Байланысты: Мектепке дейінгі дене т рбиесі теориясы мен дістемесі п нінен д
Талапты біртіндеп көтеру принципі. Бұл принциптің негізгі шарттарының мәні – бала алдына барған сайын қиын тапсырмалар қойылуында, мұны оның орындауында және ауыртпалық көлемі мен қарқынын бірте-бірте арттырып отыруда. Алуан түрлі, өмір үшін маңызды іскерліктер мен дағдыларға орындайтын жаттығуларды жаңартып, өзгертіп отырғанда ғана қол жеткізуге болады. Жаттығуларды жаңарту процесінде қимыл-қозғалыстың іскерліктер мен дағдылар көлемі кеңейеді және байи түседі, бұл баланың қимыл-қозғалыс әрекеттерінің жаңа формаларын игеруге, бұрын меңгергендерін жетілдіре түсуге көмектеседі. Баланың әртүрлі қимыл-қозғалыс үйлесімдерін және қиыншылықтарды жеңуді бірте-бірте игеруі кезінде онда бүкіл қимыл-қозғалыстық іс-әрекеттерді үйлестіру және жетілдіру қабілетінің өзі дамиды. Қимыл-қозғалыстық іс-әрекет формаларын күрделендіру мен бір мезгілде баланың әлі келерліктей жүк түсіруді бірте-бірте өсіру қажет. Бұл дене қасиеттері балаға шақталған күшті, төзімділікті, жылдамдықты дамыту заңдылығымен сабақтас болады. Ағзада дене жаттығуларының әсерімен өтіп жататын игі өзгерістердің дәрежесі ауыртпалық көлемі мен қарқынына сәйкес келеді. Зерттеулер егер осы ауыртпалық шамадан тыс болмаса және шаршатпайтын болса, онда көлем артқан сайын икемделе түсудің күштірек болатынын, ал ауыртпалық қарқынды болған сайын қалыпқа келтіру процестері күшейетіндігін көрсетті. Ауыртпалық шамасының бірегей болуына қарамастан ағзаның жауап реакцияларының өзгеріп отыратындығын атап көрсету керек: белгілі бір ауыртпалыққа бірте-бірте икемделу одан туатын биологиялық ілгерілеушіліктерді азайтады, энергия жұмсау төмендейді, өкпенің жел үруі, жүректің минуттық көлемі, оның жиырылу жиілігі және қан қысымы, қан құрамындағы биохимиялық және морфологиялық ілгерілеушіліктер азая түседі. Өзгермейтін жұмысқа икемделу нәтижесінде ағзаның өсе түскен функционалдық мүмкіндіктерін, оған сол жұмыстың өзін әлдеқайда үнемді, функцияларға көп күш түсірмей атқарып шығуға мүмкіндік береді. Ауыртпалыққа икемденудің биологиялық мәні міне, осында. Бірақ бұл ауыртпалық әдетке айналса, онда ол ағзадағы игі өзгерістер факторы болудан қалды. Бұдан былай да функционалдық мүмкіндіктерді арттыра түсу үшін ауыртпалықты жүйелі түрде жаңартып отыру, олардың көлемі мен қарқындылығын өсіріп отыру керек. Дене тәрбиесі процесінің негізгі бір заңдылығының мәні міне, осында. Талапты арттыру онымен байланысты ауыртпалық баланың шамасы келерліктей болып, ағзаның функционалдық мүмкіндіктерінен аспайтындай (жас және индивидуалдық ерекшеліктерге сай) болғанда ғана жақсы нәтижелерге жеткізеді. Жүйелілік, үздіксіздік және жұмысты демалыспен кезектестіру де міндетті шарт болып табылады. Жаңа, неғұрлым күрделі жаттығуларға көшу бірте-бірте, қалыптасып келе жатқан дағдылардың нығаюына және ауыртпалыққа икемделуге қарай өту керек. Машықтанудың жаңа жоғары деңгейіне жетуге мүмкіндік туғызатын икемделудің болып өтуі үшін белгілі уақыт талап етіледі. Қаралған қағидалардың бәрі өз мазмұны жөнінен өзара кірігіп және ішінара сәйкес келіп жатады. Олардың бәрі біртұтас болып табылатын бір процестің белгілі бір жақтары мен заңдылықтарын көрсетеді және шартты түрде ғана жеке-жеке алып қарастырылады. Сондықтан аталып өткен қағидалардың бәрі олар өзара байланысатын жағдайда ғана жүзеге аса алады.