Қазақстан республикасында денсаулық сақтау жағдайы және реформалау мәселелері. «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы Халықтың денсаулығың жағдайы – бұл қоғамдық дамудың индикаторы және еліміздің әлеуметтік-экономикалық және гигиеналық сәтті дамуының бейнесі ғана емес, сонымен қатар қоғамның экономикалық, еңбек, мәдениетінің қуатты потенциалы, жақсы тұрмыстың факторы мен компоненті.
Денсаулық көрсеткіштері болып қоғамның жағдайы мен дамуының индикаторы саналғанмен де, қоғамдағы жағымды немесе жағымсыз болып жатқан қағидаларға дер кезде сергек әсер етіп отырады. Халықтың денсаулығының деңгейі мен сапасы демографиялық көрсеткіштерінде бейнеленетін, әрбір елдің тұрмыстық денгейінің, сонымен қатар өркендеу дәрежесін көрсетеді. Қазақстандағы нарықтық қатынастың қазіргі жағдайларында әрбір адамның денсаулығы халық денсаулығының құрамдас бөлігі ретінде, оның тіршілігінің толыққұнды бағасын ғана емес, сонымен қатар оның мүмкіндіктерінің әлеуетін анықтайтын факторға айналып отыр. Халық денсаулығы жағдайының деңгейі өз кезегінде, елдің әлеуметтік-экономикалық, мәдени және индустриялық даму өлшемін анықтайды. Медициналық көмек көрсетудің қолжетімділігін, уақтылығын, сапасы мен сабақтастығын қамтамасыз етуге жұмылдыратын әлеуметтік бағдарлы жүйені ұсынатын денсаулық сақтау саласы, халық әл-аухатының бірқалыпты және тұрақты жақсаруы тұрғысынан алғанда Республикадағы негізгі және басымдық берілетін саланың бірі.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан- 2030. Барлық қазақстандықтардың өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатын жақсарту» атты Қазақстан халқына Жолдауында халықтың денсаулығын сақтау деңгейін жақсарту қажет екендігі жөнінде «Қоғамымызды құруымызға қарай азаматтарымыздың өз өмірінің аяғына дейін сау болуы және қоршаған табиғи ортаның таза болуы үшін күш салу керек» деп айтылған, ол медициналық және сол сияқты медициналық емес сипатқа ие құрамнан тұрады.
Соңғы онжылдықтың ішінде Қазақстанда жүргізіліп отырған денсаулық сақтау саласындағы саясат экономикалық және саяси трансформациялардың салдары болды, сонымен бірге денсаулық сақтаудағы реформаларға көзқарас бірнеше рет түбегейлі өзгерді. Қазіргі таңда Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесі оның құрылымдарын перспективалық мақсаттардың айқын көрінісіне, барлық секторлармен ықпалдастыруға негізделген жаңа стратегияларды енгізе отырып, сондай-ақ дамудың қазіргі заманғы ғылыми, әлеуметтік және институционалдық технологияларды қолдану негізінде одан әрі жетілдіруді талап етеді.
Одан әрі Республиканың денсаулық сақтау жүйесін елдің көпсалалы экономикасының жүйелі жаңаруымен ықпалдастыру денсаулық сақтауды жетілдірудің негізін салушы қағидаттардың бірі болуы тиіс. Яғни, денсаулық сақтау мемлекеттің ұлттық экономикалық доктринасының бір бөлігіне айналуы тиіс. Дамыған қоғамда денсаулық сақтау ісі және онымен байланысты фармацевтикалық индустрия, биотехнология, ақпараттық технологиялар, медициналық сервис, медициналық сақтандыру, әлеуметтік жұмыс, коммуникациялық-психологиялық қызмет сияқты салалар тұрақты экономикалық дамудың шекті өзара байланысты элементтері болып табылады.
Денсаулық сақтауды тұрақты дамыту бағдарламасын тиімді іске асыруды қамтамасыз ету үшін дамуды стратегиялық жоспарлау және басқару, тиімді және дұрыс қаржыландыру, сапалы нормативтік база, алдыңғы қатарлы ғылыми-әдістемелік және қазіргі заманғы институционалдық даму базалары сияқты компоненттер қажет. Қазақстанда экономиканың әлеуметтік секторларын дамыту шеңберіндегі денсаулық сақтау саласын дамытудың ұлттық институттары қажет, олардың мақсаты Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау жүйесін тұрақты дамытуды ғылыми, ұйымдастырушылық-әдістемелік, білім беру және қаржылық қамтамасыз ету болуы тиіс.
Президент Н.Ә. Назарбаев «Жаңа әлемдегі Жаңа Қазақстан» атты Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің дамуының жаңа кезеңіндегі мемлекеттік саясаттың бір бағыты медициналық қызмет көрсету сапасын жақсарту және денсаулық сақтаудың жоғары технологиялық жүйесін дамыту болуы керек деп атап көрсетті. Медициналық қызметтердің сапасы кешенді түсінік болып табылады және ол көптеген көлемді себептерге байланысты, олардың ішінде медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық жабдықталуын, кәсіби деңгейін және клиникалық мамандардың оны арттыруға деген уәждемесінің болуын, медициналық көмекті ұйымдастыру мен көрсету процестерін басқарудың қазіргі заманғы технологияларын енгізуді, медициналық көмекке ақы төлеудің тиімді әдістерін енгізуді бөлек атап өткен жөн. Қазақстанның денсаулық сақтау саласын 2020 жылға дейін стратегиялық дамыту бағдарламасында медициналық қызметтердің сапасын басқаруды жетілдіру маңызды орын алады.
2010 жылғы Жолдауда Президент жақын онжылдыққа нақты міндеттер қойды. Оның ішінде Нұрсұлтан Әбішұлы «Салауатты өмір салты мен адамның өз денсаулығы үшін ынтымақты жауапкершілігі қағидаты – денсаулық саласындағы және халықтың күнделікті тұрмысындағы мемлекеттік саясаттың ең басты мәселесі болуы тиіс» екендігін атап көрсетті.
Жоғарыда көрсетілгендерге сәйкес, сондай-ақ халық денсаулығының қазіргі заманғы жағдайына және Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау жүйесіне жүргізілген талдау негізінде Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011 – 2015 жылдарға арналған «Салауатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының (бұдан әрі – Бағдарлама) стратегиялық басым бағыттары және іске асыру тетіктері анықталды.