«Малайсары жалпы орта білім беретін мектеп»
мемлекеттік мекемесі
Кіріспе
Күй –көне жанр. Оның сан ғасырлық тарихы бар. Қалыптасқан дәстүрлері мен мектептері бар.
Арқаның күйшілік мектебі-шертпе мәдениетінің алтын қазығы деуге тұрарлық үлкен мектеп. Себебі, Арқа иісі қазақтың тарихи ортақ мекеніне айналған, үш жүздің еншісі бөлінбегенін айғақтап тұрған қасиетті Ұлытау да осында. Домбырасымен «Ақсақ құланды» толғаған күй атасы-Кетбұғы өмір кешкен Жошы ұлысыда Арқа өңірінде дәурендегені шежіреден аян. Небір балбармақ домбырашылар өмір кешкен Сарыарқа жерінде күй дегенде алдымен аузымызға абыз Кетбұғыдан бөлек керей батыры-Байжігіт, арғынның аты аңызға айналған ақылманы-Тәттімбет сері түседі. Осылардың ішінде Арқа мектебінің басында тұрған тұлға сөз жоқ, тәттімбет екені дауысыз. Тәттімбетше күй тарту үрдісі осыдан кейін Тоқа, Дайрабай, Қыздарбек, Сембек, Әбди, Итаяқ, Әбікен, Аққыз, Мағаиялар арқылы дамып, шертпенің даңқы мұқым қазаққ үлгі болды.
Назарларыңызға иісі қазақ күй өнерінің шырайын келтіріп, мәртебесін өсіретін рухани асыл қазынасымен таныстыру мақсатында, ел ішіндегі атадан балаға сабақтасқан домбырашылық дәстүрді жалғастырушы күйшілер туралы дерекнамалық құжаттарды негізге алып, түрлі басылымдарда жарияланған материалдарды пайдалана отырып құрастырылды.Басылымға Қарағанды облысында туған Арқанның күйшілік мектебінің өрісін ұзартатын, өресін биіктететін тамаша күйлер шығарған дарынды күйшілер, киелі күй өнерін насихаттаушы, домбырашы адамдар туралы мағлұматтар.
Сонымен, алдарыңызға ұсынылып отырған «Сарыарқа күйшілері» атты әдістемелік құрал оқушы, мұғалімдерге арналған.
Алғы сөз
Тарихқа көз жүгіртсек, әр халық өз тарихын әр түрлі жолдармен белгілейтіні ерекше байқалады. Айталық арабтарда көне тарихын алып тас мүсіндерге түсірсе, қытайларды ескі жазу тәсілмен сақталған. Үнділерде би өнерінің тілімен бейнелесе, европалықтар зәулім храмдар мен қорғандар салып қалдырған. Ал, қазақ халқы болса, өз тарихын аса бай ауыз әдебиетімен жырлап, саз өнерімен суреттегн. Соның бірі- күй сазы.
Халық музыкасының тарихы, жанрлық, дәстүрлі орындаушылар мектебі, ежелден келе жатқан халық музыкасын жеткізушілер - әнші-күйшілердің шығармашылығы, музыка өнерінің даму тарихы, күрделі шығармалар түрлері, дүние жүзіне әйгілі музыка қайраткерлерінің өмірі мен шығармашылығы зерделенеді. Шығыс өркениетінің музыкалық мұраларымен танысуға елеулі көңіл бөлінеді. Музыка өнер түрі ретінде жасөспірімнің рухани әлемін тәрбиелеуге және сезімі мен көркемдік ой-жүйесін дамытып, өмірді бағалай білуге бағытталған.
Әдістемелік көмекші құрал музыка пәні бойынша оқушылардың қосымша дерек алатын, өздігінен ізденуге бағыттайтын, күйші-жыраулардың өмірбаяны туралы мәліметтерін толықтыру үшін қолдануға ыңғайланып жасалған. Оқушылардың қосымша материалдан қажеттісін іріктеп алуға, оны көпшілік алдында әдеби тілмен жеткізе білуге, өздігінен білім жинақтау арқылы қабілеттерін дамытуға ықпал жасайтын мағлұмат жинақталған.
