Әдеби KZ
Ерболды аузындағысынан айырылып қалатын ынжық деп кінәлағанда, өзге
жастар (әсіресе қыздар) бұл пікірге қарсы шықты. Трибунадан сөйлеген
кейбір қыздар әзілдеп: егер осы күнгі жігіттеріміздің бәрі Ерболдай болса,
қыздар одан артықты іздемес еді деген пікірді де айтты.
ҚазПИ-де болған кездесуде сөйлеген Жамалова деген студент қыз: «Ербол
Бүркітбайды бір ұрғанмен, Сәлиманың басына бақыт орнай ма?
Ошақбаевтың бетіне бір түкіргенмен, Меңтайдың міні бүтінделе ме? Екеуі де
болмайды. Ендеше мен Ерболдың сабырлылықпен астасқан ақылдылығын
құптаймын» деді. Мен бұл жайында осы студент қыздан асырып ештеңе айта
алмайтын сияқтымын.
Жазушының кітаптағы кейіпкерлерін жан-жақты білуі парыз. Сондықтан да
мен шығармаға кіріспес бұрын оның кейіпкерлерінің кейбір прототиптерімен
әлденеше рет кездестім. Оған журналистік қызметім мүмкіндік берді.
Олардың бәріне де «Қызыл көрпені» ауызша айтып бердім. Әңгімем
тыңдаушыларға ұнаған сайын маған да шабыт келіп, осыны жазсам, жұрт
оқыр еді-ау деген ой баурай бастады. Осы тоқтамға 1968 жылдың күзінде
анық келгенімді жоғарыда айттым. Ескі достармен жүздескенде өтіп кеткен
қырқыншы жылдардағы студенттік өмірдің өзім ұмытып қалған детальдарын
қойын дәптерге және түрте жүрдім. Шығармаға отырар алдында
университеттің Совет көшесіндегі ескі корпусын әдейі барып аралап шықтым.
Өзіміздің ескі аудиторияларға кірдім, кітапханаға бас сұқтым. Университеттің
Калинин мен Виноградов көшелеріндегі ескі жатақханаларын жағалай және
аралап шықтым. Дәлізде жүріп, бөлмелердің нөмірлеріне дейін үңіліп көз
салдым. Қасымнан өтіп жатқан қыз-жігіттер менің осыдан жиырма жыл
бұрын өздері сияқты студент боп, осы бөлмелердің бірінде жатқанымды,
қазір сол студенттік өмір жайында кітап жазуға келгенімді, әрине, сезген де
жоқ.
457
Достарыңызбен бөлісу: |