2.2-сурет. Кернеу шоғырлануы
Шоғырланғлану коэффициентімен танысқаннан кейін тұрақты күш түскенде дененің өлшемін беріктікке есептеп шығаруға тоқталайық. Денеге бір тұрақты күш әсер еткен кезде, оны беріктікке есептеу үшін ең алдымен сол дене немесе сол мәшине бөлшегі қандай материалдан жасалғанын білуіміз қажет.
Барлық бөлшектер жасалатын материалдардың ( болат, шойын, қорытпа, пластмасса және т.б. ) қасиеттеріне байланысты морттық және пластикалық материалдар болып екіге бөлінеді. Егер болатты созатын болсақ, ол кернеудің артуына байланысты созыла бастайды және осы созылу күш кернеуіне байланысты болады. Егер созу күшін алып тастайтын болсақ, болат бұрынғы қалпына қайтып келеді, былайша айтқанда, болат мұнда өзінің серіппеге тән қасиетін байқатады. Егер созу күшін көбейте беретін болсақ, болат белгілі бір кернеуге жеткенше өзінің серпімділік қасиетін сақтайды. Міне, болаттың осы серпімділік қасиетін бұзбайтын ең үлкен күшке сәйкес келетін шекті кернеуді серпімділік шегі деп атайды. Ал сол кернеуден асатын болсақ, күш кернеуі өспесе де болат ары қарай созыла береді де өзінің серпімділік қасиетінен айырылады немесе пластикалық деформация алады. Болаттың осы қалпына сәйкес келетін күш кернеуін созылу немесе ағу шегі деп атайды.
Сонымен, болаттың созылу немесе ағу шегі деп, оның серпімділік қасиетінен айырылуына сәйкес келетін күш кернеуін айтады. Болатты одан әрі соза бергенде, ол аздап созылады да, үзіліп кетеді.
Болаттан жасалған бөлшектердің пішіні оларға күш түскенде өзгермеуі қажет, сонда ғана мәшинелер жақсы жұмыс істеуі ықтимал.
Егер морт сынатын затты, айталық , шойынды созатын болсақ, ол аздап созылғаннан кейін-ақ бірден сынып кетеді. Материалдардың (болаттың, шойынның) сынбай, үзілмей қабылдай алатын ең жоғары күшке сәйкес келетін күш кернеуін беріктік шегі деп атайды.
Морт сынатын материалдардан жасалған бөлшектерге ең алдымен шойыннан жасалған бөлшектер жатады. Олар шамадан тыс күш түскенде морт сынып кетеді. Сондықтан шойыннан жасалған бөлшектер үшін сыну қаупі беріктік шегінің шамасына байланысты болады. Ал болаттан жасалған бөлшектер сынудан бұрын көп созылады, сондықтан олардың беріктігі созылу немесе ағу шегіне байланысты болады. Сонымен, тұрақты күш түскенде морт сынатын материалдардан жасалған мәшине бөлшектерінің қимасы беріктік шегіне байланысты есептелетін болса, ал пластикалық материалдан жасалған бөлшектер ағу шегіне байланысты есептеледі. Былайша айтқанда, шойыннан жасалған мәшине бөлшектерінде мүмкіндік кернеу беріктік шегіне, ал болаттан жасалған бөлшектерде мүмкіндік кернеуі созылу немесе ағу шегіне байланысты табылады.
Шойын денелер үшін:
. (2.3)
Достарыңызбен бөлісу: |