Көмекші құрал оқушының дербес ізденісі мен шығармашылығын дамытуға, пәнге қызығушылығын туғызуға, пән бойынша танымын тереңдетуге әсер етеді, сондықтан оқу үдерісінде пайдалануға болады.
Қорқыт ата
Қорқыт ата /9 ғ./— қобыз атасы деп табылады, композитор, жыршы, ақын, музыкант, бақсылардың қамқоршысы.
Түрік дәстүрін, салтын, әдетін, сенімдерін, басқа халықтардан айырмашылығын, қысқасы, қоғамдық мінездемесін ертегілерінде айтқан, оны бүгінге дейін әдемілеп жеткізген ұлы өнерпаз. Туған, қайтыс болған жылдары белгісіз. Өмір сүрген ғасыры да даулы. Кейбір зерттеушілер оның Әзірет Пайғамбар заманында жасағанын айтады және ғылыми еңбектерінде бұл пікірді дәлелдейтін дастан бөлімдерін келтіреді. Ал кейбір зерттеушілер Қорқыт Атаның Оғыз түріктерінің ертекшісі және дастаншысы болғанын айтып, Қорқыттың бүгін қолымыздағы 12 дастан-хикаясынан пікірлерін дәлелдейтін деректер келтіреді. Пертев Найили Боратов Қорқыт Ата ертегілері жөніндегі Ислам Энциклопедиясына жазған мақаласында бұл ертегілердің XV ғасырға дейін ауызша болып келгенін, ал XV ғасырдың екінші жартысында Аққойынлылар тарапынан жазылып алынғанын еске түсіріп, қолымыздағы бар мәтіндерде екі бөлек дәуірдің оқиғалары бейнеленгенін көрсетеді. Қыпшақ-оғыз түріктерінің Сырдария солтүстігінде отандарында IX-XI ғасыр арасында кешкен өмірлері осы ертегі-дастандарда көрсетіліпті. Және бұл ертегі-дастандар жазылып алынған XV ғасырдағы Аққойынлы мемлекетінде болған оқиғаларды қамтиды. Қорқыт Ата ертегілерінің негізі қыпшақ-оғыз түріктерінің өмір-тұрмысына негізделген және осы заманның салт, әдет-ғұрып және дәстүр түрлерін көрсетеді. Бірақ нақ осындай салт-дәстүрмен жасаған Аққойынлылар ертелерді қағазға жазғанда кейбір хикаяларды ол күндердің оқиғаларына үйлестіре жасауы мүмкін. Кейбір ғылыми еңбектерде Қорқыт Атаның Пайғамбарға елші болып жіберілгені жазылды. Бұл қосымшалардың түріктердің ислам дінін қабылдағаннан кейін жазылуы ықтимал. Қорқыт Ата қыпшақ-оғыз түріктерінің білгіші болып табылады. «Оғыз халқының басына қайыр келетінін сөйлеген едім» деп айтқан хикметтерінен түріктерге жол көрсеткені байқалады және оның бақсы болғандығы жөніндегі ықтималды күшейтеді. Бақсылар әрі ақын болатын, әрі өткен замандардың хикаяларын сөйлейтін, келешектен хабар беретін. Бақсы болғанының тағы бір дәлелі-қолындағы қобызы. Әдетте, қобыз-әулиелердің аспабы. Қазіргі заманда түркі халықтары арасында Қорқыт Ата дастаны кең тараған. Қорқыт Атаның біздің заманымызға дейін жеткен 12 хикаясы бар. Олардың сегізі ішкі және сыртқы соғыстар туралы.Екеуі ғашық оқиғалары жайында болса, екеуі мифологиялық сипатта. Бірақ бәрі де түркі дүниесін шын сипатында көрсетеді. Түркі қауымының қаһармандығы, мәдениетін, мінезін, діни әдеттерін және тұрмыстарын ашып береді. Қорқыт Ата ертегілері мен дастандары-түркі мифологиясының қайнар көзі. Қорқыт VIII ғасырда Сыр бойында бұрынғы Жанкент қаласы маңында өмір сүрген батыр, атақты ақын, асқан күйші. Сонымен бірге ол туралы көптеген аңыздар сақталған. Ел аузындағы аңыздарда Қорқыт ата мәңгі өлмейтін өмір іздеуші, мәңгілік өмір үшін қайтпас күрескер сипатында айтылады. Бірақ ол өмірінің соңында өлмейтін нәрсе жоқ екен деген пікірге келеді. Енді Қорқыт ата мәңгілік өмірді қобыз сарынынан іздейді екен. Ұлы күйшіге өзі іздеген мәңгілік өмір оның өнерінде сияқты көрінеді. Ол күйлерін толласыз тартып,дүниеден өтеді. Өзі өлгенмен артында күйлері, ұлғатты сөздері қалады. Ал әдебиет тарихында деректі түрде Қорқыт ата кітабы бар. Қорқыт ата кітабы осы күнге дейін Дрезден қаласында он екі жырдан тұратын қолжазба күйінде және Италияда алты жырдан тұратын қолжазба күйінде сақталып келеді. Қорқыт ата кітабын VIII ғасырларда және одан да бұрын туған аңыздардың жинағы деуге болады. Оларды жыр түрінде жазған-Қорқыт ата. Кітапта қазақ халқының құрылуына тікелей қатысы бар, тарихта белгілі оғыз тайпаларының тағдырына байланысты оқиғалар баяндалады. Қорқыт ата кітабы мынадай жырлардан тұрады: - Дерсе хан ұлы Бұқаш туралы жыр, - Қазан бектің ауылын жау шапқаны туралы жыр, - Оғыз қаған жыры т.б. Қорқыт ата кітабының жырлары оғыз тайпасының туған жерін, елін сыртқы жаулардан қорғау үшін қан майданға шыққан алып батырларының ерлігі туралы толғайды. Дастанда ерлік, әділдік, адамгершілік, ата-ананы құрмет тұту, уәдеде тұру сияқты ізгі қасиеттер айтылады. Оның қаһармандары қорқақтық пен опасыздыққа, әдіпсіздік пен сарандыққа қарсы күреседі. Қорқыт ата кітабының қаһармандары мен олардың бастан кешкен оқиғалары осы идеяларды аша түседі. Жырлардың тең жартысынан астамы Қазан бектің ел қорғаған ерлігін, ел-жұртқа жасаған ізгілікті істерін жырлауға арналған. Ерлерше қару асынып, жаумен тайсалмай соғысқан Қазан бектің әйелі Бөрілі сұлу және оның ұлы Ораз ел басқарған Баяндыр хан, Дерсе хан, оның баласы Бұқаш, т.б. кейіпкерлер ерлікпен бірге ізгілік те танытады. Қорыта айтқанда, Қорқыт ата кітабы - әр түрлі жырлардың жинағы болса да, ерлік жасау мен ізгілік көрсетуді біртұтас өріп отырады. Қорқыт ата кітабында тәрбиелік құнары мол қанатты сөздер көптеп ұшырасады. Мысалы: Жер қадірін ел біледі, ел қадірін ер біледі; Құлан құдыққа құласа, құрбақа құлағында ойнайды; Ат қиналмай жол шалмас; Көңілі пасық ерде дәулет болмас; Қар қаншама қалың жауғанмен - жазға бармас; Анадан өнеге көрмеген қыз; Ата даңқын шығарып, өзінің тегін қуған балаға ешкім жетпейді, т.б.
Қолына қобыз ұстаған ұзан (абыз,жырау) елден елге жетеді – деп Қорқыт атаның өзі айтқандай, өнер-мәңгілік, ол елден елге, ұрпақтан ұрпаққа тарайды.
Достарыңызбен бөлісу: |