2-тарау. Aғымдағы жағдайды талдау
4. Мектепке дейінгі білім беру саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі қағидаттары «Білім туралы» Қазақстан Республикасының Заңында (бұдан әрі - Заң) айқындалған.
5. Мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту білім беру жүйесінің бірінші деңгейі ретінде отбасында немесе бір жастан бастап бірінші сыныпқа қабылданғанға дейін меншік нысанына қарамастан мектепке дейінгі ұйымдарда; бес жастан бастап балаларды мектепалды даярлау отбасында немесе меншік нысанына қарамастан мектепке дейінгі ұйымдарда, жалпы білім беретін мектептердің, лицейлер мен гимназиялардың мектепалды сыныптарында жүзеге асырылады.
6. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 27 желтоқсандағы № 988 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020 - 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында (бұдан әрі - Мемлекеттік бағдарлама) білім беруді, оның ішінде мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуды дамытудың негізгі бағыттары айқындалған. Қолжетімді және сапалы мектепке дейінгі білім беру Біріккен Ұлттар Ұйымының 2030 жылға дейін тұрақты даму мақсаттарының тізбесіне енеді.
7. Қазақстанда мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуды дамыту бойынша жүйелі шаралар кешені іске асырылуда. Мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту жүйесіндегі мемлекеттік саясат халықтың әртүрлі әлеуметтік топтарынан шыққан балалардың сапалы білім алуы үшін тең бастапқы мүмкіндіктер жасауға және қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталған.
8. Елдегі мектепке дейінгі ұйымдар желісі, оның ішінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 28 мамырдағы № 488 қаулысымен бекітілген Балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтамасыз ету жөніндегі 2010 - 2020 жылдарға арналған «Балапан» бағдарламасының арқасында кеңейді. Мектепке дейінгі ұйымдарды ашу үшін жеке бизнесті тарту және мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру есебінен мектепке дейінгі жекеменшік ұйымдар желісі 13 есе - 2010 жылы 347 бірліктен 2020 жылы 4556 бірлікке дейін ұлғайды.
9. 2021 жылы мектепке дейінгі ұйымдар желісі 10759 бірлікті құрады, оның ішінде 6949 балабақша және 3696 шағын орталық, 6080 мемлекеттік және 4679 жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдар, оларға 1-6 жастағы 903 мыңнан аса бала барады.
10. Балаларды мектепке дейінгі тәрбиелеумен және оқытумен қамту мәселелері көбіне соңғы 10 жылда шешілді. Қазіргі кезеңде мектепке дейінгі білім беруді дамытудың басым бағыттары модельді іске асыруда көзделген сапалық көрсеткіштерді арттыруға бағытталған.
11. Сонымен қатар мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту жүйесінде шешуді талап ететін бірқатар өзекті мәселелер бар:
1) балалармен жұмыста қолданылатын әдістер мен нысандардың заманауи талаптарға сәйкес келмеуі;
2) балалардың танымдық қызығушылықтары мен білуге құмарлығы, дербестігі жеткілікті ескерілмеуі;
3) білім берудің әртүрлі деңгейлерінде алынатын негізгі дағдылар жиынтығындағы сәйкессіздіктің өмір бойы оқыту жүйесін (lifelong learning) құруға кедергі жасауы;
4) көрсетілетін қызметтер сапасының төмендігі, мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту сапасын өлшеу және бағалау жүйесінің болмауы;
5) кадрлар жасының ұлғаюы және жетіспеуі;
6) мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту жүйесіндегі педагог мамандығы беделінің болмауы;
7) кадрлардың тұрақтамауы;
8) педагогтерді даярлау бағдарламалары мазмұнының әлемдік ғылымның заманауи үрдісіне сәйкес келмеуі;
9) ерекше білім беруді қажет ететін балалардың оқшаулануы;
10) инклюзивті ортада балаларды психологиялық-педагогикалық қолдау үшін мамандар тапшылығы;
11) ата-аналар қауымымен байланыстың жеткіліксіздігі.
12. Мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту сапасын бағалау жүйесінің болмауы, тексеру рәсімін оңайлату, лицензиялауды алып тастау, мектепке дейінгі ұйымдар қызметіне хабарлама тәртібін енгізу мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту қызметі сапасының төмендеуіне алып келді.
13. Қазақстанда ECERS-R сапаны бағалаудың халықаралық шкаласы бойынша өткізілген зерттеу 7 балдық шкала бойынша 4,1 балл деңгейін көрсетті, бұл «орташа сапа» бағасына сәйкес келеді, ал «жақсы сапа» 5 балдан басталады. «Баланы қарау және күтім жасау» шкаласы бойынша мектепке дейінгі ұйымдар жоғары көрсеткішті иеленді, «Бағдарламаны құрылымдау», «Өзара ынтымақтастық», «Сөйлеу және ойлау» және «Заттық-кеңістіктік орта» кіші шкалалары, әсіресе, балалардың еркін ойыны және мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған жағдайлар бойынша баға 4,0-ден төмен болды. Текшелер, математика, ойын, табиғат/ғылым, музыка/қимыл, өнер, ұсақ моторика және т.б. көрсеткіштер бойынша «Белсенділік түрлері» кіші шкаласы бойынша балдар ең төмен. Ортаның жабдықталуы мен балаларға қолжетімділігінің төмендігі. Зерттеу баланың педагогпен өзара әрекетіне, баланың эмоционалдық дамуына, жеке тәсілді күшейтуге және баланың қызығушылығын қолдауға назар аудару қажеттілігін көрсетті.
14. Мемлекеттік бағдарламада мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту деңгейінде білім беру қызметтерінің сапалық көрсеткіштерімен байланысты индикаторлардың шектеулі саны айқындалған, олар - балалардың сауаттылық дағдылары, мектепке дейінгі ұйымдармен қамту, педагогтердің білім деңгейі, ал халықаралық практикада мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту сапасы - көптеген компоненттерді қамтитын және жергілікті контексті көрсететін ауқымды ұғым.
15. Сапа көрсеткіштерінің үш тобы бар, балаларды оқыту және күтім жасау саласында қызмет көрсететін ұйымдардың сапасын бағалаудың әрбір халықаралық құралы осы көрсеткіштердің өзіндік теңгеріміне ие:
1) құрылымдық сапа - мектепке дейінгі ұйым дизайны, оны ұйымдастыру және кеңістікті ішкі ұйымдастыру, педагогтердің білім деңгейі мен кәсібилігі, куррикулум дизайны, қаржылық реттеу, балалар санының ересектер санына арақатынасы, балалармен жұмыс жүргізудегі жеке тәсіл, балалар қауіпсіздігі үшін жағдайлар, аккредиттеу;
2) процестің сапасы - мектепке дейінгі ұйымдарда педагогтер нені қалай жасайды, ойынға қанша уақыт бөлінеді, педагог пен балалар және балалар арасындағы маңызды өзара әрекет, күтім мен білім күнделікті практикаға қаншалықты кіріктірілген, оның балаға мейірімді және оның қажеттіліктеріне сай келуі, педагогтердің әр баланың отбасымен өзара қарым-қатынасы, ата-аналардың қатысуы және мектепке дейінгі ұйымдардағы педагогтердің күнделікті практикасы;
3) нәтиженің сапасы - балалар, отбасы, қоғам нақты бір мектепке дейінгі ұйымнан қандай пайда алады, бұл нәтиже балалардың аман-саулығын, балалардың эмоциялық, моральдық, психикалық, психологиялық аман-саулығы мен дамуын, әлеуметтік дағдыларын, болашақ өмірге дайындығын, балалардың денсаулығы мен олардың мектепке дайындығын өлшеуге қалай әсер етеді.
16. Бұл көрсеткіштердің көбі Қазақстанда мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту жүйесінде ескерілмейді. Үздік әлемдік тәжірибені ескере отырып және оған сәйкес мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту жүйесін одан әрі дамыту, мектеп жасына дейінгі балалар үшін сапалы білім алуға тең қолжетімділікті қамтамасыз ету және ата-аналар қауымының сапалы қызметтер алуға қажеттіліктерін қанағаттандыру қажет.
Достарыңызбен бөлісу: |