9. Қазіргі суперөркениеттердің белгілері мен динамикасына сипаттама беріңіз
Еуразиялық мәдени тип. Бұл типті негіздеуден бұрын, қазіргі кезде өтімді бір теория — С. Хантингтонның «Өркениеттер жанжалы» ілімінің бір қырын қарастырып өтейік. Бұл ілім бойынша әртүрлі суперөркениеттердің шекаралық аймағы тұрақсыздық пен жанжалдардың (конфликтердің) ықтимал ошақтары болып табылады. Ал Қазақстан өзінің геомәдени кеңістігі бойынша конфуцийлік және православиелік өркениеттердің ортасында орналасқан. Қазіргі Қазақстан Республикасын алып қарайық. Отаршылық және тоталитарлық мәдени құндылықтардың жалғандығы айқындалды және төл мәдениетті жаңғырту ниетіндегі заңды әрі түсінікті ұмтылыс қалыптаса бастады. Бірақ азаматтық қоғамның орнына жеті аталық үрдіске, рулық-тайпалық басқару жүйесіне, исламның орнына тәңіршілік пен шаманизмге қайтып келу, дүниежүзілік тарихты шежірешілдікпен ауыстыру және тағы басқалары осы архаизмнің көріністеріне жатады. Тағы бір мысал келтірейік. Әрине «жеті атасын білмейтін ұл жетесіз». Бірақ қазіргі ақпараттық әлемде, экрандық мәдениетте, өркениеттердің тоғысу заманында Бұл мәселе тәрбиелік-жадылық мағынаға ие болып, басқа өркениеттілік құндылықтарға орнын береді.
Қазіргі кезде өркениетті елдерде мәдени тұтастанудың төмендегідей жүйесі қалыптасқан: адам — отбасы — мәдени шағын топ — этномәдениет — үлкен өркениет — адамзат. Бұл жерде формалдық логикадағы ұғымның мазмұны мен кәлемінің кері қатынасы заңды әрекет етеді. Яғни, ең мағыналы мәдени тұлға адам болып табылады. Ұғымдардың көлемі кеңейе берген сайын комплиментарлықтың (басқаға деген жылылық) деңгейі де азайта түседі. Енді архаистік нұсқаны келтірейік: қауым мүшесі — ата баласы — ру — тайпа — жүз — ұлт. Ары қарай байланыстың ықтималдық дәрежесі төмен. Бұл жүйенің басқа адамдарды ассимиляциялау қабілеттілігі де жеткіліксіз. Түрік халықтарының тарихынан инкорпорациялық (қосып алу, сіндіру) деңгейі жоғары болған этностардың санының тез өскенін байқаймыз (түріктер, азербайжандар, өзбектер және тағы басқалары). Бұл да ескеретін жайт. Әсіресе дәстүршілдіктің көріністеріне қазақтың және әр жүздің ханын сайлау, шариғат пен қазылық салтты қалпына келтіру, батыстық киім үлгілеріне тежеу сияқты пікірлерді ұсыну жатады.
10. Қазақстандық мәдениеттегі инновациялар мен дәстүрлер арасындағы байланысты негіздеңіз.
Қазақстандағы қазіргі мәдени процестер көпқырлы және әр алуан. Оның астында қазіргі таңда дамып жатқан өнердің түрлері мен жанрын қоса алғанда, өзгерістердің, инновациялардың, білім берудің, ғылымның және мәдениеттің әртүрлі салалары мен аясын қамтитын түбегейлі қайта құрылудың кең көлемдегі спектрін түсінуге болады. Тарихи жағдайларды кешендендіру себебінде Қазақстан саяси этникалық қоғамы бар мемлекет болып табылады. Сондықтан бұл жердегі мәдени процесс өзіне ұлттық өзара іс-қимыл жасасумен және өзара ықпал етумен байланысты құбылыстарды таңдайды. Қазақстанда, оның аумағында орын алып жатқан алуан түрлі саяси, тарихи, қоғамдық-экономикалық өзгерістердің арқасында адамзаттың рухани мұрасындағы ең жақсыларын сіңіріп алуға мүмкіндігі бар берекелі тетік әзірленді
Қазақтар-ежелден көшпелі халық, Көк Түріктің ұрпақтары.Территориясы Алтайдан Каспийге дейінгі үлкен аумақты алып жатыр. Ежелгі көшпенділердің мұрасын сақтаған, қазақ халқының мәдениеті салт-дәстүр мен жора-жоралғыларға бай келеді. Қазақ қауымының осы күнге дейін сақтап келе жатқан баспана түрі - киіз үй. Киіз үй-көшуге қолайлы, жиналып-құрастырмалы, жазда-салқын, қыста-жылы баспана. Бұл ағаштан, әртүрлі үй жануарларының терілерінен жасалады. Киіз үй қанатына байланысты, алтықанатты, он екі қанатты және т.б. атаулармен аталады. Бұрынғы кездері ақсүйектер, байлар, билер мен хан, патшалар өздерінің ордаларында яғни, үлкен киіз үйлерде өмір сүрген. Бұл қазақ халқының бай болғанының нышаны. Қазақ халқының ең қадірлі ұғымдарының бірі- шаңырақ. Шаңырақ сөзін әртүрлі мағынада қолданады. Мысалы: «Әке-шаңырақтың негізгі тірегі», бұл тіркесте шаңырақ сөзі «отбасы» ұғымын білдіріп тұр. Сонымен қатар, шаңырақ- киіз үйдің тірегі, төбесі. Қазақ халқында шаңырақ-киелі ұғым ретінде қалыптасқан және ол туралы әртүрлі мақал-мәтел, тыйым сөздер көп кездеседі. Қазіргі күнге дейін қазақтардың басынан қандай күн өтпеді... Қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған заман да, қиыншылық, аштықта да, репрессия кезінде де, қайғылы соғыс жылдарында да өмір сүрді, мойымады, талмады. Бұл қазақтардың төзімділігінің белгісі. Қонақжайлылық- қазақтардың ерекшеленетін қасиеттерінің бірі. Ежелден келе жатқан қалыптасқан қонақжайлылық қанымызға сіңіп кеткен. «Тас түскен жеріне ауыр, қонақ қонған жеріне ауыр» демекші, қазақтар өздеріне қарағанда, қонақтардың жағдайын көбірек ойлаған. Үй иесі үйіндегі қонақтың кеткенінше, барлық қажеттілігін әкеліп, денсаулығына жауап беретін болған. Бұл қазақтардың қонақжайлылығының айқын бейнесі. Қазақ еліне,тарихына қызығатын әрбір адам алдымен, қазақтардың салт-дәстүрлері жайлы білуі шарт. Қазақтарда салт - дәстүрдің түрлері өте көп. Ол әртүрлі жағдайларға байланысты, тақырыптарға сай әрбір қазақ жадында сақталып қалған. Мысалы: «Қыз ұзату», «Жар-жар», «Шілдехана», «Тұсаукесер», «Сүндет той». Бұл салт - жоралғылардың өзіндік ерекшелігі мен мән - мағынасы бар. Ежелден келе жатқан бұл дәстүр қазірге дейін сақталып келеді. Қазақ халқында өзін - өзі ұстай білу ережелері де аз емес. Бұл қатарға «тыйым сөздерді» айтуға болады . Тыйым сөздер – деп жасауға болмайтын іс -әрекеттерді айтады . Оларға: "Дастарқан үстінде қатты сөйлеме"; "Қажетсіз сөзді айтпа"; "Нанды баспа"; "Аққуды атпа"; "Үлкен кісіге қарсы сөз айтпа", - деген секілді түрде кездеседі. Қазақ қауымында, тыйым сөздер мен қатар әртүрлі нақыл сөздер де көптеп кездеседі. Бұл қазақ халқының ертеден дана халық екендігін мойындаттырады. Қазақ қауымында «жеті» саны қадірлі болып саналады. Осыған орай, жеті санына байланысты көптеген салттар мен жоралғылар бар. Олардың қатарына: «Жеті жарғы», «Жеті қазына», «Жеті жоқ», «Жеті ата», «Жеті нан» немесе «Жеті шелпек», «Жеті керемет», «Жеті күн», «Жеті ғашық», секілді түрлері көп. Бұл «жеті» санының қасиеттілігін айқындай түседі деп ойлаймын. Қазақ халқында, бұрыннан жалғасқан салт бар. Бұл «жеті» санына тіркес болып келеді. Бұл туыстық қатынасқа тікелей байланысты.Бұл «Жеті ата» дәстүрі. Яғни, «Жеті ата» дәстүрі бойынша, әрбір ер азамат өзінің ата-тегін білуі қажет. Ол ата, әке, бала , немере , шөбере, шөпшек, немене қатары бойынша жалғасуы шарт. Сонымен қоса, туысқан жігіт пен қыз ешқашан отау құрмаған. Бұл қазақ халқының қанының тазалығын білдіреді. Тікелей айтқанда, егер екі жастың жеті аталарында ортақ кісі кездеспейтін болса, жастардың үйленуіне рұқсат етілген. Сонымен қатар, қазақтар үш жүзге бөлінеді. Олар: «Ұлы Жүз», «Орта Жүз», «Кіші Жүз» деп аталады. Ал әрбір жүз тарауларға бөлініп, руларға ұласады. Бұл да қанның тазалығына әсер етеді. Қортындылай келе, қазақтың асыл мұрасы жетерлік. Олардың күнделікті өмір сүру ережесіне де байланысты екенін ұмытпаған жөн. Қазақ елі-асыл да, ғажап мәдениетке бай, халық.
11. Қазақтардың көшпенді мәдениетіндегі шаманизм рөліне баға беріңіз.
Шаманизм дінінің негізгі қағидасы бойынша, дүние түгелімен рухтардан тұрады. Жанды, жансыз дүниенің де рухтары бар. Шаманизмді құраушы діни сенімдердің тотемизм, фетишизм, анимизм, магия түрлері бар. Қазақ халқы өзінің тұрмысында, шаруашылығында, дүниетанымында көптеген тиімді білімдерге қол жеткізген.
Қазақтың аспан әлемі, жұлдыздар жөніндегі түсініктері өте бай. Түнде жол жүріп келе жатқан жолаушы өзінің бағытын, уақыттың мезгілін жұлдыздар арқылы анықтаған. Қазақтың жол жүргенде басты бағдары болған жұлдыз — ол солтүстікте орналасқан Темірқазық жұлдызы. Темірқазық десе, темір қазық, ол ешқашан орнынан қозғалмайды. Темірқазықты айналып жүретін жеті жұлдызды Жетіқарақшы дейді.
Қазақ жұлдыздарға қарап жыл мезгілін де анықтаған. Үркер жұлдызының жерге жақындауы — көктемнің жақындап қалуының белгісі. Жаз шыға бастағанда Үркер жерге тіпті жақындап келіп, соңында жерге түскендей болып көрінбей кетеді. Үркердің жерге түсуінен жаз айы — шілде басталады. Үркер қайтадан көріне бастаса, күздің жақындағаны.
Қазақ есепшілері Үркер жұлдызының орналасуына қарай жыл мезгілін анықтап отырған. Үркер күздің басында (қыркүйек) шығыстан, қыстың басында (желтоқсан) төбеден, көктемнің басында (наурыз) батыстан көрінеді, ал жазда мүлде көрінбей кетеді. Үркер көрінбеген жаз күндерін 40 күн шілде деп атайды. Қазақта Үркерге байланысты мынандай мақалдар қалыптасқан: "Үркер жерге түспей жер қызбайды", "Үркерлі айдың бәрі суық", "Үркер туса, сорпа ас болады", "Үркер көтерілгенде, шөп те көтеріледі", т.б.
Қазақтар дүниенің бағытын бетін шығысқа қаратып тұрып анықтаған. Шығысқа беттеп тұрған адамның маңдай алды шығыс, арқасы — батыс, оң қолы — оңтүстік, сол қолы — солтүстікті бағыттаған.
Қазақтар Құс жолы деп аталатын, оңтүстіктен солтүстікке қарай ақ жолақ болып жатқан мыңдаған жұлдыздар шоғырын да бағдарлық белгі ретінде пайдаланған.
Таң ата туатын жазғы жұлдызды Шолпан деп атаған. Алысқа аттанатын жолаушы таң Шолпаны көрінісімен жолға шығатын болған. Қыста малды кешкі Шолпан жұлдызына қарап қораға кіргізген.
12.Адамдық құндылықтар мен жаһандық мәселелерді сипаттап, мағынасын ашып беріңіз
Жаһандану, немесе Глобализация - жаңа жалпыәлемдік саяси, экономикалық, мәдени және ақпараттық тұтастық құрылуының үрдісі. Терминді ғылыми айналымға алғаш рет 1983 жылы енгізген америкалық экономист Теодор Левитт.
Адамға қойылатын басты талап — асыл да ізгі адамгершілік қасиеттерді бойына сіңірген, ұлағатты азамат болып шығу. Өйткені адам — өзінің адамгершілігімен, қайырымдылығымен, адалдығымен және әділеттігімен ардақты. Адамгершілік — адамның рухани арқауы. Адам баласы жалғыздықта өмір сүре алмайды.Әрдайым арқа сүйейтін адамға мұқтаж болады. Заман ағымына қарай адамдық құндылықтар да қасиеттер де өзгеріп бара жатыр. Әрбір адам өзінің жағдайын ғана ойлайды. Сол сияқты бізді ата анамыз асырайды,оқытады,тоқытады, біз үшін бәрін беруге дайын. Ал соны бағаламайтын жандар қаншама. Қартайған шағында кез келген ата ана көмекке зәру болады. Өз құрсағынан шыққан сәбиден әрине жақсылық күтеді. Бірақ керісінше жасы жеткенімен ата анаға масыл болып отырған адамдар қаншама. Сондықтан да біздің ең жақын адамдарымызды бағалайық. Бұл дүниеде адам өзінің пенделік қасиеттерімен күресе жүріп өзінің адамдық қасиеттерін шыңдап, өзінің пендешіліктерін, басқаша айтқанда өзінің «тозағын» жеңіп шығуы қажет. Өйткені, оның бұл дүниедегі бар қайғы-қасіреті оның осы пендешіліктерінен туындайды. Соған орай оның бұл дүниедегі бақыты мен ақиреттегі бақыты да оның өз пендешіліктерін қаншалықты жеңе алғанына байланысты.
13. Қазақстанды мекендеген тайпалар мен ұлыстар мәдениетінің қазақ халқының мәдениетіне тигізген ықпалын түсіндіріңіз
Еуразиялық Ұлы Даланы игеру туралы сөз болғанда, осы кеңістікті қоршап тұрған өркениеттердің (суперэтностардың) өрлеу-құлдырау ырғақтарын ескеру қажет. Қытай, Иран, Батыс және Ресейлік өркениеттер мен түрік халықтарының арасында талай тарихи процестер өткен. Ол тек мәдени сұхбаттасу деңгейінде болмай, осы этномәдени кеңістік үшін бақталастық және жаугершілік сипатында да болды. Орталық Азия өзінің кеңістікте орналасуына байланысты балға мен төстің арасында шыңдалды. Отты қару пайда болғанға дейін мындаған жылдық адамзат тарихында ат жалында өскен көшпелілер ең қаһарлы күш болғаны күмән тудырмайды. Бұл жерде А. Вебердің тарихтағы номадалардың рөлі туралы ілімін еске алып өткен жөн. Оның пікірі бойынша, техногендік өркениет (батыстық) пайда болғанға дейін көшпелілер кеңістікте мәдени катализаторлар қызметін атқарған. Ал айда А. Вебер осындай бағаны тек үндіеуропалық (арийлік) номадаларға ғана берген. Біз тағы да еурорталықтық мәдениеттанушылардың түріктік көшпелілердің мәдениетін кемсіте қарастыруының мысалын көріп отырмыз. Ал нақтылы тарих далалық өркениеттердің әлемдік дамудың бір қозғаушы күші болғанын дәлелдейді
Скиф-сақ өркениеті біздің заманымыздан жүздеген-мыңдаған жылдар бұрын сол кездегі антикалық және шығыстық өркениеттермен қоян-қолтық араласып, олардың тарихи дамуында терең із қалдырған. Дүрілдеп тұрған Батыс Рим империясын құлатуға қатысқандардың арасында ғұндардың қызметі ерекше. «Материалдық және рухани мәдениеттің халықтар арасындағы ауыс-түйістігі, — деп жазады А. Тарақты, — адамзат өркениетінің бірден-бір кепілі болса, осынау тарихи қажеттіліктің арбакеші көшпелілер еді. Күні бүгінге дейін Алтай пен Карпат арасында тарыдай шашылған Скиф қорғандарынан Мысырдың (Египет), Грекияның, Иранның, Ассирияның, Урартудың, Қытайдың, Үндінің өнері мен тұрмыстық заттарының ұшырасуы тегін емес. Қос құрлықты көктей өтетін Ұлы Жібек жолын алғаш игерген Қытайдағы тут ағашын түлтеген жаяу шаруа емес, желмен жұрысқан салт аттылар екенін мойындау үшін архивтік айғаққа жүгінудің қажеті жоқ»
Жалпы алғанда, кеңістіктің этномөдениетке тигізетін әсерін дұрыс бағалау керек. Қысқаша айтқанда, Отаны жоқ халық болған емес. Бұған бүкіл тарих куә. Әрине, кеңістік ерекшеліктері(ландшафт, биоценоз, оқшаулық ж.т.б.) өркениетке үлкен әсер етті. Алайда, басқа мысалдар бұл қағиданың абсолюттігіне күмән келтіреді. Айталық, Солтүстік Американың прерийлерінде, Аргентинаның пампасында, Австралияның жайылымдарында номадалар пайда болмады. Яғни, өркениетті дұрыс түсіну үшін басқа да факторларды қарастыру қажет.
14. Орталық Азияның ортағасырлық мәдениетіне жалпы шолу жасаңыз
Мәдениет- бүкіл адамзаттың тарихында жасалған материалдық және рухани байлықтың жиынтығы. Өткен мәдениетіміздің жаңа мәдениетке ауысуы қоғам тарихының заңды, мәдениттті жаңаша түрленуі болып саналады. Мәдениет сананың, білім мен тәрбиенің, қоғамның жаңашыл даму кезеңіндегі дәрежесін көрсетеді.
Өткен замандағы музыка өнерінің негізгі мазмұны халық мұңы, оның ауыр тұрмысы еді. Ел мұңы ән мен күй арқылы түрлі музыка аспаптарының сазымен елден елге, жұрттан-жұртқа жайылып, өз арнасымен таралып жатты. Оны таратушылар халықтың ішінен суырылып шыққан өнер иелері: әнші, күйші, жыршы, қобызшы, сырнайшы сияқты өнерпаздар болды.
Еуразияда түркі тілдес халықтар қоныстанған жер аумағы, солтүстік-шығыста сонау мұзды мұхиттан оңтүстік-батыста Босфор шығанағына дейінгі ,шамамен алғанда13-14 миллион шаршы километр аймақты алып жатыр.
Орта Азия халықтарының көп ғасырлық дамыған мәдениеті XIV-ғасырдың екінші жартысынан бастап қайтадан өрлей бастады. Мәдениетімізді дамытудағы жаңа өрлеуге жағдайлар жасалды. ХV-XVII ғасырда Самарқан, Бұқара қалаларында кітап миниатюрасы өркендеді. Орта Азия өнерінің тарихында Бұхарадағы кітап және ағаш пен тасқа ою-өрнек салу мектебі ашылып көрнекті орын алды. Сондай-ақ сәулет өнерінде әсемдік элементі ретінде қолданылған каллиграфия да асқан шеберлікке қол жеткізді.
Өзбек музыкасы фольклорлық дәстүрге өте бай халық . Ежелгі ән жанрлары:катта ашула (суырыпсалмалық сипаттағы лирикалық ән), дастан (эпикалық жыр), мақам (бірнеше бөлімнен тұратын вокальды аспапты шығарма), лапар (бимен қосылып орындалатын әзіл сықақ әні). Музыка аспаптары: гиджак(ішкі-ысқылы), дутар, тарбур, копшай (үрмелі ағаштан жасалған), карнай (үрмелі жезден жасалған), доира ,нагара, сафаиль, кайрак (соқпалы) аспап.
Өзбек-қазақ жерінде өмір сүрген түркі ғалымдары : Әбу Насыр , әл-Фараби, Ибн Сина , Жәми музыка трактаттарына музыка теориясы мәселелерін қозғады.
Өзбекстан мен Қазақстандағы философия мен қоғамдық ой ертедегі Орта Азия мен Иранда мекендеген халықтардың рухани мұраларының дәстүрінде қалыптасып дамыды. Оған ғылыми философиялық ойдың өкілдері әл-Хорезми, Әбу Насыр әл-Фараби, ИбнСина , Әбу Райхан Бирунилердің ықпалы зор болды. Алдыңғы қатарлы ұлы ойшыл ақын Әлішер Науаидың (1441-1501ж.) шығармаларында дамытылды. Темір мен Темір әулеттері билеген жылдары «Үндістанға жорық күнделігі», «Темір жорығы жайындағы кітап», «Шайбанинама», «Шайбанияда» т.б. көлемді шығармалар пайда болды.
15. Түркі Ренессансы және оның әлемдік мәдениеттегі орнын анықтаңыз
Бұрыннан Орта Азиямен тығыз байланысты Қазақстан жеріне де ислам өз әсерін тигізді. Еліміздегі көптеген түрік тайпаларының мемлекеттік бірлестіктері ислам дінін бірден қабылдамаған. Қарахандар мемлекетінде мұсылман дінін алғашқы қабылдаған қаған Сатұқ, ал оның баласы Мұса 955 жылы исламды Қарахандар мемлекетінің ресми діні деп жариялады. X ғасырда оғыздар мен қыпшақтардың да бірталай бөлігі мұсылмандыққа өтті. Жалпы алғанда, исламды қабылдау Қазақстан жеріндегі тайпалардың сол кездегі озық мәдениеттерге қосылуына мүмкіндік берді. Осы кезден басталған мәдени өркендеуге мұсылманның рухани өміріндегі екі бағыттың бір-бірімен тайталасы Қазақстан жерінде де өзінің терең әсерін қалдырды. Бірінші бағыт Платон,Аристотель сияқты грек философтарына сүйенген Шығыс перипатетикасымен байланысты. Оның негізін қалушы — дүниежүзілік мәдениет пен білімнің Аристотельден кейінгі екінші ұстазы, ежелгі Отырар қаласында туған Әбунасыр Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Тархан ибн әл-Фараби ат-Түрки. Әл-Фарабидің рухани мұрасы қазақстандық және басқа ғалымдар тарапынан ойдағыдай зерттелген. Ал әл-Фарабидің өзі зерттеу жүргізбеген ғылым мен мәдениет саласы жоқ, Б. Ғафуровтың есебі бойынша, ол 200-ден астам трактат жазған.Турик Ренессансы туралы сөз еткенде оның тағы бір бастауы сопылық бағыт (суфизм) жөнінде айтпай кетуге болмайды. Қазақстан жеріндегі ұлы ғұламалар Жүсіп Баласағұн, Сүлеймен Бақырғани, әсіресе, Қожа Ахмет Иассауи шығармашылығында сопылық сарын үлкен орын алған. Онан соң Ренессанс идеясын тек Платон мен Аристотельдің шығыстық ізбасарлары қолдады деу де сыңаржақтылық. Сопылық бағыт ислам әлемінде о баста ресми дінге қарсы оппозициялық қозғалыс ретінде туады. «Суфь» термині арабтың «жүн шекпен» деген сөзіне орайластырып алынған. Сопылар — киім талғамайтын, бар ойы руханилық төңірегіндегі тақуа адамдар. Сопылық бағыттың тарауының бір себебі, әуелде ой бостандығын шектемеген араб халифаттарында X ғасырдан бастап фанатиктер күшейе береді, олар Құранға қарсы деп әр түрлі ағым өкілдерін қуғынға ұшыратады. Әсіресе, Иран, түрік және үнділердің көне мәдениетінен қалған мұралар Алла сөзіне жат деп жарияланады. Осы қуғын салдарынан Иран, Араб жерлерінен көптеген сопылар (өздерін дәруіштер деп атаған) Түркістан жеріне қарай ағылады. Орта Азияда 300—400 мың дәруіш пайда болды. Сопылар Құдайды парасатпен емес, жүрекпен түсіну керек деп жариялайды. Осы бағыттың көрнекті өкілі, кейін мұсылман пірлерінің біріне айналған — Қожа Ахмет Иассауи. Оның ең үлкен жетістігі ғасырлар бойы қалыптасқан бай түрік мәдениетін мұсылман өркениетімен шебер байланыстыруында жатыр.
Шығыс Ренессансының талай елдерді қамтыған және 500 жылдан артық өркендеген типі мұсылмандық мәдени өрлеу дәуірі екендігі белгілі. Оның әл-Кинди, әл-Фараби, ибн-Сина, Фирдауси, Ж. Баласағұн, Қожа Ахмет Иассауи, Омар Хайям сияқты өкілдерінің рухани мұрасын меңгермей, қазір мәдениетті адам деп есептелу қиын. Бұл жерде осы ұлы құбылыстың мұсылмандықпен қатысы қанша деген сұрақ заңды туады. Оның негізі де бар.[1]
Арабтар Орта Азия жерін 712 жылдан бастап жаулап алды. Осының нәтижесінде бүкіл афроеуразиялық даланы біріктірген ортақ мәдениет қалыптасуына мүмкіндік туды. Бұл жағынан алғанда ислам діні осы елдердегі мәдениеттерді араластырып қорытып жаңа үлгі шығаруға себепкер болды. Арабтар жаулап алған көптеген елдерде (әсіресе, Иран, Үндістан, Египет, Сирия) бұрынғы эллинистік өркениеттің рухы жоғалмап еді.
16. Қазақстандағы өнердің жаңа түрлері мен жанрларын атап, көркемдеңіз
Қазақ жерінде кезігетін бейнелеу өнерінің алғашқы нұсқалары палеолит дәуіріне жатады. Олар Қаратау мен Хантау тауларында тасқа қашалған жан-жануарлар тұрпаты түрінде кездеседі. Неолит және қола дәуірінде тасқа бедерленген Баянауыл үңгіріндегі (Павлодар облысы), Таңбалы аңғарындағы (Алматы облысы) бейнелер (бұғы, арыстан, садақты аңшы, арбаға жегілген бұқа, сиыр, т.б.) мен Балқаш көлінің солтүстік жағасындағы жақпар тастардағы суреттер (келіншектің қасындағы екі ер кісінің жекпе-жек қылыштасуы, т.б.) қазақ жерін мекендеген тайпалардың негізгі кәсібін, әдет-ғұрпын баяндайды. Көптеген шекіме суреттердің сюжеті жыртқыш аңдардың аша тұяқтыларға шабуылына, діни нанымға құрылған. Суреттер нобайына ішінара қына түсті бояу жағылған ( Қаратау шимайлы тастары). Андрон мәдениеті мұрасына саналатын геометриялы өрнекті қыш ыдыстар, қалыптау арқылы жасалған бұйымдар, күн шапағы бейнеленген қола құрал-жабдықтар Орталық, Солтүстік және Батыс Қазақстан аумағында жүргізілген қазба жұмыстары кезінде ашылды.
“Таңбалы тастағы” (Алматы облысы) б.з.б. 2 ғасырдағы тасқа бедерленген Будда бейнелері (көп қолды Чон-Рай-Сик, Мун-Сақ Будда, Манла Будда) шекіме суреттердің озық үлгілерінің бірінен саналады. Осы жартастарда 16 – 17 ғасырларда салынған суреттер де бар. Діни нанымдағы суреттер Алтай мен Тарбағатай аймағында да ұшырасады. Қола мәдениетінің соңғы кезеңіне саналатын Беғазы-Дәндібай мәдениеті тұсында (б.з.б. 9 – 8 ғасырлар) көне өнер түрлері жаңа үлгілермен толыға түскен. Б.з.б. 7 ғасырларда көшпелілер одағының нығайып, әлеуметтік құрылысы мен шаруашылықтың дамуына байланысты б.з.б. 4 ғасырларда байырғы сақ, ғұн, үйсін өнері гүлденді. Қол өнері мен сән өнерінің ағаш ұқсату, зергерлік өнері, кесте және кілем тоқу салалары дамыды. Ертіс, Шідерті, Өлеңті, Сілеті, Есік, Түрген, Іле өзендері және Орталық Қазақстан мен Сыр бойындағы, Баянауыл, Сауыр тауларының етегіндегі обалар мен қорымдардан табылған көне заман бұйымдары, жиһаздық заттар көшпелі тайпалар өнерінің даму кезеңін көрсетеді.
Буддабейнелері Скифтердің аңдарды бейнелеу нақышы Қара тау үстіртіне қарағанда қазақ жерінде бұрын дамығанын дәлелдейді. 1970 жылы Алматы облысындағы Есік қала маңынан табылған алтын бұйымдар (“Алтын адам”, бұғы, арқар, жолбарыс, жылқы, барыс бейнелері) да – б.з.б. 6 – 5 ғасырларда қазақ жерін мекендеген тайпалардың өнер үлгілері.
Музыка мәдениеті Қазақ халқының ұлт болып қалыптасу кезеңінде өзіне тән музыкалық дәстүрі дүниеге келді; соның нәтижесінде бай музыкалық мәдениеті қалыптасты. Бесік жыры, үйлену тойлары мен жерлеудегі салт-жоралар әнмен айтылды. Ақындар айтысы халықтың көп жиналып, ұйып тыңдайтын өнер сайысына айналды. Халық музыкалық шығармашылығы негізінен пентатоникалық белгілері басым жеті тонды диатоникалық мажор мен минорлық ырғақтарға негізделді. Эпостық жырлар речитативті әуенде жырланды. Қазақ халқының тарихи қалыптасу ерекшеліктеріне қарай муз. шығармалардың әуендік сипаты түрліше әрі әншілік, күйшілік, орындаушылық дәстүрінде де айырмашылықтары болды. Орындаушылық дәстүрдің түрлері: домбыра немесе қобыздың сүйемелімен ән салу, музыкалық аспаптарда күй тарту, т.б. “жар-жар”, “сыңсу” сияқты тойларда айтылатын әндердің қайырмалары көп дауыспен орындалды. Шығармалар тақырыбы мен музыкалық айшығына орай: космологиялық (жұлдыз, Ай, Күн және басқа планеталар жайлы), демонологиялық (жалмауыз кемпір, жын-шайтан, пері, т.б.), бақсылардың емдік әндері, эпикалық әндер, ертектер, мысалдар, еңбек әндері, тұрмыс-салт әндері, лирикалық әндер, тарихи әндер, т.б. болып жіктеледі. Аспаптық музыка үзінділерінде соғыс көріністері, батырлар сайысы, бәйге, қыран құстың самғауы, қасқырдың ұлуы музыкалық тілімен бейнеленді. Халық музыкасы мазмұнына қарай әр түрлі қызмет атқарды. Әсіресе бөбектер ойынын бейнелейтін музыка өзінің ықшам, қысқа, бір ырғақты, шағын көлемді, диапазоны мен формасының қарапайымдылығымен үй ішінде орындауға ыңғайлы болса, лирикалық және әлеуметтік, тарихи тақырыптағы әндер мен күйлердің әуендік диапазонының кеңдігі, мәнерінің әртүрлілігі, ырғақтық құрылысының күрделі болуы орындаушыдан үлкен шеберлікті талап етті. Қазақ музыкасының тарихи даму жолында ұлттық өнердің өшпейтін классикалық шығармаларын тудырған дарынды күйші-композиторлар шықты. Аты аңызға айналған Қорқыт (8 – 9 ғасырлар), музыкалық нота жазуының алғашқы үлгілерін ойлап тапқан Әбу Наср әл-Фараби (870 – 950), 15 ғасырларда өмір сүрген Қазтуған мен Асан қайғы – қазақтың өткендегі дамыған музыкалық мәдениетінің дүлдүл өкілдері; Қазақ музыкасы.
Достарыңызбен бөлісу: |