Егемендік түсінігі
Егемендік – ол толыққанды және функционалды дербес мемлекеттік биліктің өзі. Ол мемлекеттік биліктің бірлігін, үстемдігі мен тәуелсіздігін анықтайтын мемлекеттің мәні. Олай болса, егемендіктің өзі мемлекеттің мәні болып табылады деп көрсетуге болады. Егемендікті мемлекеттің мәні ретінде танымау мемлекеттің егемендіксіз өмір сүруі немесе егемендіксіз мемлекет деп түсінуге тең. Мемлекет және құқық теориясы бойынша бұл – нонсенс, ал саяси тұрғыда – апологетика, сепаратизм деп есептеледі. Қазақстан Республикасы Конституциясының түсіндірме сөздігіне сәйкес «Республика егемендігі – бұл мемлекеттік биліктің бірлігін, үстемдігі мен тәуелсіздігін анықтайтын мемлекеттің мәні».
Егемендіктің функциясы әмбебап және жасампаз. Себебі, оның мәні таптық емес әлеуметтік болып табылады. Егемендік өзгеше саяси-құқықтық құбылыс болып табылады және оған мынадай әлеуметтік-саяси нышандар тән болып келеді: халық, ұлт және мемлекет. Егемендіктің бұл нышандары жеке-жеке және олардың арасында белгілі бір объективті байланыстар, біртұтастықтар бар.
Көпшілік елдерде халық биліктің бастауы, субъектісі және билікті жүзеге асырушы ретінде танылған. Тиісті мәселенің Қазақстан Республикасы Конституциясында ретелуіне келсек 3 бапта «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық» деп бекітілген. Бұл конституциялық норма мемлекеттік биліктің халықтан туындайтынын, тиісінше оның халыққа ғана қызмет ететінін көрсетеді. Мұндай түсінік бойынша «егемендік» ұғымының мәні – халық болып табылады. Тиісінше егемен мемлекет халықтың егемендігін байқатады және оған кепілдік береді. Мемлекеттік егемендік ол нақты аумақты, сол аумақтық шектегі халықты және мемлекеттік билікті қамтиды.
Мемлекеттік егемендікті мемлекеттік биліктің ел ішіндегі жоғарылығы мен сыртқы саяси тәуелсіздігі ретінде анықтауға болады. Жоғарылық және тәуелсіздік мемлекеттік биліктің егемендік қасиеті ретінде оның саяси-құқықтық мәнін көрсетеді, тиісінше мемлекеттің ішкі қызметі мен сыртқы қызметінде белгілі бір нысанда байқалады. Мемлекеттік биліктің жоғарылығы (үстемдігі) мемлекеттің бүкіл аумағында бірыңғай құқықтық тәртіпті орнатудан байқалады. Ал, мемлекеттік егемендіктің келесі қасиеті, белгісі - мемлекеттік биліктің (мемлекеттің) сыртқы саяси тәуелсіздігі оның басқа мемлекеттерден дербестігінен көрінеді. Тиісінше қандай да болмасын мемлекет нақты мемлекеттің ішкі ісіне араласуға құқылы емес, себебі ол егеменді мемлекет.
Мемлекеттің егемендігінің мәнін құраушылар қоғамның саяси, экономикалық және әлеуметтік құрылысымен, мемлекеттің қоғамдық тұрақтылығымен анықталады. Сонымен, егемендіктің не екенін жоғарыда аталған Қазақстан Республикасының Конституциясының түсіндірме сөздігіне сәйкес қорытындылайтын болсақ, егемендік – бұл мемлекеттік биліктің бірлігін, үстемдігін, тәуелсіздігін анықтайтын мемлекеттің мәні. Осы аталған қасиеттер (мемлекеттік биліктің бірлігі, үстемдігі, тәуелсіздігі) тығыз байланысты және олар тұрғын халықты жалпыға бірдей және тең құқықпен мемлекет азаматтарының мемлекеттік-құқықтық қауымдастығына топтастырады»
Достарыңызбен бөлісу: |