ҮШІНШІ. Жекешелендіру және экономикалық бәсекелестікті ынталандыру
Бүгінде тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету үшін ішкі ресурстарды барынша босатудың маңызы зор. Ол үшін біз екі тиімді құралды – кең ауқымды жекешелендіруді және бәсекелестікті ұлғайтуды пайдалануға тиіспіз. Бүгінде өсім мен бәсекелестікті не ұстап тұр?
Ең алдымен, үлкен мемлекеттік сектор – 7 мыңнан астам кәсіпорындар. «Самұрық-Қазына» және «ҚазАгро» холдингтері өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығының орасан зор активтеріне тиімді бақылау жасай алмайды. «Самұрық-Қазына» қорының активтері ІЖӨ-нің 40 пайыздан астамын құрайды, 500-ден астам «немерелер» мен «шөберелерден» тұрады. «ҚазАгро» және «Бәйтерек» холдингтері бюджет пен банктер арасындағы тиімсіз делдалдарға айналды. Осылардың бәрі далиған штаттармен және орасан бюджеттік ресурстармен қоса жүреді, сонымен бірге, жеке инвестициялар мен бастамаларды ығыстырып шығаруға апарып соқтырады.
Қазір мемлекеттік сектор нысандарын жекешелендіруге шектеулерді алып тастау маңызды. «Мемлекеттік мүлік туралы» Заң мен Азаматтық кодекстің бірқатар ережелерін қайта қарап, жекешелендіруге жатпайтын стратегиялық нысандардың санын қысқарту қажет. Үкіметке мемлекеттік меншіктегі ұйымдардың бәрін қоса отырып, Жекешелендірудің жаңа бағдарламасын жасауды тапсырамын. Олардың ішінде, «Самұрық-Қазына», «Бәйтерек» және «ҚазАгроға» кіретіндері де бар. Жекешелендіруден кейін осы үш басқарушы холдингтің бәрі ықшам ұйымдарға қайта құрылымдалатын болуы тиіс.
Жекешелендіру әділетті нарықтық баға бойынша, ашық және бәсекелі жүзеге асырылуы керек. Мұнда акцияларды қор нарықтарына орналастыру мен ашық аукциондар шешуші тетіктерге айналуы тиіс. Оған қазақстандық және шетелдік инвесторларды барынша мол қатыстыру үшін жағдай жасау керек. Үкіметке барлық акционерлердің мүлкінен айырылғандардың активтерін сатып алуға деген басым құқықтарын алып тастауды тапсырамын.
Әрі қарай, Үкімет еркін және саламатты бәсеке үшін жағдайлар жасауы тиіс.
Біріншіден, Үкіметке антимонополиялық қызметті күшейту бойынша нақты ұсыныстар жасауды тапсырамын. Бізге антимонополиялық ведомство туралы мәртебесі мен жұмыс тәртібі нақты регламенттелген жеке заң керек.
Екіншіден, бағаны жасанды реттеу түрінде нарықтық ынталандыруларға қатысты бұрмалауларды жою қажет. Үкіметке экономиканың барлық секторларында нарықтық баға қалыптастыруға әрі қарай көшуді жалғастыруды тапсырамын.
Үшіншіден, бәсекелестік саласындағы саясат банкроттық және тиімсіз компанияларды оңалтуды тиімді реттеу үдерістерімен қоян-қолтық жүруі тиіс. Нарықтық экономика – күштілердің бәсекесі. Жеңілгендер нарықтан кетуге немесе қайтадан бастауға мүмкіндік алулары керек. Бізде мұндай жоқ. Тиімсіз компаниялар мемлекеттен түрлі түрдегі субсидиялар мен жеңілдіктер алу үшін кезекке тұрады. Бірде-бір дамыған елде компаниялардың банкроттығы саланың ыдырауына немесе жұмысшыларын босата отырып, кәсіпорынның тоқтауына алып келмейді. Тиімсіз менеджерлердің орнына өзімен бірге инвестициялар әкелетін жаңа меншік иелері келеді. Біз бәсекеге қабілетсіз компанияларды мемлекет есебінен «сүйремеуге» тиіспіз. Үкіметке жеке және заңды тұлғалар үшін банкроттықтың нақты және түсінікті ресімдерін жасауды тапсырамын. Ол барынша жеңілдетілген болуы тиіс.
* * *
Достарыңызбен бөлісу: |