Мазмұны Кіріспе і-тарау. Ежелгі түркілердің дипломатиясы


Мұсылман ойшыл ғұламаларының дипломатиялық өнер туралы пікірлері



бет3/4
Дата26.06.2018
өлшемі404 Kb.
#44318
1   2   3   4

2.1. Мұсылман ойшыл ғұламаларының дипломатиялық өнер туралы пікірлері

Көптеген мұсылман ойшылдары дипломатиялық өнер туралы құнды еңбектер жазып қалдырған. Солардың бірі Жүсіп Баласағұнидің «Құтадғу біліг» еңбегі. Жүсіп Баласағұни бұл еңбегінде елші қандай болуы қажет екендігін атап өткен. Жүсіп Баласағұни адал, байсалды, ақылды, дана, көреген, көптеген тілдерді меңгерген кемеңгер адам болуы қажет дейді.

Баласағұни Жүсіп Хас Хажип (1020 ж. ш., Баласағұн қ. - ө.ж. белгісіз) – ақын, ғұлама ғалым. Баласағұнидың біздің заманымызға дейін жеткен ең ірі туындысы 1069 ж. жазылған «Құдатғу білік» («Құт әкелетін білім») поэмасы. Поэманың үш нұсқасы сақталған. Мұның алғашқысы 15 ғасырда Гераттан (Ауғанстан) табылған ұйғыр әрпімен жазылған нұсқасы Вена қаласында сақтаулы. Араб әрпімен жазылған 2-нұсқасы Каирдың ұлттық кітапханасында, ал араб әрпімен жазылған 3-нұсқа Наманганнан (Өзбекстан) табылған. Шығарма негізі әділдік (Күнтолды), бақыт (Айтолды), ақыл (Ойтолды), молшылық (Жетелеуші) сияқты кейіпкерлердің өзара диалогтары түрінде жазылған. Поэмада көшпенділер өміріне тән образдар мен теңеулер молынан пайдаланылған. Поэма әрі көркем шығарма, әрі адамдарды адамгершілік абзал қасиеттерге баулитын этикалық-дидактикалық, саяси-философиялық трактат. Поэманың идеясы Әл-Фарабидің «Қайырымды қала тұрғындарынын көзқарасы» атты трактатымен үндес. Баласағұни осы поэмасы арқылы түркі поэзиясына аруз өлең өлшемін енгізді. Баласағұнидың бұл шығармасы сол кездің өзінде Қытай, Үндістан, араб, парсы оқымыстылары тарапынан жоғары бағаға ие болды. Баласағұнидың поэмасын шетел ғалымдарынан, Т.Танджей, А.Бомбачи, П.Пеллио, А.Кофероглу, Р.Р. Арат, А.Дилачар, М.Копрюлюзаде, орыс шығыстанушыларынан В.В. Радлов, В.В. Бартольд, А.Н, Самойлович, С.Е.Малов, А.Н. Кононов, Л.А. Валитова, А.И. Боролина, И.В. Стеблева, қазақ әдебиетшілерінен X. Сүйіншәлиев, Р. Бердібаев, Қ. Жарықбаев, Ө.Дербісалиев, А. Егеубаев, т.б. зерттеді [12].

«Құтадғу біліг», «Құтты білік» - Жүсіп Баласағұнидің мемлекетті басқару қағидалары мен принциптерін, елге билік жүргізудің ережелері мен тәртібін, қоғам мүшелерінің мінез-құлық және әдеп-ғұрып нормаларын жыр еткен этикалық-дидактикалық мазмұндағы көркем туындысы. Мұнда қатардағы қарапайым адамнан бастап, ел билеген ханға дейінгі барлық лауазымды кісілердің қоғамдағы міндеттері мен құқықтары жеке-жеке атап көрсетілген. Сонымен бірге, дастанда қазіргі түркі тілдес халықтардың орта ғасырдағы тарихы, қоғамдық-саяси өмірі, ғылымы, әдебиеті мен мәдениеті, әдет-ғұрпы, наным-сенімі, т.б. жөнінде аса қызықты, әрі қыруар мол деректер берілген.

Негізінен, ел басқару мәселесіне арналған. «Құдатғу біліг» дастаны һиджра есебі бойынша 462 ж. (1070) жазылған. Алайда түпнұсқасы жоғалып кеткен. «Құдатғу біліг» дастанының бүгінгі күнге дейін сақталып келген үш нұсқасы бар. Олар қолжазбаның табылған жеріне орай Герат (1439), Каир (1896) және Наманган (1913) нұсқалары деп аталады. «Құдатғу біліг» дастанын әдебиеттану, тіл білімі, тарих ғылымы тұрғысынан зерттеуге С.Е.Малое, Е.Э. Бертельс, А. Валитова, К. Карймов, С. Муталибов сияқты ғалымдар мол үлес қосты. «Құдатғу біліг» дастаныыын басты идеясы төрт принципке негізделіп жазылған. Біріншісі, мемлекетті дұрыс басқару үшін қара қылды қақ жаратындай әділ заңның болуы. Автор әділдіктің бейнесі ретінде Құнтуды патшаны көрсетеді. Екіншісі, бақ-дәулет, яғни елге құт қонсын деген тілек. Бакдәулет мәселесі дастанда патшаның уәзірі Айтолды бейнесі арқылы жырға қосылған. Үшіншісі, ақыл-парасат. Ақыл-парасаттың қоғамдық рөлі уәзірдің баласы Үғдүлміш бейнесінде жырланады. Төртіншісі, қанағат-ынсап мәселесі. Бұл мәселе дастанда уәзірдің туысы, дәруіш Одгүрміш бейнесі арқылы әңгіме болады. Композициялық құрылысы жағынан дастан 6520 бәйіттен (екі жолдық өлең) тұрады. Бұл – 13 000 өлең жолы деген сөз. Соның бәрі 85 тарауға бөліп берілген. Шығарманың негізгі бөлімдері екі жолдық мәснәуи түрінде жазылған. «Құдатғу біліг» дастанының сюжеттік бөлімі, негізінен, шығарманың бас қаһармандарының өзара әңгімесінен, сұрақ-жауаптарынан, олардың бір-біріне жазған хаттарынан тұрады.

Өз дәуірінің көкейтесті мәселелерін қоғамдық-әлеуметтік тұрғыдан терең түсінген ғұлама-ақынның «Құдатғу біліг» дастанында көтерген ең басты мәселелердің бірі — ел басқару мәселесі. Елді, мемелекетті қалай басқару керек? Ел басқаратын адамда қандай қасиеттері болуы шарт. Міне, автор осы сауалдарға өз заманының оқыған, көзі ашық, ойшыл азаматы ретінде жауап береді, «Құдатғу біліг» дастаны Қарахан әулеті үстемдік жүргізген орта ғасырдағы аса маңызды қоғамдық-саяси мәселелерге арналған. Жүсіп Баласағұни мемелекет пен патша, әкімдер мен қарапайым халық, патша сарайының қызметкерлері, олардың құқығы мен міндеттері, әкімдер мен қалың бұқара арасындағы қарым-қатынас туралы оқырманға ой салады. Ақын ел басқарған патшадан бастап, аспазға дейінгі барлық хан сарайы қызметкерлерінің түр-сипаты, мінез-құлқы, ақыл-парасаты, міндеттері, жауапкершілігі қандай болу керектігін жеке-жеке баяндап шығады. Автор әңгімені әмірші-патшаның өзінен бастайды. Ел-жұртты басқаратын адам – ақыл парасаты ұшан-теңіз, ниеті түзу, сөзі шырын, өнер мен білімге жетік, қолы ашық, пейілі кең, кек сақтамайтын болуы шарт. Білім мен өнерден құр алақан жандар әділ билік жүргізе алмайтынын айтады. Жүсіп Баласағұни ел басқарған әкімдерді сол кезде хан сарайында кең тараған жаман қылықтардан сақтандырады. Алайда ел басқарған адам қанша зерек, қанша іскер болса да күллі мемлекетті, барша істі жалғыз өзі ойдағыдай басқара алмайды. Мемлекеттің күш-қуатын нығайтып, ұлыстар мен кенттерді гүлдендіре түсу үшін, әкімшілік нығайып, ел дәулеті еселеп артуы үшін патшаға істің көзін білетін адал, білімді көмекшілер керек. Ақын мұндай көмекшілердің бірі - әміршінің кеңесшісі, оның көрер көзі, есітер құлағы саналатын адамы, елдегі барлық істі қадағалап отыратын уәзірі, ал екіншісі – ләшкербасы дейді. Жүсіп Баласағұни уәзір мен ләшкербасының міндеттері, ел басқарудағы олардың атқаратын рөлі мен қоғамдағы орны туралы айта келіп, уәзір мен ләшкербасын бір аттың басына салынған жалғыз шылбырдың екі жақ тізгініне ұқсатады. Бұлардың бірі елді қалам-қағазбен басқарса, екіншісі қылышпен жөнсіздерді жөнге салады. Ақын уәзір мен ләшкербасы қандай адамдар болу керектігін сипаттап береді. Сондай-ақ, ақын есік ағасы (патша сарайында болатын түрлі ресми салтанаттарда басқарушы адам), йалауач (елші), саркотиб (кеңсе қағаздарын жазатын адам), жұлдызшы (астролог-астроном), ағыны (қазына ісін басқарушы), ханса (аспаз), ізгі баши (шекер-шәрбәт жасаушы), тағы басқаларға қажетті игі қасиеттерді егжей-тегжейлі сипаттап жазады [13].

