Очеркте ‘‘жекелік жағдайы’’ және ‘‘характерлер талдауы мен берілген типтер психикасы’’ болса да романмен теңесе алмайды. Романда характерлер мен жағдайлар сол романды ұстап тұрған ‘‘тірек’’ болып табылады. Ал, очерктің ‘‘тірегі’’ – тақырыптың публицистикалық бағыты, барлық компоненттердің, соның ішінде ‘‘жекелік жағдай’’ мен ‘‘характер талдауы және типтер психикасына’’, публицистикалық мақсат бағынуы шарт. Очерктегі жекелік жағдай – публицистикалық зерттеудің материалы. Бұл тұрғыдан келгенде очерктің публицистикалық сипаты айқындала түседі.
Очерк - қос міндетті жанр. Ол көркем шығарма заңдылықтарын пайдалана отырып, өзінің төл сипатын даралай алады. Оның құндылығы мен ерекшелігі де осында.
Бір жағынан очерк – нақтылы өмірді бейнелегіш ‘‘жедел’’ жанр, екінші жағынан эстетикалық функциясы бар жанр. Очерк болмысынан сөз өнеріне тән бейнелерді, эстетикалық бағаларды, типтеу белгілерін және сюжеттік, композициялық құрылысты, стиль мен тілдік ерекшеліктерді молынан кезіктіруге болады. Әдебиеттегі очерк жанрының орнын нақты түсінбеушіліктің бір сыры осында болса керек.
Очерк – публицистика мен көркем әдебиет өнерінің көп қырлы жанры. Рас, мұндай талғам-талап өресінен табылатын очерктер сиректеу ұшырасады. Көптеген очеркте публицистік белгілер, ғылыми элементтер және зерттеу белгілері айқын көрініп тұрғанымен, көркемдік қуаты кемшін соғып жатады. Соған қарамастан, очерк жанрындағы шығармалар әдебиет тарихында маңызды орын иемденгені соншалық, оларды әдебиет тарихынан алып тастау мүмкін емес.
Очерктің дерекшілдік сипаты – оның жанрлық даралығын айғақтайтын өзекті белгілерінің бірі.
‘‘Кез-келген деректің мәні - оның дерек екендігінде ғана емес, оның мағынасында. Егер ақын сол деректің мағынасын ұстап ала білсе және сол мағынамен қырлы хрустальдың сәулесіндей, деректі жарықтандыра алса, онда ол дерек мәңгі әсем’’ [38,354],- депті В.Г.Белинский.
Ал М.Горький: ‘‘Дерек – бұл әлі ақиқат емес, ол – нағыз өнердің ақиқатынан жасалатын, құйылатын шикізат қана’’ [39,296],- дейді.
Очеркте деректер авторлық идея арқылы белгілі бір мағынаға ие болады. Былайшы айтқанда, публицистік ‘‘мазмұнға ие болу’’ – очерктің мәнді ерекшеліктерінің бірі. Публицистік мақала мен корреспонденцияда шексіз және теңіздей буырқанған қоғам өмірінің деректі материалдары өзінің мазмұндылығымен және жалындылығымен ‘‘әсерлендіруі’’ мүмкін. Дәл осындай материалдарды арқау еткен көркем очерк авторынан өмір шындығына көркем мағына дарыту күтіледі. Очеркші өз өмірінде байқағандарын терең, дәл және көркем бейнелеуі қажет.
Қазақ әдебиетінде қоғам өмірін терең зерттей отырып әлеуметтік қорытынды жасаған және жанрлық айқындылыққа жеткен, танымдық-тәрбиелік өресі биік очерктер баршылық. Ондай қасиеттерін сараптап танып, саралап тану алдағы тараулардың міндеті.
Көркем очеркте деректер жаңа мазмұнға ие болады және көркем шығарманың эстетикалық міндет-миссиясын орындайды. Көркем очерктің ерекшелігі тіл-стиліндегі бейнелілік болғанымен, негізгі екпін ой-пікірге түседі.
F.Мүсіреповтің Амангелді Иманов туралы жазған «Батыр большевик Амангелді», «Батырдың биік тұлғасы» атты очерктер циклында автор ақыл-ойды поэзиялық қуатпен жеткізеді, өзінің байқағандарын драмалық қимылдармен орындалатын көрініске айналдырады. Бұл шығармада өмір шындығына деген адалдық, терең ой, қимылдар бірлігі, қаншама ақыл, әзіл, өткір сөздер, сезім бар! Егер бұл кездейсоқ тәжірибе немесе жанр табиғатына жат әдеби түрдегі тосын құбылыс болмай, болашақта дүниеге келуі тиіс осы тектес шығармалардың кепілі болса, онда біз очерк жанрының мүмкіндігінің шексіздігіне одан әрі көз жеткізе түсеміз.
‘‘1847 жылғы орыс әдебиетіне көзқараста’’ В.Г.Белинский: ‘‘Ойдың ұлылығы – оның дарынының басты күші, сол дарынның екінші, көмекші күші - өмір құбылыстарын шынайы бейнелей білетін көркемдік үлгісінде. Егер біріншісін алып тастасаңыз, екіншісі оның ерекше қайраткерлігі үшін тым қауқарсыз, қуатсыз болар еді. Оның қайраткерлігі – ақылын жетекші етуінде, ал оның қиялы өнердің екінші орындағы ерекше үлгісін өмірге әкеледі. Бұл ерекшеліктерге көңіл аз бөлінеді’’ [38,318],- деген болатын.
А.Н. Добролюбов та осындай түрдегі образды жасаудың мүмкіндігін айтады. Ол мұны ғылымның поэзияға ене бастауымен байланыстырады. ‘‘Ең биік ойларды тірі образдарға айналдыру және осымен қатар барлық нәрседе, өмірдің жеке және кездейсоқ деректерінің өзінде биік, ортақ мағынаны сезіну – ғылым мен поэзияның толық бірігуін көрсететін және әлі ешкім жете қоймаған идеал’’ [40,40],- деп жазады.
Очеркте басты ой, идея, тенденция, әлеуметтік проблемалар көбінесе ерекше бөлініп, очерк типіне сәйкес ашық беріледі. Очерк ‘‘майданындағы’’ кейбір қайраткерлеріміз очерктің бұл ерекшеліктерін жақсы түсінеді.
‘‘Суреткер өзінің еркіндігін кейбір бағыттарда шектеуге мәжбүр болатын әдебиеттің үлкен саласы бар [41],- дейді ғалым Б.Агапов. Бұған оны өмірде орын алған оқиғаларды нақты бейнелеу тілегі немесе өмірде бар нақты өмір сүрген адамның портретін жазу мақсаты не кейде автор алдына қойған, мәселен, оқырман санасына нақты белгіленген идеяны жеткізу, оны тек өнер ғана емес, ғылыми құралдармен дәлелдеп, сендіру секілді ерекше міндеттер мәжбүр етеді. Б.Майлин, І.Жансүгіров, М.Әуезов, F.Мүсірепов, С.Мұқанов, F.Мұстафиннің көптеген очерктері осылай өмірге келген.
Қазіргі қазақ очеркі өзінің алдында тұрған идеялық-көркемдік талаптарға жауап бере алады деп айта аламыз, онда ол осы бағытта біршама сәтті қадамдар жасады деуге негіз бар. Журнал және газет беттерінен тілі орамды, сипаттамалық, өмірдің әртүрлі саласын салтанатты, көрнекті етіп көрсететін очерк жойылып барады. Бүгінгі күні баспасөз беттерінде өмірдің терең, әрі күрделі қатпарларын шыншылдықпен ашып көрсететін және саяси, ауылшаруашылық, идеологиялық, моральдық өзекті проблемаларды батыл қозғайтын очерктер көбейе бастады деп айту қиын. Бұл құбылысты очерктің көркемдік жетілуі оның жетістіктерінің маңыздылығының айғағы және кепілі дей алмаймыз.
Очерктің құнды белгісі – шыншылдылығы, деректілігі. Деректі очерктің дамуында соңғы кездері оның жеке тақырып аясында терең мәніне жеткен публицистикалық лирикамен байытылуы аңғарылады.
Бүгінде оқырмандардың газет-журнал беттерінде очерк арқылы қоғамдағы жаңа жағдайға, жаңа моральды-этикалық талап дәрежесіне байланысты өмірге келген мамандық иелерімен жүздесуі сирексігені де белгілі.
Егер публицистикаол үлкен идеялармен астасып адамға тән ұлы сезімдерді шынайы бейнелей алса және образды түрге, мағынаға ие болса өз міндетін орындағаны. Шындығында очерк – көркемдікке барлау. Бірақ ол барлау құрғақ деректер жиынтығы емес, өмірді әбден зерттеп, оны шығармашылықпен өмірді жаңартуға белсенді араласатын деректі жанр.
Жай ғана дерекшілдік емес, очерк табиғатындағы өмір шыңдағыш күрескерлік пен көркемдік өреліліктің қатар көріне алуы бұл жанрды сөз өнерінің дара жаралымы ретінде айғақтайды.
“Әдебиет терминдерінің қысқаша сөздігіндегі” Л.Тимофеев пен Н.Венгеров очерк жанрына кеңінен түсінік берген. “Очерк – әдебиеттегі эпикалық жанрға әңгімелеп, баяндап беретін түрге жатады. Сондықтан да ол (роман, повесть, әңгіме) маңызды және өзіне тән сипаттарды іріктеп алып жазушы шығармашылық ой-қиялы арқылы жалпы оқиғаны тұжырымдайды, яғни оқиғаның өмірде болу немесе болмауы да мүмкіндігі тұрғысында суреттейді” [42,106] деген. Очеркші өмірдегі фактілерді суреттеуде кез-келген суреткер сияқты өмірден оқиғаның ең маңыздысын іріктеп алады және адамдар әрекетіндегі өзіне ғана тән сипаттарды сұрыптайды, яғни, автордың ойын, оның өмірге қатысын айтып береді. Алайда, ол ой-қиялдың басты элементтерін өзгертуге, бұрмалап көрсетуге тиіс емес. Элементтерді ойдан шығаруға күштеу очеркті әңгімеге айналдырып жібереді де фактілер дәлдігі міндетті болмай қалады.
Очерк жанрының өзіне тән ерекшеліктерін көптеген әдебиет зерттеушілері оның құжаттылығында деп есептейді. “Ойдан шығару мұнда жекелеген бөлшектерде ғана орын алуы мүмкін” [43,229], – деп атап көрсетеді В.Сорокин. “Суреткерлік, ойдан шығару очеркте поэзия түрлеріне қарағанда жеке салмағы аз” [43,279],- дегенді Г.Абрамовичтен оқимыз. Осы көпке мәлім анықтама жалпы танып, мойындаған қисынға жатпайды. 1950-ші жылдардың ортасында-ақ бұл пікір В.Овечкиннің: “Мұндай әдебиетттанушыларға тәңір төреші! Г.Успенский, Р.Короленко, Мамин-Сибиряктардың очерктерінен хабарсыз отырып қалайша әдебиет зерттеушісі бола алады?”, - деген қатты сынға ұшыраған болатын. Әдебиетте “құжатсыз”, “фактісіз” очерктердің ертеден барлығын білмеу немесе очерк туралы әдеби зерттеулерінде бұл жайында үнсіз қалу мүмкін емес.
В.Овечкиннің тым қатал пікір білдіргендігін кіналауға да болар, бірақ оның қисындық мазмұнына қарсы пікір айту мүмкін емес. Очерк жанрының документальді белгісіне қарап анықтама беру тым жеткіліксіз. Бұл әсіресе, “Кеңестік очерктер жолы” атты жинақтағы өз мақаласында күлкілі пікір қорытқан Л.Успенскийдің пікірінен байқалады. Ол “Хорь және Калинычтің” қай жанрға жататындығына қиналыс білдіреді, өйткені “бұл шығармадағы шынайы жоспардағы материалдың арасалмағы оған беймәлім. “Мопассан, Золя немесе Додэ новеллалары жөнінде ойлануға” шақырған Л.Успенский “Олардың ішінде очерк жанрына қосуға толық негіз бар дүниелер аз емес, егер... егер біз олардағы суреттелген жағдаяттарды очеркке тән шындық жоспардағы арақатынасымен қатар қоя алсақ ” [44],- деп көрсетті.
Орыс прозасында очерктік-әңгіме қосындысы ертеден бар. Егер әңгіме очерк пен әңгімедегі қандай да бір элементтер арақатынасы жайлы болса Л.Успенскийдің қиналысын түсінуге болады. Алайда А.Тургеневтің “Хорь және Калиныч” немесе Ги де Мопассанның кез-келген новелласы бүгін новелла болып, ертең мазмұны мен формасы жағынан ешқандай өзгерістерге түспей-ақ кәдімгі очерк болуы мүмкін бе деген заңды сұрақ туындайды. Бұған әбден мүмкін деп жауап береміз.
С.Сейфуллиннің «Бандыны қуған Хамит», С.Мұқановтың «Өмір мектебі», Ғ.Мүсіреповтің «Қазақ солдаты», т.б. шығармалары өздерінің құжатты негіздеріне қарай реальдық жоспар тұрғысынан өмірде шын болған оқиғаларды арқау еткендігі мәлім. Алайда, ешкім де неге бұл шығармаларды очерктер немесе очерктік роман не повестік шығармалар демейді! Қазіргі әдеби терминдер сөздігіне бағынбайтын көптеген «болған», «ойдан шығарылмаған әңгімелер» (М.Әуезовтің 1920-шы жылдары жазған әңгімелері, Ә.Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» романы, А.Бектің «Волоколам тас жолы» т.б.) шығармалары әдебиетте бірі әңгіме, бірі повесть, бірі роман ретінде өз құқықтарын бекіткен. Қоршаған орта шындығымен байланысына қарай очерктерді екі типтік айырмашылыққа бөлген: құжатты және көркем немесе беллетристендірілген очерктер. Очеркші-документалистер ойдан шығарудан қашқақтай отырып, шынайы типтік фактілерді сұрыптау жолымен типтік образдарды жасайды. Құжатты очерктерге қатысты Л.Тимофеев, В.Сорокин, Г.Абрамовичтің берген анықтамаларын қабылдауға болады.
Көркем очерк (беллетристендірілген) деп кейіпкерлері тарихта болған, оқиғалы туындыларды атайды. Өзінің формасы жағынан көркем очерк документальді очерктен тым ерекшеленбейді. Көркем очерк жанрында Ғ.Мүсіреповтің Амангелді Иманов туралы очерктер циклы, Ә.Әбішевтің «Екі ананың әңгімесі», Ғ.Ормановтың «Алатау сынды ақсақал» очерктері бар.
Бұл очерктерде ең маңызды деген суреттеудегі құбылыстарда ғана нақтылық сақталады. Очеркист басқа компоненттерді таңдауда кез-келген басқа жанрлардағыдай ерікті де, еркін. Ол нақтылы адресті бермеуге ерікті, ойдан шығарылған персонаждарды әрекетке қоса алады, жорамалға және түйіндеуге жүгінеді
Құжатты дүниені ойдан шығарылған оқиғамен араластыру жазушыдан зор сақтықты, авторлық этиканың қатаң сақталуын талап етеді. «Көркем очерк» терминінің бүгінгі күні аты затына сай екендігін баса айту керек. Көркем суреткерлік дегенде әдетте шығарманың жоғары сапасы, идеясын айқындау, образдылық, мінездердің типтілігі, суреттеу құралдарының толыққанда көркемділігі ескеріледі. Документальді жанрдың үздік шеберлерінің практикалық шығармашылығы документальдылық көркемдікке қарсы тұрмайтындығын сенімді түрде дәлелдеп берді. «Көркем очерк» терминін пайдалану үстінде біз оған шартты мазмұнды, ойдан шығарылған материалдар негізіндегі очерктерді жатқызамыз. «Беллетристендірілген очерк» термині дәлдеу келеді. Сондықтан мұндай очерктерді беллетристік очерк деп атау дұрысырақ болмақ.
Құжаттылық-маңызды, алайда очерктің сипатын толық ашып бере алмайтындықтан жанр өлшемі қызметін атқара алмайды. Очерктегі фактілер мен ойдан шығарылған оқиғалардың арақатынасы емес, суреттеуге тиісті материалдар сипаты мен өмірді өзіндік типтендіру арқылы зерттеп, анықтама беру керек дегендер көзқарасы басым. (Е.Журбина, Б.Удодов, А.Коган, С.Максимов, В.Багданов т.б.).
М.Әуезовтің, С.Мұқановтың, Ғ.Мүсіреповтің, Ғ.Мұстафиннің, З.Шашкиннің, М.Иманжановтың көптеген очерктері мазмұны әрі құрылымы жағынан (әлеуметтік) ғылыми зерттеуді еске салады. Очерк кәдімгі ғылыми еңбектен образды тіл, логикалық-беллетристік аргументті ой өрімдері, зерттеу тақырыбына жақын суреттеулерімен ерекшеленеді.
Очерктің жанрлық ерекшелігі, әңгіме тәрізді шығармашылық идеялық-көркемдік құрылым сипаттарымен тұжырымдалған. Проблемалар мен шындықты зерттеудегі көркемдік тәсілдеріне қарай очерк бірнеше жанрлық түрге бөлінеді. Олар: жол-сапар, портреттік, деректік, тұрмыстық, проблемалық, оқиғалы, лирикалық-философиялық, этнографиялық очерк т.б.
Очерктің тағы бір жанрлық өлшемі бар. Ол өте маңызды да күрделі. Очерктің өзіне тән жақын түрлерімен бірігу арқылы жаңа бір сипатқа ие болуы: очерк-мақала, очерк-әңгіме, новеллалық очерк, очерктік повесть және романға бөлінеді. Очерктің көпқырлы жанрлық ерекшелігі көркем әдебиетте басқа жанрларға қарағанда аса бай болып келуі заңды құбылыс.
Көркем очерк сонымен бірнеше жанрлық өлшемге ие болады. Оларды өздерінің жанрлық белгілерін былай атап өтуге болады:
Архитектоникалық жағынан (кәдімгі очерк, очерк әңгіме,
очерк повесть, роман).
2. Әдеби - түрлі (обьективті - баяндамалы, публицистикалық, лирико-философиялық, публицистикалық очерктер).
3.Проблемалық (проблемалық, портреттік, оқиғалық, тұрмыстық,
жол-сапар,т.б).
Әлеуметтік-тақырыптық (ауылдық, қалалық, соттық, этногра-
фиялық, тарихи, энциклопедиялық).
Көркемдік ойдан шығаруға қатысты (құжатты және беллетрис-
тикалық немесе көркем очерктер).
Аталғандардың арасында айтарлықтай жанрлық өзгешеліктер жоқ. Аталған бес түр біреуінен төртеуі өлшемдік жағынан айырмашылығы бар. Мәселен, очерк-әңгіме обьективті-баяндамалық немесе лирико-публицистикалық, проблемалық, портреттік, тұрмыстық немесе жол-сапар, ауылдық, өндірістік, әскери немесе тарихи, документальды немесе беллетристік болуы мүмкін.
Ал көп түрліліктің ішінде шекара айқын байқалады. Олар тым айқындалмағанымен өз қызметін атқарып тұрады, жанр рамкасын немесе жанр түрлілігін белгілейді. Бұл рамкадан шығып кету жанр трансформациясына, яғни жаңа түрге әкеледі.
Кез-келген очерктің түрлерін қосымша анықтамалармен жабдықтау міндетті емес. Алайда, очерктің сапалық белгілерін білмеу жанрдың түпкі мәнінен толық түсінік алмау деген сөз.
Достарыңызбен бөлісу: |