсек, келешегімізге тайынбай-ақ серттесуге болады. Сондай негізде құра алмасақ, келешегіміз күңгірт» – деп жазды.
Бұдан артық анық, дұрыс болжам айту қиын. Ұлы адамдар болары болып, бояуы сіңген іске қортынды жасамайды, олар білгірлікпен бағдарлай алады. Мағжан да осындай мінез танытты.
М.Жұмабаевтың өлеңдеріндегі ұстаздық-тәлімгерлік идеялары
Өз заманының ең білімдар адамдарының бірі Мағжан елінің мүкшіл халіне ерте көңіл бөлді. Оны өз поэзиясында, ұстаздық сөздеріне арқауы етті. Ол қазақ халқын өнер-білімге тек өзінің педагогикалық еңбектерімен ғана шақырған жоқ. Ең алдымен өзінің өлеңдерінде халықты сауаттылыққа, оқу оқып, білім алуға үндеді.
Ұлтына деген сүйіспеншілігі Мағжанды «ұлтшыл» атандырды және өзі соның жазықсыз құрбаны болды.
Мағжанның 1913 жылы Қазан қаласында шыққан бірінші жинағы «Шолпанда» ақынның сол кездегі ағартушылық сарындағы өлеңдері басылған еді.
«Ләззат қайда?» деген өлеңде ақын жас жанына тыншу берер әуестіктің бәрін тізіп келіп, ойын-сауық, жүйрік ат, алғыр тазы, сұлу қыз бен қыз ойнақтық ешбірінен де тиянақ таппай, тек кітап сөзінен ғана ләзаттанғанын айтады. Өлең былайша аяқталады:
Айтар сөзім, мінекей,
Аласұрған көңілге:
Оқу оқы, өнер қу,
Басқалардан түңіл де!
ХХ ғасырдың басында Мағжан өскен аймақтағы Қызылжар мен Омбыға темір жолдың келуімен бірге Еуропа ғылымының жаңалықтары да ел тірлігіне ене бастап еді. Техниканы еркін меңгеріп, өнер-білімінің пайдасын көрген озық елдермен салыстыру басында, өзелінің тым аянышты халін ақын жанын ширақтыра түседі. Бұл ширығу Мағжанның әсіресе «Жатыр» атты өзеңінде шегіне жеткен:
Таласып өнер-білім алып жатыр,
Күнбе-күн алға қарай барып жатыр.
От жегіп, көкте ұшып, суда жүзіп,
Тәңірімнің рахметіне жарып жатыр.
Біреулер оқып төре болып жатыр,
Шен алып, бақыт құсы қонып жатыр.
Ұмытылып өзін-өзі бұл сабаздар,
Жұртына қарсы таяқ соғып жатыр, -
деп, түйіндейді. Бұл жолдарға түсінік беру артық.
Ұстаз жыршы өзінің бүкіл шығармашылығын бала оқыту, тәрбиелеу жолына арнады десе де болады.
«Кітап әпер, оқысын балаң қолына,
Малды аяма оқу-білім жолына.
Өнер алып, басқалармен қатар бол,
Қосыл бірдей адамзаттың тобына!» -
деп, қазақты оқуға, білімге шақырады.
«Өнер-білім қайтсе табылар» атты өлеңінде Мағжан жастарды оқуға жұмылдыру мақсатымен өнер-білімге барар жол сілтейді, ақылын айтады. «Жақын, туған бауыр» - деп ауылға айналмай, жастарға қалаға барып, оқып, білім алғанын қуаттайды. Ойын-сауық, өсекшілік пен менмендіктің өрге бастыр масынұғындыра келіп, мастай талпынып іздеген адамға «өнер-білім жер астында болса да табылады» - ағалық ақылын айтады.
Мағжан Жұмабаетың шығармасын, әсіресе, ағартушылық шығармасын әңгімелегенде оның балалар әдебиетін жасауға ерекше көңіл бөлгенін, өнер-білімді осы жастардан күткенін айтуымыз керек. Балалар үшін сарылмай еңбек еткен ақын сындарлы, жүйелі жұмыс істеп, көптеген кітаптар шығарған. Балаларға арналған өлеңдері өз алдына бір төбе. «Шолпан» жинағында ақынның «Балалық шақ», «Мен сорлы» (Шәкірт зары) атты өлеңдері жарияланған. Мазмұны, жағынан бұлар Ыбырай Алтынсариннің «Кел, балалар, оқылық» атты өлеңімен үндес.
Ауылдағы ойын балаларына арналған «балалық шақ» деген тамаша өлеңінде Мағжан оларға балалар шағынан бастап оқу-білімге көңіл бөлуге, бойға тек асылды ғана сіңіруге кеңес береді.
Жастық – алтын,
Құрып қал салтын.
Салты оның – үйрену!
Өнер қуып,
Бел бекем буып,
Надандықтан жирену!
Тұрма, қарғам, ұмтыл!
Аты өшкірден құтыл! –
«Аты өшкірден құтыл» деп отырғаны – надандық. Баланың құлағына жағымды «қарағымды» қолдана отырып, сәби санасына ақын өз ойын ұялатады. Ақынның бұл сияқты өлеңдері бүгінгі таңда да өз мәнін жоғалтқан жоқ.
Осы өлеңге ұқсас «Қарағым» деген өлеңінде Мағжан:
Қарағым, оқу оқы, босқа жұрме!
Ойынға, құр қарасың, көңіл бөлме.
Оқымай, ойын қуған балаларға
Жолама, шақырса да, қасына ерме!
Кідірме, аялдама, алға ұмтыл,
Алам деп көктен жұлдыз қолың серме, -
деп, жас жеткіншектерді оқу-білімге шақырады.
«Әже» атты өлең - әже мен немересі арасындағы мерейлі, нәзік, қымбат сезімді мадақтайтын өлең. Әжесі Сұрмерген туралы ертек айта бастағанда немересінің көңіл күй мынадай:
Қоя қойды Кенжебай,
Жылаған жаңа нан сұрап,
Тындап отыр тентектер,
Алма беті албырап,
Ауыздары аңқиып,
Сілекейі салбырап…
Қандай ғажап көрініс!
Осы күні немерелеріне ертек айтып отыратын мұндай әжелер азайып кеткеніне қынжыласың.
Осыған ұқсас Мағжанның тағы бір өлеңі «Немере мен әжесі» деп аталады. Мұнда немересі әжесімен: «Көк деген не, жұлдыз не, жер не, теңіз, тау дегендер не?» деген сияқты толып жатқан сұрақтар қояды. Әжесі бұл сұрақтарға анық жауап бере алмай, мектепке оқуға бар, сонда бәрін білесін деп ақыл береді. Осы сияқты «Қойшы бала мен күшік» деген өлеңінде де ақын мектептен қандай білім алуға болатынын насихаттайды. Бұл өлеңдерді мектептерде төменгі сынып балаларына, тіпті балабақшалардағы бөбектерге оқып жаттасақ, нұр үстіне нұр болмақ.
Осы тектесқай жырынан болсын Мағжанның биік парасаты, кемеңгер ойы мен шалқар білімінің лебі еседі.
Жалпы Мағжан еңбектерінің негізгі идеясы – ұстаздық бағытта, тәлім-тәрбие мәселелерін парасаттылығымен шешуге үндеу болып келеді. Түйіндей айтқанда, М.Жұмабаевты қазақ топырағынан шыққан ұлы ұстаз Ы.Алтынсариннің тәлім-тәрбиелік ойладын жалғастырушы, ұлттық педагогиканың негізін қалаушы ғалым-педагог деуге әбден болады.
2.1 М. Жұмабаевтың қазақ педагогикасын дамытудағы үлесі
Педагогикалық психология – ғылымда ерекше орын алатын саланың бірі. Психология ғылымының бұл саласы ХІХ ғасырдың 2-ші жартысында Еуропада, кейіннен АҚШ пен Ресейде белең ала бастады.
