Екі жасқа қараған бала жүру сияқты күрделі қимыл-қозғалыс актіні меңгереді, ал осы жылдың аяғына таман бала жүгіре бастайды. Екі жаста және үш жаста тәрбиелеу және үйрету әсерімен өрмелеу, лақтыру күрделіленеді және сапасы жетіле түседі.
Сәби және мектепке дейінгі жаста дененің жетілуі негізгі көрсеткіштердің - бойдың, салмақтың, бас, кеуде ауқымының дамылсыз өзгеріп отыруымен сипатталады.
Баланың б о й ы өмірінің алғашқы жылында шамамен 25 сантиметрге дейін өседі - бұл мектепке дейінгі кезең ішіндегі ең мол қосу. 5 жасқа таянғанда баланың бойы туғандағы бойымен салыстырғанда екі есе өседі.
Баланың с а л м а ғ ы өмірінің алғашқы жылында үш есе артады (туғандағы салмағымен салыстырғанда), ал бір жастан кейін салмақтың бір қалыпты - жылына 2-2,5 кг қосылып отыратындығы, 6-7 жас шамасында баланың бір жастағы салмағы екі еселенетіндігі байқалады.
К е у д е а у қ ы м ы да біркелкі өзгеріп отырмайды, ол әсіресе, алғашқы жылы тез өзгереді, бұл кезде кеуденің ауқымы 12-15 сантиметрге дейін артады. Мектепке дейінгі кезеңнің бүкіл қалған мерзімі ішінде ол осы бір жастағы шамада артады. Кеуде ауқымының көлемі баланың толықтығына, оның денесінің дамуына және дене әзірлігіне (бұлшық етінің, тыныс қызметінің дамуына, жүрек-қан тамырлары жүйесінің дамуына) байланысты болады.
Сәби шақта бас ауқымының өзгеруі негізінен алғанда ми салмағының артумен анықталады, бірақ бас сүйегінде рахит салдарынан өзгеріс болуы мүмкін екенін естен шығаруға болмайды.
Дене жаттықтырудың игі әсері балалар денесінің даму деңгейінен ғана емес (денесінің даму деңгейі төмен балалар санының азаюы, орташа және жоғары денгейде дамудың артуы), дене құрылысының жақсаруынан да (денесі жарасымды дамыған балалар санының артуы) көрінеді.
Балалар сүйек жүйесі үлкендердікіне қарағанда шеміршек тканьге бай. Сондықтан да баланың сүйектері жұмсақ, солқылдақ, жеткілікті түрде қатпаған, оңай майысады және қолайсыз сыртқы факторлардың (балалардың тіршілік қызметі мен жас шамасы мүмкіндіктеріне сай келмейтін дене жаттығулары, баланың бойына сай емес киім, аяқ киім, жиһаз және т. б.) әсерінен дұрыс емес формаға енеді. Екі-үш жастан бастап солқылдақ құрамды қалыптасқан сүйек ткані құрыла бастайды. Қаңқаның сүйекке айналу процесі бүкіл балалық шақ бойына бірте-бірте жүреді. Омыртқаның, мойын, арқа және бел бөліктерінде физиологиялық иілістердің қалыптасуы алғашқы жылдан басталады да мектепке дейінгі кезеңнің бүкіл бойына созылады (бала басын ұстай бастағанда, шалқасынан жататын, отыратын, жүретін кездерінде). Балалардың омыртқасы қозғалғыштығымен ерекшеленеді, оның физиологиялық иілістері тұрақты болмайды және бала жатқан кезде тегістеліп кетеді. Қаңқаның жұмсақ массасы оның формасын өзгертетін әсерлерге оңай бейімделгіш келеді: отырған, тұрған, жатқан кезде дененің дұрыс жағдайда болмауы, жұмсақ және дұрыс төселмеген төсеніш, баланың бойы мен дене пропорциясына үйлеспейтін жиһаз. Мұндай кезде дене қалпын дұрыс ұстамау әдетке айналады, тұлға түрі бұзылады, мұның өзі қан айналу, тыныс алу қызметіне теріс әсерін тигізеді, сүйек дұрыс қалыпта өспейді.
Табан күмбезінің қалыптасуы бір жастағы кезден басталады, әсіресе, жүре бастағанда қарқынды өтеді де, мектепке дейінгі шақта одан әрі жалғаса береді. Сондықтан мектепке дейінгі шақта сай келетін аяқ киім таңдап алуға (өкшелі), табан күмбезінің нығаюы және дұрыс қалыптасуы үшін жаттығулар пайдалануға ерекше назар аудару қажет. Қаңқаның жедел жетілуі бұлшық еттердің, сіңірлердің және буын-сіңірлері аппаратының жетілуімен тығыз байланысты. Кішкентай балалардың буындарының үлкендермен салыстырғанда, айтарлықтай қозғалғыш болатындығы олардың бұлшық еттерінің, сіңірлерінің, бунақтарының әлдеқайда солқылдақ екеніне байланысты. Шамадан тыс қозғалғыштық - буындардың былқ-сылқ етіп тұруы - рахит белгілерінің бірі болып табылады. Кішкентай баланың бұлшық ет жүйесі ересек адаммен салыстырғанда, әлі жеткілікті дамымаған болады және бұлшық еттік масса бүкіл дене салмағының 25%-ын құрайды, ал ересектерде ол орта есеппен 40-43%-ға тең. Бала қозғалыстарының дамуына қарай бұлшық ет тканінің массасы және жиырылғыштық қабілеті артады. Бұлшық еттер күшінің артуы дене жаттығулары кезінде ширығуды, бірте-бірте өсіре түсумен анықталады. Мектеп жасына дейінгі балалардың жазылдырғыш бұлшық еттері жеткіліксіз және едәуір нашар дамыған, сондықтан баланың тұру қалпы көбіне, дұрыс болмайды - бастың салбыраңқылығы, жауырынның қушықтығы, арқаның бүкіреюі, кеуденің солыңқылығы.
Өмірінің алғашқы жылында баланың ж ү р е к-қ а н тамыр жүйесі айтарлықтай морфологиялық және функционалдық өзгерістерге ұшырайды. Балалардың жүрегінің салмағы 3-4 жас кезіндегі 70,8 грамнан 6-7 жаста 92,3 грамға дейін артады, соның арқасында жүректің жұмыс қабілеті артады.
Артериялық қысым жас өскен сайын артады: өмірдің алғашқы жылында ол 80-85/55-60 мм сынап бағанасы деңгейінде болады, 3-7 жаста ең көбі 80-нен 110 мм с. б. дейін, ең азы -50-70 мм с. б. болып өзгеріп отырады. Осымен бірге жүректің жұмыс қабілеті артады, денеге түсетін жүкке үйрену қабілеті жоғарылайды: бұлшық етке түскен стандарттық күшке жауап ретінде жүрек-қан тамырлары жүйесінің көрсеткіштері көлемі төмендейді (жүректің соғуы, артериялық қысым, қан айналымының соғуы мен минуттық көлемі), қайта қалыпқа келу кезеңі қысқарады. Тыныс алу жиілігі өскен сайын кеми түседі: бір жастың соңына таман ол минутына 30-35-ке, үш жастың соңына қарай-25-30-ға, ал 4-7 жаста 26-22-ге тең болады. Өсумен бірге тыныс алу тереңдігі және өкпе желдеткіштік 2-2,5 есе, оттегін жұту-2 есе дерліктей артады. Осы мәліметтер балалардың функционалдық мүмкіндігінің мол екендігін дәлелдейді. Жаттығу процесінде тыныс алу жүйесінің жауап реакциялары жетіледі. Бұлшық етке жүк түскен кезде өкпе желдеткішінің артуы тыныс алудың жиілеуінен емес, оның тереңдеу есебінен болып жатады. Өкпе желдеткіші аз болып тұрған кезде де оттегі жұту осы көлемде қамтамасыз етіледі. Мұнымен бірге негізгі қуат бергіш жүйелердің - жүрек-қан тамырлары және тыныс алу жүйелерінің әлдеқайда үнемді әрекет етуі байқалады, бұл жас ерекшеліктерімен ғана емес, сондай-ақ дене жаттықтырумен айналысқан кезде функционалдық мүмкіндіктердің артуымен де анықталады. Балалар денесінің жұмысқа қабілеттілігі дене тәрбиесі ерекшеліктеріне де тәуелді. Өз қарқыны жөнінен әртүрлі қимыл-қозғалыстық режимдер балалар денесі жұмыс қабілеттілігінің әртүрлі деңгейі мен өсуін қамтамасыз етеді. Дене жаттығуларын қолдану болса, ол ағзадан барлық негізгі жүйелер әрекеттерін едәуір үдетуді және үйлестіруді талап етеді, сондықтан әрбір жас кезеңінде даму ерекшеліктерін осыған сәйкес ұйымдастырып, денеге түсірілетін жүкті қатаң түрде мөлшерлеп отыру қажет (мысалы, дене жаттығуларының ұзаққа созылуы, жаттығуларды қайталау саны, олардың қиындығы, т.б.). Балалардың әрбір жас кезеңіндегі морфологиялық-функционалдық дамуының ерекшеліктерін білу бала ағзасын жетілдіру үшін дене тәрбиесі құралдарын әлдеқайда тиімді пайдалануға, оның ақыл-ой және дене жұмыс қабілетін арттыруға мүмкіндік береді.