Байланысты: Баяндама малдардың биологиялық ерекшеліктері және өнімділігі
Ірі қараның биологиялық ерекшеліктері. Қоректену типі жағынан шөп қоректілерге, ал қорытуы жағынан күйіс қайыратындарға жатады. Ірі қараның күйіс қайыруы олардың ас қорыту жолдарының құрылыс ерекшеліктеріне байланысты мәселе. Ірі қара асқазаны көп камералы келеді. Оның үш алдыңғы бөлігінде без болмайды, қарын сөлі бөлінбейді. Сондықтан олар желінген азықты күйсеуге дейін сақтайтын орын болып табылады. Аумақтары да соған бейім, өте сыйымды келеді. Таз қарынның аумағы 150-180 л, жұмыршақтікі-12 л, жалбыршақтікі-18 л. Жұтылған азық өңеш арқылы құрсақ қуысының негізінен сол жақ бөлігінде орналасқан таз қарынға түседі. Ауыз қуысында мол сілекейге шыланған (сиыр тәулігіне 100 литрдей сілекей бөледі). Жұмыршақтыңұяларында жұмсарған, бірақ толық ұнтақталмаған азықтар кекіру кезінде өңеш жолымен ауыз қуысына қайтып оралады. Содан әбден шайналып барып, қайта жұтылады. Бұл процесті күйіс қайыру деп атайды. Қарындағы азық әбден шайналғанша ауыз қуысына осылайша қайта-қайта қайтарылып тұрады. Мал күйісті азықтанғаннан кейін 15-20 минуттан соң қайырады. Әбден шайналып, сілекейге шыланған азық қайта жұтылып, қарынға түскеннен кейін одан әрі механикалық және химиялық өңдеуден өтеді. Азықтың осылай алдыңғы қарындарда өңдеуден өту процесі биологиялық, дәлірек айтқанда микробиологиялық өңдеумен қатар жүреді. Осы микроорганизмдер тіршілігі арқылы алдыңғы қарындарда азықпен түскен клетчатканың жартысына жуығы қорытылып, ыдырайды. Жалпы алғанда микробиологиялық процестер арқылы күйіс малын көп камералы қарындарында азық қорыту және сіңіру процестерінің негізгі бөлігі (70-80 %) ал ішектерде тек 20-30 % ғана өтеді. Сондықтан да ішекте қорытылу процессі басым бір камералы қарынды малға қарағанда көп камералы қарынды малда қарын мен ішекте қорытылу процестері қатар жүреді. Міне, ас қорыту барысының көп камералы қарындағы ас қорыту ерекшеліктерінің арқасында ірі қара ірі азықты барынша көп жеп, қорыта алады. Қорытылған қоректік заттардан аса сапалы өнімдер ет және сүт өндіреді. Сауын сиырлар сүт өндіру үшін азықтың қоректік затының 50% дейінін пайдаланса, бордақылаудағы өгізшелер тек 16-20% ғана пайдаланады.