«Мәңгілік ел – ұлттық идеясының қазақ әдебиетінде көркемдік көрініс табу дәстүрі мен инновациялық жаңашылдық мәселелері» атты Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдары
Қазақ халқының ұлттық құндылығы және Шәкәрім
Қазак халқының бай ауыз әдебиеті халық тудырған көркемдік ақыл-ойдың жемісі, қайнар бұлақ көзі. Сол бұлақтан сусындап, өмірлік нәр, қуат алмаған бірде-бір ақын, жазушы жоқ. М.Әуезов өзінің Абай туралы зерттеуінде: «Дана ақынның өз халқынан және жалпы адам баласының өнер байлығынан алған үлкен салалы түп-төркіні барын байқаймыз. Мұның біріншісі – қазақ халқының есте жоқ заманнан жиып, сақтап келген өз даналығы, халықтың ауызша әдебиет қоры. Ақын Абай осы қордан көп нәр алып, сол арқылы өз поэзиясын көркейтті », -[1.261] деп жазған еді. Шынында да ауыз әдебиетінің үлгісі, ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлері қашан да болмасын үлкен әдебиет үшін негіз, нәр алар жанды өзек болып қала береді. Жазба әдебиеті қанша дамығанымен өзінің туған топырағынан қол үзіп кете алмайды.
Фольклор және әдебиет арасындағы байланыс теориялық-тарихи, әдеби маңызды мәселе. Қазақ әдебиетінің даму және қалыптасу жолы тікелей фольклормен байланысты екені үнемі айтылып келе жатыр.
Бұл туралы әдебиет зерттеушілері мен фольклорист ғалымдар кезінде жазды да, айтты да. Жазба әдебиетінің негізін қалаушы, ұлы классик ақынымыз Абай творчествосының қайнар бұлағының бірі фольклор екенін М.Әуезовтің жоғарыдағы сөзінен анық байқадық. Абай фольклордың асыл қасиеттерін бойына сіңіре отырып, оның ұлы жетістігін пайдаланып, жазба әдебиет үлгілерімен берік ұштастыра білді, сөйтіп, қазақ әдебиетін жаңа кезеңге көтерді. Абайдың үлкен жаңалық туғызуына себепші болған басты фактор - ұлттық ауыз әдебиетінің бай мұраларының болуы, шығыс әдебиетінің және орыс әдебиетінің озық үлгілерінің әсері болғанын айтуымыз керек.
Фольклорлық шығармалардың оқиғалық мазмұнын өндеп, жетілдіріп, жаңа заман талабына сәйкестендіріп жазу - жазушы ақындардан үлкен ізденісті, зеректікті талап ететін мәселе. Жиырмасыншы жылдарда қазақ әдебиетіндегі көркемдік, эстетикалық тұрғыдағы өзекті мәселенің бірі осы еді. Ғасырлар бойында халық даналығын жиған эпостардың, ертегі, аңыздардың қазақ әдебиетіне нәр беруі, тамаша туындыларға негіз болуы - ғажап құбылыс екені даусыз.
Әңгіме форманың ескі-жаңасында емес, соны орнымен игере, ширата, шығарманың ойын аша білу үшін ұтымды пайдалана білуде. Бұқараның санасындағы өзгерістердің қалыптасуы процесінде, әсіресе, жиырмасыншы-отызыншы жылдарда, қазақ ауыз әдебиетінің негізгі жанрларында жаңа сипаттар пайда бола бастады. Кейіннен бұл сипаттар жазба әдебиетімен ұштасып жаңаша бағыт алды.
Халық фольклоры жазба әдебиетінің арналы саласы болып қана қойған жоқ жазба әдебиетінен де өзіне керегін алды.
Әдебиет пен фольклордың өзара әсері барлық жанрда олардың бағытын өзгертіп, түрін, мазмұнын толықтырады. Халық фольклорында лирикалық өлеңдердің ( айтыс, арнау, толғау ) артықшылығы байқалды. Жиырмасыншы жылдардан бастап халық фольклорының дидактикалық жанрының өсу шамасы едәуір жақсарды. Барлық халықтарда үндеу өлең, терме өлең, ғибрат өлең сияқты жаңа арнау өлеңдер қаулап өсе бастады.
Фольклор өкілдері өмір құбылыстарын саралап, жинақтап көрсетуді жаңаша меңгере бастаса, жазба әдебиет өкілдері фольклордың нағыз халықтық қуатын сезінді, оны творчестволықпен пайдаланды.
Ауыз әдебиетін жаңа әдіспен, творчестволық шеберлікпен өңдеп, игерген шығармалар қазақ әдебиетінің жаңа арнаға, жаңа мазмұнға көшуіне біраз себебін тигізді. Сөйтіп, қазақ халқының ғасырлар бойы қорланған қазынасы, рухани мәдениетінің қайнар бұлақ көзі фольклор жазба әдебиетінің ұлттық дәстүрде дамуына игі әсер етті.
Ауыз әдебиетінің жазба әдебиет тарихында алатын орны өте зор. Оның бірі кейін туған көркем әдебиетке негіз болып, сюжет құру, образ жасау, тіл байлығын пайдалана білу секілді өз байлығын ұсынуы. Ал тағы бірі жазушылардың лиро-эпостың халықтық формасын игеруіне ықпал жасап, сол арқылы кең тынысты эпиканың озық үлгілерін өз шығармаларында молынан пайдалануға мүмкіндік беруі. Эпикалық дәстүрге сүйене отырып соның негізінде жаңа образ жасап, дәстүрдің озық үлгісін ұсынды. Қазақ халқының бай ауыз әдебиетінің ортасында жүріп, одан сусындап ішкен, оның баға жетпес құнын түсініп, ауыз әдебиеті үлгілерін жинап, зерттеп, сондай-ақ өзінің ерен таланты арқасында халықтың бай ауыз әдебиеті мұрасын өз шығармаларында жете пайдаланған ірі тұлғаның бірі - Шәкәрім Құдайбердиев.
Абайдың талантты шәкірті Шәкәрімнің ұлы ұстазының жолын қуып ауыз әдебиетін өз шығармасында кеңінен пайдалануы арнайы зерттеу керек ететін мәселе.
Екі ғасырдың тоғысында ғұмыр кешіп, қалам тербеген, ұлттық сөз өнерінің өркендеу жылнамасынан өзіндік өрнегі айқын, терең де өрелі ойға суарылған көркем мұралары арқылы лайықты орын алатын Шәкәрім ақынның бүкіл поэтикалық әлемі қаншалықты бай болса, оның шалқар шабытына күш-қуат сіңіріп, қасиет дарытқан нәрлі бастаулар да соншалықты мол әрі жомарт еді. Ал осынау берекелі бастаулардың әрбір қайнар көзіне тереңірек үңіліп, әдеби-көркем ой керуенінің әр кезеңінен суыртпақтап сыр тартар болсақ, Шәкәрімнің ойшыл, суреткер, ақын ретінде қалыптасуына ең бірінші кезекте қазақтың ежелден келе жатқан аса бай фольклорлық мұрасы ықпал еткенін көреміз. Шәкәрім ақынның шығармашылығы мен халықтық фольклор дәстүрлерінің сабақтастығы туралы мәселе төңірегінде талқыға түсер тұжырымдардың тамыр-тармақтары сан салалы. Ол заңды. Өйткені фольклор халықтың өзімен бірге жасасып келе жатқан, адамдар жадында сақталып қалған ауызша мұра ғана емес, әрбір кезең әдебиетінің көркемдік-эстетикалық бастау көзі болатын рухани қазына. Сондықтан да: «Өзінің ауыз әдебиетін негіз қылмай ешбір елдің жазба әдебиеті өркендемек емес. Біздің де жазба әдебиетіміз ауыз әдебиетін негіз қылуға міндетті. Алдымен сабақты шеттен емес, өзінен алуға міндетті. Жазба әдебиетіміз негізді, берік еліміздің әдебиеті боламын десе, өзіміздің ауыз әдебиетімізге қайтуға міндетті»,- деп жазған еді М. Жұмабаев. (2,340-341)
Шәкәрімнің фольклорға қатысы, фольклорлық дәстүрді үлгі тұту, одан үйрену тәжірибесі алуан қырлы. Ақын туған халқының осынау бай рухани қазынасына жастайынан аса қанық болды. Бұл табиғи құбылыс еді. Өйткені қазақ халқы өмір бойы кең далада еркін өмір сүріп, өзінің мәдени жауһарларын ауызша тудырды. Ұлттық әдебиет көбіне-көп ауызша өмір сүріп келді. Бір ұрпақтан екінші ұрпаққа есте сақтау, мәнерлеп айту арқылы жалғасты. Оның бойында эпикалық поэзияның ықпалы күшті болды. Одан кейінгі әдебиет пен өнердің туындылары көбіне-көп фольклордағы эпикалық аңыздардан нәр алды. Сол арқылы әрбір дәуірдің күрделі шындығы бейнеленді. Шәкәрім де осы ықпалдың күшінен алшақ болған жоқ. Эпикалык мұралар, ауызша тарап келген аңыз-әпсаналар оның табиғатына жақын еді. Соның нәтижесінде ақын өзінің төл туындыларын сомдаған сәттерде фольклордағы көркемдеу жүйелері мен бейнелеу құралдарына, өлең өрнегіне, сюжеттік, композициялық элементтерге көбірек назар аударды. Солардан үйрену арқылы ол өз шығармаларында фольклорға тән ұғым-түсінікті, ұлттық, этнографиялық детальдарды, эстетикалық бейнелеу тәсілдерін, сөз мәйегін, аңыздық-мифтік сюжеттер мен желілерді шебер пайдаланады. Сондай-ақ, Шәкәрім таза фольклорлық жанрларға, оның ішінде шағын жанрларға қалам тартты, яғни жұмбақтар, мысалдар түрінде шығармалар тудырды. Өз туындыларына ақын халықтық фольклордың аса нәрлі бояуларын, тілдік қазыналарды, мақал-мәтелдерді, шешендік сөз мәйегін, афоризмдерді кеңінен қолданды.
Ақын жырларында халық өлеңінің табиғатымен үндестік көп. Әрине, үндестіктің өзін әрқалай түсіндіруге, әр алуан деректермен дәйектеп беруге болады.
Қазақ өлеңінің осынау дәстүрлі түрлеріне жақындық таныту Шәкәрімнің поэзиясына ғана тән ерекшелік емес еді. Бұл Абайдан кейінгі жаңа дәстүрдегі әдебиет өкілдеріне, XX ғасыр басындағы әдебиетке тұтастай қатысы бар құбылыс болды. Түптеп келгенде, қазақтың өзімен бірге өмір сүретін, ежелден келе жатқан дәстүрлі қара өлең, қайым өлең үлгісі, төгілмелі жыр, толғау өрнегі Шәкәрімнің тұсында жаңаша қырынан көрінді. Әр ақын бұл дәстүрлі сөз өрімін өз дарын-қабілеттерінің дәрежесіне сәйкес байытты, жаңартты, түрлендірді. Бірақ қалай болғанда да, қаншалықты түрленсе де, олардың түп-төркінінде, дәстүрлік негізінде ежелгі фольклорлық жыр нұсқалары жатқаны аңғарылып тұрды.
Ақынның көңілін қозғаған сезімдік жайларды, қуаныш, күйініш сәттерін, уақыт, заман туралы ойлы толғаныстарды бейнелеуде жыр үлгісі қай кезеңде де жарқырай көрінді. Ал мүндай көңіл күй, сан қүбылыстар, оқиғаларды білдіретін жолдар ХІХ ғасырдың екінші жартысымен ХХ ғасырдың басында өлшеусіз мол болды дер едік.Ең алдымен, заман туралы толғанар сәт жиіледі, қазақ жерін отаршылдар жайлады, мал баққан халық сары дала, сайран көлінен, жасыл жайлау, саумал бұлағынан қол үзіп қалды. Тұрмыстық, экономикалық, рухани езгі, ауыртпалық күшейді. Бұл жайлар ақын жүрегінен әр алуан ұйқас үлгілеріне негізделген жеті-сегіз буынды жыр өлең болып төгілді. Жыр үлгісіне тән тіл шеберлігі, шешендік сөздердегідей өткірлік пен нақтылық, бейнелі образдылық, түйдек баяндау сипаты фольклорлық мұрадан бастау алатын жыр үлгісін ғасыр басындағы жауынгер жанрға айналдырды.
Өз заманындағы өзге де ақындар сияқты Шәкәрім де аталған жыр формасының мүмкіндігін мейлінше мол пайдаланды. Жеті-сегіз буыннан құрылған «Ашу мен ынсап», «Шаруа мен ысырап», «Абай марқұм өткен соң өзіме айтқан жырларым», «Көкорайға қонғанда», «Мен бір тілсіз көлікпін», «Жоқ болса ақың өзіңде», «Біреудің мінін кешірсең», «Сөз жазып, өлең өлшемек», «Шаранамен туып едің» деген сияқты көп өлеңінде ақын негізінен замана толғаныстарын, көңілдің күйлерін, өмір философиясын қозғайды. Тақырыбы жаңа болғанмен әр өлең шумағының өрнегінде, бейнелеу тәсілінде, тілдік кестесінде эпостық жыр үлгісінің, фольклорлық дәстүр нышандарының ізі сайрап жатыр. Ақын өлеңдерінің ырғақ, буын, бунақ, ұйқас түрлері де фольклорлық жырлардағыдай әр алуан. Жай ғана ұйқас қуып, ырғақ әуеніне ілесіп кету емес, ақын жырларының сезімдік, көркемдік-эстетикалық нәрі, бояуы айрықша көңіл аудартады.
Шәкәрім бір өлеңінде. Шығарманың ішкі мазмұны мен көркемдігіне назар салмай, өлеңдік пішіні тұрғысынан қарар болсақ, бұл –шалыс ұйқаспен келген қарапайым жыр үлгісіндегі жеті буынды өлең. Шумақта «өлтір» деген сөз ұйқас ретінде төрт рет қолданған. Осы арқылы өлеңнің экспрессивті мәні ажарлана түскен, бояуы қалыңдаған. Ал осының өзі, түптеп келгенде, эпикалық жырлардан бері жалғасып келе жатқан көркем үрдістердің бірі дер едік.
Өзінің алдында бай фольклорлық қазынасы бар шынайы көркем әдебиеттің қалыптасып дамуына фольклордың ықпал ету құбылысы жөнінде сөз қозғағанда оны екі тұрғыда қарастырамыз. Оның біріншісі-әдебиеттің кеиінгі даму үрдістерімен сәйкес келе бермейтін үлгі-қағидаларды жалаң қайталау.
Бірақ бұл саланың өрісі тар. Ал екінші - шын мәніндегі нағыз халықтық дәстүрді шығармашылықпен игеру, әрі оны пайдалану. Шәкәрімнің шығармашылығына негіз болған фольклорлық дәстүр, міне, осы екінші арнада. Дәстүр үлгілерін пайдалануда да ол жаңаша мінез танытты. Ал жаңалықтың өзі академик З. Қабдоловтың сөзімен айтсақ, «дәстүрді жалғастыра алса ғана жаңалық» (3, 270) болмақ.
Кейіпкер бейнесін сомдауда да, образ жасауда да Шәкәрім фольклорлық дәстүрлерге ат ізін салмай өтпейді. Рас, Шәкәрімнің кейіпкерлері батырлар жырларындағы тәрізді айрықша қабілеті бар, жұрттан асқан немесе ай десе ауызы, күн десе көзі бар хас сұлу емес, күнделікті қарапайым тіршіліктегі адам. Өз жанының сұлулығы, әр-көркі бар жан. Әйтсе де Шәкәрімнің кейіпкерлері мен фольклорлық қаһармандар арасында ұқсастықтар да байқалып қалады.Әсіресе ақынның бозбала шағында жазған өлеңдерінде сұлу қыздарды суреттеуде фольклорлық дәстүр нышандары байқалады. Атап айтсақ, «Жастық туралы» (4,26) өлеңіндегі «гауһардай көзі, бұлбұлдай сөзі», «айдай жүзі, сымдай бойы» бар «жаннан асқан бір пері», «ұжмақтың қорын» эпостық жырлардағы хор қыздарына ұқсамайды деп айта аламыз ба? Сөз жоқ ұқсайды. Ақын фольклорлық шығармаларға тән теңдеулерді өте әдемі қолданады. Әсіресе қызыл бояу жоқ. Әр сөз өз орнын тапқандай
Фольклор туындыларының өз дәстүрі, өзіне тән еркшеліктері айқын. Олар белгілі – бір заңдылықтарға, жүйеге бағындырылған. Бұл шарттылықтар фольклор үшін міндетті. Ал кейінгі дәуірлердегі әдебиетке қатысты алғанда, бұл шарттылық жаңа белгілермен жаңғырып отырады. Мәселен, осы заманның, бүгінгі күннің жағдаяттарын жырлаған туындыларда ол заңдылықтарды, мейлі олар қандай үйлесімде заңдылықтар болсын, дәлме-дәл көшіріп пайдалануға әсте болмайды. Мұны, әрине, фольклор мен әдебиеттің арасындағы қайшылық деп те ұқпау керек. Қандай кезең әдебиеті болсын, оның түп негізінде фольклорлық дәстүрлердің жататыны қандай анық болса, осы дәстүрлі заңдылықтарға әр дәуір әдебиетінің қосатын бояуы, үстейтін кесте-нақыштарының болатыны да сондай ақиқат.
Шәкәрімнің шығармашылығы мен оның дәстүрлік, көркемдік негізі бола алатын фольклорлық заңдылықтардың арақатынасы жайына келгенде, міне, осы екі мәселенің тығыз бірлігіне куә боламыз. Ақын фольклорлық дәстүрден үйрене отырып шыңдалады, шеберлігін ұштай түседі. Көп жағдайда Шәкәрім фольклорлық ұғым-түсініктерді, деректік өлшемдерді сақтауға тырысады. Солардың бірі - фольклорлық кейіпкерлердің жас мөлшерлері, батырлығы, сұлулығы төңірегіндегі шартты заңдылықтың сақталуы.
Поэмалар кейіпкерлерін жасақтауда Шәкәрім осы тәрізді дастандардың сюжеттік төркінінде аңыздық желінің жатуы көп септігін тигізсе керек. Әйтсе де Шәкәрім өз кейіпкерлерінің сөзбен суреттеп, кескін-келбетін кестелеуге келгенде жаңа қырынан көрінді. Ауыз әдебиетінде сұлу қызды, сүйген жарды суреттегенде тіл қазынасының небір шұрайлы шырыны, сырлы да сыңғырлаған сұлу өрнекті сөз тіркестері пайдаланылса, бұл дәстүрді Шәкәрім сақтай бермейді. Шәкәрім дастандарындағы басты қаһармандардың батырлығы да, сұлулығы да олардың іс-әрекеттері арқылы ашылды. Фольклорлық шығармаларға тән, әсірісе, эпикалық жырларда, аңыз-хикаяларда жиі кездестін дәстүрлі образдар бақсы, балгер, құмалақшы, көріпкел, жауырыншы,тағы басқалар болып келеді. Олардың негізі атқарар міндеті - адамдар сеніміне кіру, ертеңгі болатынды болжау, бал ашу, құмалақ салу. Ежелгі аңыздардағы Асан қайғы, Қорқыт ата бейнелері, «Қобыланды» жырындағы балшы кемпір, Қарабұқан жауырыншы, «Ақжонас ұлы ер Кеңестегі» арыстан көріпкел тәрізді толып жатқан кейіпкерлер халықтың ежелгі наным-түсінігінен туған дәстүрлі фольклорлық образдар екені даусыз. Олар халықтық фольклордың барлық жанрларына ортақ.
Фольклорлық мұраларға тән дәстүрлі баяндау түрлерінің ішінде алдағы оқиғаларды тұспалдау, болжау, айтылар ойды жұмбақтап жеткізу сияқты кең қолданылған әдістер бар. Бұл тәсілдер шығарманың ішкі динамикасын ширатып, сюжеттің өрістеу табиғатын жандандыра түседі.
Шәкәрім шығармаларында да тұспал көп, шындықты ә дегеннен ашып тастамай, оқырман жүрегінен шым-шымдап дарытып, шымырлата сіңіретін осындай дәстүрлі эстетикалық бейнелеу басым. Шәкәрім тұспалдау, жұмбақтап сөйлеу әдістерін өзінің поэмаларында жақсы пайдаланады.
Халықтың ауызша мұраларынан бастау алатын дәстүрлі баяндау тәсілдерінің бірқатары Шәкәрім поэмасына қатысты. Әдетте фольклорлық дүниелердің өзіне тән құрылымдық ерекшеліктері, белгілі бір жүйесі, тәртібі бар. Міне, ауыз әдебиеті туындыларына тән осындай құрылымдық ерешелік - оқиғаны баяндамас бұрын ақындық кіріспе сөз арнау тәсілі.
Шәкәрімнің дастан түрінде жазылған шығармаларының бәрі дерлік осы дәстүрді сақтаған. «Еңлік - Кебек», «Нартайлақ - Айсұлу» және «Ләйлі-Мәжнүн» дастандарының, «Дубровский әңгімесінің» оқиғасын баяндауды ақын терең толғау түріндегі кіріспе сөзден бастайды. Бұл кіріспелерді автордың ой-мақсатынан хабар беретін жай ғана мәлімет көзі деп қарауға болмайды. Шәкәрімнің ерекшелігі- ата дәстүрін басшылыққа ала отырып, өз өрнегін жеткізуі. Кіріспе ретінде берілген бұл шумақтарды жеке, дербес туынды ретінде де әбден қабылдауға болады. Олай дейтініміз, олардың әрқайсысында терең философия тұнған, тағлымды, ғибратты ойлар ұсынылған.
Әдебиеттер
1. Әуезов М . 20 томдық шығырмалар жинағы. Алматы. Жазушы 1998-480б
2. Жұмабаев М. Шығармалары. Алматы. Жазушы 1989. -448б.
3. Қабдолов З. Таңдамалы шығармалар(екі томдық) Алматы. Жазушы 1983 -456б.
4. Шәкәрім Жолсыз жаза. Өлеңдер мен поэмалар Алматы. Жалын 1988
Достарыңызбен бөлісу: |