«Жетімдерді, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды
әлеуметтік қамсыздандыруға арналған құжаттарды ресімдеу»
мемлекеттік қызмет стандарты
1. Жалпы ережелер
1. «Жетімдерді, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды әлеуметтік қамсыздандыруға арналған құжаттарды ресімдеу» мемлекеттік қызметі (бұдан әрі – мемлекеттік қызмет) осы стандартқа 1-қосымшаға сәйкес Алматы және Астана қалаларының білім басқармалары, қалалық және аудандық білім бөлімдері (бұдан әрі – уәкілетті орган) көрсетеді.
2. Көрсетілетін мемлекеттік қызмет нысаны: автоматтандырылмаған.
3. Мемлекеттік қызмет «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 26 желтоқсандағы Кодексінің 124 – 125-баптарының негізінде жүзеге асырылады.
4. Мемлекеттік қызмет стандарты туралы ақпарат:
1) Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің интернет-ресурсында (www.bala-kkk.kz, «Нормативтік құқықтық актілер» бөлімі);
2) уәкілетті органдардың орын-жайларында орналасқан стенділерде орналасады.
5. Мемлекеттік қызмет көрсетудің нәтижесі осы стандартқа 2-қосымшаға сәйкес ата-анасының қамқорлығынсыз қалған кәмелетке толмаған балаларға қорғаншылық (қамқоршылық) белгілеу туралы анықтама (бұдан әрі – анықтама) беру не қызмет көрсетуден бас тартудың дәлелді жауабын ұсыну болып табылады.
6. Мемлекеттік қызмет жеке тұлғаларға (бұдан әрі – мемлекеттік қызметті алушы) көрсетіледі.
7. Мемлекеттік қызмет көрсетудің мерзімдері:
1) мемлекеттік қызметті алушы осы стандарттың 11-тармағында айқындалған қажетті құжаттарды тапсырған сәттен бастап күнтізбелік отыз күнді (құжаттарды қабылдаған күн және берген күн мемлекеттiк қызмет көрсету мерзiмiне кiрмейдi) құрайды;
2) өтiнiш берген күнi сол жерде көрсетiлетiн мемлекеттiк қызметтi алуға дейiн күту уақытының барынша ұзақтығы 20 минуттан аспайды;
3) өтiнiш берген күнi сол жерде мемлекеттік қызметті алушыға көрсетiлетiн қызмет көрсету уақытының барынша ұзақтығы 20 минуттан аспайды.
8. Мемлекеттік қызмет тегін көрсетіледі.
9. Мемлекеттік қызмет уәкілетті органға жүгінген кезде:
1) демалыс және мереке күндерін қоспағанда, белгіленген жұмыс кестесіне сәйкес, сағат 13.00-ден 14.00-ге дейін түскі үзіліспен сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін көрсетіледі.
2) қабылдау алдын ала жазылусыз және жеделдетіп қызмет көрсетусіз кезек күту тәртібімен жүзеге асырылады.
10. Мемлекеттік қызмет мемлекеттік қызметті алушының тұрғылықты жері бойынша уәкілетті органның ғимараттарында көрсетіледі. Мемлекеттiк қызметтi ұсыну үшiн күтуге және қажеттi құжаттарды дайындауға жағдай жасалады (күтуге арналған зал, құжаттарды толтыруға арналған орындар қажеттi құжаттар тiзбесi мен оларды толтыру үлгiлерi бар стенділермен жарақталады). Ғимараттар дене мүмкiндiктерi шектеулi адамдардың кiруiне арналған пандусы бар кiреберiспен жабдықталған.
2. Мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі
11. Мемлекеттік қызметті алу үшін мемлекеттік қызметті алушы уәкілетті органға мынадай құжаттарды тапсыруы қажет:
1) жеке тұлғаның аудандық, қалалық бөлімдер, облыстық, республикалық маңызы бар қаланың білім басқармалары бастықтарының атына өзінің қорғаншы (қамқоршы) болуға ниеті туралы өтініші еркін нысанда ресімделеді;
2) егер қорғаншы (қамқоршы) болуға ниет білдірген адам некеде тұрған болса, жұбайының (зайыбының) нотариалды расталған келісімі;
3) егер қорғаншы (қамқоршы), тәрбиеші болуға ниет білдірген адам некеде тұрған болса, мемлекеттік қызметті алушының және жұбайының (зайыбының) жеке куәлігінің түпнұсқасы мен көшірмесі;
4) осы стандартқа 3-қосымшаға сәйкес қорғаншы (қамқоршы) болуға ниет білдірген адамның және некеде тұрған жағдайда, жұбайының (зайыбының) денсаулық жағдайы туралы медициналық қорытынды;
5) егер мемлекеттік қызметті алушы некеде тұрмаған болса, нотариалды расталған анықтама;
6) мемлекеттік қызметті алушының өмірбаяны еркін нысанда ресімделеді;
7) мемлекеттік қызметті алушыға жұмыс орнынан берілген мінездеме;
8) жұмыс орнынан анықтама;
9) жалақысы туралы анықтама;
10) тұрғылықты жерінен анықтама;
11) некеде тұратыны туралы куәлік (некеде тұрған болса);
12) мемлекеттік қызметті алушының және оның жұбайының (зайыбының) сотталмағаны туралы анықтама.
Аталған құжаттарды тапсырғаннан кейін баланы тәрбиелеуге үміткер адамның тұрғын үй-тұрмыстық жағдайын тексеріп-қарау жүргізіледі, оның қорытындысы бойынша акт дайындалады.
Бұдан басқа, заңнамаға сәйкес қорғаншылыққа (қамқоршылыққа) берілетін әр бала үшін қорғаншылық (қамқоршылық) ресімдеуге ниет білдірген адам мынадай құжаттарды ұсынады:
1) мектеп әкімшілігі растаған баланың келісімі (егер бала 10 жастан асса);
2) баланың туу туралы куәлігі;
3) баланың денсаулық жағдайы туралы медициналық анықтама және баланың даму тарихынан үзінді;
4) ата-анасы туралы құжаттар (қайтыс болуы туралы куәліктің көшірмесі, сот үкімі немесе шешімі, ата-анасының ауруы немесе іздестірілуі туралы анықтама, бала некеде тумаған жағдайда № 4 нысандағы анықтама);
5) баланың білім алу орнынан анықтама;
6) зейнетақы алатын балаларға зейнетақы кітапшасы, алименттерді өндіріп алу туралы сот шешімінің көшірмесі;
7) аға-інілері мен апа-қарындастары және олардың орналасқан жерлері туралы анықтама;
8) тұрғын үйінің бар немесе жоқ екендігі туралы құжаттар.
Салыстырып тексеру үшін құжаттардың түпнұсқалары көшірмелерімен қоса беріледі, кейін құжаттардың түпнұсқалары мемлекеттік қызметті алушыға қайтарылады.
12. Мемлекеттік қызметті алу үшін бланкілер (өтініш нысандары) уәкілетті органның орын-жайларында үстелдерде орналастырылады не уәкілетті органның мамандарында болады.
13. Толтырылған бланкiлер, нысандар, өтiнiштер және мемлекеттiк қызметтi алу үшiн қажеттi басқа да құжаттар уәкілетті органның маманына тапсырылады.
14. Барлық қажетті құжаттарды тапсырған кезде мемлекеттік қызметті алушыға барлық құжаттарды алғаны туралы қолхат беріледі, онда мемлекеттік қызметті алатын күні көрсетіледі.
15. Анықтама мемлекеттік қызметті алушының жеке қатысуымен беріледі.
Егер мемлекеттік қызметті алушы құжаттарды алуға мерзімінде бармаған жағдайларда уәкілетті орган дайын анықтамалар мен қаралған құжаттардың екі ай сақталуын жүзеге асырады.
16. Уәкілетті орган:
1) мемлекеттік қызметті алушы осы стандарттың 11-тармағында көрсетілген құжаттар топтамасын толық ұсынбаған;
2) қызмет көрсету үшін шешім қабылдау үшін қажетті құжаттарда жалған немесе бұрмаланған мәліметтер анықталған жағдайда құжаттарды қабылдаудан бас тартады.