«Құдатғу біліг» дастанында ақын «елдің өнімдерге» қоятын және «әкімдердің елге» қоятын талаптарын ашып айтқан.

«Құдатғу біліг» дастанының авторы кедейлер, аш жалаңаштар, жетім-жесірлер, кемтар жандар туралы айта келіп, ел билеген әкімдерді шапағатты, мейірімді, жомарт, ынсапты болуға, мал-дүниесін мұқтаж жандарға үлестіріп беруге үндейді. Ақын ғалымдарды мадақтай келіп, олардың орны әрқашанда төрде болу керек дейді. Ал, енді жоғары қызметке ие болып жүрген білімсіз, надан жандардың төрден алған орнының өзі босаға секілденіп қалатынын ескертеді. Жүсіп Баласағұни оқыған, парасатты, көзі ашық адамдар, ғалымдар ел басқару ісінде, ел-жұрттың талап-тілектерін жүзуге асыруда патшаларға, түрлі дәрежедегі әкімдерге, бектерге ұдайы ақыл-кеңес беріп кемектесіп отыруы керек деп түсінеді. Ақын ел билеушілерді білімді адамдардың ақыл-кеңесін тыңдап, соған сәйкес елге билік жүргізуге шақырады. Дастанда мынадай ойпікір бар: патша ел-жұртын қылыштың күшімен, қатал тәртіппен басқарып отырады, ал ғалымдар — қалың бұқараны ақыл-парасатымен басқаруы керек. Ақын адам бойындағы жаман касиеттердің бәрі, атап айтқанда, зұлымдық пен қатыгездік, сараңдық, опасыздықты, т.б. бәрі түптеп келгенде білімсіздіктен, надандықтан туындайды деп есептейді. Ақын өзінің дидактикалық сарында жазылған шығармасында мораль, этика, әдептілік, тәлім-тәрбие туралы өсиет-ғибрат сөздер айтады. Қоғамдағы адамдардың өзара қарым-қатынасы, сөйлесуі, сыйласуы, әсіресе, тіл әдептілігі егжей-тегжейлі сөз болады. Ақын маскүнемдікті, жалқаулықты, әдепсіздікті, дөрекілікті, т.б. жаман мінез-құлықтарды елтіре сынайды. Шығармада жақсылық пен жамандық, әдептілік пен дөрекілік, шындық пен өтірік, т.б. өзара қарама-қарсы қойылған. Сол арқылы автор айтар ойын тереңдете түседі [14].

«Құдатғу біліг» дастанында автор ерекше мән беріп, зор шабытпен жазылған аса маңызды мәселелердің бірі — адамдардың бірін-бірі құрметтеуі, ізет көрсетуі, сыйлауы болып табылады. Атап айтқанда, мұнда жастардың қарттарға, қариялардың жастарға, әкімдердің өз қол астындағы қызметшілеріне, жалшылардың өз қожаларына, балалардың өз әке-шешесіне, ата-ананың өз перзенттеріне деген ізгі құрметі қандай болу керек деген сауалға жауап берілген, Жақсы мінез-құлық, әдептілік, кішіпейілділік ең алдымен , адамның тәлім-тәрбиесіне байланысты деп түйеді. Сондықтан жас нәресте өмірге келісімен-ақ оны тиісінше тәрбиелей бастау — әке-шешенің қасиетті борышы екенін айтады. Ақын, әсіресе, жастарды өркөкірек, тәкаппар, қуыс кеуде болудан көбірек сақтандырды. Кішіпейілділік — үлкенге де, кішіге де бірден жарасатын қымбат қасиет екенін ескертеді. Жүсіп Баласағұни әдептіліктің сан түрін жырлай келіп, солардың ішінде ең бастысы — тіл әделтілігі деген қорытынды жасайды. Дастанның бір тарауы, дәлірек айтсақ, жетінші тарауы түгелдей осы мәселеге — тіл әдептілігіне, яғни мәнерлі, мәнді сөйлей білу өнеріне арналған. Автор оқушысын абайлап, ойланып-толғанып барып сөйлеуге, тілге сақ болуға шақырады. Қысқаша әрі мазмұнды сөйлей білу — әдептіліктің басы деген пікір айтады.

Сонымен бірге, дастанда, әсіресе, мал бағумен айналысатын ру-тайпалардың күнделікті тұрмыс тіршілігіне қатысты афоризмдер, бейнелі сөздер, теңеулер, бейнелер көп ұшырайды. Мінез-құлқы әр түрлі адамдардың бейнесін жасау кезінде ақын қой, касқыр, сұңқар, жылқы секілді жан-жануарларды, жайлаулар мен шөлдерді кебірек ауызға алады. «Құтты білік» дастаны аруздың ықшамдалған мутакариб деп аталатын өлшем түрімен жазылған. Орта ғасырдың аса көрнекті ақыны, ғажайып сөз зергері, энциклопедист-ғалымы, көрнекті мемлекет қайраткері Жүсіп Хас Хажиб Баласағұнидің «Құтты білік» дастанының әдеби, тарихи, ғылыми мәні ерекше зор.


2.2. Араб халифатының Дешті қыпшаққа қатысты жүргізген дипломатиясы

Араб халифатының Дешті қыпшаққа қатысты жүргізген дипломатиясы туралы мәліметтер араб жазбаларында көптеп кездеседі.

Араб тіліндегі Қазақстан туралы жазбалар — 8-15 ғасырлардағы Қазақстан жерін мекендеген халықтар мен тайпалардың тарихын, әсіресе, Шыңғыс хан шапқыншылығы кезеңін зерттеуге қажетті деректемелері мол араб тіліндегі тарихи-географиялық әдебиет. Араб халифаты заманында арабтардың шығысты жаулап алып, мұсылман синкретик, мәдениеті мен ислам дінін таратып, мұсылман дүниесінен шалғайдағы кейбір аймақтармен сауда қатынасын дамытуының нәтижесінде көрші және алыс елдерден жан-жақты мәліметтер жиналды. Орта ғасырлардағы араб тарихнамасында Қазақстан аймағының ерекше орын алуын, біріншіден, арабтардың Орта Азиядағы жаулап алған жерлеріне билігін нығайтуға, екіншіден, қазақ даласын мекендеген көшпелі жауынгер тайпалардың шабуылынан сақтануға тырысқан әрекеттерімен түсіндіруге болады.

Қазақстан халықтары туралы ертеректегі деректер араб тіліндегі классикалық тарихи шығармалардан белгілі. 9 ғасырда өмір сүрген әл-Белазуридің «Китаб футух әл-бұлдан» («Жорық кітабы»), әт-Табаридің «Тарих әр-русул уә-л-мулук» («Пайғамбарлар мен патшалар тарихы») атты шығармаларында 7-8 ғасырлардағы арабтардың Орта Азия мен Оңтүстік Қазақстанның кейбір аймақтарына жасаған жорықтары айтылады. әт-Табаридің замандасы, бағдаттық әл-Жаһиздың (9 ғ.) «Манақиб әл-атрак» («Түркілердің лайықты қасиеттері») кітабында Қазақстандағы көшпелі түркі тайпаларының этнологиясы жөнінде тұңғыш мәліметтер берілген, Аббас әулеті халифтары ұландарының қатарындағы түрік сарбаздары жайлы, араб қалалары тұрғындарын таңдаңдыратын түркілердің жауынгерлігі, олардың әдет-ғұрпы туралы баяндалған. Тамим ибн Бахр 9 ғасырдың 1-жартысында Ертіс бойындағы (Солтүстік Шығыс Қазақстан) қимақтар елі арқылы тоғыз-оғыз қағанының астанасын басып өтіп, Шығыс Түркістанға саяхат жасады. Тамим ибн Бахр қимақтардың мекен-жайы, шаруашылығы жайында мәлімет бере отырып, Тараз қаласынан қимақ патшасының сарайына дейінгі көрген-білгені жайлы әңгімелейді. Қазақстан жерін мекендеген тайпалар туралы деректер 9 ғасырдағы араб тілінде жазылған географиялық шығармаларда да ұшырасады. Мұндай ерте кезден сақталған еңбекке почта мен тыңшы қызметінің бастығы Ибн Хордадбектің «Китаб әл-масалик уә-л-мамалик» («Жолдар мен мемлекеттер туралы кітап») атты әкімшілік-географиялық анықтама еңбегі жатады. Онда Оңтүстік Қазақстан мен Жетісуды басып өтетін Ұлы Жібек жолы, оның бойындағы қалалар мен қоныстар жайлы айтылып, түрлі елді мекендердің ара қашықтығы көрсетілген. Ибн Хордадбек, көбінесе, халифаттың ерте кездегі байланыс қызметі архивіне сүйенген. Тарихшы-географ әл-Йақубидің (9 ғ.) «Китаб әл-бұлдан» («Елдер кітабы») атты географиялық шығармасында Қазақстан түркілері жайындағы тарихи этнографиялық кең ауқымды материал қамтылған. Бұл еңбекте түркілер туралы деректер анағұрлым нақты берілген. Әсіресе, оғыз, қарлұқ, қимақ, қырғыз, тоғыз-оғыз тайпаларының бірлестіктері туралы мәліметтері аса маңызды [15].



Араб географы, филолог Құдама ибн Джафар (10 ғ.) «Китаб әл-харадж уә сан ат әл-китаба» («Харадж және хатшылық өнер жайлы кітап») деген ресми құжаттар мол пайдаланылған географиялық-әкімшілік шығармасында халифаттың әкімшілік беліктері, ірі қалалары, таулары, өзен-көлдері және жеті климат (ықылым) туралы деректер береді. Мұнда аймақтардағы жол қатынасы, жер жағдайы, алым-салық мәселесі туралы айтылады. Шығармада көршілес мұсылман елдері жөнінде мағлұмат беріліп, онда қарлұқ, қимақ, оғыз тайпалары, Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу шебіндегі жол қатынасы, қалалар мен елді мекендер, олардың ара қашықтығы жөнінде нақты мәліметтер жинақталған.

Араб географы Ибн әл-Факих (9 ғасырдың соңы – 10 ғасыдың басы) «Китаб ахбар әл-бұлдан» («Елдер туралы әңгіме кітабы», 903 ж.) атты тарихи шығармасында, көбінесе, өзіне дейінгі авторлардың (әл-Жаһид, Ибн Хордадбех, әл-Жейхани) мәліметтеріне сүйенеді. Шығармада Азия мен Батыс Еуропа елдері туралы тарихи-географиялық материалдар мол. Түркі тайпалары (қарлұқ, қимақ, қыпшақ, оғыз, тоғыз-оғыз, т.б.) жайлы, олардың орналасуы, шаруашылық және мәдени өмірі, елдер, қалалар, сауда жолдары туралы деректері аса құнды. 10 ғасырдың басында Ибн әл-Факихпен бір мезгілде Ибн Русте көп томдық энциклопедиялық шығарма жазды. Бұл еңбектің аймақтардың тарихи-географиялық сипаттамасы жазылған бір ғана томы сақталған. Ибн Рустенің түрлі саяхатшылар мен географтардың шығармаларының негізінде түркі тілдес тайпалар туралы жазған «Китаб әл-алақ ән-насифа» («Қымбат алқа туралы кітап») атгы еңбегінің түркі халықтары тарихы үшін үлкен маңызы бар. 10 ғ. — араб географиялық әдебиетінің кемеңденген кезі. Бұл дәуірдегі арабтың көрнекті географ-саяхатшысы ирандық әл-Истахридің (10 ғ.) «Китаб масалик уә-л-мамалик» («Жолдар мен мемлекеттер туралы кітап») атты еңбегі әл-Балхидің бізге жетпеген география шығармасының өңделген және толықтырылған нұсқасы болып табылады. Кітапта Парсы т., Мағриб, Египет, Сирия, Румдар т., Ирак, Үндістан, Хазар т., Армения мен Әзербайжан, Хорасан мен Мауераннахрға география сипаттама берілген. Бұл елдердің әрқайсысының шекарасы, қалалары, бір-бірінен қашықтығы, қатынас жолдары туралы дерек келтіріліп, азық-түлік, сауда-саттық, қолөнері жөнінде егжей-тегжейлі жазылады. Сонымен қатар шығармада Шығыс Еуропа жайында, соның ішінде хазарлар, бұртастар, бұлғарлар жайында, бүгінгі Қазақстан жерін мекендеген түркі тайпалары: оғыздар, қимақтар, қарлұқтар туралы маңызды мәліметтер бар. Түркі тайпаларының орналасқан жерлері белгіленген «Дүние жүзінің картасы» берілген. әл-Истахридің еңбегін 10 ғасырдың соңыңда ибн Хаукал толықтырып, «Китаб әл-масалик уә-л-ма-малик» («Жолдар мен мемлекеттер туралы кітап») деп атады. Оның жазбасына қарағанда олар бір тілде сөйлеген. әл-Истахри мен Ибн Хау-кал еңбектерінің маңызды бөлігі «Сурат әл-ард» («Жер беті») деп аталатын географиялық карта болып табылады. 10 ғ-да Қазақстан жері арқылы арабтың 2 саяхатшысы, Ибн Фадлан мен Әбу Дулаф сапар шеккен. Ибн Фадланның «Рисала» («Жазба») еңбегінде араб халифатының астанасынан Еділ бұлғарларына барған елшіліктің сапары жазылған. Елшіліктің мақсаты хазарларға қарсы араб-бұлғар одағын құру, әрі бұлғарлар арасына ислам дінін орнықтыра түсу еді. Елшілік Бағдадтан 921 ж. маусымда шьнъш, 922 ж. мамыр айында бұлғарларға жетеді. Бұлар Хамадан, Рей, Нишапур, Мерв, Бұхара, одан Хорезм, Үстірт, Жайық арқылы Еділ бойына келді. Мұнда орыстар мен хазарлардың әлеумет және рухани өмірінен, Қазақстанның бүгінгі батыс облыстарын мекен еткен көшпелі түркі тайпалары: пешенек, башқұрт, әсіресе, оғыздардың этнографиялық, шаруашылық, тарихи-географиялық жағдайынан маңызды деректер келтірілген [16]. Ибн Фадлан 942 ж. Қытай мен Үндістанға жасаған саяхаты жайындағы сапарнамасын 2 «Рисалаға» («Жазба») жинақтады. Онда оғыздардың, қимақтардың, қарлұқтар мен жікілдердің шаруашылығы, діні мен тұрмыс жағдайы туралы деректер берілген. Жазбада автор көргенінен гөрі естігенін көп әңгімелейді. Бағдат қаласында туған араб тарихшысы әрі географы әл-Масудидің (10 ғ.) шығармасы құнды тарихи деректеме болып табылады. Ол Үндістаннан Атлант мұхитына дейінгі, Қызыл теңізден Каспий теңізіне дейінгі аралықтағы елдерге саяхат жасап, ондағы түрлі қауым өкілдерімен араласып, дидарласу арқылы дүниетанымын кеңейтті. «Ахбар әз-заман» («Дәуір тарихы») атты 30 томдық тарихи-география энциклопедиядан қысқа ғана үзінділер сақталған. Оның тарихи шығармаларынан «Мурудж әз-захаб уә ма'адин әл-жауахир» («Алтын шайқайтын және жарқырауық тастар алынатын кен орны») атты еңбегі ықшамдалған, ал «Китаб әттанбих уә-л-ишираф» («Ғибрат және қайыра қарастыру кітабы») атты география шығармасы толық күйінде жетті. әл-Масудидің еңбектерінде түркі тайпалары қимақтар, оғыздар, қарлұқтар, барисхандар, тоғыз оғыздар, хазарлар туралы құнды тарихи-этнография деректер және ерте орта ғасырлардағы Қазақстанның тарихи географиясы жайында бағалы мәліметтер берілген. Сонымен қатар Батыс Қазақстандағы 9 ғасырдың 2-жартысындағы тарихи оқиғаларға қысқаша тоқталады [17].

әл-Макдиси (10 ғ.) шығармаларының ішінде онын өзі куә болған оқиғаларға негізделген тарихи-география еңбегі маңызды орын алады. «Ахсан әт-тақасим фи марифат әл-ақалим» (986 ж.), («Аймақтар жөнінде мағлұмат беретін таңдаулы тарау») атты шығармасы елдер мен аймақтарды араб әдебиетінде толық та, жүйелі түрде сипаттайтын еңбек. Онда Орта Азия мен Оңтүстік Қазақстан, оңдағы халықгардың тайпалық құрамы, қалалары мен елді мекендері, сауда жолдары, сауда-саттық заттары, шаруашылығы мен діни көзқарастары, тілі, әдет-ғұрып жайында маңызды деректер келтірілген. Қазақстанның түркі тілдес тайпалары туралы мағлұмат араб-испан географы Исхақ ибн әл-Хұсайынның (11 ғ.) «Китаб акам әл-маржан фи сихр әл-мадаин әл-машһүр фи кулл макан» («Дүние жүзінің әйгілі қалаларын сипаттайтын маржан қазына») деп аталатын Андалусияда жазылған еңбегінде берілген. Оның түркілер жайындағы деректемелері Гардизи (11 ғ.), әл-Бируни (11 ғ.) және әл-Маруазидін (12 ғ.) анықтамаларына сәйкес келеді. Кітапта түркі халықтары, әсіресе, қимақтар жайлы этнография және тарихи-география маңызды мағлұматтар бар. Қазақстанның орта ғасырдағы бағалы деректемесі ретінде әл-Маруазидің (12 ғ.) «Табаи әл-хайуан» («Жануарлардың табиғи қасиеттері») шығармасын атауға болады. әл-Маруази салжұқ әулетіне жататын Мәлік шаһ (1072-92) пен оның мұрагерлері тұсында [Санжар билігіне (1118-57) дейін] сарай дәрігері болған. Оның шығармасында бірқатар деректемелерге, соның ішінде, әл-Жейханидің (9 ғ.) еңбегіне сілтеме жасалды. Онда түркі халықтары туралы соны этнография деректер бар. Әсіресе, 9 ғасырдың басында қимақ, қыпшақ, оғыз тайпаларының қоныстануына едәуір ықпал еткен халықтардың қоныс аударуы туралы бағады мәлімет араб ғалымы әл-Идрксидің (12 ғ.) «Нұзхат әл-мұштақ фи-ихтирақ әл-араф» («Аймақтарға сапар шегіп, шаршап-шалдыққан жанның ермегі») атты ірі география еңбегінде көрсетілген. әл-Идриси Сеутте туып, Кардовода оқыған. Жас кезінен көп саяхат жасап, Лиссабонда, Англияда, Францияда, Мароккода, Кіші Азияда болған. Автор география шығармаларының бірін Сицилия королі Роджер 2-ге (1098 - 1154) арнаған. Онда Еуропа, Азия мен Африка елдері туралы егжей-тегжейлі жазылған. Шығыс Еуропа, Кавказ, Орта Азия мен Қазақстанды мекендеген халықтар туралы этнография және тарихи-география сипатта жазылған маңызды деректер келтірілген. Орта ғасырдағы Қазақстан жерін мекендеген қимақ, қыпшақ, оғыз, қарлұқ, түргеш, азкиш сияқты түркі тайпаларының орналасуы, шаруашылығы, қалалары, сауда-қатынас жолдары, қолөнері сөз болады. Автордың кейбір мәліметтері бізге жетпеген жазба деректерден алынған. Солардың ішінде Шығыс Қазақстан даласынан шыққан, қимақ патшасы Жанақ ибн Хакан әл-Қимакддің (10-11 ғ-лар) шығармасы бар. әл-Идриси еңбегіндегі «Сурат әл-ард» («Жер беті») атты географиялық картада кеңінен көрсетілген география және экономика объектілер шығарманың деректемелік құнын арттыра түседі. 13 ғ-дан бастап араб тілінде жазған ортағасырлық авторлар өз заманында өтіп жатқан оқиғалардан гөрі, өткен дәуірдегі тарихшы-географтардың еңбектерінен үзінділер келтіре жазуды мақсат ете отырып, біздерге жетпеген бірқатар шығармалардан бағалы деректер келтіреді. Әл-Идрисидің ізін қуушы араб географы Ибн Саидтың (13 ғ.) «Жеті аймақ туралы» шығармасы өзіне дейінгі деректемелерге сүйене жазылғанымен, Қазақстан мен Еділ бойының, Орта Азияның 13 ғасырдың ортасына дейінгі тарихи географиясын зерттеуде өз орны бар. Сондай-ақ, қимақтар, олардың татарлармен қарым-қатынасы туралы қызықты деректер берілген. Осы тектес деректемеге тарихшы-географ Закария әл-Қазуи-идің де (13 ғ.) еңбектері жатады. Ол бірімен бірі сабақтас 2 тарихи-география шығармаларымен танымал. Оның алғашқысы «Аджаиб әлмах-луқат» («Жаратылыс ғажаптары»), 2-сі «Асар әл-билад» («Қалалар ескерткіші») деп аталады. Бұл туындыларда түрлі аспан шырақтары, жердің жеті белдеуі (ықылым), мұхиттар, өзен-көлдер, жан-жануарлар дүниесі туралы мәліметтер, 9-10 ғасырларда бүгінгі Қазақстан жерін мекендеген түркі тілдес оғыз, қарлұқ, жікіл, қимақ тайпалары жөнінде тарихи-этнография деректер топтастырылған [18].

Сириялық әд-Димашқи «Нұхбат әд-дахр фи аджаиб әл-барр уә-л-бахр» («Құрлық пен теңіз таңғажайыптары жөнінде баяндайтын мерзімнен іріктеу») атты космографиялық үлкен еңбектің авторы. Оның шығармасы, көбінесе, араб авторларының 9-11 ғасырлардағы дәстүрлі шығармаларына негізделе жазылған. Дегенмен, түркі халықтары жөнінде, олардың орналасу жағдайы туралы тарихи-этнографиялық мағлұматтар берілген. Әсіресе автордың қыпшақтардың этникалық құрамы жайындағы мәліметі құнды дерек болып табылады. Сирия ғалымы Йақұттың (13 ғ.) «Муджам әл-бұлдан» («Елдердің тізімі») атты география анықтамасында моңғол басқыншылығы, моңғол әскерлерінің қыпшақ, алан, бұлғар және Саксин жерін басып өткендігі жайлы айтылады. Йақұттың замандасы әрі жақын танысы Ибн әл-Асир (13 ғ.) Арабстан, Сирия, Палестинаға саяхат жасады. 1188 ж. Салах әд-Диннің крест тағушыларға қарсы жорышна қатысты. Оның қаламынан бірқатар тарихи-библиография еңбектер және «әл-Кәмил фи-т-тарих» («Тарихтың толық жазбасы») атты ауқымды тарихи жылнама жарық көрді. Бұл шығармада моңғол жорығына дейінгі мұсылман дүниесінің тарихы баяндалады. Автор біздің дәуірімізге жетпеген құнды деректемелерді пайдаланған. Мұсылман әулеттері мен оған көрші орналасқан мемлекеттердің (Араб халифаты, Самани, Қарахан, Хорезмшах әулеттері, қарақытайлар, т.б.) саяси тарихы егжей-тегжейлі жазылған. Ежелгі түркілерге, қарлұқ, оғыз, қыпшақтарға қатысты саяси, этникалық, этнографиялық және мәдени сипаттағы мағлұматтардың маңызы зор. Ибн әл-Асирдің 1232 жылға дейінгі саяси оқиғаларды қамтитын тарихи еңбегінде Шыңғыс хан шапқыншылығы, оның зардаптары баяндалған. Ибн әл-Асирдің замандасы хорасандық тарихшы, Хорезмнің соңғы шаһы Жәлел әд-Диннің сарай хатшысы және өмірбаяншысы ән-Несауидің «Сират ас-сұлтан Жәлел әд-Дин Манкбурни» («Жәлел әд-Дин Манкбурни сұлтанның өмірі туралы») атты еңбегінде түркі тайпаларымен, соның ішінде қыпшақтармен тығыз байланыс жасаған Хорезмнің ішкі, сыртқы саясаты, Шыңғыс хан шапқыншылығы жайында құнды деректер келтіріледі. Шығармада Хорезм мен қыпшақ даласының достық қатынасы да, қарулы қақтығысы да баяндалады, қыпшақ қоғамының ішкі құрылысы, оның шаруашылығы, тұрмыс-жағдайы жайында мәліметтер бар. 14-15 ғасырларда мәмлүк (қыпшақ) әулеті билеген Египеттің Алтын Ордамен қарым-қатынасы жайында бірқатар тарихи шығармалар жазылды. Түркі әулеттері мен халықтары, елдері туралы тарихи география құнды деректері бар әкімшілік істерге қажетті энциклопедиялар жарық көрді. 13 ғ-да Египетте қыпшақтан шыққан әз-Захир Рукн әд-Дин Бейбарыс сұлтанның (1260-77) өмірбаянына арналған тарихи еңбек жазылды. Шығарманың авторы – сұлтанның хатшысы Абд әз-Заһир. Шығармада Алтын Ордамен қарым-қатынас, Қырымнан Итилге (Еділге) дейінгі жолдар сипаттамасы, сол кезде Дешті Қыпшақ тайпаларымен араласып кеткен Қырым тұрғындарының тайпалық құрамы жөнінде этнография мәліметтер беріліп, Алтын Ордадағы діни және идеологиялық жағдайлар туралы айтылады [19].



Көрнекті тарихшы ән-Нувейридің (14 ғ.) «Нихаят әл-араб фи фунун әл-адаб» («Араб пәндеріне қатысты тілек шегі») атты энциклопедиялық еңбегі 5 бөлімнен құралған. Тарихқа арналған соңғы бөлімі кітаптың жартысына жуық көлемін қамтиды. Тарих тарауы негізінен көшірме, ал түпнұсқасында соңғы жылдардағы яғни 1331 жылға дейінгі деректер қамтылған. Автор түркі халықтары туралы тарихи-этнография деректер келтіріп, «Қыпшақ еліне» қысқаша шолу жасайды, тайпаларының саны, ру тартысы жөнінде баяндайды. Өмірінің ұзақ жылдарын Мысырда (Египетте) өткізіп, ән-Насыр сұлтан (1347-51) тұсында мемлекеттңк хатшы міндетін атқарған дамаскілік әл-Омаридың «Масалик әл-әбсар фимамалик әл-әмсар» («Қалалар иеліктеріне көз жіберу жолдары») атты энциклопедиясының жеке томдарында Шығыс пен Батыс аралығындағы өзі білетін барлық мемлекеттер жайлы жазылған. Мұнда Шыңғыс хан шапқыншылығының Орта Азия мен Еділ бойына, Кавказға тигізген әсері, Дешті Қыпшақ жеріндегі қалалар мен сауда жолдары, қыпшақтардың орналасуы, әдет-ғұрыптары туралы әңгімелейді. Саяхатшы ибн Баттутаның (14 ғ.) еңбектері де осы дәуірге сай келеді. Ол Танжер (Мағриб) қаласында туып, сонда білім алып, қазылық қызмет атқарған. 25 жыл (1325 — 49) саяхатта болып, 150 мың шақырымнан аса жол жүрген. «Тухфат ән-нузар фи ғараиб әл-әмсар уә аджаиб әл-асфар» («Қалалардың таңқаларлық ғажайыптары мен саяхат тамашасына тамсанушыларға тарту») атты кітабында өзінің сапарлары жайында баяндайды. Түркі халықтарының тарихы үшін Алтын Орданың құрамындағы Қырымнан Еділ бойына дейін созылып жатқан Оңтүстік орыс даласы туралы жазғандары бағалы мәлімет. Астраханнан шыққан ибн Баттута Константинопольге соғып, одан Алтын Ордаға қайта оралып, Сарайдағы хан ордасында болады, Еділден өтіп Үстіртке, одан Хорезм, Бұхара, Ауғанстанға сапар шегеді. Еңбекте Қазақстан жері, қазіргі Ресейдің оңтүстігін мекендеген ортағасырлық қыпшақтардың шаруашылығы, тұрмысы, мәдениеті жайында ете бағалы дерек келтірілген. 4-15 ғасырдағы арабтың көрнекті тарихшыларының бірі ибн Халдун. Ол Тунисте ауқатты отбасында туған. 1382 ж. Египетке қоныс аударды. 14 ғасырдың басында Сирияда болып, соңғы жылдарын Каирде өткізді. «Китаб әл-ибар...» («Ғибрат пен тәлімдік тәрбие кітабы») деп аталатын еңбегі 3 кітаптан құралған. Оның 1-кітабының 1-бөлімінде немесе «Мұқаддимде» (Кіріспе) өзінің әлеуметтік, философиялық және саяси-экономикалық көзқарастары, қоғам мен мемлекеттің дамуын, адамдардың мәдени және шаруашылық өмірін қамти отырып, адамзат мәдениетіне қатысты пікірлері жазылды. 1-кітап ежелгі халықтардың тарихы мен автор заманындағы шығыс мұсылман мемлекеттері, оның ішінде Қарахан, Салжұқ, Хорезмшах, Мәмлүк мемлекеттері, Таяу Шығыс пен Орта Азияда билік жүргізген Шыңғыс хан әулеттерінің тарихын қамтиды. Ибн Халдунның еңбегінде түркі тайпаларының (оғыз, қимақ, қыпшақ) ерте ортағасырдағы тарихы жөнінде деректер мол. Египет тарихшыларының ішіндегі көрнектілері: Ибн әл-Фурат (14 ғ.), әл-Қалқашанди (14-15 ғасырдың басы), әл-Махризи (14-15 ғасырдың басы), Ибн Тагриберди (15 ғ.). Бұлардың еңбегінде Алтын Орда мен Египеттің қарым-қатынасы, түркі халықтары, әсіресе, қыпшақтар жөнінде қызықты деректер бар. Египет тарихшыларының ішінде ибн Арабшаһтың (15 ғ.) деректері ерекіде құнды. Дамаскіде туған, бірақ бала кезінде тұтқындалып, Самарқанға әкелінген ол Хорезм, Астрахан, Сарай, Қырым, Түркістанда болып, Дамаскіге қайтып оралады. Кейін Каирге қоныс аударып, калған өмірін сонда өткізеді. Ибн Арабшаһтың «Аджаиб әл-мақдур фи нәуаиб ахбар Тимур» («Темірдің тағдырын шешкен ғажайыптар») атты тарихи шығармасында Әмір Темірдің жорықтары, Алтын Орданың саяси тарихы және тарихи географиялық жағдайы Оңтүстік және Батыс Қазақстан жерін мекендеген халықтар мен тайпалардың тарихы, этнографиясы жайында деректер берілген [20].

Араб халифатының 8 ғасырда ислам дінін тарату мақсатында Орта Азия мен Қазақстан жеріне жасаған әскери қимылдары. 633 жылдан басталып, бір ғасырдан астам үздіксіз жүргізген жорықтарының нәтижесінде арабтар оңтүстікте Солтүстік Африкаға ие болды, батысында Францияның Бурбонне аймағына дейін, шығысында Синд (Үнді) өзеніне дейінгі жерлерді бағындырып алып империяға айналды. Қылыш пен Құранға қатар сүйенген арабтар солтүстікке де ұмтылып, Палестина, Сирия, Ирак, Иран, Ауғанстанды жаулап алып, 705 ж. Мауераннахр жеріне басып кірді. Атақты араб қолбасшысы Құтайба ибн Муслим 710-712 ж. Бұхара мен Самарқанды, 714 ж. Шаш (Ташкент) пен Фарабты алды. 751 ж. Талас аңғарында, Таразға жақын Атлах қаласының түбінде арабтар мен түркештер арасында зор шайқас болып өтті. Арабтар қарлұқтармен одақтасып, түркеш әскерін талқандады. Арабтардың әскери жеңістері Батыс түрік, соңынан Түркеш қағандықтарының ыдырауын тездеткен фактор болды. 770 ж. Қарлұқ қағандығы арабтардан жеңіліс тауып, Мұхаммед пайғамбарға бас иді. Араб жорықтарының солтүстікке қарай одан әрі өрістеуіне жауынгер түркі тайпалары қуатты тосқауыл болды. Арабтар шабуылын тоқтатып, қорғанысқа кешті. Талас шайқасы мен Мұқанна (ақ киімділер) қарсылық қозғалысы (776-780) басылғаңнан кейін арабтардың Орталық Азияға ықпалы, негізінен, бейбіт сипат алды. Арабтардың Орта Азия халықтарын ислам дініне енгізуі, негізінен, 8-10 ғасырлар аумағында жүргізілсе, Қазақстан жерінің мұсылман дініне ену үрдісі көп уақытқа созылды. Арабтар үстемдігі халифат құрамына енген Оңтүстік Қазақстан мен Жетісудың жекелеген аймақтарында ғана орнады. Сондықтан исламдану оңтүстік аймақтарда айқын қарқын алғанымен, Қазақстанның қалған бөлігінде өте баяу жүрді. 10 ғасырда араб жиһанкезі Ибн Хаукал: «Тараздан әрі қарай бірде-бір мұсылманды көрмегенін» жазды. Көшпелі тайпалар, әсіресе, кейін қазақ жұртын құрағандар, соғыс даласында жеңілгенімен, өздерінің төл діни-нанымдарын, Тәңірге сенімін, күнге, отқа, пұтқа табынушылығын, ғұрып-салттарын сақтап қалды немесе ислам рәсімдерімен қатар қолданды.

Орталық Азияда исламның орнығуы Мұхаммед пайғамбардың 4 серігі — Әбу Бәкір, Омар, Осман, Әли (Әзірет Әлі) сахабаларының әскери жорықтарымен бірге осы аталған 4 әулие-халифалардың тікелей ұрпақтары — қожалардың діни насихат қызметімен де байланысты болды. Уақыт өте қожалар халық құрмет тұтатын тұлғаларға айналды. Діни уағызды шейхтар, кезбе дәруіштер, сопы-пірадарлар да жүргізді. Арабтардың әсерімен жергілікті елдің өз арасынан да діндар адамдар мен дінбасылар (молда, имам, ишан, қазы, қазірет, әулие, такуа-дуаналар, т.б.) көптеп шықты. Арабтар Орталық Азияның экономикалық өміріне үлкен өзгерістер әкелді. Олардың араласуымен қала мәдениеті өркендеді, халықаралық сауда жедел дамыды, Ұлы Жібек жолындағы қатынас жанданды. 8 ғасырдан бастап Орта Азия мен Қазақстанның оңтүстігінде мұсылмандардың қамал-бекіністері — рибаттар (рабаттар) салынды. Бұл қамалдардың бір бөлігі кейін ірі қалаларға айналды. Қала тұрғындары арасында ислам дінін қабылдағандардың көбеюіне байланысты Аллаға құлшылық ететін арнайы орындар — мешіттер мен ханакалар салына бастады. Мешіттер рухани орталықтар қызметін атқарды. Кейін мешіттер жанынан арабша сауат ашатын медреселер ашылды. Біртіндеп көне түркі жазуының орнын араб жазуы басты. Түркілер лексикасына араб сөздері кеңінен ене бастады. Хиджра жыл санауы енгізілді. Тұрмысқа жаңа діни мейрамдар қосылды. Қайтыс болған адамдарды мұсылманша жерлеу дәстүрі орныға бастады. Қазақ сахарасында Шығыстың «Мың бір түн» сынды классикалық туындылары, исламды дәріптейтін Нұх пайғамбар, Құран хикаялары, діни аңыздар, «Сал-сал», «Зарқұм», «Жүсіп-Зілиха», т.б. дастандары кеңінен тарады. Қазақ даласына исламмен ілесіп дүниені жаңаша тануға бағытталған ғылым мен білім келді. Арабтар Қазақстанға шығыстың озық мәдениеті мен өнерін әкелді. Қазақ жерінде Әбу Наср әл-Фараби сынды әлемдік өркениетке өзіндік үлес қосқан ғұламалар өсіп шықгы. Ислам басты дінге айналып, оның қағидаларын орындаушылардың қатары көбейді. Мұсылмандардың қасиетті кітабы — Құранды құрметтеуге үйретіп, бір Аллаға бой ұсындырған жаңа дін түркі тілді жұрттардың туысқандық бірлігін нығайта түсті. Кейін ислам діні түркі халықтарын жаппай орыстандыру әрекетіне қалқан болды. Орталық Азияның арабтар арқылы ислам өрісіне тартылуы түркі жұртының әлеуметтік-экономикалық, саяси және мәдени даму үрдісін жеделдеткен фактор болды.

Дешті қыпшақ, Қыпшақ даласы — 11-16 ғасырларда қолданылған тарихигеографиялық ұғым. Ол алғаш парсы ақыны Насир-и Хусраудың дастанында (1030) аталады. Одан бұрын Дешті Хазар, Оғыз даласы аталған. Огыздардан тараған Қышпақ ұлысының қимақ саяси-әлеуметтік қауым құрып, байтақ мәдени із қалдырған өлкесі. 15 ғасырдың 2-жартысынан бастап қыпшақтардың негізгі мүрагері және ұрпағы болған қазақ халқының байтақ мекені Дешті Қыпшақ кейін «Қазақ даласы», «Қазақ сахарасы» деген атпен белгілі болды. Бұл өңірде 11 ғасырдың басында қыпшақтардың саяси жағынан күшеюіне байланысты этнография өзгерістер болды. Соның нәтижесінде 10 ғасырда емір сұрген географтар (Истахри, Ибн әл-Хаукаль) Оғыздар даласы (Мафаззат әл-гузз) деп атаған ұлан-байтақ жер енді Дешті Қыпшақ атымен белгілі бола бастады. Дешті Қыпшақ «Оғыздар даласы» алып жатқан жерден де кең аймақты қамтыды. 11 ғасырдың 1-ширегінде қыпшақтар Сырдария бойындағы жабгулар мемлекетіне күйрете соққы берді. Сонымен қатар Ертісті мекендеген Қимақ мемлекетінің жері де қыпшақтардың билігіне тиді. 11 ғасырдың ортасында қыпшақтар Еділдің оң жақ бетіне өтіп, орыс жылнамаларында (1054) половцы деген атпен белгілі бола бастады. Ал Батыс Еуропа мен Византия шежірелерінде куман немесе коман деп аталады. Орыс жылнамаларында «Қыпшақ даласы» деп шығыста Еділге, ал батыста Днепрге дейін созылып жатқан жерлерді атаған. Ал іс жүзінде қыпшақтар қонысы Карпат тауларының орманды бөктерлеріне дейін жеткені тарихи деректерден мөлім. 11 ғасырдың аяғында қыпшақтар Византияның Дунайдағы шөптеріне ілігіп, 12 ғасырдың орта шенінде олар Дунайдан әрі батыстағы жерлерді түпкілікті қоныстанған. Сонымен қатар қыпшақтар Қырымның далалық бөлігін, одан әрі шығыста Еділдің құяр саласы мен Саксин төңірегін де мекендеген. Олардың саксин тобы деп аталған ерекше тобы, орыс далаларын қоныстаған қыпшақтардың бірнеше топтары кездеседі. Дешті Қыпшақтыңтың ұшықиырсыз кең жеріндегі саяси билік қыпшақтардың қолында болып, оларға көптеген экономикалық топтар бағынған. Қыпшақтардың осылай өз жерін ұлғайтуын олардың батысқа қарай жаппай қоныс аударуы деп түсінуге болмайды. Олар осы кең алқапты тегіс мекендеген. Қыпшақтардың Ертіс пен Дунай арасындағы ұланғайыр жерді мекендегеніне қарамастан, сол кездегі тарихи шығармаларда осы жердің жалпы «Қыпшақ даласы» екенін білдіретін бірыңғай анықтама берілмеген. Мәселен, орыс жылнамалары бұл ұғымды шығыста Еділге дейінгі жерлер үшін қолданса, ал мұсылман авторлары Еділден Ертіске дейінгі жерді Дешті Қыпшақ деп атаған. «Қыпшақ даласы» деген кен ұғым тек Шыңғыс хан шапқыншылығынан кейін жиі қолданыла бастады. Плано Карпини (1246) мен Рубрук (1253-55) саяхатынан кейін қыпшақ жерінің шын менісінде ұшы-қиырсыз екені белгілі бола бастады. Армян патшасы Гетум кыпшақтардың қонысы шығыста Хорезм патшалығы, одан әрі Ертіске дейін созылатынын айтып, таңдана жазған (1307).

11-12 ғасырларда Дешті Қыпшақтың бір бөлігі саналған Қазақстан жерінде қыпшақтардың бірнеше тәуелсіз иеліктері болған. Сол мезгілде қыпшақтардың Хорезм мемлекетімен тығыз қарым-қатынастары болды. Хорезм билеушілері өзінің солтүстігі мен шығыстағы шекараларына жақын орналасқан Дешті Қыпшақ тайпаларының күшеюінен қорқып әрі оларды жаулап алу мақсатымен қыпшақтардың бірігуіне бөгет жасауға тырысты. Бұл ретте олар әр түрлі айла-шара қолданып бақты. Кейбір қыпшақ тайпаларын хорезмшаһтар көшіп-қонатын жер беріп, өз жағына тартса, қарсы шыққандарын күшпен бағындырмақ болды. Осы кезде Дешті Қыпшақ Батыс және Шығыс иеліктер болып екіге бөлінді. Шығыс қыпшақ хандығы немесе Шығыс Дешті Қыпшақ иелігіне Алтай тауынан Еділге дейінгі жерлер қарады. Батыс қыпшақ саяси бірлестігі атанған Батыс Дешті Қыпшақ Еділден Дунайға дейінгі жерлерге иелік етті [21].

1215-16 ж. Хорезм шаһы Мұхаммед Арал теңізінің солтүстігін мекендейтін мұсылман дініне кірмеген қыпшақтарға қарсы жорыққа шықты. Осы жорық кезінде Хорезм әскерлері Кумак пен Жарлы өзендерінің (Солтүстік-Батыс Қазақстан) алабында қыпшақтарға қашып бара жатқан меркіттерді қуалаған Бату әскерлерімен бірінші рет ұрысқаны мәлім. Хорезмшаһтар шекараға жақын орналасқан қыпшақ тайпаларымен қатар, орталығы Сығанақта болған қыпшақтармен де толассыз шайқас жүргізіп отырған. Алып Қара Ұранның баласы Қыран (немесе Кадыр Буку хан) 12 ғасырдың аяғында Сығанақты билеп тұрған. Хорезм шаһы Мұхаммедтің анасы Туркан хатун Қадыр Буку ханның қызы болған. Қыпшақ билеушілерінің ала ауыздығын пайдаланған хорезмшаһтар 13 ғасырдың басында Сығанақ иеліктерін қол астына қаратты. Ал бұдан бұрын Маңғыстауды мекендеген языр тайпалары тобымен бірге көшіп-қонып жүрген қыпшақтар да Хорезмге тәуелділігін мойындаған болатын. Дегенмен, Хорезмнен алыста жайлаған қыпшақ тайпалары өз тәуелсіздігін сақтап қалды. Дешті Қыпшықты мекендеген тайпалардың Шыңғыс хан шапқыншылығына дейінгі шаруашылығы біркелкі болмады. Олар, негізінен, кешпелі мал шаруашылығымен айналысты. Сонымен қатар егін салып, сауда және қолөнер кәсібімен шұғылданды. Қолөнер мен сауда, есіресе, Ертіс, Орталық Қазақстан, Сырдария және Еділ бойларында орналаскан қалаларда едәуір өріс алды. Дешті Қыпшақ арқылы өтетін көптеген керуен жолдары Қырым мен Орта Азияны Алтай мен Оңтүстік Сібір және Русытен байланыстырып, осы аймақтарда сауда-саттықгың өркендеуіне ықпал етті. Дешті Қыпшақ тайпаларынын арасында ислам дінінің әсері айтарлықтай болмады. Олар, көбінесе, аруақ пен Тәңірге сиынып, шамандық ғұрыптарды ұсталды. Қыпшақ билеушілерінің өкімет билігі үшін өзара қырқысуы және Хорезм мемлекетінің іштей әлсіреуі Батудың Дешті Қыпшақты тез арада әрі оңай басып алуына бірден-бір себеп болды [22].

Батудың 1236-42 ж. әскери жорықтарының нәтижесінде ұлан-байтақ Дешті Қыпшақ пен оның маңындағы жерлерде үлкен мемлекет пайда болды. Ол Шығыс мәліметтерінде Жошы ұлысы, ал орыс жылнамаларында Алтын Орда деген атпен белгілі. Дегенмен, соңғы атаудың қалай шыққаны осы уақытқа дейін белгісіз болып келеді. Алтын Орданың құрамына солтүстік пен солтүстік-шығыста – орыс князьдіктері мен Бұлғар мемлекеті, оңтүстікте – Қырым мен оның жағалауындағы қалалар, Кавказдың Дербентке, ал кейде Бакуге дейінгі белігі кіретін. Солтүстік Хорезм мен Үргеніш қаласы осы Алтын Ордаға қарайтын. Оның батыстағы шекарасы Днестр өзенінен әрі қарай созылып жатса, Шығыста Батыс Сібір мен Сырдарияның төменгі сағасына дейін жетті. Шыңғыс хан әулетінің салтына сай Бату ұлыстарды өзінің аға-інілерінің үлесіне бөліп берді. Олар өзіне берілген жерлерді дербес басқарғанымен, Алтын Орда (астанасы Сарай) хандарына тәуелді болды. Дегенмен, олар уақыт озған сайын бұл тәуелділіктен құтылып, өзіне берілген жерлерді жеке-дара билей бастады. Соның нәтижесінде 14 ғасырдың өзінде- ақ Жошы ұлысының бірлігін сақтап қалу қиынға соқты. Алтын Орда хандарынан іргесін бөлу бағыты, әсіресе, Мүбәрөк Қожаның тұсында (1320-44) етек алды. Ол Сығанақта өз атынан ақша шығарып, Сарай хандарынан өзінің біржола теуелсіздігін жариялады. 14 ғасырдың орта шенінен бастап Алтын Орданың өз ішінде тақ үшін қырқыс көбейді. Ал 14 ғасырдың 60-жылдары Сарайда жылына үш-төрт хан ауысып отырды. Өкімет билігі үшін болған осындай талас-тартыстардың салдарынан бұрын күшті мемлекет болған Алтын Орда жеке-жеке иеліктерге бөлініп кетті. Оны қалпына келтіремін деушілердің бірі Тоқтамыс (1380-95) болды. Алайда елдің өндіргіш күштерінің қирауы, толассыз ұрыстар кезінде оның байлығының тоналуы әрі Әмір Темірдің бірнеше рет жасаған жорықтары салдарынан Алтын Орда күшті мемлекеттер санатынан шығып қалды. Өкімет билігі үшін күрес қайта жанданды. Бұл түста Едіге женіп шығып, Алтын Орданың іс жүзіндегі ханы болды. Едіге мен Қадірбердіден (1491 ж.ө.) соң Алтын Орда жеке мемлекет ретінде өмір сүруден қалып, бірнеше бөліктерге бөлінді. Оның орнында Астрахан, Қазан, Қырым хандықтары пайда болды. Ал Шығыс Дешті Қыпшақта «көшпелі өзбектер» мемлекеті орнады. 15 ғасырдың 2-жартысында «көшпелі өзбектер» мемлекетінің жерінде Қазақ хандығы орнады. Шығыс авторлары Алтын Орда деген атаудың баламасы ретінде қолданған Дешті Қыпшақ 16 ғасырдан бастап осы жерде құрылған хандықтардың өз атымен аталды [23].

Көшпелі мал шаруашылығы және осыған сәйкес көшпелі тұрмыс Алтын Орда мемлекетінің өмірінде елеулі рөл атқарды. Алтың Орда тек көшпелі емес, сонымен қатар жартылай отырықшы да мемлекет болды. Себебі оның құрамына енген Бұлғар, Қырым, Солт. Кавказ, Хорезмде егіншілік пен қолөнер кесібі едәуір дережеде дамыды. Егіншілікпен айналысқан халықтан қалан салығы алынатын да, көшпелілерден копчур салығы (олардың малының бір проценті есебінде) жиналатын. Қолөнер мен сауданың негізгі орталықтары болып саналған Кафа (Феодосия), Судак, Керчь, Азов, Үргеніш, Бұлғар, Биляр, т.б. қалалар Алтын Орда дәуіріне дейін-ақ белгілі болатын. Жаңа билеушілердің сауда-саттықты кеңейтуге бағытталған шаралары мен жеңілген елдерден қолөнер шеберлерінің көптеп әкелінуі Дешті Қыпшақта жаңа қалалардың пайда болуына және өркендеуіне себепші болды. Алтын Орда астанасы Сарай да осы кезде салынған. Мемлекет ішінде тыныштық орнап, сауда мен қоленердің өркендеуіне жағдай жасалған кезде бұл қалалар да гүлдене бастайтын. Ал өкімет билігі үшін қырқыс, талас-тартыс тұсында отырықшылық пен қала тіршілігінің дамуына мүмкіндік болмайтын. Әсіресе, Әмір Темір жорықтарынан соң Алтын Орда қалаларының көпшілігі қирап, талқандалды. Дешті қыпшақ қалалары сауда мен қолөнердің орталығы болумен бірге бұларда ислам діні де тарады. Бату шапқыншылығына дейін-ақ ене бастаған ислам діні Алтын Ордада Берке хан тұсында (1256-66) күшейе түсті. Ибн Халдунның айтуынша, ол өз иелігінде мешіттер мен медреселер салдырып, ғұлама ғалымдарды маңына жинаған. Алтын Орда халқының арасында ислам дінін одан әрі тарату ісі Өзбек хан дәуірінде (1312-42) біршама қолға алынды. Алтын Орда билеушілері исламды барынша кең уағыздауға тырысты. 14 ғ-да Жошы ұлысында әдеби түрік тілі қалыптасты, оның құрамында ежелгі қыпшақ және оғыз тілдерінің элементтері едәуір болды. Сондықтан да Алтын Ордамен сауда-сатгық жасаған венециялық көпестердің пайдалануы үшін қыпшақ сөздігі «Кодекс Куманикустың» шығарылуы да жайдан-жай емес. Итальян авторы Франческо Пеголотти өзінің «Сауда ісі» (Торговое дело) деген кітабында Алтын Ордаға баратын саудагерлерге өздерімен бірге қыпшақ тілін білетін аудармашы алып жүру кажеттігі туралы кеңес берген.



Жошы ұлысының этникалық құрамында Еділ бойы мен Қырымды бұрыннан мекендеген алаңдар, хазарлар, еврейлер де болатын. «Бахр әл-Асрардың» авторы Бату әскерлерінің құрамында арғын, оғыз, найман, бұйрақ, ойрат, қарлұқ, құсшы, үйсін, мың, қоңырат, керейіт, барлас тайпаларының болғанын айтады. Әбілғазының келтірген деректеріне қарағанда, Бату хан Шығыс Еуропаға жасаған жорығынан оралғаннан кейін інісі Орда Еженге жеке ұлыс беріп, байри, құсшы, найман, қарлұқ тайпаларын оның қол астына қаратқан. «Маджму ал-тауарихтың» авторы Ахсикенти Тоқтамыс ханға бас июге ризалық білдірген 32 тайпа туралы сөз еткенімен, олар қай тайпа екенін атап көрсетпейді. Алтын Орданы 15 ғ-да мекендеген тайпалардың құрылымы туралы мәліметтер біршама толығырақ. Дегенмен, олардың 14 ғ-дың соңғы кезеңінен бастап Өзбек ұлысы деп атала бастаған Шығыс Дешті қыпшаққа қатысы көбірек. Осы мәліметтерді қорыта айтқанда, Өзбек ұлысын мына төмендегі тайпалар мен рулар мекендеген: маңғыт, ішкімаңғыт, жалайыр, қоңырат, арғын, найман, қыпшақ, қалмақ, дүрман, үйсін, қият, керейіт, қарлұқ, құсшы, кенегес, барақ, құрлеуіт, ішкі масит, буркут, мекрит, тама, сулдуз, нукуз, тубай, шынбай, отаршы, сихиут, щункарлы, шадбаклы, шүбырған, каанбайлы, иджан, куйун (Құйын), барін, таймас, туман, жеті-мың, ұйғыр, татар, мажар, башқұрт, чат, аз, таңғұт, джуркун, өкірек найман, адгу, ішкі-байри, адлу-оғлы, т.б. Жоғарыда аталған тайпалар мен рулардың көпшілігі кейінірек Орта Азия мен Қазақстанда мекендеген халықтардың құрамына еніп, олардың этникалық негізі болды.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет