Contracting parties – келісуші тараптар, контрагент, шарттасушы жақтар. Конвенцияның ресми аудармасында – уағдаласушы тараптар деп берілген. Уағдаласу сөзі көпке аян болмағандықтан, бұның орнына келісуші сөзін қолданған жөн секілді. Келісуші тараптар – көпшілікке түсінікті, дәл, анық тіркес.
Reduction of formalities тіркесіндегі reduction сөзі құжаттың аудармасында оңайлату деп аударылған. Оңайлату етістігі көбіне ауызекі сөйлеу тілінде кең қолданысқа ие. Бұл контекстегі reduction сөзініңмағынасын заң саласының тұрғысынан алатын болсақ, жеңілдету сөзі бұл жерде сай келетін секілді. Яғни, формальдылықтарды жеңілдету.
Ағылшын тіліндегі тіркесті терминдерге қарағанда қазақ тіліндегі терминдер екі немесе одан көп сөздердің қосылуы арқылы жасалады. Олар сөздердің бірігуі немесе лексикалық-семантикалық, грамматикалық трансформациялар нәтижесінде пайда болады. Бұл жағдайда біз ағылшын тілінің көп ойды бір сөзбен бере алатын жиынтық қасиетін көреміз.Ағылшын тіліндегі заң терминдері өзінің ықшамдылығымен ерекшеленсе, қазақ тіліне аударғанда терминдер түсіндіруді немесе аудармашы жанынан сөз қосуды қажет етеді. Әрине, кейбір жағдайларда құрамдас терминдерді аударуда қазақ тілінде ықшам түрде аударуға болады, дегенмен, міндетті түрде аударма жанында түсіндірменің болуын қажет етеді.
Summary decree – жеңілдетілген сот ісін жүргізу арқылы шығарылған шешім. Бұл жағдайда түсіндірме аударма тәсілінсіз аудару мүмкін емес секілді. Бұл тіркестің бөліктерін бөліп алып қарасақ, summary термині сөздікте шешім, жеңілдетілген түрде орындалған деп анықталынған [3, 419 б.]. Ал decree термині жарлық, сот шешімі, қаулы деп анықталған [3, 142 б.].
Jurisdictional defect – белгілі бір істі қарастыруға соттың қажетті юрисдикциясының болмауы. Defect терминінің сөздіктегі анықтамасы – ақау, кемшілік [3, 144 б.]. Jurisdictional сын есімді термин юрисдикциялық, юрисдикцияға қатысты деп анықталынған [3, 249 б.]. Алайда, бұл жағдайда терминге қатысты ықшамдылық қасиетін ескере отырып, қазақ тілінде юрисдикциялық ақау немесе юрисдикциялық кемшілік деп аудару мүмкіншілігі бар секілді.
Future estate – мүлікке иелік құқығының уақытының шығуы. Көріп отырғанымыздай, тіркестің аудармасын қазақ тілінде ықшамды да, дәл, түсінікті етіп беру қиынға соғады.
Қазақ тіліне құрамдас терминдердің бұлай аударылудың себептерінің бірі – қазақ тілінің грамматикалық, стилистикалық ерекшеліктері, қазақ тілінде құрамдас терминге сәйкес қысқа конструкциялардың болмауы немесе жат естілуі.
Бұл екі тілдің екі тілдік топқа жатуы, соған орай, екі тілдік құрылымға ие болуы ағылшын тілінен қазақ тіліне аударуда кездесетін қиыншылықтардың ең басты себебі болуы мүмкін.
Жоғарыда айтылғандарды қорыта келе, мынадай тұжырымдар жасауға болады:
- мемлекеттік тіліміздің мәртебесін көтеру мақсатында мемлекеттік құжаттарды ресми тілде емес, мемлекеттік тілде әзірлеу және мемлекеттік тілде әзірленген құжатқа заң күші беріліп, басқа тілдердегі аудармаларына заң күші берілмеу;
- халықаралық құжаттарды аударуда сол құжаттардың өзге елдің заңына, мәдени ерекшеліктеріне байланысты құрастырылғанын естен шығармау;
- халықаралық терминдерді беталды аударып, тұпнұсқаның мазмұнын бұрмалауға жол бермеу;
- терминдердің, атап айтқанда, заң терминдерінің қазақ тіліндегі бірізділігін сақтау үшін жоғары мәртебеге ие бір орган қалыптастыру.