Оқиғалар айту (әңгімелесу) Л ев Николаевич Толстой1 (1828 – 1910) Лев Николаевич Толстой орыс әдебиетінің әлемге аты шыққан жазушысы, ағартушы, публицист. Ол үйінде оқып, тәрбие алған. Ата-анасы қайтыс болғаннан кейін, 1837 жылы 4 бауырымен Қазан қаласындағы қорғаушысы П. Юшкованың үйіне көшіп барады. 16 жасында Қазан университетіне түсіп, алғашында араб-түріктанушы факультетіне түскеннен кейін заңгерлік факультетке ауысады (1844–1847 жж). Алайда университетті тәмәмдамай, әкесінен қалған Ясная Полянадағы үйге көшеді.
60-жылдардағы қоғамдық-педагогикалық қозғалыстың әсерімен Л.Н.Толстой халық ағарту саласында қоғамдық-ағартушылық қызметпен қызыға айналысты. 1859 жылы Ясная Полянада шаруа балалары үшін мектеп ұйымдастырды, 1861–1862 ж.ж шақырылған мұғалімдермен бірге онда сабақ берді. Оның ынтасымен Ясная Полянаға жақын жерлердегі болыстарда көптеген бастауыш ауыл мектептерін ашты. 1860–1861 ж.ж шетелге барып, онда ол Францияның, Италияның, Бельгияның көптеген мектептерінің жұмысымен танысты. Бұл елдердің мектептері Л.Н.Толстойға жағымсыз әсер қалдырды. Бұл мектептердің әсіресе Германия мектептерінің негізгі кемшіліктері ретінде формализм, педантизм, оқушылар үшін еркіндіктің болмауын атап өтті. Толстой бұл мектептердің тәжірибесін алуға болмайтындығы туралы қорытындыға келді, Ресейде мектепті басқа негізде дербес құру керектігін атап өтті. Ясная Поляна мектебінің жұмысы басқа негізде құрылды. Бұл мектепке тән ерекшелігі баланың жеке басын басып-жаншитын құралдардың болмауы, керісінше, толық еркіндік, баланың шығармашылық күшіне терең сене білу, оларға ізгілікпен қарау, білімге деген олардың сұранысы мен қызығуын қанағаттандыру туралы әр уақытта да қамқорлық жасау. Оның педагогикалық шығармаларында балаға адами қатынасты орнату, адамзатты сүю, балалардың дамуына жағдай жасау идеялары жүзеге асады. Ол Жан-Жак Руссоның «адам табиғатынан таза болып туылады» деген пікірін қоштайды: «Туылғаннан кейін адам үйлесімдіктің, шындықтың, сұлулықтың және мейірімділіктің ең бірінші бейнесі болып табылады». Осылайша, Лев Толстойдың педагогикалық ізденістерінде, оның шығармашылығының негізінде ізгіліктік қағидаттары қарастырылған.
Ол «хайуандық тұлғаның қалауларын жоққа шығарып, ақылды санасезімді (разумное сознание) дамытқанда» адамның нағыз ақиқатқа сәйкес өмірі басталады» деген. Толстойдың пікірінше, тек ақыл немесе ақылды санасезім адамға ақиқатты тануға көмектеседі. Осындай барлық адамдарға ортақ ақылды санасезім жалпыадамзаттық құндылықтарды анықтауға көмектеседі: «Адамдар Кришна, Будда, Конфуцийден бастап Христос, Мұхаммедке дейінгі және жаңа діни ойшылдардың көзқарастарына дейінгі өмір сауалдарына шын ықыласпен қарағанда, барлығына ортақ бір діни және адамгершілік ақиқаты ашылады».
1910 жылы 19 қарашада төсекке танылған Толстой: «Лев Толстойдан өзге халық құрдымға кетеді…» немесе «Ақиқатты сүйемін…» дегенді айтып соңғы мәрте кірпік қақты. Жан алқымға келген сәттегі жазушының соңғы сөзі осы болды. Сонымен Толстой, ақиқатты танып білсен, барлық адамзатты сүйіспеншілік біріктіретінін ұғасын деген.
Сұрақтар: 1. Толстойдың мұрасында қандай адамгершілік қағидаттар қарастырылады?
2. Толстойдың пікірінше, барлық дін өкілдерін не нәрсе біріктіреді?
3. Неге бүкіл адамзатты риясыз сүйіспеншілік біріктіреді? Жауаптарыңды өз тәжірибелеріңдегі мысалдармен дәлелдеңдер.
4. Өздеріңді рухани кемелдендіру үшін риясыз сүйіспеншілікпен қандай әрекеттер жасадыңдар? Сипаттаңдар.