Махамбет өлеңдері тәрбие құралы ретінде



Дата03.12.2016
өлшемі37,13 Kb.
#3061
Махамбет өлеңдері тәрбие құралы ретінде

Дүйісмағанбетова А.М. – филология магистрі, Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұстазы

Өткен ғасырда заңғар жазушы Мұхтар Әуезов Махамбеттің ақындық қабілетін: «... Махамбет жырлары өз заманындағы ең қанды, ең әсерлі сөз, көпшіліктің өз үні, өз тілі, өз арман талабы» - деген болатын. Ғасыр өтсе де, бұл пікір адуынды ақын шығармашылығына берілген әділ баға ретінде өз құндылығын жойған жоқ.
Махамбет есімі қазақ тарихында алтын әріппен жазылса, Махамбет шығармашылығы қазақ әдебиетінде гаухардай бағалы. Өйткені ол жырлар – қазақтай халықтың намысы мен жігерінен жаралған рухани қару секілді.
Жауынгерлік рухтағы өршіл жырлардың інжу маржанын ұрпағына мұра еткен Махамбет – ерлік пен намыстың ақыны. Кешегі өткен Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіз, Ақтамберді жыраулардың жалғасы. Сан ғасырлар бойғы тәуелсіздікке ұмтылған бабалар рухының нақты көрінісі.
Оның жырлары – ерліктің, өрліктің гимні, қайсарлықтың символы.

Адуынды ақынның қай өлеңін алсақ та, оның негізгі лейтмотиві, мақсаты – жас ұрпақты ерлікке, өршілдікке, адами асыл қасиеттерге тәрбиелеу. Сондықтан да оның шығармаларын, жалынды жырларын, жалпы Махамбеттің адами, ақындық ғұмырын білім беру ісінде қолдану қажеттілігі артады. Оның туындыларында айтылған қағидалар бүгінгі тәрбие өзегімен үндесіп жатыр.

Шыны керек, ескі идеология, тарихнама, әдіснама бойынша тарихтағы жеке тұлғалардың орны дұрыс бағаланбады, бұрмаланып біржақты түсіндірілді. Тек ғана соңғы жылдары тарихқа жаңа көзқарас тұрғысынан егемендігіміздің нәтижесінде Махамбет сынды алыптарымыздың еңбектерін жаңаша зерделеуге мүмкіндік туды.
Махамбет өлеңдерінде ұрпақ тәрбиесіне қатысты тәрбиенің сан-алуан салалары атап айтқанда, адамгершілік-имандылық, сұлулық, ел жандылық, экологиялық тәрбие туралы жан-жақты сөз болады.

Халық ауыз әдебиетінен бастау алатын төл әдебиетіміз қашан да тәрбие құралы іспеттес. Ерте заманнан бері халқымыз тәрбие өзегі ретінде ертегі, аңыздарды, батырлар жырлары мен дастандарды, өлеңдер мен терме, баталарды, мақал-мәтелдерді, қанатты сөздер мен шешендік өнерді, ырым-тиым сөздерді тиімді пайдаланып, ұлттық дәстүрімізді жалғастырып отырды. Сол секілді Махамбет өлеңдері өз заманында халқына өршілдік рух сыйлаған жалынды жырға айналды. Көтеріліс жеңіліске ұшыраса да, ол өз рухын жоғалтпады. Халықты көтеріліске қайта шақырып, өлеңмен ой салып, халық санасын оятуға күш салды.

Ақын: «Мен едім» деген өлеңінде:
Бөз ағаштан биік мен едім,
Бұлтқа жетпей шарт сынбан,
Ел құтқарар, ер едім,
Жандаспай ақыры бір тынбан,

- деп өршілдігін ерекшелей түседі. Қандай зұлмат жылдарды бастан өткерсе де, өр мінезінен таймаған қазақтың мінезін Махамбеттің осындай өлеңдерінен көруге болады.


Қарт бұғыдай билерден
Ақыл сұрар күн қайда?
Бізді тапқан ананың
Асыраған ананың,
Ризалықпен жайласып
Қолын алар күн қайда?

Осы сынды өлеңдерін оқысақ, нағыз халықтық педагогиканың қайнар көзіне кенелеміз. Махамбет осы сынды өлеңдерінде аталы сөзге тоқтаған, ананы аялап ардақтаған қазақты көрсетті.

Махамбеттің:
Толарсақтан саз кешіп,
Тоқтамай тартып шығуға
Қас үлектен туған катепті
Қара нар керек біздің бұл іске.
Қабырғасын қаусатып,
Біздің бүйткен бұл іске, - деген өлеңінде де Махамбеттің «Қызғыш құс» өлеңінде де ақынның еліне деген сүйіспеншілігі тамаша өрнектелген. Махамбет психологиялық параллелизмді шебер үйлесімде қолдана отырып, өзінің тағдыры мен құсты теңестіреді. Өйткені, сол кезеңде ақынның тағдыры көлін аңсаған, мекенін қорыңан қызғыш құспен тең еді.
Махамбет Өтемісұлының қай өлеңін алсақ та, өлеңнің мазмұны туған ел мен жерге деген сүйіспеншілікті, намысын жоғары қойған адами қасиетті басты орынға қояды. Махамбет аңсап өткен елдік, ақын жырлап өткен егенмендік бүгінгі таңда бар. Бүгінде Қазақстан Республикасы – егеменді ел. Тәуелсіздік алған мерзімнің ішінде Президентіміздің басшылығымен біршама жетістіктерге қол жетті. Ендігі кезекте осы тәуелсіздік аясында жас ұрпақты тәуелсіздіктің қадірін түсіндіруге, сол бабалар армандаған, батырлар қорғаған, ақындар жырлаған елдікті сақтауға тәрбиелеуіміз шарт. Ол үшін Қазақ тілінің мың оралымдығы, қасиеті сақталған Махамбеттей ақын жырларын ұлт тәрбиесінде басшылыққа алуымыз шарт. Махамбеттің Исатай бейнесін көркем сомдауы, халық тілегі жолында аянбауы, жаныңа жігер сыйлайтын жырлары осы орайды бізге әбден көмекке келері анық. Ұрпақ бойында ұлттық рухты, өзіне деген сенімділікті, халқына деген құрметті қалыптастыруда Махамбет өлеңдерін түсіне отырып оқыту қажет.
Каталог: megssoem -> eokkuugw -> yesyugii
yesyugii -> Тіл үйрету сабағында оқылымның болжау стратегияларын тиімді ұйымдастырудың жолдары
yesyugii -> Талдықорған қаласындағы нзм-нің 12-сынып оқушысының қазақ әдебиеті пәнінен сыни талдау жұмысы Ермекбаева Зере 12е-сынып Оралхан Бөкей өзінің «Апамның астауы» және «Тортай мінер ақ боз ат» әңгімелерінен қандай әсер тудырды?
yesyugii -> Қазақ тілін екінші тіл ретінде оқытудағы айтылым дағдысының РӨЛІ
eokkuugw -> Орал қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі
eokkuugw -> Сабақ тақырыбы : Тогы бар өткізгішке магнит өрісінің әсері
yesyugii -> Қазақ тілін оқытудағы заманауи талаптар


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет