Қызылорда облысының тарихи-мәдени мұраларын қорғау және пайдалану жөніндегі ғылыми-әдістемелік Кеңес туралы
Сан ғасырлық тарихтың куәсі болған Сыр өңірінің ұлтымыздың ұйысып мемлекет болып құрылуында да, тарихымыз бен мәдениетіміздің қалыптасуында да алар орны ерекше. Сондықтан ұлттық мәдениетіміздің алтын қоры саналатын тарихи-мәдени мұраларымызды дәріптеудің маңызы зор.
Жуырда облыстың тарихи-мәдени мұраларын зерттеуге, насихаттауға, оларды қорғау және пайдалану мәселелері бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстары нәтижесінің ғылыми маңыздылық деңгейін көтеру, археология, этнография, тарих және мәдениет ескерткіштерін зерттеудің дәйектілігін және ғылыми-логикалық жүйесін анықтауды көздейтін облыс әкідігі жанынан ғылыми-әдістемелік Кеңес құрылды. Оның құрамына тарих, археология, этнография мәселелерін жетік меңгерген білікті мамандар енгізілді.
Үстіміздегі жылдың 16 маусымында Кеңестің алғашқы отырысы өтті. Оған арнайы шақыртумен Қазақстанның ЮНЕСКО-дағы тұрақты өкілі, халық жазушысы Олжас Сүлейменов, кеңестің мүшелігіне енген еліміздің танымал тарихшылары, әдебиеттанушы-ғалымдары мен сәулетшілері қатысты. Олардың қатарында Мұрат Әуезов, Карл Байпақов, Тынысбек Қоңыратбай, Бек Ыбыраев, Бауыржан Байтанаев, Мадияр Елеуов, Зейнолла Самашев, Жандарбек Мәлібеков тағы басқалар бар.
Кеңесте белгілі тарихшылар мен этнограф-ғалымдар Сыр өңірінің ежелгі және ортағасырлық қалашықтарын туристік орындарға, рухани орталықтарға айналдыру мәселелері жөніндегі пікірлерін ортаға салды.
Қазақ музыкасының, әдебиетінің, этнографиясы мен тарихының дамуында айрықша орны бар дара тұлға – Қорқыт бабамызды ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік Мәдени және Табиғи мұра тізіміне енгізу үшін қандай жұмыстар жүргізілуі қажеттігі жөнінде айтылды.
Кеңесте Ә.Марғұлан атындағы археология институтының құрметті директоры, тарих ғылымдарының докторы Карл Байпақов, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Археология ғылыми-зерттеу орталығының директоры Сәйден Жолдасбаев, Қазақстанның еңбек сіңірген сәулетшісі Бек Ыбыраев баяндама жасап, ұсыныстарын жеткізді.
Басқосуға келген кеңес мүшелерінің бірі, мәдениеттанушы ғалым Мұрат Әуезов өңірдің археологиялық-этнографиялық мұраларын зерттеуде материалдық құндылықтармен қоса рухани жағына да көңіл бөлуге шақырды. «Қорқыт бабаның серігіне айналған қобыздың үні де ерекше. Сыр бойы – жыраулардың мекені, Көшеней, Нұртуған, Нартай, шығыстың дүлдүл шайыры Тұрмағамбеттің кіндік қаны тамған жер екенін естен шығармауымыз керек»,– деді ол. Кеңес мүшелеріне алдағы уақытта қаралатын мәселелер бойынша мәлімет таратылып, олардан 1 қыркүйекке дейін пікірлері алынатын болды.
БІЛІМНІҢ БАСТЫ КӨРСЕТКІШІ ҰСТАЗ БІЛІКТІЛІГІН КӨТЕРУДІ ТАЛАП ЕТЕДІ
12.06.2013
Облыс әкімдігінің мәжіліс залында аймақ басшысы Қырымбек Көшербаевтың төрағалық етуімен «Биылғы жылғы Ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысы туралы» мәжіліс болып өтті.
– ҰБТ көрсеткіші – білім саласында атқарылған жұмыстардың ең басты көрсеткіші. Биылғы жылдың қорытындысымен республикадағы 16 өңірдің ішінде 11-ші орындамыз. Алайда, бұл бізді қанағаттандырмайды,– деді облыс әкімі өз сөзінде.– Оның ішінде Қазалы, Шиелі, Жаңақорған аудандарындағы ҰБТ нәтижесі біз күткендегіден көп төмен. Өмірдің алғашқы сынағы саналатын ҰБТ-дан сүріну биылғы түлектерге оңай болмады. ҰБТ қорытындысы не көрсетті, алдымен сол жайында толық мағлұмат алайық.
– Облыста ҰБТ 3-6 маусым аралығында 8 тестілеу пункттерінде өткізілді,– деп бастады өз хабарламасын облыс әкімінің орынбасары Ақмарал Әлназарова. – Биыл облыс мектептерін 7755 түлек бітірсе, оның 5178-і ҰБТ-ға қатысуға өтініш берген болатын, 2577 түлек мектеп қабырғасында қорытынды аттестаттаудан өтіп, мемлекеттік емтихан тапсыруда. Өтініш бергендердің 5040-ы, яғни түлектердің 65 пайызы тестілеуге қатысты. Тест аудиторияларына енбей қалған 139 түлектің 33-і ҚР Білім және ғылым министрлігінің шешімімен алдын ала грант иегері танылған дарындылар болса, 106-сы ҰБТ-ға қатысудан өз еркімен бас тартқан түлектер, олар мектепте емтихан тапсыруда.
Хабарламашының мәлімдеуінше, ҰБТ қорытындысымен орташа балл 73,4-ті құрады, бұл өткен жыл көрсеткішінен 9,38 балға жоғары. «Алтын белгіге» үміткер 196-ның 62-сі, «Үздік аттестатқа» үміткер 79-дың 20-сы өз білімдерін дәлелдеп шықты. Ең жоғарғы балл –121, ең төменгі балл –20. Биылғы «2-лік» саны – 270, бұл былтырғыдан 3,5 есе төмен, шекті балдан өтпегендер саны – 681, бұл өткен жылғыдан көп төмен. Сонымен қатар ҰБТ-ға облыс бойынша мектеп түлектерінің 66 пайызын құраса, Арал ауданы – 50, Шиелі 55 пайызды құрайды. Ең жоғары қатысу деңгейі қазақ-түрік лицейлері мен дарынды балаларға арналған мектеп-интернат, Қызылорда қаласына тиесілі. Қызылорда қаласы бойынша орташа балл – 76,83, Жалағаш ауданы бойынша 76,2 болса, бұл көрсеткіш Қазалы ауданында 67,2 балға тең. Облыстық дарынды балаларға арналған №4 мектеп-интернат, №9,10 қазақ-түрік лицейлерінің орташа балы 88, 98,7 және 103,6 болды, демек өткен жылмен салыстырғанда ілгерілеушілік байқалмайды. Сондай-ақ бұл білім ордаларында «Алтын белгіні», «Үздік аттестатты» ақтағандар саны екі есе төмендеген. Барлығы 7 «Алтын белгі», 7 «Үздік аттестат», бұл осы үш дарынды балаларға арналған мектеп түлектерінің 5 пайызы ғана.
Өткен жылы 42 мектеп діттеген межеге жете алмай, төменгі көрсеткіш көрсетсе, биыл да бұл мектептер көрсеткіші көңілден шықпады. Хабарламашының мәлімдеуінше, ҰБТ-ның төменгі көрсеткішінің негізгі себебі мынада: Сыр өңірінде жоғары санатты мұғалімдер саны аз, ұстаздың білімін жетілдіруде қалыптасқан жүйе жоқ, мұғалім жүктемесінің аздығы, облыстық әдістемелік орталығы мен білім басқармасының жұмысты өз деңгейінде ұйымдастыра алмауы және ең бастысы, заманауи технологиялардың енгізілуі мен пайдалану деңгейінің төмендігі. Облыстық білім басқармасы, қалалық, аудандық білім бөлімдері мұғалімдердің біліктілігін арттыруға немқұрайлы қараған. Негізгі бөлік бастауыш сынып мұғалімдері мен мектепке дейінгі мекемелерге бағытталған. Мәселен, математика пәнінен республика бойынша ең төменгі көрсеткішті иеленсек те, осы пән мұғалімдері біліктілігін арттыру тізіміне енбей қалған. Сонымен қатар пән мұғалімдері санаттарының төмендігі оқуға кері әсерін тигізуде. Атап айтқанда, жоғары санатты мұғалімдердің үлес салмағы еліміз бойынша орташа 15,1 пайызды құраса, облыс бойынша 3,2 пайыз. Ал санаты жоқ мұғалімдер Сыр бойында 31,9 пайызды құрайды. Бұл көрсеткіш республика бойынша 25,1 пайыз. Мұның бәрі бізде кадрлармен жүйелі жұмыс жүргізілмейтінін көрсетеді.
Облыс мұғалімдерінің жүктемелері қалалық, аудандық білім бөлімдерінің бақылауынан тысқары қалған. Яғни, штаттық бірліктен нақты адам саны жоғары болуда. Мысалы, Сырдария ауданы бойынша мұғалімдердің 70 пайызының оқу жүктемесі 1,0 ставкадан төмен болса, 15 пайызы 0,5 ставкамен жұмыс істейді. Қазалы ауданында 0,5 ставкамен жұмыс істейтін мұғалімдер үлесі 23 пайызды құраса, Шиелі ауданындағы 2633 мұғалімнің тек 28 пайызы 18 сағаттан және одан жоғары жүктеме алып отыр. Тағы бір айта кетерлігі, кей мұғалімдердің педагогикалық білімдері сабақ беретін пәндеріне сәйкес келе бермейді. Білім саласындағы бақылау департаментінің мәліметі бойынша үстіміздегі жылдың 1- наурызына дейін осындай 864 жағдай орын алса, оның 30 пайызы Қазалы ауданының үлесіне тиеді.
Хабарламашы облыс әкімінен биылғы ҰБТ қорытындысымен Арал ауданы бойынша 5 мектеп, Қазалы ауданынан – 10, Шиелі ауданынан – 7, Жаңақорған ауданынан – 2 және Қызылорда қаласынан 3 мектеп басшысының қызметтік жауапкершілігін қарауды ұсынды. Мемлекеттік сынақта төменгі нәтиже көрсеткен мектеп директорларының басшылық қызметтегі еңбек өтілі 4 жылдан 27 жылға дейінгі мерзімді құрайды.
Мәжілісте облыс әкімі Қырымбек Көшербаев аймақта жоғары санатты мұғалімдердің саны республикадан 5 есеге аз екендігін, мұғалімдердің жоғары, І және ІІ санаттарына үстемеге бөлінген қаражаттың жылда игерілмей, кері қайтарылатынын қынжыла жеткізді.
– Биылғы жыл қорытындысымен 27 мектеп басшысына сенімсіздік білдіремін,– деді аймақ басшысы. – Баланың обалына қалып, мектепті күнкөріс көзіне айналдырған директорлармен қош айтысатын боламыз. Жеке басының пайдасы үшін мемлекеттік мекемеде халықтың баласының обалына қалуға жол берілмейді.
Аймақ басшысы биылғы ҰБТ-да төмен нәтиже көрсеткен Арал, Қазалы, Шиелі аудандары әкімінің орынбасарлары мен дарынды балаларға арналған №4 мектеп-интернат директорының уәжін тыңдады. Білім саласының басшыларына білім беруді дамытудың іс-шарасын әзірлеуді, ҰБТ қорытындысымен жақсы көрсеткішке жеткен ұстаздарды марапаттауды, нашар нәтиже көрсеткен мұғалімдерге шара көруді, оқушылардан сынама тест алуды төменгі сыныптардан бастауды тапсырды. Осы мәжілісте айтылған кемшіліктердің жойылып, тапсырмалардың орындалуы келер жылғы білім сапасын көтеруге негіз қалайтынын баса айтты.
КОМИССИЯ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ 12.06.2013
Сыбайлас жемқорлық –өте қауіпті, жағымсыз әлеуметтік көріністердің бірі. Ол– ел экономикасының көтерілуіне үлкен кедергі келтіретін, халықтың мемлекеттік билікке деген сенімін азайтатын қатерлі қоғамдық дерт. Сондықтан оның алдын алу, жолын кесу бүгінгі күннің міндеті болып отыр. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалық етуімен өткен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі облыстық комиссияның кезекті отырысында бірқатар мемлекеттік органдарда қоғамның жегі құрты болып отырған құбылыспен күрес жүргізу жағдайы талқыланды. Онда сыбайластықтың, жемқорлықтың туындауына қолайлы жағдай туғызатын мәселелер кеңінен сөз болды. Аймақ басшысы комиссия отырысына қатысушылар алдында күн тәрбіндегі мәселе бойынша келелі пікірлерін ортаға салды.
Облыс әкімі атап өткеніндей, аймақ экономикасын дамыту, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту жөнінде ауқымды жұмыстар атқарылып жатқан уақытта коррупциялық қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың өсу деңгейі өте қатты алаңдаушылық туғызады. Өйткені, ол көптеген жақсы істерді жоққа шығарып, қоғамның тұрақтылығына қауіп төндіреді. Бүгінгі күні сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске жауапты барлық органдар жұмыстарына қарамастан, оң көрсеткіштерге қол жеткізе алмай келеміз.
Статистика мәліметтері үстіміздегі жылы сыбайлас жемқорлық бағытындағы тәртіптік құқықбұзушылық көрсеткіштері – 40, жемқорлық қылмыстар 36,5 пайызға өскенін көрсетіп отыр. Өкінішке орай, алдын алуға болатын қателіктер мен заң бұзушылықтар сол күйінде жыл сайын қайталана түсуде. Кейбір мемлекеттік органдар басшыларының принципті көзқарасы жоқтығынан оларға тоқтам болмай келеді.
Соған байланысты облыстық әкімдік аппаратының мемлекеттік құқық бөліміне жарты- жылдық қорытындысы бойынша мемлекеттік органдардағы сыбайлас жемқорлық бағытындағы құқықбұзушылықтарға терең және жан-жақты сараптау жүргізу, олардың іске асуына жағдай туғызатын нақты себептер және қай лауазым иесінің кінәсінен олардың жолы кесілмегенін анықтау тапсырылды. Мұндай жағдайға тіпті төзуге болмайды.
Ең маңыздысы мемлекеттік қызметкердің адалдығы ғана емес, сонымен бірге оның болайын деп жатқан құқықбұзушылықтың жолын кесуі. Әрбір ұжымда парақорларға, бас пайдасын ойлаушыларға, біреудің мүддесі үшін жұмыс істейтіндерге, ар-ұяты жоқ, адалдықтан ада жандарға төзбеушілік атмосферасын қалыптастырудың жолдары жетіп артылады. Осыған орай, барлық әкімдер мен басқарма басшыларына өздерінің қарамағында істейтін қызметкерлерде сыбайластыққа қарсы стандарттардың қалыптасуына жеке жауапкершілік жүктеліп отыр. Сыбайлас жемқорлықтың көптеген оқиғалары кейбір шенеуніктердің «құқықтық нигилизммен» ауыратыны салдарынан пайда болады. Олар заңның кез келген лауазым иесіне берілген өкілеттік пен әкімшілік ресурстардан жоғары тұратынын ұмытып кетеді. Қателіктерді қайталамас үшін не керек? Әрине, тек қана мүлтіксіз орындау тәртібі мен қатаң жауапкершілік қажет. Ал егер бір қызметкер сыбайластық құқықбұзушылық жөнінен жүйелі түрде жазаланып келсе, мейлі ол ескерту не сөгіс болсын, неліктен мұндай адам мемлекеттік қызметте қала бермек? Бұл жағдайда оның бастығының жауапкершілігі жайлы мәселе көтерген дұрыс.
Жыл сайын мектеп директорлары, мектепке дейінгі мекемелер басшылары, есепшілері қаржы тәртібін бұзып келеді, лауазымдық өкілеттігін теріс пайдалана отырып, сол бір заң бұзушылықтарды қайталай түсуде. Құқық қорғау органдары кіріспегенше кінәлілерді сылап-сипап жазалайды, бірақ ол ешкімге сабақ болмауда.
Оған мысалдар жетіп артылады. Шиелі ауданында бюджет қаржысын заңсыз жұмсағаны үшін оқушылар үйінің директоры Г.Әбжәмиева сотты болды, ал аудандық оқу бөлімінің басшысы Э.Тәкенге үш мектеп директорын конкурссыз қызметке тағайындағаны үшін атқарып отырған қызметіне толық сәйкес еместігі айтылды. Жаңақорған ауданында кешкі мектеп директоры Е.Кемелбеков мектепке келмеген адамдарға аттестаттар сатқаны үшін сотталды. Ал 2012 жылдың басынан бүгінге дейін білім мекемелерінің 12 басшысы мен есепшісі сотталса, тағы 24-не қатысты қылмыстық іс қозғалған. Мүмкін, бұл ретте білім басқармасында ашық қылмыстық процесс өткізген дұрыс болар, сонда ғана барлығы әрбір басшыға қандай жауапкершілік жүктелетінін және заң бұзған жағдайда оны не күтіп тұрғанын түсінетін болар. Басқа-басқа емес, балаларға тәрбие беретін жерде сыбайластық құқық бұзушылықтың көп орын алуы ойландыруы тиіс. Мектеп директорлары тарапынан коррупциялық құқықбұзушылық орын алған аудандардың әкімдеріне оқу бөлімдерінің жауапкершілігін қарау тапсырылып отыр.
Неліктен бұлай болуда? Оның бірнеше себебі болуы мүмкін, бірақ соның бірі бақылаудың және жауапкершілік деңгейінің жеткіліксіздігі. Егер де әрбір мұғалім бес жыл сайын кәсіптік аттестациядан өтіп тұрса, мектеп директорларына қатысты мұндай тәртіп қаралмаған. Білім және ғылым министрлігі Қызылорда облысы бастамасын қолдап, бүгінгі күні мектеп директорларын әрбір үш жылда аттестациядан өткізіп тұру туралы қаулы дайындады. Мұнан бөлек, 1-қыркүйектен бастап білім мекемелерінің орталықтандырылған бухгалтериясы жұмыс істей бастауы керек. Ол жұмыста тиімді ұйымдастыруды және жұмсалған бюджет қаржысына бақылау жасауды қамтамасыз етеді.
Сыбайлас жемқорлықтың ең бір көп көрініс тапқан ортасы мемлекеттік сатып алу болып отыр. Бас прокуратура тарапынан болған тексерулер мемлекеттік сатып алулар бойынша 2008-2012 жылдар аралығында құрылыс басқармасында, жолаушылар көлігі және автомобильдер жолдары басқармасында, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасында, Қызылорда қаласы әкімдігінің кейбір бөлімдерінде елеулі заң бұзушылықтар орын алғанын көрсетті. Оларға кейбір заңды тұлғалардың мүддесі үшін жұмыс істеу, орындалмаған жұмыстарға бюджет қаржысын босату, жұмыс сапасына бақылаудың жоқтығы, орындалмаған жұмыстарды қабылдап алу секілді басқа да заң бұзушылықтар жатады. Және бұл жағдайда мемлекеттің қаржысы ары таза емес мердігерлердің қалтасына кетіп жатқаны белгілі болды. Мысалы, жолдарға күрделі жөндеу жүргізуде соңғы бес жылда бюджеттен 4,5 млрд. теңге алған «Қыран» ЖШС-нің мүддесі қорғалып келген. Оның басшысының жеке есебіне осы қаржыдан айлық жалақысы ретінде 667 млн. теңге аударылыпты. Облыс орталығындағы «Сырдария» мөлтек ауданында құны 1,6 млрд. теңгелік мектеп құрылысын жүргізіп жатқан «Асар Холдинг» ЖШС 263,5 млн. теңгені қолма-қол ақшаға аударып алған және 263,5 млн. теңгені қаржылай көмекті қайтарған ретінде құрылтайшысы мен оның баласының есебіне аударады. Бүгінде аталған фактілер бойынша құқық қорғау органдары жұмыс істеп жатқаны белгілі.
Сыбайлас жемқорлық іскерлік ортаны бүлдіріп, пара беруге, төлем жасауға, өзіне артықшылықтар жасау үшін саудаласуға мәжбүрлеп қана қоймайды. Сонымен бірге, ол адамдардың билікке деген сеніміне селкеу түсіреді. Шенеунік билікті майлы жілікке қол жеткізудің шексіз мүмкіндіктері ретінде емес, керісінше асқан жауапкершілік ретінде қабылдауға міндетті.
Өкінішке орай, өз міндетін теріс түсініп жүргендер аз емес. Қорғаныс істері департаментінің қызметкері Н.Құдайбергенов әскери билет сатса, ОІІД қаржы бөлімінің бастығы У.Абжалов бюджет қаржысын үнемдеудің орнына талан-таражға түсіреді, Қызылжарма ауылдық округінің әкімі жер учаскесін бөлгені үшін ірі көлемде ақша талап етеді. Бірақ ол оны пайдаланып үлгермеді, ақшаны алу барысында қолға түсті. Жаңақорған ауданы Бесарық ауылының әкімі Ж.Кәрібаев жер учаскесін алып берем деген кәсіпкермен кездесуінде еш қысылмастан 100 мың теңге сұрауын Наурыз мерекесінде қонақ күтуге қажет деген өтініш ретінде түсіндіреді. Арал ауданының Атанши ауылдық округінің әкімі Н.Минажов өз ақшасын бюджет қаржысын жұмсағандай етіп жұмсай коймас, сірә. Нақты бағасы 3,6 млн. теңгелік толық салынып бітпеген ғимаратты клубқа айналдыру үшін жалған құжаттармен 6 млн. теңге қаржы жұмсайды. Ол онымен қоймай, өзінің қылмыстық ісіне жеке кәсіпкер ретінде тіркеген жүргізушісін де тартады.
Коррупцияның қаупі артып отырған саланың бірі салық салу жүйесі. Экономикалық құқықбұзушылықтар бірінші кезекте бюджетке тікелей зиян келтіруімен ерекшеленеді. Ал бюджетке халықтың әлеуметтік жағдайы тәуелді екені түсінікті. Өкінішке орай, салық органдарындағы кемшіліктердің залалы көп болып жатады.
Мәселен, отбасында аз ғана салық төлемдерін жасайтын шағын дүкені бар. Алайда, отбасы мүшелері үш джип мініп жүреді. Демек, табысты жасыру тәсілдері бар. Сонда салықтық бақылау мен салық инспекторы қайда қарап жүр деген заңды сұрақ туындайды. Шамасы, мұндай жағдайға салықшылардың келісімімен жол берілетін шығар? Салық органдары қызметкерлерінің арасында сыбайластық құқықбұзушылықтың артып отырғанын назарға алсақ, оған күмәнданудың да қажеті жоқ. 2011 жылы ондай оқиғалар орын алмаған екен. Ал 2012 жылы бір қылмыстық іс қозғалса, ағымдағы жылдың бес айында олардың саны сегізге жеткен. Олардың арасында алаяқтық, пара алу және қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану бар.
Президент пен Үкіметтің тапсырмасы бойынша бизнес саласын бақылаушы органдар тарапынан болатын заңсыз әрекеттерден қорғау, рұқсат беру қағаздарын және негізсіз тексеруді азайту жөнінде жүйелі шаралар қабылдануда. Әйтсе де, кейбір мемлекеттік бақылаушы органдар мұны басқаша түсініп, есесін алып қалуға тырысады. 2011 жылдың басынан бастап санитарлық-эпидемиологиялық қызметте жұмыс атқаратындардың еншісіне 35 сыбайлас жемқорлық қылмыс жазылыпты, оның ішінде тоғыз қызметкер сотталған. Тек Қызылорда қаласының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы А.Бисембаевқа ғана қатысты 19 қылмыстық іс қозғалған. Кәсіпкерлерден жүйелі түрде пара алып отырған ол сот үкімімен 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Үстіміздегі жылдың өзінде қозғалған 71 қылмыстық істің 12-сі немесе 17 пайызы санэпидқадағалау қызметкерлерінің үлесінде. Оның ішінде Жаңақорған және Шиелі аудандық бөлімдерінің басшылары бар. Ал Сырдария ауданында 3 қызметкер сыбайластық құқықбұзушылық үшін тәртіптік жазаға тартылды. Заң бұзушылықтардың жолын кесіп, адамдардың мүддесі мен денсаулығын қорғауға тұрған қызметкерлеріміздің істеп отырғаны осы.
Иә, кәсіпкерлерді жұмысына кедергі келмесін деп және өздеріне «қамқоршыны» табу үшін төлем жасап тұруға мәжбүрлейтіндер қандай құйтырқылықтарға барады десеңізші. «Бармақ басты, көз қысты жасау» кейбір адамдар санасына дерт болып жабысуда. Ал енді бір азаматтарда заңмен «келісуге болады, кез келген мәселені белгілі бір көлемдегі ақшамен шешуге болады» деген ұғым пайда болған.
Біз нарықтық кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Өзінді қамтамасыз ету қалыпты құбылыс және адал еңбекпен тапқан байлығың үшін ұялудың қажеті жоқ. Бірақ, шенеунік мемлекетке берілген адал адам болуы тиіс және «Немен өмір сүріп жатырсың?» деген сұрақтан қорықпайтын болуы қажет. Сыбайластық болған жерде адамдардың құқығы бұзылады. Осы тұрғыдан алғанда жемқорлықпен күрес ол бірінші кезекте азаматтық бақылау екенін жете түсінуіміз керек, өкінішке орай осы қасиеттер жетіспей жатады.
Неліктен жыл сайын белгілі бір мекемелерде заң бұзушылықтар қайталанады да тұрады? Комиссия отырысында бұл турасында келесі ойлар айтылды. Оған себеп, сыбайлас жемқорлықпен күрес жоспарларына жалпылама сипатқа ие бір тектес шаралар кіргізіледі, олар ұжым жұмысының нақты бағытын ескере бермейді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекеттердің негізін жазалау тәжірибесі ғана құрамау керек, коррупциялық фактілердің алдын алу, жолын кесіп, болдыртпау аса маңызды. Жемқорды ұстап алып, жазалау оңай. Бірақ мұнымен қоғамдық дерттің тамырына балта шаба алмайсың. Адамдарды қандай да бір заң бұзушылықтарға, мейлі ол тіпті елеусіз болса да немқұрайлы қарамауға үйрету керек. Кез келген ұжымда заңға сәйкес жұмыс істеу қалыпты түсінікке айналуы тиіс, одан аттап өту өте қауіпті екенін сезіне білгені абзал. Әрбір мемлекеттік қызметкер барлық уақытта мынаны жадында ұстағаны дұрыс – мейлі қандай да бір қателесу үшін жұмыстан шығармауы мүмкін, бірақ қызмет баспалдақтарымен жоғарылаудың жолын кесетіні анық.
Облыс басшысы коррупцияның табысты әділ бөлмейтінін, іскер ортаны бұзып, пара беру, ақшамен сатып алу, саудаласу секілді жағымсыз әрекеттерімен ғана ерекшеленбейтінін, сонымен бірге қоғамның бөлінуіне әкеп соғатын қауіпті құбылыс екенін жеткізді. Бүгінгі таңда қоғамдағы көптеген жағымсыз жағдайлардың орын алуына адамдардың патриоттық сезімін жоғалтып алуы себеп болуда. Ал мемлекеттік қызметкер, ол қандай лауазым иесі болмасын, біздің ертеңгі күні қандай болатынымыз – табысты, жауапкершіл, өз бетінше шешім қабылдай алатын адам болу немесе жеке басын күйттеген эгоист бола ма соларға байланысты. ХХ ғасыр басында Польшаның ұлы патриоты Юзеф Пилсудский «Мемлекетті ұлт құрмайды, керісінше мемлекет ұлтты құрайды» деп тегіннен-тегін айтпаған.
Аймақ басшысы басшы адамдар есіне сақтап жүрер мәселеге назар аударды. Егер ұжымда қызметкердің жағымсыз әрекеттеріне деген төзбеушілік жағдай қалыптасса, онда қарамағындағылардың әрекеттері үшін басшыларының жауап беруіне тура келеді. Бұл тұрғыда біздің заманымызға дейінгі 4 ғасырда Рим философы Сенеканың «Кімде-кім қылмыстың алдын алу мүмкіндігіне ие бола тұрып, оның жолын кеспесе, демек, оған мүдделі болғаны» сөзін келтіріп өткен артық болмас.
Алдағы кезеңде ауылдық округтер әкімдерінің өкілеттілігі кеңейіп, қарамағындағы қызметкерлер саны артады. Облыс әкімі осы ретте сауатты, жан-жақты дайындалған кадрларды таңдау қажеттігін айтып, жеке басына ұнаған немесе туыс адамдарды қабылдаудан аулақ болуды ескертті. Барлық ауылдық округтер әкімдіктерде басшысын қателіктер мен заң бұзушылықтарға жібермейтін тәжірибелі есепшілер мен заңгерлер болуы қажет. Ауылдық округтер әкімдіктерге берілетін он бес бюджеттік бағдарламалар білікті мамандардардың болуын қажет етеді.
Комиссия отырысында сыбайлас жемқорлыққа күрес мәселелерінің БАҚ-та берілуі қанағаттанарлықсыз жағдайда екені атап өтілді. Тек қана анықталған құқық бұзушылық пен өткізілген шаралар туралы ақпараттардың берілуі жеткіліксіз және олардың әсері де жоқ. Жаппай ақпараттық шабуыл жасау қажет. Күн сайын адамдарды пара беру мен алудың, ар-ұятты ұмытудың, заң бұзушылықтың қауіпті екенін ескертіп отырған жөн. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы насихаттық ақпараттар толығымен жоқ деуге болады. Ең болмаса, көзге ұрып тұратын: «Пара алсаң да, пара берсең де, барар жерің – түрме!» деген сөз жазылған баннер ілініп тұрар болса, соның өзі бірер адамды осы жолға барудан бас тартқызар еді.
Комиссияда әрбір ұжымда сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтардың алдын алу, жас мамандармен жұмыс жүргізетін мамандар мен басшылардың жеке жауапкершілігін арттыру бағытындағы жұмыстарды жетілдіру жөнінде нақты тапсырмалар жүктелді. Комиссия отырысында болып өткен талқылаулар мемлекеттік биліктің беделіне тікелей әсер ететін қоғамдық қарым-қатынастарға жаңа серпін қосады деген сенім ұялатты.
Достарыңызбен бөлісу: |