2.3 Қоғамдық сананы модернизациялау – бұл рухани жаңғыру
«Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында қоғамдық сананы жаңғыртудың нақты бағыттарын сипаттап берді. 2017 жыл - Қазақстанның экономикалық өсуінің жаңа үлгісін жасап, біздің жаһандық бәсекеге қабілеттілігімізді қамтамасыз ететін Үшінші жаңғыруды іске асыру қолға алынған жаңа дәуірдің басы болды. Жаңа конституциялық реформа ауқымды саяси жаңғырудың негізін қалап, Үшінші жаңғыруды іске асыруға арналған қоғамдық-саяси алғышарттарды қалыптастырды. Қоғамдық сананы жаңғырту жөніндегі Мемлекет басшысының идеясы бүгінгі таңда өте қажетті және орынды идея. Біз саяси ұлтты қалыптастыру жолындамыз. Әлемде алдыңғы қатардан табылу үшін біздің әрқайсымыз және баршамыз бірігіп өзіміздің санамызды, ой-өрісімізді өзгертіп, ескірген таптаурындықтардан арылуымыз керек. «Қазақстан - 2050» Стратегиясында Қазақстан Президенті «Дәстүр мен мәдениет - ұлттың генетикалық коды» деп көрсеткен. Жаңа тұғырнамада жаңғырудың басты шарты - өз мәдениетіңді, өзіңнің ұлттық кодыңды сақтау екені ерекше көрсетілген. Қоғамның рухани жаңғыруы озық дәстүрлер мен ұлттық-мәдени негіздерге арқа сүйеуі керек. Бұрынғы инновациялар бүгін дәстүрге айналды, бүгінгі инновациялар ертең дәстүрге айналады. Мұндай ұстаным халқымыздың өткенін, қазіргі күні мен болашағын жалғауға, ұлттық сананың әралуан полюстерін жақындатуға мүмкіндік береді. Елбасы қоғамды да, сондай-ақ әрбір азаматты да жаңғыртудың бірқатар негізгі бағыттарын ерекше бөліп көрсетіп отыр. Біріншіден, бұл - бәсекеге қабілеттілік, компьютерлік сауаттылық, шет тілдерді білу, мәдени ашықтық сияқты факторларға негізделген тың жаңалықтарды әлемге ұсыну қабілеті. Екіншіден, бұл - прагматизм. Ол бірқатар әдеттер мен таптаурындықтардан бас тартуды да, сонымен бірге ұлттың прагматикалық мінез-құлқы мен ұтымды ойлауын, ата-бабалар дағдыларының тарихи тәжірибесін де қамтиды. Үшіншіден, ұлттық бірегейлікті сақтау, ұлттық сана өзгерген кезде ұлттық «Мен»-нің ішкі мәйегін сақтау. Бүгінде, барлық жағымсыз нәрселерге дәстүр мен салт-сананы қарсы қоюға болады. Сонымен бірге, біз ұлттың дамуына кедергі келтіретін өткеннің сарқыншақтарынан арылуымыз керек.
Төртіншіден, білім салтанаты - ұлттың жетістігі. Алдағы технологиялық революция қазіргі жекелеген кәсіптердің жойылуына алып келген кезде, білім - қол жеткізер табыстың ең іргелі факторы болмақ.
Бесіншіден, тек қана эволюциялық даму біздің өркендеуімізге жол ашады, бұл жаңғыру идеологиясының қағидаты және Қазақстанның әрбір азаматының ішкі сенімі.
Алтыншыдан, сананың ашықтығы, аума-төкпе заманда қоғамның және әрбір адамның өзгеріске дайын болуы. Бұл көзқарастар қоғамдық сананың жаңғыруы үшін іргелі негіз болады. Мемлекет басшысы алдағы жылдарға арналған бірқатар нақты жобаларды айқындады. Алдымен, бұл - қазақ тілін жаһандық ақпарат және байланыс әлеміне жол ашатын латын әліпбиіне көшіру. Әлемдік ғылым мен технологиялардың, гуманитарлық білімнің соңғы жетістіктерін қамтитын 100 жаңа оқулық мемлекеттік тілге аударылып, басып шығарылады. «Туған жер» бағдарламасы кәсіпкерлердің, шенеуніктердің, зиялы қауым өкілдері мен жастардың өздерінің кіндік қаны тамған жеріне қамқорлық жасап, қолдау көрсетуіне, патриотизмді қалыптастыруға қолайлы мүмкіндік береді. «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы жалпыұлттық қасиетті орындарды және аса қастерлі жерлерді сақтауға, сондай-ақ елдегі туристік инфрақұрылымды дамытуға мүмкіндік береді.
«Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын іске асыру Қазақстанды өз шығармашылығы арқылы дүниежүзіне танытатын көптеген таланттарға жол ашады. «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы бүгінгі замандастарымыздың түрлі салалардағы жетістіктерін дәріптеуді қамтамасыз етеді және жастарды адамгершілікке тәрбиелеудің жарқын үлгісі болады. Бұл тапсырмалар мемлекеттің және азаматтық қоғамның барлық идеологиялық жұмысының орта мерзімді перспективадағы негізі болады. Елбасының «жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс - біздің дамуымыздың ең басты қағидасы» деген тезисі бүгінгі таңда өте өзекті.
Сананы жаңғырту біздің мақсаттарымыздың бірлігін, құндылықтарымыздың ортақтығын және қоғамдық келісімнің қуатын айшықтайды. Жаңа идеологиялық тұғырнама конституциялық реформаны, Үшінші жаңғырудың экономикалық өркендеуін толықтыра түседі және Қазақстанның ХХІ ғасырдағы табысты дамуының ділдік қозғаушы күші болып табылады. Қоғамдық сананың өзгеруі сынаптай сырғыған уақытта, жаңа сын-қатерлер заманында Қазақстанның дамуының негізі болатын тұрақтылықты, бірлікті, татулықты нығайтуға мүмкіндік береді. Біз, қазақстандықтарды жауапкершілікті мойынға алып, жаңа идеологиялық «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» тұғырнамасын іске асыруға белсене қатысуға шақырамыз! Біз, халқымыздың шығармашылық әлеуеті әрдайым асқан биік ұлттық рухтың, жеңіс рухының, кемелдікке, әлемдік өркениеттен лайықты орын алуға ұмтылудың жарқын көрінісі болатынына сенімдіміз! Алға, Қазақстан!», делінген үндеуде.