МӘдібаева қанипаш қайсақызы


Ит көрген ешкі көзденіп… Талаптың дәмін татуға…



бет17/22
Дата31.12.2019
өлшемі1,9 Mb.
#53947
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   22
Ит көрген ешкі көзденіп…
Талаптың дәмін татуға…

Абай сөзге жаңа мағына берді, жаңа сөз туғызды, сонымен бірге сөйлем құрылысына да әр алуан жаңалық енгізді.

Қ. Жұмалиев Абайдың сөйлем құрылысына кіргізілген жаңалықтардың бір нұсқасы өлең сөйлемдерінің ұйқастарында деп, және бір елеулі кептің, Абай тілі мүмкіндігінің ендігі бір өлшем, алымын анық көрсетеді.
Жарқ етпес, қара көңлім не қылса да,

Аспанда ай менен күн шағылса да…
Жазды күні ақ бөркі бүктелмейді-ақ…
Кезінде, М. Әуезов атап айтқан Абайдың орыс тілі арқылы қазақ тілінің мүмкіндіктерін ашу, табуын академик Қажым Жұмалиев Абай тіліндегі елеулі, мәнді ерекшеліктердің бірі ретінде қарастырып отырды. Әдебиетінің жеке-жеке сөздіктерде емес, оборот, сөйлем құрылысында, орыс тіліндегі сөздердің үлгісі мен қазақтың кейбір сөздеріне жаңаша мән беруінде екендігін көрсетті.
Қартаң бай, қатты сақ бол, тілге көнсең,

Мүйіз шығар, қатынның тіліне ерсең…
Мен – сынық жан, жамағанмен,

Түзеле алман түрлермен…
Жолға шықпа бір жым-жырт түнде жалғыз,

Тасты жол шарқырайды баға амалсыз…
Қонады бір күн жас бұлт,

Жартастың төсін құшақтап…
Жас жүрек жайып саусағын

Талпынған шығар айға алыс…

Қ. Жұмалиев осындағы “мүйіз шығу” деген сөздің қазақта бұрын да барын, бірақ Абайдың қолдануында мүлде басқаша ұғымда: әйелдің ерінің көзіне шөп салу мағынасында қолданылуын, орыстың “рогоносец” сөзінің мағынасын беріп тұрғанын айтады.

Абайдың орыс әдебиеті, орыс тілін үлгі етіп, қазақтың әдебиет тіліне жаңа сөз, жаңаша сөйлем құрылысын кіргізді дегенде “Мен – сынық жан”, “ауру жүрек ақырын соғады жай”, “Жалтаңдаған жас жүрек”, “Қонады бір күн жас бұлт жартастың төсін құшақтап”, “Жас жүрек жайып саусағын” деген тәрізді сөйлем құрылысы, сөз қолданудағы жаңа түрлер екендігін де нақтылай түскен.

“Абай басқа ақын, жазушылар сияқты өзге тілдің әдебиетіне еліктеп сол тілше сайраған жоқ. Абайдың үлкен даналық, кемеңгерлігі міне, осында. Абай кімге еліктесін мейлі, он үш жасынан жоғары қарай, еш ақын, еш әдебиеттің жетегінде кеткен жоқ. олар жа қажеті алды да, керегіне жаратты. Абайдың әрт үрлі жол, әр түрлі әдістермен жаңа сөз, жаңа сөйлемдер арқылы қазақтың әдеби тілін дамытып, байыту мәселесінде тарихи ұлы еңбек еткен ақын екендігін айқын білеміз”, – дейді Қ. Жұмалиев.

“Қазақтың “Жан” мен “сынық” – екеуі дара-дара қолданылса да, Абайға шейінгі жанның алдына “сынық” тәрізді эпитетін қойып: “мен сынық жан” деп, соны метафоралық эпитетке айналдырып қолданған бір де ақын жоқ. “Жалтаңдаған жас жүрек” деген сөйлемін алсақ, мұндағы өткен шақтың есімшесімен жасалынған эпитет арқылы жүректі “жалтаңдату” – жансызға жандылық ісін істетіп, кейіптеуге айналдыру, Абайдан бұрын ешкімде болған емес. Сол тәрізді “ауру жүрек”, “ауру” да, “жүрек” те – қолданыла беретін сөздер. Қазақ: “жүрек ауру” дейді, “жүрегінің дымқосы бар”, “жүрегі нашар” тағы басқа. Бірақ, Абайға шейін “ауру жүрек” деп қазақ әдебиетінде қолданған контексті табу қиын. Абай инверсияның заңына сүйеніп, яғни сөздің орнын ауыстырып, “ауру жүректің” соғарын сипаттауға дәл келетін эпитеттер арқылы айтайын деген пікірін жанды, жинақы етіп бере алған" [17, 147 б. ].

Абайдағы жаңа эпитеттер: қан жүрек, улы сия, ащы тіл, асау жүрек, өрбіген жүрек, адасқан күшік секілді, талапты көңіл, долы қол, ұлыған ой, т,б,

Абай эпитет жасауда инверсия заңына көп сүйенеді. Қайсыбір сөзді дыбыстық өзгеріске түсірді. Белгілі түбір сөзге жұрнақ, жалғау қосты. Эпитет шендестіру арқылы тіпті күшейтті. Мысалы: қар аппақ, бүркіт қара, түлкі қызыл…

Қ. Жұмалиевтің атап көрсетуінде эпитет Абайдың көп қолданған сөз айшығының бірі. Оның: аттың сыны, қыз сыны, жылдың төрт мезгілі туралы өлеңдерінің негізгі тәсілі эпитет. Мәселен, “Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ” өлеңі 28 жолдан тұрса, “шоқпардайдан” басқа сөз айшығының барлығы түп-түгел эпитет екен. Абайда эпитеттің күрделі түрі де көп ұшырайды.

Жүрек сөзінің өзі осы эпитеттік тәсіл арқылы Абайда қаншама экспрессивтік мәнмен ашылды. Ет жүрек, асау жүрек, қан жүрек, күйген жүрек, ыстық жүрек, шын жүрек, ызалы жүрек, кірлеген жүрек, ит жүрек, жау жүрек, өрбіген жүрек, суынған жүрек, жылы жүрек, ынталы жүрек.

Абайда теңеудің жаңа түрлері де көп кездеседі. Олар көбіне бұрын қолданылмаған, бірақ өзінен бұрынғы әдебиеттегі теңеулердің негізінде құрылған жаңа теңеулер. Қ. Жұмалиев Абайдың көп жаңа теңеуі оның орысша аудармалары мен шығыс әдебиетіне байланысты дейді. Кептерше сүйіскен, соққан боран секілді біздің өмір, арыстанның жалындай бұйра толқын, айдаһардай бүктеліп жүз толғанып, уақыттай әрі жүйрік ат мінеміз. Мұз жүрегім май сықылды, менің өмірім – бір суық ұр, Күзгі күндей тұр бұзық…

Бұл теңеулер орыс әдебиеті үлгісімен жасалса да, қазақша естіледі.

Абайда өзіне шейінгі үлгілерден өміршеңдікпен өлеңге енгізген метафоралармен бірге жаңа метафоралар да көп ұшырасады. Сөзін қазақ тілінің өз байлығынан ала отырып, Абай соған шебер қиюластыру, орнын тауып қалау арқылы жаңа мән үстейді.

Мысалы:
Жүрек – теңіз, қызықтың – бәрі асыл тас.

Күн – күйеу, жер – қалыңдық сағынышты.

Жүректің ақыл-азаты,

Өткен өмір – қу соқпақ,

Салған ән – көлеңкесі сол көңілдің.
Абай өлеңдерінде метонимияның жаңа түріне жататын бір ауаны – заттың, адамның орнына олардың түсін алмастырып айту. Бұрынғы әдебиет нұсқаларында кездесетін тәсіл болғанымен, Абай өзінше жаңартқан.

Синекдоханың жаңа түрі де Абайда мол. Абай өлеңдерінде өзіне шейінгі әдебиетте қолданылмаған синекдоха басқа поэтик тілдерімен салыстырғанда анағұрлым басым. Абайда өте көп қолданылады деп танылатын эпитет пен метафорадан да метонимия мен синекдоха жиі кездеседі. Бұрын қолданылмаған синекдоханың жаңа түрлері де Абайда жиі ұшырайды. Бұл жаңа түрлер әралуан жолдармен жасайды.


Шырайды қайғы жасырмай,

Күлкінің ерні кезермес…

Қайғы шығып иыққа…
Абай өлеңі бір реттен қарағанда тұтас жаңа сөз, жаңаша құрылған сөйлем. Оның жасалуында әлем, Батыс, Шығыс поэтикасының әсері аз емес. Сонымен бірге Абайдың ақындық қуатының өзіндік қана, дара табиғатынан туған шеберлік те мінсіз…

“Толқынын жүрегінің хаттай таныр”, “Мен сынық жан, жамағанмен”, “Қалады бір күн жас бұлт, жартастың төсін құшақтап”, “Уақыттай, өзі жүйрік ат мінесіз”, “Жас өмір – алтын, күміс жарқылдаған…”, т.б.

Сонымен жаңа сөздер, эпитет, теңеу, жаңа сөйлемдер жасау, сөз ұстарту жөнінде Абай алысты алды. Қазақ өлеңі түрленді, жарқылдай түсті, тереңге тартты, биіктеп көкке қанат жайды. Ол қазақ сөзінің асылын бір айшығымен жаратты, біріне-бірінің жарығын түсіріп, поэзияның сәулелі, нұрлы шуағына шомылдырды қазақ тілін. Қазақ тілінің барша поэтикалық мүмкіндігін барлап, құдіретін танытты. Абайдың поэтик тілдерінің басқа түрлері жөнінде қазақ әдебиет тіліне қосқан жаңалықтарын жекелеп көрсетсек, кейіптеу Абайдың жазба әдебиетімізге бүтіндей қосқан жаңалығы деп айтуға болады. Өйткені, ескі ауыз әдебиетінде өмір құбылысын суреттеуде поэтик тілдің негізгі бір түрі саналып, ХVІІІ-ХІХ ғасырдың әдебиетінде де қолданылмай, не аз кездесетін кейіптеуді, жаңа дауір, жаңа ой-санаға сәйкес, жаңаланған түрде қайта тіріліп, поэтик тілдердің өмір құбылысын суреттеуде санаулы құралының бірі етуі қазақтың әдебиет тілін жасауда, сөз жоқ, ұлы еңбек. Абайдың тілі сұлу. Сиқыр. Абайдың тілі дана. Абайдың тілі жас, қуатты. Ол тіл – қазақтың тілі. Ғ. Сағди айтқандай әрбір үлкен ақын – өз ана тілінің жемісі.

Жалпы, қазақ тілінің сөз байлығы ХІХ ғасырдағы қазақтың жаңа жазба әдебиеті, әдеби тіл мәселесін ғана емес, сол аяда кең өрісті Абай поэзиясының сөз өрнегін ұзақ жылдар бойы зерттеп келе жатқан қазақтың үлкен ғалымы Рәбиға Сыздықованың Абайдың жазба тілге қатысын, Абай поэзиясының тіл жөнін қисындауы аса ғылыми, аса негізді, аса өлшемсіз таным, тап басқан танығыштық өнегесі болып отыр. Абайтанудың бір тиянақтала түскен арнасы да осы Абайдың тіл өрнегі, сөз кестесіне қатысты баянды, байыпты зерттеу, зерделеулермен толыққан.

Р. Сыздықованың “Абайдың сөз өрнегі” зерттеуінде жоғарыда аталған “ауызша әдебиет”, “ауыз әдебиеті”, “жазба”, “жазбаша әдебиетке” қатысты негізгі толғамдар жасайды.

“Сондықтан Абайдың алдындағы сан ғасырлық қазақ поэзиясының тілі өзге де үлгілермен қатар, қазақтың ұлттық кезеңге дейінгі әдеби тілінің ең басты сүбелі үлгілерін танытады. Бұлардан басқа билерің шешендік сөздері және ауызша-жазбаша түрде тараған шежірелері де қазақтың төл әдеби тілінің үлгілері болып саналады. Бұлардың барлығын “фольклор” деп аталатын халық ауыз әдебиеті мұраларынан бөлек дүние деп санау қажет. Өйткені ақын-жыраулар мұрасы – авторлы, профессионал әдебиет үлгілері, ал фольклор – авторсыз және өзіне тән ерекшеліктерімен ажыратылатын халықтық мұраның қазынасы. Бірақ екеуіне ортақ бір бөлігі бар, ол – қазақтың ақын-жырауларының өлең-жырлары мен билерінің сөздері де, фольклор дүниесі де ауызша тарап, ауызша өмір сүретіндігі. Сондықтан ХV-ХІХ ғасырлардағы қазақ ақын-жыраулар поэзиясы тілін “қазақтың ауызша әдеби тілі” деп, ал фольклор тілін “ауыз әдебиеті тілі” деп бөліп атауды орнықтырып келеміз” [120, 13 б.].

Сонымен бірге ғалым мына бір айқын құбылысты атап көрсетеді. “Абайға дейінгі қазақтың мәдениет көгінде және бір тіл өмір сүріп келді. Ол ортаазиялық және Еділ бойы мен Кавказды мекендеген бірсыпыра түркі халықтарының да жазба дүниесіне қызмет етіп келген “түркі” деп аталған дәстүрлі жазба тіл еді. ХVІ ғасырдың соңында жасап өткен, қазақтың тарақ таңбалы жалайыр руынан шыққан тарихшы ғұламасы Қадырғади бидің “Жами ат-тауарих” атты шығармасы да осы тілде, яғни қазақтың ескі жазба әдеби тіл дәстүрінде дүниеге келген”.

“Абай қазақтың байырғы әдеби тілін ұлттық жазба тілге айналдырды, соның іргетасын қалады, оның даму бағыттары мен принциптерін ұсынды. Бұл ретте Абай тілін зерттеу ұлттық әдеби тілдің тарихына барып ұласады” [120, 14 б.].

Рабиға Сыздықова қазақтың әдеби тілі – ұлттық әдеби тіл дегеннің екі ұғым екендігінін ашып айтып отыр.

Бұл жөннің зерттелу жайын Р. Сыздықованың өз аузымен айтсақ, мынадай қадау-қадау мәселелер. “Аталған еңбектерімізде қазақтың ұлттық жазба әдеби тілінің қалыптасуы, оның негізгі арналары, бұл процестегі ескі түркі жазба дәстүрдің, оның ішінде ХІХ ғасырдың соңғы ширегінде қазақ топырағында орын алған “Кітаби тіл” дегеннің рөлі сияқты мәселелерді сөз еттік, сонымен қатар мұнда осы процестердегі Абайдың ұстаған принциптері мен жол сілтеген бағыттары, өлеңдері мен прозасының тілі атқылы тікелей көрсеткен үлгісі, қысқасы, бүгінгі ұлттық жазба тіліміздің қалыптасып, әрі қарай даму барысындағы Абайдың қызметі нақты фактілермен талданды” [120, 14 б.].

Р. Сыздықова атап көрсеткен Абайдың “текст түзудегі” өзгешелігі 1923 жылғы Ілияс Жансүгіровтің Абай кітабы туралы мақаласында алғаш рет қозғалған еді.

“Тегінде Абай өлеңнің, жырдың ұйқасымына өте сақтық қылатын ақын. Өлең-жырлардың иықтарында қыл сыймайтын қию бар. Басқалардай пікір үйлесетін жанамалау сөзді әкеле салмайды. Тізбегіне әдемі келетін ұнамды сөзді, пікірдің ішіндегі ұйқасымды да қарамайды. Абайдың өлеңін дұрыстағанда бұл сарын да ескерілуі керек.

Екінші, Абай жазу ретінде сыпайыланып та отырмайды. Азалық, асықтық қосылыс жырларында, өлеңдерінде көңілде өзі ұрлап отырғанының бетін жарқ еткізіп ашып жіберуге тақалады. Шындық тұсы жеңіл-желпі сөзден Абай именбейді. Мәселен “көт” деген сөздің Абайдың өлеңінен кемінде бір онын табуға болады. Бұл біздің қара халықта көбірек қолданылатын сөз. “Қазақ соңы” дегенді көбінесе “көті” дейді. Мұндай сөздерден бір сыпайышылық жүзінен түзетсек, жазушыға қиянат қылған боламыз. Абай сол халықтың өз рухы тілімен сөйлеген ақын” [85, 112 б.].

Ілияс Жансүгіров абайтануда кейінде біршама қозғалған, Абайдың ән өлең туғызу жөнінде Р. Сыздықова атап көрсеткен бір ерекшелігі жөнінде де алғаш пікір білдірген. Ол “Абайдың алды-артындағы ақындардан бір үздік артықтығы: оның жырларын неше түрлі күй сымбалдарына салынғандығы” дейді.

Р. Сыздықова Абайдағы етістіктерді арнайы қарастырды. Бұл ерекшелікті кезінде Ғ. Сағди да байқағандығын көреміз.

“Бұл тілдің әдеби жақтан істелуіне де Абайдың көп қызметі тигендігі Абайдың өлеңдерінде анық көрініп тұр.

Абай одағай сөздерден жасалған етістіктерді көп қолданады. Яки өзі сондай етістіктерді көп жасайды. Әлі бұл туралы шеберлігі таңданарлық” [85, 144 б.].

Бұл ерекшелік Р. Сыздықова зерттеуінде нақтылы тілдік-ғылыми негіздемелермен жан-жақты, кеңінен қамтылып қарастырылды. Р. Сыздықова “Абайдың сөз өрнегі” монографиясында “Етістік – көріктеу құралы” атты тараушада Абай шығармаларындағы етістіктің: 1) қалыпты тұлғаларына: көрдім, көрмедім, шатылды, т.б.; 2) констатация түріндегі қолданысына: шығады, айқасады, т.б. тоқталады.

“Қысқасы, Абай өлеңдерінде етістіктің шақтық тұлғаларын қолдануда сол өлең идеясының статика (бір нәрсенің қалыпты күйі) мен динамика (қозғалыс, қимыл, әрекет) тұрғысынан берілуіне тікелей қатысты” [120, 34 б.].

-ып тұлғалы көсемшенің экспрессиясы басым, -мақ жұрнақты тұлға философияға бейім, етістік тұлғалардың өлеңде айтылған ойдың берілу түріне қарай икемделуі Абайда айқын деген пікірі де Абайдың ақындық табиғатына тартып жатқан ой. Абай өлеңдеріндегі етістік тұлғалардың берілу, таңдап алыну жөндерінің стильдік мәнін ғалым мейлінше жеріне жеткізе зерттейді.

Абайдағы етістіктің қолданысын қарастыра отырып Р. Сыздықованың жалпы қазақ поэзиясын тілдік-грамматикалық құрылым жағынан қарастырудың қазақ өлеңінің жаратылыс сырын ашар теориялық негіздемелерге бастайтынын көрсетеді.

“Өлең тексінде эллипсис (ықшамдау) деп аталатын амал орын алады. Ол өлең, мақал-мәтел ауызекі сөйлеу тіліне тән…

Абай сөйлемнің жеке мүшесін емес көсемшені тиянақтайтын етістікті тастап кетеді. Бұл – қазақ поэзиясында тек Абай қолданған, өте сирек ұшырасатын тәсіл”.

Р. Сыздықова Абайдың өткен шақ көсемшені стильдік құрал – стилема етіп таңдағанын айтады.

“Абайға дейінгі қазақ поэзиясында баяндауышы өткен шақ көсемшемен келген бағыныңқы компоненттерді сыйыстырып, бүкіл өлеңді бір ғана құрмалас етіп құрастырған ақын Махамбет сияқты (әзірге біздің білетініміз)" [120, 47 б.].

Абай афоризмдері – қазақ әдебиетіндегі шешендік толғам, түйіннің жаңа бір сападағы түрі. Ақын Абай афоризмдер арқылы қазақ тілін, қазақтың жаңа жазба тілін, әдеби тілін әсемдік деңгейге көтерді. Қазақ тілінің әсерлілігі, байлығы, бар қуаты осы афоризмдерде және бір серпінмен ашылды. Абай поэзиясы – қазақ тілінің ғасырлар бойғы ішке жинаған ұлы қуатының жаратылыс табиғатындағы ұлы жаратылыс.

Афоризмдерде Абайдың барша шығармашылығындағы аса талғамды сөз таңдау тәсілі айқын көрінген тұстар көп. Бұл жөнінде, бәлкім, келешек кезеңдерде арнайы зерттеулер жасалып жазылар.

Осы орайда Рәбиға Сыздықова мынадай елеулі жайттарға назар аудартады. Р. Сыздықова Абайдың сөз қолданыста жақсылық сөзін 33 рет, жаманшылық сөзін 18, арсыз 18 қолданғанын, өзінің өлең тілінің актив сөздеріне айналдырғанын айтты. Талап (45), оқу (54), ғылым (111), білім (31), өнер (46) рет қолданылған. Қайғы (66), қулық (32), иттік (7), қорлық (19), қызық (72), мақтан (56) қолданылған. Абай тілі сөздігін арнайы зерттеген ғалымның осы деректеріне қарап отырғанда, өзіміз байқаған бір жай, бұл актив сөздердің әсіресе нақыл сөздерде көп қолданылатындығы. Жалпы Абай шығармашылығында жақсы (130), жаман (46), дос (60), достық (28), өмір (113), өлім (26) рет ауызға үйірілген болса, соның көпшілігі осы нақыл сөздің тірегі сапасында қолданылғанын көруге болады.

Абай тіліндегі фразеологизмдерді зерттеуде Р. Сыздықова Абай тілінде жүздеген фразеологизм қолданылған болса, оның дені өзіне дейінгі әдеби тіл қазынасынан алынғанын айта отырып, олардың негізінен жалпыхалықтық тілде кеңінен қолданылған элементтер болғанын айтады. Жылдар бойы сұрыпталған бай фразеологияның тек Абай емес, бар ақын жазушының амалы, ісі екенін соның өзінде әрбір суреткердің өз қолтаңбасы байқалып тұратынына назар аудара отырып, тілдік фактілерге кеңінен тоқталған ғалымның Абай даралығын, Абай жаңалығын зерделеуді, ғылыми негіздеуі – Абай тілін танудағы тың алым, жаңа таным десек, артық айтқандық емес.

“Абайда кездесетін атауыш (терминдік мәндегі) фразеологизмдердің бірқатары өз заманындағы әлеуметтік, саяси-экономикалық қарым-қатынастарға байланысты туған жаңа тіркестер…

Абай тіліндегі фразеологизмдерді түстеп түгендеуде, жоғарыда айттық, басты назар олардың Абай қаламынан туған жаңаларына аударылмақ. Бұл орайда айтар әңгіме, талданар материал баршылық. Жасалатын образдар әдетте фразеологияға иек артатын болса, Абай бұл ретте жаңа тіркестер жасаудың жүйелі жолдарын жүзеге асырған. жаңа образды жасайтын немесе ақынның айтысу идеясын күшейтетін тіркестер құрастыру үшін Абай бір сөзді бірнеше фразеологизмнің компоненті етіп пайдалану тәсілін ұсынады. Бұл – Абайға дейінгі бірде-бір ақын-жырау тілінде ұшыраспаған құбылыс. Мысалы, Абай сату етістігін тіркес жасам құралы етіп алады да, бұрыннан бар сақал (ын) сату, ар-ұятын сату, жақынын сату, арын сату дегендердің үстіне оны модельмен еңбегін сату (“еңбегіне сүйену”), жан сату (“жанын пида қылу”), көзін сату (“телміру”), сөз сату (“сөздік талдау”), терін сату (“күш қайратын еңбекке жұмсау”), күлкі сату (“алдау”), қулық сату (“қулығын асыру, алдау”), құлағын сату (“өтірік таңдағансу”), қылығын сату (“әрекеттік жұмсау”), әнін сату (“ақындық өнерін талдау, оны пайда үшін жұмсау”), жүзін сату (“өтірік жақсы көріну”), суретін ұстап сату (“сыртынан иемдену, басын саудаға салу”) деген он шақты жаңа тіркестер жасайды” [120, б.].

Абайда жаңа образды тіркестердің құрылымдық әлементі есебінде сатуда басқа сауу, бағу, көйлеу, табу деген сөздер пайдаланылған.

Мысалы: адам сауу, қулық сауу, еңбек сауу, күлкі бағу, ел бағу, мақтан көйлеу, орын табу, ой табу.

Абайда жаңа тіркестердің семантикалық ұйтқысы есебінде есім сөздер де көп аталады. Мәселен, мақтан сөзі 50-ден аса рет қолданылған: мақтанға салыну, мақтан сөйлеу, мақтан қуу, мақтанның құлы, т.б.



Ғылым сөзі Абай шығармаларында жиі қолданылатын сөз. Оның да ғылым табу, ғылым оқу, ғылым бағу, ғылым іздеу деген тізбелері Абай шығармаларында ғана кездесетін тіркестер.

Көңілге ажым салмау, қайғының иыққа шығуы, өтірікке тұшыну, көңілге қылаң беру, қорлыққа жығылу, ақылға сәуле қону, айлаға шырақ жағу сияқты фразеологизмдердің әрқайсысы бір-бір образ ретінде жаңа болғанымен олардың жасалу моделі қазақ көркем сөзінде бұрыннан бар болатын дейді Рәбиға Сыздықова.

Бұл модель фразеология теориясында синкреттік амал деп аталады. Яғни мағыналары бір-біріне жуыспайтын сөздердің тіркесуі. Мысалы абстракт есім мен нақты зат немесе іс-әрекет атауы тіркесінде, бұдан жаңа басқа мағына шығады, әрі ол “әсерлі, отты”, экспрессиялы мағына болады. Екі сөз, мағыналары алшақ сөздер “соқтығысып”, “от шығарады”, әсер туғызады. Жаңа күшті мағына туады.

Бұл тәсіл қазақ поэзиясында сирек қолданылса да дара әдісті, дара тәсілді көрсетіп келген. Сөзге қонақ беру, сөзге қарауыл қою (Шортанбай), мөңіреп жұртқа ой қайтты, бұзауы өлген сиырдай (Дулат), көңілдің закарына салдың ұя (Ақан сері), тотықпақ киетін нәпсіге еріп (Шәңгерей) тіркестері авторлы образдар. Осы синкреттік тәсіл Абайда жүйеге айналып, Абайдағы көріктеудің актив құралдарының бірі болып қалыптасты. Абайдағы үміттің оты, күлкінің еркі, көңілдің жайлауы, қырық жамау жүрек, саңырау қайғы, нұрлы ақыл, дүниенің есігі, ақылдың көзі сияқты тіркестер мағыналары шалғай сөздердің жамауы есебінде бірден назар аудартады. Сонымен бірге стильдік мәні бар экспрессоид сөз тыңдаушыға әсер етеді. Бұлардың көп кездесетіндігі – Абайдың авторлық даралығын, шығармашылық контексін көрсететін тірегі.

Абайда сұм жалған, сұм дүние, қайран дәурен, кемді күн, бұлдыр заман, көк өрім, жүректің көзі, қараңғылық пердесі, көңілдің сызығы, қараңғылық сөзі, т.б, көптеген перифраздар бар.

Абайдың өлең тіліндегі айқын өзгешелік – ондағы Абайдың өзі жасаған сан алуан мәнді жаңа тіркестердің молдығы.

Абай қазақ әдебиетінде, қазақ көркем сөз өнерінде авторлық метафора дәрежесіндегі тіркестерді, авторлық тіл өрнегін жасаудың үздік үлгісін салды, үрдісін туғызды деп, Р. Сыздықова жалпыхалықтық тілдегі бейнелілік пен көркем сөздегі бейнелілік бірдей болмайды: жалпы тілдік образдар – ұжымның мүлкі, олар қолданыла-қолданыла келе жалпақ жұрттың меншігіне айналғандар, ал көркем сөздегі образдар – жеке қалам иелерінің табысы, олардың беретін мағынасы айқындалады. Бұның барлығы лингвистикалық поэтиканың сөз құбылту (орысша словопреобразование) деп аталатын жаңа саласының зерттелу объектісі.

…Жеке ақынның поэтикалық тілін зерттеуде бұл саланың мағына ауыстыру, мағыналық реңктерді жандандыру, сөздердің тіркесу қабілетін таныту сияқты сәттерін көрсетудің мәні зор, өйткені бұл – сөздің көркем тіркестегі қалпы туралы ізденіс өзегі болмақ дейді.

Ғалымның зерттеуінде Абай тіліндегі жаңанын басым бөлігі оның негізінде ондағы фразеологизмдердің өзгешелігін мынадай жүйеде көруге болады.



  1. Байырғы жалпытілдік образды фразеологизмдерді тұлғасын өзгертпей еркін, орамды, молынан пайдалану: аузымен орақ ору, малына шылбыр беру, басқа шауып төске өрлеу, т.б.

  2. Кәнігі фразеологизмдердің тұлғалық құрылымын өзгертіп жұмсау (қайғы жеу, тілге сөз түспеу, өсиетін төгу, өсекке салу, т.б.).

  3. Абай перифраздарды жүйеге айналдырған (жүректің толқыны, көңілдің сызығы, өмірдің шыжығы, т.б.).

  4. Жаңа фразеологизмдерді жасауда Абай семантикалық өрісі әр түрлі сөздерді тіркестіреді (ұлттың күзетшісі, көңілдің жайлауы, саңырау қайғы, қулық сауу, қорлыққа жығылу, т.б.).

  5. Мағынасы ауысқан сөз тіркестерін жасап, жаңа мағына туғызу (ақыл табу, ғылым табу, асау жүрек, адам сауу, т.б.).

  6. Жаңа фразеологизмдерді Абай кейде орыс тілінің жолымен жасайды (күнді уақыт итеру, жанның ауыр жүгі жеңілденген, т.б.).

  7. Абай осы жаңалық өзгерістерді стильдік мақсатты өтейтін құрал ретінде пайдаланды.

“Тіл мамандарының түгендеуінше, Абай өз шығармаларында алты мыңдай сөзді қолданысқа қосыпты. Оның ішінде: “көз” сөзі тура да, тұспалды да мағынасы бар… 49 түрлі тіркесте кездеседі екен” дейді Амантай Шәріп [97, б.].

Абай тілінің зерттелу тарихына қарасақ, жылдар жылжып, уақыт озған сайын Абай поэзиясының сөз өрнегі сан қырынан сыр аша бастағанын көрер едік.

“Жаңа сөздер, эпитеттер, теңеулер, жаңа сөйлемдер жасау, қазақтың әдеби тілін дамыту, ұстарту жөнінде Абайдың қазақта әлі теңдесі жоқ. Өзі тапқан, өзі жасаған жаңа сөздер, сөз тіркесі, эпитет, теңеулер, жаңа сөйлемдер, мақал-мәтелдер Абай өлеңдерін тағы да дәл, өткір көрікті етті” – деп жазған еді Бейсенбай Кенжебаев [20, 133 б.].

Абай өлеңдерінің құрылымын, ұйқас өлшемін, Абайдың қазақ поэзиясына әкелген жаңашылдығын ашып, тануда Абай тілін, оның тіл ұқсату тәсілдерін танудың жөні бөлек. Сол орайда Абайдың сөз әлемін зерттеу жалғаса бермек.

Қазақтың өлең тілін дамытуға Абайдың қосқан үлесі айрықша екенін әдебиет зерттеушілер әр кез мойындап, жан-жақты дәлелдеп айтты.

Поэзияда, әдебиет шығармасында сөз, тіл жаңалығы деген жеке сөздерді қолданудағы жаңалық қана емес, ол алдымен белгілі бір ой-пікірді, сезімді айтып жеткізудегі шеберлік, көркемдік. Көркем әдеби тілдің көрсеткіші.

Тілтанушы ғалым Құлмат Өмірәлиев: “Көркем әдеби тіл дегеніміз – әдебиеттің қоғамға қызмет ету барысында тапқан, өзін осы қызметі арқылы дамытуы барысында тапқан, жетістіктерінің бірі. Әдеби тіл – әдебиеттің қоғамдық жағдайдың талабынан туған тақырып, мазмұн, идея сияқты қаруларын дүниеге келтіруге бірден-бір негізгі себепші болған жанр, түр, форма дегендерді бейнеуге, солардың жасалуына атсалысатын құралдың бірі” [31, 25 б.].

Осы ыңғайда, Абайдың қазақтың жаңа жазба әдеби тілін қалыптастырудағы, қазақ әдеби тілін дамытудағы орны да сол жанр, түр, форма жөнінен белгілі бір деңгейде қарастырылғанымен, әлі де айқындай түсер көп мәселенің бар екендігі есте болғаны жөн.

“Қазақтың жазба әдебиеті Абайдан басталады деген тұжырым – тым ұшқары тұжырым. Жазба әдебиет бір адамнан басталса, ол адам қалай классик бола алады? дүние жүзінде ондай тәжірибе жоқ. Қазақ тілінде жарық көрген ежелгі дүниеліктерді былай қойғанда, Абайдың өзі шенеген кітаби ақындар тобын қайда қоямыз. Сыншыл көзқарас, қатаң талғам арқылы көтерілген Абай тақыр жерде өспеген шығар. Арқалық тарландарды тақырыптан тысқары қалдырып, күнгейдің көптеген кітаби ақынын алсаңыз, жазба әдебиеттің тоғыз тарау жодары сайрап жатады. Абайдың бесіктегі кезінде дүние салған батыстық Махамбеттің даңғыл жолы тіптен даусыз. Оның өлеңдерінің кейін жариялануы Абай шығармаларының кейін басылуы сияқты әдебиетінің төл тарихына нұхсан келтіре алмайды [90, 68 б.].

Тәкен Әлімқұлов “Абайдың тарихи орнын жеке шектеудің орны жоқ” деді.

Осы орайда айта кетеуге тура келеді. Абайдың әбден кемелденген кезінде XІX ғасырдың аяғында қазақ сахарасында кітаби ақындар көп болған. Оңтүстік-Сыр бойының бір өңірінде Майлықожа, Жүсіпбек қожа, Нұралы, Мәйкөт, Молда Мұса, Базар жырау, Жылқыбай, Сауытбек, Балта, Шәді төре, Құлыншақ, Ақберді, Ораз Молда, Омар Шораяқов сияқты хисса шығарып жыр жазған ақындар бар-ды [90, 78 б.].

Осы орайда М.Әуезовтің XX ғасыр басындағы Абай дөкір тілді ұштады дегенін еске алсақ та болар. Жаңа тіл жасады демейді.

Тілтанушы Ахмәди Ысқақов Абай және қазақтың әдеби тіл мәселесін айқын саралайды. Оның төмендегі пікірі жалпы қазақтың жазба әдеби тілі, жазба әдебиетінің түрлері мәселесін қарастыруға көп құнар беретін пайымдамалар.

“Қазақ даласында XІX ғасырға дейін, яғни Абайға дейін, екі түрлі әдеби тіл өмір сүріп келген. Оның бірі – көне түрік замандарынан бері қарай жазу дәстүріне сүйеніп, түрік жұрттарының бәріне де бірдей ( ортақ ) “түркі” (түрікше) деп аталатын жазбаша тіл, екіншісі – ерте кезден қазақ халқының ауызекі (сөйлеу) тілі негізінен сала-сала әдеби өрнекке соларға орай келісті стилистикалық нормаға түсіп қалыптасқан, ауызша туып, ауызша дамып, ауызша өмір сүрген байырғы төл тіл. Бұл екі нұсқаның да бастапқы төркіні бір болғанымен, кейінгі замандардағы тарау шегі, қолдану аясы бір дәрежеде болмай, бір-бірінен бірте-бірте ажыраса келіп, біреуі кітаби тіл дәрежесінде ғана қалып, екіншісі – түпкілікті әдеби тілге айналып өмір сүрген. Қазақтың қазіргі ұлттық әдеби тілі – байырға төл әдеби тілдің әрі табиғи, әрі тарихи жалғасы [121, 311 б.].

Қазақтың жазба әдеби тілінің жөнін қарастыруда А. Ысқақовтың негіздемесі аса айқын, сара екендігін айтқан жөн. Ғалымның түйін-тұжырымдары, сөз жоқ, қазақ әдебиеттану, тілтану ғылымдарының жетістіктерін негіз етті, сонымен бірге өзіндік білімпаздық, аңғарым, ғылыми алым мәселенің таза ғылыми жөнде жинақталып, ашылуына аз ықпал жасамаған.

Ғалымның Абайдың, Ыбырайдың өз шығармаларын қазақтың бұрыннан ауызша өмір сүріп, келген байырғы әдеби тілінде жазғандығын, соның негізгі лексикалық, фонетикалық және грамматикалқ нормаларын таяныш екендігін, сонымен қатар кітап тілдік элементтерді де, өзге тілдерден енген шет сөздерді де жатсынбай керегінше пайдаланғандығын, қазақтың байырға әдеби тілі жалпақ жұрттың өмір бойы қолданып келе жатқан жалпы халықтық тіл екендігін, ол тілдің ауызша және жазбаша түрі болғандығын, тарих көшінде белгілі себептерден ол тілдің жазбаша түрінің аясы тым тарылып, ауызша түрінің сақталып қалғандығын айтуында Р. Сыздық, Қ. Өмірәлиев пікірлерімен үндестік бар.

Әдеби тілдің ауқымы кең. Оның қолданыс аясы сан тарау. Оның бар ерекшелігі шарты Абайда болған жоқ, басқаша алғышарт та жоқ еді. Оның қасында Ыбырай Алтынсаринде әдеби тіл ауқымын қамтып сипаттар басымдау. Абай әдеби тілдің бір арнасы қазақтың көркем әдебиет тілін жасаған жоқ, жаңа сапаға көтереді. Бұл жөнде қазірде Ежелгі әдебиет, Хандық дәуір әдебиетін, XІX ғасырдағы әдебиеттің басты үлгілерін зерттеулердің нәтижесі мол дәлел, дәйек беріп отыр.

Сол негізде Абайдың қазақтың ұлттық әдеби тілін қалыптастырудағы орнын Абайдың өз дәуірінде қазақтың жаңа жазба әдебиет, поэезия тілін қалыптастырушы мәнінде, онан бергі кезеңде ұлттық әдеби тілдің қалыптасуына негізгі тірек болғандығы жөнінен бағаласақ, онан Абайдың ақындық арнасы ортайып, асылы жұқармайды.

Дәл, Абай өмір сүрген дәуірде қазақтың XX ғасырда кең өріс тапқан жаңа жазба әдеби тілі әлі бар сипатымен толығып, орнықпағандығы, негізінен жаңа жазба әдебиетінің стильдік жанрлық үлгілері есебінде туып, жасағандығы – тарихи шындық.

Абайдың қара сөздері абайтануда жанр, стиль мәселесі, қазақтың жаңа жазба әдеби тілін қалыптастырудағы орны, Абай шығармашылығындағы дін жайы, дүниетаным мәселелері, т.б. жөндерден белгілібір деңгейде қарастырып зерттелді.

Мұхтар Әуезов Абайдың қара сөздері 1890 жыл мен 1898 жыл аралығында жазылған деп көрсетеді. М. Әуезов жіктеуі қара сөздерде жалпы саны қырық алты бөлек шығарма. Оның алты-жетісі қысқа үлгіде 16, 18, 19, 20, 24, 31, 45 сөздері. 46 сөз жалпы қара сөздерден мазмұн, тақырып жағынан өзгешерек. Тарихтық мақала, очерк тәрізді Абайдың қолжазбаларында”. “Ғақлиат тасдиқат” деген атпен жүретін дін, мораль мәселелеріндегі ой-толғау. Бұл – 38 сөз.

Мысал, өсиет есебіндегі Аристодим әңгімесі. 25 сөз.

37 сөз – афоризмдер.

М. Әуезов Абайдың “анық қара сөз мұрасы” отыз бес сөзден тұрады деп түйеді.

“Жалпы алғанда, Абайдың осы барлық қара сөз дейтін мұралары көркем прозаның өзіне бөлек, бір алуаны болып қалыптанады. Бұлар сюжетті шығармалар емес. Бұрынғы жазушылар қолданған естегі, мемуар да емес. Стиль, мазмұн жағынан алғанда осы шығармалар Абайдың өзі тапқан, бір алуан көркем сөздің түрі. Кейде бұлар сыншылдық, ойшылдық және көбінше адамгершілік, мораль мәселелеріне арналған өсиет, толғау тәрізді.

Бұл шығармаларда Абай өзінің оқушыларымен әңгімелесіп, жүзбе-жүз кездесудегі мәслихат, кеңес құрып отырған ойшыл ұстаз тәрізденеді. Кейбір сырт сипаттарына қарағанда Лев Толстойдың “Круг чтение” деп аталатын еңбегіне ұқсас” [119, 204 б.].

Абайдың үшінші сөзін билеушілер туралы Герценнің “Былое и думысына” ұқсатады.

38-ғақлият – тасдиқатта Абай жазу тілінің, басқа қара сөздердегі анық қазақты түрін өзгертіп, кітапшылап (түрікше) тың үлгі, стиль іздейді. Аят, хадистен цитат келтіреді. “Ал, осы аталғандардан басқа Абайдың поэзиялық мұрасына қоса қара сөздері беретін әр заманда бағасы жойылмайтын бір үлкен қымбат қазына бар. Ол – Абайдың осы қара сөзді жазған тілі. Өлең сөзінде өзінің барлық шеберлігі, жаңалығы, көркемдік таланты бойынша қазақ тілінің сапасын әдебиет тілінің дәрежесіне көтерген ұлы тарихтық еңбегі қандай болса, қара сөздерінің тілімен де Абай осындай еңбекті біздің мәдениет тарихымызға мол сіңірді.

Біздің осы күнгі сөйлеп, жазып жүрген әдебиет тіліміздің тарихы жалғыз ғана Абайдан басталады деп кесіп айтпасақ та, сондай сапалы тілді қазақтың жазба әдебиетінде анық биік белге өрлетіп шығарған Абай екені даусыз [119, 213 б.].

Белгілі әдебиет тарихын зерттеуші, абайтанушы Бейсембай Кенжебаев Абай қара сөздерінің теориялық тұрғыдан негізделуінде 1955 жылы бірнеше мәнді мәселеге назар аударды. Ғалымның қара сөз жанрлары туралы айтқан пайымдамаларында қисынды ой, дұрыс бағдар, табылған тоқтам аз емес. Алайда, осындағы көп жай абайтанудың былайғы дамуында, қарасөздердің ендігі зерттелуінде көп ескеріле бермеген. Б.Кенжебаев Абайдың қара сөздерінің “Ғақлия” деп аталып жүргеніне, тегінде Абайдың қара сөздерін ғақлия деп қана атау дұрыс емес деп уәж айтады. “Өйткені ғақлия-ғибрат, мысал жөнімен дін, мінез-құлық жайында айтылған өсиет, насихаттау сөздер. Абайдың қара сөздерінің бәрі бірдей мұндай ғибрат, мысал болып, бәрі бірдей дін, мінез-құлық туралы болып келе бермейді. Тек бірнеше сөзі (1, 15, 25, 28, 32, 34, сөздері) ғана дін, мінез-құлық туралы ғибрат, мысал – ғақлия болып келеді. Естуіміз, Абайдың өзі о баста тек осы сөздерін ғана “Ғақлия” деп атаса керек” [20, 192 б.].

Ғалым Абайдың қара сөздерінің ара-тұра нақыл, мәтел сөздер – изречение, афоризм деп айтылатынына да қосылмайды. Абайдың 37 қара сөзі ғана билер сөзі тәрізді шыққан нақыл мәтел, афоризм дейді. Белгілі қисыны, ұйқасы, ырғағы бар тақпақпен айтылатын түйдек ой. “Бақпен асқан патшадан, мимен асқан қара артық. Сақалын сатқан кәріден еңбегін сатқан бала артық”

Б. Кенжебаев Абай қара сөздерін ғылыми трактат деуге де толық қосылмайды. Ғылыми ой, талдау 17, 19, 27, 36, 38, 43 сөздерде ғана дейді. Мұны Абай өзі “Тастих” деп атағанын ескертеді.

Сонымен Б. Кенжебаевтың Абай қара сөздерінің жанры жайлы түйіні: “Біздіңше Абайдың қара сөздерінің басым көпшілігі сын, сықақ жөнімен сюжетсіз жазылған көркем әңгіме, басқаша айтқанда, көркем проза, көркем публицистика Эссе – жазба” [20, 143 б.].

Қара сөздерді жазғанда Абай күнделік дәптер сияқты етіп жазған дейді. Қара сөздегі үлгі мектебі С. Шедрин дейді.

Әрине, Б. Кенжебаевтың қара сөздер жайлы тұжырымына толық қосылуға болмас. Дегенмен де ойға тартар жөні бар.

Б. Кенжебаев мынадай ойға тартар тың, тосын шешіммен тоқтайды:

“Сонымен, Абайдың қара сөздері көркем проза. Абай қазақтың көркем прозасының негізін салушы. Бірақ Абай бұл жөнінде жалғыз, тұңғыш емес, оның серігі, құрдасы бар. Ол Абайдың замандасы Ыбырай Алтынсарин. Ыбырайдың көптеген тамаша ұсақ әңгімелері, новеллалары қазақтың көркем прозасының басы, негізі. Ыбырайдың бұл әңгімелері Абайдың тұсында, Абай қара сөздерін жаза бастаған кезде, қайта онан сәл ілгері жазылды” [20, 145 б.].

1958 жыл ғалым Ханғали Сүйіншәлиевтің “Абайдың қара сөздері” монографиялық зерттеуі жарық көрді [122]. 1997 жылғы “Қазақ әдебиеті тарихы” оқулығында ғалымның Абай қара сөздерін қазақ әдебиеттану ғылымының, абайтанудың ендігі өресімен қайта қарастырғаны көрінді.


Х. Сүйіншәлиев әлі күнге жанрлық, түрлік ерекшелігі ғылымда айқындалып болмаған қара сөздер жайлы тың ойлар айтады.

“Сондықтан Абай қара сөздері сырт формасы жағынан “Кабуснамаға” өте ұқсас болса да, мазмұны мүлде бөлек. Бұл тұста біз Абайдың аталмыш шығарманы оқығаны және түрі, стилі жағынан болса да үлгі тұтқанын айтпақпыз.

Жанрлық іздену жолында ол Шығыстың ғылыми трактат, тастих ретіндегі шағын үлгілерін, Жәмидің қарасөзді ғақлияларын есте ұстағаны даусыз” [22, 913 б.].

Ғалым Абайдың прозасында ғақлия, нақыл сөздер де, ғылыми мақала да, ойшылдық трактат та, өткір сын, мысқыл ретінде келетін сатиралық әңгіме де, адамгершілік өсиеттер де (дидактикалық рассуждение), публицистикалық насихат түрлері де, шешендік әңгіме кеңестері де бар дейді.

Профессор Х. Сүйіншәлиев Абайдың қара сөздерін прозаның шағын түрі деп атау керек деп, қара сөздерді мынадай түрлерге топтады:


  1. Өсиет Ғақлия. 13, 20, 28, 38.

  2. Тастих (утверждение). 7, 17, 43, 45

  3. Нақыл, тұспал сөз (афоризм, изречение)

  4. Әңгіме, кеңес ретіндегі диалог, монолог. Сұрақ-жауап. 4, 5, 8, 9, 10, 12, 16, 19, 25, 27, 31, 32, 40.

  5. Публицистика. 1, 2, 3, 14, 24, 26, 29, 33, 39, 41, 42 және “Біраз сөз” (46 сөз. Қ.М.)

  6. Мақала, памфлет, ирония, сатира. 6, 11, 14, 22, 29, 41.

  7. 1 сөз күнделік, мемуар.

  8. Ал 15, 17, 18, 23, 26, 27, 35, 36, 44 сөздерінің көркемдік сипаты басым: әсіресе, мінезсіз адамдардың (кербез, мақтаншақ) бейнесін суреттеуі.

“Аталған әңгімелердің бір тобы көркем дидактика (изречение), шешен толғаныс туындылары. Олар кей тұста өткір мысқылмен де қатысады. Кейбіреулері таза диалогты әңгіме. Енді біразы автордың терең толғаныстары, монологы, ақыл айтып, кеңес жасау толғана сөйлеу (рассуждение) ретіндегі монолог. Бәрі де сюжетсіз, белгілі бір ойды ғана білділерлік шебер, шешен туындылар. Аталмыш диалогтары мен монологтары басқа сөздерінен ерекше көркем, қазақтың шағын прозасының алғашқы көріністері. Ол адамдар арасында кездесетін кербез, кердең, мақтаншақ, құр кеуде, жұғымсыз мінез-құлықтарды шебер бейнелейді. Бір топ адамның жағымсыз мінезін көз алдыңа елестетеді [22, б.].

Қара сөздің жанры туралы абайтанушы ғалым Ғарифолла Есім “Сөз жанры” дейді (М.Қашқарида кездесетін “Сөз” жанрына ұқсасҚ.М.) “Абай ойына келген нәрселерін еркін айту үшін өзі арнайы жанр ойлап тапқан. Ол сөз жанры. Ақынның қара сөздері нағыз еркін ойдың жанры. Мұнда ешқандай бір дәстүрге, тәсілге бағынушылық жоқ. Ой еркін айтылған, мазмұн өзін лайықты форма тапқан” [95, 129 б.].

Аслан Жақсылықов Абайдың қара сөздері жайлы өзіндік танымын ұсынуында көп мәселеде иландырады.Абайтанудың ендігі алымдарына құлаш ұрған ауқымды білімпаздық байқатады.

“В целом в рамках всего цикла “Слов” реализована определенная нравственно-этическая программа воспитания слоев народа, особенно людей,естественно тяготяющих к религии. Содержательная духовно-филосовская полнота, честность и искренность в изложении взглядов, ориентация на нравственное воздействие на души людей, учет общиного принципа сознания свойственно “Словам” Абая позволяют говорить об их жанровой близости к Хадисам пророка Мухаммада, нежели к эссеистической дидактической традиции западной литературы. Совершенно не случайно во многих фрагментах “Слов” упоминаются хадисы пророка, цитируются изречения из Корана” [38, 207 c.].

Абайдың дәстүрлі “иман” иланымы арқылы кемел адам тәрбиелеу мақсұтын жан-жақты адамгершілік ұстанымдармен ұштастырудың терең бойлаған зерттеуші “иман” иланымының мұсылмандық Шығыста қай дәуірде болмасын басты қағида болып отырғандығын негіз етеді.

“Данная концепция “иман” бытовала в восточной мусульманской культуре ряд веков, получая различные трактовкии формы выражения, она отразилась в трактатах аль-Фараби, в трудах суфийских теоретиков Аль Газали, Ибн Араби, в поэме Ю. Баласагун “Құтты білік”, в дидактической книге Кайкауса “Кабуснаме” и т.д. [38, 210 c.].

А. Жақсылықовтың Абайға бұлайша ой тастауы – Абайды билеп-төстеп сөйлейтін қайсыбір зерттеудің жалаң, жалпылама сөзі емес. Ақын Абайды ақиқат тану жолындағы шынайы зерттеу, зерделеудің қисыны. Абайды іштен ұғу. Ғылыми негізді сөз. Абай жөнін тың танудың кемелденген кезеңінінің мәнді сөзі.

Абайдың қара сөздері оның өлеңінен жалғасқан ойшылдың дүниетаным алымы. Абай қара сөздерінде оның дүниеге көзқарасы, дінтаным өрісі айқын. Қазіргі кезеңде абайтанудағы осы төркіндегі бар зерттеудің ұтымды, дөп тұстарын жинақтай отырып, мәселені айқындай, арши түсуге, Абайдың, сол ХІХ ғасырдың соңына таманғы қазақ қоғамының тыныс, болмысы, өзекті өртеген өмірлік мәселелері аса жалаңаштаған тұстағы жан-жақтан жиғанын жан толғанысына орап, жұртына қажет қағидаттар туғызғанын біле-көре тұра, солардың әрқайсысын әріден жеткен желімен жалғастырып, аумағымен, ауданымен қамтып, ашып сөйлеудің күні жетті. Біздіңше, бұл жөнде ендігі әрі тереңдете, тұтастыра түсер мәселелер қазірде біршама айқындалған, айтылған. Абайдың исламиятқа қатысы әр кезеңде әр қилы ұғындырылғанын айту ендігі кезекте жаңалық ашу емес. Онымен ешкімді таңқалдырмайсың.

Абайдың руханят әлеміне сезініп, көп жөнді біліп барып үңіліп, барлау жасап, баға беретін шақ жетті.

Кезінде Мұхтар Әуезов айтқан: “Оның діні сыншыл ақылдың шартты діні” деген тоқтамның төңірегінде сан тарапқа тартып жатқан сауал мол енді. Абай шығармаларын бұл жөнде мазмұндап, таныту кезеңдері өткен.

Бұл жөнде қазіргі кезеңдегі абайтануда ілгері тартып отырған, тереңге тартып жатқан зерттеулерге М. Мырзахметовтің мәселе қоюларын, Ғ. Есімнің, А. Жақсылықовтың пайымдауларын жатқызуға болар.

М. Мырзахметов Абайдың М. Әуезов көтерген, исламиятқа қатысы мәселесін кең, алымды зерттеулерге айналдырудың көкейтестілігін әр кез айтып келеді.

Ғ. Есім “түсінікті – түсіну” атаған “Хакім Абай” зерттеуінде Абайдағы дін, дүниетаным жайын сұңғылалықпен сараптайды.

Ғалымның “мистика – ол да дүниетанымның бір формасы” деген тұжырымы, “дін, мистика” дегеннен шайлығып қалған санаға жаңа сәуле жүгіртетіндей. Алла мен Адам, кейінгінің алғашқыға таусылмас махаббаты… Алла мен Адам арасындағы ынтызарлық болып трансформацияланған Аллаға деген махаббат… Сопылық пәлсапа… Ғ. Есім Абайдың көзқарасын діни идеология емес, діни философия жағынан іздеу керек дейді. Ғалымның Абай шығармаларында Алла үш мағынада қолданылады деп қисындауы, ілгері абайтануда айтылмаған пайымдау екендігін ескеру қажет.

1. Алла – шындық, ақиқат. Өлшеусіз. Біздің ақылымыз өлшеулі.

2. Космогониялық мәнде. Алла әлемді жаратушы құдірет.

3. Гносеологиялық тұрғыда. Ислам дінінде Алланы тану оның елшісі пайғамбар арқылы болмақ.

(Осы арада ғалымның: “Абай пайғамбарды тануға шақырмайды” деген пікіріне қалай қарауды ойлағанымыз жөн Қ.М.).

Жалпы, Абайдың дүниеге көзқарасы,исламиятқа қатысын зерттеуде Абай және сопылық ілім мәселелері біршама қозғалған. ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде абайтанушы Ғабрахман Сағди Абайды сопылық ілімнен бөлек, бөліп алып қарастырудың жөнін көрсетіп, пікір айтқаны белгілі.

Ғ. Есім де: “Абай сопылар сияқты Аллаға құлшылық жолында дүние қызығын тәрк қылуға қарсы”, – деп, Абайдың аса күрделі дүниетанымына тартар құнды бір ойдың тереңіне баурайды [95, 41 б.].

Профессор Аслан Жақсылықов Абай дүниетанымын бүгінгі ғылымның ауқымды өресімен, тұщымды нәтижелерімен зерделеуде іргелі ізденістерге бастайтын ой өрбітеді. Оның “Широкие разно-сторонние познания Абая в области философии мировых религий, метофизики, суфизма сегодня у нас не вызывает сомнения” дегендей пайымдаулары Абай шығармашылығының жаратылыс құпиясын зейін қоя қадағалап, құмарта зерттеуден туған, Абай ақындығының айналасын молынан қамтыған ізденіс нәтижелері.

Қара сөздердің қайсыбір қырларына ғалым өзіндік танымын ұсынады: “Ғақлия (эссе) Абая – плод наиболее серьезных и зрелых размышлений, философское духовное наследие поэта, оставленное народу, будущим поколениям.

…По духу и интонации они не являются назиданиями, наставлениями, ибо Абай никогда не ставил себя над народом и поза поучающего наставника была для него неприемлима” [38, 207 c.].

Қара сөздердің құны бөлек. Сыры терең…

“В целом в рамках всего цикла “Слов” реализована определенная нравственно-этическая программа воспитания слоев народа, особенно людей, естественно тяготяющих к религии. Содержательная духовно-философская полнота, честность и искренность изложении взглядов, ориентация восприятие масс неизбежно привели к созданию программы по нравственно-этическому воспитанию слоев народа, в том числе и совершенного человека (правиденного) в рамках традиционной идеи “имам”:

На нравственное воздействие на души людей, учет общиного принципа сознания своиственные “Словам” Абая позволяют говорить об их жанровой близости к Хадисам пророка Мухаммеда. Нежели к эссеистической дидактической традиции западной литературы. Совершенно не случайно во многих фрагментах “Слов” упоминаются хадисы пророка, цитируются изречения из Корана” [38, 207 c.] мәніндегі А. Жақсылықов әлі танылмағандығын, ашылмағандығын орынды көтере отырып, жалпы, жалаң ой емес, Абайды тану жолындағы шынайы ғылымның қисын, жөнін алға тартады. Қисынды. Абайды ұғынбастан ұғындару емес, іштен ұққан сөз.

Осы орайда, Абайдың дүниеге көзқарасы, Абайдағы дін жайы деген мәселеде ілгергі зерттеулердің назарында болатын бір жай, біздіңше, Абайдың ислам негіздерін ұғындырудағы ұстанымдарының ғылыми жөндерін ашуда 1884 жылы баспа көрген Ыбырай Алтынсариннің “Мұсылманшылықтың тұтқасы” еңбегін де қосу. Бұл жерде ХІХ ғасырдағы патшалық Ресей тарапынан жүргізілген дін саясатына қарсылықтың бой тасалап жатқаны өз алдына, ислам негіздерін ұғындырудағы Абай мен Ыбырайдың ұстаным табиғатын тани түсер едік.

Ә. Қоңыратбаев “Фараби және Абай” деген мақаласында осы отыз сегізінші қара сөзі жайында: “Бұған әзірше ешкімнің тісі батпай жүр. Мұны түсіну үшін араб тілін білу жеткіліксіз, сонымен бірге ислам философиясын да білу қажет. Мұнда Абай Фейербахша дінді реформалап, соны жаңашылыққа бейімдегісі келеді. Қайшылығы бар. Ол Фейербахтың “Махаббат діні” деген еңбегіне ұқсайды. Алайда Абайдың отыз сегізінші, қырық үшінші сөздерінің бас тақырыбы алла емес, адам бойындағы табылмаған қасиеттер. Дінді Абай антропология теориясымен түсіндіреді. Өйткені адам құдайды өзіне ұқсатып жасаған, сондықтан негізгі жаратушы адам, ол өзін аллаға ұқсатуға тиіс, дейді” [123, 329 б.].

Абайдағы дін жайы ұшан-теңіз әлем. Абай Алланы сүюін, Алланы тану жолындағы адам баласының түйсік аласапыранын өлеңде де, қара сөзде де үздіксіз қозғады. Оның дүниетаным шеңбері жайлы кесім айту – алынбайтын алыс асу. Дегенмен де Абайдың өлең сөзі мен қара сөзін толтырған, дүние, жаратылыс жайлы толғаныстарын тоғайтып отырған, толықтырып отырған қайнар көздерді көре білу, олардан Абайдың сіңіргені мен адамзат даналығына өз қосқанын ажырата тануға ұмтылыс заңды.

Бұл жөнінде абайтанудағы қилы кезеңдегі тұжырым-түйіндердің қайшылығын ғылымның ендігі жетістігімен ой желісін құнарландыра отырып, тігісін жатқыза және бір қарастыру да көкейтесті.

Бұл жөнінде ғалым Ғарифолла Есімнің тәсілі де ойға тартады: “Мен Абайды тануда өзгеше тәсіл қолдандым. Оның аты еуропаша герменевтика, арабша – бари ирманийас. Бұл түсінік туралы ғылым немесе түсінікті түсінудің тәсілі. Түсінікті түсіну деген сөз, біреудің ойлау тәсілін меңгеру” [17, 51 б.].

Ахмет Байтұрсынов “Әдебиет танытқыштың” “Қара сөз” бөлімінде жасаған теориялық негіздемелердің, сөз жоқ, Абайдың қара сөздеріне әбден қатысы бар. Мұнда ғалымның өзінің тұжырымдарына Абайдың қара сөздерін негіз етіп отырғанын байқауға болады. А.Байтұрсыновтың бұл пікірлеріне ден қойып қарасақ, Абай қарасөздерінің теориялық негіздемесін бекіте түсер түйін-тұжырым жатқаны даусыз.

“Нәрсе турасында тиісінше сөйлеу үшін тиісінше ойлау керек. Тиісінше ойлағанда ойымыз, ұғым түрлеріне қарай бірнеше тармаққа бөлінеді.


  1. Ғалам тарапына.

  2. Құдай тарапына.

3. Ғылым тарапына,

4. Әлеумет тарапына,

5. Үгіт-тәрбие тарапына,

6. Сын тарапына [12, 396 б.].

Ахмет Байтұрсынов осыларды таратып, ұғындыруда көбіне Абай қара сөздерін негізге алып отырғаны көрінеді.

Адам танымының шектеулілігіне қатысты, ғылымға, әлеумет жайын қозғаған көсемдік ұғымдарға, басқаға тапқан білімді үйретуге жұмсағанда үгіт-қара сөздеріндегі ұғымы, басқаның ісін таразылап, ұнамды, ұнамсызын тексергенде сын ұғымы жүйесі пайда болады дейді. Абай қ.с. дүниетаным, дін жайы, әлеумет жайын қозғауы, өнеге өсиет сөздері, ел мінезін сынауы… А.Б. Өзге жұрттар үлгісін есте ұстағанын ескерткенімен, қазақтың өз топырағынан шыққан қара сөз ол заманда М. Жүсіп, Ыбырай Алтынсарин, орыс тілінде жазған Шоқан еңбектерімен бірге Абайдан бастау алған ағым еді.

…Қара сөздердің, ең әуелі, баса қозғаған мәселесі А.Жақсылықовтың Мұхаммед пайғамбардың хадистеріне ұқсайды деп атап көрсеткеніндей, Алланы тану – теологиялық таным.

Қара сөздерде өмір философиясы, қазақ әдебиетінде ежелден келе жатқан сарын – не жақсы, не жаманның жайы түйінделген. Халық ұстанған өмір сүру қағидасы, Абайдың өмір қағидасы құрғақ ақыл – жалаң дидактика емес. Адамның дүние жаратылыстың еріктен тыс заңдылықтарымен үйлесім тауып ғұмыр кешудің қисындары.

Қара сөздер белгілібір дәрежеде қазақ тарихына көңіл бөлді.

Қара сөздер елдің өткен тарихы, ендігі кезеңдегі саяси-әлеуметтік ахуалы, келелік басшысы – барлығы мәңгіліктің басты заңдылықтарына қатысымен, біртұтас ұлттық ұстаным есебінде жүйеленген Абай танымы.

Осы жөнде Мұхтар Әуезовтің: “Абай лебі, Абай үні, Абай тынысы – заман тынысы, халық үні. Бүгін ол үн біздің де үнге қосылып, жаңғырып, жаңа өріс алып тұр”, – дегені қара сөздердің халық тарихындағы құнына да аса қатысты.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   22




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет