Мұқатай Асылбек Қойбағарұлы – Көкшетау балалар музыка мектебінің домбыра аспабының оқытушысы 2015 жыл



Дата06.11.2016
өлшемі104.4 Kb.
Мұқатай Асылбек Қойбағарұлы – Көкшетау балалар музыка мектебінің домбыра аспабының оқытушысы 2015 жыл


Ақан сері Қорамсаұлы – Қазақ музыка мәдениетінің таңдаулы өкілі
Сан ғасырлық тарихы бар қазақ халқының дәстүрлі өнері ұрпақтан мұра болып жалғасуының нәтижесінде бүгінгі күнге дейін жетті. Халық творчествосының басқа да түрлері тәріздіқазақ музыка өнері де синкретикалық сипатымен ерекшеленеді. Халқымыздың музыкалық творчествосының өн бойына музыка да, поэзия да, аспапта орындаушылық пен әншілік те, сахналық драмалық өнердің элементтері де тоғысқан. Халық өнері өкілдерінің - ақындар мен жыршылардың, әнші-өлеңшілердің, қобызшылар мен домбырашылардың, сыбызғышылардың осындай сан қырды қабілет- қасиеттері болған. Бұл жалпы қазақ өнерпаздарының көбіне тән дәстүрлі құбылыс еді.

Қазақ музыка мәдениетіне халық ішінде «сал» және «сері» деп әспеттеліп аталған ақын-әншілердің алатын орны ерекше. Сал немесе сері деген құрметті атқа әншілік-поэтикалық өнерді асқан шеберлікпен меңгерген адамдар ғана ие болады. Олар үшін өнер тек уақыт өткізу немесе әуестенушілік, күнкөрістің көзі емес, негізінде, өмірінің тірлік тынысының арқауы болған. Сал-серілер бүкіл ғұмырын халық өнеріне қызмет етуге арнаған жандар еді. Олардың әндерінде көбіне-көп сол кездегі қазақтың патриархалдық-феодалдық қоғамдық құрылысында қалыптасқан діни-догмалар мен даланың ескілік шырмауына шырмалған тұрлаусыз тұрмысына наразылық білдіріледі. Сал мен серілер өткір сатиралық сөздерімен үстем таң өкілдерінің сараңдығы мен самарқаулығын, даңққұмарлығы мен топастығын күлкі етіп, діни фанатиктердің догмаларының жалған екендігін әшкерелеп отырды. Олардың творчествосының эстетикалық қана емес, сонымен бірге қоғамдық мәдени және әлеуметтік мән маңызы да зор болды. Сал-серілер өз творчествосында өнердің әуезділігі мен поэтикалық тұтастығына, мазмұндылығы мен көркемдік санасына зор мән берген. Шығарманы орындау шеберлігі, сол арқылы тыңдаушысын баурап алу жайына да қатты көңіл аударған. Дәстүр бойынша олар көзге оттай басылатын қызыл-жасылды киім киіп, қымбат ер тұрманды ойнақшып тұрған сәйгүліктерге мініп, соңынан нөкер ертіп жүрген. Салдар мен серілер үнемі ауыл-ауылды аралап, халық арсында өз шығармаларын орындар, ел көңілін көтеруді мақсат еткен. Қазақ даласында осындай өнерпаздығымен даңқы жайылған, бір басына ақындық, әншілік, композиторлық секілді керемет дарын қонған өнерді жандардың бірі-Ақан сері Қорамсаұлы.

Ақан сері Қорамсаұлы - XIX ғысырдың аяғы ХХ ғысырдың басындағы қазақ композитор әншілерінің ең таңдаулы өкілдерінің бірі.

Ақан сері Қорамсаұлы 1943 жылы Қосқол мекенінде (қазіргі Көкшетау облысы Володар ауданында) дүниеге келді. Оның шын аты Ақжігіт болатын бірақ әке-шешесі бала күнінен еркелетіп Ақан деп атап кеткен.

Әкесі Қорамса Ақанды кішкентай күнінен ауыл молдасына оқуға береді. Қабілетті де қағілез бала араб оқуын тез меңгеріп алады. Бірақ, молданың бір сарынды, тартымсыз сабақтары оның талабын қанағаттанырмайды. Зерек әрі алғыр Ақанның ынта-ықыласы қазақ және шығыс халықтарының поэзиясында ауады. Сөйтіп, күндердің күнінде ол молдамен керісіп қалады да, оқуды мүлде тастап кетеді. Әкесі оның бұл әрекетін құптамайды. Әкесімен де сөзге келген Ақан үйінен Қызылжарға (қазіргі Петропавл қаласы) кетіп қалады, осындағы, медресеге түседі. Медресенің иесі Уәли атты кісі болатын. Ақан осы медреседе үш жылға жуық оқиды.

Болашақ әнші-композитор 16 жасында туған аулына қайтып оралады. Суырыпсалма оқындық, асқан әншілік бір басына бақ болып қонған дарынды жасөспірім өнер жолынжа біржола бет бұрады. Ақан жора-жолдастарымен ауыл-ауылды аралап, өз әндері мен сол кездері халық арасында кеңінен тараған әйгілі шығармаларды нақышына келтіре орындап, әншілігімен ауызға іліге бастайды.

«Ақан сері тек өз әндерін ғана тамаша орындап қойған жоқ. Ол сол кезде қазақ даласында кеңінен тараған халық әндерін де жеріне жеткізе орындайтын талантты да керемет әнші-орындаушы болған еді. Ол әнді нәзік сезіммен әрі жігерлі орындайтын. Ол ән салғанда былайғы жұрт демдерін іштей алып, ұйып тыңдайтын, ара-тұра көшемет көрсетіп, шабыт шақыратын ұн тастап отыратын».- деп еске алады атақты жыршы, ақын Доскей.

Ақан Шомат дегеннің Бәтима атты қызына ғашық болып, соған үйленеді. Оған «Бәтима қызға», «Перизат» және басқа да әндерін арнайды.

Ақан мен Бәтима тату-тәтті, бақытты өмір сүреді. Олардың екі қызы жәнеЫбан (шын аты-Ибрагим) атты ұлы болған еді. Он жыл отасқаннан кейін Бәтима дертке ұшырап, қайтыс болды. Осыдан кейін Ақан өмірінде ауыр күйзелісті күндер басталды. Сүйікті жарынан айрылған ол балаларын көңіліне медет-сүйеніш етіп, солардың басы-қасынан ұзап шыға қоймайды. Батима дүние салған соң бірнеше жыл өткеннен кейін ғана Ақан бұрынғы серілік өміріне қайта оралды.

Ақан сері әндерінің тақырыбы көп қырлы және сан алуан, поэтикасы халықтың дәстүрлі поэзиясымен үндес, әуеніне әуезділік, ырғақтық-интонациялық байлық, ішкі қайырым үйлесімділігі, лирикалық нәзіктік тән. Әнші композитор туындыларының сипаты образды-поэтикалық көркемдігімен, әсерлігімен, халықтың дәстүрлі өнерінен өзек алған тамырластығымен дараланады.

Ақан сері творчествосында әйел образдарына арналған әндер ерекше орын алады. Бұл әндерде әйел затының әдемі көрік-келбеті ғана жырланып қоймайды, сонымен бірге олардың ақылы мен парасаты, жан дүниесінің сұлулығы мен адамгершілік қасиеттер де әспеттеледі. Композитордың көптеген әндеріне әйелдердің тұрмыстағы ауыр хал-ахуалы, бас бостандығының жоқтығы, өмір серігін тыңдаудағы еріксіздігі арқау болған. Бұл - Ақан шығармаларының әлеуметтік мән-маңызының айқын дәлелі. Сондай әндердің бірі- «Ақтоқты».

