МӘдібаева қанипаш қайсақызы


Зар заман поэзиясындағы әлеуметтік ортақ желілер, шығармашылық шеберлік



бет12/22
Дата31.12.2019
өлшемі1,9 Mb.
#53947
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   22

2.3 Зар заман поэзиясындағы әлеуметтік ортақ желілер, шығармашылық шеберлік

Қазақ әдебиетіндегі белгілі бір дәуірде жасаған үлкен әдеби мектептің басы – Дулат өз заманындағы сауатты, білімді аса мәлім мәшһүр ақынның бірі.

Қазақ кітабы тарихы дамуының екінші кезеңі деп 1867-1900 жылдар арасын қамтып қарастыруында Ш. Елеукеновтің ХІХ ғасыр әдебиетінде болып өткен айрықша елеулі құбылысты құлаққағыс етуі тегін емес.

“Екінші кезеңге тән және бір жаңалық – қазақ кітабының ел өмірін жазуға батыл бет бұрғандығы. Қазақ әдебиеті Шығыс әдебиетінен алатынын алды, бойына сіңіретінін сіңірді, бірақ ықпалында, ығында кеткен жоқ. Кетпеуінің басты себебі – қазақ елінің рухани бірлігінде, талай жаумен шайқас, алыс-жұлыстарда шыныққан тірлігінде еді. Сондықтан ел өмірінің ағысы өз арнасынан ауған жоқ. Сондықтан ол кездердегі әдебиетіміздің жетекші жанры поэзия өз халқының өмірінен тың тыңдады, жаңа идеяларды Шығыс мифологиясынан емес, боданға түскен елінің зарынан қарпыды, көз жасымен суарды. Ұлт мүддесін, мұң-мұқтажын шығармаларының өзегі еткен ақындардың өлеңдерінің алды кітап боп жарыққа шыға бастады” [Елеукенов, 109 б.].

Ғалым Дулат пен Шортанбай кітабындағы өлеңнің жыр үлгісінде келгенімен публицистикалық жалынға оранғанын айтады. Заман күйін толғауда памфлет стильді толғаулар туғызды деп, зар заманды тек күйреуден туған өлең заманы деп ұғынудың (мұндай құбылыстар зар заманның танылу тарихында аз болған жоқ, қазірде де зар заманның белгілі бір стеоретиптерде тану қисындары жоқ емес – Қ.М.) шынайы негізіне жүгінеді.

“Өлеңнің аты “Зар заман” деп аталады демесең, Дулат, Шортанбай ақындардың бұл өлеңдерінде торығушылық, күңіренушілік сарыны естіле ме? Қайта бұл – патшаның өзінен бастап ел билеуші құзғындардың бет пердесін аяусыз жұлып әшкерелейтін, өлең найзасын өңменінен өткізе шаншатын батылдық, ерліктің үлгісі емес пе еді?! [Елеукенов, 110 б.]

Зар заманда ұлт мүддесін шығарма өзегі еткен ақындықтың шығуы, қазақ әдебиетінің Шығыс ықпалында кетпеуі дәстүрі мықты әдеби құндылығымыздың қуатынан тарағаны сөзсіз.

“Болмыс-бітімдерін нақты категориялардың көмегімен кескіндеп-кейіптеуден гөрі, ойлы образдар немесе образды ойлар арқылы айшықтауға бейім көшпенділер жұрағаты – қазақтардың тарихи тағдыр-талайын зерттеп-зерделеуде әсіресе олардың поэзиясының тұла бойында тұтас тұнып тұрған қыруар қазынаға жүгінудің жөні бөлек. Өйткені ұлттық поэзия қай тұста да елдік мұрат пен мүдденің, арман мен аңсардың шығармашылық шежіресіболумен қатар, зобалаң замандарда азаттық жолындағы арпалыстың қуатты құралы ретінде де риясыздық танытты” [Шәріп А. , 3 б.].

А. Шәріп ұлттық әдебиетіміздің төлтумалық қасиетін өзгеше құндылауды, айрықша бағалауды атап көрсете отырып былай дейді: “Былайғы жерде байқай бермейміз, әйтпесе, біздің жат жұрттық (жоңғарлық, орыстық, қоқандық, хиуалық, қытайлық) өктемдікке наразылық білдірген әдебиетіміздің туған тілімізде өсіп-өркендеуінің өзі ұлттық кемелдіктің бұлжымас айғағына айнала алады. Неге десеңіз, көптеген Азия, Африка және Латын Америкасы халықтарының отаршылдыққа қарсы күрес кезіндегі көркем шығармаларының дені метрополия тілдерінде – ағылшынша, испанша, французша, португалша жазылды. Әдбетте, бұл этностық сана-сезімнің әлі де дәрменсіз күйін дәйектейді” [Шәріп А., 4 б.].

Осы тұста Еуропа жұртына әдебиет жасау үлгісін шығармашылық үрдіспен емес, көшірме түрде алып отырды деп, туған әдебиетінің тарихын торыға толғаған кәдімгі Виссарион Белинский де ойға оралады.

Ұлтымыздың тарихтың талай талапай кезеңінде көбесін сөгіп, кіндігін үзбеген Сөз өнері үшін және бір қанағат сезім бойыңды буып, марқая түсесің. “”
Дулат Бабатайұлы 1802 жылы қазіргі Семей облысының Аягөз ауданында туады. Мұсылманша сауат ашып, оқу оқыған, өз уақытының аса білімді адамының бірі. Жалпақ қазақ жұртының жыр өлкесінде дара шапқан тұлпардың бірі – Дулат ақын 1871 жылы қайтыс болады.

Дулат қазақ поэзиясының атты шулы үздігі. Өз уақытының жан ауыртқан жайларын өлеңге түсіруші жыршы ғана емес; сол жайлардан үлкен әлеуметтік ойлар түйген ойшыл.

Дулаттың жыр кестесі қазақ поэзиясының жаңа мүмкіндік көкжиектерін көтеріп кеткен ғажайып көркемдік әлем болды.

Күні бүгінге шейінгі қазақ әдебиетінің тарихына қатысты зерттеу-зерделеулерде Дулат ақынның аты қағаберіс қалып көрген жері жоқ. Дулат Абайдың алдыңғы жаңа сапаға ойысқан қазақ өлеңінің зергері. ХІХ ғасырда жасаған, орыс отаршылдығы бар ойраныны салып жатқан уақытты көзбен көрген Дулат сол дәуір туғызған зар заман әдебиетінің аса көрнекті өкілі.

Дулаттың бүгінге жеткен жыр мұрасы шамамен 1500 жолдай делінеді.
1839-1919 жылдар арасында ғұмыр кешкен Байділдә деген Дулаттың көз көрген, замандас адамы Дулат өлеңдерін жазып алып, қолжазба күйде сақтап ұстап, кейінгіге табыстайды. Оны беріге жеткізген Ғаббас Байділдәұлы мен Шәкір Әбенұлы.

Дулат Бабатайұлының өлеңдері Қазан төкерісіне шейін “Өсиетнама” деген атпен Қазанда (1880) басылып шыққан. Баспаға Мүлкен Сейілұлы даярлаған. Бұл жинаққа өсиет, ғибарат өлең, толғаулар енді. Жалпы көлемі 800 жолдай.

Дулат ақынның өмірбаян деректері, өлеңдері кейіннен жиналды. Әдебиет тарихына қатысты еңбектерде алғаш көрінуі С. Мұқанов пен Қ. Бекхожиннің 1939 жылғы хрестоматиясында. Мұнда ақын өмірбаяны мазмұндалады.

Қ. Жұмалиев 1940-1941 жылғы шыққан мектеп оқулығында өмірі мен шығармаларын талдап жазды. “Қазақ әдебиеті тарихында” [109] қысқаша мәлімет бар. “ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ ақындарының шығармалары” [110] “Үш ғасыр жырлайды” [111], “Дастандар” [112], “Бес ғасыр жырлайды” [74], т.б. жинақтарда Дулат шығармалары басылды. Дулаттың әдеби мұрасына қатысты толымды, жүйелі зерттеу жүргізген, ақын мұрасының ақиқатын қорғау жолында жақсыны да жаманды да көрген ғалым – Ханғали Сүйіншәлиев. Дулат әдеби мұрасын мазмұндық, көркемдік жақтан жүйелеп, бағалады, шығармаларын насихаттап, баспа бетіне жариялады. Алғашқы ауыз толтырып, айтарлық зерттеудің бірі – “Қазақ әдебиетінің қалыптасу кезеңдері” [113] атты монографиясында. 1959 жылғы конференцияда ақын мұрасын бірден-бір арашалап сөйлеген – Х. Сүйіншәлиев.

Қажым Жұмалиев Дулат ақынның шығармашылық мұрасын теориялық, әлеуметтік-саяси, тарихи жақтарын қарастырды.

Дулат поэзиясының көркемдік өлшемі, қисапсыз құндылығы жайлы жеріне жеткізе Р. Сыздықова, Қ. Өмірәлиевтер сөйледі.

М. Мағауин Дулатты өз заманының аса сауатты адамдарының бірі деп, ақын бағасын береді. “Дулат қазақ поэзиясын мазмұн, тақырып жағынан байыта түсті, түр, көркемдік тәсілдер тұрғысынан жаңа сатыға көтерді” [72, б.].

Біздіңше Дулат шығармашылығының ең басты өзгешелік сипаты: ақын өлеңі – бірнеше ғасыр ішіндегі қазақ поэзиясының тоқайласқан тұсы. Дулатта ескінің түсі де жаңаның түрі де – бәрі де бар.

Х. Сүйіншәлиевтің мына бір тұжырымы әбден рас. “Дулат өлеңдерінің мазмұны, тілі халық ауыз әдебиетімен ғана үндесіп жатпайды. Соған қоса Абай, Ыбырай, Махамбет, Шортанбай сияқты кейінгі ақындармен үндесіп, пікірлері астасып жатады”.

Дулат шығармаларының сарыны – замана күйі. Өз уақыты туғызып отырған құбылыстар. Дулат шығармаларының шеберлік сырлары шексіз.

“Тегімді менің сұрасаң” жырында сонау қарға бойлы Қазтуған жыраудың “Мадақ жырымен” үндес мақам жатыр. Қазтуған барлығын ту ғып көтеріп, мадақ айтады; Дулат асып туған өнеріне шалқиды.
Сырымды менің сұрасаң,

Тұманың тұнық суынан.

Кеудеме қайғы толған соң,

Тұнық жырмен жуынам.

Сорғалаған нөсердей

Жырын тыңда Дулаттың [114, б.].
Дулатта қазақ поэзиясындағы дәстүрлі сарынның бірі тұлпардың сынын суретке көшіру. Абайдағы аттың сынына ойысқан сурет, келісім.

Ақын шығармалары сөз қуатын, сөз сырын, сөз сиқырын үнемі ашып, отырады; сөз сұлулығына сұқтандырып, ынтықтыра жетелейді. Сусағанды сулатып, шаршағанды қунатып, бойға қуат, ойға сана құдірет құяр жыр арнасының суаты – ақын, Дулаттың өзі.

Дулаттың арнау өлеңдері, лирикалық қайырымдары, өсиет-өнеге түріндегі сөздер, мысалдары, “Еспембет” дастаны туралы айту – тұтас бір дәуірдің көркемдік биіктігі, әдебиетінің өзгешелігі туралы айту.

Дулат – зар заман әдебиеті өкілі делінеді. Солай болғанымен де зар заман әдебиетінің негізгі зар заман сарыны жатқанымен, Дулат өлеңі Шортанбай, Мұрат өлеңінен өзгешелік сипаты, айырмасы көп өлең. Ол айырма – ең алдымен өлеңнің көркемдік сапасындағы нақтылық; поэзия тіліндегі өзгеше қуат-күш. Яғни ақынның өлең жасау әдісіндегі өзгешелік, аса сауаттылық. Дулат өлеңі өмірді сырттан бағалаушы; сырттан тамсанушы, баяндап, мазмұндап шығарушы емес. Сол өмірдің ішіне еніп, сырын сезіп, соны өзгеге сезінтіп, өзгеше айқындықпен құбылтып өрнектеген өлең. Жыр қуатын, сөз қуатын, құдіреттің өзіне сыйлаған өнер күшін ақын ғажап сезінеді.

Егер Шортанбай шығармасында заманның, сол заман билеген адамның елдің қалпы, мінез құлқы негізінен жалпы мәнде сипатталса, тұтас бағамен қайырылып отырса, Дулат сол заман билеген адамға; оның мінезіне жақын келіп, іштен алып отырып сөйлейді. Жалпыны жасап, туғызып отырған жалқының өзін ашады. “Сүлейменге”, “Кеңесбайға”, “Бараққа” өлеңдеріндегі сарын өз тұстастарындағы жалпыдан гөрі Абай сынаған, Абай кейіптеген ел мінезіне жақын. “Сүлейменге” арнауында ақын төреге мадақ қошемет айтып бастайды.
Ардақты туған атадан,

Әдемі сәлем берейін,

Сүлеймен сынды төреме.
Төре деген атаудың жүгі ауыр, міндеті көп болған жайын айтады. Көп сырға меңзейді.

Төреліктің белгісі,

Елін жауға бере ме?

Еліне қорған болмаса,

Ел төрені көре ме?

Тағы бір тұста қайырып кеп:



Төре деген төрені

Ел тілегін таппаса, [114, 98 б.]

деп тұжырады. Толғау өмірдің кесімді шартынан хабар етер түрлі нақыл, өрнек сөзге толы.

Осы жырда ақын өлең сөздің өтіміне, ақынның өзгеден бөлек бітіміне қарата сөйлейді.

Жырда ертеден келе жатқан, жыраулық поэзияның дәстүрлі үлгісі дыбыс қуалау, нақыл-шарт, өлең үлгісі (жыр) т.б. сипаттар басым; мән түрі жағынан өлең өмір фактілерін, кәдімгі қазіргі болмыстық толып жатқан қырын аша термелей төгеді. Жыр жеті түйдектен туатын ұзақ өлең. Ұйқасы ерікті.

Бірінші түйдек төренің ордасына мадақ, тұрмыс қалпын суреттеу. Келесі түйдекте ақын дүние шарттарын өз мақсатына, айтарын ашуға бейімдей сөйлейді.
Қаршығаны қайырма,

Қалыңға салса батпаса.

Мергенге мылтық кезетпе,

Атқан оғы айнымай

Түтінін үзбей атпаса.

Батыр деме батырды,

Шеп құрған жауға шаппаса,

Төре деме төрені,

Жыршының аты жыршы ма,



Әркімнен өлең жаттаса.

Дулатты Дулат демеңіз,

Тас ағызып ағыны

Төре алдында ақпаса [114, 98 б.].

Өлең түйдегінің соңғы жағы тұтастай өлең сөздің шартына, жыр туғызушы өнерпаздың міндетіне құрылған.



Шешеннің аты шешен бе,

Таңдайға дәмі үйріліп,

Даугердің дауын жықпаса?

Келесі түйдек Сүлеймен төрені өзіне қарата, шақыра сөйлеп басталады, өнер құдіретін аша түсер, жыр әлемін жеткізе түсер мына бір шумаққа жалт қарап, бұрылмау мүмкін емес.



Сүлеймен төре, құлақ сал,

Дулаттың төккен жырына.

Үңілсең көзің жетер ме

Теңізден терең сырыма.

Әрі қарай тойынған, тоғышар жұрттың суреті.



Төрдегі өңшең отырған

Топырым, топас, күшіген,

Жау айынбас күшінен,

Ел түңілген ісінен,

Дулат келсе бермейді

Төрдің орнын сырыла [114, 102 б.].

Ақын Кеңесбай, Ақтайлақ, Аққожа сынды ел жақсысын, бұрынғы күннің әділ бекзаттарын іздейді; Әлгі топас топтың ұрыға құрық беріп қойып дүниені бұзғанын жылап жеткізеді.

Келесі түйдекте Сүлейменнің ішін аша сөйлейді. Төрені Хақназар Хандай биге теңейді. Сырға берік сырбазым, адалсың, сыбызғының күйіндей сырлысың, алтын зерлі тереңсің, бекзатың, дұшпаныңа қаттысың, сабазсың деп сүйінеді. Үдете сөйлеу; жыр үлгісіндегі әсіре, ашық сөзді дыбыс қуалау арқылы жандандыра түседі.

Аруақтың артқы сарқыны

Адал бекзат туысым,

Айтарыңды байқасам,

Алтын зерлі түбімсің

Ауыл-аймақ көршіңе

Алтынның айшық буысың.

Әділдігің – қазақтың

Ақназардай биісің,

Адалдығың аңқылдап…

Ақын қайтейін, сен қандай асыл болсаң да заман жаман; жау айыптар күй жоқ, өзгеріс әкелер күш жоқ. Ендігі іс көну, шыдау деген сарынға көшеді. Бұл сарын – аса таныс сарын. Зар заманның күйі. Оның ақындарының ортақ үні.


Енді қазақ ел болмас,

Күні өтіп, айы асқан.

Дәрігері дарын бола да,

Ауруға ем қонбас, –

деп Дулат ақын өз заманының қасірет, қара үкімін шығарады. Сол заманның арпалыс беталысын, не жайда, не күйде жылжып кетіп бара жатқанын азғана сөзге сыйғызып ашады. Осы тұста Дулат ұзақ-сонар не болып, не қойып жатырды термелемейді. Күрделі, бір шолғанда ұғымға сыймас поэзия тілімен сөйлейді. Баяндап, бадырайтып тізбейді.Өзің сез, өзің байқа, өзің көр дейтіндей. Өлең тілі ойдың теңізіне батып кетеді. Аз ғана сөздің ішіне заманның бар күйі, қам-қажеті, күдігі, үміті былайғы ұстанар бағыты жымы білінбей, жібі көрінбей қоса өріледі. Бүкіл дүниесі, елінің мінез-болмысы, жасап жатқан тіршілік түрі бәрі түскен азғана жыр жолы Дулат ақынның шеберлік иірімдерінің шым-шым тереңге тартқан қалпын айтады. Айғақтайды. Ашады.


Мүйіздескен сиырдай

Байласаң бас жіп жетер ме?

Еңбегің еш, тұзың сор,

Қайратың селге кетер ме?

Толқынды теңіз заманнан

Сенімді кеме болмаса,

Жел қайықпен өтер ме?

Елің үшін еңбек қыл,

Отыра берме бекерге,

Көмбеге таяп қалғанда

Жүйрікке көздеп жетер ме [114, 103 б.].

Ендігі заманның саяси тұрқы келесі түйдекте әсіресе айдың. Енді ақын не болып, не қойып жатқанын тіл өткірін жұмсап отырып көрсетпек.



Аяз қысса мүйізді,

Мүйіз қысып тұқылды,

Қанталаса тұқылың,

Алпыс екі тамырың

Қаусап қалған сықылды.

Ұлық қысса ұлықты,

Ұласып мидай былықты:

Атқа мінер ауылда

Итше ілініп ылықты

Орыстың көрсе ұлығын

Қызғандағы қылықты.

Ұлық кетсе, қазаққа

Қорқау қасқыр құлықты [114, 103 б.].

Дулаттың шеберлігін бірер шығармасының төңірегінде түгендеу мүмкін емес. Оның ақындық айбыны, өлең әлемі жөнінде ғалым-зерттеушілер; жалпы өлең сөзге талабы жоғары қазақ дейтін халқы қай уақытта да аса жоғары баға беріп келе жатқаны даусыз ақиқат.

М. Мағауин Дулат ақындығы жөнінде мынадай кесімді ой айтты. “Дулат қазақ халқының, бүкіл түрік халықтарының ескі шежіресінен жақсы хабардар, көне ақын, жыраулар мұрасын жете таныған, оның озық қасиеттерінен нәр алған кең тынысты ақын еді. Дулат жырларының күш-құдіреті оның көркемдік қуаты, мазмұн байлығымен қатар, замана келбетін бар бедерімен көрсете білген шыншылдығында” [72, 245 б.].

Х. Сүйіншәлиев “Абайдың ел пысықтарын, болыстарын бейнелеулері, әрине Дулаттан әлдеқайда ілгері, сөйтсе де бұлардың арасында еш байланыс жоқ деп айтуға болмас еді”, – дейді [22, 72 б.].

Х. Сүйіншәлиев Дулат шеберлігін әу бастан-ақ айғайлап айтып шыққан ғалым. Дулаттың шеберлік қырының бір айқыны, өткірі – ол адам кейпін жасауы. Ауыз әдебиеті үлгісін де пайдаланады, көне жыраулар мақамын да ұшыратамыз.

Сурет сызуы ғажап. Лықсытып мал айдау. Әсіресе туған жердің бейнесін үлкен пейзаж шеберінен артық сызбаса, асыра жеткізбесе – кем емес. Ақжайлау мен Сандықтасқа, Аягөз өзеніне арнаулары тылсымның тілі. Үндемей мысыңды басып, тапжылтпай табындырып тастайтын құдіреттің тілі. Сол керемет Сандықтастың, түн асса тұтам түгі өскен құт мекеннің ертеңі – қараңғы. Зар мен Шер. Қасірет уы.



Қаларсың бір күн Сандықтас,

Құлан жортпас бел болып…

Самалың салқын соғатын

Сары ызғырық жел болып…

Дулат мұрасы жалпы бағаның, қалыпты таным шеңберлерінің аясына сыймайды. Біржақтылық пен жақынды ғана байқап, алысқа шалымы жете бермес білімпаздықтың күл-талқанын шығарады. Көнбес, бағынбас; асылдың асау мінезін танытады.

Ақын шығармалары мән, мазмұн, құн жағынан қарастырылған; көп тоқтам тұжырым жасалған. Көркемдік шектер мен шеңберлер, ой әлеміндегі шендестірулер алып шығар жыр қуаты, өлең өзгешелігі жайлы да қыруар зерттеу бар. Соның ішінде Дулат поэзиясының тілін шұқи қарап, шұқшия зерттеген Р. Сыздықова, Қ. Өмірәлиевтер сол Дулат өлеңінің тек ішкі қуаты, өлеңдік сапаның Дулаттағы ғана түрі емес, жалпы қазақ поэтикалық әлемінің айқыны; жыр жауһары; қазақ өлеңінің бар мүмкіндігі, болмысы жатқан ұлы поэзиясының үлкен айдыны түпсіз тұнығы деп қарастырды.

Күнәм жойқын, тәубам аз,

Тіршіліктен не таптым.

Дүние жемтік мен төбет

Соны, бақпай, не бақтым?

Ырылдасып әркіммен

Не қаптырдым, не қаптым…[114, 105 б.].

Дулат өз заманының ғана адамын ашпайды: жалпы адам жаратылысының жағымсыз жағын, мінін айтады. Дәстүрлі нақыл, өнеге, өсиет түрінде келетін ғибрат үйрету емес, өлеңдегі жаңа сөз. Дүниенің себебі мен салдарын қос тармақ пен дәстүрлі түйіндерге жүгінту емес, жеп-жеңіл түгендеу емес. Адам ғұмырын тұтас қамтыған; соның бәріне бағалы байлам жасаған басқа өлең. Түп-төркіні бөлек өлең. Бұл Абай алдында жасаған поэзияның биігі, Абай мен жалғасқан жаңа поэзия тұнығы. Өлеңге адамның өз жанын қосып отырып, әріден, тереңнен қозғап, алыс-жақынды қамтып отырып сөйлеудің озық үлгілерінің қазақ поэзиясынан да бой көтеріп, ой қотара бастаған тұсындағы сөз.

Сол өзгеше сөзге Дулат табиғи күшке қоса өлең табиғатын біліп, танып, өзгеше талаптар жөнінен келді. Өлең құраудың, сөз жасаудың, ойды оятудың, сезімді сергітудің мың-сан құпиясын, қулығын мықтап, қымтап отырып сөйлейді.

Дулат өлеңі зар заман әдебиетінде туып, жасай бастаған жаңа өлең түрі, өзгеше сөз сиқыры есебінде зерттеліп, зерделенген сайын мың-сан қырымен, түпсіз тұңғиық қырымен әлде де талай ұрпақты өзіне тартары, ынтықтыра түсері даусыз.

Дулат поэзиясының ой образы сөз образы елдің, қоғамның қоғам тудырған адамның мінез-құлқын, болмысын, жаратылысын жасады. Адамның кейбір көңіл-күй сәттерін мынадай ғажайып жолдарға көшірді.

Мөңіреп жұртқа ой қайтты

Бұзауы өлген сиырдай.

Дулат шығармаларында қимас та қымбат туған жердің, ата-қоныстың қадірі жетпес қымбаты небір таптырмайтын теңеу, үздік салыстыру, айшықтаудың сиқырына шомып жатыр.

Дулат өлеңді көбіне жазып шығарған сияқты. Қайсыбір өлеңдері суырып салма ақындықтан туғаны көрініп жатыр. Ақпа-төкпе жыр үлгісінде де келеді. Жалпы Дулат шығармалары жаңа сапаға ойысар тұстағы өтпелі кезеңнің ерекшелік-өзгешелігін дәл көрсетеді. Ақын поэзиясында дәстүрлі терме, толғау түрінде келген, дүниеге баға берген, шартын түгендеген, не дұрыс, не бұрысты ажырата айғақтаған жырмен жаңамын, басқамын деп сөйлейтін өзгеше өлең аралас. Дулаттың сөз қолданыс, сурет жасау шеберлігі тамсандырады; өлеңнің жаңа сапаға ауысып бара жатқанын байқатады. Бірде дәстүрлі үлгі, сарында:

Қилы-қилы заманды,

Заманға сай адамды

Салғастырып қарасам,

Су мүйіз болған танадай

Шыр көбелек айналам.

Кешегі бір заманда,

Қайран қазақ, қайтейін,

Мынау азған заманда

Қарасы – айтқор, қаны – арам,

Батыры көксер басы аман,

Бәйбіше – тантық, бай сараң,

Бозбаласы – башалаң,

Қырсыға туды, қыз балаң,

Нары – жалқау кертабан,

Құсы – күйшіл, атшабан,

Жырғалаң жоқ, жобалаң.

Ебі кеткен ел болды,

Енді қайда мен барам?–

деп, Шортанбай, Мұрат сарынында заманның күйінен тұрпатынан осылай шошынуын толғаса, келесі бір тұстардың ой желісі; сөз мәнері өзгеше сапа, басқаша түрде көрінеді.



Адамға қарсы хан болдың

Белшесінен батырған,

Шілдеде мұзды қатырған,

Толыны төгіп шайқаған,

Берілді тізгін ылаңға.

Мұндай тұстарда ақын жалпы сарынмен кетпейді, нақтының түп етегінен ұстайды. Жаман, жақсы деп, ақ, қара деп қайыра салып өте бермейді. Жаманның жамандығын, әрекет, пиғыл қимылын суретке сызғандай көзге көрсетіп, қолмен сипағандай сезіндіріп отырып жеткізеді. Тұтастың жеке құбылыстарын тізбелеп отырып, жалпыны содан шығарады. Бұл әдістер әсіресе “О, Барақ жас, Барақ жас”, “Сүлейменге”, “Кеңесбайға”сияқты өлең жырларында анық.



О, Барақ жас, Барақ жас,

Жегенге тоқ ішсең мас.

Жақсы болса ұлығы,

Өз елін жаудай таламас.

Алтын еді бір күнде,



Ағаш болды тұғырың,

Тыюсыз тентек төлеңгіт,

Шығарды елдің ұрлықпен.

Адамға қарсы хан болдың,

Тентекті сүйеп неғұрлым.

Азған сені көргенде

Қайнайды менің дығырым.

Өгізі болдың жегілген,

Арамдыққа егілген.

Айдайтұғын шығырың.

Құрық бердің ұрыға,

Момынды алдың қырыңа.

Малсыздарды топтадың,

Малдыларды жақтадың.

Тентекті жасқап қақпадың…[114, 106 б.]

Дулаттың жыр, сөз өнері, ақындық, өлең жайлы туындылары сұлулығымен, сөз сиқырын уысына сыйғызған өнер құдіретін ашып жеткізудегі шеберлікпен айрықша алабөтен көрінеді. Ақын жаны қандай, оның қымбаты мен қызығы, өксігі мен мұңы не? Өлең деген қандай құдірет? Дулат осыны жеткізеді. Осыны ашады.



Жырымды менің сұрасаң,

Сары алтынның буынан

Сырымды менің сұрасаң,

Тұманның тұнық суынан.

Кеудемде қайғы толған соң,

Тұнық жырмен жуынам,

Сорғалаған нөсердей,

Жырын тыңда Дулаттың,

Айдасаң алыс жерімді,

Алсақ ашуы терімді,

Өзіне өзі сенімді,

Тоят тос, торай бермейтін

Тұлпар аттай қунақпын.

Сана құйып ойыңа,

Қуат беріп бойыңа,

Аққан жасы сел болған,

Етегі толып көл болған,

Беріш боп шері байланған

Ұйқы беріп, қайғы алған.

Қайғылыны уаттым.

Гауһардай дүрі бұлдаған,

Сарқырап аққан жылғадан

Жыр арнасы суатпын.

Жыршылардың шәйірі

Асыл сөзді езбеген

Нысананы дәл басып,

Қалаған жерге көздеген…[114, 107 б.]

Дулат: “сөз – жібек жіп, жыр – кесте”, – деп өлең бағасын, бар сиқырын, сұлулығын екі ауыз сөзге сыйғызды. Дулат бірнеше мысал шығарған “Бір патшаның бір кезде”, “Сарышымшық”, “Қара қарға жем тілеп” сияқты мысалдарының меңзейтіні негізінен адам баласының тірлігі. Дулат өз уақытының сұмдықтарын тұспалдап, жұмбақтап жеткізудің де асқан шебері. “Қорқытып жейтін момынды сауысқан көп қазақта”, – дейді ақын.

Дулат заман күйін жеткізіп, мінін бадырайтып ашып айтып отырып, ендігі күй не болмақ дегеннің қисынды жолдарын алға тартады. Өнер, білім, оқудың қажетін жеткізеді. Бұл құбылыс – қазақ қоғамын тығырыққа тіреген көп сұмдықтардан кейінгі жылт етіп, шыңырау түбінен көрінген сәуле еді. Кейінгі, жан сақтап, елді аштан алып шығудың жолы – өзіңді билеген жұрттың сырын біл, тілін біл, жеткен биігіне ұмтылудан туған ағартушылық бағыттың алғашқы нышандары еді. Дулаттың “Еспембет” дастаны “Қалмақ-қазақ қырғындарындағы ел қорғаған батырдың тұлғасын қараңғыға қамалған халыққа сенің осындай ерлік дәстүрің бар еді, мынадай ерлігің бар еді, басылма, серпіл деген мақсатта туған шығарма. Ер намысы мен ел намысы бір болға тарихтың арғы парақтарын қайта ауыстырып отырып, намысқа ши жүгірту. Жігерді шыңдау.

Дулат өлеңінің қазақ поэзиясындағы алатын орны туралы құнды зерттеу жасаған ғалым Құлмат Өмірәлиев ақын бағасын аса берік негізді тұжырымдармен айқындады. Дулат өлеңдерінің де өлшем-өрнегі, құрылысы жағынан өзіне дейінгі поэзия үлгілерінен көп бөлек… Дулат не қазақ поэзиясында бір кезде болып, келе ұмытылып кеткен үлгі-өрнектерді жаңғыртып, жаңартып пайдаланады, не бұрыннан барды жетілтіп, дамытып пайдаланады.

Қ. Өмірәлиев Дулат өлеңдерін композициялық жағынан үш топқа бөлді. Бірақ оның өзі де шартты екенін, бір өлеңде кейде бірнеше өлшем, үлгінің қатар жүретінін ескертті.

Терме өлең: 2. Ұйқасты жолмен синтаксистік құрылысы сәйкес келетін шумақты өлең: 3. Ішкі шумақты ұйқасы әрі шумақ аралық ұйқасы бар ұйқасы тұтас өлең

Дулат өлеңдеріндегі өзгешелік, жаңалық сипаттарды жеріне жеткізе талдай келіп жасаған ғалымның мына бір тұжырымды да аса қызғылықты, әрі қарай қазбалай түсуді қажет етіп жатқан, ғылым үшін құнды тұжырым.

“Дулат ақындық құрған кезде ауыс-түйіс жасалуы мүмкін әдебиет – таяу шығыс әдебиеті мен түркі, түркі-татар әдебиеті болды. Ал Дулат жасаған жоғарғы өлең түрлері бұл әдебиеттерде ол кезде болған емес. Бұларды ақын қазақтың ауызша поэзиясы туғызған үлгі-түрлерді жетілдіру негізінде жасады” [31, 162 б.].

Дулат он тоғызыншы ғасырдың орта тұсында жасаған қазақ әдебиетін туғызушы тұлғалардың ішіндегі әрі ауызша, әрі жазба түрде жыр тудырған, заман, ел күйін толғаған, айтқаны кейінгінің де қымбаты болып қалған, қала беретін тағы бір биігі. Тұнығы.

Дулаттың әдеби мұрасын бағалауда ғылымда қилы пікірлер болды. Саяси тұрғыдан бағалаумен бірге Дулат поэзиясының мен мұндалап тұрған айырмашылықтарына да назар аударылып отырды. Саяси тұрғыда бағалау қалай болғанына қарамастан Қажым Жұмалиев Дулаттың әдебиет тарихындағы орнын, оның шығармаларының көркемдік ерекшеліктерін дөп басып айтады. “Қандай ақын” қандай жазушыны болсын әдебиет тарихына енгізгенде және бір керекті шарт – оның қалдырған көркемдік дәрежесі, айтайын деген ойын терең мағыналы, образды түрде айтып бере білуі. Бұл жағынан алғанда да Бұхардың, Дулаттың шығармалары сын көтере алады.

Мұның екеуі де тілге бай ақындар. Өз кезегіндегі тіл қорын толық меңгеріп, пайдалана білген не алуан көркем образдар, шешендікке құрылған қанатты сөздер кезедеседі. Кейбір сөздері қазір архаизмге айналғандары да рас. Бірақ, әдеби тілдің даму жолдарын салыстыра зерттеушілер үшін керекті де. Образ динамикасы – тілшілердің де, әдебиетшілердің де әлі қолға алмаған, бірақ зерттеушілерін күтіп отырған мәселе десек, бұл жағынан да Бұхар, Дулат жырларының мәні зор [93, 214 б.]. Ғылым Дулат поэзиясындағы дәстүрлі жыраулық өнер сипаттарын көре отырып, мынандай тұжырым жасады. “Сонымен қатар, Дулат өз кезегіндегі ақындардан өзгеше, өзінің стилі, өзіне тән тіл ерекшелігі бар ақын екендігі байқалды.

Мысалы:


Тырнақтай меңі болған соң.

Тарлан тартып оңған соң,

Түгіне кір қонған соң

Мінсіз, меңсіз, кіршіксіз.

Шаңқан болмай, қылаң ба?

Ту ұстап, тұлпар жаратпай,

Алдынан топ таратпай

Анадан тудым дегенмен,

Бастамаса ел ұлан ба?

Бір шумақ өлеңде үш жолы шұбыртпалы, екі жолы егіз ұйқас болып келетін өлеңдерді біз тек қана Дулаттан кездестіреміз. Бұл ол кездегі ақындардың басқаларында жоқ. Жалпы қазақ өлең құрылысының дамуын зерттеуде бұған тоқталмай кетуге болмайды [93, 108 б.]. Осы тұжырым-пікірлер Х. Сүйіншәлиев, Р. Сыздықова, Қ. Өмірәлиев зерттеулерінде де беки түсті; жанр айғақталды. Ғалым Құлмат Өмірәлиев Дулат мұрасын жанрлық, стильдік жақтан композициялық құрылым, жаңа түр табуы, сөз қолданыс, текстология жөнінде арнайы зерттеді. “Дулат өзі көтерген, сөз еткен тақырыбымен ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы ақындардан оқшау, дара тұрса, өлеңдеріне тән өлшем үлгілерімен де өз кезінің поэзиясынан соншалықты ерекшеленіп тұрады.

Дулат өлеңдеріне тән өлшем-өрнектердің қайсыбірі кісіні өте көне дәуірге жетелесе, ал енді бір парасы Абай өлеңдерінің өлшем-өрнектеріне келеді” [31, 88 б.].

“Дулат көтерген тақырыбы мен ұстанған идеясында ғана ауызша поэзиядан бөлектеніп қоймаған, өлең түрі мен сөз саптауында да одан іргесін таза айырып, біржола қол үзген. Ол туындыларын жыр үлгісінде әрі айтып, әрі жазып шығара отырып кейінгі кезде, оның ішінде қазіргі әдебиетімізде лирикалық өлеңдердің жанрлық сипаты өзгеше болғандықтан, жыр өлшемімен жазылса да жыр деп аталмайды” (З.Ахметов



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   22




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет