Біліктілікті көтеру жұмыстары педагогикалық кеңестің жұмысын ұйымдастырудан басталады. Педагогикалық кеңесті құру үшін мектепте кем дегенде үш мұғалім болу керек. Ол оқу-тәрбие жұмысының негізгі мәселелері қарастырылатын, тұрақты жұмыс істейтін орган болып табылады. Педагогикалық кеңестің құрамына мектеп директоры (төрағасы), оның орынбасарлары, мұғалімдер, тәрбиешілер, кітапханашылар, дәрігер, ата-аналар комитетінің төрағасы, мектеп кеңесінің төрағасы енеді.
Педагогикалық кеңесте екі түрлі мәселе қаралады:
а) өндірістік, жұмыс бабына байланысты: мектептің жылдық жоспарын бекіту, мектептің бір тоқсанда істелген жұмысының қорытындысын шығару, емтиханға дайындық және өткізу жоспарын бекіту, оқушылардың бір сыныпты бітіріп, екіншіге көшуі, оқу жылының қорытындысы, оқушылармен істелетін жазғы жұмыстың жоспары;
ә) ғылыми-педагогикалық: басшы органдардың нұсқауларын және ғылыми зерттеулерді, озық тәжірибені талдау, мектептегі педагогикалық процестің нәтижелерін шығару және оған баға беру.
Егер педагогикалық кеңесте ғылыми-әдістемелік жұмыстардың нәтижелері қаралатын болса, онда педагогикалық ұжымның кәсіби біліктілігі жоғары. Мұндай мектепте өндірістік мәселелер тез шешіледі.
Педагогикалық кеңеске әзірлену және өткізудің төрт кезеңі бар:
• педагогикалық кеңестің жылдық жоспарын жасау;
• нақты педагогикалық кеңеске алдын ала әзірлену;
• педагогикалық кеңесті өткізу;
• педагогикалық кеңес шешімдерін орындау үшін жұмыс істеу.