Бұл ән Бақтыбай деген байдың қызы, көркіне ақылы сай Ақтоқтыға арналған еді. Ақан оған арнап «Ақ көйлек», «Сұлу қызға», «Ақиық пен ақ түлкі» және басқа да әндер шығарды. Екі жастың көңілдері жарастық тауып, олардың арасында сүйіспеншілік сезім қалыптасады. Бірақ ғашықтар арманына жете алмайды – Ақтоқтыға өзге біреу құда түсіп, қалыңмалын төлеп қойған болатын. Ақан Ақтоқтыны ата-анасының алдынан өтпестен алып қашып кетеді. Алайда, олар тағдыр тәлкегіне ұшырап, қуғыншылардың құрығынан құтыла алмайды. Ақан сүйіктісінен –біржола айрылады. Орындалмаған арман, үзілген үміт композитор-әнші жүрегінде қайғы мен мұн ұялатып, сары уайымға батырады. Бұл қайғы қасірет Ақан кқкірегінен ән болып ақтарылады:

Ақтоқты, кеткенің бе шыныңменен,

Талай жерде, бал бердің тіліңменен.

Кез болдық дарияның қайраңына,

Зарланып ән шырқаймын бар үніммен.

Бұл әннің лирикалық кең танысты, сазды әуені, шалқымалы ырғақтың-интонациясы поэтикалық мазмұнымен тамаша үндестік тауып, әнші көкейіндегі мұн-шердіқаз-қалпында бейнелейді. Әнші композитордың «Тер қатқан» әні де зор қайғыға ұшыратқан осы оқиғадан туған. Ол «Ақтоқты»-әнімен, әрі өлеңі тұрғысынан да жақын, үндес болып келеді.

Аспанда ай болмаса адасады,

Көңілді көтермесе кір басады.

Бұл әндердің екеуінде де «ау», «ей», «ай» тәрізді дәстүрлі созылмалы тіркестер, сондай-ақ лексикалық нақты мағынасы жоқ «илигай», «арнай» секілді сөздер жиі кездеседі. Бұл әндердің музыкалық –поэтикалық формасының құрылымдық-композициялық функциясын атқарып қана қоймайды, сонымен бірге әуенінің күйінішті-қайғылы сипатың күшейте түсу, ақын-әншінің жан дүниесінтыңдаушыға қаз-қалпында жеткізу үшін қолданылады.

Ғашығынан айрылу, қайтып оралмайтын махаббат қайғысы, арман-тілектің көзден бұл-бұл ұшуы Ақтоқтыға арналған тағы бір туындыға арқау болады. Ақын осы бір образды сомдауға бүкіл дарыны мен қабілетін, өмірін сарп етті десе де болғандай. Бұл әнді ақын «Алтыбасар» деп атаған. «Алтыбасар» әнінің табиғаты халықта кеңінен қолданылатын «қоштасу» жанрына бір табан жатқан. Мұнда әнші-ақын жанрды типтендіру, былайша айтқанда, түрлі ән жанрларын бір арнада ұта ұштастыру әдісінқолданған. Әуенінің кең тыныстылығы, ауқымдылығы, дауыс екпінінің өзіне тән қуатты келуі, көмейден күмбірлей шығар ырғақ үйлесімділігі әнге ерекше сипат береді.Сондықтан да бұл ән қоштасу сипатындағы лирикалық әндердің үздік үлгілерінің бірі болып табылады. Бұл жанрдың қайнар көзі халықтың салт-дәстүрлік лирикасынан бастау алады. Алайда, әннің қайырмасы жарқын, оптимистік көңілмен айтылады, мұның өзі қайырманың интонациялық-ырғақтық сипатынан, «халалали, лайлай», «лалилай», «харида дайдай», «даридай» деген секілді әуенге эмоциялық өрнек беретін қосалқы сөздерден анық аңғарылады.

Ақан сері әндерінің әуені мен интонациялық-ырғақтық құрылымы мәнерліктің негізгі көркем құралы болып табылатын терең мағыналы поэтикалық сөздермен ерекше үндестік тауып, жымдасып жатады. Оның поэзиясы негізінен дәстүрлі он бір буындық жолдардан тұрады. Демек, Ақан сері өзіне дейінгі мәдениеттің көркемдік-эстетикалық және поэтикалық дәстүрлерін, оның ішінде, соған тән бастапқы синкретизм –әуен мен сөздің бірлігін дамыта түсті.

Ақан серінің әндері халық ішінде кеңінен тарады. Әсіресе, діни сарқыншақтарға қарсы бағытталған, демократиялық сипатымен ерекшеленетін, әділдік жолындағы күреске үндейтін әндері ел аузынан түспейтін. Осындай шығармалары үшін Ақан сері үстем тап өкілдері тарапынан қуғынға ұшырады. Олар, тіпті, композитор-әншіні қаралап, оны ақыл-есінен адасыпты деуге дейін барған.

Ел ішінде ақынның табиғатты, әйел затының тамаша образын жырлайтын «Сырымбет», «Ақтоқты», «Тер қатқан», «Алтыбасар», «Үш топты құс», «Ай көке», «Майда қоңыр», «Шәмшиқамар», «Ақ көйлек», әндері де зор сүйіспеншілікпен орындалып жүрді. Бүл әндерінде лирик ақын көптеген метафораларды, эпитет пен теңеулерді, параллелизм және басқа да баламаларды шебер пайдалана білді. Мұнда ақын поэтикалық тіл көркемдігіне музыкалық-интонациялық әр беріп, шеберліктің хас үлгісін танытады.

Ақан серінің «Ақтоқты», «Мақпал», «Перизат», «Ақсаусақ», «Бәтима», «Жамал қыз», «Балқадиша» тәрізді көптеген әндері қыз есімімен аталады.

«Балқадиша» әні ауені жағынан ел ішінде бұрыннан қалыптасып, айтылып келе жатқан лирикалық-тұрмыстық әуендерге ұқсас, сонымен бірге оның ырғақтық-интонациялық құрылымы көңілді би сипатымен де ерекшеленеді. Ал, мұндағы секста интонациясы әнші-композитордың творчестволық ой елегінен, өңдеуінен өткен орыс халқының лирикалық әндері стиліне жақынырақ.

Ақынның әйел образдарынаарнаған соңғы шығармаларының бірі – «Сырымбет». Бұл ән әуенінің ішкі жан дүниені баурап алатын эмоциялық сипатымен ерекшеленеді, «ай» қосарлы сезімдік тіркестер мен «а» дауысты дыбысының өзара жымдасып, үйлесімділік танытуы әуеннің әрін кіргізіп, эмоциялық бояуын қанықтырып, лирикалық нақышпен ерекшелей түседі.

Ақан серінің аты тек әншілік-композиторлығымен ғана емес, аңшылық-саятшылығымен әйгілі еді. Ол бұл кәсіптің эстетикалық жағын терең сезіне білген және оның таңғажайып қызықтарын басынан кешірген жандардың бірі болатын. Оның құлагер атты әйгілі сәйгүлігі. Қараторғай деген бүргіті және Базаралы дейтін тазысы болған. Бұлардың бәрі де кейінірек ақын творчествосынан өзіндік орын алды.

Желмен жарысқан жүйрік мініп, қолына қызыл құтылмайтынқұс қондыру қазақ жігіттері үшін, әсіресе, салдар мен серілер үшін ерекше дүие болатын.

Ақан серінің әйгілі әндерінің бірі – «Маңмаңгер» Құлагерге арналған. Жиын-тойда өткізілетін бәйгелердің барлығында да алдына қара салмайтын бұл сәйгүліктің даңқы бүкіл қазақ даласына жайылған еді. Кейіннен Құлагердің желден озған жүйріктігі аңызға да айналды. Құлагер туралы академик А. Жұбанов «Маңмаңгер» әнінің шығу тарихы жайында жазғанда былай деген болатын: «Аққошқарруынан шыққан Сайдалының асына бес болыс бірдей дайындалды. Ат шабысқа Орта жүздің ең таңдаулы жүйріктері қатысатын болды. Ақанның сүйікті сәйгүлігі Құлагер бәйгеде көптеген рулар қосқан үш жүз жүйрікті артқа тастап, көмбеге бірінші болып келді. Ақын мұның құрметіне ән шығармақ болды... «Маңмаңгер» әні осылай туған еді. Бұл өте нәзік, аяулы, әуезді ән, арманға қанат бітіретін, ойлы өлең...».

Ақан серінің тағдырында адамнан ерлік пер рухани беріктікті талап ететін ауыр сәттер, қайғылы кезендер көп болды. Сондай сынның бірі-Құлагердің қазаға ұшырауы еді. «Құлагер, әдеттегідей, алда келе жатқанда көре алмаушылардың бір тобы оның жолын кесе-кестей беріп, иесінің көзінше өлтірді. Қайғыдан қан жұтқан Ақан сері...өзінің сүйікті сәйгүлігіне арнап ән шығарып,оған «Құлагер» деп ат қойды».

«Құлгер» әні – Ақан сері творчествосының шыны. Ол ел ішінде тез тарап кетті, бірақ ән әуеннің негізгі өзегінен оншалықты көп ауытқымайтын көптеген варианттармен айтылып жүрді. Барлық варианттарда да ерікті кварталық интонация жоғалмаған, әуен әуезінің шарықтауы мен лирикалық тұстары, сонымен қатар әннің поэтикалық мазмұнына сәйкес драмалық ерекшеліктері сақталған «Құлаген» әр түрлі өзгерістерге де ұшырады, өйткені әрбір орындаушы оның шығу тарихын білетіндіктен, оған өз жанынан жаңа бояу, тың өрнектер қосуға тырысатын еді. Соған қарамастан ән әуеніндегі стильдік бірлік бастапқы қалпынан көп өзгере қоймаған. Поэтикалық мазмұны жағынан арнау өлең болып табылатын «Құлаген» әні драмалық монолог ретінде әсе етеді. Автор өзінің күйінішті сәтін терең психологиялық сезіммен жеткізе білген.

Ақан серінің өмірінің соңғы жылдары шығарған әндері мұнды өкінішке толы. Ақан сері әнші-композитор ғана емес, сонымен бірге айтыстарда талай жүйріктерді шаң қаптырып кететін суырыпсалма ақын да еді. Оның белгілі айтыс ақындары – Жүсіпті, Кожамбекті, Әділді, Смағұлды, Нұрғожаны, Мұқанды және басқаларды женуі Ақан серінің сөз өнерінің хас шебері екенің анық танытады.

1913 жылы ұзаққа созылған ауыр науқастан кейін Ақан сері дүние салды. Ұлы композиторды, әншіні соңғы сапарға аттандыруға сол кездегі қазақ даласының қыры мен қиыр-қиырынан көп халық жиналды.

Ақан сері Қорасаұлы қазақ халқының әншілік өнерінің арнасына тың ағыс қосқан әнші-композитордың шоқ жұлдыздары қатарына жатады. Оның әндеріне нәзік лиризм, толқынды әуен, шалқымалы кең тыныс тән. Ақын өз шығармалары арқылы қазақ халқының дәстүрлі ән өнерінің байытып, өрісін кеңейтті.

Ақан серінің туындылары дәстүрлі ән өнерінің шебер орындаушылары Ә.Қашаубаевтын, Ж.Елебековтің, М.Ержановтың, Қ.Лекеровтің, Т.Арғынбаевтың,ҚК.Бабаковтың және басқалардың репертуарынан берік орын алды.

Ақан серінің өмірі, творчествосы мен әншілік поэтикалық өнері, орындаушылық шеберлігі мен мәнері ғылым, әдебиет пен өнер қызметкерлерінің көпшілігінің назарынаударды. Алайда, қазақ халқының әншілік мәдениетінің төрінен орын алатын композиторлық және әншілік творчествосы әлі болса өз дәрежесінде зерттеліп, қыр-сыры толық ашылды дей алмаймыз. Аан серінің музыкалық мұрасына алғаш көңіл бөлген музыка зерттеушісі А.Затаевич өзінің «Қазақ халқының 1000 әні» (1925ж.) деген музыкалық-этнографиялық еңбегіне оның тоғыз шақты әнін енгізген болатын. Бұдан басқа да А.Затаевич Ақанның «Алтыбасар» және «Маңмаңгер» деген әндерін фортепианоға лайықтап өңдеп, 1925 жылы «Халықтың тақырыптағы қазақ әндерінің миниатюралық түрлері (2 қолменфортепианода ойнауға арналған)» атты жинақта жариялаған еді.

Ақан серінің өншілік-ақындық мұрасына қазақ совет әдебиетінің негізің қалаушылар С.Сейфуллин (ол Ақан серінің өлеңдер жинағын құрастырып, 1935 жылы жарыққа шығарды). Ш.Жансүгіров (атақты «Құлагер» поэмасын жазды) жоғары аға берді. Әнші –композитордың өмірі мен творчествосына арнап белгілі қазақ жазушыдраматургі Ғ.Мүсрепов «Ақан сері-Ақтоқты» трагедиясын, ал жазушы С.Жүнісов «Ақан сері» романың жазды. Белгілі қазақ совет композиторы С.Мұхамеджанов «Ақан сері-Ақтоқты» операсын (1982ж.) жәнен «Балқадиша» әнінің тақырыбы бойынша варияциялар жазды. Композитор Е.Г.Брусиловский «Жалбыр» атты поэмасында «Құлагер» және «Балқадиша» әндерін пайдаланды.

Композитор-әнші Ақан сері творчествосы халықтың әншілік және ақындық өнерінен бастау алады. Оның творчествосының басты арнасын музыка мен поэзия құрайды. Ақанның жігерлі де тамаша әндері қазақтың әншілік мәдениетінің дәстүрін жалғастырып, оны одан әрі дамытты.

Ақан сері өнері-демократиялық бағыттағы өнер, өйткені оның туындыларында халықтың адамзат, табиғат, ғалам жөніндегі әлеуметтік-эстетикалық, көркемдік көзқарастары көрініс тапқан. Ән өлеңдеріндегі қайталанбас өрнек-нақыш пен сұлу саз Ақан серінің біртуар ақын әрі композитор екенін дәлелдейді.



Ақан серінің творчествосы қазақ халқының рухани мәдениетінен лайықты орын алады, оның әншілік-ақындық мұрасы ұлттық өнердің классикалық үлгісі болып табылады.
Каталог: images -> Publication
images -> Үлгілік оқу жоспары
images -> Сембі Жансая Хасанқызы Қазақ тілі мен әдебиеті
Publication -> Сейтенова Бакыт Есимкызы бастауыш сынып мұғалімі Көкшетау қаласы «№12 орта мектебі» кмм ата — ана — бала тәрбиесіндегі басты тұлға
Publication -> Токиева Балзинеп Каирбаевна бастаыш сынып мұғалімі Көкшетау қаласы «№12 орта мектеп» кмм бастауыш сыныпта көрнекілікті қолданудың тиімділігі
Publication -> Сабақ сапасы ұстаз білігінде
Publication -> Джуматаева Акмарал Болегеновна бастауыш сынып мұғалімі Оқжетпес орта мектебі Бурабай ауданы
Publication -> Сабақтың тақырыбы: Абай Құнанбаевтың шығармашылық портреті. Білімділік мақсаты
Publication -> Бактыбаева Молдир Балгабаевна бастауыш сынып мұғалімі


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2020
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет