« Мақтарал ауданының мамандандырылған дарынды
балаларға арналған мектеп – интернаты коммуналдық
мемлекеттік мекемесі »
ТОПОНИМИКА
Құрастырған: география пәнінің мұғалімі А.О.Тоқтаров
Жетісай – 2014
Топонимиканың негізгі терминдері мен ұғымдары
Топонимиканың кез келген ғылым саласы ретінде өз терминдері мен ұғымдарының жүйесі қалыптасқан. Олардың басым көпшілігі ономастиканың (тіл білімінің атауларды зерттейтін саласы) терминдері негізінде пайда болған. Сол себепті топонимика терминдерінің түсіндірмелерін ономастикалық сөздіктерден табуға болады. Жарық көрген осы тектес сөздіктер арасында Н. В. Подольскаяның «Словарь русской ономастической терминологии» (1978, 1988), Е. М. Поспеловтың «Туристу о географических названиях» (1988), В. А. Никоновтың «Краткий топонимический словарь» (2010) және т.б. сөздіктерін атап өтуге болады. Топонимика терминологиясы әлі қалыптасу үстінде; ғылым мен техниканың, жаңа зерттеу әдістерінің дамуына, ғылыми ақпарат қорының ұлғаюына байланысты терминдер саны да арта түсуде. Осы аталған сөздіктердің деректері негізінде топонимиканың негізгі терминдеріне алфавиттік ретте шолу берілді.
Аббревиатуралық атау – бірнеше сөздің жекелеген элементтерін біріктіру нәтижесінде қалыптасқан атау. Мысалы, АҚШ (Америка Құрама Штаттары), ҚР (Қазақстан Республикасы) және т.б.
Антипод-атаулар – түбірі ортақ, бірақ мағынасы жөнінінен бір-біріне қарама-қайшы келетін атаулар. Мысалы, Арктика мен Антарктика, Бий-Хем («үлкен өзен») және Ка-Хем («кіші өзен»), Жақсытау және Жамантау.
Антропоним – адам есімі: ресми аты-жөні, лақап аты.
Антропотопоним – адам есімінен қалыптасқан топоним. Антропоним негізінде көптеген географиялық атаулар, әсіресе елді мекендердің атаулары қалыптасады. Мысалы, Абай, Вашингтон, Ливингстон және т.б.
Апеллятив – жалпы есім, географиялық атауларды қалыптастыруда әсіресе географиялық апеллятивтердің (терминдердің) маңызы зор болады. Мысалы, Ақжазық («жазық» – апеллятив), Жаңаөзен («өзен» – апеллятив). Апеллятивтер арқылы көп жағдайда географиялық атаудың мағынасын, географиялық объектінің түрін анықтауға болады.
Астионим – қала атауы. Мысалы, Веллингтон, Атырау, Оттава және т.б.
Астроним – кез келген аспан денесінің, соның ішінде жұлдыздардың, құйрықты жұлдыздардың, астероидтардың, ғаламшарлардың атаулары. Мысалы, Күн, Шолпан, Вега, Галлея, Марс.
Бинарлық оппозиция – бірдей негізде қалыптасқан, өзара байланысты объектілердің айырмашылықтарын көрсету мақсатында қойылатын қарама-қарсы атаулар. Мысалы, Үлкен Алматы – Кіші Алматы, Жоғарғы ауыл – Төменгі ауыл, Жақсытұз – Жамантұз және т.б.
Гелоним – кез келген батпақтың, батпақтанған аумақтың атауы.
Гибрид-атау – екі немесе одан да көп тілдердің лексикалық немесе морфологиялық элементтерінен қалыптасқан атау. Мысалы, Ресейдегі Каскаозеро (қазақша қасқа мен орыс тіліндегі озеро), Қазақстандағы Нарынбұлақ (монғолдық нарын мен қазақша бұлақ) атаулары.
Гидроним – кез келген су нысанының атауы: Каспий, Жайық, Миссури, Танганьика және т.б.
Детопонимизация – топонимнің басқа түсінік беретін сөзге айналуы. Мысалы, Палех селосының атауы «палех» деп аталатын қолөнер атауына, Амур өзені атауы «амур» балығының атауына берілген.
Диахрондық талдау – топонимдерді өткен дүние мен уақыт тұрғысында талдау жасау.
Идентификация – атаудың объектіге сәйкестігін (әсіресе мұның көне жазбалардағы атауларға қатысы бар) және негізгі атау мен туынды атаудың сәйкестігін анықтау. Мысалы, зерттеулер нәтижесінде көне жазбалар мен карталар бойынша Сырдарияның Сейхун, Жейхун деген атаулары анықталған.
Изоглосса – карталар мен сызбаларда ареалдардың шекарасы немесе ұқсас модельдерді қосатын сызық.
Индикатор-термин – топонимнің қай топқа жататындығын көрсетіп тұратын, географиялық атау құрамына енетін географиялық термин. Мысалы, Риу-Негру, Көкшетау, Ловозеро, Алакөл, Асқазансор.
Калька (французша. calque – «көшірме») – қазақ тіліне толығымен немесе жартылай аударылған күйінде берілген басқа тілдегі географиялық атау: Great Salt Lake (АҚШ) – «Үлкен Тұзды көл», New Zealand – «Жаңа Зеландия».
Композита – құрамында екі немесе одан да көп түбір сөз бар күрделі атау. Мысалы, Новгород, Алқасор, Қатонқарағай, Чернобыль.
Микротопоним – көлемі шағын және аса маңызды емес объектіге (алаңқай, қоныс, бұлақ, шабындық және т.б.) қатысты географиялық атау, оны тек жергілікті халық қана біледі.
Номинация – белгілі бір объектіге атау беру.
Номинация принципі – объекті мен оның атауының байланысына негіз болған себеп. Мысалы, өзенге оның нақты табиғи ерекшеліктері бойынша Ағынықатты атауының берілуі, жаңадан негізі қаланған ауылдың Жаңаауыл атануы.
Ойконим – кез келген елді мекеннің (қала, кент, жұмысшы кенті, бақша серіктестігі, ауыл, деревня, бөлімше және т.б.) атауы.
Ономастика – тіл білімінің жалқы есімдерді (географиялық атаулар, адам есімдері, ғаламшарлар, жұлдыздар және т.б. атаулар) зерттейтін саласы.
Ороним – орографияның кез келген объектісінің (жота, тау, төбе, шоқы, аңғар, шатқал, жыра және т.б.) атауы.
Пелагоним – кез келген теңіздің және оның бөліктерінің атауы. Мысалы, Бискай шығанағы, Жапон теңізі, Боспор бұғазы.
Потамоним – кез келген өзен мен оның салаларының атауы. Мысалы, Жайық өзені, Амазонка өзені, Тентек өзені, Сена өзені.
Топоним (географиялық атау) – кез келген географиялық объектінің (мұхит, материк, ел, қала, өзен, көл және т.б.) атауы. Топонимнің түрлеріне гидроним, ойконим, ороним, микротопоним жатады.
Топоним ареалы – белгілі бір топонимикалық фактілердің немесе атаулардың, біртектес жергілікті географиялық терминдердің таралу аймағы. Мысалы, аймақтағы белгілі бір тілге жататын топонимдер ареалы немесе белгілі бір жұрнақпен аяқталатын атаулардың ареалы.
Топонимдердің моделі – грамматикалық әдістер және заңдылықтар көмегімен жасалған оның құрылымдық үлгісі: Алма // ты
Топонимика – географиялық атауларды, олардың шығу тегі, дамуы, қазіргі жай-күйі, мағынасы, жазылуы мен айтылуын зерттейтін ғылым.
Топонимикалық спектр – белгілі бір аумақтағы әртүрлі тілге жататын географиялық атаулардан тұратын тілдік спектр
Топонимикалық субстрат (латынша substratum — «төсеніш») – белгілі бір аумақта қазіргі кезде тұрмайтын халықтардың тілдерінде қалыптасқан атаулардың жиынтығы. Мысалы, Оңтүстік Қазақстан аумағы үшін топонимикалық субстрат ретінде иран тілді атауларды атауға болады.
Топонимикалық стратиграфия – географиялық атаулардың тарихи жағынан әртүрлі кезеңде қалыптасқан және тілдік тұрғыдан алуан түрлі қабаттары. «Стратиграфия» (латынша stratum — «қабат», грекше grapho — «пишу») термині геологиядан алынған. Топонимикада да, геологиядағы сияқты, стратиграфиялық бағана, ондағы төменгі және жоғарғы қабаттар, кіріккен сыналар туралы айтуға болады.
Топонимикалық фон – белгілі бір аумақтағы тілдік жағынан біртектес басым болатын географиялық атаулар жиынтығы, бұл фонда өзге тілден енген атаулар кездеседі. Мысалы, Қазақстанның шығысы мен орталығында түркі тілдес топонимикалық фонда орысша атаулар кездеседі.
Топонимикалық формант (топоформант) – өз бетінше дербес қолданыста жоқ және географиялық атау түзуге ғана қатынасатын сөз құраушы элемент (жұрнақ, жалғаулар). Субстраттық топонимияда топоформант ретінде жиі қайталанатын, қазіргі тілдер тұрғысында түсіндірілмейтін кез келген элемент қабылданады: -ты, -ас, -аб және т.б. Топоформантты алып тастаса, топонегіз қалады.
Топонимист – топонимикалық зерттеулермен айналысатын ғалым.
Топонимия – белгілі бір белгісі бойынша, яғни аумақтық (Қазақстан топонимиясы) немесе тілдік (қазақ топонимиясы), кейде хронологиялық (кеңестік дәуір топонимиясы) ерекшелігі бойынша анықталатын географиялық атаулардың жиынтығы. Осы тәрізді атаулардың өзіндік жиынтық топтары ретінде гидронимия, оронимия, микротопонимия жіктеледі.
Топонегіз – топонимикалық формантты алып тастағанда қалатын географиялық атаудың бөлігі (Шідерті топонимінде топонегіз – Шідер, Алмалы атауында – Алма).
Топонимнің семантикасы – географиялық атаудың мазмұндық мағынасы.
Транскрипция - басқа тілдегі атаудың айтылуының қабылдаушы тілде жазылуы.
Транслитерация – басқа тілдегі атаудың жазба нұсқасының қабылдаушы тілде жазылуы.
Трансонимизация – атаудың белгілі бір қатардан басқа атаулар қатарына ауысуы. Мысалы, Шолпан астронимінің Шолпан антропониміне, Вашингтон деген антропонимнің Вашингтон қаласы атауына айналуы.
Транстопонимзация – топонимнің бір түрінің екіншісіне ауысуы. Мысалы: Панама қаласы – Панама мемлекеті, Арал теңізі – Арал ауданы, Балқаш көлі – Балқаш қаласы.
Унификация – географиялық атауларды бірізді жүйеге келтіру.
Халықтық географиялық термин – географиялық объектінің сипатын, шығу тегі мен түрін сипаттайтын сөз, жалпы есім. Халықтық географиялық терминдер (ХГТ) топоним құрауда белсенді рөл атқарады.
Халықтық этимология – географиялық атаудың мағынасын белгілі бір сөзбен кездейсоқ сәйкестігі, дыбыстық ұқсастығы негізінде, тіл заңдылықтары мен тарихи жағдайларды ескермей түсіндіру. Мысалы, Майтөккен атауын халықтық этимология тұрғысынан «май төгілген жер» түсіндіру жиі кездеседі, ал шындығында қазақ халқы мұндай атауды шөбі шүйгін, яғни мал семіретін жерлерге қойған.
Этимология – географиялық атаудың шығу тегі.
Этиология – топонимдердің пайда болуы мен эволюциясының тарихи және географиялық жағдайларын анықтау. Мысалы, Гренландия атауының этимологиясы айдан анық: скандинав тілдерінде ол «жасыл ел» дегенді білдіреді. Ал солтүстіктегі мұз құрсап жататын аралға осы атаудың қойылу себептері (этиология) әлі күнге дейін белгісіз болып отыр.
Этноним – кез келген этностың, этностық топтың, ұлттың, халықтың, ұлыстың, тайпаның немесе рудың атауы. Этнонимдер де географиялық атауларды құрауға қатынасқан.
Азияның физикалық-географиялық объектілер атаулары.
Алашань шөлі мен Алашань жотасы Орталық Азияда, Қытай аумағында орналасқан. Э.М. Мурзаевтың (1974) пікірінше, алдымен Алатаг (Алатау) жотасының атауы қалыптасқан. Уақыт өте келе, түркілік тау терминін қытайша шань («тау») терминімен алмастырған. Соның нәтижесінде жота Алашань деп атала бастаған, кейіннен шөлге де осы атау берілген.
Алдан өзені Саха Республикасындағы өзен, Лена өзенінің оң жақ саласы. Ұзақ жылдар бойы әртүрлі зерттеушілер өзен атауы түркі-монғолдық алтан (алтын) сөзімен байланыстырып келген болатын. Дегенмен, бұл пікір ешқандай тарихи және тілдік тұрғыдан дәйексіз болып отыр: өзеннің бойында тұрған халықтар алтынды білмеген және олардың тілінде алтан сөзі алданға айналуы мүмкін емес еді. Сондықтан шындыққа жақын болжам ретінде эвенк тіліндегі олдо, олло («балық») сөзімен байланысты «балықты өзен» деген түсініктемені атауға болады.
Алтай тау жүйесі Ресей, Қазақстан және Қытай аумақтарында орналасқан. Бұл атау өте ежелгі деп есептеледі. Алтай атауын «альпілік шалғындары бар таулы аймақ, биік таулардағы қоныс» деген мағына беретін монғол халқының алтай ландшафтылық терминімен байланыстыру жиі кездеседі. Бірақ бұл термин керісінше монғолша Алтантай («алтынды») деген тау атауынан шыққан, соған ұқсату негізінде пайда болған деген қисынға келеді. Өйткені бұл таудың атауын монғолдардан естіген қытайлар оны ежелден Цзинышань, яғни «алтын таулар» деп атайды. Сонымен қатар, Алтай атауы бастапқыда түркілік Алатау болғаны туралы да пікір айтылады. Өйткені Алтайдың биік бөліктерінде мәңгі қар мен тас қорымдардың, жасыл ормандар мен сұр гранитті жартастардың үйлесуі ала түсті ландшафт құрайды.
Амирант аралдары Үнді мұхитында, Мадагаскар аралынан солтүстік және солтүстік-шығысқа қарай орналасқан. Бұл аралдар тобын 1502 жылы Васко да Гама басқарған португал экспедициясы ашқан. Олар аралды өздерінің экспедициясының жетекшісінің құрметіне Ilhas de Almirante («адмирал аралдары») деп атаған. Қазіргі кезде халықаралық құжаттарда ағылшын тіліндегі нұсқасы Amirantes Islands деп жазылады.
Амур өзені негізінен Ресей жерінің оңтүстік-шығысы арқылы ағып өтеді, аздаған бөлігі Қытаймен шекараға сәйкес келеді. Өзеннің төменгі ағысында тұратын нивхтар тілінде ол Даму р деп аталады. Охот теңізі жағалауы мен өзеннің құяр аумағын қоныстанған эвенктер бұл атауды Амар, Амур түрінде қабылдап, қолданады. Өзеннің орта ағысын маньжурлар Сахалян-Ула («қара өзен»), ал қытайлар Хэйлунцзян («қара айдаһар өзені») деп атайды. XVII ғасырдың алғашқы ширегінде осы маңды игере бастаған орыстар эвенктерден естіген Амур атауын қабылдап, қолданысқа енгізген. Қазіргі кезде халықаралық деңгейде өзен атауы Амур нұсқасында беріледі.
Ангара өзені Енисей өзенінің оң жақ саласы болып табылады. Ангара атауында атау құраушы негіз эвенк, буряттардың анга («жануар араны, ауыз») сөзі болса, топоним «ашылған, ашық» деген мағына береді. Жалпы алғанда, жергілікті анга, ангара географиялық термин ретінде «өзен сағасы», «өзеннің көлден ағып шығатын жері» деген мағынада қолданылады. Әдетте Байкалға құятын өзен (Жоғарғы Ангара) мен одан ағып шығатын өзен де Ангара деген атқа ие болған. XVII ғасырдың бірінші ширегінде осы өлкеде болған орыстар Байкалдан ағып шығатын өзенге Жоғарғы Тунгуска деген ат берген болатын, бұл оны басқа Тунгускалардан (Төменгі және Орта) айырмашылық жасау үшін қойылған болатын. Бұл атаудың негізінде тунгус этнонимі (қазіргі эвенктер) жатыр. Осы атаумен қатар, Байкал маңын игере бастаған орыстар Байкалдан ағып шығатын өзенге Төменгі Ангара деген атау берді. ХІХ ғасырдың басына дейін бұл өзеннің Жоғарғы Тунгуска және Жоғарғы Тунгуска деген екі атауы қатар қолданылып келді. Байкалдан бастап, Енисейге құяр жеріне дейінгі бүкіл ағыстың Ангара аталуы ХХ ғасырда ғана толығымен бекіді.
Андаман аралдары Үнді мұхитының солтүстік-шығысында орналасқан, Үндістан аумағына енеді. Малай тілінде Pulo Handuman — «Гандуманның аралдары» деген мағына береді. Жалпы алғанда, жергілікті құдай Гандуман құрметіне қойылған атау деп есептеледі.
Арал теңізі Тұран жазығындағы ағынсыз тұзды су айдыны, Қазақстан және Өзбекстанға тиесілі аумақтарға бөлініп қалған. І ғасырда Страбон, ІІ ғасырда Птоломей Оксус (Әмударияның көне атауы) өзенімен байланысты Окси көлі туралы деректер қалдырған. Х ғасырдағы араб географы әл-Истахри оны өз жазбаларында теңіз маңындағы аумақтың атымен Хорезм теңізі деп атаған. Сонымен қатар, теңіздің көне Үргеніш атауымен байланысты Гургандж теңізі, Сырдария өзенімен байланысты Сыр теңізі деген атаулары болған. XVI—XVII ғасырлардағы орыс карталары мен географиялық еңбектерінде теңіздің Синее море («көк теңіз») деген атауы да бар. XVII ғасырдың соңынан бастап, қолданысқа түркілік арал сөзінің негізінде жасалған Арал теңізі атауы ене бастады. «Аралды теңіз» деген мағынадағы бұл атау бастапқыда Әмударияның аралы көп атырауына ғана қатысты қойылған деуге болады. Біртіндеп бұл атау бүкіл теңізге қатысты қолданылып, XVIII ғасырдан бастап халықаралық қолданысқа енді.
Байкал көлі Шығыс Сібірдің оңтүстігінде орналасқан. Орыстар бұл маңды XVII ғасырдың 40-жылдарында игерген. Олар эвенктерден көлдің Ламу («теңіз») деген атауын естіген. Буряттар бұл көлді Байгал деп атайтын, бұл атауды олар саха (якут) халқының Байхал немесе Байгъал («үлкен терең су, теңіз») деген атауының негізінде қойған. ХІХ ғасырға дейін Байкалды жергілікті халық көл емес, теңіз деп атайтын. Сол кезеңде қалыптасқан көптеген атауларда оның осы «теңіздік» сипаты бейнеленген: Приморский жотасы, Малое море шығанағы және т.б. Тек ХІХ ғасырдың орта шенінен бастап, Байкал көлі атауы қолданысқа еніп, ресми атауға айналды.
Бали аралы Кіші Зонд аралдары тобына енеді, Индонезия құрамындағы аумақ. Индонезиялық bali – «кері, қарама-қарсы» сөзі аралға атау болған. Жалпы алғанда, мұны белгілі бір табыну мағынасында қойылған атау деуге болады: жергілікті халықтардың исламға дейінгі сенім-нанымы бойынша Бали жерасты патшалығының билеушісі болып табылады. Арал атауы одан солтүстікке қарай орналасқан теңізге де берілген.
Ганг өзені Үнді мұхитының Бенгал шығанағына құятын өзен. Санскрит, хинди тілінде ганга «өзен» деген мағына береді.
Гиндикуш тау жүйесі Ауғаныстан мен Пәкстанда орналасқан. Hindu-Kush нұсқасында бұл атау XIV ғасырдағы араб саяхатшысы Ибн-Баттута еңбектерінде кездеседі. Бірінші түсіндіру бойынша, «үнділікті өлтіруші» деген мағына береді. Шындыққа жанасатын этимологиясы – иран тіліндегі Хиндукух («үнді таулары») атауының бұрмалануы.
Гималай таулары дүние жүзіндегі ең биік тау жүйесі, Үндістан, Қытай, Непал, Пәкстан, Бутан аумақтарын қамтиды. Гималай әрқайсысының өз атауы бар көптеген дербес «хималдардың» жиынтығы деп айтуға болады: непал тілінде химал «қар тауы» деген мағына береді. Осы тұрғыдан алғанда, химал қарлы тауларды білдіретін географиялық термин болып табылады. Гималай атауын «қар мекені» деп түсіндіру дәл аударма емес.
Гоби Орталық Азия аумағындағы шөлді, ішінара шөлейтті аймақ болып табылады, Монғолия және Қытай жерін қамтиды . Э.М. Мурзаевтың (1984) анықтауынша, монғолдар говь термині «шөлейт пен шөлге тән өсімдіктер сирек өскен, тасты және сортаңданған топырақтар тән, су жетіспейтін жазық немесе жонды жерлерге» қатысты қойылған.Шөлдің жекелеген бөліктері де гоби деп аталады. Бұл аумаққа тұтасымен бір атаудың қойылуының өзі кейіннен болған.
Демавенд, Эльбурс тауларындағы жанартау, Ирандағы ең биік (биіктігі 5604 м) шың. Санскрит тіліндегі Химавант («қарлы таулар») деген атаудың бұрмаланған нұсқасы болып табылады.
Деште-Кевир – Иранның орталық бөлігінде орналасқан шөл. Парсы топонимі ландшафтының басым типін бейнелейді: дешт (дашт) сөзі Орта Азияда «дала, жазық» мағынасында қолданылады, ал кевир «сор, тұзды шөл» деген мағына береді. Сонымен, Дешт-Кевир «тұзды жазық шөл» дегенді білдіреді.
Деште-Лут – Иранның шығысындағы шөл атауы. Мұндағы дешт «дала, жазық», ал лут «құмды шөл» дегенді білдіреді. Сонымен, бұл шөлдің атауында ландшафт ерекшелігі көрініс тапқан: «жазықтағы құмды шөл» осы шөлді аумақтың басты ерекшелігі болып табылады.
Енисей өзені Кар теңізінің Енисей шығанағына құяды, Ресей жеріндегі ең мол сулы өзен болып табылады. Бұл гидронимнің негізінде эвенк тіліндегі енэ, йэнэ («үлкен өзен») термині жатыр, дәл осы атауды эвенктер өзеннің Ангара келіп құйғаннан кейінгі бөлігіне берген. Орта Енисей жағалауының неғұрлым кейінгі тұрғындары болып есептелетін кеттер эвенктер берген атауды қабылдап, оған өздерінің сес, сьесь («өзен») терминін қосқан. Соның арқасында пайда болған Енэсес немесе Йэнэсьесъ атауын осы өңірде кейіннен пайда болған орыстар Енисей деп бұрмалаған. Өзеннің Ангара қосылмай тұрған жоғарғы бөлігін жергілікті халық Кем («өзен» деген көне термин) деп атаған, ал жоғарғы ағысы Тыва аумағында Улуг-Хем («жоғарғы өзен») делінеді. Осы аумақты бұрын мекен еткен қырғыз халқында Енисей атауын қырғыздың «ене сай», яғни «ана өзен» (үлкен өзен) деген сөз тіркесімен байланыстыру бар.
Канченджанга шыңы Гималай тау жүйесіндегі биік (8585 м) шыңдардың бірі болып табылады. Шың атауы тибет тіліндегі Канг-чен-дзе-нга («бес ұлы қардың байлығы») деген сөзінен пайда болған. Шындығында да осы шыңның беткейлерінде бес ірі мұздық орналасқан.
Қарақорым тау жүйесі Қытай мен Үндістан аумағын қамтиды. Атау түркінің қара және қорым («тас үйіндісі») деген сөздерінің қосылуынан қалыптасқан. Бастапқыда бұл атаудың тек Қытай мен Үндістан шекарасындағы асуға (биіктігі 5575 м) ғана қатысы болған. Кейіннен картаға түсіру барысында бүкіл тау жүйесін осылай атаған.
Командор аралдары Беринг теңізінде орналасқан, Ресейдегі аралдар тобы. Аралдарды 1741 жылы капитан-командор Витус Беринг басқарған Екінші Камчатка экспедициясы ашқан. Экспедиция жетекшісі осы аралдардың бірінде цингадан қайтыс болған. XVIII ғасырдың ортасында орыс кәсіпкерлері бұл аралдарды В.Беринг құрметіне Командор аралдары деп атаған.
Меконг өзені Оңтүстік Қытай теңізіне құяды, Қытай, Лаос, Камбоджа, Вьетнам аумақтары арқылы ағып өтеді. Тибет таулы қыратында бұл өзен Дзачу («жоғарғы өзен») деген атпен басталады. Оңтүстік Қытайда өзен Ланьцанцзян, Үндіқытайда Меконг («ана өзен») деген ат алады. Аумақтағы басты өзендерге осы тектес атау қою көптеген халықтарда дәстүрге айналған.
Минданао аралы Филиппин топаралының оңтүстігіндегі арал. Аралдың атауы тагал тіліндегі Магинданао (данао – «көл», магин көптік жалғау түрі) деген сөзден пайда болған. Жалпы мағынасы «көп көлді», «көлді аймақ» дегенді білдіреді. Аралда көлдердің көп болуы бұл атаудың шындыққа жанасымды екендігін көрсетеді.
Памир Орта және Орталық Азиядағы биік таулы қырат (суретте), негізгі бөлігі Тәжікстанда жатыр, ал шығыс және оңтүстік бөліктері Қытай мен Ауғанстанда орналасқан. VII ғасырдағы қытай саяхатшысы Сюань Цзань еңбектерінде Па-ми-ло деген атпен берген, ал XIII ғасырдағы венециялық көпес Марко Поло жазбасында таулы қырат Памер деп аталған. Осы саяхатшылар сипаттаған Пяндж өзенінің бастауында 1838 жылы ағылшын зерттеушісі Вуд Үлкен Памир және Кіші Памир деп аталатын массивтер бар екендігін анықтаған. Дәл осы атаулар орыс зерттеушісі Н.А. Северцовтың картасында көрсетілген, бірақ мұнда осы атаулардың тәжікше Памир-Каляну (калон – «үлкен») және Памир-Хурда (хурд – «кіші») деген нұсқалары берілген. Осы картаға құрамында мир деген термин бар басқа да атаулар түсірілген. Бұл аталғандар негізінде, санскритше «көл» дегенді білдіретін мир термині Аймир, Кашмир, Тирачмир атаулары тәрізді, Памирдің Зоркөл маңындағы орнын сипаттаған деп болжауға болады.
Нефуд Арабия түбегіндегі бірнеше шөлдің (Үлкен Нефуд, Кіші Нефуд және т.б.) жалпы атауы болып табылады. Арабия түбегіндегі арабтардың тілінде нефуд «құмды шөл» дегенді білдіреді.
Чогори шыңы Үндістан мен Қытай шекарасында орналасқан Қарақорым жүйесіндегі ең биік (8611 м) шың. Гранит пен гнейстен тұратын бұл алып массив биіктігі жөнінен дүние жүзінде Джомолунгмадан кейін екінші орын алады. Шыңнан оңтүстікке қарай үш сілем өтеді, беткейлерінде қалың мұз жамылғысы қалыптасқан. Оның Қарақорымда бағындырылған екінші шың екендігін білдіретін К-2, осы маңды 1861 жылы картаға түсірген ағылшын топографтарының жетекшісінің құрметіне қойылған Годуин Остен, жақын жердегі үстірт атымен байланысты Дапсанг деген атаулары да бар. Чогори атауы батыс тибеттік балти халқының тілінде «үлкен тау» дегенді білдіреді. Шың атауы оның сипатына сәйкес келеді: Қарақорымның Чогори орналасқан бөлігінде биік шыңдар көп болғанымен, олардың арасында Чогориге биіктігі жақын келетін шың жоқ.
Ява аралы Үлкен Зонд аралдары құрамындағы арал, Индонезия аумағына енеді. Ява аралының атауы көне үнділік «Рамаяна» эпосында Явадвипа («тары аралы») деп берілген. Қазіргі атауында «тары» сөзі ғана қалған: халықаралық ресми құжаттар мен карталарда арал атауы Java деп жазылады.
Орта Азия
Алай аңғары – Қырғызстанның оңтүстік-батыс бөлігінде орналасқан тауаралық ойыс (суретте). Алай атауы XI ғасырда Махмұт Қашқари еңбектерінде кездеседі. Э.М. Мурзаев (1957) бұл атауды санскриттік алай («адам қоныстанған жер») терминімен байланыстырады. Шындығында да бұл аңғар ежелден бері халық қоныстанған, тамаша жайылымдары бар аумақ болып табылады. Дәл осы термин Алай жотасының атауына да негіз болған.
Атрек өзені Иран, Түрікменстан аумақтары арқылы ағып өтіп, Каспий теңізіне құяды. Өзен атауына байланысты екі түрлі пікір бар: түрікмен топонимисі Атаниязов (1980) оны түркілік атырау сөзімен байланыстырады, ал басқа пікір бойынша бұл түркілік этноним болып табылады.
Ахангаран өзені Сырдарияның оң жақ саласы болып табылады, Қырғызстан және Өзбекстан жерлері арқылы ағып өтеді. Өзен атауы тәжіктің охангарон («ұсталар») сөзімен байланысты. Бұл өзеннің бойында қоныстанған халық ежелден ұсталық өнерімен әйгілі болған және бүкіл Орта Азияға қару-жарақ пен металл бұйымдарды сатқан. Шаруашылық түріне, кәсіпке байланысты қойылған атауға жатады.
Бадхыз қыраты Түрікменстанның оңтүстігінде орналасқан. Бұл ороним иранның бад («жаман, нашар») және түркілік хыр («қыр, қырат, таулы үстірт») терминінің қосылуынан қалыптасқан, яғни «жаман қырат» деген мағына береді. Дыбыстық өзгерістерге ұшырау нәтижесінде Бадхыр біртіндеп Бадхызға айналған.
Бартанг өзені Пяндж өзенінің оң жақ саласы, Ауғанстан, Тәжікстан аумақтары арқылы ағып өтеді. Ауғанстан жерінен Оксу (түркілік Ақсу дегеннің баламасы) деген атпен ағып шығып, орта ағысында Мургаб (тәжік тілінде «шалғынды өзен») деп аталады. Төменгі ағысында Бартанг (тәжік тілінде «шатқалмен ағатын») деген атауға ие болады.
Боам шатқалы немесе Буам шатқалы Қырғыз Алатауы мен Күнгей Алатауы жоталары арасындағы Чу өзенінің аңғары болып табылады. Бұл атау қырғыз тіліндегі «өзен аңғарының жіңішке жеріндегі биік тік жартас» деген мағына беретін бом, боом терминінің негізінде қалыптасты.
Бозащы түбегі Каспий теңізінің солтүстік-шығысында орналасқан. Қазақ халқының боз және ащы терминдерінің қосылуынан қалыптасқан. Жалпы мағынасы «сортаң топырақты, боз өсімдіктер өскен жер». Өзбектер мен түрікмен халықтарында бузачи деп аталатын ру да бар.
Гиссар жотасы Гиссар-Алай жүйесіне енеді, Өзбекстан мен Тәжікстан аумағында орналасқан. Бастапқыда Гиссар атауы елді мекенге ғана қатысты болған, кейіннен сол маңдағы аңғарға осындай атау берілген. Жотаға оның оңтүстік беткейінен басталатын Гиссар аңғарының атауын беруді 1871 жылы орыс ғалымы А.П. Федченко ұсынған болатын. Жалпы алғанда тәжік тіліндегі хисор «бекініс, қоршалған қала» деген мағына береді. атаудың жазылу нұсқасы бастапқы үлгісінен бұрмаланған. Әдетте табиғи объект алдымен атау алып, кейіннен сол атау маңындағы елді мекенге берілетін заңдылық бар. Гиссар мысалында бұл керісінше болған.
Индер көлі – Каспий маңы ойпатының солтүстік-шығысында орналасқан орналасқан ағынсыз ащы көл. Көл атауы оның солтүстігін көмкеріп жатқан Индер тауларының атауымен байланысты. Ороним монғолдың ундер («қырат») деген терминінен пайда болған.
Кафирниган (Кофарнихон) өзені Әмударияның оң жақ саласы, Тәжікстан аумағы арқылы ағып келеді. Өзен атауы тәжік тіліндегі кофар («кәпір») және нихон («тығылған») деген сөздерінен құралған. Бұл атаудың этимологиясы ислам бұл өлкеге таралмай тұрғанда, осы аумақта буддизм және Күнге табынатын халықтар қоныстанған болатын. Мұсылмандар сол себепті оларды кәпәрлер деп атаған.
Копетдаг жотасы Түрікмен-Хорасан тауларының солтүстігінде орналасқан, Иран және Түрікменстан аумағында жатыр. Атау түркі тілдеріндегі көп және даг («тау») сөздерінің қосылуынан пайда болған. Жалпы мағынасы «көп таулар» дегенді білдіреді. Бастапқыда бұл Ашғабаттан батысқа қарай жатқан шағын жотаға ғана қойылған атау болатын. Кейіннен жергілікті халық қойған жалпы атауы болмаған, ұзындығы 650 км шамасында болатын жоталар жүйесіне қатысты қолданыла бастады.
Обихингоу өзені Вахш өзенінің сол жақ саласы болып табылады, Тәжікстан аумағы арқылы ағып өтеді. Өзен атауы жалпы алғанда «сұр өзен» яғни «лайлы өзен» дегенді білдіреді. Гидронимде екі рет «су, өзен» дегенді білдіретін терминдер қайталанған: көне ирандық оу және тәжік тіліндегі об. Өзен суы шындығында да сазды жыныстарды көп ағызып әкелетіндіктен, лайлы болады.
Пяндж өзені Әмударияға сол жағынан келіп қосылатын өзен, Ауғанстан мен Тәжікстан шекаралары арқылы ағып өтеді. Әдетте бұл гидронимді иран тіліндегі «бес» деген сан есіммен байланыстырады. Өзен атауы оған құятын бес саласына байланысты осылай аталған деген пікір бар.
Рангкуль көлі Памирде орналасқан. Лимнонимге қырғыз тіліндегі ранг (қазақша нұсқасы «раң», яғни қияқ түрі) фитонимі мен көл термині негіз болған деп есептеледі. Бұл тұрғыдан алсақ, көл атауы «қияқты көл» дегенді білдіреді. Шындығында да, көл жағалауы батпақтанған, мұнда әртүрлі батпақ өсімдіктері өседі. Кейбір зерттеушілер бұл атауды тәжік тіліндегі ранг («түс, рең») немесе ранга («түрлі-түсті, ала») сөздерімен байланыстырады.
Тарбағатай жотасы Алакөл және Зайсан қазаншұңқырларының аралығында орналасқан. Негізгі бөлігі Қазақстанда жатыр, аздаған бөлігі Қытай шекарасы арқылы өтеді. Тау атауы монғол тіліндегі тарбаган («суыр») және тай («тау») сөздерінен құралған, жалпы мағынасы «суырлы тау» дегенді білдіреді. Шындығында да бұл тауда суырлар өте көп мекендейді.
Тянь-Шань тау жүйесі Орта және Орталық Азиядағы ірі тау жүйесі болып табылады, Қазақстан, Қырғызстан және Қытай аумақтарында жатыр. Бұл бастапқыда монғол тіліндегі тэнгер («тәңір, аспан») және таг («тау») деген сөздерінен құралған Тәңіртау атауының қытайша калькасы болып есептеледі. Қазіргі кезде Қазақстандағы географиялық әдебиет пен карталарда Тәңіртау атауы қолданысқа ене бастады.
Ферғана аңғары Орта Азияда Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан аумақтарында орналасқан. Бұл атау «тауаралық жазық қазаншұңқыр» деген мағына беретін памирлік паргана терминінен пайда болған. Ферғана атауы осы терминнің аздап өзгертілген әдеби нұсқасы болып табылады.
Ыстықкөл Солтүстік Тянь-Шаньдағы тауаралық қазаншұңқырда орналасқан тектоникалық көл болып табылады. Біздің заманымызға дейінгі ІІ ғасырдағы қытай жылнамаларында көл Жэ-хай («ыстық теңіз») деген атпен берілген. Бұл жергілікті атаудың қытайша калькасы деп ұғынуға мүмкіндік береді. Шындығында да көл қыс кезінде де қатпайды (беткі су қабатының температурасы 2,7—3,0°С аралығында ауытқиды). Көл суы аздап тұзды болады, бұл ерекшелігі VII ғасырға дейін Тұзкөл деп атануына негіз болған. Сонымен, көл қытпағанымен, ыстық емес, тау көлі болғандықтан тіпті оны жылы көлге де жатқызуға болмайды. Сол себепті кейбір ғалымдар лимнонимді түркілік Ызых-көл, яғни «қасиетті көл» дегенмен байланыстырады. Дегенмен, ызых сөзінің ыстық сөзіне ауысуы туралы мәселе күмән туғызады.
Челекен түбегі Каспий теңізінің шығыс жағалауында орналасқан, Түрікменстан аумағына енеді. Бұл түбекті Каспий теңізін зерттеуші А.Бекович-Черкасский 1715 жылы алғаш рет картаға түсірген. Ғалым қателесіп, бұл түбекті картаға Черекен аралы деп жазған. Ұзақ уақыт бойы зерттеушілер бұл атауды парсылық чаракан («төрт байлық») деген сөзбен байланыстырып келді. Бір жағынан алғанда, осы аумақта ас тұзы, қызғылт түсті минералды жоса бояуы, озокерит пен мұнай өндіріледі. Дегенмен, табиғат байлықтарын бейнелейтін мұндай атау ерте замандарда қойылды деу қисынға келмейді. Сол себепті атаудың этимологиясын түрікмен тіліндегі чёл (қазақша нұсқасы «шөл») терминімен байланыстыру шындыққа жанасады.
Экономикалық-географиялық нысандар атауларына енетін топонимдер арасынан мағыналары тексерілген мемлекет, елді мекен атаулары таңдап алынды.
Елдер мен қалалардың атаулары.
Азия мемлекеттері.
Армения атауы басқа елдерге парсы тіліндегі «Armina» нұсқасы арқылы таралған. Ең алғаш рет бұл ежелгі атау б.з.б. 515 ж жасалған жартастағы жазбаларда қолданылған. Армения атауына б.з.б. 900 ж осы аймақта билік құрған Арам патшаның аты негіз болған деп есептеледі. Сонымен қатар, Армения атауына байланысты тағы бір болжам бар. Інжіл жазбаларында Арарат тауы маңында миной халқы (minni или mannaeans) өмір сүрген деп есептеледі. Көне Arminni атауы «миной халқының жері» деген мағында қолданылған. Бұл жердің көне атауы Наири («өзендер елі») деп есептеледі. Арменияның ұлттық атауы Хайаса (hɑjɑs’tɑn – «хай халқының елі») атауы біздің заманымызға дейінгі ІІ мыңжылдықта жасалып, Кіші Азиядағы қазба жұмыстары кезінде табылған ежелгі құжатта тіркелген. Хай этнонимі қазіргі кезде армян халқының өзіндік атауы болып табылады. Осыдан мемлекеттің ұлттық атауы Айастан пайда болған. Дүние жүзі бойынша барлық елдерде Армения деген атау қолданысқа енген, тек Грузияда ғана бұл елді Сомхети (Somkhet'i) деп атайды.
Ауғанстан атауының мағынасы «ауғандар елі» дегенді білдіреді. «Aуған» этнонимі санскритше ashva («жылқы») немесе ashvaka («салт атты») деген сөзінің негізінде пайда болған. Үнділер ауғандардың ата-тегі болып табылатын көшпенді халықты аshvakayana («ат мінген адамдар») деп атаған. Уақыт өте келе, өздерін пуштундар деп атайтын бұл этностық топ аvagānā, одан кейін аbagan деп атала бастаған. Этнонимнің осылайша бұрмалануының арқасында орта ғасырларда аfghān (қазақша нұсқасы «ауған») деген түрге енген.
Әзірбайжан (жергілікті атауы Azərbaycan) атауы б.з.б. 370-321 жылдары өмір сүрген Мидияның соңғы ахеменидтік қолбасшысы Атропаттың есімімен байлыстырылады. Ол кейіннен Атупаткан, Адубадган (көне парсы тілінде Âzarâbâdagân) аталып кеткен Атропатен мемлекетін құрған. Қолбасшының есімі грек тілінен аударғанда «Aturpat» - «отпен қорғалған» деген мағына береді. Атаудың қазіргі нұсқасы Араб халифатының VII-VIII ғасырлардағы жаулап алулары кезінде қолданысқа енген.
Бахрейн корольдігі – Парсы шығанағындағы өзі аттас топаралда орналасқан шағын мемлекет (суретте). Арабша мемлекет атауы Мамляка әл-Бахрейн деп аталады. Аумағы 20-дан астам аралды қамтып жатқан Бахрейнді бейнелі түрде «Екі теңіздің падишасы» деп те атайды. Бахрейн атауы жергілікті bahrani ұлысының атауымен байланысты болады. Бахрейн халқы осы күнге дейін өздерін бахрани деп атайды. Этноним арабтың бахр («теңіз») сөзінен пайда болған бахари («теңіздік, теңіз маңылық») сөзімен байланысты. Мемлекет атауы да осы атына толығымен сәйкес келеді.
Бангладеш Оңтүстік Азияда орналасқан, халық тығыз қоныстанған мемлекет, оның халқының 98%-ын бенгалдықтар құрайды. Бангладеш атауының мағынасы «бенгали елі» дегенді білдіреді. Дәл осындай Үндістан штаты да бар. Бенгал сөзінің этимологиясы нақты емес. Дегенмен бұл атау Күн құдайы Бонги есімімен байланысты болуы мүмкін деген жорамал бар. Сонымен қатар, осы өңірде діни мерекелер үшін кендірден дайындалатын сусынның бір түрі bhang деп аталатыны туралы да деректер бар.
Бруней - Оңтүстік-Шығыс Азиядағы Калимантан аралының солтүстік-батыс жағалау бөлігін алып жатыр. Бұл мемлекеттің «бейбітшілік мекені» деген бейнелі атауы да бар. Осы аумақтың ежелгі тұрғындарын санскрит тілінде varuna («су тұрғындары») деп атаған. Мемлекет атауын осы сөзбен байланыстырады. Ел астанасы Бандар-Сери-Бегаван 1967 жылы өз еркімен тақты үлкен ұлына босатып берген Багинд Сери Бегаван сұлтанның құрметіне қойылған. Индонезиялық бандар сөзі «сауда қаласы», «порт» дегенді білдіреді.
Бутан мемлекеті Гималайда орналасқан. Жергілікті атауы Друк Юл немесе Друк Ценден («найзағай шашатын айдаһар») болып табылады. Мемлекет атауы туралы екі түрлі пікір айтылады. Бутан атауы туралы бірінші этимология бойынша, ел аты санскритше Бху-Уттан («биік таулы аймақ») сөзімен байланысты. Екінші бір пікір бойынша ел атауын тибет тіліндегі Бхот-Ант (bod – «Тибет», ant – «шеті»), яғни «Тибеттің шеті, бітетін жері» дегенмен түсіндіреді. Екі пікірдің де Бутан атауына толығымен сәйкес келетінін ескерсек, атаудың этимологиясына қатысты зерттеулер әлі жан-жақты жүргізілуі керек.
Вьетнам мемлекетінің атауы Viеt (осындағы байырғы ұлт атауы) және Nam («оңтүстік») деген екі сөзден құралған. Мемлекет атауының этимологиясы вьеттердің өздерінен солтүстікке қарай орналасқан Қытай мемлекетіне қатынасын білдіреді, олар бұл мемлекетті «Солтүстік ел» деп атайды. Ел астанасы Ханойдың атауы вьет тілінен аударғанда «өзендер арасындағы қала» дегенді білдіреді. Қала Хонгха өзенінің жағалауында орналасқан.
Грузия Алдыңғы Азияда орналасқан мемлекет, жергілікті атауы Сакартвело (Sakartvelo), еуропалық тілдерде Georgia деп аталады. Сакартвело атауының түбірі картвел этнонимі болып табылады. Грузиндер өздерін картвельдер деп атайды. Грузия жеріндегі Картли тарихи облысы көне тарихымен, адамдардың тығыз қоныстануымен белгілі: І мыңжылдықтың басында грузиндердің құдыретті Иберия патшалығы дәл осы аумақта орналасқан болатын. Картли облысының атауына грузин халқының ата-бабасы деп есептелетін Картлос қолбасшының есімі себепші болған, аңыз бойынша оның 8 ұлынан грузиндердің 8 руы тараған. Көптеген ибериялық билеушілер өздерін Картлостан тараған ұрпақ ретінде есептеген. Сонымен, Картлос есімі Картли деген жерге атау болған, Картли тұрғындары картвельдер деп аталған. Ал Сакартвело деген атау «картвельдер жері» деген мағына береді. Georgia атауының шығу тегіне 1) гректердің geōrgós («егіншілер») сөзі; 2) Әулие Геогргий есімі; Парсы империясының Гурджистан («таулы ел») деп аталған бөлігі негіз болған деген болжамдар бар.
Израиль мемлекеті БҰҰ Бас Ассамблеясының 1948 жылғы 14 мамырында қабылданған № 181 қарарына сәйкес құрылған, Оңтүстік-батыс Азияда, Жерорта теңізінің шығыс жағалауында орналасқан. Дегенмен бұл көне атаулардың бірі болып табылады: тұңғыш рет географиялық атау ретінде Израиль біздің заманымызға дейінгі XIII ғасырда жасалған Менепт ескерткішіндегі жазбаларда аталған. Інжіл әңгімелері бойынша, Иаков (Жақып) батыр өзен бойында белгісіз жаһангермен шайқасып, оны жеңіп шыққан. Жаһангер құдайдың жіберген періштесі екен-мыс. Осылайша, жауын жеңген Иаков Израиль («құдаймен шайқасушы») деген жаңа ат алған. Ел астанасы Иерусалим өте көне қалалардың бірі болып табылады.
Индонезия немесе Индонезия Республикасы Малай топаралының аралдарында және Жаңа Гвинея аралының батыс бөлігінде орналасқан. Қазіргі кезде халқының саны жөнінен әлемде төртінші орын алатын бұл ірі аралдық мемлекеттің атауын XIX ғасырдың басында осы аумақта болған еуропалық саяхатшылар қойған. Олар ел аумағын Үндістанға тиесілі деп ойлап, оған гректің несос («арал») деген сөзін қосқан. Нәтижесінде мемлекет атауы «үнді аралдары» деген мағына береді.
Ел астанасы Джакарта XVI ғасырға дейін теңіз жағалауындағы шағын елді мекен болған Сунда-Келапау (индонезия тілінде келапа «кокос пальмасы» дегенді білдіреді) деген жерде негізі қаланған. 1527 жылы көршілес патшалықтың билеушісі осы жерді басып алып, оған Джаякерта (индонезия тілінде джая «жеңіс, даңқ», керта «сәтті» деген мағына береді), яғни «сәтті жеңіс қаласы» деген атау берген. XVII ғасырда голландиялықтар Батавия деп аталатын бекініс салған. 1942 жылы қала атауы Джакарта деп өзгертілді. Бұл атау бастапқы Джаякертаның сәл бұрмаланған нұсқасы болып табылады.
Иордания мемлекетінің атауы Иордан өзенімен байланысты болады. Көне еврей тілінде иорд сөзі «төмен түсу» деген мағына береді. Мұның мәнісі өзен Өлі теңізге қарай төмен құлдилайтындығында болып отыр. Иорданияның астанасы Амман қаласы өте көне қалалардың бірі болып табылады. Оның ең ежелгі атауы Рабат-Аммон (рабат –«қала», Амон – ежелгі египеттіктердің Күн құдайы) болған, яғни қала атауы «Амон қаласы» деген мағына берген. Біздің заманымызға дейінгі ІІІ ғасырда қала Филадельфия деп атала бастаған. Бұл Египет патшасы ІІ Птоломейдің лақап аты Филадельфос («бауырмал») дегенннен пайда болған. Бұл атау ұзақ пайдаланылған жоқ, біздің заманымыздың бас кезінде қалаға өз атауы қайта оралды. Қазіргі кезде қала атауында тек Амон құдайдың атауы бұрмаланған күйінде сақталып қалған.
Ирак атауының этимологиясы әлі нақты емес. Көптеген пікірлер арасында екеуін бөліп қарастыруға болады: біріншіден, бұл атауды парсылық erak («ойпаң, ойпат жер») сөзімен байланыстыру; екіншіден, Месопотамиядағы өте көне Урук қаласының атауына ұқсастыру. Ирактың астанасы Бағдад атауы иранша «құдай берген» деген мағынаны білдіреді. Қаланың осы атауы орта ғасырларда бірнеше рет өзгерді. Месопотамияға арабтар ене бастаған кезеңде, 762 жылы халиф Әбу Жафар әл-Мансұр Бағдад маңында мемлекеттің жаңа асатанасының негізін қалаған. Бұл қаланың пішіні дөңгелек болғандықтан, ол Мәдина-әл-Мудаввара («шеңбер қала») деп аталған. Қала құрылысы аяқталған соң оған Мансұр Мәдина-эс-Салам («бейбітшілік қаласы») деген ат берген. Осыған қарамастан, қазіргі күнге дейін жеткені арабтарға дейінгі көне Бағдад атауы болып табылады.
Иран мемлекетінің атауына байланысты да бірнеше пікірлер бар. Солардың ішіндегі ең танымалы – «арийлер жері» деген мағынасы. Арий этнонимі еуропалық тілдерге, кейіннен бүкіл дүние жүзіне тарап кеткен аристократ сөзіне негіз болған. Арийлер жері деген атаумен қатар ғасырлар бойы Парсы атауы қолданылған. Бұл атау көне парсылық гректің Paarsa сөзінен келіп шыққан, грек тілінде оның бұрмаланған нұсқасы Persis, орыстарда Персия болды. Бұл елдің қазақ қоғамында қолданылған атауы Парсы болатын. Парсы атауын ежелгі гректердің аңызындағы Персей есімімен байланыстыру да кездеседі. Қазіргі кезде елдің көне атауының нұсқасы Фарса деп аталатын провинция атауында ғана сақталып қалған.
Йемен мемлекетінің атауы арабтың йем («оң, адал») деген сөзімен байланыстырылады. Екінші бір пікір бойынша елдің географиялық орны оның атауына негіз болған: арабтың йемин («оң жақта») сөзі аумақтың Мекке жақтан қарағанда оң жақта орналасуын көрсетеді.
Камбоджа атауының камбоджа тіліндегі түпнұсқасы өте ұзақ: Preăh Réachéa Anachâk Kâmpŭchea. Дүние жүзі бойынша бұл атаудың қысқартылған Камбоджа және Кампучия деген екі нұсқасы пайдаланылады. Бұл екі атаудың да түпнегізінде санскрит тіліндегі buja («билеу, король») сөзі жатыр. Ал атаудың бірінші бөлігі камбоджалық әйгілі король Kambu есімімен байланысты. Кампучия атауы 1975 жылдан бастап ел тағдырына қайғылы парақтар болып қосылған Пол Пот билігі кезінде орныққан болатын. Қазіргі кезде елдің Камбоджа деген атауы ресми қолданысқа енген.
Кипр - Жерорта теңізінің шығыс бөлігінде орналасқан аралдық мемлекет болып табылады. Мемлекет атауының этимологиясы жайлы екі түрлі пікір бар. Олардың біріншісі Кипр атауын кипарис ағашымен (латынша атауы Cupressus sempervirens) байланыстырады. Екінші пікір бойынша атау мыс (латынша атауы Cuprum) дегеннен пайда болған, шындығында да Кипрде мыс өндіру саласы дамыған.
Корея Халық-Демократиялық Республикасы (КХДР) атауын кейде қысқартып Солтүстік Корея деп те атайды. Елдің жергілікті атауы – Chosоn Minjujuui Inmin Konghwaguk; қысқаша Chosоn немесе Joseon. Иероглифтік жазу нұсқасы бойынша бұл атау «таңғы тыныштық елі» дегенді білдіреді. Корея атауын осы аумақты Goryeo әулеті билеп тұрған кезде осында келіп жеткен еуропалықтар қойған болатын. Марко Поло осы атауды Еуропаға таратты, кейіннен ол дүние жүзіне белгілі болды. әлемнің 100-ден астам тілінде ел атауы Корея деп айтылады, ал Чосон атауы 10-нан астам тілдерде қолданылады. Монғолдар бұл елді ерекше Solongos деп атайды. Өйткені монғолдар корейлерді алғаш көргенде оларды өздері баяғыдан білетін эвенктермен шатастырып алған, ал эвенктердің монғолдар қойған атауы солон болатын.
Ел астанасы Пхеньян қаласының негізі V ғасырда қаланған болатын. Сары теңіз жағалауында созылып жатқан Батыс жазықта орналасқан қала атауы корей тіліндегі пхён («жазық»), ян («теңіз») сөздерінен құралған. Сонымен, қала атауы «теңіз маңындағы жазық» деген мағына береді.
Қытай атауының әр тілдердегі нұсқалары әртүрлі. Қытай тілінде ел Zhоnghuа («орталық патшалық») деп аталады. Өйткені қытайлар өздері қоныстанған аумақты әлемнің орталығы деп есептеген. Көптеген тілдерге, соның ішінде қазақ тіліне Қытай атауының енуі осы аумақтың солтүстігін Х ғасырда қоныстанған қидандармен байланысты болған. Португал тілінде бұл атаудың Catai, орыс тілінде Китай, испан тілінде Catay, монғол тілінде Qitad, түрік тілінде Xytai деген нұсқалары қолданылады. Еуропада кең таралып кеткен Chine атауын ортағасырлық саяхатшы Марко Поло апарған болатын. Сол кезеңде Қытайда билік құрып тұрған Цинь әулетінің атауы осылайша бұрмаланып, қазіргі кезге дейін сол күйінде ел атауы түрінде сақталған.
Ел астанасы Пекиннің (жергілікті аталуы Бэйцзин) атауы «солтүстік астана» дегенді білдіреді. Ағылшын тіліне қала атауы оның қытайлық нұсқасына өте жақын түрде, Beijing деп берілген. Пекин деп қаланы алғаш рет осыдан 400 жыл бұрын француз миссионерлері атаған болатын. Тарихи кезеңдерде Пекиннің бірнеше басқа атаулары болған. 1368-1405 жылдары және 1928-1949 жылдары қала Бэйлин («солтүстік тыныштығы») деп аталған. Бұл кезеңдер астананың басқа қалаларға көшірілу мерзімдеріне сәйкес келеді. 1949 жылы Қытай Халық Республикасының жариялануына байланысты Қытай Коммунистік партиясы қалаға астаналық қызметі мен атауын қайтарып берді.
Лаос атауы осы нұсқасында дүние жүзінің барлық елдеріне танымал. Тек жергілікті атауында соңғы «с» әрпі жоқ. Бұл әріпті Лао атауына 1893 жылы осы аумақты отарлап алған француздар қосқан болатын. Француз тілінің ерекшегіне байланысты оларға ел атауын сол күйінде айту қиын болатын. Түпнұсқа ретінде айтуға болатын Лао атауы үнділік мифологиядағы егіз құдайлар есімімен байланыстырылады.
Ливан мемлекеті еуропалық тілдердің басым көпшілігінде Lebanon деп аталады, бұл атаудың араб тіліндегі нұсқасына жақын. Бұл көне атау ежелгі семит тілдеріндегі laban («ақ») сөзімен байланысты пайда болған. Бұл атауға қыс кезінде қар басып, аппақ болып көрінетін Ливан жотасының (суретте) биік шыңдарының көрінісі негіз болған. Бастапқыда бұл атау жотаға беріліп, кейіннен бүкіл аумаққа қатысты қолданыла бастаған деп болжауға болады. Ливан астанасы Бейрут қала ретінде біздің заманымызға дейінгі XV ғасырдан бері белгілі. Көне таспа жазуларда қала атауы Biruta деп берілген, ал ежелгі грек жазбаларында Berytos нұсқасы кездеседі. осы атаулардың барлығының негізінде семиттік бир («құдық») сөзі жатыр.
Малайзия атауы тұңғыш рет 1963 жылы енгізілген болатын. Бұл кезеңде Малай Федерациясы, Сингапур, Солтүстік Борнео және Саравак бірігіп, 14 штаттан тұратын жаңа мемлекет құрылған болатын. Мемлекет атауы мен этнонимге негіз болған малай сөзі санскрит тіліндегі «төбе» дегенді білдіретін термин болып табылады. Шындығында да малай халқы қоныстанған аумақ төбелі болып келеді. Ел атауына жалғанған «-sia» жұрнағы грек тілінде «жер, аумақ» деген мағынада қолданылады. Сонымен, мемлекет атауы қазақшаға аударғанда «малай аумағы» дегенді білдіреді.
Мальдив Республикасы. Елдің жергілікті атауы Dhivehi болып табылады, бұл санскрит тіліндегі dweep («арал») сөзімен байланысты пайда болған. Біздің заманымызға дейінгі 200 жылы жазалған шри-ланкалық эпоста аумақтың «Mahinda-dvipa» деген атауы кездеседі. Араб тілінде ол бұрмаланып, dvipa деген нұсқаға айналған. Сонымен, мальдивтіктер өздерін «аралдықтар» деп атайды. Топаралдың басты аралы болып табылатын Мале аралы ертеректе Mahal деп аталған. Яғни арабтар Мале аралын Dhibat Al Mahal немесе Mahal Dvipa деп атаған. Осында келген алғашқы еуропалықтар атауды Mahaldib деп бұрмалаған, ол ағылшын тілінде Maldive нұсқасына айналған. Ағылшындар бұл атауды бүкіл топаралға берді.
Монғолия атауы монғол этнонимі негізінде қалыптасқан. Жергілікті атауы Монгол улс деп аталады. Монғол этнонимі алғаш рет VIII ғасырда қытай жылнамаларында пайда болды. қытайлар өздеріне тұтқиылдан шабуыл жасайтын көшпенділерді монғол («ержүрек») деп атаған. Монғол этнонимі мен Монғолия атауының қалыптасуы туралы басқа да жорамалдар бар.
Монғолия астанасы Улан-Батор қаласының негізі 1639 жылы буддалық ғибадатхана ретінде қаланып, Өргөө («сарай») деп аталған. Осы атаудан еуропалықтарға кең танымал болған Урга атауы келіп шыққан. Еуропалық және ресейлік ғылыми әдебиет пен карталарда 1924 жылға дейін қала атауы Урга деп беріліп жүрді. Қала XVII ғасырдың екінші жартысынан бастап Ішкі Монғолияның әкімшілік орталығы болды. Монғолдар қала атауын бірнеше рет өзгерткен: 1706 жылдан бастап оның жергілікті атауы Их хүрээ («Ұлы ғибадатхана»), ал 1911 жылдан бастап Нийслэл хүрээ («Астаналық ғибадатхана») деп аталған. 1924 жылы Монғолияны қытай әскерінен азат еткен халық батыры Сухэ-Батор құрметіне қала Улан-батор («Қызыл батыр») деген ат алды.
Непал мемлекетінің атауының этимологиясы жайлы бірнеше пікір бар. Неғұрлым шындыққа жанасымды жорамал ел атауын санскрит тіліндегі nipalaya («тауалды») деген сөзбен байланыстыру болып табылады. Сонымен қатар Непал атауын тибет тіліндегі ниампал («қасиетті жер») сөзімен түсіндіру бар. мұның да шындыққа жақын екендігі күмән туғызбайды, себебі осыдан 2500 жыл бұрын Непал жерінде кейіннен Будда атанған Сиддхартха Гаутама әулие дүниеге келген болатын.
Непал астанасы Катманду қаласының атауына ағаштан жасалған Кастамандап («ағаштан жасалған үй») ғибадатханасының атауы негіз болған. ХІІ ғасырдағы сәулет өнерінің туындысы болып табылатын бұл пагода қаладағы ең көне ғимараттардың бірі болып саналады.
Оман мемлекеті Арабия түбегінің оңтүстік-шығысында орналасқан. Мемлекет атауы өте ежелгі, бұл атау ІІ ғасырдағы грек жазбаларында Omanum omporium (грекше omporium «сауда қаласы») деген атпен кездеседі. Ел атауын кейде Оман қаласының негізін салған Оман бен-Ибрагимнің есімімен байланыстырады. Оман мемлекетінің басқа атаулары да болған: шумерлер мен Месопотамия тұрғындары Оманды Магам («кеме») деп атаған, өйткені мұнда кеме жасау дамыған болатын. Парсылар бұл елді Мазун деп атаған. Ал араб жазбаларында бұл мемлекет тәуелсіз, дамыған аумақ ретінде сипатталған. Осы аталғандар негізінде Оман атауын көне топонимдер қатарына жатқызуға болады.
Пәкстан атауын 1933 жылы үнді жазушысы, ислам дінінің жанашыры Рахмат Али Шудхари ойлап тапты. Лондондағы Кембридж университетінің студенті болып жүрген кезде жазған еңбегінде сол кездегі Үндістанның 5 мұсылман штатының бас әріптері негізінде «мұсылмандық Үндістан» болуы тиіс жаңа мемлекеттің атауын ойлап тапты. Ол Пенджаб, Афгани, Кашмир, И (әдейі жалғанған әріп), Синд және Белуджистан штаттарының атаулары қосылып, исламдық мемлекет атауын құруы тиіс деп есептеді. 1947 жылы Британдық Үндістанның бөлінуі нәтижесінде тәуелсіз ислам мемлекеті пайда болды. оған кезінде Шудхари ойлап тапқан атау берілді.
Сауд Арабиясы. Мемлекет атауы 1744 жылы оның негізін қалаған Сауд әулетінің құрметіне қойылған. Әулеттің арғы бабасы әйгілі Сауд XV ғасырда өмір сүрген болатын. Оның есімі арабшадан аударғанда «шоқжұлдыз» дегенді білдіретін. Ал Арабия сөзінің шығуы осы аумақтың байырғы тұрғындары арабтармен байланысты болған. Араб сөзі көне тілдерде әртүрлі мағына берген: «шөл», «таңсәрі», «саудагер». Ежелгі Египет жазбаларында египеттіктер Ar Rabi деп атайтын аумақ туралы деректер бар.
Сирия мемлекетінің атауы тұңғыш рет Сири нұсқасында Вавилон (Бабыл) тақташаларында кездеседі. Бұл атауды ғалымдар көне Ассирия мемлекетінің атауымен байланыстырады. Ал Ассирия атауы аккад тілінде Ансар («аспан жері») деп аталып, кейіннен бұрмалануға ұшыраған Ассур қаласының атауынан келіп шыққан. Қазіргі кезде арабтар бұл мемлекетті Сурия деп атайды. Араб әлемінде Сирияның Эш-Шам («сол жақ») деген атауы да белгілі. Бұл атаудың мәні мұсылмандардың бағдарлау жүйесіне байланысты түсіндіріледі. Өткен ғасырлардағы терең білім алған қазақ зиялыларының еңбектерінде де Сирияны Шам деп атаған.
Сингапур қала-мемлекеті Оңтүстік-шығыс Азиядағы өзі аттас аралда орналасқан. Ел аумағы сонымен қатар осы маңдағы 58 шағын аралды да қамтиды. Мемлекет атауы санскрит тіліндегі pur(а)(«қала») және бұрмаланған siṃha («арыстан») сөздерінің қосылуынан пайда болған. Сонымен, мемлекет атауы «арыстандар қаласы» дегенді білдіреді. Бұл аумақта арыстандар ешқашан болмағанмен, жергілікті жерде жолбарыстарды «арыстан» деп атаған.
Таиланд мемлекетінің атауы «тайлар жері» дегенді білдіреді. Ал тай тілінде тай сөзі «еркін» дегенді білдіреді. 1939 жылға дейін бұл аумақ Сиам деп аталған және күні бүгінге дейін кейбір тілдерде ел атауы осы күйінде сақталған. Санскрит тілінде сиам сөзі «күңгірт, қара» дегенді білдіреді. Бұл атау оның тұрғындарының түсімен байланысты қойылған: солтүстік халықтары үшін ел тұрғындары қара болып көрінген.
Таиландтың астанасы Бангкок XVI ғасырдан бері белгілі елді мекен орнында пайда болған. Атау банг («елді мекен») және кок («өрік ағашы») сөздерінен құралған. Тай тілінен аударғанда қала атауы «өрік ағашының мекені» дегенді білдіреді. 1782 жылы Бангкок қаласына астананы көшіріп, оған 167 әріптен тұратын Krungthep Mahanakhon Bovorn Ratanakoln Mahintharayutthaya Mahadilokpop Noparatratchathani Burirom Udomratcha- nlvetmahasathan Amornpiman Avatarn- athit Sakkathattiyavisnukarmprasit деген атау қойды. Адамзат тарихындағы ең ұзақ географиялық атау ретінде бұл атау Гиннестің рекордтар кітабына да енгізілген. Тай тілінен аударғанда бұл атау «Періштелер қаласы, Ұлы қала, жақұт Будданың сарайы, Алынбас қамал, тоғыз асыл тасты тағынған және жұмақ мекені тәрізді, Құдай бейнесіндегі билеуші бар керемет король сарайларына толы Әлемнің ұлы астанасы, Индра құдайы сыйлаған және Висанукам салдырған қала» деген мағына береді. күнделікті өмірде ел тұрғындары бұл қаланы Крунгтеп, яғни «періштелер қаласы» деп қысқартып атайды.
Түркия мемлекеті (халықаралық атауы Türkiye) Азияның оңтүстік-батыс бөлігінде орналасқан, аздаған бөлігі оңтүстік Еуропада жатыр. Қазіргі Түркия ХХ ғасырдың 20-жылдарында Осман империясының ыдырауы нәтижесінде қалыптасты. Түрік этнонимінің қалыптасуы туралы біз оқулықтың 5-тақырыбында қарастырған болатынбыз. Мемлекет атауы осы түрік этносының елі деген мағына береді.
Түркия астанасы Анкара біздің заманымызға дейінгі VII ғасырда Анкира деген атпен негізі қаланған. Ежелгі гректердің ankyra, латын тіліндегі апсога деген сөздері «аялдама, тұрақ» деген мағына береді. Осының негізінде ғалымдар қала атауын халықтардың ұлы көші-қоны кезінде кельттердің галат тайпасы тұрақтаған орынмен байланыстырады. Анкира кейіннен Ангора атауына айналды. Осының нәтижесінде ангор ешкілері, ангор мысықтары, ангор жүні тәрізді ұғымдар пайда болды. 1923 жылы Түркия астанасының осы қалаға көшірілуіне байланысты ресми түрде қалаға Анкара атауы берілді.
Үндістан атауын әдетте Инд өзенімен байланыстырады. Көп тілділігімен ерекшеленетін бұл елде India атауы тек үш тілде (ағылшын, кашмир, тамиль) ғана қолданылады. Инд өзенінің атауы көне замандарда санскрит тілінде Синд («өзен») деп аталған, уақыт өте келе, «с» әрпі түсіп қалған. Бұрын Синд өзені жеті өзеннің қосылуынан пайда болған, сондықтан бұл өзеннің сағасындағы жерлер Sapta-Sindhu ( «жеті су») деп аталып кеткен. Үндістандағы басқа басым 17 тілде ел Bhārat атауының түрліше нұсқалары түрінде болады: Bhārata, Bhārot,Bhāratavarsha. Бұл атау ежелгі үнділердің аңыздарындағы қос корольдің есімі болып табылады. Санскрит тілінде bha «жарық», ал rat «жасау» дегенді білдіреді. Сонымен, Bhārat атауының мағынасы «жарық жасаушы» дегенді білдіреді. Әйгілі үнді эпосы «Махабхарата» атауынан да біз осы сөзді таба аламыз.
Үндістан астанасы Дели «Махабхарата» эпосында аты аталған көне Индрапрастха қаласының орнында XI ғасырда пайда болған. Ежелгі грек географы Клавдий Птоломей (90-160 жылдар) еңбектерінде қала Индрабара деген атпен берілген. Бұл атаулардағы Индра аңыздардағы құдайлардың патшасы болып есептеледі, ал бара сөзі «ұлы» деген мағына береді. Кейінірек Маурилер әулетінің билеушісі раджа Диллу бұл жерде өз астанасының негізін салған. Қала атауын осы раджа есімімен байланыстырады. Хинди тілінде қала атауы Дилли деп айтылады. Үндістанның солтүстік бөлігінде орналасқан Агра қаласының атауы ІІ ғасырдағы Птоломей еңбектерінде Agara, ал «Махабхарата» эпосында Agrabana деген атпен берілген. Санскрит тілінде қала атауы «шың, жоғарғы жақ» дегенді білдіреді.
Филиппин (халықаралық атауы Pilipinas) атауы 1556-1598 жылдар аралығында билік құрған испан королі ІІ Филипп құрметіне қойылған. Еуропалықтар арасында бірінші болып осы аумаққа келіп жеткен испан теңізшісі және зерттеушісі Руи Лопес де Виллалобос аралдарға сол кездегі кішкентай Филипп ханзаданың атын берген. Бұл антропоним грек тілінен аударғанда «жылқыны жақсы көретін» деген мағына береді. Ел атауы кейбір тілдерде әбден бұрмалануға ұшыраған: мажарлар оны Fülöp-szigetek, қытайлар Fēilǜbīn, ал вьетнамдар Phi luật tân деп атайды. Орыстар Филиппины дейтін бұл атау қазақ тілінде көптік жалғауы алынып тасталып, Филиппин деп аталады.
Шри-Ланка мемлекеті бұл атауға 1972 жылы республика мәртебесін алған соң ие болды. Санскрит тілінде шри («жарқыраған, тамаша», ал кейде тіпті «қасиетті») және ланка («арал») деген сөздерден құралған. Атаудың түптамыры тереңде жатыр: «Рамаяна» хикаясында бұл аралдың атауы Lankadweepa (арал+арал) деген нұсқада берілген. Шри-Ланка астанасы Коломбо қаласының негізі XVI ғасырда қаланған, сингал тілінде «айлақ, порт» дегенді білдіреді.
Шығыс Тимор 2002 жылы Индонезия құрамынан шығып, өз тәуелсіздігін жариялаған, Тимор деп аталатын аралдың шығысын алып жатқан шағын мемлекет болып табылады. Тимор аралы ұзақ уақыт бойы португалдардың иелігінде болған. Арал атауы малай тілінде Тimur, яғни «шығыс» дегенді білдіреді. Сол себептен болар, Индонезияда бұл мемлекетті Timor Timur деп атайды. Халықаралық деңгейде әртүрлі елдерде Шығыс аударылған күйінде әртүрлі беріледі де, Тимор атауы өзгеріссіз қалады.
Жапония (жергілікті атауы Ниппон) атауын Еуропаға Марко Поло таратты, ол өз хаттарында бұл елді Giapan деп атаған болатын. Ол хаттарын Қытайда отырып жазғандықтан, атаудың қытайлық Ci pan gu нұсқасын келтірді. Шындығына келсек, бұл атаудың Ниппон сөзімен түбірі бір, тек әртүрлі иероглифпен жазғанда оқылуында өзгешеліктер болып кетеді. Соның нәтижесінде «n» қытайшада «g» әрпіне ауысып кеткен. Ниппон сөзі жапон тілінен аударғанда «күн көзі» дегенді білдіреді. Бұл өз кезегінде Жапонияның «Шығып келе жатқан күн елі» деген бейнелі атауына негіз болған. Жапонияның шығыстағы орнына бұл атаулардың бәрі сәйкес келіп тұр.
Орта Азия
Ашхабад қаласы 1881 жылы негізі қаланып, көршілес жатқан Асхабад ауылының атауын алған Асхабад түрікмен тілінде «сүйікті қала» дегенді білдіреді. 1927-1992 жылдар аралығында қала атауының Ашхабад нұсқасы қолданылды. 1992 жылы жергілікті биліктің шешімімен қалаға оның тарихи атауы Ашғабат қайтарылды. Басқа елдерде қаланың осы атауы әлі күнге дейін пайдаланылады.
Бішкек қаласының негізі 1878 жылы бұрын Қоқан хандығының бекінісі болған Пішпек елді мекенінің орнында қаланған. 1926 жылы қала атауы кеңестік қоғам қайраткері М.В. Фрунзенің (1885—1925) құрметіне Фрунзе деп өзгертілді. Қырғызстан тәуелсіздігін алғаннан соң ел астанасының атауын өзгерту туралы мәселе көтерілді. Қаланың бұрынғы Пішпек деген атауының мағынасы мен этимологиясы қазіргі тілдер тұрғысында беймәлім болғандықтан, осы атауға жақын келетін бішкек сөзі таңдалып алынды. Қырғыздар қымызды, жалпы сүтті араластыратын жабдықты осылай атайды. Қазақ халқында да күбіде қымызды араластыру үшін піспек деп аталатын жабдық қолданылады.
Газли қаласы Өзбекстанның Бұхара облысында орналасқан. 1958 жылы табиғи газ кен орны маңындағы кент ретінде негізі қаланған. 1977 жылы Газли қаласы деп атауы өзгертілген. өзбек тілінде «газды», яғни «газы көп» деген мағына береді. Пайдалы қазбаларға байланысты қойылған атау түріне жатады.
Гаурдак кенті Түрікменстанда орналасқан. 1947 жылы күкірт кен орны мен күкірт комбинаты маңында пайда болған. Кент атауы түрікмен тілінде говур («күкірт») және даг («тау») сөздерінен құралған, мағынасы «күкіртті тау» дегенді білдіреді. Пайдалы қазбаларға байланысты қойылған атау түріне жатады.
Дарбаза кенті Түрікменстандағы Ахал велаятында орналасқан. ХХ ғасырдың 30-жылдарында Қарақұмдағы күкірт кен орындары маңындағы елді мекен ретінде негізі қаланған. Түрікмен тілінде дервезе «төбелер арасындағы жер», «құмды төбелер арасындағы жол» дегенді білдіреді. Кенттің орналасқан жерінің табиғат жағдайларына атау толығымен сәйкес келеді.
Зарафшан қаласы Өзбекстандағы Навои облысында орналасқан. Кент ретінде 1967 жылы Қызылқұм шөлінің орталық бөлігіндегі Тамдытау маңында ашылған алтын кен орнында негізі қаланды. 1972 жылы қала мәртебесін алды. Бұл топоним әйгілі Зеравшан өзенінің атауына ұқсастырып қойылды. Тәжік тілінде өзеннің атауы Зарафшон делінеді, оның мағынасы «алтын шашатын» дегенді білдіреді. Қаланың мамандану бағытын ескерсек, бұл өте ұтымды қойылған атау болды. Зеравшан өзені мен Зарафшан қаласы бір-бірінен 200 км қашықтықта жатса да, осылайша ұқсас атауларды иемденді.
Қант қаласы Қырғызстандағы Чу облысында орналасқан. 1932 жылы Қырғызстандағы тұңғыш қант зауытын салу кезінде кент ретінде негізі қаланды. Осы оқиғаға байланысты Қант атауын алған.
Канибадам қаласы Тәжікстандағы Соғды облысында (бұрынғы Ленинабад облысы), Исфара өзенінің аңғарындағы көрікті ауданда орналасқан. 1937 жылдан бері қала мәртебесіне ие болған. Тәжік тіліндегі нұсқасы Конибодом деп аталады, қазақшаға аударғанда атау «бадам қаласы» дегенді білдіреді.
Карши қаласы Өзбекстандағы Қашқадария облысының әкімшілік орталығы болып табылады. XIV ғасырда монғол ханы Кебекхан осы маңдағы Нахшеб дейтін жерден өз сарайын салдырған. Сарай салынған соң, бұл елді мекен көне түркі тілінде Карши («бекініс, сарай») деп аталған. Кейіннен бұл елді мекен орнында бой көтерген қала да осы атауды алған.
Каттакурган қаласы Өзбекстандағы Самарқанд облысында орналасқан. Өзбек тіліндегі бұл атау «үлкен бекініс» деген мағына береді.
Маргилан қаласы Өзбекстандағы Ферғана облысында орналасқан. Тарихи деректерде қала атауы Х ғасырдан бері көрініс тапқан. Қала атауы тәжік тілінде «шалғынды» деген мағына береді. Өзбекше нұсқасы Марғилон деп аталады.
Дашогуз қаласы Түрікменстандағы Дашогуз велаятында орналасқан. Қаланың кеңестік кезеңдегі атауы Ташауыз болатын, 1991 жылы Дашогуз болып өзгертілді. Қала атауы этноним болып табылады: орта ғасырларда түрікмен оғыздары «Ич огуз» (Ішкі оғыздар) және «Дыш огуз» (Сыртқы оғыздар) деп екі тармаққа бөлінген. Қала атауын жергілікті ғалымдар соңғы этнониммен түсіндіреді. Ресейлік ғалымдар (Поспелов, 1998) бұл атау түрікмен тілінен аударғанда «тас әуіт» дегенді білдіреді деп түсінік берген болатын.
Тәжікстан (жергілікті атауы Точикистон) атауы «тәжіктер елі» дегенді білдіреді. Бұл аумақты Х ғасырдан бері мекен еткен халықты «тоджи» деп атаған, бұл атау соғдылық тодж («тәж») сөзінен шыққан. Тәжіктердің бұлай атануына олардың тәжге ұқсайтын ұлттық бас киімі себепші болған. Ғалымдар тәжік этнонимінің мағынасын тибеттік Tag Dzig («жолбарыс-қабылан») сөзімен де байланыстырады: бұрын тибеттіктер барлық парсыларды осылай атаған.
Ташкент қаласы өте ежелгі қалалардың бірі. Қала туралы жазба деректер IV—V ғасырдан бастап Джадж, Чачкент, Шашкент, Бинкент деген атаулармен белгілі. ХІ ғасырдағы Әбу Райхан Бируни мен Махмұт Қашқари еңбектерінде қала Ташкент деп берілген. Қашқари қала атауына «тас қала» деген мағына береді деп алғаш рет түсінік берген.
Өзбекстан (жергілікті атауы Ўзбекистон) атауы «өзбектер елі» дегенді білдіреді. Ал өзбек этнонимі түркілік өз («өзі») және соғдылық бек («қожайын») деген сөздерінің қосылуынан пайда болған деген пікір бар. Олай болса, өзбек этнонимі «өзіне-өзі қожайын», яғни «еркін адам» деген мағына береді.
Фараб кенті Түрікменстандағы Балкан велаятында орналасқан. Кент көне бекініс орнында пайда болған. Атаудың этимологиясы әлі толық анықталмаған. Иранша атау ретінде «таза су» (аб – «су», фар – «таза») дегенді білдіреді.
Хорог қаласы Тәжікстандағы Таулы Бадахшан автономиялық облысында орналасқан. Қала атауы памирлік шугнан тілінде хараг – «қала» дегенді білдіреді.
Еуропаның физикалық-географиялық объектілер атаулары.
Альпі тау жүйесі Батыс Еуропада орналасқан, Франция, Италия, Швейцария, Германия, Лихтенштейн, Австрия, Словения аумақтарын қамтиды. Тау атауын көп жағдайда кельт тіліндегі alp («биік тау») терминімен байланыстырады. Қандай тілде болмасын, бұл ороним өте көне болып табылады. Альпі атауын Геродот Alpis, ежелгі римдіктердің оқымыстылары Alpes нұсқасында жазып қалдырған. Қазіргі кезде де бұл атаудың жазылу нұсқалары әртүрлі болып келеді. Немістер оны Alpen, француздар Alpes, италиялықтар Alpi, орыстар Альпы деп жазады. Көпшілік тілдерде бұл таудың атауы көпше жалғауды қосу арқылы жазылады, өйткені тау жүйесіне көптеген жекелеген Альпілер (Доломитті Альпі, Пеннин Альпісі, Теңіз маңы Альпісі және т.б.) енеді.
Достарыңызбен бөлісу: |