Баланың ана құрсағынан бастап есейіп ер жеткенге дейінгі өсіп жетілуі, мектепке өміріндегі баланың тәрбиесі, дұрыс білім алуы, дұрыс мінез-құлық қалыптастыруы, әлеуметтік ортаға бейімделу, т.б. міне, осы мәселелер сол кездегі психологтарды да көп ойландырған болатын.
Америка, Ресей психологтары осы мәселелерге үлкен үлес қосып, құнды мағлұматтар қалдырып кеткен болса, ХХ ғасырдың басында көшпелі қазақ топырағында елінің ертеңі – болашақ балалар үшін психологияның осы саласына қатысты жәйттерді алғаш көтерген М.Жұмабаев еді.
Қазақстанда сауатсыздықты жоюда Мағжан жазған, әлденеше рет ондаған мың тиражбен басылған «Сауатты бол» оқулығы шешуші орын алды десек, асыра айтқандақ емес. Ал, ақынның «Педагогика» кітабы – қазақ қауымы үшін таптырылмайтын үлгі. Еңбек ғылыми сындарлы жүйемен, ойы мен сөзі үнемді, ұстамды жазылған. Мағжанның кітабы он бес бөлімнен тұрса, соның жартысынан көбі жалпы психология мәселесіндегі проблемаларды қозғайды.
Ғылыми тілі – абстрактылы, Мағжанша айтқанда, жалаңаш тіл.
М.Жұмабаев қазақ баласының бесікке салып, бөленуінен бастап есейгенге дейінгі кезеңді сөз етеді.ол «Тәрбиеші сөзін ең жоғарғы орынға қояды. Шынында да, оның өзіндік сыры бар. Бала өмірге келген күннен бастап тәрбиеленеді, бала өмірі тәрбиеден басталатыны ақиқат.
Көрнекті педагог ақын өз еңбегінде психологияға ерекше мән береді, ол ата-ананың тәрбиесінің басты парызы баланын жан дүниесін, психикасын, оның дамуы мен өзгеруін жақсы білу деп санайды. Бұл орайда баланың бүкіл өсу процестерін байыпты зерттеп, жүйке жүйесін, оның дамуын, баланың сезім мүшелерінің атқаратын қызметі мен алатын орны жеткілікті талдайды.
Дарынды ұстаз «психология – адам жанының жайын, жан тұрмысын, жан көріністерін, жан күштерін, ақыл-қайрат, көңілдің жайын баяндайтын пән» деп анықтама береді. Осы психология пәніне өте кең орын беріп, барынша зер сала қарастырады және ғылымның бұл саласында да терең білімдарлық танытады. Оның жан қуаттары жайлы пікірлерінде дала өмірі мен қазақ зиялыларының туындыларын, ұлттық психологияның бояу нақышын шеберлікпен пайдалана білгені де құптарлық.
М.Жұмабаев «психология» деген сөзді «жан тілі» деп аударып, психология «жан туралы пән» дей отырып, «Баланың жанын жақсы тәрбие қылу үшін жанды көзбен көріп, қолмен ұстамай-ақ оның істерін, көріністерін жақсы тексеру жетеді» деп белгілейді. Мұнда психология пәні нені зерттейді, не үшін керек деген сұрақтарға тоқтала отырып, мына мәселелерді қарастырады: «Жан көріністерінің дене көріністерінен айырмашылығы: жан көріністерін үйрену жолындағы өзін бақылау; жүйке (нерв) жүйесін өсіру; жүйке жүйесінің қызметі; белсенділікті сақтау; мидың қажуы; оны тыныштандыру. Жан көріністері ақыл және ішкі сезім деп бөледі. Ақыл көріністері: әсерлену ұғымының пайда болуы. Бұл мәселенің барлығын ұлттық психологияның тұрмысында қарастыруға ұмтылған. Адам бойындағы психологиялық көріністерді сипаттауда іскерлік, суреттеу, тұқымдық ассоциация, ес, зейін, қиял, ойлау, ой шығару, тіл, т.б. кеңінен тоқталып, оларға қарапайым анықтама, түсіндірмелер беріп, ата-аналарға баланың осы танымдық процестерін қалай дамытуға болады, ол үшін қандай жаттығулар жасау қажет екені жөнінде біршама кеңес береді.
Қарымды қалагер қазақ арасында бұрыннан терең тағылымды аңыздар, даналық нақылдар түрінде кең мағлұм болған ежелгі грек данышпандарын (Платон, Сократ, Аристотель, т.б.), қайта өрлеу дәірінің алыптарын, орыстың төңкеріске дейінгі және кейінгі педагог, психолог оқымыстыларын зерделеп оқығанын еңбектерінен айтпай-ақ байқауға болады.
Оның еңбектерінен біз бірқатар маңызды, құнды, нұсқалы психологиялық қағидаларды байқаймыз.
«Адам – жаңашыл: жаңа үстіне жаңа тілейді, жаңадан жаңаға құмар келеді: адам - әсемшіл: әсемнен әсем, сұлудан сұлу таңдайды», - дейді Мағжан.
Адамзат көшінің бір орында қалып қоймай, топтаурын сүрлеуде босқа өмір сүре бермей, үнемі ілгерілеуге, өзгеруге ұмтылған қасиетінқандай доп басқан. Бұл орайда оның психологиялық көзқарастары әлі де өзіндік мәнін жоймай, қазіргі психологиямен үндесіп жатқанын байқауға болады.
М.Жұмабаев жалпы психология мәселелері жөнінде айтқан түйін тұжырымына қатысты маңызды мәселелерінің бірі – ғылымның төл атауын жасауы, халқымыздың сан ғасырларының негізгі сөздік қорынан психологияға қатысты ұғымдарды ерінбей-жалықпай іздеп тауып, қолданысқа түсіруі қазіргі қазақ психологиясына аса құнды болды. М.Жұмабаевтың термин жасауымен, оғанғылыми анықтама беруімен, қазіргі төл атаулардың жүйелеуіне өзіндік септігін тигізуімен қатар, жекелеген кемшіліктеріне тоқталмай өтуге болмайды. Автор «Абстракция» деген ұғымды «Жалаңаштау» деп алыпты, бұдан гөрі «дерексіздендіру» деген дұрыс тәрізді. Бірақ қазіргі кезде де термин абстракция күйінде қалып келеді. Автордың «түйсікті» – «әсерлену», «елестеуді» – «суреттеу», «есті» – «зейін», «пікірді» - «хүкім», «зейінді» – «абай», т.б. терминдері қазіргі психология саласына онша үйлеспей, мағыналық жағынан сай келмегенімен, автор психология тұрақталған түсініктер мен терминдер енгізіп, халықтың өзіне тән психологиялық ерекшеліктерін алғаш рет ажырата қарастырады.
Мағжан өзінің еңбегінің бір бөлігін психологияға арнауы тектен-тек емес, психологияны міндетті түрде меңгеруді, былайша айтқанда, бала психологиясын жан-жақты білуді, баланы бақылауды ғылыми тұрғыдан білімділікпен жүргізуді ұсынады.
ХХ ғасырдың 20-30 жылдарында қазақ даласында бой көрсеткен, біздің елде де рухани өрлеудің, яғни, қыр елінің ұлттық сана-сезімінің оянып прогреске қарай өрлеуін, айрықша бір кезеңнің болғанын Мағжан тәрізді халқымыздың ардақты азаматтары, алғашқы қазақ интеллигенциясының өкілдері өздерінің еңбектері арқылы дәлелдеп кеткен.
Қазіргі кезеңнің өзінде психология ғылымы жаңа дамып, елімізде енді-енді жетіліп келе жатыр десек, ал Мағжанның қазақ арасында психология мәселелерін алғашқылардың бірі болып қарастыруы оның білімдарлығын байқатады.
Исі қазақ М.Жұмабаев ақын есебінде жақсы білсе, енді оны әдіскер, психология ғылымына да үлес қосқан ақын ретінде де жаңа бір қырынан тануда.
2.2 М. Жұмабаевтың бастауыш мектеп педагогикасын дамытуға әсері
Қызылжарда өзінің «Педагогика» еңбегі жайлы М.Жұмабаев: «Тәрбие ғалымдарының пікірлерін таңдап алуға ұмтылдым. Шамам келгенше қазақ жанына қабыстыруға тырыстым… Бізде бұрын пән тілі болмағандықтан, түрлі терминдерге тап басқанда қазақша сөз табу көп күшке тиді. Қалайда курстарда оқыған мұғалімдердің жәрдемімен таза – орыс сөздері қазақшаға айналдырылды. Ал енді жиһан тілі болып кеткен сөздерді қазақшаға аударам деп азаптануды тиіс таппадым». Ақын осылайша ағынан жарылып, өз еңбегін төрт аяғынан тең басқан дүние демейді. Сөйте тұрса да, бұл еңбектің ғылыми әлемді елең еткізген керемет туынды екені хақ. Мағжан Жұмабаев тек қана қазақ педагогикасымен шектелмей, сол кездегі алдыңғы қатарлы әлем, Ресей, ертедегі Рим, грек ғалымдарының (педагогтерінің) еңбектерімен етене таныс болғаны белгілі. Әсіресе, мұғалімдерге аса қамқор болуға, оны сыйлауға, үлкен құрмет көрсетуге шақырады. «Алты алаштың баласы бас қосса, қадірлі орын – мұғалімдікі», - дейді ұстаз.
Мағжан өзінің осы педагогикасын 14 ірі бөлімнен құрып, оның өзін бірнеше шағын бөлімдерге бөле отырып, ұқыпты түрде талдау жасап, түсініктеме береді. Сөз басына М.Жұмабаев «Тәрбиені» қояды. Шынында да оның өздік сыры да бар ғой. Баланы өмірге келген бірінші минутынан бастап оқытпайды. Оны тәрбиелейді, бала өмірі тәрбиеден басталады. Сондықтан да болар, «баланы жастан» деп қазақ тегін айтпаса керек. Оқу құралының бірінші бөлімі педагогиканың жалпы мәселелеріне арналған. Оның пікірінше, тәрбие саласы төртке бөлінеді. Олар: дене, жан, ақыл тәрбиесі, сұлулық пен әдеп-құлық тәрбиесі. Әрине, тәрбиенің бұдан басқа да бірнеше түрлері бар, ол мұның баста-бастыларын ғана айтқысы келген болуе керек. Автор олардың бір-бірімен табиғи тамырластығын тәптіштей түсіндіре келіп, былай дейді: «Егер адам баласына осы төрт тәрбие тегіс берілсе, оның тәрбиесі түгел болғаны. Егер де ол ыстық, суық, аштық, жалаңаштық сықылды тұрмыста жиі ұшырайтын күштерді елемейтін мықты, берік денелі болса, түзу ойлайтын, дұрыс шешетін, дәл табатын ақылды болса, сұлу көз, сиқырлы әуен, әдемі түрден ләззат алып, жан толқындырарлық болса, жамандықтан жаны жиреніп, жақсылықты жаны тілеп тұратын құлықты болса ғана адам баласының дұрыс тәрбие алып, шын адам болғандағы. Балам адам болсын деген ата-ана осы төрт тәрбиені дұрыс орындасын…». «Баланы тәрбиешінің дәл өзіндей қылып шығару емес, келешек заманына лайық қып шығару», - деу арқылы М.Жұмабаев тәрбие мақсатын келер күн талабымен ұштастырғысы келеді.
Тағы бір ерекшелік Мағжан дене тәрбиесін бірінші орынға қойған. Дене тәрбиесінің өзін 19 бөлімге бөліп, осы әр бөлімге жеке-жеке тоқтап, түсініктеме беріп педагог ретінде нақтылы дәлелдермен бекітеді.
Адамның дені сау, мықты болып өсуі үшін дене тәрбиесінің алатын орны шын мәнінде ерекше. «Бала аурулы болса, зағып болса, баладан емес, тәрбиешіден», - дейді педагог ақын. Тіпті сол ауыр заман түгіл бүгінгі өмірдің өзінде қай ата-ана тәрбиесіне, туралап айтсақ тәрбиенің барлық түріне көңіл бөле береді.
Мағжан Жұмабаевтың медицина саласынан да құр алақан емес екендігін көреміз. Баланың салмағы, температурасы, дем алу, тамыр соғу, тамақтануы, тіпті емшектен айыруды, тазалық жағдайын, бесік мәселесін, тістің шығуын тәптіштеп үлкен бір сезіммен сипаттап жазады. «Балаға тәртіпсіз тамақ беретін әйел екеу болса, біреуі – қазақ әйелі. Бала ұйқысы қанып оянса да, яки төсегі тынышсыз болып жыласа да, оны шешіп алып қарау жоқ, емшегін аузына сала қояды. Бала түнде ың етсе, бесікті албастыдай басып отырып алады. Емшек балада, ана ұйқыда. Ерте күн түс болды, түс кеш болды. Бала аштан аш жатыр. Қарны ашады, шырқырап ішегі қатып жылайды. Бейшара бала жылап-жылап әлсіреп барып ұйықтайды. Кешке келіп ұйқылы-ояу талып жатқан баланы көріп «құлынымның тамақ іздемей, тәтті ғана ұйықтап жатқанын қарашы» дейтін шешеге не дерсің» – деп қазақтың кейбір әйелдерін сынайды. Бұл бүгінгі күннің тұрғысынан да дұрыс жазылып отырған жоқ па? Өзінің «Педагогикасында» М.Жұмабаев әлемнің алдыңғы қатарлы педагогикасына, мәдениетіне меңзейді. Содан үлгі алу керек, үйрену керек дейді.
Екінші бөлімге Мағжан жалпы педагогика ғылымын қояды. Педагогикасының қандай пән екенін сипаттай келе, онымен етене таныс болу керектігін айтады. Мағжан педагогиканың өзін тәрбие пәні деп пайымдайды. Оған дәлел пәннің аты дейді.
Педагогика пәнін М.Жұмабаев 5-ке бөледі: 1. Жалпы педагогика дейді де, бұған тадамнаң дене, жан күштерін тәрбие қылу жолдарын көрсетеді. 2. Дидактика. 3. Методика. 4. Мектепті басқару. 5. Педагогика тарихы.
Әлемдік педагогиканы меңзей отырып, Мағжан халықтық педагогиканы есінен бір сәт шығармайды. Оны жалпы педагогиканің ең негізі етіп қояды. Бала тәрбиесінде ұлттық педагогиканың, тәрбиенің алатын орны ерекше екендігін мысалдар келтіре отырып дәлелдейді. Ұлттық тәрбиенің құнды жақтарын пайымдап аша отырып, оның кем-кетіктері, жаман жақтарынан безуге шақырады. Осыған орай педагог М.Жұмабаев «Әр тәрбиешінің қолданатын жолы – ұлт тәрбиесі». «Әрбір ұлттың бала тәрбие қылу туралы ескіден келе жатқан жеке-жеке жолы бар. Ұлт тәрбиесінің жақсылық жағы көп болғаны сықылды, жамандық жағы да көп» – деп жазады. Осыған орай ол педагогтер, тәрбиешілер халықтық педагогиканы қолдана отырып, түрлі заманда шыққан тәрбие ғалымдарының ойларымен жақсы таныс болу керек дейді.
Әрине, егеменді елдің мектебі, педагогикасы, ұлттық тәрбие, ұлттық оқуы болуы керек. Халықтық тәрбиесіз біз бүгін жас жеткіншектерді өз елін, халқын, тарихын, мәдениетін сүюге тәрбиелей, баули аламыз.
Мағжан тек қана педагог емес. Адамның көңіл күйін, ішкі жан сезімін терең түсінетін психолог та. Мысалы «Бөлеу һәм бесік» бөлімінде Мағжан «Қазақ қатыны баланы бесікке екі жерден тас қылып байлап тастайды. Бұл балаға зиянды. Бұлай ету баланың қан жүруіне, жүрек соғысына зиянды», - дейді. Бесікті тербету туралы да былай дейді. «Баланы ұйықтатарда, жылағанда шешесі долданып тарс-түрс тербетеді. Қарғап, сілейді. Әлден уақытта бала ұйықтайды. Бұл сау дұрыс ұйқы емес.
Шайқап, шайқап баланың басын айналдыру, баланы есінен тандыру. Тербетіп ұйықтату – баланы талдырып ұйықтату деген сөз. Бала ұйықтап жатқан жоқ. Ол талып жатыр.
Қазақ әйелі! Балаңда қасың болмаса, тербетпе. Бесік баланың орны. Естен тандырылып, талдырылатын орын емес», - дейді.
Сондай-ақ адам өмірі үшін ұйқының, қозғалыстың, серуеннің мәнінің зор екендігін пайымдайды. «Педагогика» екінші бір үлкен тармағы «Психология» бөлімі. Мағжанның үлкен сыршыл психолог екендігін осы бөлімнен анық көруге болады. Жалпы біреулер Мағжанды «атеист» десе, енді біреулері «діншіл» дейді. Шындығында Мағжан дінді, оның тарихын жақсы білген, жақсы-жаман жақтарымен етене таныс болған. Оған осы бөлімдегі «Жан» туралы пайымдаулары мен басқа еңбектеріндегі дін туралы пікірлері дәлел. «Жанды ешкім көрмесе де, жанның барлығына дау жоқ» деп жазады Мағжан.
2.3 «Педагогика» оқулығының қазақ педагогикасындағы орны
Алайда діндарлыққа салынып, «жанды» әлдебір құдыреттің, құдайдың ісі деп қараудан аулақ. Керісінше, жанның пайда болуын, оның бар-жоқтығын материалистік, ғылыми тұрғыдан дәлелдеуге тырысады. Осыған байланысты үш түрлі көзқарасқа Мағжан өзінше тоқталып, өз ойларын білдіреді. «Алайда, - деп жазады Мағжан Жұмабаев, - баланың жанын жақсы тәрбие қылу үшін, жанды көзбен көріп, қолмен ұстамай-ақ оның істерін, көріністерін жақсы тексеру жетеді. Психология пәні, міне, осы үшін қажет». Жан тәрбиесін 11-бөлім бойынша талдап жазып, 11-ші бөлімнің өзін тағы да шағын екі бөлімге бөліп, түсініктемелер береді. Соңғы бөлімін «Әсерленуді» «Жалпы сезім яки дене әсерленулері» дейді де оның өзін бес түрге бөліп, жеке-жеке сипаттайды. Сыртқы сезім әсерленулерін сипаттағанда оны алты бөлікке бөледі. Адам анатомиясының заңына сүйене отырып, осы алты сезімді Мағжан қарапайым, түсінікті сипаттайды. өзінің педагогикасында «Абайға», яғни, топшылау сезіміне де ереше көңіл бөліп қарастырады.
«Педагогика» кітабындағы үлкен бөлімнің бірі «Суреттеу» деп аталады. Оны Мағжан алты түрге бөледі де ассоциацияларға біріктіреді. Суреттеулерді бет алдына бір-бірімен байлай беруге болмайды. Оның белгілі жолдары бар дей келіп, оның екі жолын көрсетіп береді. Олар – жақындық және тұқымдастық ассоциациясы. Жақындық ассоциацияның өзін көршілестік, замандастық ассоциациясы деп, тағы екі түрге бөледі. «Балаға берілетін кітап үлкен харіппен басылуы керек. Әсіресе жағрапия оқығанда балаға көршілестік ассоциациясы көп көмек көрсетеді. Картадан бала бір жерді атаса, соның жанындағы екінші жер алдына елестей қалады» деп жазады. Дидактикада Мағжан Жұмабаев сол кез үшінде, бүгін де құнын жоймаған оқытудың принциптеріне ерекше көңіл бөледі. Белгілі бір тақырыпты түсіндіргенде өткен тақырыппен байланысты салыстырмалы оқытудың берері молдығын дәлелдейді.
«Бір нәрсені балаға ашық ұқтырмақшы болсаң, сол нәрсенің қарама-қарсысын алып кел. Мысалы, балаға жер ортасының ыстықтығын түсіндірмекші болсаң, солтүстіктің суығымен салыстыр» деп жазады. Қоршаған ортамен, өмірмен, бүгінгі күнмен, әр түрлі жаңалықтырмен байланыстыра оқыту бүгінгі дидактикадан да талап етіледі. Алайда, жасыратыны жоқ, көптеген мұғалімдер бұл заңдылықты дұрыс орындай бермейді. Осыдан кейін педагогиканың заңдылығы бұзылады. Заңдылық бұзылды дегенше, бар тәртіп, реттілік, білім беру жүйесі бұзылды деу керек. Білім алуда саңлақтар пайда болады. Көбіне мұғалімдердің айтатыны «балалар оқымайды, ауыздарын ашпайды, әбден жалқауланып алды» деген сөздер осының салдарынан келіп шығады.
Мұндай сөздерді айтатын мұғалім әлсіз, дәрменсіз. Өйткені, мұғалімнің шеберлігі мен кереметтілігінің өзі сол оқымайтын баланы оқытып, тыңдамайтын «тәртіпсіз» баланы тыңдатып, тәрбиелей білуде ғой. Проблемалық оқыту, оқушылардың логикаларын дамыту жүйелі түрде ғылыми білім беру, саралап оқыту жолдары жоқтың қасы. Оқушының өзіне еркіндік бере отырып, белгілі бір сұраққа жауапты оның өзіне ойландыра отырып, көзін жектізу, міне, оқытудың бүгіндегі ең үлкен тәсілі осы болуға тиісті.
Пәнді оқытуда жаңалық болмаса, ғылым болмаса сабақ оқушыға қызықсыз болады. Оған оқулықтағы білім аз. Оған қосымша өзі білмейтінін білуге қызығатын білім керек. әйтпеген күнде бала оқымайды. Және дұрыс істейді.
Мағжанның тағы бір тоқтаған тақырыбы «Ес» туралы. Есті ол төрт түрге бөледі.
1.Көру есі. 2. Есту есі. 3. Қозғалу есі. 4. Естің адам өмірі үшін қабілеттілігі. Осы төрт түрлі бөлімнің қыр-сырын ашып, сипаттайды. Естің өркендеуі үшін оның қажетті шарттары орындалуы керек дейді.

  1. Әсер күшті болу қажет.

  1. Сыртқы сезімдерді көбінің қатынауы.

  1. Жаңа білімді бұрынғы біліммен байлау. Пысықтау.

Қарап отырсақ бүгінгі сабақтың талаптарына сәйкес емес пе? Сабақ барысында әрқашан өткен сабақпен байланыс болмаса, шын мәнінде сабақ нәтижесіз болады. Осыны Мағжан дұрыс ескерген.
Мағжанның ендігі бір ерекше сипаттаған бөлімі қиял туралы. Қиялдың жасөспірім үшін, жалпы адамзаттың ақыл-ойының, өмірдің алға басуы үшін маңызы зор екені белгілі. Мағжан қиялдың пайда болу жолдарына, оның бала өміріне қажеттілігіне, бала фантазиясын тәрбиелеу, оқушы өміріндегі ертегілердің, ойының, ойыншықтардың рөлін үлкен ілтипатпен жазады. «Баланың қиялын, фантазиясын тәрбие қылу жолдары» деген бөлімінде ұлттық тәрбиеге, ұдттық педагогикаға аса құрметпен қарайды да қазақ баласының қиялына қанат бітіретін ұлттық тәрбие екенін пайымдайды, әлі де болса балаға ұлттық тұрғыдан оның қиялының дамуына төмен жағдай жасап отырғандағын айтады.
«Қазақ қиялы тәрбие көрген жоқ, әлі таза, әлі бала, әлі жылдар, күндер өткен соң қазақ қиялы тәрбие алып, тереңдеп, адамзат дүниесінің көгінде бір жарық жұлдыз болар деп иманымыз кәміл», - дейді М.Жұмабаев. Қарап отырсақ Мағжан арманы күні бүгінге дейін толық орындала қойған жоқ десек артық емес. Біздің оқушыларымыздың ой-қиялы төмен, біз басқаның ойымен ойландық, соның тілімен сөйледік. Ендігі мақсат, баланың ойын дамыта отырып қиялына қанат бітіру. Сонда ғана педагог Мағжанның арманы орындалмақшы.
«Орыс учительдерінің бір сөз бар – қазақ баласы әдебиет, тарих сықылды ғылымдарға зерек болмайды. Бәлкім, математика пәніне зерек болады» - дегенмен бұл пікірді қате ме деп ойлаймыз. «Менің ойымша, - дейді М.Жұмабаев, - қазақ баласы математикаға ғана емес, әдебиет, тарих, жаратылыс, жағрапия сықылды ғылымдарға зерек болуға тиісті, дәлелім қазақ баласының жаратылысы осыны тілейді. Баланың атаға тартуы рас болса, сиқырлы даланың баласы – қазақ баласы да қиял-құмар болуға тиісті. Яғни ол әдебиет, тарих сықылды қиялды көп керек қылатын ғылымдарға ұмтылуға тиісті», - дейді М.Жұмабаев.
Ертегі туралы жазғанында да педагог-ғалым, баланың өмірі үшін ертегінің маңызы зор екендігін айтады. «Бала ертегіні жан тәнімен тыңдайды. Ертегіге шын көңілмен нанады. Бала құрғақ ақылды ұқпайды, жандандарып, суреттеп алып келсең ұғады. Мысалы, балаға өтірік айтпа деген құрғақ сөзің желге айтқанмен бірдей.
Егер, сен балаға өтірікші туралы ертегі айтсаң, сол ертегіде өтірікшінің өтірігі үшін қор болғанын, зиян көргенін суреттеп алып келсең, міне бала өтірік айтпау керек екендігін сонда ұғады», - дейді.
Баланың жақсы оқуы үшін оның ойлау қабілетінің де жетік болғаны қажет. Ойдың пайда болуын зерттей келе, Мағжан ой шығару үш түрлі жолмен болады: 1. Дедукция, 2. Индукция, 3. Аналогия деп бөледі. Міне, осы үш түрлі жолды әрі қарай дамыта отырып, баланың саналы азамат болуы үшін осы ұғымдардың қажеттілігін дәлелдейді. Мағжан тіл туралы ерекше тоқтап, үлкен сезіммен жазған, «Тілсіз ұлт, тілінен айыралған ұлт дүниеде ұлт болып жасай алмақ емес, ондай ұлт құрылмақ. Ұлтының ұлт болуы үшін бірінші шарт – тілі болуы. Ұлттың тілі кеми бастауы ұлттың құри бастағанын көрсетеді. Ұлтқа тілінен қымбат нәрсе болмасқа тиісті… қазақ тілінде қазақтың сары сайран даласы, біресе желсіз түнде тынық, біресе құйындай екпінді тарихы, сары далада үдере көшкен тұрмысы асықпайтын, саспайтын сабырлы мінезі бәрі көрініп тұр. Күндерде бір күн түрік балаларының тілі біріксе, ол біріккен тілдің негізі қазақ тілі болса, сөз жоқ, түрік тілінің келешек тарихында қазақ ұлты қадірлі орын алмақшы. Келешектің осылай болуына иманымыз берік» деп жазды.
Мағжан Жұмабаев бала тіліне аса ұқыптылықпен қарауға шақырады. «Кейбір адамдардың баланы өз тілінше сөйлеп, балаға тез ұқтырам деп, яки баланы еркелетіп, әдейі тілдерін бұзып балаша шолжаңдап, сақау болып сөйлейтіндері бар. Бұл – зор қате. Баланың тілін шын дұрыс жолға салатын, дұрыстайтын, байытатын – мектеп» деп жазады аталмыш еңбегінде.
Мағжан Жұмабаевтың адам жанын терең сезінетін психолог-ұстаз екендігінің бір дәлелі оның осы «Педагогика» еңбегіндегі «Ікі сезім яки көңіл көріністері» туралы жазғандары. Бала жанын терең түсінетін педагог Мағжан баланың көңілкүйіне егжей-тегжейлі тоқтай келіп, оның сезімдерінің дұрыс дамуы үшін үлкен тәрбиенің керек екендігін айтады. Ата-ана қатал болса, бала да қатал, ата-ана жұмсақ болса, бала да жұмсақ. Баланың маңындағы адамдар да дұрыс мінезді болу керек…
«Баланы қорқыту, оны жазалау дұрыс емес. Бір нәрсені бала жазадан қорыққаннан ғана істейді, бала өтірік айтуға, алдауға үйренеді», - деген Мағжан ойларынан ғалам пікірінің алдыңғы қатарлы елдердің бала тәрбиесіндегі озық ойларымен сабақтас екендігін көреміз. Жасыратыны жоқ, күні бүгінге дейін біздің ата-аналар, мұғалімдер балаға зекіп ұрсудан, оның ар-намысына тиіп ауыр сөз айтудан арылған жоқ. Оқу-тәрбие ісін ізгілендіру, демократияландыру біздің мектептерімізге әлі жете қойған жоқ. Бұл мәселені Мағжан атамыз өз заманында көтергенімен, күні бүгінге дейін орындалмай жатыр. «Бала нашар істі өзі істемеуіне, нашар мінезден өзі қашуына тырыссын. Ешкім айтпай, қорқытпай, баланың өзі жамандықтан, нашар мінезден жиренетін болсын. Балаға махаббат, жылылық сезім, жұмсақ іс арқылы ғана болуға мүмкін», - дейді педагог.
Сонымен қатар Мағжан Жұмабаев әдіскер. Мысалы, «Ішкі сезімдердің біреуі – іш пысу яки зерігу» деген бөлімде былай дейді: «Мұғалім бір сөзді ұзыннан ұзақ соза берсе, шәкірттің іші пысады, мұғалім үсті-үстіне төтеп, түрлі білімді, түрлі сөзді айта берсе, бала мезі болып, іші пысады. Мұғалімнің шеберлігі өзі білген білімнің бәрін балаға тез білдіруде емес, еппен басқыштап білдіруде. Сабақ оқытуда мұғалім өзі жинақы, жігерлі, қызықты болуға тиісті. Сонда ғана ол баланың абайын (назарын) өзіне қарата алады. Сабақ үстінде балалардың ойнауы, тыныш отырмауы бір-бірімен сөйлесулері мұғалімнің жинақы, жігерлі бола білмегендігінен» - деген пікірі оның үлкен әдіскерлігінің дәлелі болса керек. Дәл бізге, біздің «бала оқымайды» – деп кінәлауға дайын мұғалімдерімізге арналған. Мағжаннан үйрену әлі кеш емес.
«Сұлулық сезімдері» деген бөлімде педагог адам тек қана сырт сұлулығымен ғана емес, ішкі сұлулығымен ұнамды, сүйкімді болу керек дейді. Осы орайла ән-музыка, сурет, поэзияның орны ерекше екендігін айтады. «Тәрбиешінің міндеті – бала искусствоның қандай түріне ынта бар екенін тауып, сол сезімдерін өркендету», - дейді де оған жетудің жолдарын көрсетіп береді. Мағжан егерде, сұлулықты өзі сүймесе, оның жүрегі сұлу болмаса, сұлулықты жан-тәнімен түсінбесе, педагогика саласындағы сұлулық туралы сыр шертпес еді.
Педагог-ғалым бала тәрбиесіндегі, әсіресе қыз баланы тәрбиелеуде әйелдің, ананың рөлінің зор екендігін айтады. Өйткені бала анаға жақын тұрады. Шешесі үйде баланың көзінше не істесе, қалай қимылдап, қалай сөз сөйлесе ертең ұшқанда баласы әсіресеі қыз бала соны істейді. Көбіне-көп қыз бала тәрбиесі анасына байланысты. Сол себептен ананың - әйелдің балаларының көзінше өте әдепті, мәдениетті болуын меңзейді.
«Баланың маңдайындағы адамдарының жүріс-тұрыстары да әдепті, сұлу болуға тиісті. Сұлу дене, сұлу қозғалысты көріп өскен баланың денесі де, қозғалысы да сұлу болады. Бала түрлі музыка құралдарының үндерін тындасын, сурет салып үйренсін. Ән салып, музыка құралдарында ойнап үйренсін. Топас адам – тірі өлік» – дейді Мағжан. М.Жұмабаевтың педагогисының құндылығы, өміршеңдігінің бір көрінісі, міне, осы. Сондықтан да негізгі пәндердің бірі болып мектептерде ұлттық, әлем мәдениеттері жүру керек. Этика, эстетика пәндері біздің мектептерде ерекше оқытылуы керек.
Ол өзінің мәдениет, сұлулық, ізгілік туралы ойларын «Құлық сезімдері» деген бөлімде одан әрі дамыта түседі. Ол қазақ халқына басқа халықтың жақсысын үйрен, сөйтіп көтеріл дейді. «Басқа халықты, жалпы адамзатты сүйе деген өсиет айтады. «Адам шын ізгі адам боламын десе, халық ісі, халық пайдасы жолында құрбан бола білсін», - дейді. Бұл сөзді. Мағжан өзі үшін айтқан сияқты.
«Педагогика» кітабының соңғы бөлімі «Баланың жалпы жаратылысына» арналған. Бұл бөлім бүкіл кітаптың қорытынды бөлімі іспеттес. Бала тәрбиесінің оңай еместігін, оған екінің бірі бара бермейтіндігін, екінің бірі нағыз ұстаз, нағыз тәрбиеші бола алмайтындығын жазады. «Тұрмыста түйінді мәселелерді тез шеше білетін, тұрмыстың тұңғиық теңізін қалың қайратпен кеше білетін, адалдық жолға құрбан бола білетін, қысқасы, адамзат дүниесінің керек бір мүшесі бола алатын төрт жағы түгел кісі қылып шығару, баланы мұндай адам қыла алу үшін тәрбиеші бар күшін, бар білімін жұмсап, жалықпай, шаршамай үйрете білу керек», - дейді азамат, ақын, педагог Мағжан Жұмабаев.
Бұл оқулық соңғы жылдарда 4 рет басылды. Мұндай халықтың сұранысына ие болған шығармалар, әсіресе, ғылыми еңбектер аз. Оқулық өте жеңіл және қызғылықты оқылады, дәлелдері анық, аяғыңды басқан сайын ой салады.
Педагог, зерттеуші Алма Қыраубаева: «Болашақ мұғалімдерді қазақ баласының жан дүниесі мүлде ескерілмеген орысша оқулықтардың аудармасымен оқытпай, Мағжан «Педагогикасындағы» ойлармен нәрлендіретін кез келді. Мағжан педагогикасы – аса сезімтал, саясаттан тас, бала жүрегін жаралайтын адамгершілікті педагогика», - деп жазыпты.
Халық тәрбиесінің мәселелерімен өмір бойы айналысып келе жатқан Мұзафар Әлімбаев бір еңбегінде: «Оқулық – тұтас ұлттың игілігі, бүкіл халықтың кітабы. Халық кітабы халықтың өзіндей парасатты, өңегелі, қадірлі болуы тиіс» – деп жазып еді. Мағжан педагогикасы осы талапқа толығымен жауап береді.
2.2 М. Жұмабаевтың бастауыш мектеп педагогикасын дамытуға әсері
Бастауыш мектепте ана тілін оқыту, тіл дамыту әдістемесін қалыптастыруға алғаш қадам жасаушылардың бірі де Мағжан. 1923 жылы «Бастауыш мектепте ана тілі» атты еңбегін жариялайды. Ол төрт жылдық бастауыш мектептің әр жылына сәйкес ана тілі бойынша бала тілін дамыту үшін жүргізілетін жаттығулар, қалыптастырылар дағдылар жүйесін жасап ұсынады. Мектеп үш тұрғыдан : 1) Бастауыш мектептің міндеті, 2) Еңбек міндетінің міндеті, 3) Төрт жылдық бастауыш мектептегі ана тілінен құралуы талап етеді дей отырып, ана тілінің мақсаты мен міндетін көрсетеді. Әдіскер ғалым аталмыш еңбегінде жаттығулар мен дағдылар жүйесін ІY сыныпқа топтай отырып төмендегіше ұсынады:
І-сыныпта: а) жандағы әсерді қысылмай сөзбен жарыққа шығару; ә) аздап жаттаған өлең мысалдарды дұрыс, ашық айту – оқи білу; б) қысқа да болса, дұрыс сөйлеу; в) оқуға жаттығу; г) өзі салған суреттердің астына өзінің атын жаза білу; ғ) тақтадан, кітаптан көшіру; д) күн аттарын жазу һәм барлық балалардың аттарын тізе білу; е) ұғынған әңгімелерін һәм басынан кешкен оқиғаларды мұғалімнің жетекші сұрауларының жәрдемімен қайта ауызекі айтып бере алу; ж) ертегілерді, әңгімелерді сахнаға айналдыра білу.
ІІ-сыныпта: а) естігені я көргені туралы толығырақ әңгіме айту; ә) есіткен, көрген, оқығанын сахнаға айналдыру; б) біреумен дұрыс, толық сөйлесе білу; в) сурет бойынша әңгіме ете білу; г) бір белгілі әңгімеге ұқсас екінші ойдан шығарып айту; ғ) әңгіменің бір бөлімін алып тастап айта білу; д) даяр әңгімені өз жанынан толықтыра білу; е) баспадан, жазбадан қысқа мақалаларды көшіріп жаза білу; ж) күнделік тізу; з) оқуға ұстарту.
ІІІ-сыныпта : а) бастан кешкен оқиғалар бойынша ойдан әңгіме шығарып тәжірибе жасау; ә) балалар жиылысында пікірін дәлелдеп толық қылып сөйлей білу; г) әдебиет әсеріне шамасынша түрлі жақтан баға бере білу; күнделікті календарды тізе білу; ғ) балалардың өз әсерлерінен альбом тізу, журнал шығару; д) жиылыстар, экскурсиялар сықылды оқиғалардан жазбаша есеп бере білу.
ІY-сыныпта : а) белгілі бір пікірдің жобасымен толық дұрыс сөйлеу һәм жазу; ә) әдебиет әсерлерін кестелі, кестесіз, өлшеулі, өлшеусіз, сурет, жай әңгіме сипаттарына қарай сөйлей білу; б) әдебиет әсірінен алынатын сұлулық сезімін декламациямен тереңдету; в) оқығанды суретке салу, әдебиет әсерінен сахнаға айналдыру; г) жазбаша баяндама һәм есептен шығып жиылыстарды сөз сөйлеу; ғ) журналды тереңдету; д) спектакльге қатысу; е) мектепті оқу үйін басқаруға жәрдем қылу.
Сондай-ақ М.Жұмабаев ана тілінің мектептің дәл төрінен орын ала алмай жатқанын, мектебімізде ана тілі әлі дұрыс негізге құрылмағанын айта келіп, “Осы күнгі мектеп баласы ана тіліне өзінің тілі емес, мұғалімнің тілі деп қарайды. Тілдің ережелерін бала өзінің сөйлеп жүрген тілінің ережелері деп емес, “Тіл құралдың ережелері деп түсінеді”, - дейді.
Мектептің міндеті – бір жақтан, хат таныту болса, екінші жақтан, баланы дұрыс сөйлеуге үйрету. Балаға дұрыс тәрбие беру үшін оны әдебиетпен таныстыру және баланы түсініп, ұғып оқуға үйрету керектігін айтқан. Ағартушы төрт сыныпты бастауыш мектептегі ана тілінің ауданын мына бағыттарда жүргізіді ұсынады:

    1. оқу, жазуға үйрету;

    1. емлеге дағдыландыру;

    1. жазбаша сөзді өркендету;

    1. баланың ұғымына лайық ауызша һәм жазба әдебиет түрлерімен таныстыру;

    1. ұғып оқуға дағдыландыру.

М.Жұмабаев бала не нәрсемен айналысса да, ісіне ынталы болуын, мұғалім барлық білімге ана тілін негіз қыла білуі керектігін, болмаса тілі түзілмеген, ойын сөзбен ұқтыра білмейтін, сөз болып жарыққа шыққан ойды ұға білмеймін балаға ешбір білім беруге мүмкін еместігін дәл аңғарған.
Мағжан Жұмабаевтың педагогикалық қызметіне тоқталғанда оның ұстаздық шеберлігін айтпай қоя алмаймыз. Ол туралы 1922 жылы Мәскеу – Күншығыс еңбекшілерінің коммунистік университетінде оқыған Бейсенбай Кенжебаев мыналарды есіне түсіреді: «Қазақ тілі, қазақ әдебиетін М.Жұмабаев оқытқан еді… Ол ғалым, тәжірибелі шебер оқытушы, асқан методист педагог еді». Мысалы, ол шәкірттеріне «Өздерің білген бір ертекті жазып келіңдер, соны класта оқып, бәріміз бірге талдаймыз – деп тапсырма береді. Сөйтіп ол бізге әрі әдебиетті, әрі дұрыс жазуды, әрі шығарма жазуды үйретеді» – деп жазады оның бір шәкірті. Мағжан сабақ өтіп жатқанда ешқандай қағаз пайдаланбай суырып салма әдісімен өз ойын ортаға салып, оны өлеңдер, мақалдар, шығармалардан үзінділерді жатқа оқып дәлелдеп отырған.
Ш.Елеукенов М.Жұмабаевтың ақталып, халқына оралғандығы жайлы былай дейді: «Елінің қамын жеген, қаршадайынан қазақ халқы қайтсе қатарға қосылады деп армандаған аяулы ақын енді міне ел-жұртының арасына қайтып оралды. Ол үшін біз мына революциялық жаңалану дәуіріне борыштымыз. Мың мәртебе соған бағыштаймыз».
Ж.Аймауытов өзінің «Мағжанның ақындығы туралы» атты мақалысында: «Мағжанның ақындығын сынауға біліміміз, күшіміз кәміл жетеді деп айта алмаймыз; толық сынау үшін оның алды, артын орап, еркін арылып шығарлық сегіз қырлы, негізді білім керек» – деп айтқан болатын. әрине, Мағжанның сан қырлы еңбектеріне талдау жүргізу көп ізденісті қажет ететін күрделі процесс, ол болашақтың ісі.
Сәбит Мұқанов 1932 жылы: «Мағжан, әрине, қазақтың күшті ақындарынан саналады. Қазақтың тілін байыту ретінде, әдебиеттеріне жаңа түрлер енгізу ретінде Мағжанның еңбегі көп. Абайдан кейінгі тіл өнегесіне Мағжаннан асқан ақын қазақта жоқ»,- дегенін ешкім жоққа шығарған емес.
«Қазақ жазушыларынан, әрине, Абайды сүйемін… бұдан соң Мағжанды сүйемін. Еаропалығын, жарқыраған әшекейін сүйемін. Қазақ ақындарының қара қордалы ауылында туып, Европадағы мәдениет пен сұлулық сарайына барып, жайлауы жарасқан Арқа қызын көріп, мезінгендей боламын. Мағжан культурасы зор ақын. Сыртқы кестенің келісімі мен күйшілдігіне қарағанда бұл бір заманның шегінен асқандай. Сезімі жетілмеген қазақ қауымынан ертерек шыққандай. Бірақ түбінде әдебиет таратушылары газетпен қосақталып, күндегі өмірінің тереңін терген – ақын болмайды. Заманынан баса озып, ілгерілеп кеткен – ақын болады. Әдебиет үшін деген таңба айқын болмай нәрлі әдебиет болуға жол жоқ. Сондықтан, бүгінгі күннің бар жазушысының ішінен келешекке бой ұрып, артқы күнге алып қалатын сөз – Мағжанның сөзі. Одан басқамыздың бәріміздікі күмәнді, өте сенімсіз деп білемін» – деп жазыпты Мұхтар Әуезов.
«Мағжан – алдымен сыршыл ақын. Мағжан сөзіндей «тілге жұмсақ, жүрекке жылы тиетін» үлбіреген нәзік әуез қазақтың бұрыңғы ақындарда болған емес. Ол жүректің қобызын шерте біледі. Оның жүрегінен жас пен қаны аралас шыққан тәтті сөздері өзгенің жүрегіне тәтті у себеді. Мағжан не жазса да сырлы, көркем, сәнді жазады. Оқушының жүрегіне әсер ете алмайтын құрғақ өлеңді, жабайы жырды Мағжаннан таба алмаймыз. Ол табиғатты суреттей ме, әйелді жаза ма, тарихи адамдарды ала ма, ертегі айта ма, ұран сала ма – бәрінде де ақынның ойлағаны, сезгені, жүрегінің қайғыруы, жанының күйзелуі, көңілінің кірбеңі көрініп тұрады…Олай болса, ақындық жүзінде Абайдан соңғы әдебиетке жаңа түр кіргізіп, соңына шәкірт ерткен, мектеп ашқан күшті ақын Мағжан екенінде дау жоқ. Абайдан соң өлең өлшеулерін түрлендірген тағы да Мағжан» – Жүсіпбек Аймауытов.
3.2 Мағжанның тәрбиелік идеялары – тәуелсіз ел мектебінің негізі
Бүгінгі және болашақтың ұрпаған қалай тәрбиелеп, оқытып шығару керек? Егеменді еліміздің ұрпақтарын ұлылыққа баулу – бүгінгі мектептің парызы.
«…Оқушыларды қазақстандық патриотизм мен шығармашылық жағынан дамыған жеке тұлға ретінде тәрбиелеу аса қажетті, бүгіннен бастап ұлттық мінез-құлық, биік талғампаздық, тәкәппарлық, тектілік, білімділік, биік талғам, ұлттық намыс қасиеттерін сіңіріп қалыптастыруымыз керек» – деген болатын. Президентіміздің бұл сөзі мұғалімдер үшін негізгі бағыт, бағдарлама болуға тиісті.
М.Жұмабаев та кезінде осы бағытты меңзеді, егеменді елдің егемен мектебі болуын қалаған. Өйткені оқушыны ұлттық рухта тәрбиелеп шығару тек ұлт мектебінің қолынан ғана келеді. Кешегі өткен ұлы бабаларымыздың істері бүгінгі ұрпақ үшін үлгі болуға тиіс. Олар ұлан-байтақ жерімізді қасықтай қаны қалғанша қызғыштай қорғап, бүгінгі ұрпаққа аман есен тапсырды. Ал, жеріміз бен егемендігімізді бүгінгі еліміздің жастары сол аталарындай қорғай ала ма? Міне, мәселе осында, патриотизм иен ұлылықты қалыптастыру құрғақ сөзбен жасалынбайды. Оған жүйелі бағдарлама, кешенді оқу-тәрбие жұмыстары қажет. Ең алдымен ұлттық мектеп, оның концепциясы, заңдастырылған дүние болмысы қажет. әр пән бойынша оқулықтар жасалынумен қатар қазақ халқының бүкіл жан дүниесі мен болмысын танытатын, оқу-тәрбие кешені қажет. Бәрі қазақ ұлтының ұлы болмысы мен қағидаларының тоғысында қалыптасуы негізінде болуы керек. Этномәдени білім беру ол қазақстандағы негізгі ұлт төңірегінде, соның негізінде жасалынуы міндетті. Ұлттық педагогика саясатын өзге ұлт, мемлекет емес, өзіміз жасап, қалыптастыруымыз орынды болмақ. Қазақстанның келешекте әлемді өркениетті елдермен терезесі тең, өз орны бар ұлы мемлекет болуын қаласақ, ең алдымен, оның ұлттық мектебінің іргетасын қалыптастыруымыз қажет.
Еврей, жапон т.б. ұлттардың жас буынды сәби күнінен ұлылыққа, ұлтжандылыққа тәрбиелеуі көп нәрсені аңғартса керек. бұларда жас балаға деген құрмет ерекше. Ұрсу, жекіру, балағаттау деген жоқ.
Біздің қазақта да ертеде осындай тәрбиенің болғаны белгілі. Бабаларымыз балаларын ұлылыққа жақсы тәрбиелей білген.
Мағжан өз «Педагогикасында» «Баланы ешбір уақыт қорқытпау керек…баланы қорқыту – қып-қызыл зиян…Жасында қорқытылып үйренбеген бала өскенде ер болады…Ерлікке іспен үйрету керек…Баланы ұру, соғу ісі адамшалыққа ұнамайтын іс», - дейді. Ендігі жерде мектебімізде оқу-тәрбие ісінде ізгілік, демократияландыру принциптері етек жаюы керек-ақ. Ұлттық қағидаларды оқу-тәрбие ісіне терең кіргізе отырып, оны әлемдік алдыңғы қатарлы өркениетті идеялармен қабыстыру қажет. Ол үшін тілдерді тереңдете оқу, әсіресе, қазақ, шетел тілін 3-4 жастан оқытуды қолға алу. Тәрбиенің басты ұстанымдары жалпы адамзаттық құндылықтарды және тұлғаны қалыптастыру, өз халқының мәдениетін, әдебиетін, тілін, салт-дәстүрін сүю арқылы басқа халқының да тілі мен мәдениетіне құрметпен қарайтын адам қалыптастыру.
Бүгінгі ұрпақ – бақытты ұрпақ. Өйткені олар ата-бабамыз ғасырлар бойы армандап кеткен егемендікті көрді. Ғасырлар тоғысында өмір сүруде.
Жаңа ғасыр мектебін қалыптастыру үлкен ойлылықпен, іскерлікпен шешілетін мәселе. Ғасыр басында Мағжан Жұмабаев өзінің «Жазылашақ оқу құралдары һәм мектебіміз» деген еңбегінде: «…біздің дағдарып тұрған мектебімізді бастап алып кететін даңғыл жол жоқ…Сондықтан оқу құралын жазып жатқан азаматтар бұл оқу құралы қандай мінезді мектепке арналады – сол туралы ой жүргіртсе игі болар еді…Кең қазақ мектебіне негіз іздегенде, таза пәк көзінен, яғни мектеп құрылысының қазақ жанына қабысу жағынан келуі дұрыс болар еді» – деп жазады. Мағжан Жұмабаевтың бұл ойы қазіргі күнде де бағасын жоғалтқан жоқ.
Себебі оқулық мектеп үшін де, оқушы үшін де, қоғам үшін де ең басты құрал. Өкінішке орай бүгінгі оқулықтар көп көңілінен шығып тұрған жоқ. Мектепті жөндейміз деп соқыр еліктеуден аулақ болу керектігін де Мағжан кезінде көрегендікпен ескертіп кеткен-ді.: «Мектебімізге негіз саламыз дегенде ескертетін іс-соңғы кезде соқыр еліктеу ауруы біздің жанымызға сіңіп барады. Міне осыдан сақтану керек».
Сөздің түйіні бізге бүгін ғылыми тұрғыдан дәлелденіп, сыннан өткен, халықтың ойынан шығатын, мемлекеттің концепциясынан туындайтын мектеп қажет. Ол неше тұрғыдан болады, 3 сатылы ма, 4 сатылы ма, оны ойластырып, бүкіл халықтың ой елегінен өткізіп барып қабылданған жөн.
Қортынды
3.1 Мағжан салған дара жол

  1. Т.Қожакеев «Көк сеңгірлер» атты еңбегінде : «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» демекші, кезінде біреулер оның балалар мінезіне, жас ұландар психологиясына үйлесімді нәрселерін идеализм, революцияға қарсы иісі аңқып тұрған жат дүниелер деп жоқ жерден қате тауып, мансұқ еткен. Бұл жала, бұл әділетсіздік енді артта қалды», - деп Мағжанның педагогикалық ойларына әділ бағасын берген болатын Мағжанның педагогика саласындағы еңбектері жайлы мынадай қортындыға келеміз: Мағжан психология мен педагогиканы біріктіріп, байланыста ұстаған тұңғыш ғалым. Екіншіден, ұлттық санамызға, болмысымызға жақындастырып, бала тәрбиесінде оның даму заңдылықтарын білу, ұлттық психология ерекшеліктерін есепке алған.

  1. Өз заманның ең білімдар адамдарының бірі Мағжан елінің мүшкіл халіне ерте көңіл бөлді. Оны ол өз поэзиясына, ұстаздық сөздеріне арқауы етті. Ол қазақ халқын өнер-білімге тек өзінің педагогикалық еңбектерімен ғана шақырған жоқ. Ең алдымен өзінің өлеңдерінде халықты сауаттылыққа, оқу оқып, білім алуға үндеді.

  1. Қазіргі кезеңнің өзінде психология ғылымы жаңа дамып, елімізде енді-енді жетіліп келе жатыр десек, ал Мағжанның қазақ арасында психология мәселелерін алғашқылардың бірі болып қарастыруы оның білімдарлығын байқатады. Исі қазақ М.Жұмабаевты ақын есебінде жақсы білсе, енді психология ғылымына да үлес қосқан ақын ретінде де жаңа бір қырынан тануда.

  1. Мағжанның «Педагогика» оқулығын оқи отырып мына қортындыға келеміз: ғалым ұлттық болысымыз мен сана-сезімізге жақын этнопедагогика, психология принциптерін негізге ал отырып жазған. Аталған еңбекті сараптай келе айтатыным өткенғасырдың басында 20-шы жылдарда педагогикалық-психологиялық трактатта айтылған ойлар бүгінгі тәуелсіз мемлекетімізді дамытуда, әсіресе ұлттық байлығымызды пайдаланып, оны қажетімізге жаратуға таптырылмас мұра.

  1. М.Жұмабаевтың «Бастауыш мектепте ана тілі» еңбегі жан-жақты ойластырылған, сындарлы жүйемен жазылған. Мұнда ол сол кездегі тарихи жағдайдан туатын міндеттерді қарастырды. Сондай-ақ бұл еңбегінде оқытудың сабақтан басқа түрлеріне тоқталады.

  1. Қазақстан бүгіндері демократиясы дамыған, өркениет елдер қатарынан бағыт ұстап отыр. Еліміздің Президенті ұсынған «Қазақстан – 2030» - жолдауында еліміздің болашағы жастар, бүгінгі мектеп оқушылары. Бүгіннен бастап олардың бойына ұлттық рухты сіңіре отырып, Отанымызға шынайы патриоттарын, мәдениетті, білімді, парасатты, бауырмал, ізгі ниетті адал азаматтарын тәрбиелеп шығару қоғамның басты парызы. Жаңа ғасыр мектебін қалыптастыру үлкен ойлылықпен, іскерлікпен шешілетін мәселе. Тәуелсіз ел мектебін құруда Мағжанның тәрбиелік идеяларын қолдануымыз жөн.

Қолданылған әдебиеттер:



  1. Қалиев Қ. Этнопедагогика. Астана. 2003

«М.Жұмабаев педагогикалық көзқарастар».
2. Жұмабаев М. Педагогика. Алматы. 1992
«Мағжанның педагогикалық мұрасы жайында».
3. Әбиев. Педагогика. Алматы. 2004
4. Қоянбаев.Педагогика. Алматы.
5. С.Сеңкібаев. М.Жұмабаевтың тәрбиелік ілімі – ғасырлар тоғысында // Ізденіс. 2002. №4
6. С.Сеңкібаев. Мағжанның тәрбиелік идеялары – тәуелсіз ел мектебінің негізі // Ұлт тағылымы. 2001. №6
7. Б.Байменова. М.Жұмабайұлының педагогикалық мұрасы // Ұлт тағылымы. 2001. №6


    • « Предыдущая

    • 1

    • 2

    • 3

    • Страница 4


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет